• Заманхат
  • 15 Сәуір, 2024

Тарихты түгендеуге қосылған қомақты үлес

Өткен тарихымызды зерделеуде түрлі дерек көздерінің маңызы зор. Соның бірі – дәуір куәгерлерінің өзі жазған кітаптары. Жуырда AmalBooks баспасынан британ инженері Нельсон Феллдің «Русия һәм көшпелілер. Қазақ даласы туралы хикаялар» атты кітабы жарық көрді. ХХ ғасыр басында Қарағанды өңірінде мыс қорыту зауытын басқарған  кәсіпкердің жазбалары қазақ даласындағы алғашқы индустрияландыру үрдістерін сипаттаумен қатар, жергілікті халық жайлы этнографиялық деректерді қамтуымен құнды.

 

Баспагер Бақытжан Бұқарбайдың айтуынша, аталған еңбек алғаш рет 1916 жылы Лондон және Нью-Йорк қалаларында басылған. «1905 жылы қазақ даласына келіп, қазіргі Қарағанды облысындағы мыс кеніштерін сатып алып, мыс қорыту зауытын басқарған британ кәсіпкері Феллдің таңғажайып этнографиялық жазбаларын тұңғыш рет қазақ және орыс тіліне аударып шығарып отырмыз. Кітап «Aсылтас» қорының қолдауымен шықты», - дейді Б.Бұқарбай.

Кітап авторы Нельсон Фелл – ірі кәсіпкер, Спасск мыс кендері акционерлік қоғамының басшысы. Акционерлік қоғамды 1904 жылы Лондонда ағылшын-француз және орыс кәсіпкерлері құрған. Оның құрамына Спасск-Вознесенск және Успен мыс кеніштері,  Спасск мыс қорыту зауыты, Саран және Қарағанды көмір кеніштері кірген. Спасск зауытында жылына мыңдаған тонна мыс өндірілген. Кеніштер мен кен орындарында қазақ жұмысшылары істеген. Эдвард Нельсон Фелл 1905-1909 жылдар аралығында осы тау-кен компаниясын басқарып, қазақ жерінде өмір сүреді. Ағылшындар салған инвестицияның арқасында кеніштер мен зауыттар табысты кәсіпорынға айналады. Автор кітапта осы уақыттағы көрген-түйгенін зауыт тарихымен шендестіре баяндайды. 

Кітапта сол кезеңдегі қазақтардың тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы туралы қызықты деректер мол.  Мүлде бөлек өркениет адамының көшпелі халық туралы ой-тұжырымы шынайы келтірілген. Нельсон Фелл сол замандағы өнеркәсіп, сауда-саттық, әлеуметтік қатынастар жайлы жазады. Автор әйгілі Қоянды жәрмеңкесінде болған кезін сипаттап, қазақтардың көшпелі тұрмысының мән-жайын, жайлау мен қыстаудағы өмірді баяндайды. Қазақ халқының табиғатпен үйлесімде өмір сүретінін ризашылықпен атап көрсетеді. 

Бұл кітап AmalBooks баспасының тарихымыздан сыр шертетін әрі тың деректерді ұсынатын «Таза тарих» сериясының жалғасы. Жалпы аталған серия бойынша 2021 жылдан бері 7 кітап жарыққа шыққан. Оның ішінде Ахмет Кенесариннің, Мұхаметжан Тынышбаевтың құнды кітаптары бар. «Таза тарих» сериясының кітаптары таза, шынайы деректерге негізделуімен ерекшеленеді. 

- Идеология тек жоғарыдан ғана жүргізілетін үдеріс емес, оны 

азаматтық қоғам өз тарапынан да ілгерілетуі керек. Біз деректі кітаптар шығару арқылы тарихымызды түгендеуге үлес қосуды мақсат етеміз. Бұның мультипликативті әсері де зор, – дейді Б.Бұқарбай. 

Әйтсе де, баспагердің айтуынша, әлеуметтік маңызды кітаптарды таратуға мемлекет тарапынан қолдау жетіспейді. «Жекеменшік баспалар шығарған кітаптар оқырман сұранысына ие болғанмен, бүкіл көпшілікке жете бермейді. Сондықтан тиісті органдар кітаптарымызды республика кітапханаларына тарату тетігін жолға қоюы керек. Баспаларға салық жағынан жеңілдік жасау қажет. Бұл кітап оқитын ел қалыптастыруға да септігін тигізер еді. Біз өз тарапымыздан Алматы облысындағы мектеп кітапханаларына бірнеше рет кітаптарымызды тегін тараттық, бірақ бұл аздық етеді», -  дейді Б.Бұқарбай. 

Нельсон Феллдің «Русия һәм көшпелілер. Қазақ даласы туралы хикаялар» атты кітабының көркемделуі, беттелуі ерекше, оқырманға ыңғайлы болуына баса мән берілген. Кітап «Меломан», «KitapAl» және басқа кітап дүкендерінде сатылымға шықты. Қазақтың өткенін тануға сүбелі үлес қосқан кітапты оқырман іздеп жүріп оқитыны анық.

 

Дина Халық

 

1783 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз