• Ел мұраты
  • 26 Қазан, 2023

Жанды жеген жат ағым 

Кешегі тоқсаныншы жылдардағы әлеуметтік-экономикалық дағдарыс жалпы қоғамдық дамуға, адамдардың моральдық-психологиялық ахуалына, оның ішінде діни наным-сенімдеріне де тікелей ықпалын тигізгені сөзсіз. Өтпелі кезеңдердің сол бір жанама әсерлерінен туындаған әртүрлі қарама-қайшылықтар діни наным-сенімдердің мазмұны мен сипатына селкеу түсіріп, ортақ діни құндылықтарды насихаттаудан гөрі, әркім өз көрпесін өзіне қарай тартып, келеңсіз жағдайлар да орын алып жатты.  Шет мемлекеттердің ұлттық таным-түсінігімізбен мүлдем қабыспайтын діни оқу орындарынан санасы уланып, көздері байланып келген «мамандар» өтпелі кезеңнен ес жия алмай жатқан қоғамда емін-еркін уағыздарын жүргізді.  
Мұндай шетелдік діндар жамағаттың артында кімдер тұр еді? Олардың ұстанымдары исламға қаншалықты адал болды? Нендей мұрат-мақсаттың жетегінде жүргенін ғылыми тұрғыдан талдау аса қажетті жұмыстың бірі болатын. Өйткені елдің ішкі тұрақтылығы тек жергілікті халық немесе сол мемлекеттің негізін құраушы ұлтына ғана қажетті екендігі белгілі. 
Құранға адал қызмет ету немесе ислам жолында жеке мүдде мен саяси мүддені көздеген ұйымдардың парқын ажырата білу аса маңызды шешім. Шын мәнінде, исламның қайта жандануы кезеңінде тұрақтылықты құраушы немесе күйретуші әсеріне осы шеттен келген діни тәлімнің тигізер әсері орасан болды. Бірақ ол кезеңде Қазақстан аумағына қай діни бағыт дұрыс немесе бұрыс екенін айқындайтын орталық немесе мамандар жеткіліксіз болды. 
Жалпы, діни ахуалдың отыз жылдық кезеңін үшке бөліп талдауға болады.Алғашқы он жылдығы – реисламизацияның (исламның қайта жандануы) интеграциялығымен  бірге түрлі діни ағымдардың келуімен, екінші онжылдық – қоғам арасында діни топтар белсенділігінің артуымен, үшінші он жылдық – жамағат аралық айтыс-тартыстың белең алуымен сипатталып отыр.  Реисламизацияның интеграциялық және дезинтеграциялық жағдайына ықпал еткен жергілікті және шет елден келген діни ағарту жұмыстарын талдауға мән беруіміз қажет. Осы ретте мешіттер мен медреселерге, ислам институтына, Арабияның, Түркияның, Иран, Ауғанстан елдерінің қолдауымен шетелде және Қазақстан аумағында жүргізіліп жатқан діни-ағарту жұмыстарына, жекелеген ұйымдардың, топтардың, шет елден қолдау тапқан теріс пиғылдағы жамағаттардың діни іс-әрекеттеріне талдамалық-сараптамалық жұмыстар ұйымдастыру қажет.
Бұл салада әртүрлі дін мамандары мен оқытушылары түрлі деңгейде Қазақстан аумағына өз ықпалын тигізуде. Бірі – әсіре діндар рөлін сомдаса, кейбірі мейлінше мейірбан діндар рөлінде қоғамға дендеп еніп кетті. Оларды танып, ажыратуға жергілікті халықтың мұршасы да, құлқы да болмады. Баламыз тентектіктен, жамандықтан аман болар деген ниетпен дін ұстаздары қиянат жасамайды деп сенді. 
Уақыт өте келе әр отбасында діни салт-дәстүр айырмашылығы байқала бастады. Ата-ана мен балаларының бір дастарқан басына отырмауы, келін мен ата-енелері арасында түрлі діни алауыздықтың туындауы, бағзыдан келе жатқан дәстүріміз – келіннің сәлем салуын «ширк» деп санау, жеті нан иісін шығаруға қарсылық білдіру, келін түскенде отқа май тамызбау тәрізді кикілжіңдер жиілей түсті. Осы кикілжіңдер нәтижесінде жергілікті халық дін атын жамылып келген түрлі ағымдар туралы ести бастады. Нәтижесінде санасы уланған жастардан құралған топтар лаңкестік іс-әрекетке жақын күштерін көрсетуге ниеттерін білдіре бастады. Мемлекет тарапынан қолдау тауып, «Дінтану», «Теология», «Исламтану» мамандықтары бойынша кадрлер даярлау қажеттілігі байқалды. 
Міне, жоғарыдағы атап өткен отыз жылдықтағы діни оқу-ағарту жұмыстарына қысқаша шолу жасап көрсек, Мысыр елінің қолдауымен Нұр-Мүбарак Египет мәдени орталығы университеті ашылды. Мұнда қазақ және араб оқытушылары 50/50 пайыз көрсеткіші бойынша қызмет етіп келеді. Түркия елінің ресми қолдауымен Түркістан қаласында ашылған Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті өзге мамандықтармен қатар дін мамандарын да даярлайды. Бүгінде түлектері ғылым саласында қызметтерін атқарып келеді. Шымкент қаласында Халықаралық Қазақ-Араб университеті жанында Түркия қазақтарының қолдауымен дінтану факультеті ашылып, бүгінде бұл ғимарат ҚМДБ жанындағы колледж қызметін жалғастырып отыр. 
Бұл оқу орындары діни білім алушы жастарды оқытып, дипломы бар мамандарды түлетеді. Реисламизация кезеңінде түрлі оқу орындарынан тәлім алған қазақстандық жас буын дін саласына маманданып, осылайша қоғамдағы белсенділіктерін арттыра бастады. Жекелеген жамағаттар діни білім үйрету жолында дәрісхана жұмыстарын ұйымдастырудан сырт қалмады. Олардың кейбіріне заңмен шектеу қойылса да, ресми атауларын өзгертіп, жамағат жинаудың түрлі амал-айлаларына көшті.

Қаржы үлестеріп, мұраттастарының санын көбейтумен болды. Еліміздің бірқатар аумақтарында жабық медреселер пайда болды. Осылайша, жік-жікке, түрлі ағымдарға бөлініп кеткен діни ұйымдардың бірі ауылдан келген жастарды арзан пәтермен баураса, екіншілері – арзан жатақханаға тұрғызып, зекет-садақа жинауды ұйымдастырды. Тағы бір ағымдар кішігірім үйлерде өз дәрістерін жалғастырып, жастардың санасын арбаумен айналысты. Осындай «діни үрдістерді» көріп отырып, бүгінгі біздің қоғамға келетін қауіптің қаншалықты дәрежеде ұлғайып келе жатқанын сөзсіз аңдайсың. Бұған қалай тосқауыл қоямыз? Ниеті күмәнді, ұстанған бағыты тұманды діни ағымдардың мұрат-мақсатын оң-солын танып үлгермеген балғын жастар, асыл діннен хабары аз, тек естігенін ғана шындық екен деп қабылдайтын, еш нәрсені сана сарабына салмайтын буындардың лек-легімен әлгіндейлердің қатарына еніп кетіп жатқанын көргенде қынжыласың. 
Бүгінде дінтанушы мамандарын жаңа мәселелер кезеңі күтіп тұр. Ол діни ортада дүниеге келіп, сол ортада тәлім-тәрбие алған жаңа буынның тағдыры. «Жусан» операциясымен елге оралған жас балалар тағдыры, олардың қоғамдық өмірге қайта бейімделуі дінтанулық терең талдауды қажет етеді. 
Осы ретте біздің алдымызда мұсылман мемлекеттеріндегі діни қақтығыстардан, қантөгістерден тарихи сабақ алып, Қазақстандағы реисламизациялық мәселеде елдің ішкі тұрақтылығын сақтау, ұлттық және мемлекеттік деңгейдегі иммунитетті қалыптастыру кезеңі күтіп тұр. Әр алуан исламдық білім алған мамандар өзара ынтымақ пен ымыраға келеді деп өзімізді өзіміз жұбатуымыз бекер. Құранда ұмыт болған, ескерілмей келген «Хұжрат (Бөлме)» сүресіндегі «Мен сендерді бір-бірлеріңді тану үшін ұлттарға бөлдім» деген Алла тағаланың бұйрығы бұрмаланып, құпияланып келді. Бұл аяттың мақсаты  – діни танымда әр мемлекет, әр ұлт өз ішкі иммунитетін дұрыс қалыптастыруында еді. Біздің елде де дұрыс иммунитет қалыптастыруда діни сауат ашқан қай түлектер елге үлгі бола алады, қандай түлектер шетке ығыстырылып шығуы тиіс екенін тәуелсіз әрі ғылыми тұрғыда толыққанды сараптайтын уақыт жетті. Себебі мемлекет тарапынан діни лоттарды ұтып алу және халықпен діни  кездесу жұмысын ұйымдастыруда дінтанушы мамандардың сауаттылық деңгейі өздері білім алып келген шетелдің көзқарасына еліктеушілігі мен бұрмалаушылығы көрер көзге анық байқалып қалатыны жасырын емес. 
Имам-молдалардың мешіт мінберіндегі жиі айтылатын уағыздық тақырыптары егемендіктің алғашқы жылы халық арасында өтімді болса, діни сауаттылығы артқан жастар арасында бүгінде басқаша сипат алып, өзектене түсуде. Олар – жұмақ пен тозақ, зекет пен садақа, көп некелік, ханафи мен салафилер арасындағы дау, намазға келушілердің ішкі тәртіпке бағынуы мен бағынбауы сынды мәселелерге қатысты өрбуеде. 
Бір сөзбен айтқанда, мешіттердегі басшылық тарапынан алдын ала бекітілген тақырыптық уағыздар жастар буынының діни сұранысын қанағаттандыра алмай отыр. Интернет желісіндегі әр алуан діни ақпараттарға деген қызығушылық және олардың көкейкестілігі, сондай-ақ мешіт маңайындағы насихат тақырыбы тым алшақтап кеткендігі сөзсіз. Мысалы, араб идеологиясын ұстанған жамағаттың уағыздары «ширк», «адасу», «күпір», «көп неке» тақырыптарын жиі қозғау, олардың ішінде имам-молдаларды сөз етуге бағытталса, сопылық бағытты ұстанушылар мешіт-молдаларының мұстахаб жасауды білмейтіндерін, пірлерімізге қол бергендер ғана ақыретте бақытты болатыны сияқты дүниелерді айтып, көбінесе біржақты, бір сарынды уағыздарымен шектелуде. 
Жалпы, сырттан келген діни топтардың діни насихаттарынан байқағанымыз, тек сол жамағаттың қатарына қосылғандар ғана ақыретте жұмақтан орын алып бақытты болса, топқа кірмегендер мен қарсыластары тозақтық, адасқандар деп санайды. Бүгінде реисламизациялық тұрақтылық пен өркендеу жолында исламдық насихат тақырыбы жаңа ғасыр сұранысына, замана талабына сай бағытталған, өркениет пен ғылыми-танымдық исламдық уағыз насихаттар формасын қалыптастыруға тиіс. Сонымен қатар ұлттық иммунитетімізді сақтауға кедергі келтірмеуі керек. Діни тақырыптардың салт-дәстүрге қарама-қайшылығын байқаған алдынғы аға буын күдікті діни уағыз, күдікті діндарлардың ұстанымдарынан секем алғаны белгілі. 
Ата-бабаларынан көрген діни дәстүр мен шет елден келген жаңа діни ақпараттың айырмашылықтарын салыстыра отырып, қазақы салт-дәстүрге бейімделуге сұраныс артты. Осы орайда діни ақпараттық кеңістікте өздерін «тәңіршілдерміз» деген топ бой көрсетті. Бұл да дінтанулық сараптамаға зәру болып отырған мәселе. 
Қазіргі Қазақстандағы реисламизацияның интеграциялық қалыптасу кезеңі осы үш он жылдықта жоғарыдағы қамтылған және аталмай қалған діни ортадан тәлім алған буынмен өлшенетіні шындық. Олар исламды жаңарта отырып, құраушы немесе күйретуші де күшке ие екенін баса назарда ұстауымыз керек.
Бүгінде кез келген жас азамат діни білімді қай оқу орнынан аламын десе де, оған ешқандай шектеу жоқ. Дегенмен, бұл бағытта да ойланатын, ойландыратын мәселелер аз туындап отырған жоқ. Оларды біз сол оқу орындарына түсетін студенттерге арналған грант сұраныстарынан-ақ көреміз.  Қандай жоғары оқу орындарын таңдау керек деген сұраққа да әсіре имам-молдалардың діни уағыздары араласып, жастардың талғамына зор ықпал етуде. Соның нәтижесінде академиялық бағыттағы діни білім беретін оқу орындарына сұраныс азайып қалды. Бұған себеп «мұндай оқу орындарында философия пәні оқытылады, ал ол дінге қажет емес», «намаз оқуға жағдай қарастырылмаған» деген секілді уағыз басым тұр. Демек, алдағы уақытта грант санын реттеу және жергілікті иммунитетті қалыптастыра алатын оқу жобасын анықтауымыз қажет.
Ұлттық құндылыққа бағытталған және ғылымдық танымға негізделген ислам жобасы болмағаннан кейін қоғамымызда түрлі ағымдар пайда болып, жастардың адасуына себеп болып келді. Көне ислам дәуірінен жаңа заман дәуіріне бет алу, кедейліктен арылып, бақуатты елдер қатарына қосылуды мұрат тұтып, бәдәуилік заманға беттеген діни сарыннан сақтанып, ғылым-білімі дамыған елдермен тереземіз тең болатындай дәрежеге жетелейтін иммунитет қалыптастыратын жобалар ауадай қажет. 
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: реисламизацияда ішкі тұрақтылықты қалыптастыра алатын, күйретуші топтарға төтеп беретін мамандар даярлауды тағы да бір жан-жақты сараптаудан өткізу керектігіне баса назар аударуымыз қажет. 

Мырза-Ахмет Жүзей, 
исламтанушы 

6257 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз