- Ел мұраты
- 29 Тамыз, 2023
Жер ресурстарын дұрыс пайдалану және экономикалық əлеует

Қосыбек Ирзағалиев,
партия және шаруашылық ардагері,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы
«Ауыл шаруашылығын дамытпай,
бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес»
ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Қазақстан халқына Жолдауынан
Еліміз ежелден аграрлық ел санатында. Мал – қазақтың ата кәсібі. Оқығанынан тоқығаны жетіп артылатын, мал жайын бес саусағындай білетін ата-бабамыз несібесін осы малдан тауып, өсіп-өнген. Еліміз егеменді ел болғаннан кейінгі кезеңде мұнай мен газ игеруді қолға алып, оларды өңдеу, сату жолдарын жақсы меңгеріп, ел экономикасының негізгі драйверіне айналдырдық. Ал өзіміздің атакәсібіміз атанған мал шаруашылығын дамыту кенже қалып келеді. Еліміздің экономикасын әртараптандыруда және экспорттық мүмкіндіктерін арттыруда нақ осы саланың үлкен әлеуеті іске қосылуы өз дәрежесінде емес. Қандай да мемлекет болсын, экономикасын дамыту жолында өзінің ата кәсібін басты назарда ұстайды. Елімізде мал шаруашылығының әлеуеті өте жоғары. Бізде төрт түлікті күтіп баптап өсіру, олардың өнімін өндіру, өңдеу, ұқсату технологиясы басқа елдермен салыстырғанда өзгеше. Өйткені, малдың барлық түрі жыл он екі айдың көпшілігінде ата-бабамыз аманаттап қалдырған шалғай, алыс жатқан жайылымдарда отар-отар, табын- табын болып бағылады. Одан өндірілген өнім экологиялық таза, сапалы, өзіндік құны өте төмен емес пе? Оған қоса суармалы шабындыққа айналдыратын жер де жеткілікті. Міне осы жерлерді тиімді пайдалансақ, ең арзан және өте сапалы мал өнімдері бізде өндірілетіні анық. Басқа елдердің мал өсіру технологиясынан озық тәжірибелер мен жаңа технологияларды алуға болады.
Жалпы, ауыл шаруашылығына түпкілікті жаңа көзқарас керек. Төрт түлікті өсіру ғылымға негізделгені дұрыс. Мұны мемлекеттік тұрғыда маңызды мәселе деп түсінген жөн. Сөз жоқ, өткен отыз жылда бұл бағытта талай бағдарлама қабылданды. Бірінен екіншісі озық тәрізді көрінді. Халқымызда «Ақиқатын айт, адамға жақпағанмен, Аллаға жағасың» деген сөз бар. Сол бағдарламалардың біреуі де жүйелі жүзеге асқан жоқ. Себебі бұл құжаттар жоғары жақта облыстар мен аудандардың, жергілікті жердің бір-бірінен табиғи жайылым, жер, су жағдайларының өзгешеліктері ескерілмей қабылданды және де өзге елдің жарқ еткен жаңалығы мен идеясын көшіріп алып, оны бізге енгіземіз деп машақаттанады. Бұл опық жегізетіні анық, оны көріп те отырмыз. Жалпы, нарықтық экономика жағдайында шаруашылықты жүргізудегі ұсыныс-пікірлер мен жаңа бастамалар төменнен басталып, жоғарыда жүйелі түрде жинақталып, іріктелген соң барып бағдарламалар қабылданбай ма? Сонда ғана олар іс жүзінде мүлтіксіз орындалатынына ешбір күмән жоқ. Саланың басшысы ауысса, жаңа басшы өз бастамасын ұсынады. Себебі, соңғы жылғы келген келген басшылар саланың ішкі көрігінде қайнамаған, оның нағыз маманы емес, бағдарламаға да бап керектігіне жіті мән бермейді. Мемлекет басшысы кезінде бұл бағытта лайықты сын айтқан-ды. Расында, қолға алынған шаруа неге мәреге жеткізілмейді? Орта жолда тұралап қалатыны қалай? Президентіміз ауыл шаруашылығын дамытуға соңғы жылдары ғана миллиардтаған теңге жұмсалғанын айтқан. Соның қайтарымы қайда? Міне, жауапкершіліктің сұралатын жері осы.
Мемлекет басшысының қиындықтарды бірлесе жеңу үшін ұқыптылық пен үнемшілдікке шақыруы да орынды. Жалпы біз әлі нарықтық экономикаға сыйыспайтын жайттардан арыла алмай келеміз. Ең алдымен атқарылатын жұмыс өз нәтижесін беру үшін, еліміздегі төрт түлік малдың санын, одан өндірілген өнімдердің есебін, жайылым мен шабындықтың көлемін нақтылау керек. Себебі егемендік алғаннан кейін саланың нақты көрсеткіштерін әсірелеп айту орын алғаны белгілі. Сондықтан еліміздің мал шаруашылығының қазіргі жағдайын бір қалыпқа келтіріп, оны алға қарай тұрақты дамытатын жолды анықтауымыз қажет.
Жалпы, ауыл шаруашылығының алдында тұрған күрделі мәселелерді шешуге сала министрлігінің қауқары жетпейтіні белгілі. Себебі салалық министрліктер «өз көрпесін өзіне тартып», ортақ мемлекеттік маңызы бар саланы бірігіп көтеруге ықыласы жоқ. Олардың басын біріктіріп, келелі істерді кемеліне келтіріп орындататын укімет емес пе? Сондықтан туындап отырған өзекті мәселелерді шешуді төтенше жағдай ретінде қарап, сала министрліктерінің басын біріктіріп, өкіметтің әдейі қаулысымен нақты бағдарлама қабылдау, берілген тапсырманың орындалысын жіті, мұқият қадағалап отырса іс жүреді. Мемлекет тарапынан аграрлық салаға басымдық берілген жөн.
Екіншіден, мал шаруашылығындағы ұсақ шаруашылық құрылымдар заман талабына сай жаңаша жұмыс істеуге қауқары жеткіліксіз. Сондықтан ұсақ құрылымдарды ірілендіріп, кооператив, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, т.б. шаруашылықтар құру керек. Сол арқылы іргелі инновациялық бағдарламаларды жүзеге асыруға, жаңа технологияны жан-жақты енгізуге, озат тәжірибені кеңінен қолдануға мүмкіндік туады, нәтижесінде еңбек өнімділігі артатыны, өндірілген өнім сапасы бәсекеге қабілетті болатындығы анық. Дана халқымыз «Біріккен бітіреді, ұйымдасқан ұтады» демей ме? Кейбір басылымдарда шаруа қожалықтарын біріктіру керек деген ұсыныс айтылады, бірақ «ортақ өгізден оңаша бұзау» деп үйреніп қалғандар бұл пікірге келіспейді. Қай жерде де бұрынғы кеңшарлардың орнын басып қалған шаруа жағдайы біркелкі, жері суы жеткілікті кооперативтер, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, ірі шаруа қожалықтары бар. Қазір бұлардың дамып кетуіне қолбайлау – өндірген мал өнімдерін өткізе алмайды, өткізуге жағдайлары да көтермейді, қаражаттары жоқ. Олар тек тірілей мал сатумен, сосын азын-аулақ өкіметтің субсидиясымен күн көруде. Міне осы шаруашылық құрылымдарының өндірген өнімдерін өткізуді және 8-10 жылға 3-5 пайызбен несие және лизингтік тәсілмен берілетін техникаларына субсидия беруді шешу немесе инвистиция тарту жолымен оларды ірі шаруашылықтарға айналдыруға әбден болады. Олар өндіріске қажетті жаңа технологияларды енгізіп, өздері өндірген өнімді өздері өңдеп, өткізуге толықтай мүмкіншілікке ие болатыны сөзсіз. Ол үшін жалпы ауыл шаруашылығын қаржыландырып отыратын арнайы салалық банк ашылуы қажет. Бірде-бір комерциялық банк жеңіл несиемен шаруа қожалықтарына несие ұсынбайды. Ауыл шаруашылығының тәуекелділігі жоғары екендігі белгілі, бірақ одан қорқып банк ашпау – сала экономикасын дамытуды тежеу болып табылады. Сонымен қатар, халықты қолжетімді бағамен ет-сүт өнімдерімен қамтамасыз етудің бір жолы ретінде облыс орталықтарынан мал өнімдерін тереңдете өңдеуді қамтамасыз ететін өңдеу комбинаттарын салған тиімді болар еді. Мысалы осы комбинаттар шаруашылық құрылымдарымен және жеке мал иелерімен өзара келісім-шарт жасақтау арқылы жұмыс жүргізеді. Бұл мекемелер өздері шығарған өнімдерін өздері халыққа ұсынып, өздері есеп айырысады. Ал өкімет субсидияны, несиені осы өнім өңдеуші мекемелерге берсе, базардағы ет-сүт бағасына бәсекелестік туар еді. Әрине, бұл жұмыс тек үкіметтің қолдауымен ұйымдастырылса ғана іске аспақ, онда тауар өндірушілердің барлығы да құптап, бірігер еді. Қазіргі екі ортадағы делдалдық жойылып, ет-сүт бағасы төмендер еді. Жүре-бара бұл ұйымдар бір қалыпқа келгеннен кейін ауыл шаруашылығы корпорациясына айналары анық. Сондай-ақ, тері және жүн өнімдерін өңдейтін облысаралық комбинаттар жұмыс істесе, бұл шикізаттар да кәдеге жарап, шаруалардың табысы молаяры сөзсіз.
Жеке үй шаруашылығымен, яғни қорадағы азын-аулақ малымен күнелтіп отырған ауыл тұрғындары қай жерде де баршылық. Қатары өткен жылдармен салыстырғанда едәуір сирегенмен, олардың халықты азық-түлікпен қамтуға қосып отырған үлесі едәуір. Мемлекет басшысы өзінің халыққа жолдауында үнемі ауыл халқының әл-ауқатын көтеруді айтып, жергілікті атқарушы органдарға тапсырма береді. Өткен жылдары баспасөзде «Үй шаруашылығы» туралы заң жобасы Парламент мәжілісінің отырысында қаралды деген хабар болған, бірақ әлі қолданыста жоқ. Мұны айтып отырған себебіміз, шалғай ауылдық жерде, жайылымда отырған адамдардың қолындағы малды көбейтіп, ет-сүт өнімдерін өндіруде мүмкіндігі мол. Көпшілігі жылына оншақты інгенді боталатып, 25-30 шақты сиырды бұзаулатып, үйір-үйір жылқыны құлындатып отырғанмен, өздерінен артылған өнімді табыс көзіне айналдыра алмай келеді. Сондықтан ауылдық елді мекендерде, өндіріс орындарында, кенттерде мал шаруашылығы өнімдерін өткізу желісі құрылса, қала, аудан орталықтарында сүт, шұбат, қымыз, құрт-ірімшік, сары май, т.б. сүттен жасалған өнімдер халыққа қолжетімді болар еді. Кеңес кезінде кеңшарлардың маңайынан май зауыттарын ашып, дайын өнім шығаратын. Осылай сүт өндіруге берілген мемлекеттік жоспарды орындайтын. Бүгінде нарықтық экономиканың қысымы, шаруашылық құрылымдар мен жеке мал иелерінің ішкі мүмкіндігінің тапшылығы, мал өнімдерін өндіру мен өткізудің өз дәрежесінде өтпеуі олардың қаржы-экономикалық ахуалын нашарлатып отыр. Демек, осы субьектілердің өндірген өнімдерін орталықтандырып өткізетін тетік керек. Әрбір аудан орталығынан сүт өңдейтін зауыт немесе цех ашу керек. Бұл мәселені жергілікті атқарушы билік органдарының өздері ұйымдастыруға әбден болады.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен үкімет ауыл шаруашылығын және ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға қыруар қаржы бөліп отырғанын және ол жыл сайын біршама артып отырғанын айтуға тиіспіз. Беріп жатыр, ешкімнің меселін қайтарып жатқан жоқ. Бірақ халқымыз «судың да сұрауы бар» демей ме? Бұл біздің нарық заңына әлі үйренбегенімізді көрсетеді. Біздіңше, үкімет мал шаруашылығын тиімді жүргізу үшін шаруашылық құрылымдарға ең алдымен субсидия есебінен жері мен суын қамтамасыз етуге міндетті болуы шарт. Шаруа сол жасалған жағдайды тиімді пайдалана отырып өнім өндіруге, халықты азық-түлікпен, өндірісті шикізатпен қамтуға белсене атсалысуға тиіс. Жанар-жағар майын 50-60%-ға дейін субсидия есебінен арзандатып берсе, малшының әлеуметтік жағдайын шешуге, мал тұқымын асылдандыруға, тыңайтқыш алуға, табиғи апаттық жағдайларға, т.б. қайтарымы бар жұмыстарға берсе ұтымды болмай ма?
Мал шаруашылығындағы бүгінгі басты мәселе – табиғи жайылымды тиімді пайдалану. Біздегі мал шаруашылығын жүргізуді ұйымдастыруды басқа елдермен салыстыруға болмайды да, келмейді де. Біз мал шаруашылығын еліміздің табиғи ерекшеліктерін ескере отырып жүргізуіміз керек.
Жерді баптай білсек, малға өріс, елге құт. Республика жер көлемінің 80 пайызға жуығы жайылымдық және шабындық жерді құрайды. Бұл ауқымды алқаптарды өз мақсатында пайдаланса, арзан да сапалы мал өнімдерін өндіріуге жеткілікті. Ауылдың ырысы да, байлықтың кіндігі де осында. Жайылым түрі саналуан. Соңғы жылдары шаруашылық құрылымдарының тарапынан құлықсыздық, ал жоғары салалық және жергілікті атқару органдары тарапынан бейқамдық жайылымдардың жұтауына жол беріп, экологиялық қолайсыздыққа ұласты. Бұрынғы ата кәсіппен айналысқан үлкендеріміз «қойды құмға, жылқыны қырға, сиырды сыртқа, түйені сорға жай» демейтін бе еді. Жайылымдарды жылдың мезгіліне сәйкес ұтымды пайдаланған. Ал қазір қысы-жазы бір орында отырғандықтың әсерінен жер тоза бастады, өсімдіктердің түрі азайып, малға жұғымсыз, яғни, шағыр, итсигек, сүттіген сияқты шөптер өсіп, жайылымдар шаруашылық айналымынан шығып, эрозияға ұшырауда. Шаруашылық құрылымдары өздеріне берілген жайылымдық пен шабындық жерлерінің құнарлылығын кемітпеу мақсатында агротехникалық шараларды жүргізбейді, оларды жақсартуға қаражат жұмсамайды. Алқаптардың құнарлылығы төмендеп, азып барады. Сондықтан, жерді ұқыпты пайдалануды тәртіпке келтіру шарасын қолдану қажет. Соңғы жылдары шаруашылық құрылымдары, жекеменшік иелері қысқы кезеңге жеткілікті мал азығын дайындадық десе де, азықтың сапасы төмен болып барады. Бүгінде жайылымдар мен шабындықтардағы өсімдіктердің геоботаникалық құрамы түбірімен өзгерді. Мұндай жағдай жерді мелиорациялауды, басқа да агротехникалық шаралар жүргізуді қажет етеді. Бізде жайылым мен шабындықты ғылыми негізде пайдалану жетіспейді, соның әсерінен пайдаланып жүрген жер мерзімінен бұрын айналымнан шығып қалады. Мысалы, алқаптан шөп шапқанда шөптің түбірі қалуы керек, бірақ бұл талап сақталмайды. Содан жылма-жыл шөптің түсімі азая береді. Шөп өсу қабілетін орнына келтіру, тозған жайылымдар үшін ауыспалы жайылым қолайлы. Сондай-ақ, шөпті тым жастай орып алу белең алып барады, олардың өсіп дәнін төгіп, алдағы жылы тағы көптеп шығуына мүмкіндік жасалмайды. Даладағы өрт те шөптің мол өсуіне кедергі келтіруде.
Сонда қалай, бұл жердің сұрауы жоқ па, біз ертең келешек ұрпаққа қандай жер қалдырмақпыз? Жалпы ауыл шаруашылығының алда тұрған мəселелерін шешу үшін жерді тиімді пайдалану бағыттарына, оның экологиялық тұрақтылығын нығайту жəне топырақтың биологиялық өнімділігін арттыру шараларына жүйелі жəне кешенді түрде көңіл бөлу қажет. Жер ресурстарын дұрыс пайдалану ғана біздің мемлекетіміздің экономикалық əлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Бүгінде жайылым алқаптарын суландыру, яғни су көздерін іздестіру өзекті мәселе болып отыр. Бұрын кеңестік кезеңде сумен қамту бүгінгідей проблема болған жоқ. 5-7 метр тереңдіктен тұщы су көздері табылатын. Ал қазір 100-200 метр тереңдіксіз тұщы су көздері таптырмайды. Ол үшін ғарыштық түсірілімдер арқылы жайылым жағдайын, жер асты су көздерін анықтап, оны игеруге болмас па еді? Бұл жұмыстар тек жоғары атқарушы органдардың ұйымдастыруымен орындалады, сонда ғана ата кәсіппен айналысуға бел буған кәсіпкер мен малшы жерді тиімді игереді.
Жүн мен тері – қыруар байлық, мал баққан жандардың адал маңдай тері. Бірақ көп жылдан бері мал терісі мен қой жүнін пайдаға асыра алмай келеміз. Отандық кәсіпкерлер осы мал өнімін кәдеге асыруды қолға алып, халықтың көп бөлігі қоныс тепкен ауылдарда мал терісін өңдейтін кәсіпорын ашса, ауыл халқын жұмыспен қамтыса нұр үстіне нұр болар еді. Бүгінде мал терісін халықтан жинап, оны өңдеу орнына өткізетін кәсіпкер болмай отыр. Егер де бұл мәселені мемлекеттік немесе жергілікті атқарушы органдар реттесе, экспорт көлемі артар еді. Әйтпесе мал терісін озық технологиясы бар шетелдіктер болымсыз бағаға алып кетіп жатыр. Мәселен, Пәкістан, Түркия тәрізді елдер теріні көптеп алып, шығарған өнімдерін бізге ұсынуда.
Қой жүніне қатысты да осыны айтуға болады. Рас, облыста мал жүнін өңдейтін кәсіпорын құрылған. Бірақ ол біздің өңірде өсірілетін қылшық жүнді қойлардың жүнін өңдей алмайды. Бүгінде түйе жүніне, қойдың ақ және ақшыл түсті жүніне сұраныс артып отыр. Әлемдік бәсекеге қабілетті мал өнімдері осылар болмақ. Міне, кәдеге аспай жатқан қой терісі мен жүнінің жайы осындай. Егер де мал өнімдерін өңдейтін құрылымдар ауылдық жерлерде жұмыс істейтін болса, қалаға сабылған халықтың денін тоқтатары сөзсіз. Жалпы мал терісі мен жүннің пайдаға аспауы елімізде жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының әлі күнге дейін қалыпты жұмыс істемеуінен, малдан алынатын шикізатты өңдеуді қолға алмай отырғандықтан болып отыр. Бұл жерде үкімет сала құрылымдарына көңіл бөліп, бақылау жүргізсе деген тілек бар.
Тағы бір мәселе, мал шаруашылығымен айналысатын шаруаны (шаруа қожалықтарының жетекшілері) кәсіпкер деп санау, барлық деңгейдегі ауыл шаруашылығы органдарын кәсіпкерлікпен біріктіру саланың маңызын, рөлін төмендету деп санаймыз. Ауыл шаруашылығы ел экономикасының ең басты саласы емес пе? Ал шаруа нарықтағы негізгі өнім өндіретін ауыл шаруашылығы құрылымының басшысы болып саналады. Шаруа жұмысының ерекшелігі – оның жұмысы жыл он екі ай мал өнімдерін өндіруге бағытталады, халықты етпен, сүтпен, өндірісті шикізатпен қамтиды. Осы жерде француз жазушысы Жан-Жак Руссо (1712-1778) «Единственное средство удержать государство в состоянии независимости от кого-либо – это сельское хозяйство. Обладай вы хоть всеми богатствами мира, если вам нечем питаться – вы зависите от других. Торговля создает богатства, но селькое хозяйство обеспечивает свободу» деген екен. Француз жазушысының бұл сөзі қай заманда да мәнін жоймайды.
Мал басын өсіріп, егін егіп, мол өнім өндіруге жағдайы бар кейбір шаруашылық құрылымдары мал бағатын адам жоқтығынан тарап кетуге мәжбүр. Жеке меншік пен шаруа қожалықтары қойдан гөрі қысы-жазы жайылымда, аса күтімді қажет етпейтін ірі қара, жылқы, түйе малдарын баққысы келеді. Мал бағуға жастар құлықсыз. Еңбекақысы аз, әлеуметтік жағдайы төмен деп сылтауратады. Ауыл шаруашылығында еңбекақы бұрын да жоғары болған емес, қазір одан да төмен. Себебі, өндірген өнімдері (жүн, тері, т.б.) өтпегесін «қалталары тесік». Ал мұндай жерге маман тұрақтай ма?
Бұрынғы малшылар мен жұмысшылар зейнеткерлікке шығуда, шықпағандары еңбекақы мен әлеуметтік жағдайдың төмендігін сылтау етіп бас тартуда. Ал олардың орнына жастардың ынтасы мүлдем жоқ. Әрине, оларды айыптап, сөгуден аулақпыз, заман өзгерді, әркім өзінің тұрмыстық жағдайына қолайлы жерде тұрғысы келетіні анық. Қазіргі заманда жастардың өмір сүруге, еңбекке деген көзқарасы басқаша. Бүгінде дене кемшілігі емес, сана кемшілігі мін болып отыр. Қоғамда, соның ішінде ауылдық жерде жұмыс жеткілікті. Тек масылдық ойдан арылып, еңбек етуге, оның игілігін қөру, істің көзін таба білу керек. Кеңес кезінде орта мектептің жоғары сынып оқушылары кеңшар жұмыстарына белсене қатынасатын-ды. Мал төлдетуге, пішен шабуға, қой қырқымына, қысқы мезгілге қыстақтарды дайындау, т.б. жұмыстарға көмектесетін. Сөйтіп, жастар мектеп қабырғасында жүргенде-ақ өмірдің, тұрмыстың алғашқы баспалдағынан өтті. Ал қазір мектеп бітірушілер оған бейімделмей өсіп келеді.
Қайткенде де осы қастерлі ата кәсібімізді жоғалтпай, оның мәртебесін көтеріп, тығырықтан шығатын жол іздеуіміз керек. Біріншіден, ең алдымен жергілікті жерде тұрмыстық-әлеуметтік жағдайды жақсарту қажет. Әрбір малшы қыстағында табиғи энергия көздері – күн мен желді қуатқа айналдырып, тұрмыстық жағдайға пайдалануға болады. Көптеген жерде ұялы байланыс бар. Шаруашылық құрылымдары жас маманға көтерме сыйлық беруді де шешуде. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша мұғалімдер мен дәрігерлерге үй ұсынылып жатады. Әрине, бұл мамандық иелерінің еңбегін жоққа шығармаймыз. Бірақ, осындай қамқорлық мал бағатын мамандарға да қажет. Жергілікті атқарушы билік тұрғын үй кезегіне қойып, жер телімін ұсынса да жарасымды. Бұл да жастардың қызығушылығын оятады. Үкімет тарапынан мал шаруашылығында 18-20 жыл үздіксіз жұмыс жасаған адамдарды 55-57 жастан зейнеткерлікке шығарса орынды болар еді. Еңбек адамын ынталандыру және марапаттау тәсілдерін заман ағымына сай ойластырған жөн.
Екіншіден, жергілікті әкімшілік, шаруашылық органдары мал өсірумен айналысатын құрылымдар мен жеке иеліктердің өндірген өнімдерін өңдеуге, өткізуге, сатуға көмек көрсетуге тиіс. Бізде маркетингтік қызмет қөрсету жұмыстары дұрыс жолға қойылмаған. Егер тауар өндірушілер өндірген өнімдерін уақытында өткізіп отырса, табысы молайып, малшылардың еңбекақысы өсіп, олардың жұмысқа деген ынтасы артады. Үшіншіден, мемлекет тарапынан беріліп жатқан субсидияларды қайтарымы, есебі күмәнді бағдарламаларға бөлгенше, шындығында мал басын асылдандырумен айналысып, өндіріске асыл тұқымды мал сатып, ғылыми әдіс-тәсілдерді енгізіп отырған шаруашылықтардың шығындарын өтейтіндей етіп берген дұрыс. Қазіргі асыл тұқымды қой малы басына беріп отырған субсидия өте аз.
Мал шаруашылығын кадрлармен қамтамасыз етуге қатысты тағы бір үлкен проблема – келешегі жоқ деп ауылды жою, бала саны аз деп мектептерді, дәрігерлік пункттерді жабу, өз шаруасымен сүттей ұйып отырған халықтың іргесін сөгіп, жан-жаққа қоныс аударуға мәжбүрлеу. Негізінде, халқымыздың таза өсімін беріп отырған, мәңгілік гендік қоры қазақтың тілін, ділін, әдет-ғұрпын жоғалпай ұстап отырған ауыл емес пе? Қазақтың өсімін көтеру үкіметтің көкейкесті мәселесі деп есептейміз. Зейнеткерлікке шығып, азын-аулақ малымен қыстақтарында отырған бұрынғы малшылар да елді мекендерге қоныс аударуда. Ол жерде олар тектен-тек отырған жоқ еді, өзінің байтақ даласын қорғап, күзетіп отырған сақшысы, шекарашы сияқты еді. Ата-бабамыз «Қара нар жүк көтермес бел кеткен соң, боз дала құлазиды ел кеткен соң» деп айтқандай, бүгінде сол боз дала жетімсіреп бос қалуда. Сондықтан, ауылдағы бұл «індетке» үкімет нақты шара қолданбаса, заманның ыңғайы осылай деп отыра беруге болмайды. Әсіресе ата кәсіптен айырылу ауыл тіршілігіне балта шабумен бірдей. Ауыл шаруашылығын қолдамайынша болашақты болжау қиын. Жалпы ауыл тағдырына мемлекеттік деңгейде мән берілуі қажет. Тек сонда ғана мәселе оң шешімін таппақ.
Сондықтан, Президентіміздің ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты тапсырмаларын бірлесіп атқарып, табысты даму жолын одан әрі жалғастырған жөн.

1145 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *