• Заманхат
  • 29 Тамыз, 2023

Әлеуметтік желі ақпарат қауіпсіздігін қамтамасыз ете ме?

Америка Құрама Штаттарының 44-ші президенті Барак Обаманың сөзімен бастайық: «Сізге нағыз практикалық кеңес берейін. Ең алдымен, мен барлық қатысушының Facebook-те жариялаған нәрсесіне мұқият болғанын қалаймын, өйткені YouTube дәуірінде не істесеңіз де, ол кез келген уақытта алдыңыздан шығады» [1]. Интернет тек медиа емес, сонымен қатар жұмыс іздеу мен өтініш берудің негізгі орнына айналды. Шетелдік академиялық және корпоративтік ұйым жүргізген зерттеу қорытындысы жұмыс берушілер үміткердің талапқа сай екенін тексеру үшін әлеуметтік медианы жиі пайдаланатынын көрсетті. 

Кейбір сауалдаманың дәлдігіне күмән келтіруге болатынына қарамастан, PR Newswire 4 (2018) жүргізген бір сауалдама жұмыс берушінің әлеуметтік 
медиа сайтындағы мазмұнға байланыс-ты үміткерлер өтінішінің 57%-ын қабылдамағанын көрсетті. (PR Newswire, 2018) [2]:
▪ Жұмысқа үміткерлердің 40%-ы әлеуметтік медиаға орынсыз немесе арандатушы фотосурет, бейне яки ақпарат жариялаған;
▪ Жұмысқа үміткерлер қандай ішімдік ішетіні яки есірткі қолданатыны туралы ақпарат жариялаған; (36%) 
▪ Жұмысқа үміткердің нәсілге, жынысқа, дінге және т.б. қатысты кемсітушілік пікірі болды; (31%) 
▪ Жұмысқа үміткер қылмыстық жазаға тартылған болып шықты; (30%) 
Біліктілік туралы өтірік айту немесе олардың бұрынғы жұмыс орнын жаман-
дауы сияқты жайт шындық болғанымен, осы сауалдамадағы жұмыс берушілер адамды белгілі бір қалыпта көрсету немесе орынсыз нәрсе жасауы жұмысқа қабылдаудан бас тартуға себеп болды деп тапқан. Бұл мәселені қиындататын көптеген факторға күмән келтіреді. Мысалы, егер адам белгілі бір ел туралы жағымсыз түсініктеме немесе пост жазса, жұмыс беруші бұл адамды жалдамаған дұрыс болар еді. Егер адам қылмыскер болса, бірақ қылмыс ұсақ деп саналса және адам түрмеде отырып, жазасын өтеген болса немесе қылмысы үшін ақшалай төлем жасаса, жұмыс беруші оны кедергі ретінде қарастырмайды, өйткені адам түзелген деп қабылдауы мүмкін.
Жұмыс берушінің жұмысқа орналасқысы келген адамның әлеуметтік желісі мен интернеттегі белсенділігін тексеру қажет деп санайтын бірнеше себебі болуы мүмкін. Кейбір мысал:
▪ Компанияның брендін қорғау;
▪ Жұмысқа тұратын адамның жеке және субъективті пікіріне қарамастан, топпен және клиентпен қарым-қатынас жасау үшін маңызды дағды болып саналатын мәдениетке сәйкес келуі;
▪ Олардың корпоративтік немесе жымқыру сияқты басқа қылмыс жасамағанына көз жеткізу;
▪ Олардың түрлі мәдениет өкілдері мен өзге тілде сөйлейтін адамдармен бірге жұмыс істей алатынына көз жеткізу;
▪ Компанияның операциясы мен ақпарат құпиялылығын сақтай алатынына көз жеткізу;
Жұмысқа орналасудағы әлеуметтік медианың рөлі мен бедел мәселесін зерттеу саласына кейінгі жылдары жіті назар салынуда. Facebook және басқа әлеуметтік желіде жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы қақтығыс туралы хабарлама жиі жарияланады. Бұл жұмыс істейтіндерге де, әлеуметтік желіде түсініктеме беретіндерге де, жұмысқа орналасатындарға да қатысты. Әлеуметтік желідегі парақшаңыз – сіздің дайын тұрған түйіндемеңіз.
Кадр бөлімінің басшысы мен жұмысқа адам алуға жауапты басқа да мамандар үміткерлерді әлеуметтік медиа арқылы зерттеп, баға беруді әдетке айналдыра бастады. Әлеуметтік желінің қайсысында болсын, жеке парақшаңыз бен жарияланымыңыз кәсіби тұрғыда көңіл аударарлықтай екеніне сенімді болыңыз. Барлық әлеуметтік сайтыңыздағы құпия баптауды тексеру арқылы әлеуметтік тұлғаңызды қадағалаңыз. Кез келген суретіңіздің кәсіби түсірілгеніне сенімді болыңыз, жұмыс беруші сұхбаттасуға шақырған жағдайда сол фотоңыз арқылы жазбай таниды. Сіз туралы мәлімет, әсіресе түйіндемеңіздің формасы да, мазмұны да кәсіби деңгейде құрастырылғанына сенімді болыңыз. Жазуыңыз жасөспірімдікіндей, грамматикаңыз қате, орфография және тыныс белгілері ұқыпсыз болса, кез келген қызметке орналасу қиын болмақ. Кәсіби мансап жолында нені қалайтыныңызды, қолыңыздан не келетінін әрі тәжірибеңіздің қандай екенін нақты жеткізіңіз. Көңілге қонымды ақпарат жариялаңыз.
Осы мәселені кең ауқымда талдаған мамандар әлеуметтік желіде өз презентацияңызға, яғни әлеуметтік желідегі жеке парақшаңызға ұқыпты болу өте маңызды екенін және адамдарға мектепте, колледжде және университетте осы бағытта оқытылатын пәндер керегін айтады. Біздің елде де бұл мәселеге көңіл аударылады. Әлеуметтік медиадағы күрделі коммуникацияға байланысты «Медиасауат» пәні оқытыла бастады. Әлеуметтік медианы тексеру және бақылау құралы ретінде пайдалану тәжірибесінің этикалық үдерісі, саясаты мен рәсімі болмаса, олардың қызметкерді жалдау туралы шешімге әсері, негізінен субъективті болуы мүмкін. Ол үміткерге бірдей қарай алмауға ұрындырады. Жұмыс беруші шешімін әр үміткерді жүйелі түрде бағалау арқылы шығармай, үміткердің интернеттегі әрекетіне қарай оң немесе теріс деп санайтын нәрсеге байланысты бейсаналы көзқарасына басымдық бере алады. 
Жұмыс берушінің бейсаналы көзқарасы жеке басыңыздың проблемасына айналуы мүмкін. Мысалы, біреудің жариялаған суретінде татуировка болуы мүмкін. Ол тату-суретші ретінде жұмысқа қабылдануға едәуір жол ашқанмен, басқа саланың әкімшілігі жұмыскердің татуировкасы компания клиентіне ұнамауы мүмкін деп жұмысқа алмайды. 
Қазір жұмысқа тұру қиындап кетті. Құпиялылық параметрі шектеулі аудиторияға қолжеткізуге үнемі мүмкіндік бермейді, бірақ парақшасын қараған әріптес пост мазмұнын көшіріп немесе скриншот түсіріп, оны басшылыққа жіберуі мүмкін.
Жұмыс іздеуші тек онлайн парақшасына қарай ғана жұмысқа қабылданатын болса, жұмысқа қабылдаушы мынадай келеңсіздікке тап болады: қоғамдық және жеке әлеуметтік медиа профилін пайдалану арқылы алынған ақпарат басқаларды бақылауға мүмкіндік береді. Бұл тәсілдің нәтижесі кімде қандай ақпарат бар екеніне негізделсе және бұндай іріктеу кемсітушілік әрекетке саналып, өтініш берушілердің қарсылығына негіз болады.
Facebook мазмұны жұмыс тиімділігінің сенімді көрсеткіші емес. Өтініш беруші жақсы тәжірибеге, дағдыға және мәдени сәйкестікке ие болуы мүмкін. Сондай-ақ олар көптеген себепке байланысты қандай да бір мәселеге деген көзқарасын өзгерте алады, сондықтан оларға жағдаятты түсіндіруге мүмкіндік беру керек. 
Жұмыс берушілер әлеуметтік желідегі жалпыға қолжетімді деректі пайдаланады және адамды жұмысқа қабылдау туралы шешім қабылдау үшін әлеуметтік желідегі жеке деректі сұрайды. Дегенмен, бұл интернетте не жарияланатынына алаңдамайтын ұрпақ үшін қиын. Басқа зерттеушілер үміткердің жұмысқа жарамдылығын бағалау үшін әлеуметтік медианы пайдалану этикалық тұрғыдан дұрыс емес деп санайды.
Әлеуметтік желінің қайсысы сізді жақсы қырыңыздан танытатынын анықтап алыңыз. Жеке тұлғаңызға қатысты кейбір мәлімет Facebook парақшасына шықса, негізгі кәсіби байланысыңыз linkedln-де жариялануы мүмкін. Медиаиндустрияда адамдармен араласудың ең тиімді жолы – Twitter. Мүмкіндігінше, ауқымды, аудитория жинау үшін барыңызды салу әдісі, яғни оңды-солды жариялай берудің түкке де қажеті жоқ. Шектен тыс әркіммен байланыс орнату, әсіресе өзіңіз жыға танымайтын адамдармен араласу кері әсерін тигізеді. Кез келген сайтта қандай дүние жарияласаңыз да, соның ішінде түйіндеме болсын, сізді жақсы қырынан танытатынына көз жеткізіңіз. Жеке парақша – сіздің коммерциялық аргументіңіз. Жеке парақшаңыз неғұрлым тартымды әрі толық болса, достар қарасын көбейту мен ұсыныс беру мүмкіндігі соғұрлым орасан.
Social Marketing Writing бас директоры Митт Рэй жақсы парақша жасақтаудың негізгі жеті элементін ұсынды: «Сапалы профайл суреті тұрсын. Бұл сурет бақытты, көңілді әрі бесаспап тұлғаны бейнелесін. Тақырыпты қатырып қою керек. Бұрынғы және қазіргі қызметтегі маңызды лауазымыңызды тізіп қойыңыз. Сайтты қосыңыз. (Мысалы, Linkedln-де максимум үш сайт қосуға болады).Тәжірибеңізді жазыңыз. Ұйымда атқарған лауазымыңыз бен рөліңізге қосымша ретінде компанияға қалай көмек көрсеткеніңіз туралы да ақпарды қосыңыз. Жағымды пікір сенім ұялатады. Мүмкіндігінше, жағымды пікірді молынан жинақтаңыз. Егер пікір айтатын адамның Linkedln секілді әлеуметтік медиада жеке парақшасы болса, жұмыс беруші оларды да қарастырады. Linkedln сайты Twitter аккаунтыңыздың бірін қосуға рұқсат береді, осылайша сіз туралы кең мағлұмат алуға жағдай жасайды» [3].
Төменде өтініш хаттың негізін дайындауға арналған кейбір ұсыныс берілген. Ілеспе хат қысқа болуы керек, мүмкін болса бір беттен аспасын. Он шақты немесе жүздеген хатқа көміліп отырған жұмыс берушіге уақыттан қымбат дүние жоқ. Хатқа тек ең орынды және қажетті ақпаратты қосыңыз. Бастапқы абзац осы хат не үшін жазылғанын қамтысын. Жарнамадағы не тізімдегі жұмысты қарадыңыз ба, әлде атүсті жаздыңыз ба? Егер атүсті жазсаңыз, қазіргі және алдағы уақытта мүмкіндік туралы сұрайтыныңызға мән беріңіз. Өтініш жазып жатқан кеңсе басшысының аты-жөнін тауып алыңыз, олардың аты-жөні мен лауызымын қатесіз жазыңыз. Жалпылама жазылатын «Сұраныс бойынша» немесе «Кадр бөлімінің басшысына» секілді селқос тақырып-талаптың жоқтығын білдіртеді. Кіріспеден соң, кәсіби біліктіліктің өтініш берілген қызметке қалайша сай келетінін анық көрсетіп жазыңыз. Қарым-қабілетіңіз бен тәжірибеңіз туралы мұқият жазылған қысқа-нұсқа мәлімет ұсыныңыз. Өткен-кеткен тәжірибеңізді қорытындылап, сол белгілі қызметте және жалпы компания үшін сізді бағалы қызметкер ететін кез келген арнайы жетістігіңізге баса назар аудартыңыз. Қосымша тіркелетін түйіндемеге сілтеме жасаңыз. Хатыңыздың соңғы абзацы сұхбаттасу немесе компания туралы мол ақпарат алу (жауапсыз қалған арнайы сұрағыңыздың бар екенін, осылайша сізді компания туралы толық зерттеуге итермелегенін көрсететін) секілді кейбір әрекетті қамтуға тиіс және сізбен қалайша және қай жерде байланыса алатыны туралы толық ақпарат жазылуы керек.
Электронды пошта, үй телефоны, ұялы телефон, факс секілді байланыс ақпаратын қосыңыз. Хатыңызды тексеру үшін сарабдал сыншыны тауып алыңыз, өзіңізге сабақ беретін профессорға тексертсеңіз де болады. Қатесін мұқият тексеріп шығыңыз, жібермес бұрын тағы бір тексеріңіз. Ілеспе хатыңызды компаниядағы белгілі бір лауазымға бейімдеп жазу себебінен, әркез жұмысқа қабылдау туралы өтініш жазған сайын түзету енгізуге әзір болыңыз.
Өтініш хат үлгісі
22 Эни стрит Майтаун, МА 02345 1 маусым, 2022
Алиса Б.Стейн ханым, United Broadcasting Company кадр бөлімінің директоры, 1236 Батыс 58-көше, Нью-Йорк, NY 10069
Құрметті Стейн ханым!
Мен United Broadcasting Company-дың сайтында көрсетілген реалити-шоу продюсерінің көмекшісі қызметіне қабылдану туралы өтініш жазудамын. Талапқа сай осы хатқа қосымша ретінде түйіндеме және үш ұсыныс хат тіркелді.
Айви колледжіндегі Масс коммуникация факультетінде өнер бакалаврын оқып жүргенімде телевизияға бағдарлама дайындауға және продакшнға ден қойдым, компьютер технологиясы бойынша біліктілікті арттыру курсына қатыстым және UBS еншілесі саналатын бостондық WMBS телеарнасында бағдарлама директорының көмекшісі ретінде тағылымдамадан өттім. Сонымен қатар өзім оқитын колледж жанынан таралатын WZZZ станциясында екі жылдай қызмет еттім. Бұған қоса жазу дағдымды дамыту және бизнес менеджмент, саяси ғылым және психология бойынша факультативтік курстан өттім. Ұсыныс берушілерім атап өткендей, өзіме сенімді, пысық әрі өз ісіме берілген жанмын.Сізбен сұхбаттасу үшін кездессем дән риза болатын едім. Құрметпен, Л.В.
Егер онлайн режимде өтініш жібермек болсаңыз, грамматика, орфография, тыныс белгілері мен бос жолдың дұрыс екеніне көз жеткізіңіз. 
Ал өтініш хат поштамен жіберілетін болса, хатты ұқыпты әрі таза ұстаған жөн. Алқам-салқам немесе салдыр-салақтығыңызды байқататын кез келген нәрсе кәсіби біліктілігіңіз туралы оқымай тұрып-ақ, сізді жарамсыздар қатарына қосып қояды.
Адамның жеке басы мен беделі теріс бағаланған кезде стигматизацияға және ұятқа қалдыруы мүмкін. Әр адамның парақшасы, жүктеген түсініктемесі жеке басы мен беделін қалыптастырады, қоғаммен қарым-қатынасына әсер етеді. Сіз туралы жазылған және кең аудиторияға орналастырылған нәрсе – осының бәріне себеп бола алады.
Facebook – зерттеу үшін тамаша құрал, дегенмен талдау үшін пост мәтінін алу этикалық себепке байланысты кедергі болады. Интернетте адам туралы жағымсыз ақпаратты орналастыру арқылы жеке тұлға мен беделге нұқсан келтіру туралы ескертеді. 
Facebook-те немесе сол тәрізді әлеуметтік желінің ешқайсысы да жеке басқа қатысты ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етпейді. Әлеуметтік медиада жарияланған бір түйір ақпаратты кері қайтарып алуға немесе оны өзгеге қалауынша қолдануға тыйым салу мүмкін емес.

Жанар РАМАЗАНОВА,
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті

Журналистика кафедрасының қауымдастырылған профессоры,

филология ғылымының кандидаты 

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. https://inosmi.ru
2. PR Newswire, 2018 https://www.einpresswire.com/
3. Stone, E. Social networking sites redefine social obligations associated with being «friends». http://networkconference.netstudies.org
4. Хиллиард Л.Р. Телевизия, радио және жаңа медиадағы мәтін жазу. – Алматы: «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры, 2020. – 528 б.
 

1297 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

AQIQAT №9

28 Қыркүйек, 2023

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы