• Заманхат
  • 30 Сәуір, 2024

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІНІҢ ТАРИХЫ МЕН ҚАЛЫПТАСУ ЖОЛЫ (ХХ ҒАСЫР)

1930 ж. 10 желтоқсанда Қазатком төралқасының мәжілісінде мединститут ашу барысы туралы талқылау өтіп, оның қорытындысы бойынша ҚазОАК Төралқасы: «1931 жылдың ақпан айының басынан кешіктірмей медициналық институттың функцияларын нақты іске асыру туралы» шешім қабылдады [63]. Осылайша, Алматыда тұңғыш мединституттың ашылуы денсаулық сақтау саласының дамуына қосылған үлкен үлес ретінде тарих парағына жазылды. 
1931-1936 жж. аралығында Қазақ мединститутында 707 студент білім алып, 18 профессор, 14 доцент, 54 оқытушы бар небәрі 33 топ жұмыс істеді [64]. Қазақстандағы алғашқы медициналық институттың барлық ғимараты ескі, әрі пешпен жылытылатын, су тартылмаған, кәріз жүйесі қосылмаған еді[65].
Медицина мамандарын даярлау медициналық білім мен денсаулық сақтаудың одан әрі дамуына, сондай-ақ қазақ зиялыларының қалыптасуына ықпал ете отырып, кадр мәселесін айтарлықтай жеңілдетуге жол ашты. 
ҚазМИ директоры С.Асфендиаров ҚДСХК-ге қызметке ауысуына байланысты 1931 ж. 31 мамырда № 64-ші бұйрық шығарып, инс­титут директорлығына уақытша орынбасары М.П. Кацваны орнына қалдырды [66]. Сонымен, 1936 ж. 13 сәуірінде В.М. Молотовтың есімі берілген мединститутта 800, жұмысшы факультетінде 400 студент оқыды. Сонымен 1936 ж. ҚазМИ 66 дәрігер, ал 1937 ж. – 145 дәрігер дайындап шығарды. Жұмысшы факультетінің төменгі топтары Қызылорда, жоғарғы топтары Алматыда білім алды. Ол екі бөлімнен тұрды: өндірістен қол үзіп оқитын күндізгі және өндірістен қол үзбей оқитын кешкі [67].
Орталық Азия аймағына ортақ санитарлық-медициналық мәселелерді шешу үшін 1930-жж. оқу орындарымен қатар арнайы ғылыми-зерттеу институттары да бой көтерді. Алғашқы ғылыми-зерттеу институты 1925 ж. Алматыда ашылған Өлкелік Санбакин болды. 1930 ж. тері-жыныс аурулары, ана мен баланы қорғау, өкпе мен көз аурулары институттары жұмыс істей бастады. Петропавл мен Семей қалаларында физикалық емдеу әдістерін қолданатын институттар құрылды [68]. Олар ғылыми-педагогикалық қызметті дамыта отырып, республиканың денсаулық сақтау жүйесін нығайтуды, теориялық және практикалық медицинаны одан әрі шыңдауды, халық арасына профилактикалық және гигиеналық білімді таратуды, аурулардың себептерін зерттеуді, олардың алдын алу және жою жолдарын табуды мақсат етті.
Елімізде ірі өнеркәсіп орындарының ашылуына байланысты қоғамдық тамақтандыру ісі де қарқынды дамып, олар еңбекке қабілетті халықтың өмірі мен тұрмысын өзгертуге, ЖОО мен мектеп оқушыларының жағдайын жақсартуға ықпал етті. Диеталық тағамдар мен көкөністердің болмауынан әсіресе өндірістік аймақтар (Арал ауданы, Қарсақпай және т.б.) зардап шекті. Қолда бар азық-түлікті бөлуде өрескел қателіктер жіберілді де, ол халық арасында жұқпалы аурулар мен індеттің таралуына әкеп соқты. Осыдан кейін 1931 ж. Қазхалкомкеңесі Өлкелік Санбакиннің ұсынысымен Алматыда Мәскеу тағамтану институтының филиалын ашу мәселесін көтереді. Оны ашу үшін: 1) қоғамдық тамақтандыруды ұйымдастырушы; 2) арнайы оқытылған білікті диетолог; 3) білікті аспаз; 4) ғылыми жетекшінің болуы шарт деп санады.Қазақстанға бірнеше білікті диетолог пен қоғамдық тамақтануды ұйымдастырушы мамандар арнайы шақырылып, Қазсанбак институтының жанынан Тағамтану институтының филиалын ашуға нақты жағдай жасалды.Тағамтану институты филиалының міндеттері: 1) диета мен калорияларды зерттеу және т.б. азық-түліктердің құнарын анықтау; 2) сұраныстарды және тамақтану стандарттарын әзірлеу және осы саладағы заңнаманы дайындау; 3) халықты дұрыс тамақтануға дағдыландыру, осы істі ұйымдастыру; 4) тамақтанудың ерекше түрлерін әзірлеу және ұйымдастыру – диета, ауру демалысы және т.б; 5) жергілікті азық-түлік өнімдерін пайдалануға байланысты мәселелерді әзірлеу және т.б.; 6) өндіру, тамақ дайындау орындарына санитарлық қадағалау; тамақ өнімдерін сақтау, тұтыну және т.б. [69].Қазақстандағы бүкіл дәріхана ісін біріктіретін ұйым ретінде құрылған «Қаздәріхана басқармасы» республиканың барлық медициналық мекемелері мен халқын медициналық-санитарлық мүлікпен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге, барлық шаруашылық жүргізудегі дәріханалар мен санитарлық-гигиеналық дүкендердің жұмысын басқаруға жауапты болды. Осыған байланысты Қаздәріхана басқармасына (КДБ) халыққа дәрілік көмек көрсетуді жеңілдету үшін 1931 ж. аяғына қарай барлық облыстарды, ең алдымен ірі өнеркәсіп орталықтарын, совхоздар мен колхоздарды дәрі-дәрмекпен қамтуды қамтамасыз ету міндеті жүктелді. Осылайша, 1931 ж. соңына қарай ҚДБ 152 мекемеге жетекшілік етсе, 1932 ж. дәріханалар желісін 198 мекемеге дейін кеңейтуді көздеді [70]. Ал 1937 ж. Қаздәріхана басқармасы Орталық дәріхана қоймасы туралы Ереже қабылдап, өз жұмысын жаңа бағытқа бұрады [71].
1932 ж. ҚДСХК-ның Ана мен баланы қорғау бөлімі жанындағы Балабақшалар басқармасы іске қосылады [72]. Осы жылғы 20 қаңтардағы басқарманың ұйымдастыруымен аймақтық ұйым өкілдерінің кездесуі мәжілісінде Алматыда құрылған Балабақша тәрбиешілерін дая­рлау курстарының жұмысы туралы есеп тыңдалды. Екі топқа бөлінген курсқа Алматы облысы бойынша 110 тыңдаушылар тартылған [73]. Бұл балабақша ісін жолға қоюдағы алғашқы қадамдардың бірі еді. 
Қазақстан өкпе ауруларының ғылыми-практикалық институты туберкулезді және онымен күресу әдістерін зерттеу және оған қарсы іс-шараларды басқару жөніндегі ұйымдастырушы орталықтың қызметін атқарды [74]. 1932 ж. сәуірде бұл институттың басым бағыттары мен міндеттері, штаты мен құрылымы, қаржыландыру көздері нақты белгіленді. Елдегі індетке байланысты 1932 ж. институт Қарсақпай мен Балқашқа екі ғылыми-зерттеу экспедициясын аттандырды. Институт туралы Ереже Денсаулық сақтау халкоматы алқасының 1933 ж. 9 наурыздағы №5 қаулысымен бекітілді. Институт мынадай бөлімдерден тұрды: а) ересектерге арналған өкпе бөлімі; ә) әлеуметтік патология; б) балалар секторы; в) рентген; г) лаборатория; д) хирургиялық бөлім; е) оториноларингологиялық кабинет. Сонымен қатар, КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалымен бірлесе отырып, Қазақстанның курорттарын зерттейтін климатологиялық бөлім де ұйымдастырылып, жабдықталды [75]. 
Қазақ даласын жайлаған аштықтың ауыртпалығына қарамастан денсаулық сақтау жүйесін дамыту шараларын жүзеге асыру жалғаса берді. Мысалы, 1932 ж. 13 мамырда өткен Денсаулық сақтау халкомы алқасының мәжілісі Қазақ мемлекеттік курортының қымыз шаруашылығын ұйымдастыруы туралы арнайы мәселені қарап, оның жұмысын жолға қою шараларын талқылады. Осы мәжілістің күн тәртібінде Қазақстанда Көз аурулары институтын ұйымдастыру туралы мәселе де қаралды [76].1931-1933 жж. аштықпен қатар жүрген індет пен жұқпалы аурулар халықтың біраз бөлігін жалмап кетті. 1932 ж. 22 қарашада өткен Қазхалкомкеңесінің жанындағы Өлкелік төтенше індет үштігінің мәжілісінде республикадағы жалпы эпидемиялық жағдай іш сүзегі бойынша аса қолайсыз, шешек ауруының көбеюі бойынша қауіпті, іш сүзегі бойынша тұрақсыз деп бағаланады. Осы мәжілісте есеп берген С. Асфендиаровтың «1932 жылғы Қазақстандағы індет ахуалы және оған қарсы шаралар» тақырыбындағы баяндамасында 1931 ж. қазанынан бастап жүрген үш негізгі инфекция бойынша эпидемиялық аурулардың ағымын былай көрсетеді (кесте-1). 
1931 ж. күзінен бірде күшейіп, бірде әлсіреп отырған сүзек індетінің негізгі ошақтары Қарағанды облысы (Петропавл, Қарағанды, Тельман ауданы, Ақмола), Шығыс Қазақстан облысы (Семей, Павлодар, кейінірек Риддер), Алматы облысында (Алматы, Қаратал, Шу, Қордай, Аягөз, Лепсі аудандары) сырқатқа шалдыққандар саны өте көп болды. Ал іш сүзегі – төрт облыста – Алматы, Шығыс Қазақстан және Қарағандыда кең таралған. Сонымен қатар Қазақстандағы безгек ауруы әсіресе мақта өсіретін аудандарда, күріш өсіретін кеңшарларда және бірқатар жаңа құрылыстарда (Шу, Қаратал және т.б.) кең тарап, онда оның 100% байқалғандығы айтылады. 1931 жылдың күзінде шешек ауруымен ауырғандар саны айтарлықтай жоғары болды [77].1931-1933 жж. Аштық кезінде дәрігерлік пункттердің жетіспеуі, халықтың әбден кедейленуі, жаппай қырылуы, босқындардың көбеюі салдарынан әртүрлі індет түрлері өрши түсті де елдегі ахуал барынша шиеленісті. Эпидемиялық ахуалдың көрсеткіші өткен жылдармен салыстырғанда: 1913 ж. қазақ даласында (Түркістан генерал-губернаторлығын қоспағанда) сүзек ауруы 140 рет тіркелсе, 1933 ж. 22 751-ге жеткен. Ал басқа да жұқпалы аурулардың ошағы 1933 ж. 14 550, ал 1934 ж. 7280 болған [78].
Осы жылдары өлкені жайлаған өкпе ауруы және өзге де жұқпалы ауруларға қарсы дәстүрлі қазақ медицинасына көп көңіл бөлінді. Әсіресе қымызбен емдеу ісіне баса назар аударылып, 1932 ж. ҚДСХК-нің алқа мәжілісінде Қазақ мемлекеттік курорттар басқармасының қымыз фермасын ашу туралы арнайы мәселе қаралып, соның нәтижесінде бірнеше емдеу орталықтары ашылады [79].Қазақстан хирургтер қоғамы 1934 ж. ҚазМИ хирургиялық кафедрасы жұмыс істей бастаған кезде құрылды. Қоғамның мақсаты мен міндеті: Қазақстан хирургтерін барынша бір орталыққа тарта отырып, заманауи прогрессивті медицинаның жетістіктері негізінде қоғам мүшелерінің хирургиялық білімін жетілдіру, денсаулық сақтау органына Қазақстанның еңбекшілеріне қазіргі заманғы хирургиялық көмекті одан әрі дамытуға көмектесу, мамандандырылған хирургиялық көмектің барлық түрлерін ұйымдастыруға жан-жақты жәрдемдесу; республика тұрғындары арасында ғылыми және саяси білімнің таралуына ықпал ету.
Хирургтер қоғамы құрылған алғашқы жылдары Алматы қаласы мен Алматы облысы аумағында жұмыс істеді. Қоғамның жұмысына медицина институтының хирургия кафедраларының оқытушылары мен Алматыдағы хирургиялық мекемелердің дәрігерлері белсене қатысты.
1930 ж. Өлкелік Санбакинде жаңа бағыттар бойынша айтарлықтай өзгерістер болды. Институт диагностикалық жұмыстан толығымен босатылып, тек жоспарлы ғылыми-зерттеу қызметіне көшті. Осылайша, Санбакинде эпидемиологиялық, сарысу-вакцина; сарысу және шешек, вакцина, бактериологиялық, ерекше қауіпті инфекциялар кабинеті (оба), серологиялық, протозоологиялық, гельминтологиялық, клиникалық-диагностикалық, химиялық, кәсіп зияндылық, өлкелік сот-химия кабинеті, коммуналдық санитария, паталогиялық анатомия бөлімдері жұмыс істеді [80]. 
1934 ж. 29 мамырда ҚАКСР Денсаулық сақтау халкомы Қ.Құлсартовтың [81] бұйрығына сәйкес Санитарлық-эпидемиологиялық институты Қазатком Өлкелік эпидемиологиялық және микробиология институты (ӨЭМИ) болып қайта құрылды [82]. Сәйкесінше оның құрылымы да өзгеріп, мынадай құрамға ие болды: шешек, вакцина, сарысу, антирабилік бөлімшелері бар өндірістік сектор; құрамында залалсыздандыру және эпидемиологиялық бөлімшелері, ішек инфекциялары, балалар инфекциясы және шешек, паразитті сүзек жөніндегі кабинеттері бар эпидемиологиялық сектор; құрамында оба, туляремия, бруцеллез, сап және күйдіргі (сібір жарасы) кабинеттері бар аса қауіпті инфекциялар бөлімшесі; бактереологиялық бөлімше (диагностика және бактериялық диагностикалық препараттар даярлау); құрамында безгек бөлімшесі мен энтомологиялық, гельминтологиялық және протозойлы инфекциялар кабинеті бар паразитологиялық сектор. Кейіннен, бұл секторлар бөлім ретінде қайта құрылып, сумен қамтамасыз ету, елді мекендер кәрізі (канализация), тамақ санитариясы мен гигиенасы, тұрмыстық-жоспарлау, өндірістік санитария мен гигиена бөлімдер қосылды[83].Медициналық мекемелер желісінің даму динамикасы және медициналық қызметкерлер санының артуы қолжетімді және тегін медициналық көмек қағидаттарының сәтті жүзеге асырылып жатқанын дәлелдеді. Осылайша, күрделі әлеуметтік-экономикалық және ішкі саяси жағдайға қарамастан, кеңестік Қазақстанның денсаулық сақтау саласы білікті кадрлармен медициналық көмек көрсету аясын кеңейте отырып, қысқа мерзімде бүкілодақтық жүйеге әбден қалыптасқан және дамыған түрде ілесті.
КСРО тарихындағы ең қасіретті оқиғалар – аштық пен індет, саяси қуғын-сүргін, халықтарды күштеп жер аудару, соғыстар – көптеген адамдардың, көрнекті дәрігерлер мен медицина ғалымдарының өмірін қиды. Бірақ осы қиындықтарға қарамастан, Қазақстанның денсаулық сақтау және медицина ғылымы медицина кадрларын даярлау бойынша білім беру іс-шараларының өрістеуіне, көптеген санаториялық-курорттық мекемелер мен медициналық ұйымдардың ашылуына, материалдық-техникалық базаның нығаюына үлес қосып, аман қалып, әрі қарай дамыды. 
Кеңес үкіметінің денсаулық сақтау жүйесі қалыптасу кезеңіндегі күрделі мәселелерге қарамастан (материалдық-техникалық жарақтандырудың нашарлығы, кәсіби кадрлардың, медициналық қызмет көрсетуге арналған стандартты үй-жайлар мен төсек-орындардың жетіспеушілігі) аса ауқымды да маңызды шараларды атқарғаны даусыз. Кеңестік Қазақстанның денсаулық сақтау саласы еркін, қолжетімді, жоспарлы, алдын алуға бағытталған, бюджеттен қаржыландырылатын басты социалистік қағидаттарды негізге ала отырып, жүйелі даму жолына түсті. 
Медициналық көмек еңбек өнімділігін арттыру және КСРО халық шаруашылығы жоспарын орындауға бағытталған ауқымды іс-шаралар кешенінің маңызды факторларының біріне айналды. Әлеуметтік-тарихи аспектіде кеңестік медицина барлық республикадағы денсаулық сақтау жүйесінің жолын ашып, медицина ғалымдары материалдық-техникалық, идеологиялық және бюрократиялық шектеулерге қарамастан теориялық және практикалық медицинаның өркендеуіне үлес қосты.
Бюджеттік үлгінің маңызы тегін білім беру және емдеу, мемлекеттік және жоспарлы медицинаға негізделген біртұтас мемлекеттік денсаулық сақтау кешенін құрудан анық көрінді. Кеңестік денсаулық сақтаудың принциптері рес­публика халқына медициналық көмек көрсету жүйесінің қалыптасуына ықпал етіп, ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің дамуы мен қалыптасуына әсер еткен орасан зор теориялық және ғылыми-практикалық базаны құрады. Қазақстан архивтерінің қорында сақтаулы тұрған құнды материалдардың еліміздегі денсаулық сақтау саласының даму тарихы бойынша мол мәлімет беруде, көптеген мәселелердің қыр-сырын ашуда әлеуеті зор. Қолдағы архив құжаттарын зерттеу арқылы отандық денсаулық сақтау ісінің қалыптасуы аса ауыр жағдай мен қиын кезеңде атқарылған өте ауқымды еңбек екендігін айқын аңғаруға болады.
(Соңы. Басы өткен санда)

 Сәбит ШІЛДЕБАЙ, Орталық мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымының кандидаты
 Зирабүбі ТӨЛЕНОВА, Орталық мемлекеттік архиві әлеуетті зерттеулер орталығы жетекшісі, тарих ғылымының кандидаты 
 Алмас ЖҮНІСБАЕВ, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті Еуразия ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері

 


Пайдаланған әдебиеттер:
63.ҚР ОМА. 5-қ., 11-т., 23-іс, 3, 10-11, 26-пп.
64.Здоровье и здравоохранение трудящихся СССР. Статистический сборник. 1914-1936 гг. Редакционно-издательское управление ЦУНХУ Госплана СССР и В/О «Союзоргучет». – Москва, 1937. – С. 72.
65.ҚР ОМА. Р-82-қ., 1-т., 427-іс, 4-6-пп.
66.ҚР ОМА. Р-1681-қ., 4-т., 1-іс, 18-п.
67.Қазақстанның В.М. Молотов атындағы Мемлекеттік медициналық институты. – Алматы: Газ. типография НКМП, 1937. – 3-5-бб.
68.ОМҒТҚА. 90-қ., 1-6-т., 2-іс, 1-пп.; ҚР ПА. 141-қ., 12048-іс, 107-108-пп.
69.ҚР ОМА. Р-82-қ., 1-т., 1056-іс, 25-27-пп. 
70.ҚР ОМА. Р-82-қ., 1-т., 1066-іс, 82-92-пп.
71.ҚР ОМА. Р-1891-қ., 1-т., 8-іс, 1-5-пп.
72.ҚР ОМА. Р-82-қ., 2-т., 3-іс, 120-п.
73.ҚР ОМА. Р-82-қ., 1-т., 1129-іс, 11-12-пп.
74.Сонда. 98-102-пп.
75.ҚР ОМҒТҚА. 84-қ. 1-6-т., 35-іс, 1-7-пп.
76.ҚР ОМА. Р-82-қ., 1-т., 1123-іс, 1-п.
77.ҚР ОМА. Р-82-қ., 2-т., 4-іс, 5-8-пп.
78.РМЭА. 1562-қ.,. 329-т., 81-іс, 2-3, 25-26-пп.
79.ҚР ОМА. Р-82-қ., 1-т., 1123-іс, 1-1 қ. п.
80.ОМҒТҚА. 85-қ. 1-6-т., 37-іс, 33-п.
81.Құлсартов Қалап – 1899 ж. бұрынғы Орал губ. Қараағаш б. дүниеге келген – 1938 ж. – қайраткер, саяси қуғын-сүргін құрбаны. 1915 ж. Бөкей Ордасындағы 2 сыныпты орыс-қазақ училещесін, 1928 ж. Мәскеудегі коммунистік унив-тің 2 курсын бітірген. 1916-28 жж. Бөкей, Орал губернияларында лауазымды қызметтерде болды. 1928-32 жж. Сырдария және Павлодар округком ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, Түркістан ауданы к-тінің хатшысы, 1932-33 жж. Оңтүстік Қазақстан обл. 2-хатшысы, атком төрағасы, 1933 ж. қазанынан 1936 ж. шілдесіне дейін Қазақ АКСР-і Денсаулық сақтау халкомы, 1936-37 жж. Қарағанды обл. оқу бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1937 ж. желтоқсанда тұтқындалып, 1938 ж. атылды. 1957 ж. желтоқсанда ақталған.
82.ОМҒТҚА. 85-қ., 1-6-т., 123-іс, 43-п.
83.ҚР ОМҒТҚА. 85-қ. 1-6-т., 104-іс, 30-п.

 

 

780 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз