• Ел мұраты
  • 29 Қаңтар, 2024

ӨЗГЕРІС ФИЛОСОФИЯСЫ

Дәуіржан ЖҰМАЖАНҰЛЫ
«Aqiqat»

Дүниеде өзгермейтін еш нәрсе жоқ. Бәрі де өзгереді, бәрі де бір қалыптан екінші бір қалыпқа ауысады. Философиялық тұрғыдан пайымдайтын болсақ, бұл – өмірдің заңдылығы. Қоғамды алға жетелейтін, жалпы бүкіл қоғамдық үдерістерді алға сүйрейтін ықпалды күш бұл – өзгеріс күші. Қазір біз өзгеріс туралы көп айтып жүрміз. Заман, қоғам, сана-сезім өзгерді дейміз. Өзгеріс болмаған жерде тұйықталу болады. Өзгеріс болмаған жерде даму, өркендеу, өсу болмайды. Демек, өзгерісті адамның табиғаты, ішкі дүниесі бәрібір де қалайды. Мысалы, соңғы екі-үш жыл мұғдарында біз елімізде осындай өзгерістерді сезіне бастадық. Саясатта, экономикада, заң саласында, қоғамдық қатынастарда көптеген игі өзгерістер орын алып жатыр. Мұның барлығы өздігінен, жайдан-жай болып жатқан дүниелер емес. Оның әрқайсысының себебі, қозғаушы күші бар. Өзіміз тілге тиек етіп жүрген «Әділетті Қазақстан» ұғымы да осындай өзгерістерден туындаған ұғым. Бұл бұрынғы қатып-семіп қалған, тұралаған көзқарастар мен таптаурындарға жасалған пәрменді соққы. 

 

Шынтуайтына келгенде, біз әділеттілік арқылы көп нәрсені жеңеміз. Алынбайтын қамалды аламыз. Бағынбайтын белесті бағындырамыз. Бұл жақсы өзгерістердің баянды бастауы. Әділеттілік бар жерде қара ниетті күштер артқа шегінеді. Олар түбегейлі жоғалып, жоқ болып кетпейді. Қайтсе де бұрынғы тұғырымызға қайта қонамыз деп талаптанады, талпынады. Өзгеріс философиясының бір мәнісі – мұндайға ешуақытта жол бергізбеу, мүмкіндік туғызбау. 
Жалпы, кез келген оң өзгеріс қиын­дықпен, қарсыласумен орнайды. Қоғамда оң өзгерісті қолдайтын топтар болады, қолдамайтын топтар да болады. Өйткені, жақсы өзгерістердің түбінде әділеттілік, тазалық, мемлекетшілдік, отаншылдық деген ұғым-түсініктер жатады. Бұларсыз бірде-бір жақсы идеяны, сарабдал ойды іске асыру, өміршең ету мүмкін емес. Осы принциптерді ұстанып өмір сүрген қоғам жақсылыққа қарай қалай өзгергенін өзі де байқамай қалады. 
Жақсы өзгерістердің игілігін сезінген қоғам одан ешуақытта бас тартпайды. Қайта қоғамда болып жатқан барша жақсылықты әрі қарай ілгерілетуге, тұрақты етуге бастамашы болады. Өзгеріс философиясының келесі бір мәні – заман талабын сезіну. Бүгінгі заман, бүгінгі уақыт қандай? Ол бізден нені талап етіп отыр? Осы сұрақтарға ой жүгіртіп, тұшымды жауап іздей келе, өзгеріс философиясының идеясын міндетті түрде заман ыңғайымен байланыстыру, сабақтастырудың өз мазмұны бар. Өйткені, өзгерістің өзі заман айнасын білдіретін ұғым. Заман өзгерісті қалайтындықтан біздер өзгерісті заман талаптарына толыққанды жауап беру үшін жасайтынымыз анық. Олай болса, өзгеріс дегеніміз жаңаша ойлау деген сөз. Басқа жолға, басқа сүрлеуге түсу. Бұл да оңайшылықпен жүзеге асатын үрдіс емес, әрине. Оған көп дайындық керек. Ол үшін қоғамдық сананы өзгерту керек. Осының барлығы адамның жан-дүниесін өзгерісті қабылдай білуге, түйсінуге, қажет деп ұғынуға, соған сай әрекет етуге бағыттау қадамдарымен тығыз байланысты. 
Өзгерістің белгілері көрініс бере бастаған кезде заманның жаңаша бір лебін сезеріміз хақ. Мұндай кезде қоғамдық көңіл-күй, әлеуметтік болмыс өзгеріп, адамдар өнімді еңбек етуге, тек қана заң қағидаларымен өмір сүруге, заң бұзушылықтарға төзбеуге, ақты ақ, қараны қара деп айтуға құлшынып айқын мақсаттарға кіріседі. Бір сөзбен айтқанда азаматтардың әлеуметтік белсенділігі артады. Азаматтық қоғамның рөлі күшейеді. Билік институттарын бақылау, қадағалау белең ала бастайды. Мұның барлығы өзгерістің нышандары. 
Өзгеріс философиясының келесі бір мағынасы – елге пайдасы тиетін жаңашылдықтарды дұрыс қабылдап үйрену, оларды ой елегінен өткізе отырып, қоғамдық қатынастар жүйесіне кеңінен таралуына ықпал ету. Өзгерістерді қоғам игілігін арттыратын, адам баласының жаңа құндылықтарын қалыптастыратын дүние деп білсек, онда өмірімізге еніп жатқан әрбір өзгерісті дамудың жоғары сатысына шығудың заңдылығы деп түсінсек болады. 
Өзгеріс философиясы, әлбетте, өзді­гінен қанат жайып кете алмайды. Оны жетелейтін күш – адамның ақыл-ойы, білімі мен білігі, іскерлігі, т.б. қасиеттері. Демек, әрбір адам, әрбір индивид өзгеріс философиясының идеясын, ішкі мәнін өз жүрегіне ұялатып, барлық іс-әрекетін сонымен байланыстыра білсе, құба-құп. Әлеуметтік ортада талқыланатын мәселелер, ортаға салынатын ойлар, жасалатын тұжырымдардың дені ұлт сапасына, қоғамның дамуына, тұрмыстың жақ­саруына, адамдардың рухани өсіп-жеті­луіне, мемлекет іргетасының ныға­юына қатысты өрбитіні белгілі. Осылардың түп негізінде өзгеріс философиясына деген жан қалауы жатыр. Өткен отыз жылдық кезеңді сана сарабына, ой безбеніне салғанда, халықтың пайдасына қарай жасалған өзгерістер аз болды. Қарапайым халық көптеген игіліктерден сырт қалып, мемлекет байлығының рахатын аз ғана топ өкілдері, солардың айналасында жүргендер көріп келді. Дүниеқоңыздық, ашкөздік тіпті ушығып кетіп, кез келген мемлекеттің басты байлығы – жерді сатуға дейін әкелді. Мыңдаған гектар жерлерді иемденіп алған латифундистер халықты бұл игілігінен де ажыратты. Президент Қ.-Ж.Тоқаевтың саяси реформаларынан кейін көп мәселе оң шешімін тауып, көп салада әділеттілік қағидалары іске асырыла бастады. Жоғары билік жақсы өзгерістерге жол ашты. Кері кеткен көп дүниені қалпына келтірді. Олай болса, өзгеріс философиясының келесі бір мағынасы – биліктің оң өзгерістерді жасауға деген нақты қадамдары. 
Бюрократиядан арылу, шенеуніктерді, мемлекеттік қызметшілерді тәрбиелеу, әлеуметпен тіл табыса білуге үйрету – өзгеріс философиясының бір ғана, бірақ аса маңызды қыры. Әрине, ескі жүйені аңсаушылар мен жақтаушылар өзгеріс философиясын қуаттай қоймайтыны түсінікті. Өйткені, өзгеріс философиясы бұрынғы қасаң ұғым-түсініктерді өмір мен саясат сахнасынан ығыстырып шығарады. Ал бұл ескі жүйені жақтаушыларға ұнай қоймасы анық. 
Кешегі қасіретті Қаңтар оқиғасының өзі елдегі саяси өзгерістерге деген белгілі бір топтардың қарсылығын көрсетті. Демек, өзгерістерге қол жеткізудің өзі үлкен күш пен табанды қайрат-жігердің арқасында орнайтынын айттық. 
Иә, Президент идеяларынан бастау алып жатқан өзгерістер саяси реформалар арқылы әділеттілік принциптерін заң жүзінде орнықтыруға мүмкіндік берді. Әрине, алда атқарылатын жұмыстар ұшан-теңіз. Тиісті заңдар қабылданып жатқанымен, соған сай қоғам психологиясын өзгерту, өзгеріс философиясына бейімдеу оңайға соқпасы белгілі. Бұл бағытта қоғамдық талқылаулар, түрлі деңгейдегі пікір алмасулар, саяси, мәдени, әлеуметтік тақырыптарды арқау етерлік іс-шаралар ауадай қажет. Заң заң үшін емес, азаматтардың өмір сүру игіліктерін арттыру үшін, қоғамда дұрыс ахуал қалыптастыру үшін, барлық көкейкесті мәселелерді өркениеттік жолдармен шешу үшін жазылатыны анық. Саяси реформалардың нәтижесін осы арқылы көріп, пайымдауға болады. 
Қорыта айтқанда, өзгеріс философиясы соншалықты бір күрделі ұғым емес. Ол бар болғаны жүріп жатқан өзгерістердің мәнін ұғынып, жақсылықтарды жоққа шығармай, ортақ игіліктердің көбеюіне қоғам болып та, жекелей де атсалысу. 
 

1978 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз