• Тарих толқынында
  • 29 Тамыз, 2023

Тарази талантының ұстаздық қыры

Ләйла МҰСАЛЫ,
филология ғылымдарының кандидаты, 
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің 
доценті

Қазақ әдебиеті мен өнерінде көрнекті қаламгер ретінде өзіндік орны бар Әкім Үртайұлы Таразиді көзіқарақты қауым жазушы, драматург, киносценарист ретінде таниды. Бұл тұрғыда Әкім ағамыздың еңбегі мен таланты әбден мойындалған, көптеген танымал тұлғалар жазушының шығармалары мен драмаларына жоғары баға берген. Белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбекұлы «Әкім Тарази – сегіз қырлы, бір сырлы қаламгер, терең ойдың адамы, философ жазушы, кәнігі зерттеуші, тағылымды тарихшы, көне мұраларымыздың бітігшісі» деп жан-жақты бағаласа, тағы бір белгілі тұлға Ақселеу Сейдімбек: «...Ол – алпысыншы жылдары қазақ сахнасына адам мен қоғам туралы айтатын тарихи романтикалық сарындағы пьесалардың қатарына адам мен қоғамды көрсететін  пьесаларды  қолдаса  көтеріп  шыққан драматургтеріміздің бірі» деп атап көрсетеді. 
 

Ал біз өз тарапымыздан Тарази талантының тағы бір қыры ретінде оның тәлімгер-ұстаздығын атап өтпекпіз. Жалпы, талантты жан барлық салада да талантты болатынын Әкім ағаның шығармашылық жолынан көруге болады. Таңдап алған қай салада да белгілі жетістіктерге жеткенін көреміз, білім беру саласында да ұзақ жылдар жемісті еңбек еткен Әкім Таразиды көптеген жан өзіне ұстаз тұтып, алғыс білдіріп жүргеніне куә болып жүрміз. 
Жалпы Әкім аға еңбек жолын ұстаздықтан бастаған. Өткен ғасырдың 1956 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын тәмамдаған соң, Жамбыл облысы Шу ауданында мұғалімдік қызмет атқарған. Бұл туралы Әкім ағаның «Мен достарымды өзім таңдадым» деген сұқбатында: «Ол кезде мына Шу ауданының орталығы Новотроицкіде жас мұғаліммін. Осында менен бірер жыл бұрын, 50-ші жылдардың басында, сотталып Сібірге айдалар алдында атақты тарихшы Ермұхан Бекмаханов сабақ берген. Мен өзім мектепті қазақша бітірсем де, осындағы орыс мектебінде орыс тілінен сабақ бердім» деп еске алады.
Кейінгі жылдары түрлі мемлекеттік қызметтерде жүріп, қазақ өнері мен мәдениетіне үлес қосып, адал еңбек еткен қайраткер жазушы 1995 жылдан бастап ұстаздыққа қайта оралып, отыз жылдан астам уақыт шәкірт тәрбиелеумен айналысып келеді. Осы жылдар аралығында Әкім Таразидің әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде «Әдеби шығармашылық» пәнінен сабақ бергенін біреу біліп, біреу білмес.
1996 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінің деканы, әдебиетші-ғалым, профессор Жанғара Дәдебаевтың тікелей ұйымдастыруымен «Әдеби шығармашылық» мамандығы ашылып, алғаш рет арнайы топ қабылданды. Аталған пәннің типтік оқу жоспары дайындалып, оқу жұмыс бағдарламасы әзірленді, кәсіби пән ретінде жүргізіле бастады. Міне, осы топтарда Әкім ағамен бірлескен дәрістер мен практикалық сабақтар, жазушы лабораториясының тереңіне жетелейтін тәжірибелік сағаттарымызды жүргіздік. Жаңа пән болғандықтан ағаның ақыл-кеңесіне құлақ түре отырып, өзіме де көп ізденуге, тыңнан жол табуға тура келді. Әдебиеттің қасаң ғылыми қағидаларға сыя бермейтін шығармашылық табиғатын ескеріп, қаламгер болуға талаптанған, жазуға бейімі бар студенттерді көркемдіктің терең құпия-сырларына жетелеп, азабы мен ләззаты мол жазушылық еңбекке баулыған ұстаз-қаламгерден үйренгенім де, үйренерім де көп болды. Сабақтарымызда академиялық ережелерге бағына бермейтін шығармашылық еркін тапсырмалар беріп, студенттің қиялына қанат бітіріп, әрқайсысымен жеке пікірлесіп, жеке тапсырмалар беріп, әдебиет саласындағы қазіргі тілмен айтқанда инновациялық әдіс-тәсілдерді дамытуға ұмтылдық. Тек бұл тақырып бойынша ғана емес, жастардың ішкі мүмкіндігін ашу, әсіресе прозаны толыққанды түсінуі үшін оларға мөлтек әңгімелер жаздыру, бірлесіп талдау, сөздік қорға санақ жүргізу, жекелеген сөздердің мәнін түсіндіру сынды соны әдістер қолданылды. 
Бұл орайда Әкім Тарази өткізген пән бойынша әдеби шығармашылықтың мәні, алғышарттары кеңінен талданды. Осының өзі студенттердің әдебиет әлеміндегі сезімталдығын қалыптастырды, қанаттандырды. «Өзі шығарма жаза білмейтін ұстаз жағада тұрып жүзуді үйреткен жаттықтырушымен бірдей» демекші, Әкім ағамыздың күнделікті дәріс барысында өз романдарының жазылу тарихы, оқиға сюжетін құрастырудағы тәсілдері, көркемдік деңгейі жоғары болуы үшін деталь кіріктіру жайлы сөз етуі де бір есептен тәжірибе көзі болды. 
 Жалпы Әкім ағаның ұстаздығы әдеттегі академиялық педагогикалық қызметтен бөлек, ерекше шығармашылық тәлімгерлік деп білеміз. Жазушылыққа үйретуге бола ма? Бұл мүмкін бе? Әрине, жазушылықтың дайын тұрған ережесі жоқ екені белгілі, дегенмен де талант бұлағының көзін ашып, оны еңбек арқылы дамытуға болатыны сөзсіз.«Әдеби шығармашылық» бөлімінде өткізілген сан түрлі сынамалық сабақтар, студенттер қауымының тырнақалды туындыларына талдау, шығармашылық теориясына қатысты тәжірибелік һәм танымдық-тағылымдық дәрістер, Қалихан Ысқақ, Қабдеш Жұмаділов, Сайын Мұратбеков, Шерхан Мұртаза сынды халқымыздың қабырғалы жазушыларымен өткен кездесулер осынау тақырыптың ауанын кеңейтіп, жаңа эксперимент үшін мол мазмұн болып қалыптасып жатты. «Әдеби шығармашылық» сабағында сүзгіден өткен, талқыланып, талданған алғашқы туындылар «Қазақ әдебиеті», «Алматы ақшамы», «Қазақ университеті» газеттерінде жарық көре бастаған-ды. Мәселен, топ студенттеріне Мұқағали Мақатаевтың «Аршалы сай» балладасы негізінде көркем әңгіме жазуға тапсырма беріліп, бірнеше нұсқасы тыңдалып, талданып, соңғы нұсқасы оқу құралына енгізілді. Осы кезеңге дейін айтылып жүрген қағидаға сүйенсек, қаламгерлік қабілет бір пайыз дарын мен тоқсан тоғыз пайыз еңбектің арқасында келетін қасиет екендігі хақ. Бұл ретте Әкім ағамыздың бір мұраты көкірегі сезімді, тілі орамды жастарды тауып, дұрыс жүлгеге салу болса керек. Қарымды қалам иесі болу үшін әрине маңдай терді моншақтатып төкпей болмайды. Ал ол үшін бірінші кезекте өзіңнің жан-дүниеңді кемелдендіріп, байытып алған абзал. Яғни, жазушы өзінің ішкі әлемін көркейтіп, гүлдендірген соң ғана шығармашылық әлеміне ден қоймағы ләзім. Бұл Әкім ағамыздың дәріс арасында жиі айтып, құлаққағыс етіп отыратын өсиеті. Осынау бұлжымас қағида қаламгердің мына бір пікірінде көрініс тапқан: «Талант иесіне талайлы тағдыр керек. Талант иесі күнбе-күнгі тіршілігінде өзінің жан-дүниесіне, өзінің сезім құбылыстарына үңіле білсін, қадағалай білсін». 
Тағы бір айтып өтетін жайт, Әкім ағамен бірлесіп өткізген шығармашылық сабақтарымыздың нәтижелерін, түрлі лабораториялық тапсырмаларды негізге ала отырып, «Көркемдік құпиясы» деген атпен оқу құралын дайындадық. Алматы қаласындағы «Санат» баспасынан 2000 жылы жарық көрген осы кітап қолдан-қолға тарап, болашақ әдебиетшілерге қызықты да қажетті құралға айналды десек, артық айтпаймыз. 
Әкім ағаның бұл еңбегінің нәтижелі болғандығының дәлелі ретінде осы топта оқыған талантты студенттердің қатарында қазір қолына қалам ұстап, жазушылыққа бет бұрғандар баршылық екенін келтіргім келеді. Атап айтқанда, әңгіме жанрында қалам сынап жүрген Еркінгүл Солтанаева, ГауҺар Серкебаеваларды, әдебиеттану ғылымына үлес қосып жүрген Лаура Дәуренбекова, журналист Қ.Қожаевты, тәжірибелі редактор А.Төлепбердинованы және басқаларды атауға болады. Шағын топтың қатарында осы аталған және басқа да көптеген жазу өнеріне талаптанған жастар алғаш рет қалам ұстау қабілеттерін сынап, түрлі шығармашылық экспериментке қатысты. Әкім ағамен өткен «сыр ашу сабақтары» олардың есінде мәңгі қалды. Оқырман қауымға өз жадында, ішкі әлемінде жүрген жайтты көрікті ой, көркем сезім, кестелі тілмен әсемдеп жеткізіп, жүрекке жылы тигізсе – қаламгердің өмірлік мұраты сол. Ішкі әлеміңе үңіле білу тек жазушыларға ғана емес, ұстаздарға да керек қасиет екендігіне бүгінгі күндері анық көз жеткізіп жүрмін. Студенттік жылдардың қайталанбас кезеңіндегі Әкім Тарази өткізген әр минуты қымбат саналатын дәрістерден түйгені мол екенін шәкірттері үнемі айтып отырады. Олардың жүрекжарды лебіздерін естігенде, қаламгердің ұстаздық еңбегінің босқа кетпегенін біліп, марқайып қаласың.
Әдебиеттану ғылымында әдеби шығармашылық негізінен екі аспектіде: дәстүрлі түрде жазу тілін дамыту; екіншіден, әдеби шығармаларды зерттеудің бір әдістемесі ретінде қарастырылып жүр. Ал кеңінен алып қарасақ, әдеби еңбек – адамның ақыл-ой шығармашылығының көп қырлы терең саласы екені белгілі. Ол тек шығарма жазып, кітап шығарумен ғана анықталмайды, кітапқа барар жолды айқындаумен, қалам ұстаған таланттың шеккен бейнеті мен татқан ләззатын танумен, ойтүрткіден дайын болған туындыға дейінгі еңбек сатыларын саралаумен анықталады. Қаламды серік еткен болашақ жазушыға осының бәрін білген артық болмайды. Бұл жолда жас талапты көркемдіктің құпияларына, «дертпен тең» сөз өнерінің қыр-сырын тануға жетелейтін ұстаздың орны бөлек әрі биік болса керек. 
Осынау ғұмырында қазақтың проза әлеміне сандаған туындылар әкеліп, өзіндік оқырман аудиториясын қалыптастырған Әкім Таразидың шығармашылық болмысының өзгеше бір қыры, бірегей қасиеті ретінде – ұстаздық таланты атап айтуға тұрарлық қасиет. «Ұстаз болу – жүректің ақындығы, ұстаз болу – жүректің батылдығы» демекші, Әкім аға ұстаздық еңбегінде әр студент-шәкіртімен адами қарым-қатынас жасап, әдебиет пен өнер жолына жетелей білген ерекше ұстаз. Біріншіден, ұстаздық қасиет Әкім ағаға ата-бабаларының қанымен берілген қасиет, екіншіден ол педагогикалық білім ордасынан кәсіби білім алып, үлкен ұстаздардың алдын көріп, тәлімін алған, үшіншіден, ұлт пен әдебиет болашағы жолында тұлға ретінде өмірлік қағидасына сәйкес атқарған қажырлы еңбегінің бір саласы деп білеміз. Сондықтан да, қаламгерліктің азабын, қайраткерліктің жүгін көтере жүріп, қазақ әдебиетінің жас буынын тәрбиелеуге тікелей атсалысып келе жатқан, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Темірбек Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясында, Астанадағы Ұлттық өнер университетінде ерінбей-жалықпай ұзақ жылдар бойына талантты, талапты жас қаламгерлерді жазу өнеріне баулыған Әкім ағаның жанқияр еңбегіне, әдебиет болашағын ойлаған қамқорлығына бас иесің. 

1109 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

AQIQAT №9

28 Қыркүйек, 2023

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы