- Заманхат
- 29 Тамыз, 2023
«Лудоманияға» кімдер ұшырайды?

Лудомания. Осындай қатерлі дертті естуіңіз бар ма? Сананы улап, айрандай ұйып отырған отбасын тас-талқан етуге құдіреті жетіп жатқан бұл дерттің қазақша атауы – ойын құмарлық. Құмар ойынның құрсауына түскендер күн санап артқаны сонша, дабыл қағар сәттен өтіп барамыз. Жалпы лудоман деген кім? Лудоманиядан айығуға бола ма? Осы және өзге де сұрақтарға «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің психологы Қуаныш Күнболатовамен бірге жауап іздеп көрген едік.
– Қоғам дертіне айналған ойынға деген құмарлықты ғалымдар лудомания дейді. Ал, елімізде бұл дертке шалдығушылардың саны артып бара жатуының себебі неде деп ойлайсыз?
– Қоғамдағы ойынға тәуелділік мәселелері өте өзекті болып тұр. Өйткені, ол әлеуметтік салдардың тұтас кешенін тудырады: қарыздар, отбасылық қақтығыстар, ажырасу, қылмыстың артуы, суицидтің өсуі, т.б. Лудомания – құмар ойынға ойсыз кеткен құмарлық. Мамандардың зерттеуі бойынша, IQ жоғары, логикалық ойлау қабілеті жоғары, сезімтал, кішкентай кезінен өте белсенді, бір орында тұра алмайтын, мазасыз балаларды тәрбиелеуде қателіктер жіберілсе, олар осы жолға түсуі мүмкін. Негізі отбасындағы тәрбие дұрыс болса, бұндай балалардан керемет бизнесмендер, спортшылар, саудагерлер, байланыс орнатушылар, әскери саладағы қызметкерлер, бір сөзбен айтқанда мықты мамандар шығады. Сонымен қатар, қанағаттанбаушылық, жалғыздық, жұмыс істемей байып кету және психикалық дертке жақындығы бар адамдар «лудоман» қатарын толтыруы бек мүмкін.
Жалпы, статистикалық мәліметтерге жүгінетін болсақ, елімізде 350 мың адам осы дертке шалдыққан екен, оның басым көпшілігі жасөспірімдер болып тұр. Ал еліміздегі осы жастарымыздың бұл дертке шалдығуының басты себебі: ата-ананың тәрбиесінде кеткен олқылықтардан ба деп ойлаймын. Себебі, қазір көп ата-ана балаларымен сапалы уақыт өткізбейді, сөйлеспейді, ойымен санаспайды. Яғни, бір сөзбен айтсақ, баланың эмоционалдық қажеттілігін өтемейді. Соның салдарынан бала өзінің өмір жолын таппай, адасады да, осындай келеңсіз дүниелерге тап болады.
Біздің «Сенімен болашақ» бірлестігінің мақсаты да ата-ананың санасын ояту, бала алдындағы жауапкершілігін жіті түсіндіру. Әрине, ата-аналарды санасыз деуден аулақпыз, десе де қазіргі қарбалас қоғамда қай-қайсысымыз болсақ та күйбең тіршіліктің, ақша табудың артынан жүріп, шет қалып жатамыз. Сүйіспеншілік пен мейірім бар жерде ешқандай жамандық болмасы анық. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, ең алдымен ұрпағымыз басты құндылығымыз екенін ұмытпасақ абзал болмақ.
– Лудомания атты тұзаққа қандай адамдар бейім келеді?
– Сұрағыңыз өте орынды. Көп жағдайда лудомания дертіне ер адамдар шалдығады. Адамның миы толық 21 жасында қалыптасатынын ескерсек, бұл дертке, көбінесе, ақыл-есі толық жетілмеген жастарымыз бен жасөспірімдер шалдығуда. Алғашқы бәсті мектеп оқушылары қоя бастайды. Бұрын бұл ойын автоматтары болды. Ал қазір бәрі оңай, онлайнға көшкен. Орта сынып оқушыларын жоғары сынып оқушылары немесе таныстары үйретеді. Кейде ағасы көрсетеді. Содан үлгі алып, қызыға бастайды. Психологиялық тұрғыда адамдардың құмар ойындарға патологиялық ұмтылысы айналадағы болып жатқан құбылыстардың қызық болмауы, көңіл көтеруді іштей қалау және ол әрекетін құмар ойын арқылы ғана жүзеге асыру, ойын барысындағы тәуекел, яғни ұтудан және ұтылудан ләззат алуынан және басқа да себептерден байқалады.
– Жақыныңыздың лудоман екенін қалай білуге болады?
– Өкінішке қарай, бұл бірден көріне қоятын дерттің қатарынан емес. Адамның бастапқы хоббиі санап жүрген дүние бірте-бірте ойынқұмарлыққа айналып кеткенін білмей де қалады. Лудоманды былайша аңғаруға болады:
• Барлық бос уақыты ойынмен өтеді. Букмекерлік кеңселерде отырады. Алғашқы бәстерін тігіп, бірте-бірте тәуелді болады.
• Қаржының көп жұмсалуы. Ставкалар ақшаны қажет етеді. Нәтижесінде адам үйдегі құнды заттарды сатады, жақындары мен таныстарынан қарызға алады, банктен несие алады, немесе одан да жаман жеклей кредиторларға қарызға белшесінен кіреді.
• Көңіл-күйі өзгереді. Лудоман әрқашан да ойын туралы ойлады. Ойын арасында ашуланшақ болып, көңіл-күйі түсіп жүреді.
• Жеңілістен кейін қайтадан ойнап ұту идеясы пайда болады. Егер лудоман үлкен сомадан ұтылып қалса, ол тоқтамайды. Ол тезірек ақшаны іздей бастайды. Келесі ставкаға қою үшін ақша іздейді. Бұл симптомдар аурудың дамуын мінездейді. Сондай-ақ, мына қасиеттер адам бойынан байқалса, онда лудоман болуы әбден мүмкін.
– жоғары «әлеуметтік батылдық» – тәуекелге бейімділік, дезинфекция, мінез-құлықтың қалыпты емес стилі;
– «сезімдерге бейімділік» – тұрақсыздыққа бейімділік, жағдай әсеріне ұшырау, мінез-құлық пен тұлғааралық қарым-қатынастардағы жалпы қабылданған нормалар мен тыйымдардың сақталуын төмендету;
– «экспрессивтілік» – ойлаудың эмоционалды бағыты, сәттілікке стихиялық сенім;
– «шиеленіс» – ұмтылыстардың белсенді қанағаттанбауы;
– «өзін-өзі бақылаудың тұрақсыздығы» – өзі туралы идеялардың қақтығысы;
– өзін-өзі бағалаудың жеткіліксіздігі;
– Лудоманиядан айығуға бола ма?
– Бұл мәселемен күресу үшін айналасындағы адамдардың айтқан ақыл-кеңесімен немесе өздігінен құтылу мүмкін емес. Лудоманияны емдеудің негізгі тәсілі – психотерапиялық методика. Науқастың емделіп шығамын деген ұмтылысы мен келісімі аса маңызды. Емдеу кезеңі қиын әрі көп уақытты талап етеді. Бойынан бірінші фазаның белгілерін байқаған адамға көмек пен қолдау қажет. Өйткені, білікті психолог пен психотерапевтке жолығып, топтық психотерапияға сеанстарына барған уақытта ғана нәтижеге қол жеткізеді. Неғұрлым ертерек күрессе, соғұрлым нәтижесі де жылдам көріне бастайды.
Әңгімелескен
Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИ

1288 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *