• Ел мұраты
  • 01 Сәуір, 2024

САУАТТЫ ЖАЗУДЫҢ САҚШЫСЫ

Ғұсман ЖАНДЫБАЕВ,

ақын, публицист

Мен сауатты жазу (жазу сауаттылығы) жайындағы ойларымды газеттерде шыққан мақалаларда айттым, онда газет-журналдар мен кітаптарда қаптап жүретін сауатсыздықтар туралы жаздым. Бұл «сауатсыздар» кімдер деген сұрақ қойсаңыз, оны да айтайын. Әдетте мақалалар мен кітаптар жазып, баспасөз бен баспадан шығаратындар кімдер? Олар – негізінен, жазушылар, журналистер, ғалымдар. Олай болса, жоғарыдағыдай қаптаған қатемен жазатындар да – осылар. Бұлардың ішінде тіпті өмірін әдебиет пен тілге арнап келе жатқандар да аз емес.
 Мектеп пен университеттерге арнап жазатын оқулық авторлары да – осылардың ішінде. Бұл қатарды әліпті таяқ деп білмесе де, «бір ғалымға ұқсап бағуға» тырысып жүретін шала сауатты жастар мен қартайғанда жорға шығып, кітап жазып, баспалардан шығарып жүретін шал-кемпірлер де толықтырады. Бұл соңғылар «баспада редактор дейтін біреу болады екен, жазып-сызғанымды солар танымастай етіп жарқыратып қайтадан жазып шығады» деп ойлайтын сияқты сыңай танытады. Ал ірі жазушылар мен ғалымдардың кейбірі өздері баспаға «мың қатемен» ұсынған кітаптарынан, шыққаннан кейін он қате тауып алса, қалған «990» қатесін түзетіп берген редакторға рақмет айтудың орнына, ит терісін басына қаптап, әне-міне сотқа беретіндей етіп, апшысын қуырудан тайынбайды. Бұл – ойдан шығарылған аңыз емес, баспа тәжірибесінде жиі кездесетін жағдай. Көп авторлар тіпті кітаптағы қатені өздері де таппайды. Біреулер көріп, айтса ғана «атқа қамшыны басады».
Сонымен, бұл әлқиссамызда «редактор» дейтін «біреудің» есімін атадық. Ал онда... 
Редактор. Ол кім? 
Баспадан шығатын кез келген кітаптың редакторы болады. Редактор – баспа саласындағы негізгі маман. Мысалы, үй құрылысындағы архитектор деген секілді. Шын мәнінде де, редактор – кітап өндірісінің архитекторы және жазу сауаттылығының бірден-бір бірегей күзетшісі. Сауаттылық туралы бастаған сөзімді редактор қызметімен жалғастырған себебім де осыдан. Редактор – автордың баспаға ұсынған кітабының қолжазба нұсқасын оқып шығып, онда кеткен кемшіліктер мен қателерді түзететін адам. Бірақ қолжазбадағы барлық қатені емес, тек мазмұнында кеткен қателерді ғана түзетуге міндетті. Мұның өзінде де редакторлық норма дейтін өлшем бар. Қолжазбаның әрбір бетінде «жеңіл-желпі» 4-5 сөзден көп қате болмауы керек. «Ау, онда редактор не бітіреді?» дерсіз сіз. Онда 400 беттік кітапта кеткен бір ғана қате сөздің өзі қоғамда үлкен шу тудыруы мүмкін екенін, бұл баспаның да, автордың да беделін түсіріп, кітаптың құндылығына нұқсан жеткізетін жағдай екенін еске алыңыз. Мәселен, кезінде, мектепке арналған кітапта «Қамбар батыр арақ ішіп, мас болды» деген бір ауыз сөз кетіп қалғаны үшін 4-5 жыл бойы министрліктен бастап, өрт кеткендей өрекпіп шулағанбыз. Демек, редактордың жауапкершілігі мен біліктілігін осындай бір ғана сөз жоққа шығарады, 400 беттік кітаптан бұдан басқа 400 қатені тауып түзеткені түкке де тұрмай қалады. Қазіргі редактор «Кенесары бейбіт елді шапты, қара басының хандығы үшін күресті» деген кеңестік сөздер мен сөйлемдерді бүгінгі кітапқа (оқулыққа да) енгізбеуі керек. Редактор қырағылығы осында. Егер редактор өз басын өте жоғары қоятын автордың 600 беттік кітабындағы «Кенесары – Наурызбай» тарихи дастанының авторы Наурызбай ақын деп жазғанын «Нысанбай жырау» деп дұрысына түзеткен болса, сондай-ақ, байланыспай тұрған екі сөздің арасында 13 беттік материал қалып қойғанын тауып анықтауға себепші болған болса, бұл үшін автор редакторға алғыс айтуы керек пе, әлде бірер сөздің тасымалы дұрыс қойылмағаны үшін ауыр сөздер айтуы керек пе?
Міне, редактордың рөлі мен міндеті қандай екенін осыдан байқауға болады.
Корректор. Ол кім?
Жоғарыда біз редактордың міндеті мәтін мазмұнындағы қателерді қадағалап түзету екенін айттық. Ал онда грамматикалық қателерді түзетуге кім жауапты? Мысалы, тасымалдың дұрыс көрсетілуі үшін редактор жауапты ма? Жоқ! Неге?
Мынадай салыстыру жасайық. Емхана мен ауруханада дәрігер мен медбике дейтін екі маман болады. Әрқайсының міндеттері бөлінген. Біреуінің ісіне екіншісі аралас­пайды.
Ал кітап баспасында ше? Онда да негізгі екі маман: редактор және корректор. Жоғарыда айтқанымдай, редактор кітаптың (нақты айтқанда, кітап қолжазбасының) мазмұнындағы ғылыми, әдеби, этикалық-құқықтық (яғни тәрбиелік) және саяси қателерін қолжазбаның мүмкіндік деңгейінде түзетеді, түзетуге келмейтінін сызып (алып) тастайды.
Ал корректор не істейді? Корректор – кітаптың (қолжазбаның) грамматикасына жауа­пты маман. Сонда редакторды дәрігермен салыстырып қарасақ, корректор медбикенің орнын алады. Ал грамматикалық қатеге нелер жатады? Бұған әдетте сөздің дұрыс жазылуын (әріп қате кетпеуін), тыныс белгілер мен азат жол, тасымалдың дұрыс, ережеге сай берілуін жатқызады. Және осылар үшін корректор жекелей (персонально) жауап береді. Демек, бұл тұрғыдағы (грамматикалық) қателер үшін редакторды кінәлауға болмайды. Бұл дегеніміз – дәрігерді медбикенің орнына жұмсаумен бірдей. Алайда...
Шона Смаханұлының уыздай жас кезінде жазған бір сықағында («Қалайда мен алайда») айтқанындай, әр «қалайданың» бір «алайдасы» бар. Бүгінгі таңда «қалайда...» деп басталатын уәдешіл, жігерлі сөздің көбі әлдебір күмілжіген күмәнді «алайдамен» аяқталады. Тақырыбымызға орай айтар болсақ, бүгінгі баспалардың дерліктей бәрінде корректор болмайды. Іс жүзінде редактор корректордың да жұмысын қоса атқарады. Бірақ ол қызметі үшін ақы төленбейді, тіпті тікелей редакторлық қызметінің өзіне де өте төмен жартымсыз мөлшерлемемен (баспа табағына 2-3 мың теңгеден) төленеді. Сірә, министрлік тарапынан берілетін тапсырыстарда баспаға корректор қызметі үшін де ақша аударылатын болуы керек. Бірақ бұл ақшаны баспа әкімшілігі өз қалтасында қалдырғысы келетін болар. Жемқорлықтың бір түрі – осы. Соған қарамастан, кітаптағы корректорлық кінәраттар үшін редакторды кінәлайды, жазалайды да. Қазіргі баспалардағы «демократиялық» басқарудың бір сипаты осындай. Оның есесіне, баспа билігі авторлардан «өлердей» қорқады. Автордың орынсыз тәлкегі мен қылжағына редактордың есебінен көніп, шыдамдылық танытады. Өйткені баспа әкімшілігі авторды тапсырыс беруші (қаржы аударушы) деп таниды. Оған жақсы редактордан айырылып қалмаудан көрі қолжазбасы сапасыз болса да, тапсырыс (ақша) беруші автордан айырылып қалмау әлдеқайда маңызды болып көрінеді. Ал онда...
Автор. Ол кім?
Автор дегеніміз – баспаның клиенті, кітап жазған адам немесе қолжазбаның иесі, қожайыны, тапсырыс беруші. Қазіргі кезде автор кітабын үш түрлі жолмен шығара алады. Бірінші, автор үшін де, баспа үшін де ең тиімдісі, қалаулысы – кітапты мемлекеттік бағдарлама аясында бюджет қаржысымен шығару. Ең сенімді жол. Бұл жағдайда шыққан кітаптың барлық таралымы (тиражы – қазіргі кезде 3000 экземпляр) кітапханаларға таратылады, авторға аз да болса қаламақы төленеді. Баспаның барлық шығыны өтеледі. Бұл бағдарламаға ілігудің бірден-бір шарты – кітап мазмұны мен көркемдігінің сапалы әрі оқырманға қажеттілігі. Бұл – заң жүзіндегі талап. Алайда (тағы да «алайда»...), іс жүзінде, көп ретте бұл шартты автор кітабының сапасы емес, жеке басының танымалдығы (қоғамдағы орны, құрметі) мен кітап билігінің басында отырғандарға сүйкімділігі шешеді. Бұлай ойлауға қоқысқа лақтырудан басқаға жарамайтын кейбір кітапсымақтардың (50%-дан кем емес шығар) тонналап шығып жататыны дәлел болады. Кітап шығарудың екінші жолы – демеуші (спонсор) арқылы шығару, үшіншісі – автордың өз қаржысымен шығаруы. Бұл екі жағдайда мәселені кітаптың сапасы емес, 100% ақша шешеді. Тек жоғары-төменгілердің ашуына тиетін «шатағы» болмаса болғаны.
Кім күшті?
(Автор, баспа, редактор арасалмағы)
Кітап баспа, автор, редактор үшеуінің қатысуымен шығады. Осы үш тараптың қайсысы күшті? Мұны мынадан біліңіз: баспа әкімшілігі клиентке (авторға, яғни тапсырыс берушіге) тәуелді, ал редактор баспаның әкімшілігіне тәуелді. Өйткені баспа әкімшілігі (кез келген әкімшілік секілді) «заң жолын» ұстанатын редакторды ұнатпайды, оны жұмыстан шығарып жіберіп, қолжазбаға редактор деп қол қоюға ғана жарайтын кез келген шала сауатты адамды орнына ойланбай ала салады. Сондықтан жұмыссыздық заманында редактор автордың да, баспа әкімшілігінің де тәлкегіне көнуге мәжбүр. Ал клиент (тапсырыс беруші) ретінде баспа әкімшілігін өз ыңғайына көндіре алатынын білген автор редакторды адам ғұрлы көрмейді. Оған қажет деп тапқанда өктем де қатқыл сөйлей алады. Әрине, автордың бәрі мұндай емес. Өзінің шама-шарқын білетін, редактордың орнын бағалай алатын авторлар көп. Ал редактормен дөрекі (не этично) қарым-қатынаста болу – не дұрыс пен бұрысты ажырата алмайтын сауатсыз автордың немесе кеудесіне нан піскен «тірі классик» автордың әрекеті.
Қолжазбамен жұмыс
Редактордың қолжазбаны оқып, тексеруі, қателерін түзетуі қолжазбамен жұмыс деп аталады. Редактор қолжазбамен жұмыс істеп болған соң, туындаған сұрақтар бойынша автормен көзбе-көз, бетпе-бет отырып әңгімелесіп, мәселелерді талқылайды. Мұны автормен жұмыс деп атайды. Қолжазбаға күрделі түзетулер мен жөндеулер жасау керек болса, оны автор белгілі мерзімге алып кетіп, жөндеп, кешіктірмей қайта әкеліп, редакторға береді. Қолжазба кітап етіп шығаруға мүлдем жарамаған жағдайда редактор оны авторға біржола қайтарады. Ал редактор өзінің ықтиярымен және автордың келісімімен қолжазбаға 25% түзету енгізетін болса, онда бұл жағдайда редактор кітаптың телавторы (соавтор) бола алады.
Алайда (әдеттегідей, тағы да алайда...), мұның бәрі – автор мен редактордың арасындағы сөз жүзіндегі (формалды) талаптар ғана (бірақ құжаттарда жазылатын заңды талаптар). Іс жүзінде, қазіргі нарық дәуірінде, редактор авторды көрмейді де, оған өз талаптарын қоя да алмайды. Сондықтан редактор авторға қоюға тиіс сұрақтарды өзіне қойып, қолынан келгенінше қолжазбаны өзі түзетеді. Сөйтіп, тағы да автор редакторды 1:0 есебімен жеңіп шығады. Ең соңында, автор кітаптың өз кінәсынан кеткен кемшіліктері үшін редакторды кінәлап, оның беделін түсіре алады. Бұған төзбеген редактор жұмыстан өзі кетеді, кейде оны шығарып та жібереді. Өйткені кез келген хат танитын біреуді редакторлық қызметке ала салады. Тіпті кітапты редакторсыз шығаратын баспалар да болады.
Редактор еңбегінің бағалануы
Редакторға деген теріс көзқарас оның еңбегін бағалауға да тікелей әсер етеді. Салыстырып айтсақ, кірпіш қалаушы тапсырыс берушіге өз еңбегінің бағасын өзі айтады. Ал редактор еңбегінің бағасын баспа әкімшілігі (бастық) айтады. Бұл – біздегі (жалпы, нарық қоғамындағы) материалдық және рухани құндылықтарға деген екі түрлі көзқарастың көрінісі. Өйткені адам тамақ ішпей, киім кимей, үй салмай өмір сүре алмайтынын жақсы біледі. Сондықтан тамақ пен кірпіш қанша қымбаттаса да сатып алады. Ал адамдардың шамамен 70%-ының үйінде кітап болмайды. Редактор еңбегінің құнсыздығының бір ұшығы осыған келіп тіреледі. Бұл – рухани апаттың әдетте елене бермейтін бір белгісі.
Баспа ма, баспахана ма?
Көп жыл бұрын ауылдан қыдырып келген бір ағайын мені «Абай, 143-тегі» (Бас­палар үйіндегі) жұмысыма іздеп келген-ді. Сонда ол ғимаратты көрсетіп: «Мынау баспахана ма» деген еді. Басымды изей салдым. Ауылда тұратын көп адамдар аудандық газеттің жанындағы баспахананы біледі. «Баспахана ма?» дейтін себебі сол болуы мүмкін. Тағы бір ағайын менің редактор болып істейтінімді білгенде: «Машинаңыз бар шығар?» деді. Кекетіп емес, шын түсінігімен айтты. Өйткені ол аудандық газетте редактор дейтіннің болатынын және ол (редактор) қызметтік машинамен жүретінін, яғни аудандағы әжептәуір бастықтың бірі екенін біледі ғой.
Қарапайым жұрттың баспа мен баспахананы ажыратпайтын бір себебі – кеңес дәуірінде аудан орталығында баспа болған жоқ, баспахана ғана болды (ал қазіргі нарық кезінде әрбір үлкенді-кішілі баспахана өзінше «баспа» да болып алуы бек мүмкін). Екіншіден, баспа мен баспахана сөздерінің түбірі бір, адамдар содан да шатысады. Шынында, баспа – кітапты (яки газет, журнал) басып шығаратын орын емес, соларды жоғары сауаттылықпен дайындайтын мекеме. Ал баспахана – баспа дайындап берген өнімдерді (кітап, газет, журнал, т.б.) станокқа салып, басып шығаратын кәсіпорын. Сондықтан баспада сауаттылықты қадағалайтын редактор, корректор дейтін интеллектуалдық мамандар қызмет етсе, ал Баспаханада станок-машиналардың жұмысын басқаратын техник, технолог, инженер секілді техникалық мамандар жұмыс істейді. Осыған орай, баспаның орысша атауы издательство, онда жұмыс істейтіндер издатель (баспагер) деп аталады да, баспахана типография деп аталып, онда жұмыс істейтіндер полиграфист, типографист (қалыптаушы) делінеді. Дегенмен, баспа мен баспахана (издательство мен типография) – бір терінің пұшпағын илейтін егіз мекемелер екені де анық. Бұл жағынан, орысша издательство және типография деп «алшақ» атағаннан гөрі қазақтардың баспа, баспахана деп «ұйқастырғаны» шындыққа жақын келеді. Бірінсіз бірі «күн көре алмайтын» осы қос мекемені қазіргі нарық тілімен айтсақ, баспа (издательство) – тапсырыс беруші (клиент) болады да, баспахана (типография) – тапсырысты орындаушы болып табылады. Бейнелеп айтсақ, баспахана – аузын ашып тұрған бақа десек, баспа – оның аузына су тамызатын бұлақ деуге болады.
Редактордың міндеті не?
Кейбір авторлар жазғанымды (кітабымды) редактор танымастай (қайта жазғандай) етіп жақсартып береді (сөйтуге міндетті) деп ойлайтын секілді. Ондай адамдар редактордың түзетулеріне қанағаттанбай, қайта-қайта түзеттіре бергісі келеді. Тура бір оның кітабын осылай етіп өзі емес, редактор жазғандай болады. Бұл – редактордың қызметін білмеудің салдары. Шынында, редактор қолжазбаны «танымастай етіп» өңдемейді де, өзгертпейді. Әрбір кітап – оны жазған автордың деңгейін көрсетеді. Кітаптың әкесі де, шешесі де – автор. Кітабының (қолжазбасының) кемшіліктері үшін редакторды кінәлайтын автор – өз баласының кемшілігін өзгеден көретін әкемен бірдей.
Ендеше редактордың міндеті не? Бұл сұрақтың жауабын жоғарыда да айттық. Редактор кез келген қолжазбаны (кітаптың түпнұсқасын) «өз деңгейінде» ғана «жөндейді». «Әумесерден» «әулие», автордан «хақ-нұр» жасамайды. Редактор қолжазбаға «нормаға сай» ғана түзетулер енгізеді. Одан артық емес! Қолжазбадағы редактор түзететін қателердің түрлері туралы да ілгеріде айттық. Соларды білу керек.
Кітапты дайындау. Ол не?
Кез келген кітаптың негізі – автордың қолжазбасы. Қолжазба деп – кітап етіп шығару үшін автор шығармасының баспаға (баспаханаға емес) ұсынған нұсқасын айтамыз. Мұны кейде түпнұсқа (оригинал) деп те айтады. Автор шығармасының қолжазбасын баспаға ұсыну үшін оны (қолжазбаны) жазу машинасында (машинкада, қазіргі кезде компьютерде) бастырып (тергізіп), одан соң оны бастан-аяқ мұқият оқып шығып, басқанда (тергенде) кеткен барлық (мазмұндық, грамматикалық, техникалық) қателерін өз қолымен түзетіп, түзетулерін машинкада (компьютерде) қайта бастырып, осындай түзетулер жасалғаннан кейінгі қателерден тазартылған қолжазбаны «осы қалпында басуға келісемін» деп, датасын көрсетіп, қолын қойып, баспаның қолжазбаны қабылдап алуға жауапты адамына (қазіргіше – менеджерге) өткізеді. Қолжазбаны қабылдап алушы менеджер оның (қолжазбаның) барлық шарттарға сай екендігін тексеріп, осы шарттардың ең кемінде біреуі талапқа сай болмаса (қолжазбаның бастапқы және соңғы беттерінде жазылуы тиіс сөздер толық болмаса, қолжазба техникалық талаптарға сай басылмаған болса, т.б.), онда қолжазбадағы осы кемшіліктерді дұрыс қалыпқа келтіруі үшін, менеджер қолжазбаны авторға белгілі мерзімге қайтарып береді. Автор осы мерзім ішінде қолжазбаның көрсетілген кемшіліктерін жөндеп дұрыстап, баспаға қайтадан өткізуі керек. Бұл – кітапты баспаханаға дайындаудың бірінші (бастапқы) кезеңі.
Осылайша қабылдап алынған қолжазбаны редактор оқып шығып, мазмұнындағы кемшіліктердің кейбірін өз жауапкершілігімен түзетеді. Ал автордың жауапкершілігіне тиісті кемшіліктерді авторға көрсетіп, оларды автордың түзетуі үшін белгілі мерзімге қайтарып береді. Кітапты (қолжазбаны) баспаханаға дайындаудың бұл екінші кезеңін – редакторлық жұмыс деп атайды. Ал редактордың автормен арасындағы қарым-қатынас әрекеттерін (авторға қолжазбаның кемшіліктерін көрсетуі, редакция талаптарын түсіндіруі және автордың қолжазбаны қалай түзеткенін тексеріп, бақылауы, т.с.с.) редактордың автормен жұмысы (қысқаша: автормен жұмыс) дейді.
Үшінші кезең – автордың қолжазбадағы редактор көрсеткен кемшіліктерді түзету мақсатындағы жұмысы. Мұны авторлық жұмыс дейді. Бұл кезеңде автор қолжазбасының бұрын ескермеген кемшіліктерін өз тарапынан да толықтырып, түзетуіне болады.
Төртінші кезең – редактордың автор жұмысынан кейін қолжазбаны қайта қарап, оның (қолжазбаның) мінсіз қалыпқа түскеніне көз жеткізуі, әлі де кейбір кемшіліктері болса, оны өз тарапынан немесе автормен (кездесіп не телефон арқылы) келісе отырып, түзетуі.
Бесінші кезең – мазмұны әбден түзетілген қолжазбаның грамматикалық қателерін түзету үшін оны (қолжазбаны) корректордың оқуына беру.
Алтыншы кезең – қолжазбаның мұқабаларындағы және ішіндегі (ішкі) суреттерін, схема, сызбаларын кітаби стандарт талаптарына сай етіп реттеу үшін қолжазбаны көркемдеуші редакторға (қазір – дизайнер) беру.
Жетінші кезең – қолжазбаны кітап форматы мен стандартына сай етіп беттеп шығу (қазір мұны верстка – беттеу дейді).
Сегізінші кезең – қолжазбаның көркемдігі (дизайны), беттелуі (версткасы) талапқа сай екендігін тексерту мақсатында оны (қолжазбаны) техникалық редактордың қарауына (тексеруіне) беру.
Тоғызыншы кезең – осы аталған жұмыстардың барлығы талапқа сай болып орындалған жағдайда, «кітап етіп басуға рұқсат» деген жарлықпен қолжазбаның (қазір – верстканың) 1-бетіне редактор (автор, корректор, көркемдеуші және техникалық редакторлар) қол қойып, қолжазбаны (верстканы) кітап етіп шығару үшін баспаханаға (типографияға) өткізу (өткізеді).
Сонымен, кітапты (оның қолжазбасын) баспаханаға (басып шығару үшін) дайындау дегеніміз – жоғарыда көрсетілген жұмыстарды толық атқару болып табылады. Алайда...
Бүгінгі нарық кезеңінде осы жұмыстардың дизайннен басқасын түгелімен бір өзі атқару және жауап беру редактор «байғұстың» мойнына жүктелген.
Кітапты дайындауға кімдер қатысады?
Автор – кітап қолжазбасының мазмұны (ғылыми, әдеби, грамматикалық сауаттылығы), қағазға басылуы (техникалық қателерсіз терілуі) баспа талабына сай болуына жауап береді. Автор баспаға өткізген қолжазбасының мәтініне редактордың келісімінсіз, екінші рет өзгерістер енгізбейді. Ол (автор) кітабының қолжазбасына екі рет (ең алғашқы баспаға өзі өткізген түпнұсқасына және редактор қол қойған ең соңғы версткалық нұсқасына) «Кітап етіп басуға болады (басуға рұқсат). Жауап беремін» деп, датасын көрсетіп қол қояды. Яғни автор кітап мәтінінің дұрыстығына да, онда кеткен қателер мен кемшіліктерге де редактормен бірге және бірінші кезекте жауапты болады.
Дизайнер – кітап мұқабасының суреттерін салады, оның (суреттің) кітап мазмұнына сай келуіне жауап береді, кейде ішкі беттерге де осындай мазмұндық суреттер салады. Кітаптағы автор енгізген сурет, схема, сызбалардың дизайндік тұрғыдан дұрыс берілуін қадағалайды, суреттердің бояуын, мазмұнын таңдауда автордың келісімін алуына болады. Дизайнерді көркемдеуші редактор деп те атайды.
Теруші – кітап қолжазбасын компьютерде теріп-басып шығаратын адам (орысша – наборщик). Теруші автордың қолмен жазған түпнұсқасындағы мазмұндық, грамматикалық қателері үшін жауап бермейді. Түпнұсқада қалай жазылса солай етіп, басып беруіне болады. Ал сауатты теруші сауатсыз автордың кейбір грамматикалық қателерін түзетіп басса, автор бұл үшін терушіге ренжімеуі тиіс, кейбір санасы барлары рақмет айтады. Терушінің міндеті – мәтінді (схема, графиктерімен қоса) техникалық стандартқа сай етіп, қағазға басып шығару және басылғанның электрондық нұсқасын қағаздағысымен (орысша – распечатка дейді) қоса авторға беру. Егер қолжазбада (мәтінде, схема, суреттерде, т.б.) автордың өз кінәсінен кеткен қателер болса, оны автор өзі дұрыстауы тиіс немесе терушіге яки басқа біреуге ақша төлеп түзеттіре алады. Ал автор қағазға қолмен жазғанын компьютерде өзі басса (терсе), онда ол жоғарыдағы талаптардың бәрін орындауға өзі жауапты болады. Атап айтқанда, компьютерде басылған қолжазба грамматикалық (әріп, тыныс белгі қателерінсіз, дұрыс тасымалданған, абзац-азат жолдары дұрыс берілген, т.б.), техникалық (шрифт, жол аралық, әріп аралық, сөз аралық пробелдердің дұрыс берілуі, қарайтылып, разрядка, курсивпен дұрыс ерекшеленуі, т.б.) жағынан қатесіз, стандарт талаптарға сай болуы шарт.
Беттеуші (верстальщик) – қателері әбден түзетілген қолжазбаны кітаптың белгіленген форматына (пішіміне) сәйкес етіп, қағаз бетіне орналастырушы. Бұл «бет» – болашақ кітап беті болып саналады. Беттеуші де теруші сияқты, кітаптың (мәтіннің) мазмұнына, грамматикасына да жауап бермейді. Бірақ беттеудің техникалық стандартының орындалуына толығымен әрі тікелей жауапты. Атап айтқанда, беттеуші әріп аралық, сөз аралық, жол аралық пробелдерді дұрыс қоя білуі, сызықша мен дефисті ажырата алуы және оларды да дұрыс қоюы, абзац пен тасымалды дұрыс бере білуге тиіс.
Техникалық редактор – кітап қолжазбасының жоғарыда аталған техникалық талаптарға сай беттелгендігін тексеріп, қателерін түзетуші немесе кеткен қатені тиісті (жауапты) маманға көрсетіп, түзеттіреді.
Корректор – қолжазбаның беттелген ең соңғы нұсқасын бастан-аяқ оқып шығып, онда кеткен әріп, тыныс белгі, тасымал мен абзацтағы қателерін түзетуші. Кітап мазмұнында көзіне шалынған күмәнді тұстар болса, редакторға ескертіп, хабардар етеді.
Редактор – қолжазба баспаға келіп түскен күннен бастап, баспаханаға өткізілгенге дейінгі жоғарыда көрсетілген жұмыстардың барлығына басшылық етеді. Қолжазбамен және жоғарыда аталған жауапты адамдардың барлығымен жұмыс істейді. Ең соңында, барлық кемшіліктері түзетіліп, беттелген қолжазбаның бірінші (титул) бетіне «Басуға рұқсат» деп қол қояды. Алайда...
Іс жүзінде редактор өз міндетімен қоса, түр-түсін көрмейтін автордың, жұмыс істемейтін корректор мен техникалық редактордың орнына өзі жұмыс істейді (ақы-пұлсыз), сондай-ақ дизайнер, теруші, беттеуші тарапынан кеткен қателерді де редактор өзі түзетеді. 
Сауаттылық па, редакторлық па?
Біздің тақырыбымыз не еді өзі? Жазу сауаттылығы жайында емес пе еді? Онда бұған баспаның, ондағы редактор деп аталатын адамның қандай қатысы бар? Өйткені біз осы уақытқа дейін соларды (редактор, корректор, беттеуші, дизайнер, т.б.) айтып келдік қой. Бұл сұрақтың да жауабын жоғарыда айтқанбыз. Соны қайталап еске түсірсек, онда: редактор – кітап мәдениетіндегі (кітап өндірісіндегі) сауатты жазудың, яғни кітап сауаттылығының күзетшісі! Ал бірінші сынып шәкіртінен он екінші сынып оқушысына дейінгі, одан әрі қарай, колледж, университет студенттерінен бастап, магистрант, ғылым докторы, профессор, академиктерге, ақырында барша қалам ұстайтын (жазушы, журналист) және «ұстамайтындарға» (оқырмандарға) дейінгі адамдардың алдында жаюлы тұратын сауаттылық мектебі – осы кітап емес пе. «Баланы – жасынан» демекші, біздің де жазу сауаттылығы жайындағы әңгімені «баспа» дейтін мекемеден, онда қызмет ететін редактор, корректор секілді мамандардан бастап отырған себебіміз де – осыдан. Өйткені баршамыздың сауаттылық мектебіміз болып саналатын, нарық тілімен айтқанда, «кітап» дейтін тауарды өндіріп шығарып, алдымызға жайып беретін – солар: осы баспа, ондағы редактор, корректор, беттеуші, дизайнер секілді мамандар ғой. Сондықтан біз де «баспа» деп аталатын мекеме мен онда қызмет ететін, кітап өндірісі саласының жауапты адамдарын, редактор, корректор секілді мамандарды жазу сауаттылығы жайындағы әңгімеміздің әлқиссасы етіп алдық. 
Алайда... Адам баласының табиғаты сондай: ол өзінің материалдық қажеттіліктеріне (жақсы киіну, жақсы тамақтану, жақсы үйде тұру, қымбат машиналар міну, т.с.с.) ғарыштық жылдамдықпен ұмтылғанымен, рухани игіліктерді (кітап оқу, білім алу, сауат ашу, т.с.с.) иеленуге есекпен тепеңдегендей қимылмен, керенаулау, немқұрайлы, селқостау келеді. Осы себептен де, баспалардан кітаптарды шығарып қою – жазу мен білім сауаттылығының толық кепілі бола алмайды. Руханилықтан материалдық дүние үстем тұратын қоғамда бұл проблема тіпті тізгін бермей кететінін күнделікті өмірден көріп жүрміз. Ханның сарайындай үйі, 5-6 қымбат машинасы бар кей адамдардың үйінен рухани азық болуға жарайтын 5-6 кітаптың табылмайтыны да бұл сөзімізге дәлел болады. Осы себепті, кітаптар білім мен сауаттылық мектебіне айналуы үшін, оны, яғни кітап оқуды қажеттілікке (кейде мәжбүрлікке) айналдыратын тағы бір мектеп керек. Оның аты – мемлекет қаржысымен жұмыс істейтін ресми мектептер. Олай болса...
Білім мен сауаттылық негізі – мектептен...бе?
Иә, солай екен! Бұған менің талай рет көзім жетті. Мектепте дұрыс білім алмаған адамнан үлкен дарын, білікті маманның шығуы – өте сирек жағдай. Ондай ықтималдық коэффициенті – мыңнан бір, кейде миллионнан бір ғана. Бұл – айтуға тұрмайтын аз шама! Бұл тұжырымға дәлел іздесек – екінің бірі. Екі сөйлемнің басын дұрыс қоса алмайтын авторлар, жаттанды жайдақ сөздің «шеберлері», қалт-құлт еткен әлтек-тәлтек оқулық авторлары... аз емес. Мұны кітапқа өз қызығушылығымен ғана үстірт үңілетін адамдар аңғара бермеуі мүмкін, ал редакторлық талап тұрғысынан қарайтындардың көзіне бірден ілігеді. Сонда жазушы, журналист, ғалым-профессор атақтарының өзі де шынайы білімділік пен саналы (сапалы деуге болады) сауаттылықтың бірден-бір кепілі бола бермейтінін байқау қиын емес. Білім мен сауаттылық негізі – мектеп болатыны да осыдан. Егер мектепте дұрыс оқымай, уақытыңызды өткізіп алсаңыз, кейін соның орнын толтыру оңай болмайды, санаулы ерекше жағдайлар болмаса, көптеген адамдар үшін «кештің – ешінің» есебін толықтырып, есесін қайтару мүмкін де емес. Көп жағдайда, мектеп дәлізінен сүріне-сүріне шыққан адам зауыт дәлізінде де, тіпті академия дәлізінде де солай сүріншектеп жүре беретін болады. Дегенмен, «Ештен – кешті» де ескерусіз қалдыруға болмас. Өткен уақыттың олқылығын түзетуге шындап кіріскен адам ерінбей, темірдей төзімділік танытса, бұл еңбегінің жемісін көруі мүмкін.
Сондықтан біздің жазу сауаттылығы жайындағы бұл мақаланы жазып, оқырманға ұсынудағы мақсатымыз – мектеп оқушылары мен студент жастар сауаттылықтықтың қадір-қасиетін ерте бастан біліп, ескерсін, ал азды-көпті уақыт өткізіп алып, кештеу қалғандар біржола «еш қалмасын», сауаттылықтың қарапайым шарттарын меңгеруге күш салсын дегендік.
Сауаттылықты меңгерту үшін алдымен, сауатсыздықтың түрі мен түсін ажырата білмек керек. Сол себептен де біз алдымен жазу барысында жиі кездесетін кемшіліктер мен қателердің қандай болатынын, оны қалай түзету керектігін көрсетуден бастаймыз. Бұл ретте біз ресми бекітілген қазақ тілінің жазу ережелерін негізге аламыз. 

2889 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз