- Заманхат
- 29 Тамыз, 2023
ЕЛ ТҰҒЫРЫ – АТА ЗАҢ
Ол бізге, біз оған қызмет етіп жүрміз бе?
Төреғали ТӘШЕНОВ,
«Aqiqat»
Конституция бойынша адам мен оның құқығы – ең қымбат қазынамыз. Тәуелсіздік пен Конституция киелі қос ұғым, екеуін бір-бірінен айырып қарауға болмайды. Тәуелсіздігімізге биыл отыз екі жыл толатын болса, еліміздің Негізгі Заңына биыл жиырма сегіз жыл толып отыр. Қазақстанның қазіргі Конституциясы 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы дүниеге келген болатын. Бұл – сол кезде аса маңызды еді. Себебі кеңестік кезеңде елімізде бірнеше басты құжат қабылданғанмен, оның бірде-біреуі халықтың талқылануына ұсынылмаған. Демек, референдум өткізудің өзі демократияның жарқын көрінісі болатын. Әрі бұл бұрын-соңды қазақ тарихында болмаған жағдай еді.
Өмір бір орнында тұрмайды. Заң да өмір ағысымен өзгеріске ұшырайтыны түсінікті. Бірінші рет бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған Негізгі Заңымыз да түпкілікті емес өтпелі кезеңнің Конституциясы ретінде толықтырулар мен өзгерістерге ұшырады. 1995 жылы 30 тамызда қабылданған, қазіргі қолданыстағы 99 баптан тұратын Ата заңымызға 27 жылдың ішінде 149 (тек биыл – 56) түзету мен өзгеріс енгізілді. Соңғы рет түзету тәуелсіздік алған отыз жылда екінші рет бүкілхалықтық референдум өткізу арқылы былтыр енгізідді.
Одан бері не өзгерді? Референдум нәтижесі қарапайым қалың бұхараға не берді, билік тармақтарына әсер етіп жатыр ма? Алдыңғы биліктің жіберген қылмыстық қателіктері, ағаттықтары қаншалықты түзетілді?
Алдымен Ата заңға енгізілген түзетулердің ең негізгілеріне тоқталайық:
– Суперпрезиденттік жүйеден президенттік республика үлгісіне көштік.
– Президенттің туыстарына жоғары мемлекеттік қызметтерді атқаруға тыйым салынды.
– Жер мен жер астындағы байлық халыққа тиесілі болды
– Қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық Сотқа жүгіне алады.
– Өлім жазасына тыйым салынды.
Бұл – жаңарған Конституцияны көктей шолып шыққандағы ең негізгілері.
Ата Заңдағы өзгерістер билік тармақтарына қалай әсер етуде десек, Мәжіліс төрағасы Е.Қошановтың айтуынша, Парламенттің рөлі мен мәртебесі күшейді.
– Ел басқару ісіне халықтың атсалысу белсенділігі арта түсті.
– Азаматтардың құқығын қорғаудың конституциялық тетіктері нығайтылды.
– Сенат пен Мәжіліс сайлауы елдегі саяси жаңғырудың шешуші кезеңіне айналды.
– Заң шығарушы орган толығымен қайта құрылды.
– Сенаттың құрылымы өзгерді.
– Қазақстан халқы ассамблеясы Сенатта өз мандаттарын алды.
– Мәжіліске алғаш рет 6 саяси партия сайланды.
– Осыған дейін ұзақ уақыт бойы оппозицияда болған партия Парламентке өтті.
– Халық қалаулыларының жаңа толқыны келді.
Мәжіліс құрамы ұзақ жылдан бері алғаш рет бірмандатты округтен сайланған, шынайы әрі тартысты бәсекеде озып шыққан депутаттармен толықты...
Бұл орайда біздіңше әлеуметтік әділдік іздеген жұртшылық үшін бәрінен де ең үлкен жаңалық – заңсыз алынған активтерді қайтару туралы заңның қабылдануы болғанын баса айтуымыз керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 162 отбасы Қазақстанның жарты байлығын иемденіп отырғанын, қысқа уақыттың ішінде «Форбс» журналына енетіндей байып кеткендер тарихта бұрын-соңды болмағанын бекер айтқан жоқ. Әлеуметтік теңсіздіктің түп-тамыры әділетсіздікте жатыр.
Конституциямызда демократиялық, құқықтық, әлеуметтік, зайырлы мемлекет орнатамыз делінген. Құқықтық мемлекет дегеніміз – ол қоғамдағы өмір түгелдей қабылданған заңға сәйкес болу керек деген сөз. Бұның бәрі алға тартылған керемет идея күйінде қалып қоймауы керек. Ендеше, жасалар шынайы реформа әлі алда деген сөз. Ата заңымыздың олқылығын сынаушылардың басты назарға алатыны не десек, олар: Қазақстанның 1990 жылы 25-қазанда қабылданған мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияда, 1991 жылы 16-желтоқсанда қабылданған Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы конституциялық заңында, 1992 жылы 3-наурызда Қазақстанды ұйымға қабылдау туралы БҰҰ шешімінде оның ұлттық мемлекет ретінде танылғаны мүлде қаперсіз қалдырылды. Сөйтіп Қазақстан қазақтың ұлттық мемлекеті екендігін сипаттайтын басты қағидасы, қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі басты мәртебесі аяққа тапталды деген ой айтады. Яғни ұлттық мемлекеттігімізді дамытуымыз керек еді, керісінше режим Қазақстанда азаматтық мемлекет құруға тырысып бақты деп сынайды. Қазір елімізде мемлекет құраушы ұлттың үлес салмағы 70 пайыздан асып қалды, сондықтан батыл бетбұрыс керек дейді. Әрине, Ата Заңға сын айтушылардың пікірі ішінде мемлекеттік тіл мен ресми тілдің арасындағы дау-дамай да бар. Ол өз алдына шешімін күткен бөлек тақырып.
Рас, Ата заңға түзетулер енгізілген соң Парламеттің мәртебесі күшейтіліп, рөлі арттырылды. Өздері де Үкіметпен бірге заң жобасын ұсынып, белсенділік таныта бастады. Аз да болса маңызды заң жобалары депутаттардың бастамасымен әзірленетін болды. Дамыған елдерде депутаттар өздерінің көңілі толмаған Үкіметті түгелдей отставкаға кетіріп жатады. Үкіметті орнынан кетіруге құдіреті жетпесе де, Конституция бойынша бізде де Парламент өзінің қызметін жөндеп атқара алмайтын министрлерді орнынан алуға құқығы бар. Бірақ өздеріне берілген осы өкілеттіктерді халық қалаулыларының толық пайдаланғанын көрдіңіз бе? Жоқ. Біз де көрген жоқпыз. Оны айтасыз, бізде депутаттық сауалға ауызша жауап беру үшін депутаттардың Үкімет мүшелерін арнайы шақыртуының өзі үлкен күшке түсетінін көріп жүрміз. Парламенттің тек Үкіметті сипай қамшылап сынағанының өзіне мәзбіз. Соны Үкімет Парламенттен таяқ жей бастағандай көреміз. Соған да шүкір дейміз. Бұл – депутаттарымыздың атқарып отырған ісі әлі мардымды емес деген сөз. Белсенділік жоқ. Көбіне Үкіметтен түсетін заң жобаларын қарап, өз пікірлерін айтумен ғана шектеледі. Сосын Заң жұмыс істемейді, өмірдегі шынайы қатынастарды реттеуге шикі дейміз. Әлде өздері айтатындай депутаттарымыздың құқығы шынымен де шектеулі ме?
Конституция бойынша бұрын әкімдерді сайлап қою мүмкін делінгенмен, осы уақытқа дейін бар болғаны ауылдық, селолық әкімдерді сайлауда эксперимент жүргізумен шектелдік. Былтырлары ғана ауылдар мен қалалар әкімдерін сайлау өткізілді. Енді облыстық маңызы бар аудандар мен қалалар әкімдерін сайлау өткізіледі делінуде. Қазір облыс әкімдерін Президент тағайындайды. Бұдан былай облыс деңгейінде әкімдердің кандидатураларын мәслихаттармен келісу ұсынылады, яғни аудандардың, аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың барлығын қоса алғанда, барлық мәслихат ұсынылған кандидатуралардың ішінен әкімді таңдайтын болады.
Осы жерде бір түйткіл. Осы әкімдер сайлауына жік-жікке бөлініп отыратын рушыл қазақ толық дайын ба? Рушылдық демекші, Конституцияда кімде-кім рушылдықты, трайбализмді насихаттайтын болса, соның өзі заң бұзушылық болып есептеледі делінген. Рушылдық басылу орнына қайта дамып келе жатқан сияқты көрінеді. Кей-кейде әкім сайлауы еске түскенде, бірте-бірте Абай заманындағыдай «болды да партия, ел іші бүлінді» болып жүрмесе неғылсын деген де ой келеді.
Бұл айтылғандардан саяси бастамалар жалғасын табуы үшін заң, құқық саласында әлі де өзекті өзгертулер қажет екенін ұқтық.
Қазақстандықтар енді өз бетінше Конституциялық Сотқа жүгіне алады дедік. Биылғы жылдан бастап өз қызметін бастағандықтан әрі әлі тәжірибе жинақтап үлгермегендіктен көбіміз оның қандай институт екенін де түсіне бермейміз. Мақсаты Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқығын қорғауды күшейту екені анық. Ата заңға сот шешімінің қайшы екенін білу үшін де қарапайым қазақстандықтардың құқықтық сауаты болу керек. Оған сауаты жете ме? Өз құқықтарын біле ме? Құқықтық сауатты арттыру өз алдына бөлек тақырып. Тіпті арнайы заң қызметкерлерінің өзі кейде өз құқығын білмей, сауаты жетпей жатқанын көргенде, аңғал ауыл қазағынан не сұрайсыз. Бұл өзі айтыла-айтыла жауыр болса да қайта қаузауға мәжбүрміз. «Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең» дегенімізбен шын мәнінде олай емесі аттап басқан сайын алдынан шықса, жауапкершілік пен жаза жалпыға бірдей болмаса, азаматтар күйінбегенде қайтеді? Әлеуметтік желіден күн сайын құқықтары тапталып жатқанын айтып арызданатын, шағымданатын қаншама адамды көріп, оқып жүрміз. Нешелеген адам зәбір көріп, әлімжеттіктен азап шегуде. Сол келеңсіздіктің көбісі құқықтық сауаттың жетіспеушілігінен, өз құқын қорғай алмаудан туындауда. Мәселен, банктен алған несиесін уақытында төлей алмай, қарызы коллекторға өтіп кеткен борышкерлердің мұңымен әркім-ақ таныс, оны айналасынан күнде естіп, көріп-біліп жүр. Бірі өз құқығын асыра пайдаланғысы келеді, бірі өз құқығын білмегендіктен алданып, жем болуға мәжбүр. Осының бәрін кейде қасаң тілде бұлыңғыр жазылған деп, заң тетіктерінің айқындалмағанынан көреміз. Заңның қасаң тілді болуы оның мемлекеттік тілде әзірленбеуінен емес пе? Оған кім кінәлі?
Әділ заң үстемдік етуіне азаматтардың бәрі де мүдделі дейміз. Сонда оған не кедергі, кім мүдделі емес? Судья ма, адвокат па, прокурор ма? Айтпақшы. адвокат пен прокурордың мәртебесін теңестіру жайы талай жылдардан бері көтеріліп келеді. Әлі шешімін тапқан жоқ. Қашан табары да белгісіз. Қарапайым тілмен айтқанда, Конституцияда прокурор бар да, адвокат кірмеген. Прокурордың мәртебесі заң бойынша жоғары. Бәлкім, сот жүйесіне терең реформа жасалса, біріне бірінің тәуелділігін түбірімен жойса, оның бұзылмауына Ата заң кепілдік берсе, Әділетті Қазақстан сонда құрылар.
Ата заңымызда біздің өміріміз, денсаулығымыз, әл-ауқатымыз, мәртебеміз, ар-намысымыз бен абыройымыз турасында мүлтіксіз жазылған. Барлығы бір сөзбен болса да айтылған. Ал оны жүзеге асыру үшін не істеу керек? Ол неге толық іске аспайды? Басты мәселе – Заңда емес, сол заңды іске асырушы адамдарда ма? Заңды іске асыратын адамдардың санасының конституциялық, мемлекеттік деңгейде оянбай жатқанында ма? Олай болса бұл – қарапайым бұқара тұрмақ, мемлекеттік органдарда жұмыс істейтін лауазымды адамдардың сана-сезімі әлі күнге мемлекеттік деңгейге көтеріле алмай жатыр деген сөз. Яғни шенеуніктерде биік мақсат пен қоғамдық сана жетіспейді.
Әлемге әйгілі Әмір Темір айтқан «Күш – әділдікте» деген қанатты сөз бар. Осы орайда Президент те Ұлттық құрылтайда Әділдік, Адалдық секілді егіз құндылықтарға бекерге жүгінген жоқ. Аталған қасиетті қос ұғым бірінсіз бірі салтанат құра алмайды, қабаттаса қатар өрілгенде ғана қоғамда ізгілік орнайды. Ата заң бізді осыған үндейді.
Келешегіміз кемел, ел іргесі берік болуы үшін Ата заңымызды құрметтей білуіміз керек.
Мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі – Конституция күні құтты болсын!
Заң нормалары әлі де жеткіліксіз
Заң байға да, қараға да бірдей болса, ортақ ережа үстем тұратын болса, бәрі соған бағынса, сонда ғана мемлекетеміз дамиды. Ата заңда алғышарттары салынғанымен, оны сөзсіз ары қарай дамытатын нормалар жетіспейді. Мысалы, бұрын жер қойнауы тек мемлекеттің иелігінде еді, енді халықтың атынан мемлекет иелегінде деген түзету енгізілді. Енді соны ары қарай дамытатын заң қайда, одан не өзгерді? Конституцияда бар, декларация ретінде жазылған, бірақ заңнамада өз көрінісін таппаған жартыкеш заңдарымыз жеткілікті. Мәселен, азаматтарды тегіне, руына қарап бөлуге болмайды дейміз. Ал енді соны іске асыратын норма қайда? Қазір кәсіподақ деген еш жерде көрінбейді. Жұмыс беруші, кәсіподақ, жұмысшы болып үш жақты әріптестік болмайынша, қоғамда еңбек дауы шиеленісіп кетуі мүмкін. Сондай-ақ заңсыз тапқан мүліктерін екі рет заңдастырғандар, яғни легализациядан өткізгендердің сот, құқық саласында қызмет етуіне заң бойынша тыйым салу керек.
Әлихан БАЙМЕНОВ,
қоғам және мемлекет қайраткері
Ең бастысы сот жүйесінің тәуелсіздігі
Отыз жыл бойы ең алдымен экономика деп келдік. Содан мәз болған ештеңеміз жоқ. 2019 жылдан бастап қана саяси реформаларға басымдық бердік. Халық пен еліміздің жағдайын жақсарту жолында заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау саласындағы түйткілдер реттелуі қажет. Соның бірі сот жүйесінің тәуелсіздігі. Осыған дейін Парламентке олигархтар өз адамдарын кірігізіп, өзіне қолайлы заңдар жасап келгені де жасырын емес. 160 миллиард доллар сыртқа кеткен деп жатырмыз, шет елден қайтарылған капитал әзірге мұхитқа құйған тамшыдай ғана. Оны айтпағанда, шет елдегі жылжымайтын мүліктерді қайтарып алудың жолы өте қиын, оны қайтарып алу үшін заңгерлер алдымен оны дәлелдей білуі керек. Бірлескен заңдар қабылдау қажет...
Нұрлан БЕКНАЗАРОВ,
Парламент Сенатының депутаты
3612 рет
көрсетілді0
пікір