• Ел мұраты
  • 29 Тамыз, 2023

Ресей және Орталық Азия: стратегиялық байланыстар

Нұрболат НЫШАНБАЕВ, 
саяси сарапшы

 

Соңғы онжылдық адамзат дамуында өзге тарихи кезеңдермен салыстырғанда өзгерістер мен болжанбаған саяси оқиғаларға толы болды. Әлемде жүріп өткен пандемия мен оның салдары, сондай-ақ жасанды интеллектіге негізделген технологиялардың қоғамдық қолданысқа жаппай енуі, қызметтердің цифрлануы тәрізді үрдістердің куәсі болудамыз. Мұнымен қатар әлемдік саяси ареналардағы мүдделер қақтығысы, мемлекетаралық кикілжіңдер, оның нәтижесінде пайда болып жатқан қарулы қақтығыстар, бір елдің екінші бір елге жасап отырған басқыншылық әрекеттері, яғни иррационалды басқыншылық сипаттағы әрекеттер ушығып тұр. 
 

Мақаламыздың тақырыбына арқау болып отырған Ресей мен Украина арасындағы майданның жүріп жатқанына 500 күннен асқан екен. Яғни, осыншама мерзім бойы Украина армиясы өзінен төрт есе үлкен әскері бар, ядролық қаруға ие державаға қарсы төтеп беріп келеді деген сөз. Алғашқы күндері Ресей саясаткерлерінен бөлек, тіпті кейбір қазақстандық саясаткерлер қақтығыстың бір аптадан әріге созылмай Ресей пайдасына шешіліп, тіпті 2022 жылы 9 мамыр күні әскери марш Киев төрінде өтеді деген болжамдар да айтылып еді. Алайда, бүгінде көріп отырғанымыздай қалыптасқан ахуал мүлдем басқа арнада жалғасуда. Бүгінде оның қашан тоқтайтыны түгіл, даму қарқынын нақты болжау өте қиын. 
Аталған жағдайдың соңғы бір жарым жыл ішіндегі шиеленісті тұстары туралы әлемдік баспасөз беттерінде көптеген мақалалар мен ғылыми-зерттеу еңбектері жариялануда. Десек те, шынтуайтына келгенде, бұл жағдай тек Ресей мен Украина арасында ғана емес, либералды территориялық біртұтастыққа негізделген демократиялық құндылықтарға қарсы, нео-империалистік-милитаристік негіздегі идеологиялық соғысқа айналып кетті. Яғни, идеологиялық құндылықтар арасындағы қақтығыс ХХ ғасырдың екінші жартысында орын алған «қырғи-қабақтың» бүгінгі жалғасы іспетті. Кешегі тарихта әлем елдері идеологиялық тұрғыда қос лагерьге бөлінсе, бүгінде қайта бөлініп кету алдында тұрғандай. Әрине, біз бұл мақаламызда әлдебір елге жақтасып, соның сойылын соғудан аулақпыз. Бар болғаны қалыптасып отырған ахуалға байланысты сараптамалық көзқарасымызды жеткізуді ғана мақсат еттік. Соның ішінде Ресейдің Орталық Азия елдеріне ықпалы қаншалықты артады немесе азаяды деген сауалға басымырақ көңіл бөлгіміз келіп отыр. 
Орталық Азия елдері геосаяси және институционалдық тұрғыда Ресейге тәуелді болып келгені рас. Өйткені, экспорттық сауда жолы бар, экономикалық-қауіпсіздік, еңбек нарығы бар. Алайда, соңғы жылдардағы Ресейдің аймақтағы елдерге қатысты саясаты Орталық Азия елдерінің Ресеймен арадағы байланыстарын қайта қарауға негіз болып отырғандай. Батыс елдерінің Ресейді саяси-экономикалық санкциялармен қыспаққа алуына байланысты Орталық Азия елдері бұл мәселеде нақты ұстанымын жариялауға асығар емес. Мысалы, 2022 жылдың наурыз айында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Ресейдің іс-қимылдарын айыптаған резолюциясында Орталық Азияның ешбір елі қарсы дауыс бермеді. Нақтырақ айтсақ, дауыс беруден бас тартты немесе қалыс қалды. 
Тимур Дадабаев пен Шигето Соноданың Оксфорд университеті жанынан шығатын «Азияның халықаралық қауіпсіздігі» деп аталатын журналы (2023 жыл, мамыр айындағы саны) Орталық Азияның бұл саясатына «Стратегиялық үнсіздік» («Strategic silence») деп баға берді. Аталмыш стратегия қазірге дейін жалғасқанымен халықаралық қауымдастық тарапынан нақты мәлімдеме мен ашық ұстаным талап етілуде. Тіпті, АҚШ Сенаты Ресейге тауар тасымалдаушы Орталық Азия елдеріне де (нақты Қырғызстан мысалында) санкция жариялауға шақырды. 
Қытай ойшылы Сун Цзыдың «Соғыс өнері» кітабында жазылғандай, қандай да бір соғыстың ұзақ мерзімге созылуы ең алдымен күші мығым, әскер саны мен әлеуеті мол тарапқа зиянын тигізеді. Бұл тұрғыдан алғанда уақыт Украина мүддесіне жұмыс жасауда. Мұндай жағдайда Орталық Азия елдері мен Ресейдің арасындағы байланыстардың жаңа фазаға енуі тек академиялық сипатта ғана емес, сонымен қатар қоғамдық мәнде ашық талқыланғаны жөн деп білеміз. Пост кеңестік елдерді Ресей өзінің саяси ықпал ету аумағы ретінде санап келді. Украинадағы жағдайлардан кейін Ресейдің ықпалы аталған аймақтарда ғана емес, жалпы әлемдік дәрежеде де өзгеріске түсіп жатқаны сезіліп отыр. 
Ресей КСРО ыдыраған кезеңнен бастап өзін кеңес одағының ресми мұрагері ретінде санап, КСРО-ның күйреуін ХХ ғасырдағы ең катастрофалық саяси оқиғаға теңеді. Сәйкесінше, аймақта өзге мемлекеттер ықпалының артпауына әрекет етіп, саяси-экономикалық, идеологиялық тұрғыда кеңес одағы құрамында болған республикаларға қатысты жеке ықпалын күшейтіп келді. Мысалы, соңғы жиырма жыл ішінде «Орыс әлемі», «Одақтас мемлекет» («Союзное государства»), «Бесмертный полк» тәрізді идеологиялық жобалар Ресей тарапынан жүзеге асып келді. Сондай-ақ Ресей елінің 2008 жылы Грузия мемлекетінің аумағына кіріп, Оңтүстік Осетия мен Абхазия жерін, 2014 жылы Украинаның Қырым алқабын басып алған кезінде барлық посткеңестік елдер арасында «Келесі кім?» деген сауал туындаған еді. Аталмыш үрей мен қауіпті 2022 жылы басталған шиеленіс үдете түсті. 
Жуырда «Gallup» агенттігі өзінің зерттеу нәтижесін жариялады. Аталмыш зерттеу 2022 жылы әлемнің 122 елінде 15 жастан асқан азаматтар арасында жүргізіліпті. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, Ресейдің Украина жеріндегі жүргізіп келе жатқан әскери қақтығыстары салдарынан пост кеңестік елдер арасындағы рейтингісі айтарлықтай төмендеген. Яғни, Ресейді посткеңестік аймақта көшбасшы деп санамайтындар саны артқан. 
Соңғы бір жарым жыл ішінде екі ел арасындағы қалыптасып отырған ахуалдан бірнеше нақты нәтижелерді көрудеміз. 2022 жылдың 22-ші ақпанына дейін Ресейдің шекаралық аумағы НАТО ұйымына мүше саналатын Латвия, Эстония, Литва, Норвегия елдерімен шектесіп келген болса, бүгінде бұл шекараға Финляндия қосылып отыр. Және де НАТО ұйымына Швеция мемлекеті қосылып, ықпал ету аумағы арта түсуде. 
Қазақстанның «Қаңтар-2022» оқиғасы кезінде «Ұжымдық Қауіпсіздік туралы Шарт» ұйымы әскерлерінің көмегіне жүгінуіне орай соған қарымта жауап ретінде Ресейге көмек ретінде әскер жібере ме деген көзқарастар болғанын жоққа шығара алмаймыз. Алайда, ел президенті халықаралық саясаттың байыбын жете түсініп, Қазақстанның ұстанымын бейтарап сақтап, Украинаға қарсы әскер жіберу деген тақырыпты толық жапты. Керісінше, ресми Астана тараптар арасында татуластырушы медиатор қызметін ұсынып, барлық мәселе БҰҰ қағидаттары негізінде шешілуіне мүдделі екендігін ескертті. 
Өзбекстан өзге Орталық Азия елдері секілді бүгінгі күнге дейін Украиндағы жағдайға байланысты нақты мәлімдеме жасамай, ахуалдың дипломатиялық жолмен шешілуін көздеп, тең алаңдаушылық білдірумен шектелуде. Алайда, Ташкентте Украина елшілігі жанында азаматтық қоғам ұйымдарының митингісін ұйымдастыруға рұқсат беріп, Қырғызстан және Қазақстанның азаматтық қоғам институттары арқылы Украинаға гуманитарлық көмек жіберді. 2022 жылы Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан жиыны 3 млн еңбек мигранты Ресейге барған. Тиісінше, Өзбекстаннан 1,3 миллион, Қырғызстаннан 1 миллион, Тәжікстаннан 850 мың еңбек мигранттары барған. Орталық Азияда ең көп мигрант жіберуші саналатын Өзбекстан үшін Ресеймен арадағы байланыс  тіптен маңызды. Ресми Ташкенттің Ресейдегі өзбек азаматтарының майданға жалдамалы сарбаз ретінде бармауы жөнінде бірнеше рет ресми және бейресми үндеулерін жариялауы, жоғарыда атап өткен, «үнсіздік стратегиясының» көрінісі. 
Қырғызстанда ресми билік тарапынан Украина біртұтастығын қолдау немесе соғысты айыптау туралы ашық мәлімдемелер жасалмағанымен ел ішіндегі мемлекеттік емес ұйымдар тарапынан митингілер мен демонстрацияларға тыйым салынған. Алайда, Ресейдің Украинадағы бір жылдан астам жүргізіліп келе жатқан әскери шабуылдарының жанама ықпалы ретінде қырғыз президенті Садыр Жапаров өз еліндегі әрбір мемлекеттік қызметкерді қырғыз тілін білуге міндеттейтін заңға қол қойды. Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Қырғызстандағы мемлекеттік тілдің мемлекеттік қызметкерлердің барлығына бірдей міндеттелуін демократиялық ұстанымдарға сай келмейтінін айтты. Әрине, әрбір мемлекеттің өз саясаты болғанымен Орталық Азия елдері үшін Қырғызстанның тілге қатысты арнайы заңнама қабылдауы Ресейдің аймақтағы «орыс әлемінің қорғаушысы» ретіндегі рөлінің маңызсызданғандығын байқатып отыр. 
Айта кетейік, Ресей мен Украина арасындағы жағдай Тәжікстан мен Түркіменстан қарым-қатынастарына да өз әсерін тигізді. Түркіменстан, қалыптасқан «толықтай бейтараптық» саясатын жалғастырып келсе, Тәжікстан ұлттық ұстанымдарын ашық айта бастады. Тәжік басшысы Эмомали Рахмонов Астанада өткен (2022 ж., 14 қазан) «Орталық Азия және Ресей» саммитінде Ресей Президентіне Орталық Азия мемлекеттерін бұрынғы Кеңес Одағының құрамындағы республикалар ретінде санамауын, керісінше, өздеріне әріптес мемлекет ретінде қарауын, ұстанған ұстанымдары және мүдделерімен санасуын ашық түрде талап етті.  
2019 жылдан бері Орталық Азия елдерінде 9 мамыр – Жеңіс күніне байланысты ресми парадтар өткізілмей келеді. Және осы елдердің басшылары өз азаматтарын Украинадағы әскери іс-қимылдарға қатысуына тыйым салуда. Ашық түрде бұл соғысты айыптамағанымен Қазақстан, Өзбекстан еріктілерінен жиналған бейресми топтар, қоғамдық ұйымдар Украинадағы соғыстан зардап шеккен азаматтарға гуманитарлық көмек көрсетті. 2022 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко германиялық «Die Welt» басылымына берген сұхбатында: «Санкцияларға байланысты Ресейден Қазақстанға қоныс аударып жатқан компанияларға есігіміз құқықтық нормалар негізінде ашық. Егер де Еуропа мен Ресей арасында, қырғи-қабақ соғыс кезеңіндегідей «темір перде» құрылатын болса, қақпаның бергі жағында қалып қойғымыз келмейді» деп ашық мәлімдеді. 
Қорыта келгенде айтарымыз, Ресейдің Орталық Азиядағы ықпалы төмендесе бұл аймақ елдері үшін мүмкіндікпен қатар белгілі бір дәрежеде қауіп-қатер де төндіруі бек мүмкін. Мүмкіндік деуіміз: Орталық Азия аймағын ешбір сыртқы күштің ықпалынсыз, дербес әрі тәуелсіз әрекет ететін, ешқандай «пост» деген айдар тағылмайтын, бейтарап аймақ ретінде қалыптастыруға мүмкіндік бар. Қатер деуіміздің себебі: Орталық Азиядағы Ресейдің орнын кез-келген басқа қатысушының басу ықтималдығы жоғарылай түседі. Ол ЕуроОдақ, Қытай Халық республикасы, АҚШ немесе кез келген аймақтағы мүдделі күш болып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан, Орталық Азиядағы әрбір мемлекет тарихи кезеңде өзіне берілген мүмкіндіктің стратегиялық мән-маңызын жан-жақты зерделейтіні сөзсіз. 

1247 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

AQIQAT №9

28 Қыркүйек, 2023

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы