• Тарих толқынында
  • 26 Қазан, 2023

ШАМШЫРАҚ ШАРҒЫН

Тар жол, тауқыметті тағдырды бастан өткізіп, өмірінің ақтық деміне дейін туған елі мен жерін емірене жырлап, елі үшін еңіреп, ақиқат жолына ұмтылған ағартушы ақындарымыздың бірі – Шарғын Алғазыұлы. Шарғын мұраларының зерек зерделер көкейінде жатталып, өлмей, өшпей келуі оның  құндылығын дәлелдейді. 
Шарғын Алғазыұлы 1903 жылы Алматы облысы Қарадала аймағының Диірмен деген жерінде шаруа отбасында дүниеге келген. Талапты да зерделі бала 1911 жылдан бастап 1917 жылға дейін қазақ және орыс мектептерінде білім алады. Ауылдағы әңгімешіл, шешен, шежірешіл от ауызды қарттардан естіген ертегі, өлең-жыр, халық ауыз әдебиеті оның әдеби танымын қалыптастырып, Абай поэзиясы орыс әдебиетімен танысуға мүмкіндік берді. Шарғын сонау 15-16 жастан бастап-ақ қолына қалам алып, өлең жаза бастаған. 
1930 жылдары әсіре солшылдықтың, ауыр алман-салықтың, ашаршылықтың нәубеті қазақ халқын көп қиындыққа душар етті. Осындай қысылтаяңда Шарғын үй ішімен елден кетуге мәжбүр болып, Қазақстан жерінен Іленің Чапшал өңіріне өтеді. 
1931 жылы Нақысбек ақалақшының ұсынысымен Чапшалдан Текеске көшіп барып, Нақысбек ашқан Шиліөзек ауылының Шолақсай деген жеріндегі Ақши мектебінде мұғалім және мектеп меңгерушісі болады. Текестік Ақай Сәдуақасұлының айтуынша, ақын Мысақожа деген адам Шарғынға мынадай әзіл өлең арнап жазған екен:
Жол баста, Шарғынменен Әбілғазы,
Жұмысын ағартудың атқар-дағы.
Аузында Шолақсайдың мектебі бар,
Кер жолдың түскен жері қапталдағы.
Шарғынның пәни мектеп мүдірі боп,
Бурадай бұрқырайды ақпандағы.

Түйе болсаң қара нар болар едің,
Ат болсаң керге салып өткелі жүр.
Шарғын да білімдінің біреуі екен,
Білімін басқаларға сепкелі жүр.
Міне, бұл екі шумақ өлең Шарғынның Текес сахарасында бала оқытып, оқу-ағарту ісімен айналысқандығын растай түседі.
Ол 1934 жылы Құлжа қаласында ашылған Іле гимназиясынан мерзімді білім алып, Іледегі Таңжарық Жолдыұлы, Дәулеткелді Құсболатұлы Байболатов қатарлы әйгілі зиялылармен танысып араласады. Гимназиядан мерзімді білім алған Шарғын Текес ауданына келіп ұзақ жыл мұғалім болып, оқу-ағарту қызметін басқару жұмысына қатысады. Журналист, ақын Мәди Әбдірахманов «Ақын Шарғын» атты мақаласында: «Ақын Шарғынның көп өлең, толғау, дастандар жазғаны, айтысқа түсіп арынды шығармалар жазғаны жұртқа мәлім. Үш аймақ төңкерісі кезінде «Одақ» атты журналда, «Төңкеріс таңы», «Алға» газеттерінде жарияланған шығармалары өте мол еді. Кейін «Шыңжаң газеті», «Іле газеті» журналында да талай-талай шығармалар жариялаған. 1957 жылы автономиялы райондық жазушылар одағының қаулысымен өлеңдер жинағын баспаға жолдаған болатын. Бірақ, кейінгі аласапыран жағдайға байланысты бұл топтамасы басылған жоқ.
 Меніңше, Мәди Әбдірахмановтың «Төртінші май» қозғалысынан кейінгі қазіргі заман Қытай әдебиетшілерінің қатарына ­­Ш. Алғазыұлы да қосылуы тиіс. Көп ұлтты Қытай әдебиетінің бір бөлігі Шыңжаң қазақ әдебиеті тарихында Ш.Алғазыұлы да Таңжарық қатарында атауға, оның әдебиетінің асыл мұрасы жинақталуға тиіс» («Шарғын ақын», «Іле кеші» газеті, 21қазан, 1998 жыл) деген көзқарасы Шарғын ақынның осы заман қазақ әдебиетінде шоқтығы биік ақын екенін аңғартады.
1946 жылы Үрімжі абақтысынан қайта оралған Таңжарық ақын өзінің қаламдас досы Шарғынға былай деп сәлем жолдайды:
«Қол тимей әр жұмыспен әне-міне,
Айналдым арты қысқа әлеміне.
Шәкеңнің күз қолқасын жаз қайтарып,
Былай деп жауап жаздым сәлеміне:
Жүрмісің аман-есен тәтті жолдас,
Жолдастың татуында баға болмас.
Ренжіспей айырылып кетіп едік,
Тамыр тартқан қарағай қарда солмас.
Алдымен замандастың жайын айтшы,
Аман ба, ал, бұдан соң түгел мал бас?
Текестің тойып қою бозасына,
Шәкең бір хат жолдапты жолдасына.
Мінуге көтеретін ат табылмай,
Еруге жігіті жоқ әм қасына.
Ашылар Тянь-Шанның тұмандары
Көңілдің көтерілер мұң-арманы.
Алтайдың ақиығы аспанға ұшса,
Іленің ілмей түспес қырандары.
Деп жазып хатты досың Үрімжіде,
Жоқтығым менің саған білінді ме?
Сағындым Шақпы өрлеген сол бір көшті,
Сағындым сол бір жастық күнімді де.
Әукенім естен қалай шығар менің,
Әсейін, Әбілхамит кемеңгерім.
Тар жолда жота жондай жаттым аңсап,
Шарғыным, қайран Іле, аяулы елім», –
деп туған еліне өз сағынышын досы арқылы жеткізді. Ал, Шарғын Тәкеңнің түрмеден шыққан сәтіне орай «Таңжарыққа сәлем» атты өлеңінде былай жазады:
«Іленің келдің бе аман Таңжарығы,
Түскен соң, алтын таңның шам жарығы.
Серпілді түн түріліп қара тұман,
Қарашы ой көзіңмен жан-жағыңа.
Ілініп жауыз жаудың тырнағына,
Жыладың жеті жылдай зынданында.
Зарлатып жас пен кәрі күндіз-түні,
Боп тұрды тілеуің де мұндағы да.
Халықтың білімдісін қойдай қырды,
Қалдырып тірі жетім ұл мен қызды.
Сұр жылан түсі суық зәһар шашып,
Әркім-ақ шыбын жаннан күдер үзді.
Саналы сарбаздардан не кемеңгер,
Неше мың қырып салды, неше жүзді.
Сақтаған құдай өзі көрістірді,
Өлеңмен аман-есен сіз бен бізді.
Қозғады езілген жұрт қару алып,
Қосылып ынтымақпен бәрі барып.
Берген соң Алла нүсірат тоқтайық па?
Жауыздан азат болды қуып салып.
Отанға атамекен болды ие,
Қолдасып дін мұсылман барлық халық.
Қамалған темір торда сізқыранды,
Аспанға тік ұшырдық бауыңды алып.
Қайратты халық түбі қайтпас берік,
Біріне-бірі сүйеу болып серік.
Қаһарман елдің ері тас жүректер,
Халқына шықты қайта антын беріп.
Мінеки, өстіп күшпен теңдік алып,
Масайрап қалдық, халық алып ерік.
Істелік кел енді біз қол ұстасып,
Иншалла көрсеткен соң аман келіп.
Еліміз нысанаға созды қолды,
Мәдени алда жүрген елді көріп.
Жатуға енді берік дәт шыдамас,
Істелік ақиқатқа көз жіберіп», –
деп ақын досының аман-есен оралғанын қуана қарсы алып, ағынан жарылады. 
Шың Шысайдың зұлымдық саясаты бүкіл Шыңжаң халқының басына қара тұман болып қаптады. Шарғын ақын досы Таңжарықпен бірге әділетсіз қоғамға қарсы өлең жазды. Бұған оның «Гоминдаңға» деген мына өлеңі куә болады.
«Ысқырып арбап сұр жылан,
Салмақ болса елге лаң.
Қомағай қу, аш қасқыр,
Секілденіп жалмаған».
Шарғын 1945 – 1947 жылдар аралығында Текес ауданында оқу-ағарту мекемесінің бастығы болып, ұлттық оқу істерінің дамуына ерекше үлес қосқан. 1947 – 1951 жж. аудандық халық үкіметінде істеді. Содан 1954 жылға дейін кең Текес сахарасында мектеп ашып, ағартушылықпен айналысады. 
1949 жылы жаңа Қытай үкіметі құрылды. Ақын идея, саяси жақтан тіпті де серги түсіп, өнер өлкесіне арындап құлаш сермеп, туған елі мен жерін емірене жырлап, жаңа өмірді өзінің отты өлеңдерімен қарсы алды. 1953 жылы Үрімжі қаласында өткен әдебиет-көркемөнершілердің өлкелік жиынына абыроймен қатынасса, 1957 жылы Шыңжаң жазушылар құрылтайына қатысып, оның ең беделді мүшелерінің бірі болды. «Осы тұста ол арнайы сапармен келген академик, жазушы Ғ. Мүсіреповпен танысып ұзақ сырласады. Бұл оның шығармашылығына үлкен тебін берді» (Сырайыл Ысқақұлы. «Шалқар шабытты Шарғын ақын», «Шыңжаң қоғамдық ғылымы», 2004 жыл, 3-сан).
1954 жылы Іле Қазақ автономиялы облысы құрылды. 1955 жылы Шарғын ақын Құлжа қаласына көшіп келіп, 1958 жылға дейін Іле Қазақ автономиялы облыстық саяси мәслихат кеңесінде қызмет істеді. Сол жылы түрлі қоғамдық себептерден ақын атамекеніне қайта оралды.
Ақын көпті көріп, көп жасады. Туп-тура 85 жыл ғұмыр кешіріп, 1988 жылы қазан айында Қазақстанның Алматы облысы Райымбек ауданының Қожбанбет (қазіргі Шәлкөде) ауылында дүние салды. Ол осы ұзақ өмірінің ақтық деміне дейін өлеңнен қол үзген емес. Оның артында қалған мұраларын жинаушылар «Көш керуен» атты жыр жинағын 1992 жылы Қазақстанда баспадан шығарды. 
Ең соңғы тынысы таусыларын сезген ақын былай ой тастайды: 
«Бір өмір деп санаушы ем,
Сендермен жүрген бір күнім.
Аман бол, туған ел-жұртым,
Осы ма екен жалған шіркінің», –
деп туған ел-жұртымен қоштасып, мәңгілік келмес сапарға аттанды. 
                   ІІ
Шарғын ақын отыз жылға жуық өмірін Қытайда өткізді. Қазақ жастарын оқу-ағартуға өшпес үлес қосты. Ол осында терең тамыр тартып, халқына мол рухани мұра қалдырды. Ақын:
«Ұрпағым өлеңімді жиып алсын,
Шыт жаңа тұрған кезде дат басылмай.
Мынау қарт дүниеден болса ғайып,
Таппайсың алтын берсең ат басындай», –
деп дәл өзі айтқандай, уақыт өткен сайын оның мұралары өз құнын әйгілеп, ұрпаққа сәулелі жарығын шашты. Оқу-ағарту мен мәдениеттің дамуына сіңірген мол еңбегі халық жүрегінен терең орын алып, есімі аңыз жырға айналды. Ақынның «Қарасаңыз ғылымға» деген өлеңінде:
«Қарасаңыз ғылымға,
Адамдықты біл дейді.
Оқымаған санасыз,
Адамдықты білмейді.
Талаптылар талпынса,
Күншілдер барып күндейді.
Ынтымағы бар ауыл,
Көгереді, гүлдейді.
Асыл туған азамат,
Елдің қамын же дейді.
Ақ көңілдің жүрегі,
Отқа салсаң күймейді.
Жақсылардың белгісі,
Елді ақылмен билейді.
Жылымдардың сөздері,
Ақыл емес ми жейді.
Күншілдердің мінезі,
Аспасын менен бұл дейді.
Ондай адам тегінде,
Жақсы өмір сүрмейді.
Әдебі жоқ балаға,
Зекіген ол да мін дейді.
Надандарға сөз айтсаң,
Құлағына кірмейді.
Жаман бала есікке,
Ата басын сүйрейді.
Жақсы болса ұл-қызың,
Жемісті болып бүрлейді.
Қазымыр болса қария,
Көрінгенді тілдейді.
Үйде өсек айтқанша,
Тыныш неге жүрмейді.
Қаңқылдаған қарғалар,
Сұңқар болып ілмейді.
Жақсы достың белгісі,
Жығылсаң да күлмейді.
Өмір деген майданның,
Адамзатқа сын дейді», –
деп білімді мен білімсізді салыстырып, адамдық ардан жұрдай, озғандарды көре алмайтын күншілдердің пасық мінезінен ғибрат алып, ұрпақтарға білім, ғылым арқылы өздерінің көксеген арманына жете алатындығы туралы, оларды тәртіпті, өнегелі болуға шақырып, үлкен ағарту идеясын ортаға салады.
Енді ақынның кең тынысты кесек толғауларының бірі «Естимін десең кел маған» атты жырына назар салайы:
«Естимін десең кел маған,
Қуатым байтақ ел маған.
Ар-ұятты сезім бар,
Ел қатарлы мен де адам.
Сары далада сарнаған,
Үн қатады жел маған.
Жырды мініп ән қуған,
Жасымнан жырға мен маман.
Өлеңмен әнге құмартып,
Өткен қазақ ер бабам.
Мен де қарттың біреуі,
Өлеңімді есті, кел маған.
Ақиықты көргенмін,
Көкте жүйткіп самғаған.
Әділ адам көргенмін,
Аузына арам алмаған.
Қаһарманды көргенмін,
Кегін алған жаулардан.
Қанды қолды көргенмін,
Халықты қырып қандаған.
Жалмауызды көргенмін,
Жанды сорып жалмаған.
Атты-шапты көргенмін,
Ажалдайын аңдаған.
Азапты да көргенмін,
Жанды қинап жалмаған.
Алдамшыны көргенмін,
Аларында арбаған.
Баяндамас дүние,
Еңбексіз тапсаң арзаннан.
Жырды тізген әзіл ғой,
Меруерт етіп маржаннан», – 
деп шабыт тұлпарына мініп, түйдек-түйдек жыр төгіп, өзінің көрген-білгендері, өмірдің қыры мен сыры туралы терең философиялық ой тастайды.
ІІІ
Шарғын Қытай қазақ әдебиетінде шоқтығы биік жазба ақын ғана болып қалмастан, жүйрік тілді, суырып салма, от ауызды айтыс ақыны да болған. Бұл пікірімізге «Таңжарық пен Шарғынның айтысы», «Шарғын мен Нәсілқанның айтысы», «Шарғын мен ала аяқ аттың айтысы» қатарлы озық айтыс үлгілері дәлел бола алады.
Шарғын 1937 жылы қыркүйек айында Іле бойында бір тойда атақты ақын Нәсілқанмен айтысыпты. «Шарғын мен Нәсілқанның айтысы» атты бұл айтыс үлгісінің алғашқы «Беташары» былай басталады:
«Жаз жайлау майда салқын қоңыр желі,
Еріксіз жинағандай жайлауға елді.
Жаз жайлау жанның қандай рахаты деп,
Қазақтың айтқан бұрын кемеңгері.
Қас, Күнес, Нылқы, Текес, Сүйдің, Қорғас,
Іленің қазақ-қырғыз жүрген жері.
Құлжаға жүз мұғалім барып едік,
Шу Сылиң шақырған соң тізімменен.
Іленің жайылмалы жағасында,
Бір Албан үлкен той ғып қызын берген.
Сол тойға елмен қатар бізде келдік,
Көз салдық жігіттерге қызып жүген.
Үйіне Тобажанның қонақ болдық,
Ақшылдау адам екен ұзын келген.
Сыйлады малын сойып қаншамызды,
Жан екен қонағасы үзілмеген.
Сөз туды отырған соң әңгімеден,
Сол тойға бес аймақтан әркім келген.
Қараған бір даутайға Албан-Қызай,
Жиналып үлкен-кіші бәрі келген.
Бар екен тілге шешен сөзге құмар,
Інісі Тобажанның Мәди деген.
Атақты Нәсілқан да келді деді,
Айтысар барма жігіт оныменен.
Байтал озып бәйге алмас деп қалыппын,
Немене асып тұрған соғұрлы елден.
Ойбай, қиын, пәле деп жұрт шулады,
Шымырлап дуылдады тұла денем».
Шәкеңнің көзін көрген ақын Мәди Әбдірахманов «Шарғын мен Нәсілқанның айтысы» атты бұл айтыс үлгісі 500 шумақтан асатын тарихи құны бар, зерттеуге татитын кесек айтыс үлгісі болып есептеледі» деген пікір айтқан еді.
    IV
Шарғынның әрбір өлеңі өзі жасаған дәуірмен біте қайнасып, Таңжарық Жолдыұлы сынды дара талантты ақын өмірімен сабақтасып, халық жүрегіне терең тамыр тартып кеткен. Сол себепті Шарғын мұралары өзінің құнын жоймай, уақыт өткен сайын саф алтындай жарқырап, құнды қазынаға айналды.
Ақынның өкілдік шығармаларынан «Қоштасу» (1930 жыл), «Албан ата» (1934 жыл), «Толғану», «Сөгіс» (1954 жыл), «Замандастарға», «Райымбек батырға», «Нәсілқанға», «Ойлану», «Үрімбекке», «Бата», «Балаларға» (1988 жыл) қатарлы өлең-толғаулары мен «Ақтас», «Абдікер-Жұптыкер» сияқты кесек дастандары бар.
Ақын өмірінің соңғы мезгілдерінде жазған «Арманның биігі» атты толғауында оқырмандарға өз көңіл-күйін ағынан ақтарыла былай жеткізеді:
«Қалды талай көп жырым,
Баспа жаққа берілмей.
Алтындайын жарқырап,
Ел көзіне көрінбей.
Қадірін білген кезіксе,
Жинап алар ерінбей.
Кей сөзімнің мәні бар,
Алатаудың өріндей.
Сусаған менің сан жырым,
Шекараның шебіндей.
Екшеп алған тазалап,
Ақ тарының сөгіндей.
Күлімдеген көктемнің,
Жайқалып тұрған көгіндей.
Жетер ме екен жырларым,
Шашылып жерге төгілмей», – 
деп сұлу сөздің маржанын тізіп, тамаша талантын байқатады.
Ақын бұл толғаудың ендігі бір бөлігінде өзінің өнер жолындағы тынымсыз ізденіспен өткен күндерін көз алдына былай елестетеді:
«Кеттім бе, жыр жаздым деп тым мақтанып,
Бірақ та көрсін көзбен жыр ақтарып.
Шыр етіп мен анамнан түскенімде,
Жырменен бірге түскем шумақталып.
Барлығын талантыма тапсырамын,
Талпынып, талаптанып жырға аттанып.
Көп сөзім сол себептен қалды ма екен,
Ғылымнан ұстай алмай жырақ қалып.
Көңілдің көк тұлпарын мініп алып,
Астына түстім қанша шырақ жағып.
Көрсетер ем баршылық білгендерге,
Мені кеп қысым етсең сұраққа алып.
Айтысым Нәсілқанмен өз алдыма,
Халқыма кең жайылған тұрақталып.
«Құла мерген Нұрсақан» очерегі,
Оқысаң ол да мәнді құлақ салып.
Алаяқ атпен тағы айтысым бар,
Қайта оңалған жерім бар құлап барып.
Бірнеше жыр толғауым жатыр үйде,
Әрбірі өз алдына жинақталып.
Қази менен Шағидың армандары,
Текеске кең жайылған тұрақталып.
Айтысым түйе күрең елге мәлім,
Үстінде түйе күрең тұрған мініп.
Әбдікер-Жұптыкер азаптары,
Роман дәптерімде тұр сақталып».
Ақынның бұл толғауы сұлу да сыршыл, жүйрік талантпен суреттелген поэзиялық ғұмыр жолының жинақты шежіресі болып табылады.
Шарғын ақын өлеңдерінде үлкен қоламталы мәселелер сөз болып, қайшылыққа толы өмірден түйген философиялық ойларын, педагогикалық идеяларын, теңсіздік, әділетсіздікке қарсы көзқарастарын бүкпесіз айтып, тіл саптау шеберлігінде көркем сөздің інжу-маржанын құлпырта қолданып, өз поэзиясында бөгенайы бөлек дара стиль байқатып, оқырмандарына эстетикалық ләззат бағыштайтын, тілінен өнеге үлгі алатын талантты сөз зергерлігі байқалып жатады.
Талантты зерттеуші, ақын Дүкен Мәсімханұлы Шарғын туралы: «Шарғын ақын трагедияға толы жағдайдың куәгері ретінде сол тұстағы мұң-зарды ерекше әсерлі, аянышты етіп жырлайды. Саналы да сауатты, жігерлі де намысты ақын сол тарихи кезеңнің қасіретін дәп басып көрсетеді. Сондықтан да оның өлеңдері 30-жылдардағы күйзелістің көркем шежіресі секілді» («Сарап», «Елорда» баспасы, 2001жыл, 171-бет) десе, қаламгер Құрманбай Толыбаев Шарғын ақын туралы: «Шыңжаң қазақтары тарихында ағартушылық бағыттағы әдеби ойдың өрістеуіне ақыл-парасатын жұмсайды. Сонысы үшін де ел Таңжарық пен Шарғынды егіз қозыдай көріп қошеметтейді, өлеңдерін оқып, ойларынан нәр алады. Ойлы өлеңдері мен аңғарлы толғаныстары туған халқының жүрегінен жол табады» («Шарғын ақын», «Егемен Қазақстан», 23 желтоқсан, 1994 жыл) деген жоғары бағасын берген еді.
Талантты зерттеуші Сырайыл Ысқақұлы: «Қазақ поэзиясында өзіндік ақындық болмыс-бітімі айқын, жасампаздықта өзіндік өрнек-бояуы, өзіндік үні бар талантты ақындардың бірі – Шарғын Алғазыұлы. Оның шығармаларының өз кезінде толық жиналмауы, реттелмеуі себепті де болар, талант иесінің ақындық әлемінің сыр сипаты бүгінге дейін бағаланбай, шығармашылық табиғаты зерттелмей келе жатқаны көңілге қаяу түсіретіні анық. Шарғын ақын қазақ әдебиетінің өркендеуіне, қалыптасып дамуына бір кісідей үлес қосқан шабыты шалқар, дарынды, қуатты ақындардың бірі еді» («Шыңжаң қоғамдық ғылымы», 2004 жыл, 3 сан) деген көзқарасы әрқандай өнер иесіне құрмет етіп, қадір тұтатын азаматтарды ойландырса керек.
Ұлы сыншы Белинский өз кезінде «Ақын – қоғамның, уақыттың, заманның органы, өкілі» деген дана сөзін айтқан екен. Шарғын – өз заманының озық ойлы алғабасар жаңашыл ағартушы ақындардың көрнекті өкілі. Ол Қытай қазақ әдебиетінің, көркемөнерінің шаңырағын көтеріп, уықтарын шаншысып, қазақ сахарасында мектеп ашып, ұрпақ тәрбиелеу сынды ұлағатты кәсіппен айналысқан ділі саф адам жанының инженері. Оның ақындық өнері өз алдына зерттелетін мол бір қазына. Мақаланың мақсаты Шарғын ақынның ағартушылығы жайлы алғашқы ізденіс болғандықтан, ақынның қатпары қалың, иірімі терең поэзиясының күрделі алтын кенін әлі қаза алмадық. 
 

Нұрлан СӘРСЕНБАЕВ
 

6972 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз