• Тарих толқынында
  • 01 Сәуір, 2024

Еуропа төріндегі түркілер: Жошы ұлысы және поляк-литва татарлары

Жетпісбай Бекболатұлы,

Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері
 

Жошы ұлысы Ұлы даланы мекен еткен халықтардың сан ғасырлық даму бағдарын айқындап отырды. Ұлық ұлыс мемлекетті басқару ісін жаңа деңгейге көтерді. Оның Рим империясымен ұқсастығы да – осында.
...Биыл Жошы ұлысының негізі қаланғанына 800 жыл толды. Бүгінгі жиынымыз да осы мерейлі белеске тұспа-тұс келіп отыр. Мұның зор символдық мәні бар. Біз аста-төк той жасауға емес, салмақты зерттеу жүргізуге баса мән беруіміз керек. Жошы ұлысы Қазақстанның мемлекеттілік дәстүрінде айрықша орын алады.
...Жалпы, елімізді әлемге таныту үшін Алтын Орда брендін жан-жақты және кеңінен пайдалану қажет. Оны толық зерттеу үшін табанды жұмыс істеу керек. Бұл бағытта біраз шаруа атқарылды. Менің бастамаммен  Жошы Ұлысын зерттейтін ғылыми институт құрылды.
                                                   (Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Ұлттық  құрылтайда сөйлеген сөзінен, 15 наурыз, 2024 жыл)

 

«Қазақ – жоқ іздеген халық» деп жазған екен ұлт көсемі Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы. Жуырда «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлына берген сұхбатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» дей келе, биыл Жошы ұлысының құрылғанына 800 жыл толатынына және осынау бірегей датаны мемлекеттік деңгейде атап өту қажеттігіне баса назар аударды. Жарты әлемге билігін жүргізген империяның кереге тіктеп, шаңырақ көтергенінің 800 жылдығын қаншама замана белестерін артқа тастап, мейрамқұмар қазақтың салтына орай тұңғыш рет тойлағалы отырғанымыздың себебін тарихтың жықпыл-жықпылдарынан ғана емес, Ахаңның осы жалғыз ауыз лебізінен де іздеуіміз керек сияқты. 
 Ахаң айтқан жоқтың бірі – оқу, білім. Сынаптай сырғыған уақыт десеңші, бұдан жарты ғасырдай бұрын кеңестер одағында Хрущев пен Брежнев билік ауыстырып, аласапыран болып жатқан кез. Есейіңкіреп мектеп партасына отырған менің жаныма Қажахмет деген майдангер ұстазымыз келіп, басымнан сипап тұрып, «бабаң үшін оқы, атаң үшін оқы, әкең үшін оқы» деп еді. Енді ойланып отырсам, нағыз зиялы атану үшін адамда үш университет дипломы болуы керек екен. Бұл үш жоғары оқу орнын бітіру дегенді білдірмейтінге ұқсайды: атаң, әкең, өзің университет тәмамдауың шарт, мәдениетті, оқыған-тоқыған интеллигент осылайша тәрбиеленеді екен. Еуропа жұртында осындай жазылмаған қағида бар екенін ұстазым білсе керек. Енді, міне, жер ортасынан асқан шағымда немерелерім ер жетіп, жақсы білім алар жаста, менің әулетім де жоғарыдағы тәмсілге сай зиялылар қатарына қосылады екен. 
«Білім – таусылмайтын кен» дейді халқымыз. Оқу бітірген соң Торғай облысының орталығы Арқалық қаласында облыстық «Торғай таңы» және «Тургайская новь» газеттерінің бірінде бөлім меңгерушісі, бірінде тәржімашы болып жұмыс істедім. Топыраққа аунаған тоқты-торымының бүйірі ылғи да қып-қызыл болып жүретіндіктен, Арқалықты жергілікті қазақтар «Қызыл қозы» дейтін. Шағын шаһардың жан-жағы өркештенген қып-қызыл боксит төбелері болатын. Шәмші Қалдаяқов пен Мұхтар Шахановтың «Арқалықтың ақ таңы» деген әнінде айтылатын «Торғай таулары» солар болса керек. Әнші Жұбаныш Жексенов орындап жүрген әннің қайырмасы мынадай: Қара көзіңнен мөлдір/Торғай тауларын көрдім/Сен тау болып ендің/Өр тағдырыма... Торғай таулары әсіресе шілде-тамыздың шіліңгір аптабында сағымға ілесе заңғар көкке самғап, алыстан мұнартып көрінетін. Қалай да әйгілі сазгер мен ақиық ақын ақиқаттан алыстамаған. 
Редакция тапсырмасын орындай жүріп, топырақ тасылатын карьерлерде, ұнтақтау цехтарында болдым. Бүкіл облыс бюджетінің батпандай жүгін көтерген кәтепті қара нар сынды кәсіпорын келбеті көкейде қалғаны рас. Кені сұйылған соң жұмысы да қожырай бастаған зауыттың жуырда қайта түлейтіні жайлы хабарды естіп, көпшіліктің көңіліне қуаныш ұялады. Арқалық – төрт түліктің соңында жүріп, өркениет жетістіктерінен жырақ қалған дала жұртын заманауи жұмыстарға шақырған, педагогикалық институт пен музыкалық-драмалық театрға есік ашқан шын мәніндегі «Торғай қақпасы» болды. («Торғай қақпасы» – Батыс Сібір жазығы мен Тұран ойпатын жалғастырып тұратын табиғи аңғар, анықтамалықтан). Сәтін салса, ел-жұртымен қауышқан Абай және Ұлытау облыстарынан кейін Торғайдың да жолы ашылатынына сенім бар. 
 Еңбек жолымның мәнді де мазмұнды шақтарының бір бөлігі кеншілер кентімен байланысты болғандықтан ба екен, сан ғасырлық ілім-білім жинақталған кітапхананы бейнелеп айтқанда руда байыту фабригіне, ал өзімді кейде жер қыртысын қопарып, пайдалы қазба іздеген кеншіге ұқсатамын. Студенттік шақтан кітапханаға барып, сарғайған қолжазбалар бен газет-журнал беттерін ақтарған ұрпақ өкілі болғандықтан, әріптестерімнің бірқатары Алматының орталығындағы білім ордасында тоқайласатыны рас. Еңселі, әсем ғимаратта жастың да, жасамыстың да кітап беттеріне үңіліп, әр нәрсені дәптеріне түртіп алып отырғанын көргенде Ахаңның жоғарыдағы сөзі ойға оралады. Білім қуған мұндағы қазақтар ата-бабасының 800 жыл бойы еленіп-ескерілусіз келген тарихының есесін алғалы отырғандай көрінеді маған. 
Польшаның қилы тағдыры
 Бұдан оншақты жыл бұрын үкімет берген мүмкіндіктің арқасында кәрі құрлық – Еуропаға ұзақ мерзімге сапарлаудың сәті түсті. Шенген шекарасына аяғың бір ілінгеннен кейін бұрынғы кеңес отаршылдығы заманында сым темірмен қоршалған шағын мемлекеттердің өткізу бекеттері жойылғанын көріп, таңғы асты Римде, түскі тамақты Парижде, кешкі шәйді Берлинде ішуге болатынына көзің жетеді. Бірыңғай кедендік және ақпараттық-мәдени кеңістіктің әсіресе қаламгерлерге беретіні мол. Поз­нань қаласында тұрақтап, Варшавадағы Польша Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінде «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі – шетелдік тілші ретінде аккредитациядан өткен соң халықаралық журналистің құқығын иелендім. Өмір деген осы, кеңес кезінде өзім шетел журналистерін тіркеп, сапарларына серік болсам, жағдайларын жасап, шашбауларын көтерсем, енді сол журналистің шекпенін киюіме тура келіп отыр. Бірақ, қонақ екенімді бұлдап, артық салмақ салғаным жоқ, тілімді икемге келтірген соң, әсірелеп айтқанда «аяққа тұрып кеттім». Журналистің дипломаттан бір айырмашылығы – қатаң тәртіппен, сағатпен жүріп-тұрмайсың, көліктің қай түріне мінемін десең де еркің, қалаларды, елді, тіпті Шенген мемлекеттерін жаяу-жалпы аралап шығуға болады. 
 Жалпы, поляктарға Жұбан ақынның «мың өліп, мың тірілген» деген теңеуі дәл келеді. Поляк мемлекетінің тағы бір атауы – Речь Посполитаяның Австрия, Пруссия және Ресей арасында 1772, 1793, 1795 жылдары үш рет бөліске түсуі Польшаның 123 жыл бойы Еуропаның саяси картасынан жоғалуына әкелді. 1939 жылы Германия мен кеңестер одағының шабуыл жасамау туралы келісімшарты (Молотов-Риббентроп пактісі деп те аталады), яғни Польшаның төртінші бөлінуі поляк халқын зор қасіретке душар етті. 1939 жылғы 23 тамызда Мәскеуде қол қойылған шарттың құпия хаттамасына сай Германия мен кеңестер одағының Еуропаны бөліп алуына қатысты және кеңестер жағының Балтық жағалауындағы республикалар мен Финляндияға қарасты мәселелерді қалауынша шешуіне жол ашылды. 1939 жылғы 1 қыркүйекте герман қарулы күштері Польшаға шабуылын бастады, ал 17 қыркүйекте таңғы үште кеңестер Сыртқы істер халық комиссариатының өкілі КСРО-дағы поляк елшісі Вацлав Гржибовскийге нота тапсырып, онда кеңес әскерлерінің кіруі «Батыс Украина мен Батыс Беларусь халқының өмірі мен мүлкін қорғау» қажеттілігімен түсіндірілді. Операцияға Киев және Беларусь әскери округтерінің бөлімдері қатысты... Польшаны жақтаған Англия мен Франция Германияға қарсы соғыс жариялады. Осылайша жер-жаһанды от-жалынға бөлеген екінші дүниежүзілік соғыс басталды. Оның тұтануына Германия, Италия және милитаристік Жапония сияқты фашистік мемлекеттер себепкер болды. 
 Белгілі ғалым, Нюрнберг, Коминтерн, Катын қылмыстарын зерттеуші, тарих ғылымдарының докторы Наталья Лебедева «Новая газетада» былай деп жазған болатын: «КСРО-ға қосылған аумақтардағы үстемдік етудің негізгі әдістері террор және жаппай жер аудару болды. Жақында Президент мұрағатынан Ресейдің әлеуметтік-саяси тарих мемлекеттік архивіне (РГАСПИ) тапсырылған файлдан Берияның 1940 жылғы 12 желтоқсанда Сталинге жолдаған жазбасын таптым. Онда ол 1940 жылдың 39 қыркүйегі мен 1 желтоқсаны аралығында Батыс Украина мен Батыс Белоруссияда НКВД жүргізген «антикеңестік және дұшпандық элементті жою» жұмысын қорытындылаған. Осы кезеңде (дәйексөз келтіреді, авт.) «407 мыңға дейін адам тұтқындалды... және 275 784 адам Қазақстанға және КСРО-ның солтүстік облыстарына жер аударылды». Осылайша, 1940 жылдың 1 желтоқсанына дейін Украина мен Белоруссияның батыс облыстарының 700 мыңға жуық тұрғындары қуғын-сүргінге ұшырады» https://novayagazeta.ru/articles/2009/09/16/41335-chetvertyy-razdel-polshi. 
 Ресей тарихшылары қызыл армияның поляк жорығы дейтін, кеңестік тарихнамада қызыл армияның азаттық жорығы, поляк тарихнамасында советтердің Польшаға басып кіруі деп аталатын КСРО армиясының Польша Республикасының шығыс аудандарындағы әскери операциясы 1939 жылдың 17 қыркүйегінен 5 қазанына дейін жүзеге асырылды және бұл аумақтардың, яғни тиісінше Батыс Украина және Батыс Беларусь жерлерінің Украина және Беларусь Республикаларына, сондай-ақ Вильна облысының бір бөлігінің Литва Респуб­ликасына қосылуына әкелді.
 Польшадағы кескілескен шайқастар жүрген жерлерде болғанымда, қаза тапқан кеңес жауынгерлерінің көпшілігі қазақтар екендігін көрдім. Қазір жергілікті өлкетанушылар белгісіз солдаттар қабірлерін күтімге алу барысында олардың аты-жөндерін анықтай бастады. Есімдері белгілі болған шаһиттердің қабірлеріне ескерткіштер орнатылып, Қазақстандағы туған-туыстарына хат жөнелтіліп жатқаны жайында Польша баспасөзі де, Қазақстан ақпарат құралдары да жазып келеді. Поляк халқының басына түскен қайғы-қасірет Қазақстанды да айналып өтпегенін қолымыздағы «Ақиқат» журналының биылғы жылғы ақпандағы санында жарияланған «Жамбылда жасақталған Андерс армиясы» атты мақаламда жазған болатынмын. 
 Кеңестердің поляктарға көрсеткен зұлымдықтары әлем жұртшылығынан жасырылып келді. Тек соңғы кездері ғана қаралы тарихтың қанды беттері аударыла бастады. Ғалым Наталья Лебедеваның поляк отбасыларының жер аударылуы жайында қысқа мәліметтерінің артында тұрған жантүршігерлік қылмыстарды Польша мен Қазақстандағы архивтерден көріп, сол кездің көзі тірі куәгерлерінен естіп-білдім, Ресейдің Сібірдегі облыс­т­­арына депортацияланған поляктардың ғаламторда сайт ашып, жергілікті тұрғындардан көрген жәбір-жапалары жөнінде жазғандарын оқып, жағамды ұстадым... 
Қазақ КСР-інің солтүстік облыстарына жер аударылған поляк отбасыларының тұрмыстық жағдайы мәз болмағанмен, оларға жергілікті қазақтар қолдан келген көмектерін көрсетіп, қамқорлық жасады. Бір ғана мысал келтірейін. Тағдырдың жазуымен бұрынғы Торғай облысының «Терісаққан» деген ауылында тұрақтап, Майлыбаевтар жанұясының риясыз жәрдемі арқасында аман қалған поляк отбасы жөнінде мен 2016 жылғы 20-22 сәуірде Варшавадағы Ұлттық зерде институтында болған халықаралық конференцияда баяндама жасап, бұл оқиға туралы өткен жылы орыс тілінде жарық көрген «Размышления о польско-казахском братстве» атты кітабымда жазған болатынмын. Қазір Польшада тұратын Анджей Млынарек анасы Наталья марқұмның өсиеті бойынша 2012 жылы Қазақстанға келіп, өздерін ажалдан аман алып қалған қайырымды жандардың қабіріне тағзым етті. Анджей мырза мен оның әпкесі Барбара Седлецка «Pamiętam» («Есімде») атты кітап жазды, ол www.sybiracy.pl сайтында орналастырылған, оны мен орысшаға аудардым. Кітаптың тұсауы жоғарыда айтылған Варшавадағы конференцияда кесілді.
«Аштықта жеген құйқаның дәмі кетпес» дейді халық даналығы. Тұтас халықтарды өсіп-өнген мекендерінен жер аудару кеңестер одағының қатыгез қылмыстарының бірі. Қазақ КСР-іне депортацияланған немістердің, поляктардың, шешен-ингуштардың, қарашай-балқарлар мен гректердің, кәрістердің ұрпақтары қазақтан көрген жақсылықтарын ұмытқан жоқ. «Адамның күні – адаммен» қағидасының тірліктегі бір көрінісі осы болса керек.
Селим Хазбиевич – поляк татары
 Бөтен ел, бөгде жұртқа жол шеккенде қазекеңнің «әр елдің салты басқа...» деген нақыл сөзін есте тұтқанның айыбы жоқ. Шет елдегі өмір, оқу мен қызмет адамнан аңғарымпаздықты, жедел шешім қабылдауды, сондай-ақ тұрып жатқан жердің ерекшеліктерін елеп-ескеруді, мүмкіндік болса зерттеп-зерделеуді талап етеді. Тілді меңгеру – бөлек әңгіме. Польша жайындағы менің білім-білігім тарих оқулықтарындағы деректермен, көркем әдебиетте кестеленген көріністермен шектелетін-ді. Бұл ретте поляктар арасынан тұңғыш рет Нобель сыйлығын иеленген Хенрик Сенкевичтің орны бөлек-тін. Х. Сенкевич 1846 жылы 5 мамырда Луков қаласына жақын жердегі Вола Окржейска мекенінде дүниеге келген. Жазушының арғы тегі исламнан католицизмге XVIII ғасырда ғана өткен «липки» деп аталатын татарлар болған. Жалпы, Польша мен Литвадағы «татар» этнониміне сәлден кейін тоқталамыз. Көзі тірісінде Сенкевич Польшада және шетелде ең танымал поляк жазушыларының бірі болды, «Отпен және қылышпен», «Тасқын», «Пан Володыевский» трилогиясын жазды. Хенрик Сенкевичтің шығармашылығы поляк мәдениетінің тарихында үлкен рөл атқарды әрі әлем тарапынан мойындалды, ол 1905 жылы «Quo vadis» романы үшін әдебиет бойынша Нобель сыйлығын иеленді. «Quo vadis» орысшаға «Камо грядеши» және «Сен қайда барасың?» деп тәржімаланды, қазақшаға аудару болашақтың еншісінде. 
Екінші дүниежүзілік соғыс қорытындысында Польшаның бұрындары Австрия-Венгрия және Германия иелігіндегі өңірлері мен қалаларында тұратын немістер ата жұртына жер аударылды. Ерте ғасырлардан поляк шаһарларын мекендеген еврейлер болса, Хелмно, Белжец, Собибор, Треблинка, Освенцим, Аушвиц-Биркенау және Майданек лагерлерінде қырып-жойылды. Сөйтіп, Польша моноұлтты, бір тілді ел болып шықты. Бұдан оншақты жыл бұрынғы егде поляктар орыс тілінде сөйлей алатын, бірақ КСРО құлағаннан кейінгі кезде өсіп-өнген жастар орысша білмейді. Славян тілдерінің батыс тобына жататын поляк лұғатында орыс тіліндегі көп сөздер, мәселен, «хлеб» (chleb), «масло» (masło), «библиотека» (biblioteka), «компот» (kompot), «трактор» (traktor) бірдей әуезделетіндіктен, әуелде оңай көрінгенімен, өзіндік қиыншылықтары жетіп артылады екен. Сөздерінде «ш», «щ» дыбыстары жиі кездесетіндіктен, еркін сөйлеп кету қиынға түседі. Дегенмен, күнделікті практика болған жағдайда жарты жылдың ішінде өз ойыңды еркін жеткізе аласың. «Эразмус» халықаралық студенттер бағдарламасы арқылы келген қазақ балаларының өзге ұлт өкілдері қинала сөйлейтін тілді 3 айда меңгеріп, тақылдап шыға келгендерін көргенде таң қалғаным бар. Поляктардың дені католик дінін ұстанады. Дегенмен, іштерінде проте­с­танттары бар. Ислам дініне көшкендер де кездеседі екен. Католиктермен, протестанттармен танысып, пікірлесіп жүрдім. Мұсылмандар негізінен араб елдерінен келген жұмысшылар мен кәсіпкерлер, айт намаздарына солармен бірге қатысып, сәждеге тұрдым. «Поляк мұсылмандары бар ма?» деген сауалыма Познаньдағы Адам Мицкевич университетінің қазіргі проректоры, профессор Тадеуш Валлас «біздің университеттің докторанты болған, қазір профессор бір танысым бар, Ольштында тұрады, оның үстіне ол поляк татары» дегенде іздегенім табылып, төбем көкке жеткендей болды. Содан пойызға отырып, солтүстіктегі «Ольштын, қайдасың» деп жүріп кеттім. Мені вокзалда көзілдірік таққан, сирек сақалды ақсары жігіт ағасы қарсы алды. Пәтері қаланың шетінде екен, бірақ автобус әп-сәтте жеткізді. Үй толған кітап, сувенир. Жертөледе де шағын қоймасы бар, оның іші де сықасқан құжат пен кітап. Күздің жаймашуақ күнінде асықпай кофе ішіп отырып, ол маған өзінің қысқаша өмір тарихын айтып берді. 
Профессор Селим Хазбиевич Ольштындегі Вармия және Мазурия университетінің профессоры, саясаттанушы, журналист-редактор әрі ақын, татар қауымдастығының белсендісі екен. Толық аты-жөні Селим-Мирза-Уйшенски Данияр Бег Хазбиевич (полякша Selim-Mirza-Juszenski Daniar Beg Chazbijewicz). Уйшенски – Үйсін дегені. 1955 жылы Гданьск қаласында дүниеге келген, менімен құрдас болып шықты. Поляк-литван татарлары отбасынан шыққан, Гданьск университетін бітірген. 1974-1978 жылдары «Қауымдастық» әдеби тобының мүшесі болған. Познаньдағы Адам Мицкевич, Ольштиндегі Вармия және Мазурия университетінің Саясаттану институтының профессоры болып жұмыс істеген, сонымен қатар Эльблонг қаласындағы Гуманитарлық-экономикалық университетте сабақ берген. 2004-2009 жылдары Ольштындағы Вармия және Мазурия университетінің әлеуметтік ғылымдар факультеті деканының орынбасары, 2009-2018 жылдары Польша Ғылым академиясының шығыстану комитетінің, Польша Жазушылар қауымдастығының мүшесі болған. Ақын Хазбиевич жыр жинақтарының, оның ішінде 2005 жылы шыққан «София гимнінің» авторы болып шықты, өлеңдері поляк татарларының 2010 жылғы «Бұл менің мұрам» антологиясына еніпті. Поляк, Литва және Қырым татарларының мәдениеті мен тарихына байланысты көптеген еңбектер жазған, оның ішінде «Қырым татарлары. Ұлт пен азат Отан үшін күрес» атты зерттеу туындысы бар. 
Баппен әңгіме шерте отырып, профессор мырза поляк татарларының тарихын сөз етті. Жылнамаларда поляк татарлары, литва татарлары, поляк-литва татарлары, липка татарлары, Литва Ұлы Княздігінің татарлары, поляк мұсылмандары, мұсылмандар, поляк-литва мұсылмандары, Польшадағы және Литвадағы татар мұсылмандары, мұсылман татарлары деген атауларды жолықтырамыз, деді ол. Бұлардың барлығы бүкіл Польша немесе поляк татарларын сипаттау үшін қолданылып, халықтың шығу тегіне немесе дінге, сондай-ақ аумаққа қатысты болды. Литваның Ұлы Княздігінде татарлардың пайда болуы XIV-XV ғасырлар тоғысында, қазіргі халықтар қалыптасқанға дейін де орын алған. Осы себепті поляк татарларының жеке басы ешқашан қазіргі мағынадағы «ұлт» сатысында болған емес – олардың этникалық құрамы әрқашан рулық сипатта болды, сондықтан екі жақты, Польшаға да, Литваға да қатысты архаикалық ұлттық бірегейлік пайда болған.
 Селим Хазбиевичтің докторлық жұмысы поляк-литван татарларының тарихына арналыпты. Бұл тарихтың Жошы ұлысынан бастау алатыны жөнінде алғашқы мәліметті де осы Селимнен естідім. Жошы ұлысының хандары Польша жеріне дейін жетіп, поляктармен тізе қоса тевтондарға (бүгінгі немістерге) қарсы шайқасқан. Ал Селимның ата-бабалары Тоқтамыс ханға ілесіп келген көрінеді. Ағайындарымыз мұнда тіпті Жағалтай деген хандық құрыпты. Кейін қазақ тарихшыларының қолым жеткен еңбектерін ақтарып отырып, Жағалтай (Яголдай) хандығы туралы бірде-бір мәліметті кездестірмедім. Оның себебі орыс отаршыларының Алтын орда тарихын зерттеуге тыйым салуында жатса керек. 
Литва Ұлы Княздігін­дегі татар қоныстары пайда болуының экономикалық және ішінара саяси себептері бар екен. Бұл жағдайда экономикалық факторға климат түрткі болып, жауын-шашынның жоқтығы, құрғақшылық көшпелі халық үшін апатқа айналған. Қоныс аумақтары Литва-Ресей шекарасын, шығысында Карпаттан бастап Қазанға дейін және Ұлы даланы қамтыған татар халқы отырықшы өмір салтына көше бастайды. Литва Ұлы Княздігі мен Мәскеу Ұлы Княздігінің шекараларындағы Северск деген өңірде тіпті 1494 жылға дейін жоғарыда айтқан Жағалтай хандығы болады. Жағалтай хандығы литва-татар мемлекеттілігінің алғашқы нысаны еді.
Жошы ұлысының ұландары Польшаның барлық әскери қимылдарына қатысады. Олар 1410 жылғы атақты Грюнвальд шайқасында елеулі рөл атқарады. 1992 жылғы саяси қайта құрулардан кейін қайта жанданған дәстүр толқынында поляк татарларының Әскери губернаторлығы құрылды, ол поляк татарларының қайта жаңғырған Қауымдастығы атынан Ұлттық қорғаныс министрлігімен және Ян Ольшевский үкіметімен поляк армиясындағы татар дәстүрлерін қалпына келтіру туралы келіссөздер жүргізді.
 Поляк татарларының рулары үйсін, жалайыр, арғын, найман, қоңырат. Олар мемлекет шекарасын қорғауға жұмылдырылып, шляхта (дворян) деген атақ алған, елдің мәдени, қоғамдық-экономикалық дамуына үлкен үлес қосқан. Бүгінде поляк үйсіндерінің, жалайырлары мен арғындарының, наймандары мен қоңыраттарының ұрпақтары әдебиет пен ғылымның, спорттың, саясат пен әскери істің әлемге әйгілі, танымал тұлғалары саналады. Польшадағы қазіргі ұзын саны 3 мыңнан аспайтын қандастарымыздың әлемдік өркениетке сіңірген үлесі зор: жалпы алғанда исі түркі халықтарынан және бүкіл славян елдерінен шыққан алғашқы Нобель сыйлығының лауреаты, жазушы Хенрик Сенкевич, тұңғыш Олимпиада чемпио­ны Халина Конопацкая, Олимпиада чемпионы Арминас Нарбековас, тұңғыш детективист-жазушы Ежи Едігей, голливуд актерлері Чарльз Бронсон, Гленн Пауэлл ортақ мақтанышымыз болуға әбден лайықты. Осы орайда әйгілі поляк физигі Мария Склодовская-Кюри Нобель сыйлығын Х. Сенкевичтен 6 жыл кейін, 1911 жылы ғана алғанын айта кету керек.Литва Ұлы Княздігі мен Польша Корольдігінің аумағында өмір сүрген алты жүз жыл ішінде мұнда қоныс аударған татарлар тек Польша Республикасының татар тұрғындарына ғана тән ерекше мәдениет жасады. Поляк-литван татарларының бұл мәдениеті мұсылман шығысы мен Батыс Еуропа өркениеттері жетістіктерінің тоғысуынан пайда болған. Олар ислам мәдениетінің орталықтарынан, тегі жағынан туыс түрік және Қырым татарлары мәдениетінің тіршілік ағымынан алыста болған соң көбінесе рухани және материалдық тұрғыдан ғасырлар бойы өзіндік ерекшеліктерді иеленіп, ислами болмыс пен рухани өмір алмастырғыштарын жасаған. Поляк татарларының руханилығына Литва Ұлы Княздігінің көп ұлтты және көп мәдениетті бет-бедері әсер еткені сөзсіз. Татар тілін қолдану мүмкіндігінен XVI-XVII ғасырларда ішінара және XVIII ғасырда толық айырылған татарлар өздерінің жекелік бітім-болмысын ең алдымен өздері жазған әдебиет арқылы қалыптастырды, онда ислам дәстүрі поляк немесе ескі беларусь тілінде араб әліпбиімен сипатталды. Бұл тақырып кеңінен сөз етуді қажет етеді. 
Мен елге оралған соң да Хазбиевич мырзамен байланысты үзгенім жоқ. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде шығып тұрған «Айқап» журналына, «Университет хабаршыларына» поляк мұсылмандары туралы мақалаларын шығардым. Университет ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтановтың көмегімен ғалым Алматыға қызметке шақырылды. Оған оқу ордасында Саясаттану ғылыми-зерттеу институтын ашу ұсынылды. Бірақ, сол жылы поляк үкіметіндегі өзгерістерге сәйкес профессор Селим Хазбиевич 2017 жылдың мамырында Польшаның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды. 
Селим Хазбиевич Қазақстанда 6 жыл дипломатиялық қызметте болды. Әл-Фараби университетінің баспаханасынан ғалымның «Польшалық-литвалық татарлар – Алтын орда мұрагерлері» деген, университет ректоры Жансейіт Түймебаев алғысөзін жазған кітабы 5 тілде бастырылып, тұсаукесері өткізілді. Шараны университеттің тарих және халықаралық қатынастар факультеттері Польшаның Алматыдағы Бас консулдығы, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы Өкілдігімен бірлесе ұйымдастырды. Сондай-ақ оған Қазақстан Респуб­ликасы Дипломатиялық қызметінің ардагерлері, Алматы дипломатия клубының мүшелері, Алматы қаласында аккредиттелген дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың, қоғам, ғылым және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері атсалысты.
Өткен жылдың соңына таман дип­­ломатиялық қызметі аяқталатын проф­ессордың біраз бос уақыты болғандықтан, Ұлттық ғылым академиясының гуманитарлық бағыттағы институттарына апарып, ұжымдарымен таныстырдым. Тіл, әдебиет, саясаттану институттарында келелі кездесулер болды. Ал Тарих және этнология институтында елші кітабына арналған семинар өтті. Алаш тарихына қалам тербемек ойы бар ғалымды Ахаң музейіне апарып, аралаттым. Қазақтың «кетераяқ» деген жоралғысына сәйкес «Казахстанская правда» газетіне «Певец Евразии» атты көлемді мақала да шығардым/https://kazpravda.kz/n/pevets-evrazii/. Ал қараша айының басында Елшінің «Қазақ газеттері» ЖШС ұжымымен шығармашылық кездесуі өтті. Ол жөнінде «Егемен Қазақстан» газеті «Қаламгер елшінің елеулі кітабы» атты материал берді. Сол хабардың қысқаша нұсқасымен танысып өткеннің айыбы болмас. 
«...Елорда төрінде – «Egemen Qazaqstan» газетінің бас ғимаратында Польшаның Қазақстандағы және Қырғызстандағы Төтенше және өкілетті елшісі, профессор Селим Хазбиевичпен кездесу өтті. Жиында «Польша-Литва татарлары – Алтын Орданың мұрагерлері» атты кітабы таныстырылды. Аталған жинақ «Қазақ университеті» баспасынан шыққан. Тұсаукесер рәсімнің модераторы «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы Алтын Орданың 750 жылдығына арналған кітаптың мазмұнын баяндап, тарихи маңызына тоқталды.
«Көптеген Еуразия халықтары өзінің шығу тегі үшін Алтын Ордаға немесе Жошы ұлысына қарыздар. Алтын Орда көшпелілерінің мұрагерлері – бүгінгі қазақтар, татарлар, ноғайлар, қарақалпақтар, поляк-литвалық татарлар. Алты ғасыр бұрын Алтын Ордадан бөлініп шыққан көшпелі халықтың бір бөлігі Литва Ұлы Герцогтігінің аумағына келді. Польшада олардың барлығын «татарлар» деп атаған», деп түсіндірді серіктестік басшысы. Қазір Польшада екі мыңнан аса татар тұрады. Олар өздерінің түркі екенін ұмытпауға тырысады. Жаңа жинақтың авторы, ақын, журналист, тарих докторы Селим Хазбиевич те – поляк татары. Жиын барысында ол кітабы туралы тереңінен баяндап, кешегі тарихтан толғады.
 «Менің анамның бабалары Ноғай Ордасынан тарайды. XV ғасырда азаматтық қақтығыстар мен соғыстың әсерінен Литва Ұлы Герцогтігіне Алтын Ордадан босқындар келеді. Бұл жер бәрін қабылдады: мұсылмандар, православтар, католиктер, еврейлер. Бұл бір таңғажайып мемлекет болды», дейді автор. Иә, осыдан соң поляк-литва татарлары өз мәдениетін сақтауға жағдай жасалған князьдікте тамыр жая бастаған... XVII ғасырдың аяғында татарлар поляк тілінде сөйлеп, өз діндерін сақтап қалды. Бұл тұрғыда Польша әрқашан толерантты және ашық болды. 
Католиктік ел болғанымен, өзге дін өкілдеріне түсіністік таныта білді», деді Селим Хазбиевич. Тұсаукесер барысында ҚазҰУ профессоры Жетпісбай Бекболатұлының «Поляк-қазақ бауырластығы туралы ойлар» атты кітабы да таныстырылды. Айта кетейік, Жетпісбай Бекболатұлы бірнеше жыл Польшада ғылыми жұмыстармен айналысқан... Алқалы жиынға қатысушылар поляк-литва татарлары тақырыбы қосымша зерттеуді қажет ететінін атап өтті. Осы орайда Қазақстан мен Польша зиялыларының ынтымақтастығы нығая түспек».
Жошы ұлысының Еуропадағы бір бөлшегі іспетті алыстағы ағайын­дарымыздың назары бүгінде ата жұртқа ауа бастады. Сондай-ақ жуырда құрылған «Польша-Қазақстан тарих комиссиясы» да ғылыми тақырыптарын кеңейтетіндігін мәлімдеді. Сөйтіп, Еуропаның Шығысындағы түбі бір туыстарымыздың қоныс аудару және орнығу тарихын ой елегінен өткізу, түбегейлі этносаяси, этногенетикалық тұрғыдағы зерттеулер жүргізуге жол ашылады деген ойдамыз.

 

1607 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз