• Ел мұраты
  • 26 Қазан, 2023

Инклюзив иірімдері немесе шексіз мүмкіндікке ие балалар

2023-2024 оқу жылында Алматы қаласында 2 437 бала инклюзивті білім алады. Оның ішінде аутизм диагнозы қойылған 77 бала бар. Қаладағы 198 мектепте ерекше білім беру қажеттіліктері бар (ЕББҚ) балаларға толық жағдай жасалған, бұл орта білім беретін оқу орындарының 92%-ы. Алматы қаласы Білім беру басқармасының баспасөз қызметі өкілдерінің мәліметіне сәйкес, білім беру ұйымдарының барлығында маман жеткілікті. Инклюзивті білім беретін мектептің материалдық базасын жасақтау қажет болғанда білім беру ұйымының басшысы білім басқармасына бюджеттік өтінім береді. Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы мен 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективаларды іске асыру жөніндегі Жол картасына сәйкес, инклюзивті білім беретін мектептердің 600 педагогы біліктілікті арттыру курсынан өткен. Оның ішінде 200 мектеп басшысы, 200 арнайы педагог және 200 пән мұғалімі бар. Сондай-ақ, 2024 – 2025 жылдары инклюзивті білім беруді іске асыратын жалпы білім беретін мектептердің 600 педагогы үшін біліктілік курсын өткізуі жоспарланған.

Биыл жазда білім берудегі жаңа технологиялардың қалалық ғылыми-әдістемелік орталығының базасында инклюзивті ресурстық орталық ашылды. Осы орайда біз Алматы қаласындағы инклюзивті білім беру бойынша ресурстық орталық саналатын №10 мектепке барып, инклюзивті білім берудің жай-күйімен танысқан едік. Мектеп директоры Шара Сабырқызының айтуынша, Алматы қаласы Бостандық ауданы №10 ЖББМ-де инклюзивті білім беру біраз жылдан бері қолға алынған. Мұнда инклюзивті білім беру бойынша 49 мұғалім жұмыс істейді, олар ресурстық орталық мамандары және сыныптардағы пән мұғалімдері. Ресурстық орталық тұрақты түрде қаладағы мектеп директорларына арнап тәжірибе алмасу семинарларын, мектеп мамандарына әдістемелік көмек ретінде консультациялар өткізеді. Мектеп әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, ҚазҰПҚызУ, Сүлеймен Демирел атындағы университет, АИБД ҰҒПО, ӘПИО, ҚҚ «DARA» қорымен және «MARS» компаниясымен меморандумға қол қойып, тығыз қарым-қатынас орнатқан. «Аталған «DARA» қорымен және «MARS» компаниясымен республикалық «От сверстника к сверстнику» жобасын ұйымдастырып, біраз жетістіктерге жеттік. Оқушыларымыз қалалық және республикалық түрлі жарыстарға қатысып, жүлделерге ие болуда. Инклюзивті білім беруді алғаш қолға алған мектеп болған соң, оған келуші ЕББҚ балалар саны жылдан-жылға артып келеді екен. «Осы жағдайға байланысты педагог-ассистенттер жетіспейді», дейді Шара Сабырқызы. Ол педагог-ассис­тент мамандығының мәртебесін көтеріп, ЖОО-да көбірек маман даярлау керек деп санайды. ­

Ал арнайы-педагог Аяулым Байқоңырованың (суретте) мұнда жұмыс істеп жүргеніне үш жыл болыпты. Жас маман толық сыныппен емес, ерекше балалармен жұмыс істейтінімізді о баста білдік, дейді. Оның айтуынша, қоғам үшін инклюзияның пайдасы өте көп. Инклюзивті білім беру арқылы ерекше адамдар ортаға үйреніп қана қоймай, қоғам да ерекше адамдарды қабылдауды үйренеді. Яғни, адамдар арасындағы толеранттылық, адамгершілік, жанашырлық сынды қасиеттер дамиды. Арнайы педагог ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушыларға арнайы оқулықтардың жеткілікті екенін айтты. «Инклюзивті білім беруге байланысты ғылыми орталықпен тығыз қарым-қатынас жасаймыз. Оның сайтында ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оқулықтар мен жұмыс дәптерлері екі тілде жүктелген. Біз оларды емін-еркін жүктеп алып, сабаққа пайдалана аламыз. Әр оқу жылының басында кітапханаға келетін жалпы оқулықтардан бөлек, қажетті оқулықтардың тізімін жіберіп, оларды да алдырамыз. Дегенмен, инклюзия жаңа дамып жатқандықтан болар, тізімдегі кей кітаптар келмей қалады. Болашақта оларға да қол жетеді деп ойлаймын». Педагог маман бізге ерекше балалар ПМПК-дан (психологиялық медициналық, педагогикалық комиссия) өткенде қорытынды қағазға оның қандай бағдарламамен оқу керек екені жазылатынын айтты. Әр бала дәрігер белгілеген бағдарлама бойынша жеке-жеке білім алады. Жас маманның айтуынша, елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға білім берудің әдіс-тәсілдерін үйрететін түрлі курстар бар. Оған Қазақстанның түпкір-түпкірінен мұғалімдер қатысады. Олардың көбінде мұғалімдік біліктілік жеткілікті болғанымен, ерекше балалармен жұмыс істеуде тәжірибе аз көрінеді. Сол себепті Аяулым Байқоңырова ерекше балаларға білім бергісі келетін педагог мамандарға курстарға жиі баруға, ғылыми орталықтың сайтын үнемі бақылап отыруға кеңес берді. Біз әңгімелескен екінші маман, мектепке келген баланың үйренісуіне сынып жетекшісі тікелей жауапты дейді.

Наталья БОРИСОВНА, бастауыш сынып мұғалімі:

Мұғалім де баламен бірге үйренеді

Менің сыныбыма алғашқы ерекше бала 2016 жылы келді. Одан бұрын бір тақырып бойынша бүкіл сыныпқа арнап тапсырма дайындайтынмын. Енді одан бөлек ерекше қажеттілігі бар балаларға тапсырма дайындайтын болдым. Ерекше бала жаңа тақырыпты бірден түсініп кете алмайды. Оған бір тақырыпты бірнеше рет түсіндіруіміз мүмкін. Демек, мұғалім ерекше бала да, қарапайым балалар да бос отырып қалмас үшін сабақ түсіндірудің, тапсырма орындатудың әдіс-тәсілдерін өзгертіп отыруы керек. Ал ол оңай жұмыс емес, дегенмен, мұғалім де жылдан-жылға оқушы секілді үйреніп, дағдыланады. Меніңше, кез келген мұғалім өз сыныбының деңгейіне төселіп, әр балаға қажет бастауыш сынып базасында берілетін білімді бере алады. Ол білім балаға орта және жоғары сыныпта қажет болатыны анық. Оның бәрі, әрине, бірден бола қоймайды. Басқа әріптестерім секілді мен де инклюзив білім беруді бастағанда көп іздендім, көп оқыдым, қолым жеткен материалдың барлығымен таныстым. Қазір біз үшін ерекше балаға білім беру бастапқы кездегіден әлдеқайда оңайырақ. Сыныпқа ерекше бала келгенде онымен қалай жұмыс істеу керек, қандай әдіс-тәсілдерді пайдалану керек, қандай тапсырма беру керек, жаңа сабақты қалай түсіндіру керек екенін біліп тұрамыз. Алғаш сабақ берген Айша туралы айтсам, бірінші сыныпқа келгенде оны ары-бері алып жүретін педагог-ассистент болды. Педагог-ассистент Айшаны екі жыл алып жүрді. Үшінші сыныпқа келгенде бала оны қажет етпейтін деңгейге жетіп, өз бетінше әрекет ете бастады. Айша сабақты мұқият тыңдайтын, әрине, алғашқыда анасын іздеп, үйіне қайтқысы келді. Екі жыл оқыған соң балалармен тіл табыса бастады, көбі оған көмектесетін. Балаларға бір-біріне көмектесуді үйрету сынып жетекшісіне тікелей байланысты. Ең алғашқы күннен-ақ оқушыларға барлық бала бірдей екенін анықтап айтып, дұрыс түсіндіре білу керек. Егер мұғалім дұрыс бағыт-бағдар берсе, бала мейірімді, ақжарқын болуға тез үйренеді. Біраз күн өткен соң балалар Айшаға қазір қай сабақ болатынын айтып отыратын болды. Ол бәрін мұқият тыңдады, сыныптастарының аты-жөнін жатқа білді. Белсенді болғаны үшін оған көбірек тапсырма бердім. Зерттеу жұмысын жасады, жады мықты болғасын мәтінді түгел жаттап алатын, ынтасы да күшті болды. Үшінші сыныпта бала өзін еркін ұстайтын деңгейге жетті. Бастауыш сыныпты аяқтайтын кезде қоштасу концертіне қатысып, би биледі. Дайындықтан еш қалмай, өзіне айтылған ескертулерді қабылдап, одан нәтиже шығарды. Ол вальс билеймін деген мақсатына жету үшін көп тер төкті. Би кезінде оның ерекше бала екенін ешкім байқамай қалды. Бұл тек мектептің ғана емес, Айшаның өзінің, анасының, мұғалімнің, педагог-ассистенттің еңбегі. Ерекше балаға білім беру арқылы біз сыныптағы бүкіл балаға мейірім шуағын себеміз, ол шуақ балалар өскенде жарқын сәулеге айналады. Инклюзив білім берумен бетпе-бет келмегендерге мұны түсіну қиынырақ, әрине. Сол себепті біз ата-аналар жиналысында сыныпта ерекше бала оқитынын, оның осы ортаға сіңіп кетуіне барынша көмектесу керек екенін түсіндіреміз. Алғашқы ата-аналар жиналысында мамандығы дәрігер ана қысқаша баяндама жасап, аналарға инклюзив білім беру туралы мақала оқуға ұсынды. Ол кісінің сөзінен соң ата-аналар инклюзивтің мәнін түсініп, ерекше балалардың әлеуметтенуіне көп үлес қосты. Инклюзивті білім беруді мұғалімдер бірте-бірте үйреніп келеді. Ол заман талабы, дегенмен, жай мұғалім болуды енді үйреніп келе жатқан жас мамандар үшін ерекше баланың қасында педагог-­ассистент жүргені өте жақсы болар еді. Өйткені қарапайым балалардың өзі сынып ішінде төмен, орта, жоғары деңгейдегі балалар болып жіктеледі. Ал енді олардан бөлек тағы бір жікті игеріп кету кез келген мұғалімнің қолынан келмейді, келсе де физикалық тұрғыда мүмкіндігі болмай қалады. Сол себепті ПМПК-ның шешімінде жазылмаса да, ерекше балаларға педагог-ассистенттер бөлінгені жөн. Ең алғашқы кезеңде ол өте қажет. Бұл менің өз ойым, дегенмен ерекше балалармен тығыз жұмыс істеп жүрген педагогтардың барлығының ойы осындай деп сенемін. Инклюзивті білім беру мұғалімге де жаңа тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. Кәсіби түрде шыңдалып, көптеген пайдалы дағдыларды меңгереді.

Дамирдің анасы Айгүл:

Ерекше балаға адами қатынас маңызды

Осыдан жеті жыл бұрын балабақша іздей бастағанда, инклюзивті білім берумен бетпе-бет келдім. Ол жекеменшік балабақша еді. Балабақша басшылығының келісімімен бір топқа ерекше қажеттілігі бар үш баланы оқытып көруге қабылдады. Алғашқы тәрбиеші ерекше балалармен жұмыс істеуге барынша талпынып, оларды түсіну үшін, балалар мен ата-аналардың сұрағына жауап беру үшін диагнозына байланысты ақпараттарды көп оқыды, ізденді. Балалар да талпынып, ол кісінің кезінде өз бетінше әрекет етуге дағдылана бастады. Ал одан кейінгі тәрбиешілер инклюзив білім беруге үстірт қарап, қорқып, балаларды қасынан алыстатпады. Сол себепті балабақшаға барудың мәні қалмады. Сосын дамыту орталығына бардық. Мұнда да оқытып көрейік деп қабылдаған, дегенмен Дамир ол жерде бірнеше жыл оқыды. Педагогтар мен балалар Дамирді өте жақсы қарсы алды, Дамир де бар күш-жігерімен талаптанып, оқыды. Мектеп біз үшін инклюзивті білім берудің үшінші сатысы десек болады. Мұндағы мамандар Дамирді өте жақсы қарсы алды, Дамир де осы мектепте жүріп көп жетістікке жетті. Дос тапты, балабақша мен ресурстық орталықтан гөрі кеңірек ортаға үйренді. Мектеп маған да ұнайды, мұндағы мұғалімдердің барлығын Дамир жақсы көреді. Мен тіпті кейде Дамирді бір нәрсеге көндіру үшін «онда мектепке бармайсың» деп айтатын болдым. Инклюзивті білім беруде адами фактордың маңызы өте зор. Себебі ерекше балаларға білім алудан бұрын адамдармен қарым-қатынас керек. Егер мұғалім инклюзивті білім беруге шын ниетпен ден қойса, онда ол оған мол тәжірибе болар еді. Инклюзивті білім беру бір жағынан әртүрлі ақыл-ойдың болатынын, әр адамның шамасы әртүрлі екенін көзге анық көрсетіп, мейірімге, достыққа үндейді. Оны білу үшін оқудың немесе кітаптан белгілі бір мысал алудың қажеті жоқ, оның мысалы осындағы ерекше балалар. Олар көзбен көріп, қолмен ұстауға, жүрекпен сезіп, көңілге түюге болатын күнделікті тұрмыста, қасымызда жүр. Бұл кітаптағы теориялық мысал емес, өмірде көрген, бастан өткерген мол тәжірибе. – Дамирді басқа балалар қалай қабылдады? – Балалар әртүрлі қабылдайды: кейбірі бірден достасып кетсе, енді бірі бақылайды, тексереді, қиын нәрселер ойлап табады. Мұндайда мұғалім мен ата-ананың жұмысы өте маңызды. Ал кейде бала түгілі мүгедектік туралы ата-аналар мен мұғалімдерге түсіндіру қиын. Алайда мұнда біз ештеңені жасырып-жауып отырған жоқпыз ғой, кейбір нәрселерді о бастан өз атымен атап, бұл баламен жұмыс істеу қиынырақ, оған көмек керек деп айтып отырған дұрыс. Баламның сыныпта достары бар, көбіне ер балалар. Қыздар сыртынан бақылайды, араласпайды деуге болады. Өткен аптада Дамир ауырып қалып, мектепке бармады. Сыныптасы келіп Дамирдің халін сұрап, амандық тілеп кетті. Жүрегім елжіреп кетті. Бұл – ол бала үшін де, Дамир үшін де нағыз мейірім мектебі. Бұл мектеп қарапайым балалардың тұлға ретінде жетілуіне өте қажет деп айтар едім, сонда олар кейін өз ұрпағын мейірімді болуға тәрбиелей алады. Осылайша мейірім мектебі ұрпақтан ұрпаққа жетеді. Ерекше бала жайлы ортаға тез үйренеді, оның қалай үйреніп кеткені байқалмай қалуы да мүмкін. Оның белгілі бір мезгілі жоқ. Ортаға үйренісу сол ортаға және ол ортаның өзін дайындауына байланысты. – Оқулықтарға қатысты не айтар едіңіз? – Ерекше қажеттілігі бар балаларды оқытуда сағатқа лайықталған жоспардан бұрын, баланың материалды қаншалықты меңгергенін түсіну маңызды. Егер бала материалды қажетті деңгейде меңгермесе, әрі қарай жүрудің мәні жоқ. Әріптерді, көбейту кестесін жаттап алуға болады, алайда олардың не үшін керек екенін білмесе бала оны өмірде пайдалана алмайды. Яғни, мұндайда білім беру тізбегі үзіледі. – Инклюзивтің қоғамға қандай пайдасы бар? – Мүмкіндігі шектеулі балаларды қоғамға бейімдеу өте маңызды және дұрыс идея. Мұндай балаларды қазір «шексіз мүмкіндікке ие балалар» деп атай бастады. Мен қарапайым балалардың аналарынан «менің балам жүзе алмайды, шаңғы тебе алмайды» деген сөздерді естимін, ал ерекше балалар көбіне көргенін істейді, «істей алмаймын» деген ой олардың миына келмейді. Ұзақ уақыт қолынан келмей жатса да үйренгенше істей береді. Сыныптастары үшін де ерекше балалар көп нәрсе үйрете алады. Қарапайым балалар ерекше сыныптасына қай жерде көмектесу керек екенін, қай кезде тоқтату керек екенін жақсы түсініп алады. Ерекше балалар бізді мұқият болуға, қырағы болуға үйретеді. Олардың барлық эмоциясы риясыз, олар алдауды білмейді. Кеңінен ойласақ, салауатты қоғамның дамуы өз еліне деген сүйіспеншіліктен (патриотизмнен), барлық адамның бейбітшілік пен келісімде өмір сүре білуінен (әлеуметтенуден) басталады. Яғни, физикалық және психикалық денсаулығына қарамастан, барлық адамды бірдей құрметтеу мұқият жүйеленген бағдарлама арқылы аз уақытта жүзеге асады деп ойлаймын.

Назым ДҮТБАЙ

6068 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз