• Ел мұраты
  • 28 Қыркүйек, 2023

Ғылыми-техникалық жетістіктерге арқа сүйейміз

Эрлан БАТЫРБЕКОВ, Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры, физика-математика ғылымдарының докторы

Журналдың №8 санында «Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру қалай жүзеге асады?» атты мақала жариялаған едік. Онда Мемлекет басшысы 5 шілде күні қол қойған «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Семей ядролық қауіпсіздік аймағы, экология және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдардың жүзеге асу барысы жайлы сөз қозғалған. 
Ядролық қауіпсіздік аймағын құру қалай жүзеге асатыны туралы, сондай-ақ қауіпсіздік аймағының территориясына қатысты кешенді экологиялық зерттеулер, ауыл шаруашылық жерлерін пайдалануға беру үшін оңалту жұмыстары және заңның тиімділігі жөнінде Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры Эрлан Батырбековке хабарласқан едік. Мекеме басшысы қозғалып отырған тақырыпқа қатысты егжей-тегжейлі айтып берді.  

– Эрлан Ғаділетұлы, ядролық қауіпсіздік аймағын құру туралы Заңды іске асыру кезінде Ұлттық ядролық орталық қандай міндет атқарады?
– Семей ядролық қауіпсіздік аймағы бұрынғы Семей сынақ полигоны аумағында және оған іргелес аумақтарда ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ оның аумағын оңалту, оның жерлерін шаруашылық айналымға біртіндеп қайтарудың жолын табу мақсатында құрылады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы республикалық бюджеттік бағдарлама аясында полигон аумағын экологиялық тұрғыда зерттеп-зерделеген кешенді жұмыс атқарды. Ол істің әкімшісі – Энергетика министрлігі. Жүргізілген зерттеулердің негізінде радиоактивті заттектердің қазіргі және жалпы таралуының негізгі жолдары мен тетігі анықталды.
Семей сынақ полигонындағы кешенді экологиялық зерттеу нәтижесіне қарап тек белгілі бір аумақтар радиоактивті ластанған және ол аталған полигонның бүкіл аумағын қамтымайды деген ой қалыптастыруға негіз бар. Сөйте тұра,  оның шекарасындағы қоршаған орта компоненттерінде техногендік радионуклидтердің құрамы жоғары екені анықталды. Ұлттық ядролық орталық  орындаған кешенді экологиялық зерттеп-қарау нәтижелері радиациялық қауіпсіздік тұрғысынан қазіргі  полигон шекарасы бір жағынан артық және негізсіз болып табылатынын, ал екінші жағынан олардың құқықтық жағдайын жаңартуды және қайта қарауды талап ететінін көрсетті.
Келесі қадам – Семей ядролық қауіпсіздік аймағының аумағын оның шекаралары мен ауданын негіздейтін кешенді экологиялық зерттеп-қарау материалдарын дайындау. 
Жоғарыда айтылғандармен қатар, Ұлттық  ядролық Орталық Республикалық мемлекеттік кәсіпорны бірқатар халықаралық келісімдерді іске асыру аясында 30 жыл ішінде жаппай қырып-жою қаруын тарату қаупі бар бұрынғы полигон объектілерін анықтау және қауіпсіз күйге келтіру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіп келеді. Мүмкін болған жағдайда, анықталған объектілерде ядролық сынақ қалдықтарын жинау, оларды қайта өңдеу және АҚХА (Атом Қуаты Халықаралық Агенттігі) кепілдігімен бақыланатын жағдайда ұзақ мерзімді сақтауға қою бойынша жұмыстар жүргізіледі. Ядролық жарылыс қалдықтарын жинап алу мүмкін болмаған жағдайда, олар шоғырланған жерге қосымша инженерлік қорғаныс құрылысы (физикалық кедергілер) салынады, олар қосымша үш деңгейлі қауіпсіздік жүйесімен жарақтандырылады және мемлекет күзетіне алынады. Жаппай қырып-жою қаруының таралу қаупі бар бұрынғы полигонның барлық объектілері Семей ядролық қауіпсіздік аймағының болжамды аумағында орналасқан. Ұлттық ядролық Орталық қауіпсіздік жүйелерінің, қолда бар инфрақұрылымның және осы объектілерді инженерлік-техникалық жарақтандырудың жұмыс істеуін қамтамасыз етеді, сондай-ақ құрылған физикалық кедергілердің тұтастығын тұрақты бақылауды және барлық жүйелерді мерзімді жаңғыртып отырады. 
– Бұған дейін жалпы радио­экологиялық зерттеулер жүргізілген бе?
– 1949-1989 жылдары ядролық сынақтар жүргізу кезінде Семей сынақ полигонындағы радиоэкологиялық жағдайға жүйелі зерттеулер жүргізілген жоқ. Мұндай зерттеулер ара-тұра жасалса да негізінен орталық сынақ аймақтарында шектелді. Полигон әскери болғандықтан, ядролық сынақтардың салдары туралы барлық ақпарат жабық күйінде қалды. 1991 жылы ССП жабылғаннан кейін оның қызметі туралы барлық материалдар елден шығарылып, мамандардың да көпшілігі кетіп қалған.
Осылайша жас республика «Полигон дегеніміз не?», «Ол халық үшін қандай қауіп төндіреді?», «Полигон аумағында радиоактивті ластану қандай көлемге жетеді?», «Іргелес аумақтарда ол бар ма?» т.б. көптеген сұрақтармен бетпе-бет келді.
1994 жылдан бастап бірнеше жобаны жүзеге асыру барысында ядролық сынақтар өткізілетін орынға ыңғайланған полигонның жекелеген учаскелеріне радиациялық зерттеу жүргізілді. Алайда, 2007 жылға қарай полигонның ең ластанған болса да, жекелеген учаскелерін зерттеу ондағы радиациялық жағдайды толық көрсете алмайтыны белгілі болды. Өйткені кейбір жағдайларда сынақ алаңдарынан тыс жерлердің беті де радиоактивті ластанды. Бұл ретте полигонның бүкіл аумағы Үкімет қаулысымен қордағы жердің құрамына ауыстырылды.
Алға қойылған мақсатқа жету үшін 2008 жылы полигон аумағын кешенді экологиялық зерттеп-қарау бойынша ауқымды жұмыстар басталды. Бұрынғы сынақ полигонының аумағы оның тарихи шекараларында 18,3 мың км2 болғандықтан, зерттеу 14 жылға созылды және 2021 жылы аяқталды.
Полигон аумағын кешенді экологиялық зерттеп-қарау аясында жүргізілген жұмыстар оның қазіргі заманғы радиоэкологиялық ахуалын анықтауға, жүргізілген ядролық қару сынақтарының қоршаған орта объектілеріне – топырақ жамылғысына, атмосфералық ауаға, жер үсті және жер асты суларына, өсімдіктер мен жануарлар әлеміне әсерін бағалауға және зерттелетін аумақта тұрып жатқан адам алуы мүмкін сәулелену дозаларын есептеуге мүмкіндік берді. Кешенді экологиялық зерттеп-қарауға әзірленген бірегей талдамалық әдістер мен практикалық тәсілдер Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (АҚХА) сарапшыларының оң қорытындысын алды.Дегенмен, полигонға жүргізілген ядролық сынақтардың іргелес аумақтарға әсері мәселесі ашық күйінде қалып отыр. Оның аумағын кешенді экологиялық зерттеп-қарау нәтижелері кейбір жағдайларда қоршаған орта объектілерінде техногендік радионуклидтердің көп мөлшері полигон шекарасында тіркелгенін және оның шекарасынан асып кеткенін көрсетті. Іргелес аумақтарды зерттеу бұрын ғылыми-зерттеу жұмыстарына жақын эпизодтық сипатта ғана болған. Ал жоспарлы, кешенді экологиялық зерттеп-қарау бұрын жүргізілген жоқ. Іргелес аумақтардың бір бөлігін (Саржал ауылдық округі, Саржал, Сарапан, Иса елді мекендері, Шаған өзенінің аумағы) кешенді экологиялық зерттеп-қарау 2023 жылы басталды. Алдағы уақытта сынақ салдарынан радиоактивті ластануға ұшырауы мүмкін полигонға іргелес аумақтардағы зерттеуді жалғастыру жоспарлануда.
– Нормативтен тыс ластануға ұшыраған аумақтың ауданы қандай?
– Полигон аумағына кешенді эко­логиялық зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізу процесінде радиоактивті қалдықтардың (РАҚ) деңгейіне жететін айтарлықтай радиоактивті ластанған барлық учаскелер белгіленді. Зерттеудің негізгі нәтижесі осы учаскелердің шекараларын анықтау болып табылады. Алдын ала деректер бойынша Семей ядролық қауіпсіздік аймағының ауданы  жалпы ауданының жартысына жуығын құрайтын болады. Бұған жылыстау процестеріне байланысты радиоактивті ластануға ұшырауы мүмкін аумақ кіреді. 
– Заңның мақсаты ауыл­шаруашылық жерлерін пайдалануға беру үшін оңалту болып табылады. Ғылыми зерттеулерге сүйене отырып мұндай ластанған аумақтарды қалпына келтіру үшін қанша жыл қажет?
– Экологиялық оңалтудың міндеті радиоактивті ластанған учаскелердің әсерін азайту болып табылады. Нормативтен тыс ластану учаскелерін оңалту көп уақытты, қаржылық және материалдық-техникалық шығынды талап етеді. Бұл оңалтуды қажет ететін деңгейді негіздеу (радиоактивті қалдықтарды толық немесе ішінара жою), ландшафт жағдайларын, радионуклидтік ластану сипатын, РАҚ көлемі мен деңгейлерін анықтап, әртүрлі учаскелер үшін оңалту әдістерін әзірлеуге, сондай-ақ оңалту жобаларын әзірлеу, қоршаған ортаға әсерді бағалауға тікелей байланысты.
– Оңалтудың жаңа жолдары бар ма?
– Ғылыми-техникалық прогрестің дамуына орай оңалтудың жаңа әдістері табылады. Егер бұрын радиоактивті материалдарды жинаумен, одан кейін радиоактивті учаскелерді көмумен немесе жыртумен шектелген болса, бүгінде әлемде әртүрлі биологиялық, химиялық, наносорбциялық тәсілдерді (фито- және био-ремедианттарды, полимерлі материалдарды, беткі модификацияланған сорбенттерді және т.б. пайдалану) пайдалана отырып, жер жамылғысында радионуклидтердің қозғалғыштығын арттыру немесе оларды сорбциялау, консервациялау әдістері бар. 
– Ұлттық ядролық орталық пен Жапония мамандары тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Шетелдік оңалту тәжірибесіне сүйенесіздер ме?
– Ұлттық ядролық орталық пен  Жапонияның ұйымдары, институттары мен компаниялары арасында Атом энергиясы мен ядролық технологияларды бейбіт мақсатта пайдалану саласында ынтымақтастық орнағалы 25 жылдан астам уақыт болды. Жапониядағы атом энергетикасы жетекші кәсіпорындарымен бірлесіп Ұлттық ядролық орталықта  қауіпсіздіктің жоғарылауымен және бәсекеге қабілеттілігімен сипатталатын және болашақта әлемдік атом энергетикасының негізіне айналатын 3 + және 4 буынды энергетикалық ядролық реакторлардың жаңа жобаларының қауіпсіздігін қолдау мақсатында зерттеулер жүргізілуде.
Біздің мамандар Жапонияның министрліктері мен ведомстволары ұйымдастырған халықаралық іс-шараларға, дөңгелек үстелдерге қатысады, онда радиоактивті ластанған аумақтарды оңалтуға байланысты мәселелер талқыланады. Сонымен қатар, біздің мамандар басқа елдерге бірнеше рет барды, онда радиациялық ластанған учаскелердің әртүрлі экожүйелерінде (беткейлер, күріш алқаптары, ормандар, су қоймалары, қалалық кварталдар және т.б.) оңалту шаралары жүргізілді. Әрине, полигон аумағында мүмкін болатын оңалту іс-шараларына қатысты ұсынымдар әзірлеу кезінде халықаралық тәжірибе республикамыздың қолданыстағы заңнамасын ескере отырып қолданылады.
– Мүмкін бұл мәселеде біздің ғалымдардың да жаңалығы бар шығар?
– Ұлттық ядролық орталық мамандары мезгіл-мезгіл бірлескен жұмыстарға қатысады және радионуклидтердің топырақ-ауа, топырақ-өсімдіктер, топырақ-су тізбегі бойынша қайта бөлінуін зерттеуге, радионуклидтердің қоршаған орта объектілерінде кездесу формаларын айқындауға, полигон жағдайында ремедиацияның әртүрлі тәсілдерін қолдану тиімділігін эксперименттік бағалауға бағытталған дербес ғылыми зерттеулер жүргізеді. Кейбір сынақ алаңдары мысалында, РАҚ көлемі мен санатын азайту, сұйық радиоактивті қалдықтарды тазарту үшін сорбенттер мен силикагельдерді пайдалану мақсатында радиоактивті ластанған топырақты фракциялық бөлу және реагентті шаю тиімділігін зерттеу бойынша эксперименттік жұмыстар жүргізілді, фиторемедиация мақсатында әртүрлі өсімдіктерді пайдалану мәселелері пысықталды. Бұл зерттеулердің нәтижелері полигон аумағындағы РАҚ сипаттамаларының бірегей деректері болды, олар кейіннен полигон аумағында болуы мүмкін оңалту шараларының әдістерін әзірлеуге негіз болады. 
– Бұл Заңның тиімділігі қандай? 
– «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы» туралы Заң ерекше құқықтық мәртебеге ие аумақтық құрылым ретінде Семей ядролық қауіпсіздік аймағын қалыптастыруға және оның жұмыс істеуіне бағытталған.
Семей ядролық қауіпсіздік аймағы аумағында өндірістік қызметті уәкілетті ұйым жүргізетін болады. Осы ұйымда айқындалған міндеттер, ең алдымен, радиациялық қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған. Бұл қоршаған орта үшін де, қауіпсіздік аймағына іргелес аумақтарда тұратын және шаруашылық қызметті жүргізетін халық үшін де оң әсер етеді. Қауіпсіздік аумағында жүргізілетін оңалту жұмыстары шаруашылық қызметке қосымша жерлерді тартуға мүмкіндік береді, оның да экономикалық тиімділігі зор. 
Семей сынақ полигонының бүкіл аумағын зерттеу материалдарының негізінде оның шекаралары мен ауданын анықтайтын дәйекті материалдар дайындалатын болады. Оған қауіпсіздік аймағына қатысты негізгі тұжырымдардан басқа, қауіпсіздік аймағына кірмеген аумақтарды шаруашылық қызметке тарту мүмкіндігі бойынша ұсынымдар енгізіледі деген болжам бар. 
– Сұхбатыңызға рахмет! 

Дайындаған
 Назым ДҮТБАЙ 

 

516 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз