• Ел мұраты
  • 25 Желтоқсан, 2023

Қазақтың күй өнері һәм музыкалық түйсік

Жаратушы жаратқанда-ақ дүниеде артық құбылыстар болмағаны рас, бәрі бір-бірімен үйлесімді, өзара белгілі қарым-қатынаста тұратын, астарлы формалармен тұтасқан жүйелердің жиынтығы екені хақ. 
Біз сөз еткелі отырған күй өнері де дәл сондай табиғат және тіршілік әлеміндегі адамзаттың жан-тәнімен қауышқан ғажайып гармонияға ие. Ата-бабамыз күй өнерін тектен тек киелі өнер санамаса керек?.. Сондықтан домбырада немесе сыбызғыда орындалатын күй – мазмұнды, әсем ырғақты жан тебірентетін дыбыс толқыны және тілсіз тіл. Ол өмір құбылысымен астасқан, табиғат болмысын бойына тоқыған, шығу тарихы бар, зарлы-мұңлы, ойнақы-қуанышты, қоңыр үнді, сыршыл-сыңғырлы, сағынышты- сазды, тұңғиық сарынды, ұғымы жеңіл, құрылымы көркем музыкалық шығарма. Халық тарихындағы күрес дүбірі, жеңіс туынан желбіреген асқақтығынан тыс, қым-қуыт табиғат дүниесімен, жануарлар дүниесінің сымбатты сынымен, қозғалыс-қимылымен, сабақталып жеткен ата-бабаларымыздың эстетикалық сезім шежіресі. Тарихи мұра болып қалған ұлттық бояуы қою күй жазу-сызу болмаған, архив қатталмаған ежелгі ғасырлардан бері өр сезім мен ұлы мұратқа адал күйшілер арқылы атадан – балаға, қолдан – қолға, домбырадан – домбыраға көшіп, саусақтар арасынан сығымдалып бізге жетті.
 Сол қатпары мол ғасырдың қуанышы мен жұбанышын, қасіретті кегі мен мұң-зарын бізге жеткізіп отырған күй атаулыға зер сала білсек, әрбір күйді өзі шыққан дәуірдің, ондағы өмір шындығының архиві, шежіресі деуге болады. Қайсы бір дәуірде жоқшылық жондап, жүрегі мұздаған аш-арықтың мұңы болып жетсе, бір бөлімі таңғажайып табиғат талғамымен тілдесіп, көктемнің гүл біткенді өбіп, алтын жапырақты ақ қайың, күміс жапырақты тал-теректер сылдырлап, өзеннің гүрілі, тас бұлақтың сыңғыры, құс қанатының зуылы, махабат зарының ащы мұңы, қуанышты күлкінің құмары, алуан гүлмен көмкерілген өрісі малға, қойнауы құтқа толған, шат-шадыман думанды өмір бақшасындағы тіршілік көріністері бейнеленсе, ендігі бір кезеңде өзекті өртеп тұрған теңсіздік пен әділетсіздік, өктем тұрған ескі дүниенің өкініш-құсасын аңғартса, кейде алып ұшқан асқақ ниеті ашық кеудеге сонау белестен қол бұлғап, өмірдің өткелек жолын анықтап нұсқап, сол нұсқаған жолына ізгілік пен адамгершілік, бірлік-ынтымақтың сорабын салып, алдағы бақыт сапарына аяғынан алып аттандырып отырады. Ал кей күйлерде: озбырлық пен әділетсіздікке қарсы ашу-ызаның ақ өркеш толқыны болып арындайды. Ал тағы бір бөлімі жауына сатиралық мысқыл боратып, өткір қанжар болып жатса және бір бөлімінде білім- ғылымға талпынған ізгі ниетті аңғартады. 
Күй форма жағынан «төкпе күй», «шертпе күй», «терме күй», «соқпа күй», «тақпақ күй», «кеңес күй», «толғау күй» болып бөлінеді. Ал туындау жағынан «ұласпалы» және «бір шертпе» күй, «тоғыспалы симфониялы күй» болып бәрі де басталу, даму, шарықтау, шешілу сынды сюжеті анық, мазмұны бай, құрылымы шымыр орналасқан шығарма екендігіне халық күйлері куә болады. Бұл жөнінде арғысы Қорқыт, Асан ата күйлерінен дәлел табамыз, бертінгі Байжігіттің «Қара жорға» күйін шертуде «Қара жорғаның майданға шығуы», «Елдің жорғаға таңырқап қарауы», «Жорғаның тайпалап жорғалауы» деп бөліп шертсе, мынау 1931 жылы Өр-Алтай аталатын Шіңгілдің Шаған өңірінде өр керейдің төрт тәйжісінің бірі – Жапардың асы болғанда Шақабай Шалаптың тұқымы болған дауылпаз күйші Ырымбайдың қартайып қалған шағы болса да арнаулы адам жіберіп асқа алдыртады, ақ үрпек балапандай болып мәлкілдеп отырған Ырымбайды асқа әкеліп қолына домбырасын ұстатқан заман әлгіндегі рухсыз күйден серпіліп, жанары күлімдеп бәйге атынша тыпыршып, домбырасын қағып-қағып жіберіп орныға отырып «Толғау» күйін сұңқылдата шертіп барып ауыр күрсінеді де, «Бәйгеге көп шабылған жүйірік едім, қартайғанда бір серпіліп көрейін» деп күйін бастап кетеді. Ырымбай әрбір күйінің аңызын айта отырып шерткенде тәмәм ел сілтідей тынып ұйый тыңдай, күнді таңға жалғаған екен.
 Арада көптің ішінде отырған Бұратай, Қалел, Қүли, Ноғайбай, Боранбай бастаған ел ағалары бұл асқа тоғанағы толық келіп, астың дүбірлі өтуіне тілеулестік білдіріп, өздері де күміс көмей әнші, жез таңдай шешен, суырып салма ақын, бармағынан бал тамған күйші, сыбызғышыларын ерте келген еді. Ырымбайдың мына өнерін көргенде оған тәнті болғаны сонша таңдай қағып, тамсанды. Шағын ғана аршадан жасатқан домбыраның бетіне етінен арылған салалы саусақтарын еркін ойнатқанда он саусақтың құдіретімен бүкіл ғаламды домбыра шанағына сыйғызып, алуан сарын аңғарта, күй нөсерін бұрқыратып отырған күйші өзі шерткен күйлерінің оқиғасын баяндай келіп: «Ақсақ аю» күйін: (1) аңшының аюға шыққаны (2) аюдың қарағай ішінде бейқам кетіп бара жатқаны, (3) оқ тиген аюдың ақсаңдап қашқаны, (4) аңшының қуғаны, (5) аңшының аюды атып алып қуанышпен қайтқаны, деп санамалап шертсе. «Қаз», яғни «Жалғыз қаз» күйін: (1) қос қаздың су бетінде еркін жүзіп жүргені, (2) мергеннің атқаны, (3) сыңарынан айырылған жалғыз қаздың ақсаңдап қашқаны, (4) жалғыз қалған қаздың зары, деп бөліп-бөліп шерткенде төр алдында күй сарынына елтіп жатқан құтты қонақтың бірі:
 – Ау ақсақал, өнердің құдіретін, күйдің тілін сенен ғана ұғып тұрғандаймын, десе де сұрайын дегенім, сіз шерткен күйдің бәрі тізбекті ғой, басқалар күй шертсе күмбірлетіп өте шығады, сонда бұл қалай болғаны? – дегенде, Ырымбай:
 – Орынды сұрақ, осынау Еренқабырға, Боғда, Алтай, Сауырға мәлім Жәйір Салықбай деген данагөй, өнер атаулының «жілігін шағып, майын ішкен» адам болған. Марқұм жайлау, қыстау деп шошаңдамай, тау бөктеріндегі тас қораны іргелей тіккен қырық шоқпыт кигіз үйінде отырып-ақ жер-жаһанды біліп отыратын еді. Кигіз үйінің керегісінің үшінші көзіне дейін қи басып, өзі де сары қидың үстіне аю терісін салып алып соның үстінде, кеудесін жапқан сақалын саумалып, құлағына іліп қойған ұзын мұртын реттеп қойып, «балақай, домбыраңды қолыңа ал!» демесі бар ма. Мен домбырамен барғанда, ақсақал іргесіндегі үлкендігі қой терісіндей, төңірегі желініп қалған кітабын парақтап көз жүгіртіп отырды да, әлден уақытта «жә, бала» деді. Мен өзім не шертіп не қойғанымды білмей есім шығып отырғандықтан ақсақалдың үніне селт етіп оқыс қараған едім. Қария: «Бері қара, бала!» деді де: «Күй деген өзің сияқты бұйымтайыңды ұғындырып айтып, мақсатыңа жетектеп-жеткізетін тәрізді, ұғынықты болады, сен әзір шерткенің «зауза» күйі екенін біліп отырмын, «Зауза» күйі қыздың сұлулығы, жүріс-тұрысы, сыпайылығы бозбаланы ғашық етіп отырмай ма, сондықтан соның бәрін тыңдаушы түсіне алатын болуы керек, құр күңгір күй болмайды», – дегенде ұялғаным сонша, «Барлық күй солай ма?» дегенді қалай айтқанымды өзім аңғармай қалдым, «Әлбетте, ұғынықты болуы керек», – деді қария, абыз қарттың сол сөзі мәңгі есімде қалды, ойласам тым орынды, әрине күй тіл емес пе, ол әлденені айтып тыңдарманына жеткізбек, расында барлық күй тізбекті, оқиғалы болуы керек екенін білдім. Сөйтті де орнынан қозғалақтап барып, орнығып отырып, сұрақ қоюшыға қадала қарап: «Санаңа қайсысы сіңімді болса соны тыңдап ләззат ала алсаң болғаны», – деді паңдана.
– Әрине, сіз шерткен күй ұнайды, шерт, шерте түс, ақсақал! – деген еді отырғандар да дүркірей.
 Бұл мысалды айтып отырған себебім, жоғарыда Ырымбай шерткен күйлер ғана «ұласпалы, тізбекті болады» дегенім емес, жалпы күй солай болуы керек екенін дәлелдеу, ендеше толқынды-толқын қуып келе жатқан өмір ағысына назар аударсақ, Жәйірдің ізін басқан мұрагері Ырымбай болса, ал Ырымбайдың көзін көрген көнекөздердің бірқатарын атай кетейік. 
«Шақабай Шалап» күйінің авторы Шалап. «Алаяқ аттың жүрісі» күйінің иесі Аспандияр. «Төрт жаяу» күйінің иесі Наубел. «Ертіс толқыны» күйінің иесі Мұқабала. «Әттең әлем» күйінің иесі (1916 – 1940) жылдар ғұмыр кешкен – Сайып Қалелұлы. «Әттең» күйін шығарған (1894 – 1960) жылдар ғұмыр кешкен Шынайхан және 1940 жылы 58 жасында дүние салған Шыбышер. Әнуар және 1970 жылы дүниеден өткен Рақила апай. 1908 жылдары дүниеден көшкен «Ыбырай» күйінің иесі Ыбырай. 1960 жылдар ғұмырдан озған «Шыңырау» күйінің иесі Абдай Молдақанұлы және Ертай, Қабыл, Тайкен, т.б. көптеген күйшілер болды. Ал олардың ізбасары болған аға-аталарымыздан Айдарқан, Нәк Қасенұлы, Рәпіғат Ниғыменұлы, Тайыншабай Байкелеңұлы, Қабдай Рабайұлы, Сетерхан Мұрсанұлы, Мағай Тәйебайұлы, Игібай Сақабаұлы, Белет Игібайұлы т.б. күйшілер ұстаздардың тәліміне сай қазақ күйлерінің көбінесе оқиғалы, әрі ұласпалы болып келетінін, ал төкпе күйлер мен кеңес күйлерде оқиға аз кезігетінін, бұл екі мазмұндағы күйлер жалпы қазақ күйлерінің аз мөлшерін ғана ұстаса, ал оқиғалы, тізбелі күйлер төрт түлік мал, аң-құстардың қимылымен байланысып жататынын баяндайды. Сондықтан да әр күйді шертуші оның шығу тарихын айта отырғанда ғана, әдеби жасампаздықтың басталу, шарықтау, шиеленісу, ақырласу барысы болатыны сияқты, күй де сол тәртіппен жүйеленетінін байқаймыз. 
 Ал халқымыздың күйлерінің ішінде бөгенайы бөлек «Айтыс күйі» деген күйлер кезігеді, бұлар бейне айтыс ақындары сияқты күйді сол майданда суырып салып жауап беріп отырады, мұнда бір күйші енді бір күйшіні арнайы іздеп барып домбыра тілімен танысып, немесе бұйымтайын домбыра тілімен жеткізеді, мұндайда әріптесі домбыра тілінен (дыбысынан) оның кім, не жұмыспен келгендігін біледі де, өзі де домбыра тілімен жауап береді, сүйтіп таныстық, махаббат, достық, құрмет, сыйластық басталады. Мұндайда кейде таңды-таңға жалғаған күй айтысы басталады. Оған «Еркежанның қызбен айтысы», «Қойкелдінің қыздан жеңілуі» т.б қыруар күй айтысы дәлел болады. Мысалы; Еркежан бір үйдің сыртынан өтіп бара жатып күмбірлеген күй дауысына кідіре қалады, күй дыбысының жетегімен үйге енсе күй шертіп отырған қыз домбырасын тоқтата қойып бейсауат адамға сәлем беріп алып, күйін жалғастыра береді. Сонда қыздың шерткен күйін тыңдап отырған Еркежан қыздың «Қайдан жүрген сері едің» деп шерткен күйіне жауап беруге домбыра кезегін алып «Күйің жетектеп әкелді» деген жауапты күй тілімен қайтарады, ендігі жерде қыз кезегін алып «Жолың болсын мырза-еке» деп шертсе, Еркежан «Кеткім келмей қалған-ай» деп жауап береді. Осы аралықта үйге тыстан енген қыздың әкесі домбыраны қолына алып «Тоқтатыңдар айтысты, құдіреттің күштісі» деп айтысты тоқтатқан екен, міне осындағы айтыс күйлері адамдардың бір-біріне тіл қатып тұрғанындай қысқа-қысқа қайырмамен қоштасады. Күйдің музыкалық тіл екенін баяндайтын тарихтағы Кетбұғаның Шыңғысханға ұлы Жошының өлімін естіртуі. «Бөкен жарғақ» күйіндегі қызға ағасының өлімін естіртуі т.б нағыз дәлел, мұндағы шарт күйшінің қарсыласы шертілген күй тілін ұғып өзі де жауап бере алатын қабілетке ие болуы тиіс. 
 Күй бәсекесі деген болады, мұнда екі күйші бірінің шерткен күйін белгілі жерге келгенде екінші күйші жалғастырып кетуі керек. Бұл «Сен білген күйді менде білемін» дегенді білдіретін күй бәсекесі арқылы жастардың дарынын ұштап, өнерге ынталандыратын жарыс. 
Халқымыз дыңғырлатқанның бәрін күй санамаған, күй өнерін өте биік талғаммен сезіне білген, күйдің құрылымы мен көркемдік тазалығына аса мән берген. Мәселен, Сүгір қайда жүрсе де жанқалтасына немесе арнаулы дорбаға тиек толтырып алып жүреді екен, онысы барған жерде шертетін әр күйіне сай тиегі болады деседі. Тиекпен домбыраның құлақ күйін барынша теңшеп барып күй шертетін болған, ал Құрманғазы күй шерткенде алдына келген домбыра жақпаса күй шертуден бас тартқан, сондықтан қашанда өз домбырасын бірге алып жүріп, шерткен күйінің ырғағымен бірге теңселіп, қимылдап, құйрығымен жорғалап, бірде төрде, бірде есік көзіне дейін жылжып шертетіні айтылады. Бұдан домбырасының құлағына көбелек қонған күйшінің ақ орданы күймен тербеткеніне, әлемді күй шанағына сыйғызған күй құдіреті арқылы аспандағы аққуды көлге қондырғанына, көлдегі қоңырқазға үн бітіргеніне иланасыз. Қазақ халқының музыкалық қабілеті аса нәзік, өте мықты болғанын түсінесіз. Халқымыздың күйден жеріп, күй құдіретін сезіне білмейтін жандарды «сиырдың құлағына домыра шерткенмен бірдей» деп сипаттайтыны да осыдан болар. 

Байахмет ЖҰМАБАЙҰЛЫ

3784 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз