- Ел мұраты
- 28 Шілде, 2023
Ұлттық құрылтай: білімсіз болашақ тұл

Әділхан ДҮЙСЕБЕК,
«Ұлттық құндылықтар академиясы»
қоғамдық бірлестігінің президенті
Ұлттық құрылтайда халқымыздың рухани дамуының мәселелері айқын көрініс тапты. «Ұлттық идеология», «ұлттық құндылықтар» ұғымдары – келелі сөздің түйіні болды.
«Алдымен экономика, содан соң саясат» деген жаңсақ формула 30 жыл ішінде қазақ руханиятын тұқыртып, өрлеуіне тұзақ салып келді. Халқымызды бір ортақ идеяға, мақсатқа, мүддеге біріктіріп, адастырмайтын шамшырақ болар, жасампаздыққа жұмылдырар ұлттық құндылықтарымыз айқындалмады, ұлттық идеологиямыз болмады. Ой тастар, сөз бастар рухани тұлғалардың, адал еңбек адамдарының тұғыры аласарды, ұлттық өнер тұлғалары жасанды «жұлдыздардың» көлеңкесінде қалды. Экономика мен технологияны дамытуға драйвер болатын креативті адами капиталды қалыптастырмадық, оның орнына елімізді жағымпаздық, жемқорлық, әділетсіздік жайлады, табиғи қазыналарымыз талан-таражға түсті, экономикаға салынған миллиардтаған инвестиция құмға сіңген су сияқты болды.
Елдің рухани-интеллектуалдық дамуының іргетасы – білім беру жүйесінің мазмұны да ұлттық құндылықтарға негізделмеді. Ұлттық идеологиядан, ұлттық құндылықтардан құрылған қорғаны болмаған еліміздің білім беру жүйесіне көлденеңнен келіп килігетіндер көп болды. 2015-2020 жылдары «тоқпағы мықты» Назарбаев Зияткерлік мектептері «киіз қазықты жерге кіргізгендей» Кембридж үлгісіндегі стандартты жалпы орта мектептерге енгізді. Неге Кембридж моделі? Неге НЗМ? Оны ешкім түсінбеді.
Бұл стандартта ұлттық мүддемізге, осы кезге дейін жинақталған тәжірибеге сaй келмейтін ұстанымдар мен құндылықтар негізге алынды. Ғылыми-педагогикалық негіздемесіз бір оқу пәндері қосылды, біреулері жойылды («Әліппе», «Еңбек», «Бейнелеу өнері», «Қазақстан географиясы»). Бірінші сыныптан ағылшын тілі, орта буыннан бастап үштілділік енгізілді. Дидактикалық ұстанымдар, ғалымдардың пікірлері, отандық педагогикалық тәжірибе іргеде қалып, барлық пәндердің, әсіресе қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мақсаттары, құрылымы мен мазмұны астан-кестең өзгертілді. Пәндердің оқыту мақсаттарын анықтау өткен ғасырдың ортасында пайда болған, қазіргі заманауи талаптарға сай келмейтін Бенджамин Блумның білімді игеру таксономиясы аясына тоғыстырылды.
Бірінші сыныптан бастап пәндер, оқу жүктемесі көбейтілді, талқыланбай-талданбай 40 минуттық сабаққа, 5 күндік оқу аптасына көшірілді, күніне 7-8 сабақ оқыту енгізілді. Соңы елді шулатқан тағы бір жаңалыққа – оқу жылын созуға ұласты. Осы жаңалықтарды енгізуге, оларға сәйкестендіріп мұғалімдерді қайта даярлауға кеткен миллиардтаған қаржы өзін-өзі қаншалықты ақтады? Бұл үлкен сұрақ.
Жаңартылған бағдарлама негізінде бұрынғы бар оқулық келмеске кетіріліп, 4 жылдың ішінде, жаңа шала оқулықтар пайда болды. Оларда кеткен қателіктерді жөндеп, сын ескертпелерге сәйкес төрт жыл сайын қайта өңдеу тәртібі алынып тасталды. БЖБ, ТЖБ, ҚМЖ, электрондық күнделік ұстаздар мен оқушыларға қыруар ауыртпашылық түсірді, амалсыздан мұнан шығатын айла-тәсілдер ойлап табылды. Конституция бойынша орта білім беру тегін болса да, ақылы репетитор жалдау, жеке мектептерде оқу жаппай етек алды. Осы «ауқымды» реформаның кемшіліктері мен тәуекелдеріне сын-ескертпе, тіпті ұсыныс айтқан ғалымдар мен педагогтер «инновацияны түсінбейтін консерваторлар» деп шеттетілді. Олардың қатарында осы мақаланың авторы да бар. Тіпті Парламент мінберінде талай көтерілсе де, қаперге ілінгені шамалы болды.
Осындай білім мазмұны мен оқу-тәрбие процесінде жасалған төңкеріс пен туындаған былықтар мұғалімдердің жүйкесін жұқартты, балалардың психологиялық хал-ахуалын нашарлатты, ата-ана мен мұғалімдер қарым-қатынасын күрделендірді, білім сапасын төмендетті, ең бастысы мектептегі тәрбие жұмыстарын көлеңкеге кетірді, білімнің тәрбиелік әлеуетін әлсіретті.
Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың Түркістандағы Ұлттық құрылтайда «Мектептегі тәрбие жұмысы ақсап тұр. Соңғы кезде оқушылардың бір-біріне қысым, зорлық-зомбылық, әлімжеттік көрсетуі жиі болып кетті...Кейде балалардың қатыгездігі жан түршіктіреді» деп атап өткені осыдан.
Осы жиында сөз сөйлеген депутат Жұлдыз Сүлейменованың «білім мен тәрбиенің тұтастығын қалпына келтіруіміз керек», «білім беру жүйесі технологиялық бағытқа ерекше ден қойғанымен, адамгершілік және ұлт руханиятынан қол үзген технократизм бізді ұшпаққа шығармайтыны анық. Тәрбиесіз берілген білімнің көп жағдайда «басты жарып, көзді шығаратынын» көріп отырмыз... Егер ел боламыз десек, бесігімізді түзейміз десек, біз халық тәрбиесінің тұнық бұлақ бастауларына қайта оралғанымыз жөн.... Ар, ұят, намыс, ізгілік пен мейірімділік, ұлттық мұраға деген құрмет темірқазық ұстанымдары білім мазмұнының негізі құндылықтары болуы шарт» деген тұжырымдары Президенттің де, дүйім халықтың да қолдауына ие болды.
Қазіргі кезде Оқу-ағарту министрлігі отандық білім беру жүйесіне жасалған осындай кесапат пен қисынсыздықтарды қалпына келтіру үшін жұмыс жүргізуге мәжбүр.
Ұлттық құрылтай шешімдерін жүзеге асыруға атсалысуды өзімізге парыз санай отырып, елімізге белгілі 100-ден аса педагог-ғалымдар мен тәжірибелі ұстаздар құрған «Ұлттық құндылықтар академиясы» қоғамдық бірлестігі келесі ұсыныстарды енгізеді:
1) Қазақстан халқын қазақ ұлтының айналасында бір ортақ идеяға, бір мақсат, бір мүддеге ұйыстырып, рухани өрлеуге, адал, әділетті, жасампаз қоғам құруға бастайтын Конституциядан кейінгі мәртебедегі «Қазақстан Республикасының ұлттық идеологиясы» атты мемлекеттік құжат қабылдау. Ұлттық идеология жобасын әзірлеуге Ұлттық құндылықтар академиясы қатысуға мүдделі екендігін білдіреді және халықты кеңінен қатыстыру қажет деп санайды.
2)Табиғи болмысымызды сақтайтын кодымыз, адастырмайтын шамшырағымыз, рухани қорғанымыз ретінде Ұлттық құндылықтарды Ұлттық идеологияның өзегі ретінде қабылдау.
3) Қазақстанның барлық азаматтары түгел түсініп, жүрегімен қабылдайтын, мойындайтын, өмір ұстанымы ретінде қадірлеп, қастерлейтін «Қазақстанның ұлттық құндылықтары» жүйесін нақты айқындау.
4) «Ұлттық құндылықтар академиясы» қоғамдық бірлестігі, еліміздің белгілі ғалымдары мен ардақты ұстаздарының, зиялы қауым өкілдерінің пікірлеріне сүйене отырып, келесі ғылыми негізделген Ұлттық құндылықтар жүйесін ұсынады. (1-сызбанұсқа).
Академия ұсынған ұлттық құндылықтар жүйесі Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев астын сызып айтқан құндылықтармен, 2020 жылғы 18 қарашада өткізілген Парламенттік тыңдауда Сенат ұсынған құндылықтармен, 2023 жылғы 20 наурызда Президенттің № 145 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы Ақпараттық доктринасында» көрсетілген ұлттық құндылықтармен үйлеседі және еліміздің дамуының барлық салалары мен өзекті мәселелерін қамти отырып, толықтырады.
5) Жаңартылған білім беру стандарттарында 2015 жылдан бері сақталып отырған, Ұлттық құрылтай ұстанымдарына сәйкес келмейтін «Құрмет», «Ынтымақтастық», «Ашықтық», «Өмір бойы білім алу» сияқты абстаркті, жалпылама құндылықтарды жоғарыда көрсетілген ұлттық құндылықтармен алмастырып, оларды білім беру мазмұны мен тәрбие концепциясының тұғырнамасы ретінде бекіту. Бұл білім беру жүйесінің қазақстандық үлгісіне, ұлттық сипатына, кездейсоқ реформалармен шатаспайтын орнықты дамитын моделіне өтудің, білім берудің тәрбиелік потенциалын арттырудың бірден-бір шарты.
6) Ұлттық құндылықтарды жүзеге асырудың жолы – түркі әлемінің ұлы ойшылардары мен ағартушыларының педагогикалық ой тұжырымдарын, қазақ халқының тәрбиелік асыл қағидаларын зерделеп, балалардың жас ерекшелігіне сәйкестендіріп, заманауи талаптармен және үрдістермен үйлестіре отырып білім мазмұнына енгізу. Әл-Фарабидің тәрбиесіз білім беруге болмайтыны туралы ұстанымын, Абайдың «Толық адам» концепциясын білім мазмұнының тұғырына айналдыру, Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білігін» адамға құт әкелетін қарым-қатынастың, адалдық пен әділетті басқарудың үлгісі тұту, Алаш көсемдерінің педагогикалық мұраларын оқу-тәрбие процесінің басты қағидаттарына айналдыру. Бұл академиялық сипаттағы, философиялық, әдіснамалық терең жұмыс болмақ. Танымы жұқа, ойы орнықсыз, ділі дүбәра жандар айналысатын іс емес екенін ескеру керек.
Қазір қанша мектеп салынатыны, мұғалімнің жалақысы қаншалықты өсетіні туралы ақпараттар көп, бұл өте қуанатын жайт. Бірақ, Ұлттық құндылықтар академиясындағы дидакт ғалымдарды орта білім мазмұны мәселесінің жайы көбірек алаңдатады. Себебі, білім мазмұны – бүкіл білім беру жүйесінің өзегі. Білім құндылықтары дұрыс айқындалмай, білім беру стандарттары мен оқу бағдарламалары дұрыс құрылмай, жоғарыда аталған жетістіктер, салынған инвестициялар өз нәтижесін бермейтіні анық. Бұл басты назарға алынуы тиісті өзекжарды мәселе.

2667 рет
көрсетілді1
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *
Анар Салқынбай
29 Шілде, 2023«Қазақстан Республикасының ұлттық идеологиясы» атты мемлекеттік құжат қабылдау ісі - қоғамдағы кезек күттірмейтін аса өзекті мәселе. Ұлттық идеологияны бүгінде барлық дамыған ел басты саясат ретінде ұстанады. Бұл - ішкі саясаттың арқауы да, тіні де. Ұлттық саясат тізгінін бос жіберіп, не әлдекімнің қолына берер болсақ (солай болғаны мақалада нақты жазылған), жар жағалап қаламыз. Ұлттық қүндылық негізі - тілде. Бұл аксиома. Ұлттық құндылықты табанға бастырып 70 жыл жүрдік, 10 жыл наурызды тойлап эйфорияда жүрдік, 20 жыл өзімізді өзіміз жоққа балап, ұлттық құндылықты табанға өзіміз бастық… Алаш ұраны тілде болғанымен, көңілге ұяламай, жүрекке жетпей жүр. Бүгінде ұлттық құндылықтың маңызын ғалымдар ғана көтеріп отырған жоқ, Халықтың өзі түсініп, ойлы көзбен жүрегіне үңіле бастағаны, өзін іздеп, өзін тануды бастағаны анық. Көп түкірсе -көл. Тәуелсіз мемлекетіміздің іргесі берік болу үшін де ұлттық идеология жүргізілуі керек. Оның концепциясы тезірек қабылдануын күтеміз.