• Ел мұраты
  • 28 Қыркүйек, 2023

Киелі Торғай даласы – саяхат мекені

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында туризмге қатысты: «Еліміздің туристік әлеуетін де пайдалану керек. Туризм осындай серпінді жобалар қатарында болуға тиіс. Жалпы, кемінде 15 ірі жобадан тұратын нақты тізім дайындалуға тиіс. Осы салада бұрын болған қателіктерді қайталауға болмайды. Жобаларды тиімді қолдау шараларын және оларды орындау мерзімдерін нақты айқындау керек. Оны іске асыруға шетел инвесторларын және еліміздің бизнес өкілдерін барынша тартқан жөн» деген еді. Президент туризм саласы ел экономикасының драйверіне айналуға тиіс екенін атап айтты. Бұл ретте Қостанай мен Торғай секілді табиғаты мен тарихы бай өңірлердің әлеуеті зор.

Жалпы, туризм туралы айтқан кезде мына мәселені ескеруіміз қажет. Туризм біздің экономикамыз үшін әзірге басым бағыт бола алмай отыр. Ал, статистика бойынша, әрбір турист тиісінше 8 адамды асырайтынын ескеру керек. Мысалы, турист көптеген қызметтерге жүгінеді, көлік, қонақ үй, дәмхана, гид қызметтерін және басқаларын пайдаланады. Әсіресе туристерді күту, қызмет көрсету, сервис жағына көп көңіл бөлу қажет, бұл іске кәсіпкерлер мен қарапайым азаматтарды тартуға болады. Сондықтан мемлекет те, халық та туризмге табыс көзі ретінде қарауы маңызды. Сөйтіп, болашақта туризм саласы ел экономикасының 8 пайызын құрауға тиіс.

 

Мәселен, Түркия, Біріккен Араб әмірліктері және басқа елдер ел қазынасын туризмнің кірісі арқылы қампайтып отыр. Бұл орайда біздің қоғамдағы синофобия да туризмді дамытуға керісінше әсер етеді. Бұл әр нәрсенің байыбына бармай, байбалам салуға ұқсайды. Қазақстан Қытайдың тек транзиттік туристерін ғана қабылдайтынын ескеруіміз керек, олар тұрақты тұруға немесе ұзақ уақытқа келеді деген әңгіме тіптен жоқ. Біз керісінше, Қытайдың оңтүстігінің, шығыс жағалауының дәулетті тұрғындары туристік турмен келуіне мүмкіншілік беруіміз керек, мысалы, Гонконг, Макао тұрғындары Еуропаға бара жатқанда Қазақстанда бір-екі күн аялдар еді. Мәселен, қазіргі күні Қытай туристері әлемдегі туристердің саны бойынша бірінші орынға шықты. Сонымен қатар, елімізге аса қашық емес Иран, Үндістан, Ресей, Кавказ елдері, Таяу Шығыс сияқты елдерден келетін туристердің жағдайын жасап, мүмкіншілік беру керек. Қазақстан жағдайы бойынша ішкі туризмі туралы айтатын болсақ, бірнеше өңірді туризмнің басты орталықтары ретінде қарастыруға болады. Олар – Астана және Ақмола облысы, Алматы қаласы және Жетісу, Алматы облыстары, Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстары және Шымкент қаласы. Бұл тізімге Ақтау мен Атырау қалаларын да жатқызуға болады. Бұл өңірлер Қазақстандағы ішкі туристерді қабылдайтындардың үлесі бойынша басым бөлігін құрайды. Дегенмен, өзге өңірлер де туризмге қатты ден қойып жатқанын атап өтуіміз қажет. Кейде туристік жаңа бағыттар жетіспей жатады деген пікірлер айтылып қалады. Әрине, жаңа туристік бағыттарды жасауға болады, шынында ол көп жағдайда сұранысқа ие.

 

 

Және ол әртүрлі болуы мүмкін. Дегенмен, өз басым этнотуризмге барынша ден қою керек деп санаймын. Мәселен, Қазақстанға келетін шетелдік туристердің саны бойынша айырмашылық барын айтуымыз керек, мысалы көп турист келді дегенімізбен, ол санның ішінде сыртқы гастарбайтерлер де жүруі мүмкін. Екінші жағынан, мысалы, биылғы жылдың бірінші тоқсанының өзінде 2 миллионға жуық, дәлірек айтсақ, 1,8 млн турист тіркелген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 20 пайызға артық деген сөз. Ал сала министрлігі жыл соңына дейін шетелдік туристердің саны 1,4 млн көлемінде болады деп жоспарлап отыр. Әрине, туристерді тіркеу, орналастыру, жағдай жасау, қызмет көрсету сапасы күннен-күнге жақсарып келе жатқаны қуантады, бірақ оған даңдайсуға болмайды. Енді тақырыбымызға қарай ауыссақ, Қазақстанның әр облысында туризмге қолайлы жер жеткілікті екендігін атап айту қажет. Оны турис­терге тартымды ету және дамыту үшін, біріншіден әкімдіктер мен туризм басқармалары жергілікті туристік компаниялармен бірлесе отырып, әр өңірдің танымалдығын арттыру қажет. Сонымен бірге, ол жерлерге туристердің баруы, демалуы үшін мүмкіндік жасалуын қарастыру керек. Бұл ретте, мемлекет пен бизнес әріптестігінің маңызы ерекше болмақ. Мысалы, Ақмола облысындағы Бурабай мен Қорғалжын, Қарағанды облысындағы Қарқаралы мен Балқаш сияқты әр облыстың туризмді дамытуға ыңғайлы жерлері өздері-ақ сұранып тұр. Ең басты проблема, тағы қайталап айтқым келетіні, ол – инфрақұрылым мәселесі. Бірақ жағдай жасалатын болса, туристер көптеп келе бастайтынын Бурабай дәлелдеп отыр.

 

 

Туристерді қызықтыра білсек Ішкі туризмді дамыту үшін, ең алдымен туризм саласына ерекше ден қойылуы керек. Осы ретте айта кететін бір жайт, салаға кәсіпкерлерді тарту. Мәселен, көпшілігіміз демалатын Түркияда туризмнің жолға қойылғанына көп бола қойған жоқ. Түркия ол үшін туризм нысандарына неміс кәсіпкерлерін шақырып, нақты талап қойды, әрине, пайдасын қалт жібермейтін немістер түрік халқына біраз нәрсені үйретті, пайдаларын да тапты, ең бастысы жұрт масылдық психологиядан арылды. Бұрындары «біз сауда жасамаймыз, қызмет көрсетпейміз» деген қағидатпен өмір сүрген кейбір адамдардың көзқарасы өзгерді. Міне, осындай психологиялық сәттерді жеңе отырып, Түркия қазір турист қабылдау саны бойынша дүние жүзінде алғашқы ондыққа кіріп үлгерді. Сондықтан туризмді табыс көзі ретінде қарастыру қажет. Бюджеттің де бүйрегі толығады. Мысалы, түрік ағайындар туризм арқылы 2028 жылы 90 млн келушіні қабылдауға даяр және 100 млрд доллар табамыз деп отыр. Екіншіден, қазір Қазақстанда Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық дәлізі қолға алынып, көп аймақтарды қамтыды және жол сапасы да жақсарды, міне осы жолдар бойынша көптеп кемпингтер, демалыс орындарын салу қажет. Бұл іске бизнес, әсіресе шағын бизнес қызығушылығын білдіруі керек, ал жергілікті билік олар үшін коммуникация, жер телімдері, инфрақұрылым мәселелерін шешіп беруі қажет. Тағы бір мәселе – демалыс орындарының қымбат болуы. Бұл әрине түсінікті, өйткені аталған орындар жаз мезгілінде ғана қызмет көрсетеді де, осы айларда барынша табыс табуға тырысады. Бұдан шығатын қорытынды: жылдың басқа да мезгілдерінде туристерді тарту керек, бұл жерде тек ішкі туристерді емес, сырттан да туристерді тарту керек. Мысалы, өмірінде қарды көрмеген миллиондаған адамдар бар, сондықтан да Қазақстанның климаттық ерекшелігі мүмкіндікке ие. Осы ретте ақпараттың жетіспеушілігін де айта кету орынды. Өзге мемлекет азаматтарына Қазақстанның табиғаты, әсем жерлері жайлы ақпарат қолжетімді болуға тиіс. Ол үшін бірнеше тілдегі ақпараттық сайттардың, интернет сервистердің санын көбейту қажет, әсіресе әлеуметтік желілердің рөлі күшті. Туристік нысандарға мықты гид-саяхатшыларды, әсіресе қазақ тіліндегі гид-саяхатшы мамандарды даярлау қажет. Егер, халыққа қызықты болатын болса, жаңадан турпакеттер мен тур бағыттарын ұйымдастыру қажет.

 

 

Туристер келуі үшін оларды қызықтыра білу қажет. Өйткені турист – кірпияз жан. Бұл мәселемен ұлттық компания («ҚазақТуризм» компаниясы) айналысатыны белгілі, әйткенмен де, осы саладан хабардар болғандықтан өз тарапымнан бір-екі ауыз сөз айта кетейін. Голливуд жұлдызы Леонардо Ди Каприо Моңғолияда 10 күн табиғат аясында демалғаны үшін 95 000 АҚШ долларын жұмсаған болатын. Қазақстанға қарағанда Моңғолия жерінің алыстығы, тиісті инфрақұрылымның жоқтығына қарамастан олар туристерді тарта білді, бұл мысал бүркітпен аң салу, балық аулау, тұмса табиғат аясында табиғи өнімдерді тұтына отырып, тынығу сияқты этнотуристік бағыттар өтімді екенін дәлелдейді. Ал көршілес Қырғызстанды алатын болсақ, олар Ыстықкөлге миллиондаған туристерді тарта отырып, енді этнотуризм саласын қолға алды. Жыл сайын көшпелі халықтардың жарыстарын ұйымдастырып, туристерді де тартып жатыр. Оны айтасыз, Еуропадағы аядай Мажарстанның өзі Тұран халықтарының құрылтайын өткізу арқылы мыңдаған туристерді еліне әкелді. Яғни, ең бастысы, туристерді қызықтыра білу керек, АҚШ пен Батыс Еуропаның турисіне қазіргі заманғы қаланың көк тиынға керегі жоқ, оларға керегі – таңсық дүниелер, бұл ретте этнотуризмнің болашағы зор. Егер де алдағы уақытта Қазақстан осындай мәселелерді шешетін болса, жүздеген мың, бәлкім бірнеше миллион турист келуі мүмкін, әрине оның көпшілігі ішкі туристер болуы керек. Жалпы инфрақұрылым жағынан тіпті Астананың өзіне әлі де біраз шаруа атқару қажет. Егер де Астана туристердің қажеттіліктерін қанағаттандыратын болса, Орталық Азиядағы туристерді көп қабылдаушы қала ретінде ғана емес, Еуразия жүрегі ретінде Батыс пен Шығыстан да, Солтүстік пен Оңтүстіктен де туристерге тартымды жерге айналар еді. Қысқаша айтқанда, қазіргі күні туризм экономиканың ең жылдам дамып отырған саласы, сондықтан аталған салаға айрықша мән беру қажет.

 

Қостанайдың туристік әлеуеті

Республика деңгейінде Қостанай өңірінің туризміне жеткілікті көңіл бөлінбей отырғаны анық. Ал 875 мың халықтан тұратын өңір туристер үшін қаншама қызықты маршруттарды ұсына алар еді. Әдетте, біз Қостанай облысының туризмі туралы айтқанда Наурызым қорығы мен «Қарағайлы орман» шипажайы ғана есімізге түседі. Алайда, Қостанай аймағының туризм әлеуеті өте жоғары екені аян. Мәселен, облыстың эмблемасын қарасаңыз, қараторғай мен Шренк қызғалдағы және астықты дала бейнеленгенін көресіз. Яғни, туризмді осы жерден бастау керек сыңайлы. Қостанай жері сирек кездесетін аталған қызғалдақтың отаны, тек соны көру үшін сырттан туристер келетіні бар. Сәйкесінше мұнда бірнеше бағытта туризмді дамытуға болар еді. Мысалы, Наурызым мемлекеттік табиғи қорығын, Торғай жерін алсақ, аталған өңірлер табиғи және тарихи туризмді дамытуға сұранып-ақ тұр. Өкінішке қарай, өңірдің туристік әлеуеті туралы ақпарат жеткіліксіз. Жүргізілген сауалнамаларға сәйкес, Қостанай облысы халқының 80 пайызы, Наурызым ауданы халқының 50 пайызы Наурызым қорығында өмірі болмаған, бұл дегеніңіз – өзіміздің ішкі туристерді әуелі облыс аумағынан іздеу керек деген сөз. Жалпы, Қостанай облысы туризмнің экологиялық, мәдени-танымдық, аң-балық аулау, емдеу-сауықтыру бағыттарын ұсынады. Мысалы, 1931 жылы құрылған Наурызым мемлекеттік табиғи қорығы – ЮНЕСКО ұйымының қорғауындағы адамзат мұрасы. Мұнда өсімдіктің 687 түрі кездеседі, ал оның 12 түрі Қызыл кітапқа енгізілген. Қорық Торғай қолатының солтүстік бетінде орналасқан, табиғаттың ерекше керемет жері. Ол Қарағайлы Наурызым, Қарағайлы Тірсек және Қарағайлы Сыпсың деген үш экологиялық жүйеге бөлінген. Қорық фаунасы 355 аң-құстан тұрады, яғни, аңның 45 түрі, құстың 294 түрі, жорғалаушылар мен қосмекенділердің 3 және балықтардың 10 түрі бар. Айтқандай, омыртқасыздардың 1500 түрі де осында. Қорықта кездесетін құстың 44 түрі Қызыл кітапқа енген. Наурызым мемлекеттік қорығынан басқа Михайлов, Тауынсор заказниктері мен «Алтын Дала» резерваты экологиялық туризмді дамытуға үлкен мүмкіндік туғызып отыр. Мәселен, Наурызым қорығы аумағында 8 экскурсиялық бағыт жұмыс істейді. 2012 жылдан бері «Сапар» орталығының есігі келушілерге айқара ашық. Аталған орталықта мұражай экспозициялары, конференц-зал, шағын дәмхана және үш қонақ үйі бар. Ал «Сосновый бор» шипажайына келушілер тек демалып қана қоймай, дертіне дауа табады, орманның саф ауасын жұтып, сергіп, серпіліп қайтады. Шипажай Қостанай қаласынан 40 шақырым қашықта. Ең басты ерекшелігі – 150 метр тереңдіктен шығатын шипалы суы. Жыл сайын шипажайда шамамен 12 000 адамға қызмет көрсетіледі екен. Шипажай орналасқан Алтынсарин ауданында туристердің толық демалуы мен сауығуы үшін барлық жағдай жасалған, «Жайлау КZ» сауықтыру-демалыс кешені де жұмыс істеп тұр. Жалпы, Алтынсарин ауданы – өңірде курорттық-сауықтыру, балалар туризмінің көшбасшысы. Мұнда сондай-ақ, «Селена» демалыс базасы, «Мерей», «Светофор» атты балалар сауықтыру лагерьлері орналасқан.Облыс көлемінде аң-балық аулауға арналған үлкенді-кішілі өзен-сулар жеткілікті. Мысалы, Тобыл өзенінің бойындағы туристік базалар мен қонақтарға арналған кешендер балықшылардың сұранысын толық қанағаттандырады. Әсіресе, оңтүстік аудандардың өзен-көлдеріне Ресей мен облыстың өзге де өңірлерінен балықшылар мен аңшылардың ағылатынын ескерсек, олардың жергілікті бюджетке қаражат төлеуін, балық пен аң аулауын ретке келтіру керек.

 

Ал мәдени мұрамызға қатысты Лисаков археологиялық кешенін айтпай кетпеуге болмайды. Аталған кешен біздің дәуірімізге дейінгі екінші мың жылдықта Қостанай өңірін мекендеген «андрондықтар» деп аталатын ежелгі тайпалардың тарихымен таныстыратын маңызды орындардың бірі. Соңғы жиырма жыл ішінде мұнда көптеген археологиялық құнды жәдігер мен ертедегі адамдардың қонысы табылды. Облыстың оңтүстік аудандары аумағында Сатыбалды ишанның мазары, Екідің, Жәуке батыр мазары, Қыз тамы сияқты көптеген тарих және мәдениет ескерткіштері сақталған. Тарихи маңызы зор ескерткіштер қатарына Торғай мұражайлар кешенін жатқызуға болады, оның құрамына Шақшақ Жәнібек панорамалық мұражайы, Әліби Жангелдин мен Ыбырай Алтынсарин, Міржақып Дулатов пен Ахмет Байтұрсынұлы мұражайлары кіреді. Тіпті Торғай жерінде ашық аспан астынан мұражай жасап қойса да артық емес. Мен оған «Тылсым Торғай туры» атты жаңа жобаның ұйымдастырушысы ретінде көз жеткізген едім. Жоба аясында бес бағыт әзірленген. Соның ішінде, көпшілікті таңғалдыратыны – тарихы. Туристерді таза табиғи өнім қойылатын дастарқанымызбен де қызықтыра аламыз. Яғни, қонақтарымызға бұқпа, қазақша ет, қымыз, қуырдақ сияқты ұлттық тағамдар ұсынылады. Дәмі тіл үйіретін ауылдың жентінен, қатығынан дәм татқан туристер мұндай сапарды еш ұмытпасы анық. Туристер көп баратын тағы бір орын – Қостанай ауданындағы Ыбырай Алтынсарин кесенесі. Биыл бұл тарихи ескерткішті қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, Сарыкөл ауданында Барақ батырдың кесенесі орналасқан, оған барушылар мазарға тоқтап, сол жердегі үйге тыныстап, құдықтан су ішеді. Егер облыс, жалпы Қазақстан бойынша теңдессіз, бірегей ескерткіштерді еске алу керек болса, онда дүние жүзіне мәлім геоглифтерімізді атап айтар едік. «Торғай геоглифтері» деген атаумен белгілі 300 шамасындағы геоглиф алыс-жақын мемлекеттерден келетін туристердің қызығушылығын тудырары хақ. Мұндай ескерткіштер еліміз бен Оңтүстік Америкадағы Перу мемлекетінде ғана кездеседі екен. Біздегі геоглифтердің ішінде ерекше және барып көруге ыңғайлысы – «Үштоғай төртбұрышы». Бұл – 101 үйіндіден тұратын қорғандар тізбегі. Жалпы, облыс аумағында шамамен екі мыңға тарта тарихи және мәдени ескерткіштер бар екенін ескерсек, туристер үшін қаншалықты мәдени-танымдық, өте қызықты турларды жасауға болатынын бағамдай беріңіз.

Енді облыста туризмді өркендету үшін қандай қиыншылықтар кездеседі, соған тоқтала кетсек. Негізгі себептерге мыналар жатады:

– туризм орындарындағы инженерлік, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылымның жеткіліксіз дамуы, туристік нысандарға жетудің қиындығы, демалыс орындарындағы қызмет көрсету деңгейінің төмендігі, жол бойы инфрақұрылымы объектілерінің сервис сапасының және санының аздығы;

– білікті кадрлардың жетіспеушілігі, оның ішінде білімнің академиялық сипаты, білім бағдарламаларының еңбек нарығының талаптарынан, өндірістердің қажеттіліктерінен, жұмыс берушілердің үдесінен біршама алшақтығы;

– орналастыру орындарын айқындаудың, сондай-ақ олардың белгілі бір түріне қолданылатын стандарттардың болмауы, заңнамада жұмыскерлер мен жұмыс берушілерге қатысты қолданылатын әлеуметтік туризмді реттеу қағидаларының жоқтығы (туристік сертификаттар жүйесінің болмауы), салықтық ынталандыру шараларының болмауы, туризм индустриясы мен қонақ үй бизнесін нормативтік реттеудің жеткіліксіз деңгейі;

– туристік бизнесті дамыту үшін ықтимал кедергілер, оның ішінде әкімшілік кедергілердің кездесуі, бұдан әрі жетілдіруді талап ететін мемлекеттік қолдау құралдарының болмауы. Қалай десек те Қостанай облысының ішкі және сыртқы туризмді дамыту әлеуеті зор.

Торғай – тұнып тұрған тарих

Туризмнің, оның ішінде Қазақстанда ішкі туризмнің дамуын зерттеу барысында байқағанымыз, жалпы елімізде туристерді шетелге апару жолға қойылған, ал өз еліміздің ішкі туристеріне жағдай жасау, оларға қызмет көрсету әлі де ақсап жатыр. Оның үстіне Қостанай облысының Торғай өңіріне қатысты туризм туралы тақырып тіптен қозғалмаған. Елден ерте кеткеніммен, мен сол Торғай өңірінің тумасымын. Өз тамырымызға қайта оралған жайымыз бар. Аудандарда ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу, сату мәселесі қиындау, жол шалғайлығы бар дегендей. Мұндай жағдай өз күнкөрісін малмен көріп отырған ауыл тұрғындарының бәріне қатысты. Сырттан келетін сатып алушылар олардың қолындағы өнімдерін арзан бағаға сатып алады. Яғни, бұл жерде басты мәселе ел экономикасына диверсификация жасау, яғни әртараптандыруға келіп тіреледі. Сондықтан әлеуметтік жоба ретінде сырттан келген туристерге ауыл тұрғындары өз құртын, сүтін, қымызын, етін жақсы бағаға өткізсе, халықтың әл-ауқаты артар еді, әрі бұл жергілікті бюджеттің бүйрегін де толтырады. Оның үстіне қосымша жұмыс орындары құрылады. «Тылсым Торғайға турды» тарқататын болсақ, ол бес бағытты қамтиды: «Бабалар ізімен» деген шартты атаумен Торғай өңірінің батыр-бектерін, жырауларын, әулие-әмбиелерін, ақын-жазушыларын өзге жұртқа таныту. Торғай жері — Шақшақ Жәнібек батыр, Амангелді Үдербайұлы, Кейкі Көкембайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Ыбырай Алтынсарин сияқты ұлы тұлғалардың мекені. Өз кезегінде олардың аталған өңірдегі 10 музейін көру мүмкіндігі бар. Мәселен, Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы музейі, Амангелді кентіндегі Амангелді Иманов музейі, Торғай қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы, Ыбырай Алтынсарин, «Торғайдың топжарғаны» Нұрхан Ахметбековтің, Шақшақ Жәнібек батыр музейлері, бұл музейлерде өте сирек кездесетін жәдігерлер бар. Жалпы, Торғай елі, аты Торғай болғанмен, қырандар мекені ғой, мәселен, бір ғана Қызбел ауылында исі қазаққа танымал 25 академик пен алаштың ұл-қыздары туған, бұны біреу білсе, біреу білмес. Ал енді Көкалат, Аралбай мен Көлқамыстан жалпы саны 60 ақын-жазушы шыққан екен. Бұл мақтаныш, әрине, оларды өскелең ұрпаққа осылай насихаттай аламыз. Одан өзге Құтан әулие, Оспанқожа сияқты әулие-әмбиелеріміз қаншама. Одан бөлек Ыбырай Алтынсариннің кітабына арқау болған Қыпшақ Сейітқұл атамыздың ауылы, Айса Нұрманов сияқты техника жоқ заманда 20 шақырымдық бөгет тұрғызған атамыз да осы ауылдан шыққан. Қысқаша айтқанда, тур арқылы осындай тұлғаларымызды, жерімізді танытамыз, жалпы барша қазақ даласы сияқты Торғай даласы да тұнып тұрған тарих қой. Қазір әлемнің сегізінші кереметі саналатын Торғай геоглифтері нақ осы өлкеде орналасқан, аталған геоглифтер дүние жүзінде тек Қазақстанда және Оңтүстік Американың Перу мемлекетінде кездеседі екен. Сапар барысында міндетті түрде Торғай геоглифтерінің ішіндегі белгілісі Үштоғай төртбұрышына өтеміз. Негізі, геоглифтер Қазақстанның басқа да жерлерінде, әсіресе, солтүстік өңірлерде болуы мүмкін, бірақ тың игеру жылдары геоглифтер тегістеліп кеткен секілді. Бір жағынан, жеріміздің шалғай болғаны сондай мұрамыздың сақталып қалуына әсер еткені анық. Бұл Торғай қазақтары тұрмысының бұзылмай, қазақы қалпына сақталуына да септігін тигізді. Егер сол қонақжайлығымызды, нағыз ауыл тұрмысын неліктен туристерге ұсынбасқа? Әрине, ол үшін қызмет көрсетуді жақсарту керек. Туристерге зәулім ғимараттар емес, шынайы қазақ салты, өмірі қызық. Айтқандай, бұрындары, яғни 1990 жылдары ауылымызда 700-750 үй болатын болса, қазір содан қалғаны 70-75 үй және олар қиыншылыққа әбден төзе білген, елден көшпейтін, ертеңіне сенімді отбасылар. Ауылға, елге әр барған сайын риза болып келеміз. Әр үйге таза суы кіріп тұр, жарығы бар, теледидар қосулы, мектеп, аурухана, дәмхана, дүкендері жұмыс істеп тұр. Әрбір үйдің малынан бөлек, ауласында бақшасы тағы бар. Біз елге келген кезде бірден баяғы балғын балалық шағымызға күмп ете қаламыз, қанша жолдан шаршап келсең де қызықты әрі қонақжай қазақ ауылының көрінісін, салт-дәстүрі мен тұрмысын көреміз. Құмкөшу атты құмымызға аунаймыз. Мәселен, туристер киіз үй құрып, қырға шығып балық аулап, атқа мініп, таң-тамаша болады. Торғай жерінде «Алтын дала» мемлекеттік резерватының үш учаскесі орналасқан: ол «Тосынқұм» және «Сарықопа», сондай-ақ «Ұлы жыланшық» болып бөлінеді. Мәселен, «Ұлы Жыланшық» учаскесі дала еркесі – киіктердің Бетпақдала атты популяциясының төлдейтін және жайылатын жері. Сондай-ақ, аталған жерлерде аң-құстар мен өсімдіктердің сирек кездесетін түрлері бар. Торғай қолаты – Сібірден оңтүстікке, яғни құстардың жылы жаққа өтуінің нағыз ортасы, осы жерден құстардың 90 пайызы өтеді. Аталған жерлердің флорасы мен фаунасы ғана емес, жер бедерінің өзі әр 20 шақырым сайын өзгеріп отырады. Мәселен, Көкалат ауылынан «Ұлы Жыланшық» учаскесіне дейінгі 80 шақырым біресе құмды, біресе сазды, енді бірде шөлейтті, тағы бірде ақселеулі болып тұрады. Сонымен бірге, Торғай және Қабырға өзендері бойынан естен кетпес балық аулау сәті де туристердің жадында қалары сөзсіз. Қазақ асханасының тағамдарынан дәм тату да бір ғанибет. Қонақтарға бұқпа, қазақша ет, қымыз, қымыран, бауырсақ, жент, қуырдақ сияқты ұлттық тағамдары ұсынылып, қажет болса олардың дайындалуын көрсетуге және өздерін де қатыстыруға болады. Айта берсе, еліміз бен жеріміздің туристік тартымдылығы зор, біз тек ең басты деген 5 бағытын қамтуға тырыстық. Шын мәнінде өз жеріміздің құпиясын әлі де біле бермейміз. Мысалы қазақ даласында кездесетін сағымның түнгі сағым деп аталатын түрі тек Торғай жерінде кездеседі. Ата-бабамыздан қалған қасиетті туған жерімізді қадірлеп-қастерлей білсек, әлі талай ұрпағының кәдесіне жарайтыны сөзсіз.

Амандық Әмірхамзин

5147 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз