• Ел мұраты
  • 26 Ақпан, 2024

Табиғи уақытқа көшу неге кешеуілдеп келеді?

Төреғали ТӘШЕНОВ
«Aqiqat»

 

29-ақпаннан 1-наурызға қараған түні Астана, Алматы, Шымкент қалалары және он екі облыс тұрғындары уақыт тілін бір сағатқа кері жылжытады. Не үшін? Одан не ұтамыз? Пайдасы қандай? Зияны жоқ па? Түсінікті болу үшін рет-ретімен баяндайық. 
 Әдетте біз уақытты «ұры» деп жатамыз. Ол түсінікті. Ал сол уақыттың өзі де ұрланады екен. Естеріңізде болса, кеңес одағы тарқардан он жыл бұрын, яғни 1981 жылы 1-сәуірде Қазақстанда электр энергиясын тиімді пайдалану деген мақсатпен «жазғы» уақыт пайда болды. Наурыз айының соңғы жексенбісінде сағат тілін жыл сайын бір сағатқа кейін жылжытушы едік. Ал қазан айының соңғы жексенбісінде жазғы уақыт тоқтатылып, сағат тілі бір сағатқа ілгері жылжып «қысқы» уақытқа көшетін.
 

Ширек ғасыр, дәл айтсақ 24 жыл бойы осы жағдайды бастан кештік. Нәтижесі қандай? Балалар тас қараңғыда мектепке баруға мәжбүр болды, ұйқылары қанбағандықтан сабақ үлгерімдері нашарлады. Адамдар уақыттан жаңылысып, табиғи ырғақ бұзылды, қолайсыздық жүйке жүйесіне кері әсер етті, денсаулықтары сыр берді. Құдай оңдап, әр-әр жерде оқымыстылар дабыл қақты. Сол кезде бізде «Салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі Ұлттық орталықтың» тұрғындар арасында жүргізген сауалнама қорытындылары оң әсер берді. Не керек, 2005 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 15-наурыздағы №231 Қаулысына сәйкес «жазғы» және «қысқы» уақытқа көшу тоқтатылды. Тоқтатылғаны дұрыс болды-ау, бірақ «жазғы» уақытта тұрақты қалып қойдық. Тағы да он тоғыз жыл бойы «жазғы» уақытта тұрақтап қалуымыздың зардабын тарттық. Сол кезде дүниеге келген сәбилер қазір ат жалын тартқан азамат болды. Ал дұрысы сол кезде «жазғы» уақытқа емес «қысқы» уақытта тұрақтап қалуымыз керек еді. Енді, міне, кеш те болса сол қателік түзетілді. Енді уақытымыз ұрланбасын! Уақыт енді өзгермейді деп талай рет жоғарыдан уәделер беріліп келген бұған дейін де. Шайлығып қалғанымыз да, қадап айтып жатқанымыз да сондықтан. 

УАҚЫТТЫ АРЫ-БЕРІ «ОЙНАТУ» ҚАШАН БАСТАЛДЫ?

Осы «қысқы» уақыт, «жазғы» уақыт дегенді Жаңа Зеландия тұрғыны, энтомолог оқымысты Джорж Хадсон 1895 жылы ұсыныпты. Ұсақ жәндіктерден коллекция жинау үшін жаздағы күн ұзақтығын тиімді пайдалану қажет болғанға ұқсайды оған. Осы ойын ғылыми қауымның талқысына салып, сағат тілін бақандай екі сағатқа ұзартуды өтінген. Оның әу баста жеке өзінің тәжірибесіне керек болған идеясын экономикасы дамыған елдер іліп әкетіп, өткен ғасыр басында жаппай іске асыра бастаған. Алдымен «қысқы» уақытқа көшу басталған. 2014 жылы көрші Ресей «қысқы» уақытқа көшіпті. Бірінші болып «жазғы» уақытқа соғыс уақытында көмірді үнемдеу мақсатында Германия көшіпті. Осылайша уақытты ары-бері «ойнату» үрдіске айналған. Әу баста бұл шынымен экономикалық мақсаттан туындаса туындаған шығар. Экономика мен саясат қашаннан егіз. Ендеше уақыт белдеуінің саяси жағы жоқ емес деп кім айта алады. Осы орайда төмендегідей тәжірибе еске түседі. 
Қазақ құсбегілерінің қыран құсты қолға қалай үйрететінін білеміз. Түз тағысын бағындыру оңай емес. Ол үшін асау бүркітке «Ырғаққа отырғызу» әдісін пайдаланады. Басына былғарыдан томаға кигізіп, керілген арқандағы балдақ ағашқа отырғызады. Сөйтіп, оған байланған жіпті үш күнге дейін кезек-кезек тартқылап бүркітке тыныштық бермейді. Құлап қалмас үшін балдақ ағашты тегеурінмен қысамын деп бүркіт әбден қалжырайды, ұйқы көрмей, миы шайқалып, ақыры есінен танып құлайды. Осылай есін жоғалтқан бүркіт иесіне оңай бағынады. Осыған қарап уақытты ары-бері «ойнату» да жаһандық билеушілерінің халықты бағындыру, күн мен түннің табиғи ауысу ырғағын әдейі оздыра бұзу салдарымен халық санын реттеу әдісі емес пе деген ой қылаң береді. 
   Алдымызда жарты айдан кейін Рамазан айы келе жатыр. Дін ұстанушылар табиғи уақыттан алыстап кетуімізден көбінесе осы рамазан айында қиналатын. Ашығудан не күннің ыстықтығынан емес. Ендеше қиналыс неден дейсіз бе? Ұйқыдан. Мәселен, Алматыда жаз уақытында таңғы сағат 3-тен өте бере таң рауандайды. Сағат үш дегеніңіз былайынша тас қараңғы түн емес пе. Ал сол жазда кешкі ауызашардан кейін жұрт мешітке барып тарауық намазына қатысады. Одан құптан намазын оқып, мешіттен үйге жетіп, ұйқыға жатам дегенше сағат тілі түнгі 12-ні көрсетіп тұрады. Екі сағат қана ұйықтайсыз. Ал сағат 3-тен өте таң атады. Оған дейін ораза ұстаған жан сәресіге тұруы керек. Үштен кейін де ұйықтап жарытпасы белгілі. Таңғы сағат 5-тен өте шақырайып күн шығады. Ал күн шықпай таң намазын оқып үлгеруі керек. Ары қарай жұмысқа баратын болғандықтан тағы да ұйықтап жарытпасы белгілі. Сонымен басы күні бойы мең-зең болып жүреді. Басқа уақытта да кеш жатып, ерте тұруға қиналатыны тағы бар.
Ал сағат тілі бір сағатқа кері шегерілген соң, Алматыда жаздың қысқа таңы енді бұрынғыдай үштен өте емес, төрттен өте ататын болады. Әрине, өзгерген таңның атуы емес, сағаттың тілі екенін бала да түсінер. Есесіне бұрынғыдай уақытта оянғаныңызбен, жұмысқа тапырақтап асықпайтын боласыз.
Бұған дейін бізден бір сағат кейін айырмашылығы бар Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау секілді облыстарға сапарлап барғандар рахат күй кешетінін айтатын. Асығып-аптықпайсың. Ұйқың қанады. Денсаулығыңа оң әсер береді дейтін. Мынау тұрған Ташкент те солай. Шымкенттен бір сағат кейін. Аталарымыз кезінде Тәшкенге қарап бекер уақыт түзеді дейсіз бе. Қызылорда облысы кештеу болса да табиғи уақытын түзеп алды. Осыдан үш ай бұрын Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында болдым. Таяқ тастам жердегі Түркістан мен Жаңақорғанның уақытында бақандай бір сағаттық айырмашылық бар. Бұл қалай деп енді бас шайқамайтын боласыз. Енді байтақ Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне көшіп отыр. Бұл көп күткен жаңа Қазақстанның жетістігі. 
Еске түсірсек, Қазақстанның сағаттық белдеуі 1930 жылы бір сағат алға жылжытылған. КСРО Халкомдары кеңесінің арнайы декреті бойынша. Декреттік уақыт деп жүргеніміз сол. Электр энергиясын үнемдеуден пәлен пайда табамыз деген мақсатта. Шынымен солай ма, әлде басқаша мақсаты болды ма? Бірыңғай кеңес халқын қалыптастыру үшін жасалынған саяси тәжірибе ме? Оны тыңғылықты зерттеу керек. Осы декреттік уақытқа сәйкес 5-сағаттық белдеудегі Астана, Алматы сияқты қалалардың бәрі көршілес 6-сағаттық белдеудің уақытын пайдаланады. Көрдіңіз бе, осыдан бір ғасырдай уақыт бұрын уақыт белдеуімізде өрескел қателік жіберген. 
Географияға жүгінсеңіз, халықаралық келісім бойынша Жер шары 24 меридиан сызығы арқылы 24 сағаттық белдеуге бөлінгенін көресіз. Белдеулік уақыт АҚШ-та 1883 жылы енгізілсе, КСРО-да 1919 жылы енгізілген. Әр өңірдің уақыты меридиан сызығы бойынша белгіленеді. Мұның бәрі адам өміріне қолайсыздық тудырмас үшін жасалған. 
Жалпы, Қазақстан өткен ғасырдың 60-жылдарына дейін үш түрлі уақытпен жүрген. Мәселен, Батыс Қазақстанда сағат бес болса, Алматыда алты, Шығыс Қазақстан мен Павлодарда сағат жеті дегендей. Кейін Шығыс Қазақстан мен Павлодар уақытын Алматы уақытымен теңестірген. Сөйтіп, үш түрлі уақыттан екі түрлі уақытқа түстік. Ал енді осы бір сағаттық айырмашылықты да жойып, Қазақстан бір ғана уақыт стандартына көшкелі отыр. Бұл, тағы да қайталап айтамыз, көптен күткен үлкен жетістік! 
Осы орайда жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орында тұрған елімізде географиялық уақыт белдеуі әр түрлі болуы заңды шығар дейтіндер болар. Әлемде жер көлемі жөнінен Ресейге жететін ел жоқ. Сол Ресейіңізде де уақыт белдеуін тиімді жағына өзгертіп жатыр. Ал Қытай неге сағатын өзгертпейді? Бүгінде әлемнің 80-ге жуық елі «жазғы» уақытқа көшетін болса, 160 ел сағат тілін мүлдем ауыстырмайды екен. Солар уақыттарын еш өзгертпей-ақ тып-тыныш өмір сүріп жатыр емес пе?! 
Таза географиялық белдеуге сәйкес табиғи уақыт бойынша батыс облыстарда Астана уақытынан таң бір сағат кейін атып, күн бір сағат кейін бататыны белгілі. Әрбір географиялық нүктенің өз заңдылығы бар. Күнді бір мезгілде шығарып, бір мезгілде батыра алмайды адам. Қанша жерден сағат тілін ары-бері «ойнатса» да. Ендеше, табиғи, дағдылы, үйреніскен биологиялық уақытты бұзу адамның тұрмыс-тіршілігіне, көңіл-күйіне, денсаулығына кері әсерін тигізіп, жылдар бойы қалыптасқан өмір сүру ырғағын бұзғаннан басқа ештеңе бермейді. Ендеше осыған дейін географиялық белдеу бойынша табиғи биологиялық уақыттан ауытқу халықтың денсаулығы мен көңіл-күйіне, күнделікті тіршілігіне теріс ықпалын тигізіп, жылдар бойы қалыптасқан өмір сүру ритмін бұзып келді. Соның бәрі уақытты табиғи жарықпен сәйкестендірмегендіктен. 

МЕККЕНІҢ УАҚЫТ ӨЛШЕМІНЕ ӨТСЕК ДЕЙДІ

Дүниежүзілік уақыт өлшемі Гринвичке тастай қатып бағынатыны белгілі. Атақты Гринвич обсерваториясы орналасқан бұл нөлдік меридиан мекені Лондонның нақ түбінде. Корольдік гринвич обсерваториясының негізін 1674 жылы король Карл II қалаған.
Уақыт өлшеміне байланысты арғы Шумер мен Мысыр заманына бармай-ақ қоялық. Бергі замандағы астрономияның алдына қойған іргелі мақсаттарының бірі уақыт өлшеміне қатысты географиялық бойлықты дәл анықтап алу керек болды. Соған сай ағылшындар өз обсерваториясын құрып, әлемдегі ең басты нөлдік меридианды анықтап алды. Бірақ оны бүкіл әлемге мойындату үшін бақандай 200 жыл керек болды. Сағаттық белдеу орнықпай тұрғанда, теміржол кестесін пайдалануда уақыттан шатасып, жаңылғандар көп болды. Бүған біржола нүкте қою үшін АҚШ 1883 жылы қалыпты сағаттық белдеу жүйесін пайдалануды бастады. 
1884 жылы Вашингтонда жоғарыдағы жүйені бүкіл әлемге тарату үшін халықаралық меридиандық конференция болып, дүниежүзілік уақыт Гринвич меридианындағы жергілікті орташа күн уақытымен анықталатын болды. Сөйтіп, Жер 24 белдеуге бөлініп, әрқайсысы 15 градустық бойлыққа ие болды. Бұл табиғи бөлуге сәйкеседі, себебі Жер сағатына 15 градустық жылдамдықпен айналады. 
Егер Гринвичте талтүс болса, шығысқа қарай бірінші белдеуде (Берлин) сағат 13, ал батысқа қарай бірінші белдеуде сағат 11, ал Гринвичтен батысқа қарай бесінші сағаттық белдеуде жатқан Нью-Йоркте таңғы сағат 7, Мәскеуде сағат 15, Астанада сағат 17 болады. 
Гринвичке дейін әр ел уақытқа өзінше иелік етіп, француздар нөлдік меридиан ретінде Парижді, итальяндықтар Римді, португальдықтар Лиссабонды, бразилиялықтар Рио-де-Жанейроны санап келген. Англиядан кейін Гринвич уақытына Швеция, АҚШ, Канада, Сербия кірісті. Санкт-Петербург түбіндегі Пулково обсерваториясын басшылыққа алып келген Ресей халықаралық уақыт стандартына 1919 жылы қосылды. 
Дүниежүзілік уақыт Англиядағы Гринвич обсерваториясына бағынады дедік. Ал шын мәнінде дүниежүзілік уақыт Меккенің сағатына бағынуы тиіс деп жүр озық ойлы ғалымдар. Себебі Жердің магниттік орталығы Қағба тұрған жер екендігі анықталған. 
Ислам елдерінің ғалымдары біраз жылдан бері Гринвич уақытын Меккенің уақыт өлшеміне ауыстыру туралы бастама көтеріп келеді. «Мекке – жер шарының нақ ортасы. Сондықтан бүкіл әлем тек қана Мекке уақытымен жүруі тиіс. Англия кезінде империялық саясаты арқылы Гринвич меридианын төрткүл дүниеге күштеп таңды, енді бұл әрекетті тоқтату керек» деседі. Жердің орталығы Гринвич емес, қасиетті Мекке екені жарты ғасыр бұрын ғылыми түрде дәлелденсе де, әлемдік қауымдастық бұған дайын емес. Лондонның үйреншікті уақытынан ығуын қояр емес. 
Мекке бір замандарда ұшы қиырсыз судағы алақандай ғана жер болған және барлық құрлық сол алақандай жерден бастау алған делінеді діни әңгімелерде. Мысырдағы Каир университетінің география профессоры Хусейн Камалуддиннің ғылыми болжамы бойынша, тұңғыш рет вулкандық атқылау нәтижесінде қазіргі қасиетті Қағба тұрған жерде су үстінде шағын құрлық пайда болған. Біздің 4,7 млрд жыл бұрын Жер пайда болды деп жүргеніміз осы шағын құрлық болуы керек. Ары қарай дәл сол жерден құрлық өз шеңберін кеңейте берген. Ал бұған дейін бүкіл планетаны қалың су басып жатқан. Бұдан бөлек, ғалымдардың ұзақ жылғы есептеуі мен моделдеудің нәтижесінде Қағба мен Мекке жер шарындағы бүкіл құрлықтың нақ орталығы екені дәлелденген. Егер барлық континентті бірге қосатын болсақ, бұған оп-оңай көз жеткізуге де болар еді. 
Бұл ғылыми жаңалық 1977 жылы қараша айында арнайы түрде жария болған-ды. Оқымыстылар Араб түбегі тұрған жерде есте жоқ ескі заманда кейіннен жеті континентке бөлініп кеткен Гондвана деген суперконтинент болғанын анықтады. Палеозой дәуірінде пайда болған бұл суперконтинент мезозой дәуірінің бірінші кезеңіне дейін бастапқы қалпын бұзбай сақтап тұрған. Шамамен 180 миллион жыл бұрын жаһандық тектоникалық процесстердің нәтижесінде Гондвана материгі қазіргі біз білетін формадағы континенттерге бөлінген. 
Мұсылман ғалымдарының анық­тауынша, дәл осы Қағба тұрған орында Жердің магниттік орталығы орналасқан. Оқымыстылардың мұндай шешімге табан тіреуіне, Жердің магниттік белдеуі өзгергенмен, Қағбадағы магниттік орталықтың бұрынғыша өзгеріссіз қала беретіні себеп болған. Оқымыстыларды Жердің кез келген нүктесінен магниттік белдеулердің Қағбаға қарай сымдай тартылып жатуы таңғалдырған. 
Ғалымдар осылайша Жердің шын мәніндегі магниттік орталығы Англиядағы Гринвич қаласы арқылы емес, Мекке арқылы өтетініне көз жеткізген. Гринвич меридианы магниттік белдеулер ауысқанда шатасатын болса, Қағба арқылы өтетін меридиан өз орнынан қозғалмаған. Оның себебі Жердің магниттік осі дәл осы жерде. Яғни Гринвичтегідей секунттық ауытқуларды болдырмай, реттеуді қажет етпей, Мекке аса дәлдікті көрсететін болады. Себебі магниттік белдеулерге тәуелді емес. Нөлдік меридиан дәл анықталса, планетамыздың әр бұрышындағы қасиетті орындардың белгілі бір тәртіппен орналасқанын да білуге болатын көрінеді. 
Ғылым адам денесінде де магниттік меридиандар болатынын, олардың Жердің магнитік белдеуімен сәйкескен немесе қиысқан жағдайында адам организіміне жағымды немесе жағымсыз әсер беретінін анықтап отыр.
 Мұсылмандар намаз оқығанда Қағбаға қарап тәу етіп, ұйықтағанда, тіпті қайтыс болғанда да бетін құбылаға қаратуының бір себебі де осында жатса керек. Қажыға барғандардың Қағбаны жеті рет айналуы да он сегіз мың ғаламның айналуын білдіреді. Электроникадан бастап галактикаға дейін дәл осылайша қозғалады. 
Не десек те, табиғи уақыт заңдылығына бағынғанға не жетсін. Ғалымдар «Адамдарды өзге географиялық уақытымен таңның атуынан бұрын мәжбүрлеп тұрғызу созылмалы (хронический) аурулардың өршуіне, жаңа аурулардың пайда болуына, обыр (рак), қантамырлары жүйесі аурулары, суицид, тіпті жол-көлік оқиғаларының көбеюіне де себеп болады және де ағзаға әсері, әсіресе, «күзгі-қысқы» уақыттарда, ең бірінші балалар мен егде кісілердің саулығына кері әсері қатты болады» деген тұжырымға келген. Ал Дания ғалымдары ұйқы бұзылған жағдайда әйелдердің төс обыры (рак молочной железы) ауруы 1,5 есеге артатынын дәлелдепті. Мелатонин обыр клеткалары жайылуын тоқтататыны бұрыннан белгілі, ал ол таң атысынан бұрын тұрған жағдайда адам ағзасынан дұрыс бөлінбейді. Және де ұйқыдан тұрған адамның қан қысымын жоғарылататын норедоналин мен картизол да ұйқыдан таң атысынан бұрын тұрған жағдайда қан құрамына енбейді, ал оның болмауы инфаркттің басты себепкері» депті. 
Қазіргі заманда неше түрлі өршіп тұрған аурулар осы уақыт белдеуі мен сағат тілінің сәйкес келмеуінен екені дәлелденді. Ғалымдар «адам тұрмысында уақыт өлшемі әсер етпейтін бірде-бір саласы жоқ, аурушаңдыққа ұшырамайтын бірде-бір органы жоқ» дейді. Білген соң айтады да. 

 

4641 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз