• Ел мұраты
  • 29 Тамыз, 2023

«Алғашқы қоңырау» - ақынның жан сыры

Белгілі ақын, журналист, қазіргі кезде Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжанның осыдан үш жыл бұрын жарық көрген «Алғашқы қоңырау» атты жыр кітабы қолыма тигенде жинаққа байланысты ойтолғамымды кейінірек бір жазармын деп жүр едім. Өйткені, жанды баурайтын, жүректі тебірентіп-тербейтін туындыларды асықпай, бірнеше қайтара оқығанды жөн көрдім. 
 

Осы жазбама кіріспес бұрын Жанарбек Әшімжанмен таныстығымыздың қалай басталғанына азды-көпті тоқталғым келеді. Ол 2011 жылдың шіде айы болатын. Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдығына арналған мерейлі тойға қатысып, ақын ініммен, қайраткер азаматпен емен-жарқын жүздесіп, әңгімеміз жарасып, аға-бауыр ретінде араласып кеттік. Содан бері әріптестік байланысымыз үзілген емес. 
Жанарбек Әшімжанмен кездескен сайын Мұқаңның «Мен таулықпын!» атты өлеңі ойыма орала береді. Өйткені талантты бауырым Алла Тағала небір керемет тұлғаларды жаратқан, ән мен жыр, шалқар күйдің мекені еткен қасиетті Хантәңірінің түлегі ғой. Оның бүкіл болмысы, адамгершілігі, ақындығы, тағы басқа қасиеттері сол қызыр дарып, бақ қонған киелі топырақтан нәр алған. 
Дүниедегі әрбір адам өзінің тегіне тартып туа­тыны анық. Осы тұрғыдан келгенде кейіпкерім арғы тегі жай адамдар қатарынан емес. Мен Іле Қазақ автономиялы облыстың саяси-мәслихат кеңесінде қызмет істеп жүрген кезімде төкпе жырдың дауылы Көдек Маралбаевтың мұраларын жинаумен шұғылданып, 2005 жылы Шыңжаң халық баспасынан «Көдек шығармалары» атты жинақты құрастырып шығардым. Осы кітапта Көдек ақынның Оразай болысқа арнаған жоқтауы бар. Оразай болыс Албан тайпасының Сары руынан шыққан өз заманының көрнекті тұлғасы. Міне, Жанарбек өзіміз тілге тиек етіп отырған Оразайдай текті атаның ұрпағы. 
Жақында дәм тартып, ақынның кіндік қаны тамған Жалаңаш ауылында болдым. Бір ғасырдан артық тарихы бар ауылдың кіре берісіндегі қақпаға шайырдың туған ауылы туралы жазған жыр шумағы бедерленіпті:  
Қарасы мен ағымдайсың көзімнің,
Туған елім өзіңді ойлап көз ілдім.
О, Жалаңаш, сені сүю арқылы,
Алты Алаштың қасиетін сезіндім. 
Осы бір шумақ өлеңді оқып тұрып Жалаңаш туралы ойға берілдім. Сірә, мұнда бір ауыл ғана емес, тұтас алты алаштың рухани әлемі де сабақтасып жатқандай қабылдадым. 
Жанарбек поэзиясының өзім байқаған басты ерекшеліктерінің бірі – азаматтық лирикаға жақындығы. Ал азаматтық лирика поэзияға арқау етілетін әлеуметтік толғақты мәселелерді қозғайтын үлкен бір сала. Әрине, ақын поэзия­сы тек қана азаматтық лирикамен шектеледі деуге болмайды. Оның шығармашылығында ұлтын сүйген үлкен жүрек, ақылға суарылған парасат, шалқар көңілдің биіктігі, бұлқыныс пен буырқаныстан өрілген шынайылық пернелері бар. Яғни, Жанарбек поэзияның кіршіксіз мөлдірлігін өз деңгейінде ұғынып, түсіне білетін біртуар ақын. Ол әсте ойсыз, шабытсыз өлең жазбайды, жазған да емес.  «Алғашқы қоңырау» атты жинағына енген «Қылбұрау», «Беу дүние...», «Кешіріңдер», «Ауылға хат», «Күй», «Мылқау тағдыр», «Тағдырлар тоғысы», «Аңыз», «Түрікмен әуендері», «Қара қазан», «Ақбөкен», т.б. жырлары осы ойымыздың дәлелі бола алады. 
Бақи менен фәни жалған арасы,
Жанарымнан ағып тұр ма, қарашы?
Жан сырымды саған айтқым келеді,
Көлбастаудың көл тауысар баласы.
Жалаңаштан неге кеттік екенбіз?
Алматыға неге біздер бөтенбіз?
Құлындарын шығарып сап тұрғанда ел,
Бетті сипап жүріп кеттік екеуміз, – дегені тұп-тура ақын жүрегінің адал ниетті перзенттік сыры. Бұл белгілі журналист ініміз Есей Жеңісұлына арнаған «Жол» атты өлеңі. Ақынның осы шумақтарынан ел мен жерге деген қимастық сезімді, алыс сапарға аттанып бара жатқан бозбаланың жұдырықтай жүрегіне түйген шерлі ойларын аңғарамыз. 
Жүрегімді өртеп жатыр мұң-күйік,
Сол күйіктен жүрем кейде сыр түйіп.
Әкесі жоқ адамдардың тағдыры,
Әкесі бар адамдардан тым биік, – деген батыл тұжырымдарынан Жанарбектің бойына біткен қайтпас, қайсар жігерді көреміз. 
Таңдаулы шығарма қашанда қажырлы ізденістен туатыны белгілі ғой. Ұлттық рух – шығарманың жан тамыры іспетті. Рухсыз шығарма – өлі шығарма. Ондай шығармалар халық жүрегінен орын алмай, есте де қала бермейтіні бар. Бұл тұрғыдан алғанда Жанарбек Әшімжан поэзиясы ұлттық рухымен, дала табиғаты сіңген бояуымен, азаматтық парасатты ойларымен  оқырман жүрегіне жол табуымен құнды. Оның поэзиясында ауыл мен қала өмірі, тыныс-тіршілігі арудың қос бұрымындай қатар өріліп отырады. Жақсылық пен жамандық, қуаныш пен қайғы, бақ пен сор, ел мен жер тағдыры Шолпан жұлдыздай жарқырай көрінген ақындық мүддесімен үндесіп тұрады. 
Орыс халқының ұлы ойшылы Н.Некрасов «Ақын бол, болма өз еркің, азамат болу – парызың» деп өте дұрыс айтқан.
Хакім Абайдың «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың» деген даналығы бар. Азаматтық ұғымы қарапайым түрде айтсақ, адамгершілікке саяды. Әсілінде, адамда адамдық мейір болғанда ғана азаматтық болмыс қалыптасатыны хақ. Адамгершілігі аз адамнан үлкен ақын шықпасы тағы белгілі. 
Осы көзқарас тұрғысынан зер салғанда Жанарбек Әшімжанды азаматтығы мен ақындығы бір арнаған тоғысқан қайраткер деп білемін. 
Қалай бауыр, ауылда шал аман ба,
Ағашты ат қып мінген бала аман ба?
Торайғырдың төсінен қар кетті ме,
Сал Қапез әнге қосқан дала аман ба?

Сені ойласам бөлініп санам мыңға,
Отырамын күбірлеп ар алдыда.
Топырағын өзгенің жерсінбейтін
Қолды болған торыңды таба алдың ба? 
Бұл ақынның «Ауылға хат» деген өлеңі. Жанарбектің бұл өлеңінен бүгінде қызмет бабымен қаншалықты шалғайда жүрсе де, жүрегінің соғысы, демі, қиялы мен ойы туған топырағынан, алтын бесік ауылынан бір сәтке де ажырап көрмегенін сеземіз. 
Ақынның кейде тарихи тұлғаларға да бөлекше ізденісімен қалам тартатын қарымдылығы бар. Тұлға болғанда, жай тұлға емес. Болмыс-бітімі бөлек Мұқағали, Оралхан, Жарасқан, Бердібектей асылдардың әлеміне ақындық шымыр жүрегімен қалам тербейді. Сөйтеді де, ұлылардың бұл дүниеде орны ешуақытта толмайтынын жан-дүниесімен жеткізеді. Мәселен, «Кеңсай. Кентаврлар көші» атты жыры осы ыңғайда жазылған. 
Тірілердің жетсін деп жетесіне,
Бақидың уын ішкен кесесінен.
Жесірлер жарын іздеп келе жатыр,
Кеңсайдың көңілсіздеу көшесінен.

Жаңғырып жатады ылғи санам қырдан,
Байыз таппай жүргенде жарам жырдан.
Қара қобыз ысқышы мұң ағызса,
 Қаралы иіс қаптайды қалампырдан, - десе, енді бірде:
Талмаусырап кеткенде сыз боп денем,
Күрең белді қарайлап күзді өткерем.
Алматыдан таппаған әулиені,
Кең пішілген Кеңсайдан іздеп келем.

Тосылуды білмейтін, жосылуды,
Жан біткенге осы дөң болсын үлгі.
Түсімде ылғи түнеріп кезіп жүрем,
Алматыдан асқақтау осы қырды. 
Жанарбектің поэзиясында балалық шағы, қарапайым ауыл өмірі, қасиетті туған өлкесі, ата-ана, туыс-туған, дос-жаран, есейіп ер жеткен кезеңдері, ауылынан жырақтағы қала өмірі мен оның жас жігіт жүрегіне сыйлаған әсерлері, бәрі де перзенттің үнінің риясыз көрінісі. 
«Тоқтангердің тұқымы» атты жырына арқау еткен тақырыбы – ел тағдыры. Бұл жыры тұлпар нәсілін тапқан Шажа Тоқтаның тұқымы, арғы бетте тұратын ақын Тоқтанұлы Ырысбайға арналыпты.
Ырысбай Шажа руының ішінде Қалке-Жәдік атасынан тарайды. Бұл ауыл туралы атақты ақын Жүсіпбекқожа Шайхисламұлы:
Қоғалы көлдей жайқалған,
Қалке – Жәдік сен бе едің?
Қыдыр дарып бақ қонған,
Әруақ шалған ел едің, – деп сән-салтанатын жырға қосқан. Ал енді Жанарбектің «Тоқтангердің тұқымы» атты жырын оқып көрелік:
«Ай – жылды ала қашып желкенімен,
Шекара шерлі бір күй шертеді ме?!
...Арғы беттен жеткен бұл әңгіме еді,
Оқиғасы ұқсайтын ертегіге.

Еріне қанат бітсе, ел не десін?
Біткен қанат қайырылса, ерге де сын.
Наратқа Жаратқан бір тұлпар берген,
«Бейжігер!»
Бітеу құйған белдемесін.

Жұмыр жерден жүлдесін сүйреп қашып,
Сол тұлпар шапқан дейді ширек ғасыр.
«Шыңжаңда енді мұндай ат болмайды!», – 
деді жұрт ит мінердей, ирек басып..» –
деп ел аузында аңыз болған Тоқтангер туралы сахара халқының атқұмарлық дәстүрін қайта жаңғыртып жырлайды. Сондықтан дана халқымыз «Жылқы – малдың патшасы», «Ат – ер қанаты» деп тектен тек айтпаған.
Ақын халық көңілінен шыққан тұлпар туралы тағы да:
«Ат мінсең, ар-иманды тазалап бар!»
Тілегі үлкендердің таза, мақпал.
Қазақтай қайсар халық аман тұрса,
Шығады азаматтар, қазанаттар!

Тоқтан кетті...
Артында із қала ма екен?
Апа алаң, ауыл – ел алаң екен.
Кей күндері «Тоқтангер» кісінеп кеп,
Шекараны ен бойлап шабады екен.

Жоқтады жар,
жыр жазып жоқтады ұлы,
Айырды ұлы ат пенен жат қадірін.
Қос бірдей тұқым қалды сол Тоқаннан,
Қазанаты – жел жүйрік «Тоқтангері»
Азаматы – Ырысбай Тоқтанұлы!» – 
деп ағынан ақтарылып, арғы беттегі ұлттық құндылығын жоймаған қандастарымыздың тіршілігін көз алдымызға әкеледі. «Тоқтангер» өз алдына таусылмас тақырып. Маған «Тоқтангердің тұқымы» атты жыры – ақынның ұлттық рухқа құлаш ұрған бір биігі секілді сезіле береді.
Мен бұл шағын мақаламда Жанарбек Әшімжанның «Алғашқы қоңырау» атты кітабының бірінші бөліміне енгізлген азаматтық лирикалары туралы өз көзқарасымды жеткізуге тырыстым. Ал «Қысқа толқынды ойлар» атты екінші бөліміндегі қоғам, өмір, тұлғалар туралы көзқарастарына тоқталмадым. Ол алдағы уақыттың еншісіндегі дүние деп ойлаймын. 
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті ақын Ғалым Жайлыбай «Алғашқы қоңырау» атты жинаққа жазған алғы сөзінде «Жанарбек – тау баласы. Ұшар басын күн сүйіп, ай аймалаған Мұзарт шыңдар оның бала қиялына сонау кезде – ақ қанат байлаған. Сол таулар мүлгіп тұрғандай көрінгенімен, қанатың болса биікке ұшырады, сезімді сергітеді. Аспанның ақ айдынында жүргізеді. Ал қанатсыздың қияғын қиып, шың басынан бірақ лақтырады. Өнердің серті де, дерті де осы. Оған тау мінезін қосыңыз. Сонда менің ақын інімнің өлеңінің де, өзінің де табиғатын танисыз» деген сөзі ақынның өлеңі де, өз болмысы да Аспантау елінің топырағына тартып тұрғанын растайды.
Нағыз ақын өз оқырманын қараңғылыққа емес, жарыққа бастайды. Тағдырдың алға тосқан қиыншылықтарымен күресуге үндейді. Жанарбектің қай өлеңін оқысаң да тілі көркем, қысқа да нұсқа, тәрбиелік құны жоғары. 
Жанарбек Әшімжанның болмысы мен поэзия­сы өзі өскен ұлы таулардың табиғатына тартып туғаны шүбәсіз. Ұлы әдебиетші Бальзактың «Мен күні бойы өзім жазбақшы болған кейіпкерлерім болып өмір сүремін» дегені бар. Талантты ақын өз поэзиясында ұлы тауда өскен қара ормандай халықты арқау етіп, олармен тағдырлас, мұңдас, тілеулес бола білді.
Иә, Жанарбек – қазіргі заман орта буын қазақ поэзиясының көрнекті өкілі. С.Шаумиянның «Әдебиет асыл мұратпен, таза ар-намыспен ғана кіруге болатын зәулім сарай» деген ұлағатты сөзі тектен-текке айтылмаған. «Жақсыға басын айтсаң, аяғын өзі түсінеді» деген сөз бар. Сөз түйінінде айтарым, өз дәуірінің ауыр жүгін арқалаған, ұлы таудың етегінде жасаған киелі елдің кейіпкері болған Хантәңірінің құлагер ақыны Жанарбек Әшімжанның алдағы шығармашылығына ақ жол тілеймін!

Нұрлан СӘРСЕНБАЕВ

4532 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

AQIQAT №9

28 Қыркүйек, 2023

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы