• Заманхат
  • 28 Қыркүйек, 2023

Су мәселесіне кешенді көзқарас қажет

Біріккен Ұлттар Ұйымының 2019 жылғы Дүниежүзілік суды бағалау жөніндегі арнайы есебіне сәйкес, 1980 жылдардан бері жаһандық су тұтыну тұрақты түрде жыл сайын бір пайызға артып жатыр. Суға деген сұраныстың арту себебі – әлем халқының демографиялық өсуі, әлеуметтік-экономикалық даму және суды тұтыну мәдениетінің өзгеруі. Сарапшылардың болжауынша, 2050 жылға дейін әлемдік суға деген сұраныс деңгейімен салыстырғанда отыз пайызға артады. Қазіргі таңда, әлемде екі миллиардтан астам адам су тапшылығын бастан кешіп, 4 миллиардқа жуық адам жылына кемінде бір ай су тапшылығын сезінетіні белгілі. Сәйкесінше, әлем бойынша орын алып жатқан су ресурстарына деген тапшылық соңғы жылдары Қазақстанда да анық сезіле бастады. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында экономика, саясат және идеология салаларын бір-бірінен бөлмей реформалауға негізделген стратегиялық бағытты жүйелі түрде іске асырудың негіздері айқындалды. Жолдаудың басым бөлігі экономикалық бағытқа негізделгенімен, алғаш рет Мемлекет басшысы тұтас ғаламдық проблемаға айналып отырған ғаламдық климаттың өзгеруі, жаңа жаһандық кедергілер, жасанды интеллектіге негізделген технологияларды мемлекет тарапынан реттеу сынды маңызды мәселелерге кеңінен тоқталды. Қазіргі таңда, тек Қазақстан үшін ғана емес, тұтас Орталық Азия аймағына ортақ мәселеге айналған ауыз су тапшылығы мәселесі ерекше назарға алынып, үкімет құрамынан арнайы Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды, оның аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтін болды. Бұл мақаламызда, аймақтағы су тапшылығы мәселесінің негіздері мен мүмкіндіктеріне талдау жасайтын боламыз.
ХХ ғасырда ең бағалы ресурс металдар, мұнай-газ өнімдері болса, ХХІ ғасырда тұщы су тапшылығы артып, жоғары сұраныстағы ресурсқа айналады. Қазақстан – әлемдегі теңізге тікелей шығуға мүмкіндігі жоқ, құрлықтық мемлекет. Ел территориясының 2,8%-ы ғана судан тұрса, үштен екі бөлігі сусыз аймаққа жатады. Қазақстанға су ресурстарының 44%-ы көрші елдерден трансшекаралық өзендер арқылы келеді. Орталық Азияның ірі трансшекаралық су ағындары Әмудария, Сырдария, Талас, Тарым, Шу, Қарқара өзендерімен Қырғызстан арқылы келеді. Соңғы жылдары, елімізде маусым кезінде егістік алқаптармен қатар, мегаполистік қалалардың өзінде су жетіспеушілігі мәселесі белең алды. Сондықтан да Жолдауда Президент су ресурстарының жетіспеушілігін «елдің тұрақты экономикалық дамуына елеулі кедергі» және «ұлттық қауіпсіздік мәселесі» ретінде  стратегиялық маңызға ие екендігін атап өтті. 
Елімізде жерасты суының қоры әкімшілік аймақтар бойынша біркелкі таралмаған. Бұл аймақтардың гидрогеологиялық жағдайына байланысты және шаруашылықты ауыз сумен қамтамасыз етуге өз әсерін тигізеді. Негізгі пайдаланылатын жерасты су қорының таралуы Балқаш-Алакөл (46%), Ертіс (19%), Шу–Талас (11%), Арал–Сырдария (7%) және Жайық–Каспий (6%) су шаруашылығы бассейндері шегінде шоғырланған. Қордың тек 10%-ы Тобыл–Торғай, Есіл және Нұра–Сарысу су шаруашылығы бассейндеріне тиесілі. Еліміздің солтүстік және батыс облыстарында жерасты суын пайдалану қорының қалыптасуы нашар болуы гидрогеологиялық жағдайға байланысты. Ал Қазақстанның оңтүстік және шығыс облыстарында жерасты суының қоры мол. Экономика салаларында суды үнемдеу, су ресурстарын пайдалануды оңтайландыру болашақта ауқымды ғылыми зерттеулерді қажет етеді. Ол суару жүйесінің пайдалы әсер коэффицентін 0,75-ке дейін арттыруды, су ресурстарын 30%-ға үнемдеуді, ал өнімділікті 1,5–2,0 есеге арттыруды талап етіп отыр.
Қазақстандағы су тапшылығы 2040 жылдарға қарай  12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Қазақстан – трансшекаралық су көздеріне тәуелді ел. Қазақстан үшін су мәселесін шешу мемлекет аясынан тыс, аймақтық деңгейдегі Орталық Азия елдерімен бірлесіп шешуі тиіс мәселе.  Қазақстанда су ресурстары тапшылығының қалыптасуының негізгі төрт себебі бар: жаһандық климаттың өзгеруі; су ресурстарын реттеу  инфрақұрылымының ескіруі; ағынды су тұтыну жүйесінің тиімсіз, жоғары шығын негізінде жұмыс жасауы; Орталық Азиялық бірегей су ресурстарын реттейтін заңнамалық базаның болмауы. 
Жыл сайын су тапшылығы күшейіп барады. Дүниежүзілік банк дерегінше, 2030 жылға қарай Қазақстанның су ресурстары көлемі жылына 90км кубтан  76 км³-қа дейін төмендеп,  жылдық су жетіспеушілігі 15%-ға артады деп болжанады. Мемлекеттік тұрғыда су тапшылығының алдын алу үшін соңғы жиырма жылда бірнеше мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылды. «Ауыз су», «Ақ бұлақ», «Нұрлы жол» және т.б. бағдарламалар қабылданғанымен, мемлекеттің су ресурстары саласындағы стратегиялық бірегей саясаты қалыптаспады. Елімізде суды тұтынудың айтарлықтай үлесі ауыл шаруашылығына тиесілі. Қазақстан қабылдаған мемлекеттік бағдарламалар Қазақстанның барлық елді мекендері мен ауылдарын ауыз сумен қамтамасыз етудің негізгі мәселелерін шеше алмады. Сумен қамтамасыз етудің мемлекеттік бағдарламаларын қабылдап, жобаламас бұрын бағдарламаларды жоспарлау мен жүзеге асыруда ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және ғылыми сарапшыларды тарту, техникалық негіздемелерді дайындау және қоғамдық мониторинг жүргізу қажет болды. Ауыз су мен тұрмыстық мақсатта суды тұтыну  үлесі – 4%. Ауыл шаруашылығында су тұтыну – 63%. Алайда, мәселе суды жеткізу, тасымалдау жүйесінің бірізді болмауында. Себебі, ауыл шаруашылығы саласында  суды тасымалдау-суаруға жеткізу кезіндегі 50 пайыздан астам су топыраққа қайта сіңіп кетеді. 
Орталық Азия елдері үшін, Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршаға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері аймақ елдерін, экономикалық, саяси тұрғыда жақындастырады. Орталық Азия елдері су ресурстарын өзара тиімді пайдалану бойынша бірлескен жобалар жасауы қажет. Ең алдымен, суды үнемді пайдаланатын озық технологиялар мен бірегей құқықтық реттеу жүйесін жолға қою қажет. Осы мәселе бойынша, мемлекет басшысы, жолдауда 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек деп үкіметке тапсырма берді. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу.
Жалпы, Қазақстандағы су тапшылығы проблемасы бұрынғы Кеңес Одағының басқа мемлекеттеріне де қатысты екенін айта кеткен жөн. Ұзақ мерзімді суды немқұрайдылықпен  дұрыс пайдаланбау және су ресурстарын шамадан тыс егіс далаларына пайдалану, Орталық Азия елдерін экологиялық мәселеге дұшар етті. Дүниежүзілік банк  мәліметінше, Орталық Азияның бес елінде – Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстанда 76 миллион адамның кем дегенде 22 миллион адамы, яғни аймақ халқының үштен бір бөлігі тұщы суға зәру. Трансшекаралық су ресурстарын қорғау саласындағы ұтымды тұтыну және халықаралық ынтымақтастық мәселелері алдыңғы қатарға шығып отыр.
Орталық Азиядағы су мәселесінің тарихы тереңде. Кеңестік кезеңде, Орталық Азия аймағында су ресурстарын тиімді пайдаланудың бірегей технологиясы енгізілмеді. Су ресурсына қайта қалпына келмейтін ресурс ретінде көзқарас қалыптаспай, қысқа мерзімді егіндік алаңдарға есепсіз, ретсіз пайдаланылды. Арал теңізі трагедиясы аймақ елдеріне сабақ болуы қажет. Климаттық болжамдарға сәйкес, Орталық Азияның бірқатар аймақтарында 2040 жылға қарай су ресурстарына жүктеме 2,8 есеге артады. Ондаған жылдар бұрын жасалған трансшекаралық келісімдер мен ынтымақтастық туралы келісімдер болғанымен, қазіргі таңдағы мәселелерді толық шешуге қауқарсыз. 2021 жылдың қарашасында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтық Халықаралық су-энергетика консорциумын құру қажеттігін мәлімдеді. Халықаралық Аралды құтқару қоры (ХАҚҚ), Орталық Азия елдері суды пайдалануды реттей алатын алаңға айналуы мүмкін. Бұл мәселе, аймақтық бірлескен шаралар қабылданбаса арта бермек.
Қазақстанда су ресурстарын реттеу саласында маңызды қадамдардың бірі суды тиімді пайдаланудың бұқаралық мәдениетін қалыптастыру. Су ресурстарына экономикалық құндылық ретінде қарау маңызды. Президенттің ел халқына Жолдауында су мәселесіне ерекше көңіл бөліп, стратегиялық маңызды мәселе ретінде жариялауы уақытында жасалған тиімді шешім деп білеміз. 
Су мәселесін шешу және аймақтық бейбітшілік пен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Орталық Азияның барлық елдері суды пайдалану тиімділігін арттыру, ирригациялық жүйелерді жаңғырту және заманауи суару технологияларын енгізу үшін барлық деңгейде ынтымақтасуы қажет. Тұщы су көздерінің республика бойынша біркелкі бөлінбеуі, сумен жабдықтау инфрақұрылымының ескіруі, географиялық ерекшеліктері, су ресурстарын басқарудың нашарлығы және т.б мәселелер қазіргі таңда су мәселесінің қалыптасуының белгілі себептерінің бірі ғана. Сондықтан, биылғы Жолдауда айтылған су мәселесіне қатысты ұсыныстар мен шешімдер алдағы уақытты су ресурстарын тиімді пайдалану негіздерін қалыптастыруға бастама болады деп сенеміз. Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылуы еліміздегі су ресурстарына қатысты мәселелерді шешуге ықпал етеді. Жалпы, су саясатын қалыптастыруға кешенді көзқарас қажет.

Нұрболат НЫШАНБАЕВ, 
саясаттанушы

4864 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз