• Заманхат
  • 29 Тамыз, 2023

Көрші елден үйренеріміз көп

Қазіргі уақытта Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтеріліп отыр. Биыл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға мемлекеттік сапармен барып қайтты. Қазақстанда Қытай қаржысы жұмсалған ірі компаниялар жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта өңдеу өнеркәсібі, автокөлік өндірісі, энергетика, мұнай-газ, логистика және басқа салаларда екіжақты қарым-қатынас кеңейе бермек. Осы орайда екі ел арасындағы қатынастардың ерекшелігі және қоғамдағы көзқарас жөнінде Қазақ-неміс университеті Халықаралық және өңірлік ынтымақтастық институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Болат Сұлтановпен әңгімелескен едік. 

– Болат Қылышбайұлы, сіз көп жыл бойы Қазақстанның Стратегиялық зерттеулер институтын басқардыңыз, еліміздің сыртқы саясатындағы басымдықтарды жақсы білесіз. Қазақстанның стратегиялық серіктесі Қытай елімен қарым-қатынастың орны бөлек екені белгілі. Биыл қазақ-қытай қарым-қатынасы жаңа кезеңге қадам басқанын бүкіл жұртшылық біліп отыр. Бұның себебі неде?  
– Қазір Қытай Америка Құрама Штаттарының басты бәсекелесі болып отыр, сондықтан да жағдаят күрделене беретіні анық. Қытай мен АҚШ арасындағы бәсекелестік әрмен қарай жалғасады және ол тек сауда-экономикалық аспектілерді ғана қамтиды деу қиын. Қытай елі қазір іс жүзінде әлемдегі бірінші экономика, бұл шындық. Ол қазір ЖІӨ бойынша АҚШ-ты қуып жетіп қалды. Қытай нарығы соңғы онжылдықта жоғары деңгейге жетіп, әлемнің төрт бұрышына таралды. Әлемнің ең ірі елдері бұл елде еншілес кәсіпорындар ашуға ынталы. Сондықтан да біз Қытаймен дұрыс, оңтайлы қарым-қатынас құра білуге тиіспіз. Бұл ел қазір жаңа технологиялар мен инновация жағынан алға кетіп қалды. Қазақстанда индустриялық серпіліс жасау үшін инновациялық кәсіпорындар салу қажет. Жай кәсіпорындар емес, инновациялық кәсіпорындар. Егер біз уақыт талабына – инновациялық дамудың алгоритміне сай әрекет етпесек, онда біз әлемдік дамудың күресінінде қаламыз. Бұл үшін Қытай Халық Республикасынан алатынымыз, үйренетініміз көп. Қазіргі таңда ең озық технологиялық әлеует АҚШ, Еуропа және Қытай елдерінде. Сондықтан да осы елдермен өзара тиімді қатынастар құра білу қажет. Яғни, бұл қатынастар Қазақстан мүддесіне сәйкес жүргізілуге тиіс. 
– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз көп векторлы сыртқы саясат жүргізуді жалғастыратынын атап айтты. Оның ішінде ҚХР қандай орын алады? 
–    Көп векторлы саясат ең алдымен көрші елдермен оңтайлы саясат жүргізуді білдіреді. Олар – Қытай, Ресей, Орталық Азия елдері. Сондай-ақ көп векторлы саясат Батыс елдері және ислам әлемі елдерімен қарым-қатынасты қамтиды. Бүгінгі таңда ислам әлемі қарқынды дамып жатыр, сондықтан да біз ислам әлемі елдерімен тығыз ынтымақтастықта болуға тиіспіз. Қазақстан тұрғындарының басым көпшілігі мұсылмандар, бұл фактор да Исламды қолдайтынымызды білдіреді. Қазақстан үшін түркілік интеграция да басты назарда.   
Еуразия құрлығының дәл ортасынан орын тепкен Қазақстан – оңтүстік пен солтүстікті, шығыс пен батысты біріктіретін жолдардың торабы іспетті. Бірақ теңізге шығу жолының болмауы елдің тауар экспорттау және импорттаудағы көлік-логистикалық мүмкіндіктерін едәуір шектейді. Сондықтан да еліміз үшін көрші елдермен ынтымақтастықты дамыту, тиімді көлік инфрақұрылымын орнату аса өзекті. Осындай тиімді географиялық орнымыз Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасын іске асырудағы негізгі серіктес ретінде Қазақстанды таңдауына алғышарт болды. Бұл жобаның жүзеге асырыла бастағанына бірнеше жыл. 
Қытай ұсынған «Жаңа Жібек жолы: Бір белдеу, бір жол» жобасының маңызы зор. Бұл жаһандық жоба. Қазақстан қазіргі заманғы «Жібек жолының» құрлықтағы сегментінде басты рөл ойнайды. Бұл шын мәнінде Еуразиялық жоба, ол Қазақстан, Ресей арқылы Еуропаға шығып, Тынық мұхитпен және Атлант мұхитымен байланысуды көздейді. «Жібек жолы» жобасы Еуразия құрлығында орналасқан барлық халықтар мен елдердің мүддесіне сай келеді. Бұл экономикасын дамытуды қалайтын әрбір ел үшін қажет. Сол себепті бізге сауда-экономикалық қатынастардың ауқымын кеңейтіп, одан әрі дамыта отырып, көрші елдермен достық-ынтымақтастық қатынастарды сақтау қажет.  
Мен Еуразиялық ынтымақтастықты қолдаймын. Біз үшін дәл осы Қытай, Ресей және Еуроодақ елдерімен сауда-экономикалық қатынастарды дамыту өте маңызды. 
– Қытаймен тығыз ынтымақтас­тыққа қатысты тұрғындар арасында синофобия басым екені рас. Көбінесе бұл біздің еліміздегі сыбайлас жемқорлық дертіне байланысты қауіптерден туындайды. Оның алдын алу үшін не істеу қажет?
– Қазақстанның әрбір азаматы ел билігі саясатының нақты бір қырына қатысты өз көзқарасын ашық айтуға құқылы, әлбетте. Алайда, кез келген мәселеге қатысты өз пікіріңді айту үшін ең алдымен мемлекет мүддесін басшылыққа алған жөн. 
Қытай – Қазақстанның негізгі серіктестерінің бірі. Қазақстанның Қытай Халық Республикасымен қарым-қатынасын дамыту біздің билік   органдарынан өте мұқият болуды талап етеді. Бұл ретте Қытай ұсынатын жобалар халқымыздың арасында түсінбеушілік туғызбауына мән беру керек. Еліміздің тұрғындарында Қытаймен достық қатынас осы елдің экономикалық экспансиясына алып келеді деген үрей бар екені жасырын емес. Осы тұрғыда мынаны атап айтқым келеді: Қытай Қазақстанға салынған шетелдік тікелей инвестициялар бойынша тек 5-ші орынды иеленеді. Ал сыртқы сауда көлемі бойынша Ресей мен Қытай және Еуроодақ біздің басты экономикалық серіктестеріміз болып саналады.   
Қытайлық компаниялардың келуіне байланысты теріс көзқарас негізінен сыбайлас жемқорлыққа келіп тірелетіні шындық. Неге екені белгісіз, біздің шенеуніктер бәрін тым-тырыс, жасырын істегенді жақсы көреді, содан барып халық экономикалық жобалардың не үшін қажет екенін, оның маңызын түсінбей жатады. Сыбайлас жемқорлықты жою үшін ең алдымен ашықтық қажет. 
Ең бастысы, кез келген қытайлық жобаны қабылдар алдында ғылыми сараптама жүргізілуге тиіс. Ол сараптаманы шенеуніктер мамандардың, жұртшылық өкілдерінің, үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен жасайды. Бұл Қазақстанның мүддесіне сай келе ме, келмей ме, біржақтылық жоқ па деген күдік-күмәндердің алдын алады. Жан-жақты сараптамадан кейін ғана екі елдің арасындағы бірлескен жобаға қол қойылуға тиіс. Содан кейін бұл жобаның пайдасы жөнінде жұртшылыққа түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Мәселен, қандай да бір біріккен кәсіпорын, зауыт салынады делік. Оның экономикамызға пайдасы қандай, қандай өнім өндіріледі, қоршаған ортаға зияны жоқ па, түскен табыстың қанша пайызы жергілікті бюджетке түседі, салық көлемі, т.с.с. сауалдардың жауабы анықталады. Әсіресе,  кез келген кәсіпорында жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарының үлесі қанша, қытайлық  жұмысшылардың саны қанша болады, ол ашық айтылуға тиіс.  Мәселен, менің зерттеуімше, көптеген қытайлық компанияларда негізгі жұмыс күші – қазақстандықтар, ал қытайлар әкімшілік қызметтерде, менеджмент, маркетинг, есеп-қисап бөлімдерінде қызмет атқарады.  Негізінен олар бізде жетіспейтін, технологиялық процесстерге қатысты мамандарды өз елдерінен алып келуге тырысады. Бұл ретте тағы да ескеретін маңызды жайт бар, ол – жетіспейтін мамандар келешекте қазақстандықтар тарапынан әзірленіп, ауыстырылуға тиіс. Бұл өте маңызды.  Синофобияға қарсы тағы бір мәліметті айта кетейін. Мәселен, көпшілік Қазақстандағы мұнай саласында қытайлық компаниялар көп деп алаңдайды. Салыстыратын болсақ, жер қойнауындағы мұнайдың 50%-ын америкалық, бельгиялық, италиялық компаниялар өндіреді. Қытайлық компанияның үлесінде тек 22%-ы. Үнемі сөз болатын Каспий құбыр желісі консорциумы (КТК) арқылы батыс компаниялары өндіретін мұнай батысқа кетеді. Мұнда америкалықтар, итальялықтар, ағылшындар мен голландықтар жұмыс істейді. Ал Қытай компанияларына Ақтөбе, Қызылорда облыстарындағы мұнай кен орындары тиесілі. Бұл салада CNPC көптен бері табысты жұмыс істеп келеді. 
Сондай-ақ батыс компаниялары мен қытай компанияларының қызметіне талдау жасап, салыстыруға да болады. мәселен, Шымкент мұнай өңдеу зауытын жақында қытайлық компания сатып алды, ол жеке меншікте болатын. Қазақстанда өндірілетін мұнай осы Шымкент МӨЗ-іне жіберіледі, онда өңделген бензин негізінен өз елімізде және біздің бағамен сатылады. Яғни қытайлық компания өндіретін мұнай өнімдері ел ішінде қалады. Ал Каспии теңізінде америкалықтар мен ағылшындар өндіретін мұнай шетелге шығарылады және олар тек салық төлейді. Қытай компаниялары болса өнім өндірумен қоса оны өңдеумен айналысады. Бірде-бір шетелдік фирма бұлай істемейді.   
– Қазіргі таңда Қытай Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықты ерекше жандандыра бастады. Қытай компаниялары Қазақстанда мұнай ғана емес, өндіріс, ауыл шаруашылығы, энергетика және басқа маңызды салаларда бірлесіп жұмыс істеуге қатты ниет танытып отыр. Бұндай қарқынды ынтымақтастық нені білдіреді?
– Біз бір қарапайым нәрсені түсінуге тырысуымыз керек. Қазіргі таңда Қазақстан Қытайдың индустриялық-инновациялық даму үдерісіндегі тәжірибесін пайдалануға тиіс. Жуырда өткен Қазақстан-Қытай бизнес-форумында осы саладағы ынтымақтастық туралы анық айтылды. Бұның экономикалық қана емес, саяси қыры да бар. Қытай мен Орталық Азия елдерінің арасындағы процестерге басқа елдердің араласуына жол бермеу маңызды. Қазақстан географиялық жағынан да, экономикалық жағынан да ерекше аймақта орналасқан. Біздің жеріміз Еуропа мен Азияны жалғастырып жатыр. Сол себепті Қазақстан мен Орталық Азиядағы жағдаятты өз мүддесіне пайдалануды қалайтын күштер бар екені рас. Әлбетте, Қазақстан барлық шет мемлекеттермен достық қатынасты қолдайды. Бұл ретте өз мемлекетіміздің мүддесі басты орында тұруға тиіс. Ішкі тұрақтылықты сақтаумен қатар, Қытаймен, Ресеймен, Орталық Азия елдерімен, Америкамен қарым-қатынасымызға селкеу түсірмеуге тырысу қажет. Шет елдерге қарсы жағдаятты ушықтырып, қарсы қоюды көздейтін, ішкі шиеленіс тудыратын күштерге жол бермеу қажет. Қазақстан өз экономикасын көтеруді, адал ақша табуды қалайды. Бұл саясатты әлбетте, біреудің есебінен емес, өзара тиімді әріптестік негізінде және тараптардың мүддесін ескере отырып жүргізуді жақтаймыз. 
– Яғни, билік органдарындағы лауа­зымды тұлғалардың жауапкершілігі мен ұстанымына көп дүние байланысты дейсіз ғой. 
– Дәл солай. Қытаймен қарым-қатынаста ашықтықты ұстану синофобияның алдын алады. Біздің үкімет Қытайдың қандай және қанша кәсіпорны  ашылғанын, онда жұмыс істейтін қытай азаматтарының саны қанша екенін, зауыт-фабриканы салуға кім, қанша қаражат жұмсағанын ашық көрсетіп отыруға тиіс.  Мәселен, мен Түркиядағы Америкалық базада болған кезімде жергілікті халықтың НАТО базасына деген көзқарасы жөнінде сұрадым. Сонда олар тұрғындардың көзқарасы өте жақсы екенін айтты. «Біз оларға жұмыс орнын құрып бердік. Бүкіл базамыздағы инфрақұрылым, азық-түлік, электр энергиясы, су және басқа қызметтер түрік жұмысшылары тарапынан қамтамасыз етіледі» дейді олар. Яғни, біз синофобияны азайтамыз десек, біріншіден, транспаренттілік керек. Екіншіден, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету, үшіншіден, бір-біріміз туралы көбірек білу қажет.  Төртіншіден, Қытаймен бірлескен кәсіпорындар ашар алдында қоғам және ҮЕҰ өкілдерінен тұратын комиссия сараптама жүргізуі керек. Қытай  компанияларының қызметіне қоғамдық бақылауды күшейту қажет.  
– Тұрғындар арасында Қытай кәсіпорындарының экологиялық зияны көп болуы ықтимал деген пікірлер жиі айтылады. 
–    Бұл шындыққа жанаспайтын пікір. Қоршаған ортаға зияны тиеді дегенге келейік, мәселен,  Шымкент мұнай өңдеу зауытында бұған дейін экологиялық талаптар сақталмай келгені белгілі. Ал МӨЗ-ді Қытай компаниясы қабылдап алғаннан кейін зиянды қалдықтар көлемі айтарлықтай қысқарған. Олар қазір бензин сапасын еуростандартқа жеткізуге ұмтылып жатыр.  
Шет елдермен тиімді қарым-қатынас жүргізу халықты дұрыс ақпараттандыруға тікелей байланысты. Бұл ретте бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын рөлі зор. Қазіргі әлемде қалыптасқан ақпараттық майдан жағдайында елімізде не болып жатқанын шетелдік БАҚ-тан емес, өзіміздің отандық басылымдардан, сайттардан білген артық. Сол себепті ақпарат құралдарында Қазақстан-Қытай компанияларындағы жаңалықтар жиі жарияланып тұруы керек. Айталық, бір қалада қытайлық кәсіпорын салынбақшы. Жергілікті билік органдары халықпен байланысқа шығып, зауыт туралы нақты ақпарат берсе, бұл екі жаққа да тиімді. Жан-жақты талқылау мен сараптамадан кейін ғана кәсіпорынды ашуға болады. 
– Қытай елінде Қазақстанды және Орта Азия мемлекеттерін зерттеуге арналған ондаған ғылыми орталықтар бар делінеді. ҚХР біздің басты серіктес ел болғандықтан, Қазақстанда да Қытайтану орталықтары көптеп ашылуға тиіс емес пе? Мұндай орталықтың маңызы қандай? 
– Мен Стратегиялық зерттеулер институтының басшысы болып тұрғанда Қытайды, Орталық Азияны, Батыс елдерін, АҚШ-ты зерттеу жөніндегі ғылыми орталықтар құру мәселесін бірнеше рет көтерген едім, өкінішке қарай, ол бастама үкімет тарапынан қаржылық қолдау таппады. Қытайтану орталығы бір-бірімізді білуге, қарым-қатынасты тиімді құруға, барлық істе ел мүддесін басшылыққа алуға көмектеседі. Екі ел де проблемаларды бірлесе шешуге, сын-тегеуріндерге бірлесе жауап беруге, гүлденуге ұмтылады. Ең бастысы, бұл қатынастарда ұлттық мүддені алға қою, прагматистік көзқарасты ұстану дұрыс деп есептеймін.   

                     Әңгімелескен 
Дина ИМАМБАЙ
«Aqiqat»

 
 

П І К І Р

Қытайтану орталықтарын көптеп ашу қажет

Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы қазіргі таңда жаңа белеске қадам  басты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға бірінші ресми сапары кезінде қазақ-қытай қатынастары мәңгілік стратегиялық серіктес сипатына ие екені анық айтылған болатын. Бұл ретте Президентіміздің қытайтанушы екенін және бұл саланы терең білетінін айта кеткен жөн. Егер қазақ-қытай қатынастарының алғашқы отыз жылы тұрақтылық ахуалында өтсе, келесі отыз жыл әлемдегі турбулентті геосаяси жағдаят аясында өтпекші. Сондықтан да Қытай біз үшін тұрақты да сенімді әріптес болып қала береді. Жалпы біз Қытайға біржақты қарамауымыз керек. Бүгінгі ҚХР – қарқынды дамыған ел, оның әлемдегі рөлі жедел өзгеріп жатыр. Қытаймен шекарамыз үш мың шақырымнан асады. Көрші елмен достық, ынтымақтастық қатынаста болуға міндеттіміз.
Қытай елі ежелден дәйекті, салмақты, сарабдал саясат жүргізетін мемлекет. Олар біздің елдегі жағдайды, биліктегі элитаны жіті бақылап, назарда ұстап отырады. Қазақстан да қытайтану саласын қолға алып,  ғылыми-зерттеу орталықтарын көптеп ашуы, мамандар даярлауға көңіл бөлуі қажет. Біз онсыз әлеуетті көршімізбен қарым-қатынаста есе жіберіп аламыз. Бұны саясаттанушы ғалымдар көптен бері айтып келеді.
Қазақстанның көп векторлы саясатының пайдасы көп екенін көріп отырмыз. Бұл ретте Қытаймен экономикалық жағынан да, саяси жағынан да қатынастар тек дами береді. Бұл өте ауқымды және қызықты нарық. Қытай компаниялары бізбен барлық салада ынтымақтаса жұмыс істеуге қызығушылық танытып отыр. Бұны біз өз мүддемізге пайдалана білуіміз керек. Қазірдің өзінде бізде жергілікті шикізатты өңдеп, дайын өнім шығаратын қытайлық компаниялар табысты жұмыс істеп жатыр.  
Біздің Қытайға көзқарасымыз прагматистік, ұзақ мерзімдік, есепке негізделген және достық райда болуға тиіс. Уақыт талабына сай жаңа әдіс-тәсілдер салқынқанды көзқарас қажет.  

Ақбөпе АБЫЛҚАСЫМОВА,

 саясаттанушы

1268 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

AQIQAT №9

28 Қыркүйек, 2023

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы