- Ел мұраты
- 29 Тамыз, 2023
ҚОҒАМ ИГІЛІГІНЕ АРНАЛҒАН ҚЫЗМЕТ ДЕҢГЕЙІ ЖОҒАРЫ БОЛУҒА ТИІС

Еліміздің тұрақтылығы және өндіріс пен инфрақұрылымның дамуы экономикалық дамудың басты мақсатына айналды. Аса күрделі мәселелердің шешімін табу халықтың әл-ауқаты мен сыртқы әсерлерге төтеп беруі үшін стратегиялық мәнге ие. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысына жұмыс сапары барысында Екібастұз жылу электр орталығындағы жөндеу жұмыстарымен танысып, былтыр қыста болған жағдай қайталанбауы үшін республиканың барлық өңірінде жоспарлы іс-шаралар жүргізуді тапсырды.
Индустрияландыру, инфрақұрылым-дарды салу және жаңғырту – мемлекеттік саясатымыздың басты бағытының бірі. Бұл маңызды жұмыс әр аймақтың ерекшелігіне сәйкес жүргізіледі. Аймақтардың дамуы Мемлекет басшысының тікелей бақылауымен жүзеге асырылып отыр. Жуырда Павлодарға сапарын Екібастұз жылу электр орталығындағы жөндеу жұмыстарымен танысудан бастаған Мемлекет басшысы өңірдегі бірқатар өндірістік, әлеуметтік нысанды аралап, өңір негізінде отандық экономикаға қатысты тұжырым жасады. Президент былтыр қыста болған жағдай қайталанбауы тиістігін атап айтты. 2022 жылдың 27 қараша күні Екібастұз қаласының жылу тораптарында үлкен апат болып, «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-дегі төрт бірдей қазандық тоқтап қалған болатын. Соның салдарынан шаһардағы орталықтандырылған жылуға қосылған барлық нысандар, тұрғын үйлер, әлеуметтік мекемелер мен кәсіпорындарда жылу беру тоқтап, 150 мыңдай халық тұратын қала түгелдей аяз құрсауында қалды. Апатқа байланысты жағдаятты Президенттің өзі назарына алды. Бүгінде магистральдық және орамішілік желілерге жүргізілген гидравликалық сынақтар нәтижесінде анықталған 304 ақау жойылып, 62 шақырым құбыр мен 95 дана бекіту арматурасының 76-сы ауыстырылған. Сондай-ақ Үкімет резервінен бөлінген қаражат есебінен 5,4 шақырым жылу магистралі жаңартылып жатыр.
Президент өз сапарында Екібастұз тұрғындарымен әңгімелесіп, қиын-қыстау жағдайда шыдамдылық танытқаны және апат салдарын жою кезінде азаматтық белсенділік көрсеткені үшін алғыс айтты.
– Екібастұзға ахуалды көру үшін арнайы келіп отырмын. Өткен қыс оңай болған жоқ. Бәрін көрдім, түсінемін. Дегенмен бәріміз бір ұлт, бір ел ретінде ауызбіршілік танытуымыз керек. Қала тұрғындары осы қиын жағдайда сабырлық танытып, шыдады. Сондықтан баршаңызға ризашылығымды білдіремін. Үкіметке тиісті тапсырмалар берілді, қаражат бөлінді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Елімізде электр қуатымен қамтамасыз ететін желілердің үштен екісінің, жылу коммуникациясының 57 пайызының және су құбыры желісінің жартысына жуығының тозығы жеткен. Осыдан-ақ біраз жайтты аңғаруға болады» деп атап айтты. Жалпы соңғы жылдары елімізде инфрақұрылымдық апаттар жиілеп кетті. 2021 жылы желтоқсанда Петропавл қаласында ЖЭО-ның екі қазандығы бірден істеп шығып, тұрғындар қиындыққа тап болды. Апат одан кейін де қайталанды. Ал Шығыс Қазақстандағы Риддер қаласында өткен жылдың қараша айынан бері бірнеше апатты жағдай болды. ЖЭО сорғысын су басты, электрмен жабдықтауда ақаулар шықты. Ресми дерекке сүйенсек, жылу электр орталығындағы жабдықтардың 74,5 пайызы тозған. ЖЭО-да бірінші апатқа дейін мемлекет талап ететін 75 жұмысшының орнына 29 адам ғана жұмыс істеген. Екібастұз бен Риддердегі және Ақтау электр станциясындағы оқиғалар (МАЭК), сондай-ақ биыл жазда Алматы, Астана және Балқаш қалаларының кейбір аудандарында бірнеше күн судың болмауы елдегі инфрақұрылым саласында елеулі әлеуметтік, экономикалық кемшіліктер бар екенін көрсетіп отыр.
Мамандар инфрақұрылымдық апаттар, электр желілері немесе сумен жабдықтау сияқты коммуналдық жүйелерге қатысты ақаулар әртүрлі инфрақұрылым жүйелерінің істен шығуы, зақымдануы немесе бұзылуы салдарынан болатынын келтіреді. Оның басты себептерінің бірі – ескірген инфрақұрылымды жаңғыртуға және жаңартуға инвестиция салынбауы. Мәселен Риддер қаласындағы апат себептерін зерттей келе, энергетика министрлігі ЖЭО-да энергетика жабдықтарын пайдалануға қойылатын талаптар орындалмағанын хабарлаған. Жылу орталығында құрал-жабдықтар әбден тозған, ескірген. Қазандықтың кейбірі 1956 жылы іске қосылыпты, сондықтан да риддерліктер тағы да қақаған қыста жылусыз қалмауы үшін барлық алты қазандықты жөндеу керек дейді мамандар. Қазіргі уақытта мұнда апат салдарын жою және қысқа даярлық жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.
Инфрақұрылымдық дағдарыс көптеген мәселенің бетін ашып берді. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, елімізде 145 мың шақырым инженерлік желілерді жөндеуден өткізу қажет. Апаттардың алдын алу шаралары, тәуекелдерді мұқият бағалау инфрақұрылымдық жүйелердегі олқылықты анықтауға және осы тәуекелдерді азайту үшін стратегияларды әзірлеуге көмектеседі. Күн тәртібінде жылу электр станцияларын жаңғыртудан бастап энергетика саласын реформалауға дейінгі мәселелер тұр. Сала мамандары қалыптасқан жағдаяттан шығудың түрлі жолдарын айтуда. Мәселен, тәжірибелі энергетик Әсет Наурызбаев коммуналдық қызметтердің сапасын көтеру үшін тарифтерді қайта қарау қажет деп санайды. Бірақ коммуналдық саладағы тарифтерді көтеру айналып келгенде қарапайым тұрғындардың қалтасын қағатыны шындық. «Электр энергиясы, ыстық су және жылыту қызметтерінің тарифтері өте төмен. Негізінде бұл мәселе бағаларды ұстап отыруға бағытталған әлеуметтік саясатқа келіп тіреледі. Мемлекетіміз көп жылдан бері осы бағытты ұстанып отыр. Бұл инфрақұрылым саласына кері әсерін тигізеді» дейді Ә.Наурызбаев.
Жалпы кез келген қаладағы ЖЭО басшылары құрал-жабдықтың тозуын алдын ала болжап, тиісті іс-шара қабылдауы қажет дейді сарапшылар. Бұл еліміздегі ірі қалаларды жоспарлаудағы кемшіліктерге, жосықсыз урбанизацияға келіп тіреледі. Инфрақұрылым әлеуетін ескермей, биік үйлерді қаптатып салудың неге апарып соғатыны мамандар тарапынан алдын ала айтылса да ескерілмеді. Құбырлардың істен шығуы энергияны жеткізу тізбегін бұзады, ал бұл тапшылық пен бағаның өсуіне әкеледі.
Сарапшылар еліміздегі энергетика саласын реформалау қажет деп санайды. Электр энергиясын, суды үнемдеу жолдарын іздеу, арнайы бағдарламалар қабылдап, іске асыру қажет. «Әлеуметтік осал топтарды қолдау мақсатында тарифтерді ұстап отыру саясаты кері әсерін беріп жатыр. Олардың есебінен ауқатты адамдар да энергияға аз төлейді. Керісінше, тарифтерді қымбаттатып, әлеуметтік аз қамтылған топтарға өтемақы төлеу қажет. Көмек тек нағыз мұқтаж адамдарға берілуге тиіс, – дейді Ә.Наурызбаев. – Бұған дейін ЖЭО басшылықтары құбырларды жөндеуге бөлінген қаражатты тарифтерді жабуға жұмсап отырды. Негізінде ол қаражат арнайы есепшотта тұруы және ағымдағы жөндеу жұмыстарына жұмсалуға тиіс». Инфрақұрылым саласындағы түйткілдердің тағы бір себебі тиісті заңнамадағы кемшілікке келіп тіреледі. Мәселен Риддердегі апат кезінде сол кездегі облыс әкімі: «Бұл тұрғындар үшін тікелей маңызды осындай нысан иелерінің олқылықтарына жол беріп отырған орталық басшылығының жауапсыздығымен қоса, заңдағы кемшіліктерден туындады» деген еді. Аса маңызды инфрақұрылым нысандары саналатын жылу электр орталықтары мәселесі жан-жақты қарастыруды қажет етеді.
Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Қоғам игілігіне арналған қызмет деңгейі жоғары болуына кепілдік береді. Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетеміз» деп атап өткен еді. Президент «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу керектігін, желілер мен қуат көздерінің тозу деңгейін кемінде 15 пайызға азайтуды тапсырды. Тапсырмаға сәйкес, меншік иесі инвестицияның айтарлықтай бөлігін тарифтің емес, өз қаржысының есебінен салуға тиіс. Қазіргі таңда Президент тапсырмасы бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын кешенді жаңғырту мәселелері бойынша ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен жиында «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы әзірленгенін және сол арқылы рес-публикада электр, жылу, сумен қамту желілерінің тозуын орташа алғанда 20 пайызға төмендетуге болатынын жеткізді (Президент жолдауында 15 пайызға дейін төмендету тапсырылған). Әрине, мұның өзі нақты іс-шаралар жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Жаңа бағдарламаны іске асыру азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырады және апаттардың алдына алуға көмектеседі. Тарифтерді көтеру өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық ахуалды ескере отырып жүргізіледі.
Бүгінгі таңда азаматтардың тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ететін бүкіл инфрақұрылымдық жүйені жаңғырту және күрделі жөндеу жөніндегі Президент тапсырмасына сәйкес, республикадағы 56 ЖЭО-ға техникалық аудит жүргізілді. Үкімет осы мәселелер бойынша кең көлемді жоспарлы іс-шаралар жүргізуді бастады. Тиісті заңнамалық актілер мен құқықтық-нормативтік құжаттар қабылданды. Алда қыс мезгілі келе жатыр. Табиғи және техногенді апаттар кемшілікті кешірмейді. Екібастұз бен Риддердегі оқиғалар басқа қалаларда қайталанбауға тиіс.
Дина ТАЗАБЕКҚЫЗЫ

1218 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *