• Тарих толқынында
  • 26 Қазан, 2023

Шындықтың жолы...

Кеңестік билік тұсындағы сталиндік саяси қуғын-сүргін халқымыздың болмысын, ой санасын, жігері мен тұрмыс-тіршілігін мүлдем басқа арнаға бұрып жіберді. 1920-1950 жылдар ішінде қазақ тарихын ұмыттыруға бағытталған саяси жоспарлар үздіксіз жүргізілді. Жергілікті тұрғындардың жеке ұлт ретінде танылу мақсатын жүзеге асырушыларға, оларды қолдаушылар мен ізін басқандарға «ұлтшылдар», «тап жаулары», «сыбайластар», «жат пікірдегілер», «әлеуметтік қауіпті элементтер» деген жала жауып, әрбір әрекетінен мін іздеді. Халық арасында оқтын-оқтын үгіт-насихат жүргізіп, оларды жеккөрінішті етуге бүкіл күш-қуатын жұмсады. Айыптау мен тұтқындау бойынша білек сыбана кірісті. Ел арасында адамдардың бір-біріне күдігі күшейді. Өйткені, қоғамды «жат пиғылдылардан» тазалау үшін қарапайым халық арасынан алдап-арбап түсінік алу жиіледі. Егемендікке ұмтылып, ұлтымызды қорғаған қазақ зиялыларымыздан қорыққан тоталитарлық билік өкілдері олардың әрбір ісіне, еңбегіне және тұрмыс-тіршілігіне арнап заңдық талабы бар қаулылар шығарып, түбегейлі жойылуына әкеп соқтырды. 
 

Мұндай жазалау науқанынан халықтың тоз-тозы шығып, үреймен өмір сүрді. Айыпты болғандар қызметінен қуылып, жер аударылды, көбіне ең ауыр жаза берілді.
1928 жылдан бастап бай, молда, имам, ишан, қажы, атқамінерлер мен халық арасындағы ықпалды, белсенді адамдарды басып-жаншуға нықтап кірісті. Бірігіп, топтасып елін, малын, жерін қорғаушыларды көтеріліс ұйымдастырушылар, елді мекендерді тонаушылар, тіпті зорлық-зомбылық көрсетушілер, КСРО-ны құлату үшін жасырын контрреволюциялық ұйым құрушылар, әлеуметтік, қоғамға қарсы элементтер, халық арасында қалдыру қауіпті деген жалған айыптар тағылып, жаппай ұстау, жазалау, қудалау басталды. Бұл тұста байлар өз ауылын тұтастай шекара асырып көшіріп алып кетуге қауқарлы еді. Оларға тұрғындарды қашуға үгіттеді, азғырды, ойын шатастырды деген айыптар таңылды.
Олар әртүрлі мерзімге түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, еріксіз жер аударылды. Ол туралы Д.А. Қонаев «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты кітабында былай дейді: «Нәубет бүкіл елді жайлап алған-ды. Оған 1933 жылы Оралдың Дегтярск кенішіне практикаға барған кезде көз жеткіздік. Құдай басқа салмасын, тап жауы ретінде мал-жаннан айырылып, жердің түкпіріне айдалып келгендер сеңдей соғылысады. Не ішері, не жері жоқ, не киері, не тұрары жоқ. Арып-ашқан, шетінен тірі әруақ. Одан пленшінің тірлігі көш ілгері. Оның үстіне ертеңнен қара кешке дейін салпақтап жұмыс істейді», – деп жазды.
Ал, «мешіттер мен сыйыну орындары көптен бері жөндеу көрмеген, оны тазалау мен ақтауға көп қаражат керек, ал діндар адамдардың оны жасауға мүмкіндігі жоқ, ғимарат ойын-сауық орталықтары мен оқу орындарына керек болып жатыр» деген шешімдер шығарылып, мешіттер жаппай жабылды. Мұндай әрекеттерін діни наным-сенімдерді жойып, білімге, дамуға бетбұрыс жасаймыз деп түсіндірді. Ел арасында өткен мұсылмандық іс-шаралар да өте мұқият қадағаланды. Халық арасынан шыққан бай, би, бұрынғы болыстарды қудалап, ұжымдастыру саясатының соңы ашаршылыққа ұласқаны мәлім. Бұл туралы: «Менің Мәскеуде оқуым республиканың, елдің өміріндегі аса ауыр кезеңге – зорлап коллективтендіру науқанымен тұспа-тұс келді. Ел құлағы – елу. Ауылдан адам төзгісіз ауыр жағдай естіген сайын аза бойымыз қаза тұратын. Шалғайда жүрсек те арқамызға аяздай бататын. Бірде үйден хат алдым. Қабырғасы қайысып жазыпты: ел ішін аштық меңдеп, жығылғанға жұдырық - індет жайлапты. Оны өз көзіммен көрдім. Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Түрген селосында тұратын әке-шешеме келсем, тігерге тұяқ жоқ, ел әбден азып-тозыпты. Аттап бассаң кісі өлімі, зарлаған ана, жылаған бала. 1932-1933 жылдары осы ауданның Балтабай, Маловодное («Құрғақсаз» дейтін сияқты еді) ауылдарында түндігі ашылмай қалған шаңырақта есеп жоқ. Бұл бірер ауылдың тартқан тақсыреті емес, исі қазақтың басына түскен нәубет болды ғой» – дейді Д.Қонаев кітабында.
Ашаршылықтан жаппай қырылған халық енді ес жия бергенде 1937-1938 жж. саяси қуғын-сүргінге ұласты. «Аза бойың қаза тұратын ауыр жылдарды еске алудың өзі азап. «Қорықпас келін қой басынан қорқады» дегендей, секем алған адамның ақ-қарасын айырмастан, әділ үкімін шығармастан ит жеккенге жер аударды, қапас түнекке жапты, шыбын құрлы көрмей оққа байлап отырды. Осылай әкімшіл-тоғышарлар қыспағы қазақ жерін зобалаң ордасына айналдырды. Сталиннің өзі болмаса да, көзі болған республиканың бірінші басшысы Ф.И.Голощекин шын мәнінде азамат соғысын жүргізіп, халықтың бетке ұстар тұлғаларын «қалқып алып», түп-тұқиянын қуғынға салды. Араға әлденеше жыл салып көз жеткізіп отырғанымыздай, бес жыл ішінде – 1929 жыл мен 1933 жыл аралығында Қазақстанда тек ОГПУ «саласы» бойынша 3386 адам ату жазасына кесіліпті. Осы зобалаңда қазақ халқы жарым-жартысынан айырылды», – дейді кітабында Д.А.Қонаев.
Десек те қудалау саясаты одан әрі жалғасты. Жоғарыда атап өтілгендей, «әлеуметтік, қоғамға қауіпті элементтер» енді байдың, молданың, қажының, ишанның баласы болғандары үшін қудалауға ұшырады. Соның бірі Д.А. Қонаевқа да тиді», дейді Молдияр Серікбайұлы. «Жас Алаштың» 2007 жылғы 12 сәуірдегі нөміріне шыққан мақаласында: «Димекең Мәскеудегі түсті металл институтында оқып жүреді. «Байдың баласы оқып жатыр» деген арыз түседі . Арыз түскеннен кейін Димекеңді оқудан шығарып жібереді. Ол аздай, комсомолдан да, жатақханадан да шығарып жібереді. Достары сол сәтте Димекеңе Тұрар Рысқұловқа баруға кеңес береді. Үміті алдамай, Тұрар Қонаевты орнында қалдырды. Оқуына қайта қабылданып, жатақханасына қайтадан орналастырып, комсомолдың қатарына қайыра алынуына небәрі үш сағат кеткен екен». 
Д.А.Қонаевтың атасы Жұмабай Қонаев екі рет қажылыққа барған кісі. Оның бірі, 1904 жылдың 19 қазанында №14 ауылдың төменгі Іле болыстығынан, қазақ, Жұмабай Қонаев әулие орындар Мекке-Мәдинеге баруға жарты жылға жасатқан шетелдік паспорты мен жеке куәландырушы құжаттары архивте бар. Сонда, Д.А.Қонаевты қажының немересі ретінде қудалауы да әбден мүмкін еді. Д.А.Қонаев қызметте жүргенде де бірнеше рет артынан арыздар жазылды. Мысалы К.Аухадиевтың кітабында Алматы қаласындағы алаң Мәскеудегі қызыл алаңнан үлкен етіп салып жатыр деген арыз түскені жазылған. Сонда Д.А.Қонаев сол кездегі Алматы қалалық атқару комитетін басқарып жүрген К.Аухадиевті шақырып, сабырлы түрімен «мынаны қарашы, енді не істейміз» деп ақылдаса келе алаңның артық болып кеткен жерлеріне ағаштар егіп көлемін кішірейткендігі туралы жазады. Мұндай оқиға Алматыдағы Арасан моншасының құрылысы жүргізілгенде де қаржыландыру жетпей қалып, қымбат құрылыс материалдарын қолданды деп хаттама толтырылып, жиналысқа салынып сыналған еді. Кеңестік жазалаудың Екінші дүниежүзілік соғыс салдарынан үзіліп қалған қуғын-сүргіні майданнан соң зиялыларды қудалаумен қайта басталды. Саяси қуғын-сүргін туралы Д.А.Қонаев кітабында былай дейді: «Ел ішін үрей билеп, жан-жағына үрке қараған жалтақ мінезден арыла алмаған. Қазақстанның сорпа бетіне шығар жақсылары мен жайсаңдарын, көрнекті мәдениет пен ғылым қайраткерлерін түн жамылып келіп, алдына салып айдап кету жалғасып жатыр еді. Тұтқындалып, ұзақ мерзімге кесілгендердің ішінде тарихшылар Е. Бекмаханов, Б. Сүлейменов бар еді. Сондай-ақ, кезінде «Тұлпардың жыры», «Жігер», «Наз еркесі» деп аталатын жыр жинақтарымен әдебиет әлемінің қасиетті табалдырығынан аттап, сын мен әдебиетті, фольклорды тануға және оларды қалыптастырып, дамытуға айрықша үлес қосқан Есмағамбет ЬІсмайылов, белгілі драматург, Қазақ КСР-інің мемлекеттік Гимнінің тексін жазушылардың бірі, абайтанушы Қайым Мұқаметханов ұсталды. Қайым Абайдың әдеби мұраларын зерттеуде «ұлтшылдық қателік» жібергені үшін айыпталды», – дейді.
Кеңес дәуірінде орын алған тоталитарлық жүйе Қазақ КСР ҒА-ның тарихынан да айналып өткен жоқ. Ғылым академиясының қызметкерлері, оның ішінде Тіл және әдебиет институты, Тарих және этнология институтының ғалымдарының зерттеу жұмысынан «саяси қателіктер» табылып, қатал сынға қалып жатты. Қазақтың шынайы өткен тарихын жазып, мұрағат құжаттары арқылы дәлелді ғылыми жұмыстары кеңес өкіметіне қарсы деген пікірге қалып, құдалауға ұшырады. Ғалымдардың зерттелген жұмыстарын арнайы тексеруден өткізіп, сараптамаға алып, отырыстарда талдау жасалды. Мұндай талдау жұмыстары Қазақ КСР ҒА-ның Хабаршы журналына жарияланып отырды. Олар: Обсуждение монографии Е. Бекмаханова «Казахстан в 20-40-е годы ХХ века», «Постановление президиума АН Казахской ССР» және т.б. Д.А.Қонаев өзі басшылық еткен тұсында барынша зиялы қауымды қудалау құрсауынан қорғай білді. Сол кездегі бұлтты күндер мен қорқынышты түндерге іліккен Қ.И.Сәтбаев, М.О.Әуезов, О.Сүлейменовтерге Мәскеудегі пленум жиналыстарында араша түсіп, ісінде ешқандай ұлтшылдық жоқ екендігін дәлелдеп, қызметін қайта жалғастыруға мүмкіндік бергізді. 
Сондай-ақ, 1974 жылы Д.А.Қонаев, Орта Азия әскери округын басқарған армия генералы Н.Г.Лященко және қасында оншақты адамы мен Семей облысы Абай ауданына барады. Сол ауданның дәрігері, 30 жастағы Мағазбек Әубәкірұлы былай дейді: «Бізге Д.А.Қонаевты көзбен көріп, қол алысып амандасу жазған екен. Д.А.Қонаев өте қарапайым, кішіпейіл адам екен. Сол кезде ішкі істер комитетінің тапсырмасы бойынша біз екінші киіз үйде болуымыз керек болған. Д.А.Қонаев қасындағы қонақтармен өздеріне тігілген ақ киіз үйге кіргенде біз көру үшін шықтық. Сонда Д.А.Қонаев әрқайсымыздың қолымыздан алып екі қолдап амандасты. Менің жұбайым мұғалім болатын, ыңғайсызданып бізден де алысырақ, жалғыз өзі шет жақта тұрған еді, оның да қасына барып, қолын алып, амандасып, «Қызым-ау, қолың мұздап қалыпты ғой», – деді. Сонда Шәкәрім Құдайбердіұлының баласы Ахат Шәкәрімұлы ол жерде болмау керек болатын, бірақ Ахат Шәкәрімұлын қолтығынан жетектеп алып келіп дастарқанға бірге отырғызды. Біраздан кейін алдына келген қойдың басынан ырым жасады да, Ахат Шәкәрімұлына ұсынғанын көзімізбен көргенбіз. Тұрған соң басын иіп бәрімізге рахмет айтып, ризашылдығын білдірді». Қызыл қырғында қараланып кеткен «халық жауларының» ұрпақтары да түртпекте, түнекте өмір сүрді. Кеңестік шеңгелде «тап жауынан» әлі ақталмаған адамдарға сөйлемек түгілі жолаудың өзі қорқыныш туғызатын заманда Д.А.Қонаев қолтығынан демеп, жаны бірге екендігін өзінің ісімен, сыйластығымен білдірді.«...Жан-жақтан талап, тұс-тұстан тартқылап, әркім өз жағына иемденгісі кеп, қолдарынан келсе о кісіні де көкпар ғып тартқысы келді ғой. Соның бәріне шыдау, шыдай отырып ел басқару, біреуге кектенбей, біреуді қудаламай, әділдіктен таймауға тырысу – бәрі де ол кісіден адам айтқысыз шыдамдылықты, білімділік пен мәдениетті талап етті. Соның бәрі Димекеңнің бойынан табылды» – деп жазады К. Аухадиев өзінің «Өнегелі өмір» атты кітабында. 
Кеңестік жүйе әрбір қылмыстық істің байыбына бармай, жалпы жүйесіне қарамай көптеген қателіктерге бой алдырды. Қазақстан тарихындағы кеңестік қуғын-сүргін еліміздің дамуын тежеді. Мұндай соқпақ жол, сорақы жаншу қазақ халқының шаңырағын шайқалтты, жоюға тырысты. Қазақтардың жан басының өсімін тежеп, үштен бір бөлігі ғана аман қалған зұлмат заман әлі де зерттеледі.

Құралай ҚОЖАХАНОВА, 
тарих ғылымдарының кандидаты, 
Қонаев музейінің ғылыми қызметкері

 

1907 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз