• Ел мұраты
  • 25 Желтоқсан, 2023

Тұрмыстық зорлық- зомбылықтың себебіне үңілсек...

Соңғы кездері қоғамда әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа жол бермеу жөніндегі талап-тілектер жиіледі. Оған себеп болған оқиғалар осы мәселеге жіті назар аударуды қажет етіп отыр. «Алапаты қайтқан, тарих сахнасынан, санаттан кетіп, құлдыққа түскен елдің еркектері қатын сабағыш болады. Осылайша мемлекетті ұстап тұрған алтын діңгек – отбасы күйрейді. Мұндай шаңырақта дүниеге келген бала не көріп өседі? Сиықсыз, қораш өмір, ақылсыз әке, бейшара ана. Ақырында көңілі тапталған бала басқаның асылын таптап өседі» деген екен жазушы Таласбек Әсемқұлов. Өкінішке қарай, әйелдерді күнге емес, күңге теңейтін адамдар кездесетіні жасырын емес. Оған дәлел – сайраған статистика. БҰҰ мәліметіне сәйкес, жыл сайын күйеуінің не серігінің қолынан қаза табатын қазақстандық әйелдердің саны жүздеп саналады, оның ішінде қате тиген таяқтың салдарынан сал болып қалғандар да аз емес. Бас прокуратура өкілі Марат Әбішевтің сөзіне сенсек, еліміздегі әр үшінші әйел тұрмыстық зорлықтан жапа шегеді екен. Қазақстан ІІМ биыл мамырда жариялаған мәліметі бойынша, елде жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 35 мыңнан астам арыз-шағым келіп түскен. Әрине, бұл 35 мың әйел – үрейін жеңгендер. Жеңе алмағандары – ащы зарын ішке жұтуда. Демек, күн тәртібінде шешімін әлі таппай тұрған ең үлкен мәселенің бірі де осы деген сөз.

 

«Қызылорданың Жосалы кентінде айтқаныма көнбеді деп, әйелін атпен сүйреп өлтірген», «Күйеуі, енесі, қайынағасынан 11 жыл бойы таяқ жеген келіншек 3 баласымен бірге асылып қалған», «Ортақ мүлікті бөлісуге келіспеген ер адам әйелін 18 жерден пышақтап өлтірді», «Ажырасудан бас тартқан еркек жұбайының үстіне бензин құйып, өртеп жіберген»... Иә, бұл жантүршігерлік жаңалықтарды күнбе-күн көзіміз шалып қалатыны рас. Өкінішке қарай, аманаттап алған асыл жарына қол көтерудің себебі туралы айтқанда, «бәлкім, әйелдің өзі кінәлі шығар» деген пікірлер де қылаң береді. Жалпы, мұндай пікірлер адам өлтіргенді де ақтауға болады дегенге саятындай. Бұл туралы психолог Айгүл Нұрхожаева былай дейді: 
– Әйел адам ерінің анасына сөйледі ме, өзіне қарсы жауап қайтарды ма, тіпті ең сұмдығы көзіне шөп салды ма, қандай жағдайда да әйелінің жанын алуға ерінің хақы жоқ. Әйелін ұрған ер адамды ешқашан ақтауға болмайды. Бір рет сүйекке дейін сездіртіп ұрды ма, демек қашу керек. Жалпы, психологтар әрдайым отбасын сақтап қалуға кеңес береді. Бірақ таяқтаған жағдайда емес. Иә, менталитет, психология, заңның әлсіздігі, әйелдердің төменшіктеп тұратыны, діннің басып тастайтыны бар. Қол көтерудің себептері көп болуы мүмкін. Бірақ таяқ жеп, жаны ауырып отырған әйелге себебін іздеп қажеті жоқ. Оны тек «Бас сынып, көз шығып жатқан жоқ, шыдап жүріп қойғызармын деп, қабір құшпаймын ба? Осындай сұрықсыз өмірді көріп өскен ұл мен қыздың психикасын, денсаулығын һәм бүкіл өмірін құртып алмаймын ба?» деген сұрақтар алаңдатуға тиіс. 
Әлімжеттік көрсету бұрыннан бар ма? 
Тарихтан тағылым алып, тамыр тартсақ қазақта Тұмар ханшайым мыңдаған әйелден армия құрып, майданда өлімнен қорықпай батыл шайқасқан даңқты, әділ һәм ажарлы әйел бейнесінде қалған. Одан кейін ел басқару ісіне араласып, бірлікті сақтап қалу жолында арпалысқан қайраткер, дипломат Бопай ханым, Гаухар ханым, Айбике ару, Ботакөз батыр, Бақтықыз секілді әйелдердің тұлғалық бейнесі бір төбе. Бұл туралы жазушы Ғабит Мүсірепов: «Қазақтың әйелдері ешқашан үлпілдеп мамықтың үстінде отырған емес. Қыс қыстауда, жаз жайлауда аттың жалында, түйенің қомында өмір сүрген. Қос етек көйлегін киіп, бұралаңдап бір-екі мәрте жүрген шығар. Бірақ қазақ тарихында жорықтар көп болғандықтан, қазақтың қыздары жау шапты дегенде бөркі мен тері шалбарын кие сала, қаруын алып жауға қарсы тұрған»,– дейді. Яғни ерлікті тек ер-азаматтар жасамаған. Қазақ қыздары мен аналары дариядай ақылымен және күш-қайратымен шаршы топта әрқашан жол бастаған. Ендеше тарихтағы қазақ әйелдерінің орны биік болса, бүгінгі әйелдердің аманаттап алған азаматтарынан әкесінің құны кеткендей таяқ жеп, өлім құшып жатқаны қалай? Біз қай жерде қателестік?
Бұл туралы феминист Әйгерім Құсайынқызы бүй дейді:
– Зорлық-зомбылық Кеңес үкіметінің кезінде өршіп кеткен. Соның бір себебі алкогольді ішімдік ішетін ерлер санының көбеюіне тікелей байланысты. Кеңес үкіметі азаматтарды аздырып-тоздыру мақсатында араққа бейімдеді. Бұл туралы Смағұл Елубаевтың «Ақ боз үй» атты кітабында «1940 жылдары НКВД қызметкерлері, ауылнайлар өздерінің орыс бастықтарына еліктеп, орысша сөйлеп, арақ ішкен. Төрт жыл бойы күнде ішілген арақ бойға сіңген соң, араққа аңсарың аумағанда қайтесің?» делінген. Яғни, арақ ішкен азамат үйінің берекесін алып, келіншегіне қол көтере бастаған. Сонда қазіргі ер-азаматтар Кеңес үкіметінің санаға сіңген теріс әрекетін әлі күнге тастамай жүр деген сөз. 
Отбасында әйелге қол көтеруді ислам діні де құптамайды. Бұл жөнінде дінтанушы Айдана Көпберген: 
– Тарихқа қарасақ, Ислам діні келгенге дейін, әлемде әйел баласының кемсітіліп, көп қағажу көргенін байқаймыз. Әйел затын қорлықта ұстау, адам қатарында санамау, арын аяққа таптау, туған әке-шешесінің мұрасынан қағу сынды әдеттер кейбір халықтарда болды. Ұлды артық көріп, қыз баланы асыраудан қашу, аруларымызды бетке шіркеу, сүйекке таңба санау әрекеттері әйелді адам, тұлға ретінде санамауға әкелді. Қазір шала діншілдер «Ниса» сүресінің 34-ші аятын айтады. Онда «әйелдеріңді ұрыңдар» деп нақты айтылған. Біздің кейбір азаматтарымыз осы аятты жаттап алған. Бірақ исламдағы әйелдің дәрежесінің қаншалық биік екенін мойындағысы келмейді. Еркек пен әйелдің бір ғана айырмашылығы бар. Ол – бала туу. Ал теңсіздік деген – миф. Яғни әйел мен еркектің билогиялық айырмашылығы ғана бар. Түрік қоғамында Ататүрік келгенге дейін әйелдерде білім алуға деген құқық болған жоқ. Ататүрік қыздардың хиджабын шешіп, қолдарына оқулық ұстатып, «білім алуға тиіссіңдер» деп үйретті. Білім алмаған әйелде «мен» деген түсінік болмайды. Ал өз «мені» жоқ әйел ұрпағына қандай тәлім-тәрбие бермек?! – деп пайымдайды. 
Әйелдерді қорғайтын заң әлсіз бе? 
Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың оқиғасынан кейін қоғам дүр сілкінді. Жараның аузы жарылды. Президент салалық ведомство басшыларымен кездесіп, консультациялар өткізді. Мемлекет басшысы: «Заң мен тәртіп бұзушылықтың кез келген түріне төзбейтін әрі оны қатаң айыптайтын жағдай қалыптастыру керек», – деді. Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі соңғы үш айда тұрмыстық зорлық-зомбылық 4 есе көбейгенін тілге тиек етті. Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова депутаттық сауал жолдап, зорлық-зомбылықты қылмыс деп тануды және қылмыскерлерді қатаң жазалауды сұрады. Нәтижесінде Мәжіліс отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнамалық түзету енгізіп жатыр. Десе де көңілде күдік жоқ емес. 2009 жылы жарияланған Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы заң – заңсыздыққа тыйым сала алмады. Біздің қоғам бұдан кейін қабылданатын заңнамалық түзетулерден қандай өзгерістер күтеді? Қатаң заң тирандарға тұсау бола ма? Бұл туралы заңгер Бағдат Амандосұлы әңгімелесін. 
– Біріншіден, ер адамның басынуы қыз баланың өзіне де байланысты. 
Қол ұстасып, дос болып жүрген кезінен: «Мен маған қол көтерген адамды ешқашан кешіре алмаймын. Бірінші жұдырық тигеннен құзырлы органдарды шақырып, соттатып жіберемін» деп айтуы керек. Егер жігіттің менталитеті өзге болса, осы сөзден-ақ ат ізін салмасы анық. Екіншіден, әйел адам ештеңеден қорықпауы керек. Қол көтерді ме, полиция шақырсын. Полиция, күйеу, ата-ене, қайын жұрт, бала «арызыңды қайтарып ал» деп етектен тартып тұрса да, соңына дейін істі жеткізгені жөн. Еркек он күн түрмеде жатып шыққаннан қылмыскер атана қоймайды. Оның жұмысына кері әсерін тигізбейді. Бірақ, түрменің аты – түрме. Түрменің аурасы бөлек. Темір тордың иісі мұрнына барып, бойын қорқыныш билейтіні анық. Сол кезде ер адамда: «әйеліме қол көтерсем, көретін күнім осы екен ғой» деген ой пайда болады. Одан кейін екінші рет әйеліне қол көтеруі неғайбыл. 
Үшіншіден, бізде абьюзерлердің тізімі құрылған база жоқ. Бұл база бізге не үшін қажет? Егер ер адам отбасына әлімжеттік көрсететін азамат болса және оның есім-сойы тізімде тұрса, бұл қол көтерушілер санын едәуір азайтады. Себебі, алимент істерінде жалтарып жатқан жағдайда тізімде бар екені анықталса, алимент мәселесі тез шешіледі. Немесе екінші рет үйленетін азаматты болашақ келіншегі тізімде бар-жоқтығына қарай таңдайды.
Төртіншіден, әйел адам құзырлы органдарға қоңырау шалғанда шағымды қабылдап алушы, істі ары қарай жеткізуші – ер адамдар. Бұндай жағдайда ер адамның ер адамға болысатыны айдан анық. Сондықтан бізге тұрмыстық зорлық мәселесіне келгенде бұл іспен әйел полицейлердің айналысқаны жөн. Одан бөлек, әйел полицеймен бірге психологтың да келгені дұрыс. Өйткені психолог істің қаншалықты насырға шапқанын анықтап, әйелдің психологиялық хал-ахуалына баға береді. Нәтижесінде психологтың арқасында іс сотқа дейін жетуі керек, – дейді заңгер.
Жалпы, қайткен күнде де бізге қатаң заң ауадай қажет. Мәселен, елімізде көлік жүргізуге келгенде – заң қатал. Ішімдік ішкен жағдайда жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Сондықтан азаматтарымыз ішімдік ішпек түгілі көлікте қымызды да тұтынбайды. Бұл заңға бар әлеумет бағынуға мәжбүр. Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай: «Тәртіпке бағынған ел – құл болмайды». 
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, әйелді ұрған еркек өмірден жеңіліп өтеді. Ата-бабамыз ежелден «Әйелді ұрма – сағы сынады, баланы ұрма – бағы сынады» деп ұрмай-соқпай-ақ ақылмен басқара білген. Әдетін қоймаса, құтырғаннан құтылған жақсы. Ендеше мемлекеттік дәрежедегі кезек күттірмейтін стратегиялық өзекті, тағдыршешті мәселенің түйінін шешуге бейжай қарамау – әрбіріміздің міндетіміз. 

Ақгүл АЙДАРБЕКҚЫЗЫ
 

3812 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз