• Ел мұраты
  • 30 Қараша, 2023

Төл теңгеміз төрге шыққан күн

Дәуіржан ЖҰМАЖАНҰЛЫ, 
«Aqiqat»

 

15 қараша – төл теңгеміздің туған күні. Осыдан 30 жыл бұрын, яғни 1993 жылы қаржы нарығында ұлттық валютамыз айналымға еніп, экономикалық тұрғыдан дербес ел екенімізді күллі әлемге айшықтады. Теңгенің өмірге келуі, жаппай қолданысқа енгізілуі – ұлт мерейін өсірген қуанышты жаңалыққа айналды. Тәуелсіздігіміздің бір символдық нышаны ретінде жүрекке жылылық ұялатып, санамызға серпіліс әкелді. Басқа емес, өз еліңнің төл теңгесі болуы қандай ғажап! 90-жылдардың экономикалық қиыншылықтарына қарамастан, халықтың алғаш рет өз теңгесін қолданып, сауда-саттық жасауы бұл шын мәнінде тарихи оқиға еді. 

Жылдар бойы кеңестер одағынан қалған соммен есеп айырысып үйренісіп қалған бұқара үшін төл теңгеміздің пайда болуы тосын әрі күтпеген жаңалық болғаны сөзсіз. Ұлттық валютамыз егемендігімізден кейін көп күттірмей өмірімізге енген тарихи мәні терең оқиға болды. Төл теңгеде алғаш рет тұғырлы тұлғаларымыз – әл-Фараби, Сүйінбай, Құрманғазы, Абай, Шоқан, Абылай хан, Әбілқайыр хандардың бейнелері сомдалып, ұлттық ақшамыздың мазмұны тереңдей түсті. Осылайша, 15 қараша төл теңгеміздің дүниеге келген күні ретінде тарих бетіне жазылды. Әрине, одан бері қаншама уақыт өтті. Теңгеміздің түр-сипаты, бет-бейнесі сан мәрте өзгерді. Дамыды, нығайды. Түрлі экономикалық кезеңдерді басынан кешірді. Бір сөзбен айтқанда, ұлттық валютамыз әлемдік қаржы нарығында өз орнына ие болды. Қалай десек те, төл теңгеміз еліміз үшін құтты болып, тәуелсіздігімізбен бірге жасасып келеді! 
Жалпы, ұлттық валютамыз – бұл еліміздің заңымен белгіленген ақша бірлігі саналады. Қазақстанда ұлттық валюта «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Тұңғыш Президенттің №1399 Жарлығымен 1993 жылғы 15 қарашада айналымға енгізілді. Дәл сол күні Н.Назарбаев мемлекеттік телеарна арқылы Қазақстан халқына үндеу жолдап, ұлттық валютаны таныстырды. Ал 1998 жылдан бастап, 15 қараша кәсіби мереке ретінде «Ұлттық валюта – теңге күні және Қазақстан Республикасының қаржы жүйесі қызметкерлерінің мерекесі» болып белгіленді. Теңгеміздің дизайнын жасауда отандық суретшілер Тимур Сүлейменов, Қайролла Әбжәлелов, Меңдібай Алин және Ағымсалы Дүзелхановтардың еңбегі зор. Дизайнерлер жаңа валютаның кескінін әзірлеу жұмыстарын Алматы қаласында ерекше құпия жағдайда жүргізіп, бұл туралы мемлекет басшылығындағы санаулы адамдар ғана білген. Осылайша, теңге алғаш рет Ұлыбританияда басылып шықты. 
«Теңгесіз біздің экономика басқарылмайды. Сондықтан экономикадағы ең басқару құрал, тірі құрал ол – теңге. Теңгеде мемлекеттік саясат, экономикалық саясат, ұлттық саясат жатыр. Біз төл валютамыздан ешқашан айырылмауымыз керек» дейді Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Ғалым Байназар. 
 Отаншылдық рухы жоғары дамыған елдердің әр азаматы ұлттық ақшаларын мақтаныш ететіні белгілі. Әлемдік нарықта да ол ақшалардың қаржылық әлеуеті арқылы сол мемлекеттердің қаншалықты дамығанын көре аламыз. Ұлттық валютасының құны мықты ел қашанда алдыңғы қатардан көрінеді. Бұл экономикалық жетістіктердің де шынайы көрсеткіші. Мұнымен санаспауға болмайды. Өйткені, ұлттық валютаның әлеуеті зор болса, ол қашанда мемлекет экономикасын өрге сүйрейді. 
Ұлттық валюталардың әлемдік нарықтағы бәсекелестігі де жоқ емес. Бірі құлдырап, бірі жоғары өрлеп, бірінің құны өсіп, енді бірінің құны төмендеп жататын жағдайларға зер салып отырып осындай ойға келесің. Әрине, әрбір валютаның бағамы, өсуі мен өнуі әлемдік және ұлттық экономиканың тамыр соғысына тікелей байланысты. Алтын мен мұнай құнының өсуі де ұлттық валюталардың жағдайына оң немесе теріс әсер ететін жағдайлар болып тұрады. 
Ең бастысы – төл теңгеміз құнсызданбауы керек. Үкімет, экономист мамандарымыз, қаржыгерлеріміз осы бағытта өнімді еңбек етіп, төл теңгеміздің жылдан жылға нығаюын қамтамасыз етулері керек. Ұлттық валютамыз осынау жылдар ішінде өзге елдердің валюталарымен бәсекеге түсе алатынын дәлелдеді. 
Аумалы-төкпелі жылдардағы қиыншылықтарға қарамастан қаржы нарығында тұрақтап қала алды. Бүгінде есеп айырысуды жүргізудің басты құралы болып отыр. Ендігі мақсат – төл теңгеміздің қуатының артып, құнының жоғарылап, жылдан жылға нығая беруі. Бұл дәрежеге де ұлттық валютамыз қол жеткізеріне сеніміміз кәміл! 
Төл теңгеміздің 30 жылдығы құтты болсын! 
 

5719 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз