• Ел мұраты
  • 29 Қаңтар, 2024

Қазақстанның сот жүйесі мен төрелігіндегі мәселелер

Советхан СӘКЕНҰЛЫ, 
Алматы қалалық сотының судьясы

 

Заман талабына сай, қай салада болса да тиісті реформа жасау жалпы жақсы үрдіс. Алайда, барлық реформа атаулы барынша қысқа мерзім ішінде нақты нәтижелерге қол жеткізу мақсатында жүргізілуі тиісті деп ойлаймын. Өкінішке қарай, тәуелсіздік жылдары саны бар сапасы жоқ, аты бар заты жоқ қаншама реформа тұңғиыққа кетті, оларға кеткен қисапсыз қаржы желге ұшты, бірақ  нәтижесі болымсыз, халыққа, елге пайдасы шамалы болды. Ал сот жүйесін алатын болсақ, мұндағы реформалар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай халықтың сот төрелігіне деген сенімін қалпына келтіруге бағытталғаны белгілі. Қазіргі мемлекет басшысының сот жүйесінің алдына қойып отырған маңызды міндеттердің бірі – судьялар корпусын жаңартып, жасақтау үшін  білікті кадрлар тарту. 
Қай реформа болмасын, ол ең бірінші, ғылыми және эмпирикалық талдауға негізделу керек емес пе және басқа мемлекеттердің сот жүйесіндегі озық үлгілерінен, бай тәжірибесінен біздің менталитетке, ұлттық мүддемізге  сай келетін жақсы жақтарын таңдап алғанымыз жөн ғой?.. Мысалы, қазіргі судьялыққа үміткерлердің өту тәртібі күрделі әрі  қиын. Соның салдарынан, бүгінгі күні жергілікті соттарда штат бойынша 330 судьяның  орны бос тұр, бұл дегеніңіз 12% вакансия. Кадр жетпеген соң,  қазір жұмыс істеп жатқан судьяларға артылатын жүктеме де көп болатыны жасырын емес. Істің көптігі оны қарайтын судьялардың санына сәйкес келмегендіктен, қабылданған үкімдер мен сот шешімдерінің сапасы, әлбетте, дұрыс болмайтындығы белгілі. Ал әрбір істің артында – адам тағдыры, оның конституциялық хұқы тұр дейтін болсақ, бұл саладан ештеңе аямаған жөн. 
Мемлекеттің болашақ тағдырын дұрыс кадрлар ғана шешетіндіктен, бұл  мәселеге өте мұқият, аса ыждағатпен қарауымыз керек. Осы тұрғыда айтар ұсынысым, Жоғары Сот Кеңесі жанында кадрлар резерві жөніндегі комиссия бар. Бұл комиссияның құрамы көпшілігі Жоғарғы сот басшылығына бағынышты жұмыс істеп жүрген судьялардан құралған. Сот кадрларын үміткерлер арасынан таңдап, іріктеп алатын осы комиссия болғандықтан оның құрамы негізінен отставкадағы парасатты, принципшіл, қайсар мінезді судьялардан тағайындалса, не сайланса дұрыс болар еді. Себебі, олар біріншіден, Жоғарғы соттың басшылығына бағынышты емес болады, пікірлерін ашық айтады, екіншіден, өмірлік және кәсіби тәжірибесі бай,  заң саласының білікті, білімді мамандары. Комиссияның әрбір мүшесі үміткерлер арасынан судьялыққа  іріктеп, таңдау кезінде, пікірін негіздеп, ашық айтып, дауысын ашық бергені дұрыс. Соның бәрі таспаға жазылуы керек. Кейін таңдалған үміткердің немесе судьяның қайсысы жақсы маман болды, ал қайсысы ұятқа қалдырды деген мәселе төңірегінде талдау жасап отыруға, әрі  кадр таңдауда белгілі бір қателікті болашақта жібермеуге дайын бай тәжірибе жинақталар еді. Таңдаған, дауыс берген кандидаты дұрыс болмаған жағдайда, белгілі бір жауапкершілік қарастырылғаны, ал дұрыс мықты мамандық иесі болса, оның марапатталғаны абзал. 
 Сонымен қатар, Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның құрамын да осындай тәртіппен қалыптастырған жөн деп білемін. Әрине,  судьялар корпусын жаңартып, жасақтау үшін оған білікті кадрлар тарту, құптарлық іс. Алайда, демократияның атасы, заң үстемдігінің үлгісі саналатын АҚШ-та судьялар 70-80 жасқа дейін жұмыс істейді. Бізде де жоғары білімді, білгір, бай кәсіби тәжірибесі бар, денсаулығы мықты 63-жастан асқан судьялар неге 70-75-жасқа дейін істемеске?  Оған не кедергі! Керісінше, жас судьялар мен сот мамандарына өзінің өмірлік тәжірибесін, жинаған білімін бермей ме, тәлімгерлік етпей ме?.. Кезінде осы бір жақсы үрдіс өзінің оң нәтижесін, нақты пайдасын бергеніне көбіміз куәміз. Бұл  жиналған бай сот тәжірибесінің келесі жас буынмен сабақтастығы, тамырластығы, арасының үзілмеуіне себепкер болар еді. Мықты білім, бай кәсіби тәжірибе жинау ұзақ уақыт еншісінде екені бәріне белгілі нәрсе емес пе?..
Әсіресе, судьялыққа үміткер тұлға бұл лауазымға дейін тергеуші,  адвокат, прокурор болып қызмет істеген, өмірлік те, кәсіби білімі бойынша да тәжірибесі мол  тұлғалардан немесе үлкен мекемелерде заңгер қызметін атқарған, не құқық қорғау органдарында сот қызметіне байланысты, соған қатысты мамандықтарда өзін білімді, білікті заңгер ретінде көрсете білгендердің арасынан көбірек таңдалса, нұр үстіне нұр болар еді.  Ол үшін, үміткермен бірге қызметтес болған, оны адами, кәсіби жағынан жақсы білетін екі-үш беделді азамат пен заңгерлер немесе тікелей басшылары жазбаша ұсыныс /рекомендация/ берсе және де рекомендация берген адам сонысына белгілі бір дәрежеде жауапты болса. Егер үміткер үлгілі судья болып жатса, ұсынған адам марапатталып отырса.
 Ал қазір шындығын айтқанда, судьялыққа үміткерлерді даярлауға бағытталған жұмыстар жүргізілмейді, өңірлердегі заң университеттері мен адвокаттық қауымдастықтарымен, нотариалдық палаталармен, сондай-ақ өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жоқ секілді, назардан тыс қалған.
Соңғы кездері судьялық лауазымға кәсіби және өмірлік тәжірибесі жеткіліксіз, көбінесе сот жүйесінің қызметкерлері ғана алынып жатыр. Менің жеке пікірім, тергеу қызметінде болмаған, мықты прокурор, мықты адвокат болып істемеген маманнан жақсы судья шығады  деп айту қиын-ақ.  АҚШ-та болған сапарымызда куә болғанымыздай, негізінен, таңдау осындай жолмен жүргізіледі екен. Соңғы 3 жылдың мәліметтеріне сүйенер болсақ, алғаш рет тағайындалған судьялардың 65 пайызы сот жүйесінің қызметкерлері, олардың басым көпшілігі сот отырысының хатшылары. Оған себеп басқа саланың қызметкерлерімен кадр мәселесі жайында жұмыс жасалмайды, олармен тығыз байланыс жоқ. Ресми мәлімет бойынша  жылына 60-тан  90-ға дейін судьялар /отставка мен зейнетке шыққандарды санамағанда/  лауазымдарынан әр түрлі себептермен босатылуы кадрлардың сапасыз дайындалып жатқанының белгісі емес пе?
Қазіргі таңда сот хатшылары көбінесе, бейне, дыбыс жазу құралдарын қосумен, техникалық жағынан және сот процесіне қатысушыларды сотқа оффлайн, не онлайн қосуды қамтамасыз ету жұмыстарымен айналысады. Материалдық, процессуалдық және басқа заңдарды әрі оларға жиі енгізіліп жатқан  өзгерістер мен толықтыруларды жұмыс істеу барысында тұрақты оқып, үйреніп жатқан хатшыларды өз басым  көрмедім. Барлары өкпелемес. Ал сот өндірісіндегі ең басты үш қағида – ол заңды дұрыс түсіну, дұрыс қолдану, дұрыс түсіндіру. Осы үш қағиданы түпкілікті меңгеріп, түсініп алған маман жақсы заңгер болатынына шүбәм жоқ.   
 Сондықтан, негізінен, тергеуші, адвокат, прокурор болып қызмет істеген, өмірлік те, кәсіби білімі бойынша да тәжірибесі мол  тұлғаларды көбірек алуды заңмен белгілеу және оны нақты  іске асыруға шара қолдану керек деп санаймын. Ал судьялық мамандыққа қандай адамды таңдау керек деген сұраққа, біріншіден, таза, иманды, адамгершілігі мол тұлғаны, екіншіден, білімді, білікті, көркем мінезді, құдайдан қорқатын адамдарды айтар едім. Таза адамның қай жерде де  жүзі жарқын.  Жақсы соттары бар ел – бақытты ел. Өкінішке қарай, кейінгі кездері соттар пара алды, ұсталды, сыбайлас жемқорлыққа қатысты деген сөздерді естіп те, көріп те жүрміз. Ашық жазылып, қылмыстық істер қозғалып жатыр. «Ет бұзылса тұз себерсің, ал тұз бұзылса не себерсің» дегендей, адам құқығын қорғайтын, мемлекетте тәртіп орнататын заң органының өзі заңды бұзып, Әділдіктің ақ туын ұстағандар осылай болса, онда айтуға сөз жоқ. Әділдік іздеген, құқығы тапталған жанның ақырғы үміті, соңғы сенімі осы сот болса басқаларды не деп айыптаймыз? Істі қалай жүргіземіз?  
Сот билігі мемлекеттік биліктің бір тармағы екені дүйім жұртқа белгілі. Сондықтан да сот төрелігін әділ жүргізу қоғамды, елді, адамдарды жақсылыққа апаратын  төте жол демекпін. Демек, өте үлкен жауапкершілікке тиісті жалақы да болғаны абзал. Мысалы, көршіміз Ресей мен Түркиядағы біз сияқты судьялар бізден екі-үш есе артық жалақы алатыны белгілі. Қазақстан – жерінің асты да, үсті де байлыққа тұнып тұрған бай-қуатты ел. Соны тиімді пайдаланса, республика бойынша саны 2700-дей болатын судьяларды ешнәрсеге алаңдамайтындай етіп материалдық жағдайын қамтамасыз етуге болады ғой. Себебі, «сананы тұрмыс билейді» деп К.Маркс айтқандай, егер алар жалақысы жоғары болса, өз отбасының мұқтаж-талаптарын белгілі бір мөлшерде еркін қанағаттандыра алса, онда ар-ұятты ойлайтын саналы судья жемқорлықтың, парақорлықтың  ауылынан  алыстау  жүретіндігіне  кәміл  сенімім бар. Қазақтың ғұламалары айтып кеткен: «Халыққа бай құт емес, би құт», «Ханда қырық адамның ақылы болса, биде қырық адамның ары мен білімі болады» деген тәмсіл бар.  Осы даналық сөздерден  елдің, жұрттың алдында судьяның орны да, қызметі де зор екенін анық байқаймыз. Судья, би, шын мәнінде, мемлекет пен қоғамның, заң саласының  ірі тұлғасы емес пе? Демек, судьялық қызмет, құқықтық-демократиялық елді құру және дамыту барысында, әділ заң негізінде дұрыс билік ететін, әрі сот актісіне соңғы болып нүкте қоятын, заң саласының ішіндегі ең шоқтығы биік, жауапкершілігі өте зор, мәртебесі бөлек мемлекеттік лауазым деп есептеймін. Сондықтан соттар тәуелсіз болу  керек, ол үшін оларды тек сайлау керек. Тіпті бәрін сайлау мүмкін болмаған жағдайда, онда соттың төрағаларын, алқа төрағаларын сот корпусы 2 жыл мерзімге жасырын дауыспен өз ішінде сайлап, оны Жоғарғы Соттың төрағасы бекітсе. Ол қызметтен негізінен, заңды өрескел бұзған жағдайда, не сот әдебіне қайшы келетін әрекеттер жасаған кезде ғана босаса. Ал соттың, жалпы сот жүйесінің абыройы мен беделі әрбір судьяның ар тазалығы мен білімділігінен, парасаттылығынан  құрылады  демекпін.
Қазіргі уақытта Мемлекет басшысы сот жүйесін реформалау саласын айтарлықтай ілгерілету үшін судьялардың кәсібилігіне, сот төрелігі мен сот ісін басқарудың сапасына негізделген түбегейлі жаңа тәсілдерге бет бұру керектігін баса айтты. Соның ішінде, Астана қаласында  қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер қарайтын әрқайсысы бойынша жеке-дара Кассациялық сот құру туралы ұсыныс айтылған. Бірден айтайын, аталмыш сот құру туралы ұсынысты қолдаймын. Тек, Астанада емес. Өйткені, еліміз ұлан-байтақ, жеріміз үлкен. Әр аумақты қосатын ыңғайлы жол жоқ, логистика оңтайлы деуге келмейді. Сот орбитасына қосылатын алыстағы адамдарға бұл қолайсыз. Ал сот процесіне мүмкіндігінше тікелей оффлайн  режимінде, былайша айтқанда, тірідей қатысқандары дұрыс. Осы тұрғыда, шағымданған әр азаматты, прокуратура мен адвокатура өкілдерін Астанаға  алдыру ыңғайсыз, жол қаражаты да оңай емес. Сондықтан кассациялық сотты төрт аумақта құрып, қалыптастыру – озық шешім болар еді деп ойлаймын. Ал, Жоғарғы соттың құрамын 10-15 судьядан тұратын қылып қалдырып, мемлекеттік маңызы бар істерді, сонымен қатар,  біркелкі сот тәжірибесін қамтамасыз ету, қалыптастыру мәселесін қарап, заңдарды дұрыс түсіну, дұрыс қолдану, дұрыс түсіндіру жайында норматворчестволық қызметпен айналысса  жөн болар еді. 
 

1896 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз