• Ел мұраты
  • 28 Қыркүйек, 2023

Шеберлік. Көркемдік. Шынайылық

Көрнекті жазушы Кемел Тоқаев повестерінің ерекшелігі хақында

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін, от пен оқтың арасынан аман келген бір топ ақын-жазушылар қазақ әдебиетіне соғыс шындығын алып келді. ХХ ғасырдың елуінші жылдарында Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Әди Шәріпов, Тоқтағали Жанкелдин, Кемел Тоқаев сияқты майдангер жазушылар ұлттық әдебиеттің мазұны мен түрін жаңартты. Қазақ әдебиетіне мазмұндық, түрлік жаңалық алып келген қаламгердің бірі – майдангер жазушы Кемел Тоқаев. Жазушының «Тасқын», «Көшкен үйдің қонысы қайда?», «Көмескі із», «Арнаулы тапсырма», «Қастандық», «Түнде атылған оқ» сияқты тартымды повестері мен әңгімелері әдеби қауымнан жоғары баға алғаны әр жылдарда жазылған мақалалар мен сын-рецензиялардан белгілі. 

Биыл «Казахстанская правда» газетіндегі Зейнеп Базарбаеваның «Слово о писателе и человеке» деген мақаласында жазушының шығармашылығынан бөлек «Кемел адам» екендігі отбасымен жақын араласқан жақын досы Мүсілім Базарбаев қызының естеліктерімен баяндалса, Қансейіт Әбдезұлы «Қазақ әдебиеті» газетіндегі «Шынайы өмірден тамыр тартқан туындылар» атты мақаласында майдангер жазушының әскери тақырыптағы прозасы туралы кеңінен қаузады.
Д.Байтұрсынұлы жазушының детектив әңгімелерін сөз ету арқылы балалар әдебиетіне қосқан үлесін саралады. Мерзімді басылым беттерінде жарияланған түрлі мақалалар майдангер қаламгердің сан қырын ашқаны оқырманға белгілі. 
Біздің сөз еткелі отырғанымыз –  соғысы жылдарындағы майданнан қашқан қашқындардың ел ішіндегі қанішерлігі, соғыстан кейінгі жылдардағы кеңес өкіметі жауларының отанға, елге жеке адамдарға жасаған қастандықтары, бейбіт өмірдегі қылмыскерлер туралы шығармалар. Сондықтан жазушының «Сарғабанда болған оқиға», «Көшкен үйдің қонысы қайда?», «Таудағы жаңғырық» повестеріне тоқталуды жөн санадық. 
Аталған повестердің оқиғасы шарықтау шегінен басталады да, жазушы сол оқиғадан хабар беру үшін лирикалық шегініс жасайды. Мәселен, «Сарғабанда болған оқиға» повесі «Е, жаратқан. Жалғызымның жанын сақтай гөр! Дүние қызығын көрмей өткен сорлы пендеңдi аясаңшы. Жиырма жыл бойы мәпелеп өсiрген бақытым, үмiтiм емес пе едi. Менiң көрген азабым аз ба? Жақсылығыңды менен аясаң, бар жамандығыңды мен бейбақтың басына үйе бер. Тек жалғызымның жанын қалдыр!» – деп зембiлдiң жақтауын саусағымен демеп келе жатқан Сәндiбала ананың зарлы даусымен басталады. Оқырманды осылай оқиғаға еліктіріп отыру – жазушы шығармаларының негізгі ерекшелігі. Бестөбе қаласындағы ауруханаға жедел жәрдеммен жеткізілген Рахым бас дәрігер Цойды көргенде түрі бір бозарып, бір сұрланып шыға келеді. Талықсып жатып бір есін жиғанда анасына:
– Ма-а-ма, бұған сенбеңiз....
– Қалқам, не дедiң?
– Менi жәбiрлеген осы..., – дей айтуға ғана шамасы келген ол операция үстеліне жетпей жан тапсырады. 
Далада қой бағып жүрген Рахымның адам қолынан қастандықпен өлуі, оның кімді айтып тұрғаны белгісіз болғандықтан, соңғы сөзін естігендер қасында болған ағайыны, араққа әуес соғыс ардагері, мүгедек Рысбектен көреді. 
Соғыстан кейінгі жылдардағы бір әулеттің жібін жалғап отырған соқталдай азаматты пышақтап кеткен жауыздарды іздеуді милиция майоры Әлихан Ділдәбеков капитан Талғат Майлыбаевқа тапсырады. Міне осындай қасіретпен басталған қылмысты ашуға кіріскен капитан із кесу барысында өзінің қырағылығымен танылады. 
Негізгі оқиғамен бірге жанама оқиғалар қоса суреттелген, соның бірі – аурухана қоймасына жасалған ұрлық. Аурухана қоймасынан ұрланған заттардың Аида Глухованың кілетінен табылуынан күдіктенген капитан мұны қылмысты бүркеудiң өрескел түрi деп түсінеді. Сондықтан жаңбыр жауып тұрғанда қоймаға түскен әйел туфлиінен қабырғаға қара күйе із түсуі де ақылға сыймайды. Оны кейіпкерлердің мына диалогы растайды: 
– Сонда қабырғадағы туфлидiң таңбасы қайдан келген? – дедi Нұржан Талғаттың сөзiн бөлiп.
– Мен де соны айтайын деп едiм. Қойманы тонаушы ұрыны әйел етiп көрсету үшiн туфлидi қолына кигiзiп, бар күшiмен қабырғаға басқан. Таңбаға қарағанда мұны жасап жүрген адам мол күштiң иесi емес, әлжуаз әлсiз жан, бойы да биiк болмаса керек.
– Қалай? – дедi майор сенiмсiз түрмен. 
Әр іске осындай қырағылықпен келетін Талғаттың алтын мен қойманың арасынан ілік іздеуі – өз ісінің шебері екенін көрсететін деталь. Қ.Сәрсекеев «Текті кісі» мақаласында: «К.Тоқаев шығармаларының жанрлық ерекшелігін сөз еткенде, осы жерде айта кететін бір жайт, заң орындарындағы интеллигенция өмірінен, милиция қызметкерлерінің тұрмысынан жазылған проза қазақ әдебиетінің жетпісінші жылдардағы елеулі жаңалығы», – деген болатын. Бұл повесте де заң орындарындағы интеллигенция мен милиция қызметкерлерінің өмірінен хабардар боламыз. 
Оқиғаға қатысатын кейіпкердің бірі – аурухананың бас директоры Цой. Ауданға белгілі дәрігердің жеке өмірі, жұмысы бұған дейін күмән туғызбағандықтан, оның жеке істерімен ешкім таныс емес. Рахымның өкпесіне шеге тығу, тырнақтарын көбесінен жұлып алу дәрігердің ғана қолынан келетінін түсінген Талғат бас дәрігердің жұмысымен жақынырақ танысуды көздейді. Тексеру барысында ауруханадағы барлық күрделi операцияларды Айша Сейiтқұлова және басқа дәрiгерлер жасағанын, Цой соңғы бiр жылдың iшiнде төртiншi кластың оқушысына операция жасап, оның өзi сәтсiз шыққанын, бас дәрігердің төрттен кейін жұмыста болмайтынын анықтайды. Цойдың Рахым жараланған күні «Сағат бес жарымға» дейiн операция жасалды деп, журналдағы цифрды өзгерткені күмән туғызады. Сарапшылар Рахымның жаралануы сағат бес пен алтының арасы деген болатын, бір сағаттың iшiнде Сарғабанға көлікпен еркiн барып қайтуға болады.
Рахымды қастандықпен өлтіргеннің бірі – жалғыз аяқты шолақ кісі екенін оның ізінен білген капитан жас шамасы мен салмағын да ізге қарап болжаған. Аудандағы мүгедектердің тізімін алып қарағанда олардың ішінде капитан ойлағандай күпшек ағаш аяқты адам болмай шығады. С.қаласынан тапсырмамен келе жатып поезда Самсоновты көргенде: «Соғыстың бiткенiне талай жыл өттi. Мүгедектердiң протезге үйренгенi сонша, кейде аяғы жоқтығын аңғармай қаласың. Әуелде ол қолдан жасалған күпшек ағаш аяқпен жүрген бе» деп ойлауы – оның қырағылығын байқатады. Қылмысты жасағандардың бірі – күпшек ағаш аяқты болғанмен, оның ағаш аяғын сол күні Цой отқа жағып, айғақтың көзін жойған болатын. Қалаға келіп іздестіргенде ондай кісінің жолдағы бір станциядан түсіп қалғанын, келесі күні «Қызылжар» колхозына сондай бiр адамның келгенiн естиді де қалай да Цоймен хабарласатынын біліп оның ізіне түседі. Самсоновтың бүкіл құжаты зерттеле келе оның майданнан қашқандығы, Никольский шiркеуiне келген адамдардың арасына Советке қарсы листовка таратқаны, төртiншi кластың оқушысы Наташаға телеграмманың текстiн жаздырып алғаннан кейiн, укол салып өлтіргені анықталады.
Бестөбеде алтынмен сауда жасайтын қылмыстылар тобының бірі – дәрігер екеніне күмәнданған Талғат алдымен бас дәрігер Цойдан күдіктенгенде полковник ауданға қадірлі кісіге шық жуытпауға тырысқан. Бірінші басшыға еркін қоңырау соғатын бас дәрігер қандай жағдайда да алдын ала қам жасайтын сақ кісі екендігін оның жауаптары растайды. Аудандағы екі дәрігердің бірі – тіс дәрігері Олег. Чемодандағы алтын табылған соң, олар бұл іске кімнің қатысы барын анықтау үшін тіс дәрігері Олег Майснердің соңына түседі. Күдіктілердің қатарына іліккен Олег кейін өзіне алтын өткізгісі келген Мирзоевты ұстауға көмектеседі. 
Олег пен Цойды қатар аңдып жүріп, демалыста тіс дәрігерінің өз ауласынан ұзап ешқайда шықпайтыны, бас дәрігер өзен жаққа жиі барып, ізін білдірмес үшін қасына Гүлжанды ертіп алатыны анықталады. 
Өзен жағасына жасырған алтынды табу жолында Талғат пен Нұржан аз еңбектенген жоқ. Сарғабаның сазындағы қылмыс болған жерге барғыштап жүретін Цой қанша ізін жасырғысы келгенмен, қылмыс болған жерге жиі баруымен өзін-өзі ұстап береді. 
Негізгі кейіпкердің бірі – аурухананың дәрігері Аида Глухова. Ол – Рахымды жедел жәрдем алып келгенде, оның соңғы сөзін естіген бірден бір куәгер болғандықтан, бас дәрігер одан құтылудың жолын оңай ойлап табады. Аурухананың қоймасына ұрлыққа түсті деген сылтаумен жұмыстан шығару үшін ұрланған заттарды оның кілетіне тығып тастайды. Жазушы адалдық пен әділдік, батылдық пен тапқырлыққа қарама қарсы қорқаулық пен қанішерлік, қанағатсыздық пен тоғышарлықты параллель суреттеу арқылы әділдіктің жеңетініне оқырманын сендірген. Шынайы өмірден алынған оқиғалар нанымды бейнеленгендіктен, шытырман оқиғаға құрылған шығармаларды бас көтермей оқуға болады. Оқырманын келесі оқиғамен ынтықтырып отыратын жазушы кейіпкерлері қылмыскерді тапқанша тыным таппайсың. 
Ал, «Көшкен үйдің қонысы қайда?» повесінде қылмысты топтың қанішерлігіне кездесеміз. Повеске соғыс жылдарындағы тыл өміріндегі қарақшылық негіз болған. Оқиға қазақ жерінде өткенмен, оған қатысушылардың біразы Ресей азаматтары. Жазушы оқиғаны бірнеше тарауға бөліп, әр тарауда бір оқиғаны баяндап отырады. «Сырын білмегеннің сыртынан жүрме» деп аталатын тарауда Ресей жерінен Қазақстанға табан тіреген жандардың тағдырына тап боламыз. «Вокзал басында екi адам қалды. Бiреуi – қызыл күрең барқыт түстес тон киген, шоңқайма етiгi бар егде әйел. Екiншiсi – жас қыз. Қынама бел, кең етектi бастон пальтодан бойшаң, талдырмаш көрiнедi» деп басталатын шығармада автор осы екі кейіпкерге назар аударады. Ұры-қарысы көп вокзал басында сарыала қалың былғарымен тысталған чемодандарын ұмытып, көз ұшында ирелеңдеп бара жатқан жолаушы поезына қарап тұрған жандардың бейтаныс жерге келгендері алаңсыз тұрыстарынан байқалады. Бұларды сырттай бақылап тұрған жүргізуші екеуін қонақ үйге алып барғанмен, ол жерде орын болмай ұзақ жақтан келе жатқан әскери адамның отбасын екi бетi табақтай бүкiр арбакеш қамқорлық танытып өз үйіне қонып шығуға алып барады. Ұзақ жолдан шаршап келген әйел таныстық үшін біраз сілтеп, масайрап барып төсекке құлайды. Арбакеш қызы екеуіне түкпірдегі бөлмені босатып бергенмен, түн ортасында терезеден кірген құбыжық бар дүниелерін алып, өздерін бауыздап кетеді. Әйгiленбеген бұл оқиғадан жыл өткен соң майданнан келген бір полковниктің Әулиеатаға қоныс аударған отбасының тағдырын бiлiп берудi сұраған алғашқы хатына «Мұнда тұрмайды» деп жауап берілгенмен, екінші рет осы мәтінде майданнан келген хат Кузьменкоға күдік туғызады. Ізім-қайым жоғалған анасы мен қызының тағдырына алаңдаған оның: «Столетов көбiне вокзал маңында жүрсе, мүмкiн, бұдан бiр жыл бұрын мол мүлiкпен қоныс аударған Сергиенконың семьясы алғаш Столетовқа кезiккен шығар. Қонақүйде орын болмай, оның үйiнде аялдауы ықтимал. Әрине, соғыс зардабын татып, бар жұртты бауырмал санаған сенгiш әйел жуас, момақан көрiнген Столетовтың қиянат пиғылын аңдамаған», – деп ойлап, күдікті Столетовты өз тізіміне алады. 
Оқиғаға қатысатын негізгі кейіпкердің бірі – лейтенант Петр Петрович Кузьменко. Лейтенант Меркі ауданындағы Сельмагтың 2 000 000 тұратын затын тонап кеткен ұрыларды ұстау тапсырмасымен базарда сатылып жатқан заттарды бақылауға барады. Қарулы банданың ізіне түскен ол ұрлық жасағандардың бес адам, олардың біреуі – әйел, біреуі – өзбек саудагер және екі жас жігіт екенінен хабардар. Енді сол ұйымдасқан топты көптің ішінен табу да, оларды айғақпен ұстау да оңай шаруа емес. Бұл іздеп жүрген заттардың Қордай асып қырғыз еліне, болмаса өзбек жеріне өтіп кетуі де ықтимал. 
Ұрланған заттарды іздеп жүргенде, қылмыстың қатарына бүкір арбакештің айуандықпен өлтірілуі қосылады. Үмiт артқан экспертиза қорытындысы маңызды ешнәрсе бермеді. Арбакеш ең алдымен дәл карақұсынан қатты соққы алған. Сонан кейiн қарнын жарып, көзiн ойса керек. Өлер алдында қатты қиналған. Кiм өлтiрдi, кiм қинады? Бұл қылмысты ашу да оңай шаруа емес. 
Оқиғаға қатысатын орталық кейіпкердің бірі – із кесуші Сейілбек. Майданда барлаушы болған Сейілбек Жанғабыловты облыстық милиция бөлімінің қылмыстыларды іздеу бөліміне қызметке жібереді. Алғашында милицияға қызметке барғысы келмегенмен, уақыт өте барлаушы болған ол із кесуші болмаса, оны кім істейді деген ой мазалап қайта барады. Ол мотоциклімен жолаушылар тасып жүріп алыпсатар Абдуллаходжаевпен танысқан болатын. Милиция формасын кимей жүргендіктен, оның мұнда қызмет істейтінін көп адам біле бермейді. Абдуллаходжаевтың Ташкенттегі баласына енші алып бару үшін Сейілбек Жанғабыловқа жалынып, Шу станциясына жеткізуді сұрап жүргені де содан. 
Бұл кезде ел ішінде «Қобызшы шал», «Қаңғырған қайыршы шал», «Қара мысық», «Қара маска», «Қыли барон» туралы әңгімелер ауыздан-ауызға тарап, елдің тынышы кеткен. Бүкір арбакештің жол үстінде қарны ақтарылып жатқанын естігендер түнде жүрмейтін, жан баласына күдіктене қарайтын күйге жеткен. Ұйымдасқан бандалардың қолымен жасалған қылмыс бір қала емес, аудан көлемінде өршіп тұрғанын Кучмеев, Горелькина, Невежина сынды азаматтардың паспоттарын жоғалтқанынан да көруге болады. Біреудің атымен қылмыс жасаудың бір түрі – өмірден өткен арбакеш Калмыковтың атынан Ташкентке бірнеше рет телеграмма жіберу. 
«Қобызшы шал» атанып елді шулатып, қалаға келгенде «Қыли баронның» алғаш тапқаны – Столетов. Алғашында пәтерші болып жүріп, келе-келе екеуі сыбайлас болып шыға келді. «Қыли барон» уақ мүлiктi ұрлауды кәсiп етiп көрмегенмен, өзiн қара күштiң иесi санайтын. Лагерьде, шахта астында жұмыс iстеп жүргенде он адамның жабылып көтере алмаған шойын блогiн бiр өзi сырғытып, тiреу етiп қоятын» деген сипаттамадан оның болмысын тануға болады. 
Қаруланған бандыларды ұстау із кесушілерге оңай болған жоқ. Күн демей, түн демей жүріп ешқандай айғақ қалмаған қылмыстарды ашу – екінің бірінің қолынан келетін шаруа емес. Оған майданда барлаушы болған Сейілбек сынды сарабдал жан керек. Абдуллаходжаевтың сеніміне кірген Сейілбек оны ұрланған заттарымен Шу станциясына жеткізіп салады. Станцияда қаруланған сыбайластары жүруі мүмкін деп күдіктенген аудандық ішкі істер қызметкерлері алыпсатарды «сiзге қалалық атқару комитетi берген командировка қағазы дұрыс жазылмаған. Егер балаңыздың сонда оқитыны рас болса, келесi поезбен жiберемiз» деп келесі разъезден түсіріп алады. 
 Столетовтың қызы Марияның әкесі туралы жазған хаты қылмыстың ашылуын тездетеді. «Қара маска», «Қара мысық» аталған жанның Столетовпен сыбайлас екендігін айғақтайтын суреттер мен оның арбакеш Калмыковтың атынан жіберіп отырған телеграммалары айғақ ретінде тартылады. Столетовтың жертөлесінде тығылып жатқан «Қыли баронды» қоршау бригадасы жабылып ұстаса, бір жыл бұрын Альфердті қашыру үшін жолда авария жасаған Столетовты ұстамақ болғанда, ол жағасындағы уды ішіп жан тапсырды, Ташкенттен келе жатқан Суслякованы жолда бір станциядан түсіріп алады. Ол – майданнан қашқандардың бірі, документін өлген құрбысының қалтасына салып, өзі соның құжатымен қашып жүрген Сычева болып шығады. Осылайша бес адамнан тұратын қылмыс тобын құрықтаған соң Петр Петрович Кузменко босанып жатқан жары Дуся мен баласына көңіл бөледі. Осының өзінен милиция қызметкерлерінің өзіне тапсырылған қылмыс ашылғанша отбасына да, өзіне де көңіл аударуға уақыты болмайтындығы аңғарылады. 
Шығарманың соңында қылмысты топты ұстауда тәжірибе жинақтаған әккі із кесушілер – Петр Петрович Кузьменко мен Сейілбек Жанғабылов екi ай бұрын Богодуховка аралында аң аулауға кеткен қарулы үш аңшы – он жетi жасар ұлымен кеткен Барабанов және май заводының жұмысшысы Әлиакпаровты іздеуге Көктерекке жүрiп кетеді. Осы арқылы жазушы милиция қызметкерлерінің тынымсыз тіршілігін, бандылармен алысқан ұйқысыз түндерінен хабар берген.
Жазушы повестерінің оқиғаларына қатысушы кейіпкерлердің бірсыпырасы – соғыстың қан майданын кешіп келген ардагерлер. «Сарғабанда болған оқиға» повесіндегі «Соғыста өз басымнан кешкен тәжiрибем бар: жаралы адам бiр сәт есiн жиғанда ол сандырақтамайды, есi түзу болады. Алғаш Рахымның сөзiне ден қойғаным содан едi. Тек ұзақ ауырған, қызуы жоғары адам ғана есiн бiлмей сандырақтайды», – дейтін капитан Талғаттың қылмысты ашуына марқұмның соңғы сөзі себеп болғанына қарап отырып, оның өмірлік тәжірибесін байқаймыз. 
Аталған повестегі осындай кейіпкердің бірі – бір аяғын майданға беріп келген Рысбек. Көп ішіп жүретін Рысбектің Рахымның тойында дау шығарғаны болмаса, ертеңіне өзі іздеп барып кешірім сұрағанмен, күдікті ретінде ұсталып, қылмысты ашуға кедергі жасамас үшін оны Томскіге ағаш кесуге жібереді. Аңқау Рысбектің поезда келе жатып майданға бір аяғын берген майдангермен сырласып отырғанында, қасында өз інісін өлтірген қанішердің келе жатқанын білмеуі өкінішті. 
«Көшкен үйдің қонысы қайда?» повесіндегі майданнан мүгедек болып келген кейіпкердің бірі – соғысқа берген аяғын міндетсініп, Кузьменкоға берілген пәтерге кіріп алған Кирилл. Ол басқа ардагерлерге қарағанда бәлеқор, қит етсе шағымданып жоғарыға хат жазамын деп қоқан-лоққы жасап отырады. Кезектен тыс пәтерге баса-көктеп кіріп алуы – осы арызқойлығынан. 
Повесть кейіпкерлерінің бірсыпырасы – майданнан қашқан қашқындар. Отанды жаудан қорғамай майданнан қашқандардың жазасы – өлім екенін білетін олардың көпшілігі кейінгі өмірін қылмыспен ұштастырған. «Сарғабанда болған оқиға» повесіндегі Самсонов Борис Натанович – соғысқа бара жатып жау әскері талқандаған эшолонда қайтыс болған әскердің қалтасына өз құжатын салып, орман ішіне қашып, үсік шалып жатқан жерінен елдің көмегімен аман қалған Майснер Борис Адольфович. Елге келген соң мүгедек әскердің соңына ешкім түспеген соң, біреудің атымен қылмысқа белшесінен батып жүрген жан болса, осындай кейіпкердің бірі – «Көшкен үйдің қонысы қайда?» повесіндегі Суслыкова. Оны жазушы оқырманға былай таныстырады: «Өз документiн өлген құрбысының қалтасына тастап, оның документiмен майданнан қашқан – санитарка Сычева. О баста болжам дұрыс жасалмай, Сычеваны iздемей, өлген санитарканың портретiмен қуған. Сычеваның ұсталмай, еркiндiкте жүруiнiң мәнiсi – осы». Көріп отырғанымыздай, өзгенің құжатымен жанын саудалаған жанкештілер үшін қылмыс жасаудың ешқандай қиыншылығы жоқ. 
«Таудағы жаңғырық» повесінің оқиғасы тойға бара жатқан екеудің жолда адам қағып, шала жансар жігітті жол бойынан шалғай өзенге лақтырып тастағанынан басталады. «Зуылдаған машина тақап қалғанда, Тiлек жолдың ортасына жүгiрiп шықты. Сол сәтте кеудеден ұрған қатты соққыдан ұшып түстi. Анадай жерде бүрiсiп, бiр тұтам болды да қалды. Есiн жиған кезде, әйтеуiр, бiр түсiнiксiз ызың құлағына талып естiлдi. Әлдебiреулер сүйреп бара ма, қалай?..», – деген жолдан кейіпкердің бойында жаны бар екенін байқаймыз. Бұл – жолдастарына барып келем деп, Николаевка селосындағы сүйген қызына кеткен, анам күтіп қалар деп кешкі сағат он шамасында үйге қайтып, жол апатына ұшыраған жігіт еді. Бұл шығармаға бейбіт өмірдегі жол апатынан болған адам қазасын анықтау негіз болған. Мұнда да ешқандай айғақ, куәгер жоқ. 
Анасы әпкесіне кетті деп отырғанда, қызы келіп інісін сұрайды. Солай бір ауыл жоғалған жігітті іздеп милицияға шағымданады. Алғашында полковник Василий Ефсеевич Шелковников «Тiлек Алматыдағы ағайындарында қонақтап жүрген шығар. Ересек бала қайда кетедi?» – деп ойласа, полковник Ердәулетов іздеу керек дейді. Аудандық iшкi iстер бөлiмiн подполковник Ысқақ Қайназаров басқарып отырғанда ауыр қылмыс жасалмаған болатын. Бұл іс Василий Ефсеевичке тапсырылғандықтан, ол ауданға барарда іспен мұқият танысады. 
Күдікті ретінде ұсталған Трухин Тілекпен шөмеле түбінде арақ ішкенмен қылмыс жасамаған болып шығады. Ердәулетов жолдың жағасында шынының үгiндiсi жатқан шұңқырға үңіліп, бұл жерде жол апаты болғанын, машинаның «Москвич» екенін анықтайды. 
«Москвич» машинасының иесі, финанс бөлiмiнiң шоферi Виктор Наданбаевич Жалакин тергеуден шыққан бойда Александр Банковқа барып жолығады. Оның туған қарындасын Жалакин алып отырғандықтан олардың бірге жүргені күдік туғызбағанмен, экспертиза әйнектің жаңадан салынғанын растап отыр. Тергеу барысында қылмысты Виктор мойындамағанмен, Банков бар шындықты айтып қояды. Себебі оның: «Қалай кеш батса, таудан шыққан сол жаңғырық құлағыма келедi. Түнi бойы ұйықтай алмай шығам. Тергеуге, жауап алуға шақырса екен деп тiлеймiн. Сiз шақырғанда сөзге алданып, аздап тыныс алғандай болам, ауыр ойдан арылам», – деген сөзінен адамды алдағанмен, ар сотынан құтыла алмайтыны байқалады. 
Шығарманың соңында милиция жұмысының тағы бiр қиындығы қылмысты ашумен бiрге, бұлтартпайтын айғақты дәлел табу керектігін түсінеміз. Тілектің денесін іздеуге Талды өзенiнiң табанын сүзiп шығу үшiн Алматыдан әдейi сүңгiгiштер шақырылды. Өзеннен сүңгiгiштер әр жолы алып шыққан тот басқан мылтық, жүзi қайрылған қылыш, шалшыққа көмiлген пулемет – 1920 жылдары атаман Анненков пен генерал Дутов Жетiсу жерiнен қашқан кезде қалған қанды күндердiң ескерткiшi едi.Мүрдені ұзақ іздеген мамандар ақылдаса келіп, салмағы кiсi денесiне шамалас затты суға тастағанда, екі шақырымдай жерге барып батып кетеді. «Сүңгiгiштер сол жерге түскен кезде иiрiм түбiнде жердiң жарықшақ қуысында бүгiлiп, бүрiсiп қалған кiсiнiң денесiн тапты. Тiлектiң денесiн жағаға алып шыққанда, Банков бетiн басып жылап жiбердi.
– Қандай қатыгез сорлы едiк. Құрыдым ғой ендi!
Шелковников естiрте қысқа жауап қатты:
– Арақ түбi – азап!»
Жол апатына ұшыраған Тілек, Жалакин, Банковтардың араққа тойып алғанына қарап отырып, соғыстан кейін ел есін жиған соң, үлкен-кіші азаматтарымыздың араққа салынғанын байқауға болады. Сүйген қызынан келе жатқан Тілек көңілі толып, қуанышын арақпен бөліссе, қылмыс жасаған екеу – тойдан қайтқандар. «Арақ түбі – азап» деп кейіпкер айтқандай, осы ащы су қанша қазақтың басына қасірет алып келді. 
Қорыта айтқанда, жоғарыда сөз болған шығармаларға соғыс жылдарындағы қазақ жеріндегі қанды қылмыстар мен бейбіт өмірдегі жол апатынан болған адам өлімі негіз болған. Әдебиеттанушы ғалымдар детектив жанрында зұлымдық әлеміндегі қым-қиғаш оқиғалардың шытырман болып берілетіндігіне назар аударады. Жанрдың осы ерекшелігі жазушының сөз болған повестерінен анық көрінеді. Детективті шығармалардың жанрына тән шығарманың құрылысы сақталатын болса, оған осы повестер мысал. Қылмысқа құрылған шытырман оқиғалар өткір сюжетке құрылатындықтан, шығарманың шешімі оның әшкереленуімен аяқталады десек, оқиғалардың барлығында қылмыскерлердің ісі нақты айғақтармен ашылған. Милиция қызметкерлері жұмысының ауырлығы бұлтартпайтын айғақтар табу екендігін, қылмыс ашылғанмен нақты айғақ болмаса іс жабылмайтындығын жазушы шынайы бейнелеген. Детективті шығармалардың басты кейіпкерлері – із кесуші, заң қызметкерлері, тыңшы, барлаушылар, милиция қызметкерлері болу керек болса, жоғарыда сөз болған повестердегі қылмысты ашатындар – майор Әлихан Ділдәбеков, капитан Талғат Майлыбаев, із кесушілер лейтенанттар – Петр Петрович Кузьменко мен Сейілбек Жанғабылов, полковник Шелковников. Осыған қарап жазушының қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалағанын баса айтуға болады. 

Гүлжаһан ОРДА,
 М.О.Әуезов атындағы 
Әдебиет және өнер институтының
бөлім меңгерушісі, филология ғылымдарының 
докторы, профессор 

 

5210 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз