- Ел мұраты
- 30 Сәуір, 2024
ҚАЛЫҢ ТАРИХТАҒЫ СӘУЛЕЛІ ЕҢБЕК ИЕСІ
(тарихшы С.К.Рүстемовтің өмірі мен шығармашылық мұрасы туралы)
Өмір баспалдақтары
Отандық тарих ғылымында өзіндік зерттеу бағытын қалыптастырып, ұлт тарихын зерделеуде мазмұнды ғылыми мұрасы мен жаңашыл қолтаңбасын қалдырған ғалымның бірі – Сәулебек Керімбекұлы Рүстемов болды.
Әрі замандас, әрі ұзақ жыл әріптес, жас айырмашылығына қарамастан сырлас дос болған Сәукең туралы өткен шақта ой-толғау жазу біраз жаныңа ауыртпалық салып, үлкен жауапкершілік артады екен...
Рүстемов Сәулебек Керімбекұлы 1965 жылы 25 сәуірде Шымкент облысы Жетісай ауданы Ленин атындағы совхозда өмірге келіп, сондағы орта мектепте білім алады.
Әкесі Керімбек Рүстемұлы 1936 ж. дүниеге келіп, сол кезеңдегі өмірдің тауқыметін ерте тартқан жандардың бірі. Арнайы білім алмаса да ұзақ жыл агрономия саласында қызмет еткен. Анасы Ұлпаш Қыдырәліқызы отбасындағы 6 ұл-қыздың тәрбиесімен айналысқан. Қарапайым отбасында, еңбекке ерте араласқан ата-анадан тәрбие алған барлық бауырлары жоғары білім алып, бүгінде әр салада қызмет етіп жүр. Солардың арасынан ғылым жолын таңдағаны Сәукең ғана болды.
Тарихшы боламын деп арман қуған жасөспірім 1982 ж. С.М. Киров атындағы Мемлекеттік университеттің (қазіргі әл-Фараби ат. Қазақ ұлттық университеті) тарих факультетіне түсіп, 1989 ж. «Тарихшы. Тарих және қоғамтану пәндерінің оқытушысы» мамандығы бойынша бітіреді. Сол кезеңнің талабы бойынша 1983 ж. 12 шілдесі – 1985 ж. 22 қазаны аралығында кеңестік армия қатарында болып, сержант шенінде оралған ол студенттік өмірді қайта жалғастырады. Жоғарғы оқу орнында әскери кафедраны бітіріп, лейтенант шенін алады. Еңбек жолын 1989 ж. 7 тамызда М.О. Әуезов атындағы педагогикалық университеттің жалпы тарих кафедрасының оқытушылығынан бастаған жас маманның ғылыми ізденіске жаны құмар болды. Бала күнгі арманға қол жеткізу мақсатында 1993ж. қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің күндізгі аспирантурасына қабылданып, 1996 ж. үздік аяқтайды.
1997 ж. 12 желтоқсанда әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеті жанындағы Д14А.01.26 диссертациялық кеңесінде «ХХ ғасыр басындағы Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі мұсылмандық қозғалыс» тақырыбында 07.00.02 – Отан тарихы (Қазақстан Республикасының тарихы) мамандығы бойынша тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған диссертациясын сәтті қорғайды [1].
1998 ж. 17 наурызынан бастап өмірінің соңғы күндеріне дейін Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында «Қазақстанның тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағы» уақытша шығармашылық тобының кіші ғылыми қызметкерлігінен жетекші ғылыми қызметкерлігіне қабылданған жас маман арадағы кейбір қызметтік ауысуларға қарамастан, Тарихи демография және қазіргі кезеңнің әлеуметтік процестері, Сыртқы байланыс, ақпарат және ғылыми кластер бөлімдерінің меңгерушілігіне дейінгі еңбек сатыларынан өтті.
1999 ж. 12 қаңтар –10 мамыр аралығында Ы. Алтынсарин атындағы Қазақтың білім академиясы Жоғары білім институтында қызмет жасайды. Көп ұзамай (1999ж. 15 маусым – 2000 ж. қаңтар) «Қазақ энциклопедиясы» бас редакциясының шақыртуымен әлеуметтік-гуманитарлық орталықтың жетекші маманы ретінде жаңа қызметке ауысады. Осы жылдары ғалым энциклопедиялық басылымның ерекшеліктері мен жазылу әдіс-тәсілін терең меңгеруге машықтанады.
2000 -2013 жж. «Отан тарихы» ғылыми журналының жауапты редакторы, жауапты хатшысы ретінде басылымның ғылыми бағыт-бағдарын айқындау мен мазмұнын байытуға көп көңіл бөледі.
2001ж. 4 қаңтарында Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Тарихи демография бөліміне аға ғылыми қызметкерлікке қайта қабылданады. Өзінің ғылыми ізденістерімен көзге түскен жас ғалым 2002ж. 1 желтоқсанда Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты жанындағы 3 жылдық күндізгі докторантураға қабылданып, ғылыми ізденістерін тереңдете түсуге бел буады.
Осыған орай Институттың 2004 жылғы 10 маусымдағы Ғылыми кеңесі мәжілісінің №3 хаттамасының шешіміне сәйкес С. Керімбекұлының «Азаттық қозғалыстағы қазақтардың басқа түркі-мұсылман халықтарымен қарым-қатынасының тарихы (19 ғ. соңы – 20 ғ. бірінші ширегі)» тақырыбындағы докторлық ізденісінің тақырыбы бекітіледі. Жұмыстың ғылыми жетекшілігіне ҰҒА академигі, т.ғ.д., профессор М.Х.Асылбеков тағайындалады [2].
С. Рүстемовтің ғылыми ізденістері мен жарияланымдары негізінде 2010 ж. 25 маусымдағы Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің №7 хаттама шешімі бойынша тарих мамандығы бойынша доцент ғылыми атағы беріледі [3].
«Ғылым туралы» Заңының 23-бабына сәйкес Білім және ғылым министрлігінің 2011 ж. 6 қыркүйектегі шешіміне сәйкес мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ғылыми және ғылыми-техникалық қызметі конкурстарына қатысуға мүмкіндік беретін аккредиттеу туралы куәлігін [4] алуы оның ғылыми ізденістерді іргелі және қолданбалы зерттеулер бойынша жүргізілетін жобалар бойынша жүзеге асыруына жаңа тыныс беріп, қанаттандыра түскені анық. Мысалға, «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында», «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың тарихы және мәдениеті бойынша шетелдік архивтер мен қорлардағы археографиялық жұмыстар (анықтау, сараптау, цифрлау)» атты Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру ғылыми жобасы негізінде «Архив – 2025» жеті жылдық мемлекеттік бағдарламасында көтерілген идеяларды жүзеге асыруға бағытталған жұмыстарға белсене қатысты. Сонымен қатар «Қазақтар және түркі-мұсылмандық әлем: әлеуметтік-саяси және этномәдени байланыстар (ХIХ ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасырдың бас кезі)» ғылыми-зерттеу жобасына (2015-2016), «Қазақстанның тарихи энциклопедиясы» атты бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасына (2018-2020) жетекшілік жасады. Соңғы жылдары «Қазақстандағы мұсылман және православ миссионерлері: қызметі мен нәтижелері (ХІХ – ХХ ғ. басы)», «Алаш қозғалысының жетісулық қайраткерлері: тағдыры мен мұрасы» және т.б. гранттық жобаларға қатысты.

Қазақстан тарихының өзекті мәселелерін зерттеу мен отандық ғылымның дамуына үлес қосқан С.Рүстемов ғылыми шығармашылық ізденістерімен қатар жас буын тарихшыларды дайындауға да атсалысқан тәлімгер-ұстаз. Атап айтанда, М.О. Әуезов атындағы педагогикалық университетте, Сулейман Демирель университетінде (SDU), 2014ж. 23 шілдеде Ғылым комитетінің 10 ғылыми-зерттеу институты мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ арасында магистратура мен PhD докторантураның бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру туралы келісімі бойынша ашылған жоғары дәрежелі кадрларын тікелей даярлау орталығында магистратура және докторантурада білім алушыларға дәрістер оқып, зерттеу жұмыстарына ғылыми жетекшілік жасады.
Бірқатар халықаралық, республикалық және аймақтық ғылыми-практикалық конференцияларда тартымды баяндамалар жасап, отандық, шетелдік және Scopus базасындағы журналдар мен БАҚ-да көптеген мақалалар жариялады.С.К.Рүстемовтің отандық тарих ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар тарапынан марапатталған: 2020 ж. 15 желтоқсанда отандық ғылым саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Білім және ғылым министрлігінің «Алғыс хатымен», 2021ж. 12 наурызда «Tugrul han-On han» корпоративтік қоры тағайындаған «Тұғырылхан» орденімен және т.б. мадақтаулармен марапатталған.
Ғылым жолындағы ізденістері
Жоғарыда айтып кеткеніміздей Сәулебек Керімбекұлының алғашқы ғылыми ізденістері «ХХ ғасыр басындағы Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі мұсылмандық қозғалыс» тақырыбындағы кандидаттық диссертациялық зерттеуінің негізінде қалыптасады. Жұмыстың тақырыбынан-ақ жас ғалымның ғылымдағы беталысы жаңа арнадан, тың бағытта басталғанын байқаймыз. Себебі, автордың пайымдауынша «мұсылмандық қозғалыс Ресей империясының қол астында ұлттық езгіні бастан кешірген халықтардың, соның ішінде қазақ халқының да азаттық жолындағы күрес тарихында өзіндік із қалдырды» [5]. Кеңестік идеология тұсында XX ғасыр басындағы Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі мұсылмандық қозғалыстың астары анық ашылмай, тәуелсіздік жылдарына дейін ақиқаты айтылмай келді. Кертартпа кезең тұсында «тарихымыздың бүтіндей бір кезеңдері, құбылыстары, соның ішінде Ресей империясын шарпыған ғасыр басындағы мұсылмандық қозғалыс мәселесі де әдейі бұрмаланып, «реакциялық», «кертартпа», мәнсіз оқиғалар тізбегі ретінде көрсетіліп, объективті зерттеуден тыс қалды» [6].
Сондықтан ғылымға енді бет бұрған жас ғалым таңдап алған тақырыптың қиындығына қарамастан, мәселені төтесінен қойып, «өткен дәуірдегі тарихты сол кезеңнің шындығына сай, сыңаржақ қалыптардан ажыратып, ғылыми тұрғыдан ашып» көрсетуге белді бекем буады. Ұзақ жылдар бойы ғалымдардың назарынан тыс қалып келген мұсылмандық қозғалыстың Қазақстан тарихында ғана емес, Ресей тарихында да орны бар ерекше тарихи құбылыс екендігін жан-жақты қарастырып, талдауға, объективті зерттеуге ден қояды.
Тақырыптың өзектілігіне академик М.Қ. Қозыбаевтың: «Бұл қозғалысқа демократиялық бағыттағы зиялы қауым атсалысты. Мемлекеттік думаға сайланған мұсылман депутаттар осы серпілістің қалың ортасында болды. Демократиялық үлкен күрес арнасына дінін, ділін, тілін қорғаған қалың қауымның да екпінді ағыны келіп осылай қосылды. Біз қазақ халқының тарихында осы бір тақырыптан ауыздықты тістеп, шошына ыршып қашатынбыз. Ал шын мәнісінде дін мен парасат, ағартушылық, тәлім-тәрбие ісі де астарласып жатқанын, халықтың қалың қауымы діндарлардың ықпалында болғанын қалай жасыруға болады. Ендеше болашақта бұл тақырып та халқымыздың тарихының бір көрінісі екенін ескергеніміз жөн» [7], – деп баға беруінен де байқауымызға болады.
С.Рүстемов өз зерттеуінде сол бір аумалы-төкпелі заманда бүкіл Ресейді қамтыған мұсылмандық қозғалысқа Қазақ елінің ұлттық мүддесін білдіру және қорғау мақсатында қазақ зиялылары да ат салысқандығын ғасыр басындағы баспасөз материалдары мен архив құжаттары арқылы дәлелдеуге көп көңіл бөледі. Осы мақсатты жүзеге асыру барысында Қазақстан мен Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан архивтері мен кітапханаларында үздіксіз жұмыс жасайды. Әр іс сапарында архив қойнауын ақтара жүріп кездестірген мәліметтерді көлеміне қарамай ерінбестен қалың дәптерлеріне көшіруді әдетке айналдырған. Ғалымның архив құжаттарымен қатар кітапханалардың сирек қорларында талмай ізденгеніне жеке тектік қорларында сақталған қолжазбалары дәлел. Өзінің тақырыбы бойынша ХХ ғасыр басындағы қазақ басылымдарымен қатар, Ресей, татар, башқұрт және т.б. елдердің мерзімді баспасөздерін назардан тыс қалдырмай, оларды да қалың дәптерлерге көшіріп қана қоймай, қотарма жұмысымен де айналысқан. Осындай талмай ізденіс барысында мұсылмандық қозғалыстың XX ғасыр басындағы Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде алар орны, оның пайда болу себептері мен негіздері, мақсат-міндеттері және оған атсалушы қазақ зиялылары мен жекелеген азаматтардың сол мақсат-міндеттерді іске асыру жолындағы қызметін жан-жақты зерделеп, зерттеп, тың мәліметтермен дәйектей отырып, жұмысын сәтті қорғап шығады.
Танымал тарихшы, доцент Әбдікерім Хасеновтың ғылыми жетекшілігімен қорғаған жұмыстың ресми оппоненттері болған тарих ғылымдарының докторы, профессор У.Х.Шалекенов пен тарих ғылымдарының кандидаты Қ.С. Алдажұманов және жетекші ұйым Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті (қазіргі Абай атын. Алматы Ұлттық педагогикалық университеті) жаратылыстану факультеттерінің Қазақстан тарихы кафедрасы берген ресми сын-пікірлерде диссертациялық зерттеу жұмысына жоғары баға берілген.
Аспирант кезден бастап-ақ осы тақырып аясында алғаш қалам тартқан туындылары да XX ғасыр басындағы мұсылмандық қозғалыс патша үкіметі күтпеген ұлттық езгідегі мұсылман халықтарының, оның ішінде және қазақ халқының азаттық жолындағы күресіне арналған. Мақалаларында мұсылмандық қозғалысқа атсалысқан азаматтардың патша үкіметінің қудалау саясатына қарамастан езілген түркі тілдес халықтардың ұлттық сана-сезімінің оянуы, тәуелсіздік пен еркіндік іздеген елдің мұратына жету жолында күрескендіктерін ой өзегіне арқау етеді. Олардың қатарында III мемлекеттік Дума мүшесі С. Мақсұдов, түркі тілдес мұсылман халықтарының мәдени бірігуінде үлкен рөл атқарған И. Гаспринский, жәдидтік қозғалысты белсенді насихаттаушылар – Мұхамед-Сәлім Кашимов пен Әбубәкір Кердері, бүкілресейлік мұсылман съездерін өткізуге белсене араласқан қайраткер Абдурашит Ибрагимов, лингвист-ғалым, поляк профессоры И.А. Бодуэн де Куртэнэ, қазақ қоғамындағы саяси қозғалыстардың қалыптасуының бастауында тұрған Әлихан Бөкейхан, Бақытжан Қаратаев, Сәлімгерей Жантөрин мен Шаһмардан Қосшығұлов, Мұстафа Шоқай, Серәлі Лапин, Сәдуақас Шорманов жөне Досан Аманшы баласы секілді есімі ұзақ уақыт айтылмай келген қазақ қайраткерлері бар [8]. Кейінгі жылдары тақырып аясын кеңірек ашу барысында бүкілресейлік мұсылмандардың съездері мен онда қаралған мәселелер[9], Орынбор мүфтилігінің қалыптасу тарихы мен қызметіне [10], 1916 ж. ұлт-азаттық көтеріліс, 1917-1918 жж. қазақ даласы мен Түркістан өлкесін жайлаған ашаршылықтың зардаптары [11] және т.б. өзекті тақырыптарға қатысты архив құжаттарымен дәйектей отырып жазған, әрі өз тұжырымдарын ашық жазған мақалалары зерттеушілер мен оқырмандардың қызығушылығын арттыра түскені аян.
С.Рүстемов зерттеу кезеңі мен тақырыптың тамырына терең бойлау мақсатында ХХ ғасыр басындағы қоғамдық саяси тарихты жазу үшін архив қорларын көп ақтарды. Зерттеу жұмысында архив құжаттары, атап айтқанда Ресей Федерациясының Мемлекетік архивіндегі 102-қордың (Полиция департаменті) және Өзбекстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивіндегі И-461-қордың (Түркістан аудандық күзет бөлімі) материалдары дерек көзі ретінде кеңінен пайдаланылды. ХХ ғасыр басында Ресей империясында мұсылмандық либерализм ерекше қоғамдық құбылыс ретінде танылды. Бұл құбылысқа негізінен Ресей империясындағы түркі тілдес мұсылман халықтарының өкілдері атсалысып, қоғамның демократиялық даму жолына түсуіне тер төкті. Олардың қатарында «Алаш» қозғалысының қайраткерлері де болды.
Сол дәуірдегі қоғамдық қозғалыстағы ерекшеліктері мен ондағы тұлғалардың орны және рөліне С.Рүстемовтің шығармашылығы және ол жинақтаған материалдар негізінде қарастырып өтейік.
Мұсылмандық либерализм қоғамдық-саяси қозғалыс ретінде ХХ ғасыр басында бой көрсетті және оның қарқын алуы барысында «Ресей мұсылмандары одағы», Мұсылман фракциясы секілді ұйымдар пайда болып, мұсылман халықтарының құқықтарын қорғауға белсене атсалысты.
ХХ ғасыр басындағы мұсылмандық либерализм тарих сахнасына Абдурашид Ибрагимов, Құтлықмұхаммед Тевкелев, Әлимарданбек Топчибашев, Сәлімгерей Жантөрин секілді т.б. саяси қайраткерлерді шығарды. Осы қайраткерлердің күрес жолына түсуін тереңірек білу үшін мұсылмандық либерализм мәселелерін тереңірек зерттей түсу қажеттігіне баса назар аударады.
«Алаш» қайраткерлері мұсылмандық либерализмге ниеттестік танытып, оның ұйымдастырған іс-шараларына тартылды. Осылайша олар саяси шыңдалу мектебінен өтті. Соған орай «Алаш» қозғалысы қайраткерлері өз еңбектерінде мұсылмандық либерализмге орай шынайы баға берді және мұсылмандық либерализм өкілдерімен саяси күрес барысында байланыстарын жандандыра түсуге тырысты.
Ресей империясындағы түркі-мұсылмандық студент жастардың саяси өмірге белсене араласуына азаттық қозғалыс қайреткерлері өзіндік ықпалын тигізді. Бұл ретте М. Шоқай кезінде «Ресейдің қол астында қалған түріктерге жан аямай қызмет етіп келе жатқан қайраткер» деп бағалаған әзербайжан халқының мәшһүр ұлы Ә. Топчибашев (Ә. Топчибашы) есімін ерекше атауға болады. Оның тікелей атсалысуымен 1898 жылы Санкт-Петербургта түркі-мұсылман халықтарының студент жастарына материалдық көмек көрсетуді және олардың саяси белсенділігін артыруды көздеген «Мұсылман қайырымдылық қоғамы» құрылған болатын. Осы ұйымның негізінде бірінші орыс революциясы жылдары өзіндік бағдарламасы бар «Мұсылман студенттердің орталық комитеті» бой көтерді. Бағдарламаға сәйкес ұйымның алдына мынандай міндеттер қойылды:
«1.Ресей мұсылмандары арасында ағартушылық жұмыстарын жүргізу.
2.Империядағы мұсылман халықтарына тән ортақ мәселерді шешуде мұсылман студенттердің бірлесе әрекет етуіне негіз қалау;
3.Үкіметтік бастауыш және орта білім беретін орындардың негізінде мұсылмандық мектептер ашуға негіз қалау.
4.Мұсылмандық жоғары оқу орындарының ашылуына қолдау көрсету.
5.Мұсылман халықтары арасында кітапханалар ашуға қолғабыс жасау.
6. Кедей, тұрмысы нашар мұсылман студенттерге моральдық және материалдық көмек көрсетуді ұйымдастыру» [12].
М.Шоқай өз естелігінде: «Көне досым Мирякуб бек «Кавказ мәселері» хақындағы кітабының бір жерінде сөз арасында 1912 жылғы Балқан соғысына орай әзери (әзербайжан) студенттер арасында жүз берген толқулар туралы айтады. Ол кездердің көріністері сол тұста орыс жоғары оқу орындарында жүрген түрік жастарының жадында. Қашанда төңкерісшілдігімен мәлім ондағы жастар тек өз өмірін білумен шектеліп қалмайды. Халықаралық жағдайды да жете ұғынып шығады», – деп жазып, түркі-мұсылмандық студент жастар қозғалысы түрікшіл қайраткерлердің жаңа буынын қалыптастыруға елеулі ықпал жасағанын меңзейді.
М.Шоқай мұраларындағы мәліметтер түркі-мұсылмандық студент жастар қозғалысының Балқан соғысынан кейін де қарқын ала түскенін аңғаруға мүмкіндік береді. Бұл ретте 1913 жылы Киевтегі жоғары оқу орындарында білім алып жатқан түркі халықтарының өкілдері Ресейдегі мұсылман студенттерінің мәжілісін өткізу жөнінде ұйғарым жасағанын ерекше атап өтуге болады [13].
Ресейдегі мұсылман студентерінің мәжілісін өткізу жайлы М. Шоқай оқып жатқан Санкт-Петербург университетіне және өзге де қалалалардағы жоғары оқу орындарына жетісімен оған өкілдер сайлау мәселесі қолға алынды. Мәселен, 1913ж. 4 сәуірде Қазан университетінің бір топ студенттері – Б. Мәмбетов, Ф.Туктаров, И.Ақымбетов, Эфенди Заде Мамет және С. Ямбулатов бас қосып, Киевте өтетін мәжіліске А.Иманбаевты жіберу жөнінде ұйғарым жасады [14].
Бұл мәжілістің күн тәртібіне Ресейдегі мұсылман халықтарының мүддесін қорғау жолдары қарастыру қойылды. Мәжілісті ұйымдастыру бюросына Киев университетінің медицина факультетінің студенті, әзербайжан халқының өкілі Мажитбек Әлиев жетекшілік жасап, мәжіліске елдегі жоғары оқу орындарынан көптеп өкілдер тарту бағытындағы іс-шараларды қолға алды.
Бірақ та Ресейдегі мұсылман студенттердің мәжілісін өткізуге қызу әзірлік жұмыстары жүргізіліп жатқандығы жайлы мәлімет сол тұста Полиция департаментіне тыңшылар арқылы жетіп, мәжілісті ұйымдастырушылар тұтқынға алынды. Тұтқындалған студенттер қатарында М.Әлиевтен басқа, Новоросийск университетінің студенті Х.Чапчакчи және Москва университетінің студенті А.Халиев болды.
Ресей империясында өрбіген азаттық қозғалыста түркі-мұсылман халықтарының арасында бірліктің арта түсуіне және оған студент жастардың тартылуына патша өкіметі тосқауыл қоюдың түрлі жолдарын қарастырды. М. Шоқай және оның бір топ әріптестерінің Петроградта татар тілінде шығып тұрған «Сюз» (Сөз) газетінде 1916ж. 9 наурыздағы санында «Сират-ул-мустақим» және Петроградтағы оқушы жастар» деген атпен жариялаған мәлімдемесінің мазмұнына қарағанда, патша өкіметі сол тұста түркі-мұсылмандық саяси күштердің арасына іріткі салу жолын таңдап алған. Ішкі істер министрлігі түркі-мұсылман халықтары арасына орыс қоғамы ішіндегідей қаражүздіктер партиясын құру көздеген мақсатқа жеткізеді деп санаған. Мұндай партия құруды Ішкі істер министрлігі Петербург қаласының имамы М.С.Баязитовты жүзеге асыра алады деп есептеп, оны өз жағына тартқан.
1914 жылы наурызда Ішкі істер министрлігінің араласуымен түркі-мұсылмандық саяси күштердің арасына ірткі салып, олардың патша өкіметінің саясатына бірлесе қарсылық көрсетуін әлсірете түсетін қаражүздік партиясы бой көтерді. «Сират-ул-мустақим» (Дұрыс жол) деп аталған бұл партияға М.С. Баязитов жетекшілік етті. Оның партиядағы сенімді серіктері қатарында кәсіпкер Ф. Байрашев пен отставкадағы генерал-майор А.Шейх-Али болды. Үкіметтің нұсқауымен құрылған бұл партияның мүшелерінің саны бастапқыда 12 адам ғана еді. Кейіннен партия мүшелерінің саны біртіндеп арта түсті. Ішкі істер министрлігі «Сират-ул-мустақим» партиясының түркі-мұсылман халықтары арасындағы беделін арттыра түсу мақсатында партия жетекшісі М.С.Баязитовты Орынбор мұсылман діни басқармасының мүфтиі етіп те тағайындады.
«Сират-ул-мустақим» партиясының құрылуын Петроградтағы түркі-мұсылмандық студент жастар ұлтық мүддені бірлесе қорғауда кедергі келтіреді деп санап, оған мүше болып енгендерді айыптаған акциялар өткізуді ұйымдастырды. Петроград қаласындағы түркі-мұсылмандық студент жастарды мұндай акцияға тартуда М.Шоқай белсенділік танытты. Оның жетекшілігімен Петроградтағы жоғары оқу орындарында оқитын Х.Еникеев, С.Рахмақұлов, Ф.Құлахметов, И.Мақсұдов, А.Абызов, Мұхаммед Эфенди-Заде, М.Якупова, З.Вахидова, С.Акчурина, А.Маметқазин, Г.Шараф секілді т.б. студенттер, барлығы 31 студент қол қойған мәлімдеме әзірленді. Түркі-мұсылман халықтарының зиялы қауым өкілдеріне арналған бұл мәлімдеме үнпарақтар түрінде таратылды және «Сюз» газетінде жарияланды. Ол мәлімдемеде: «Соңғы уақытта ұлттық басылымдарда М.С.Баязитов пен Ф.Байрашевтің сыбайластары Петроградта «Ислам вә мағариф» (Ислам және ағартушылық) атты газет шығаруды қолға алғаны жайында мәліметтер тарауда. Байрашев пен оның әріптестері осыдан екі жыл бұрын «Сира-ул-мустақим» партиясын құру арқылы өздерінің бетпердесін ашып көрсеткен-ді. Енді олардың шығарып жатқан газеті ұлттық мүддемізге қайшы қызмет ететіне күмәніміз жоқ. Мерзімді басылымдарда интеллигенция арасында «Сират-ул-мустақим» партиясына қолдау көрсетушілердің шығып жатқаны туралы ақпарат тарауда. Біз, интеллигенция арасында «Сират-ул-мустақим» партиясына қолдау танытушылардың болмауын қалаймыз. Егер де интеллигенция арасында кімде-кім «Сират-ул-мустақим» партиясына материалдық немесе моральдық көмек көрсететін болса, ондайлармен біз барлық қатынасымызды үземіз және оларға байкот жариялаймыз» [15],– делінді.
Осы мәлімдеме мазмұнының өзі ХХ ғасыр басындағы түркі-мұсылмандық студент жастардың саяси өмірге қызу атсалысқанын айғақтайды. Сонымен қатар түркі-мұсылман халықтарының саяси күштерін ыдыратпай, жікке бөлінбей Мемлекеттік думадағы мұсылман фракциясы төңірегіне топтаса қорғау қажеттігін қолдағанын білдіреді.
Түркі-мұсылмандық студент жастардың мәлімдемесінен соң «Сират-ул-мустақим» партиясы халыққа ықпал ететіндей саяси күшке айнала қоймады. Елдегі түркі-мұсылман халықтарының мүддесін қорғайтын негізгі ұйым ретінде IV Мемлекеттік думадағы Мұсылман фракциясы танылды. Өз кезегінде Мұсылман фракциясы нәтижелі жұмыс атқару мақсатында өз жанынан бюро құрды. Бұл бюроның жұмысына Ә.Бөкейхан, С.Мақсуди, А.Цаликов, С.Жантөрин, Ш.Мұхамедияров секілді қайраткерлер тартылды. Сондай-ақ түркі-мұсылмандық студент жастар да Мұсылман фракциясы жанындағы бюро ұйымдастырған іс-шаралардан тыс қалмады. Кейінен осы бюроның мүшелері қатарына М.Шоқайдың өзі де енген болатын.
Патшалық Ресейдің үстемдігі жағдайында отарлық езгінің тауқыметін тартқан түркі-мұсылман халықтарының әлеуметтік-саяси үдерістегі байланыстарын шынайы бағамдауда М.Шоқай мұралары маңызды дереккөз қызметін атқаратындығын зерттеу мақалаларында кеңінен насихаттап отырды.
С.Рүстемовтің қазақ және алыс-жақын шетелдік ғылыми басылымдар мен мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған, барлық мақалаларында жалпы түркі-мұсылман халықтарының азаттық қозғалысы мен отандық тарих ғылымында әлі күнге жете зерттеле қоймаған ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының алғашқы толқын өкілдерінің өмір жолы және олар атқарған қоғамдық-саяси қызмет туралы шынайы фактілер мен тағылымды ойлар баршылық.
Ғалым С.Рүстемов зерттеулерінде Ресей империясы құрамындағы біртұтас аймақтың қоғамдық-саяси үдерісіндегі түркі тілдес халықтардың, олардың ішінде башқұрт, татарлардың рөлі туралы да қарастырады. Сондай-ақ кейбір еңбектерінде Жетісу тарихы және ондағы халықтардың қарым-қатынасы, ХХ ғасыр басындағы империя тарихындағы бетбұрыс кезең болып табылатын орыс-жапон соғысы мен одан кейінгі Бірінші орыс революциясы жағдайындағы осы өлке татарларының қызметі, тарихи кезеңдегі рөлі және олардың жергілікті халықтың көңіл-күйіне, қоғамдық-саяси өміріне әсері, жергілікті білім мен ағарту ісіне қосқан үлесіне ерекше тоқталады. Әсіресе атақты татар саудагері және меценаты Исхак Ғабдулвалиевтің қазақ қоғамындағы орны ерекше болғандығын атап өтеді. Оның Жетісуда алғашқылардың бірі болып халық арасында «Исхаки» деген лақап атқа ие болған жаңа әдіс (жәдид) мектебін ашуы, көзі ашық, көкірегі ояу жанның облыстың да, жалпы империяның да саяси өмірінен хабары болғандығын архив құжаттарындағы мәліметтермен дәйектейді.
С.Рүстемов зерттеу мақалаларында Жетісуда 1916 жылғы орын алған көтеріліс салдарынан Қытайға босқан қазақ-қырғыздардың аянышты тағдырын жан-жақты ашады. Қытайға қазақтар мен қырғыздар ғана емес, майданның қара жұмысына шақырылған дүнгендер де өтіп кетті. 1916 жылғы шілденің ортасына қарай тыл жұмысына шақырылған дүнгендердің біразы өз туыстарымен бірге Ақсу мен Құлжа жаққа өтіп, қытайлық дүнгендер арасына қосылған еді. Соған орай Құлжадағы Ресей консулы Л.Г.Бродянский Жетісу облысының әскери губернаторы М.А.Фольбаумға дүнгендердің Қытайға қашуы қазақтар мен қырғыздарға үлгі болады деп дабыл қаққан.
Ресей консулының хабарлауынша, Құлжа өңірінде алғашқы қазақ босқындары 1916 жылғы тамыз айының ортасында пайда болған. 3 мың түтінді құрайтын бұл босқындарды бастапқыда жергілікті қытайлық әкімшілік елдің ішкі тыныштығына теріс әсер етуі мүмкін деп, оларды кері көшіріп жібергісі келді деп көрсетеді.
«Бүлікшілердің» Шыңжаңға өтуіне жол бермеу үшін патша өкіметі шекара маңына тосқауыл отрядтарын қоюды да жүзеге асырды. Мұндай тосқауыл отрядтары пулеметпен және зеңбірекпен атқылап, көптеген босқындар легінің жолын кесті. Соған орай Мұзарт арқылы шекарадан өтуге талпынған босқындардың біразы Қытай жеріне жете алмай қалды. Бұл босқындар кері қайтуға жазалаушы отрядтың қырғынынан үрейленіп, қысты тау шатқалдарында өткерді. Мұзартта қалған босқындардың 2 мыңға жуығы аштықтан және суықтан өлді.
1916 жылы желтоқсанда «бүлікшілердің басшыларын» ұстау мақсатында Шыңжаңның аумағына енуге қол жеткізген жазалаушы отряд қазақ-қырғыз босқындарының мүшкіл хәліне куә болды. Казак жүздігінен тұратын бұл отрядтың басшысы, старшина Бычков аптасына екі күн – дүйсенбі және бейсенбі күндері болатын базарда аштық құрсауына іліккен босқындардың қыздарын ғана емес, ұл балаларын да сатып жатқанын өз көзімен көрді. Ол Жетісу облыстық әскери губернаторына берген мәлімдемесінде: «Үштұрпандағы біздің қазақ, қырғыздардың кедейлігіне таң қалмасқа шара жоқ. Мұндай жағдайда олар көктемге қарай барлық малынан ажырап, өздері де сүзек пен қарқұлақ ауруынан өліп бітеді», – деп жазды.
1917 жылдың көктемінен бастап босқындардың елге оралуы жиілей түсті. Уақытша үкіметтің Түркістан комитеті мүшесі М.Тынышпаевтың мағлұматынша, шілдеге дейін өз жеріне шұбырып жеткен босқындардың саны 69 мың адамды құраған. Сол мерзімге шейін Қытай жеріндегі аштықтан, түрлі аурулардан және оралған кезінде қоныс аударушы орыс шаруалары құрған қарулы топтың қолынан 83 мың босқын қаза тапқаны туралы мәліметтерді ғалымның зерттеу мақалаларынан кездестіруге болады [16].
Сондай-ақ ХХ ғасыр басындық мұсылмандық қозғалыс туралы тұжырымдарында ел арасында татарлар ашқан мектеп, алып империяның әр түкпірінен шыққан алуан түрлі кітаптар, газет-журналдар сатылып, талқыланатын кітап дүкендері мен кітапханалардың да Жетісу халықтарының ағарту ісінде үлкен рөл атқарғанын айта келіп, қатаң цензуралық бақылау мен шексіз тексерулер білім мен ілімнің, қоғамдық ойдың қазақ даласында одан әрі дамуына нақты кедергі болғанын көрсетеді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қоғамдық ғылымдар саласында орын алған бетбұрыстар жаңа қалыптасып келе жатқан жас ғалымның ғылыми шығармашылығына көп ықпал етті. Сондықтан болар ғалым кеңестік идеология салдарынан тарих сахнасынан ығыстырылып келген, қазақ мерзімді баспасөз беттерінде жарық көрген материалдарды архив құжаттарымен қатар тиімді пайдалануға ден қойды. Бастапқыда ХХ ғасыр басындағы мерзімді басылымдарды қолданыстағы жазуға қотаруды қолға алған ол, бірте-бірте бұл материалдардың сол дәуірде болған қазақ қоғамдық-саяси өмірін, қырдың тіршілігі мен ояна бастағанын, оның күнделікті өмірінің маңызды жақтарын толық сипаттайтын бағалы деректер болатынына көз жеткізеді. Өйткені революцияға дейін қазақ даласында тараған «Қазақ», «Алаш», «Сарыарқа», «Жас азамат», «Үлфәт», «Вахт» сияқты мерзімді басылымдарда қазақ пен жалпы түркі-мұсылман халықтарының мұң-мұқтажы, қоғамдық-саяси және мәдени өмірінің сан қырлы мәселелері жарияланып отырған. Сондықтан С. Рүстемов өз зерттеулерінде қазақ және түркі-мұсылман халықтары зиялыларының көпшілігі осы басылымдардың төңірегіне топтасып, ұлттық мүддені көздейтін ортақ мақсат жолында халықтың рухын оятуға қызмет еткенін ашып көрсетуге тырысты. Әрбір мақаласында архив құжаттары мен мерзімді басылым материалдарын орынды қолдана отырып, ұлт қайраткерлері мен зиялыларының көзқарастарын, ой-толғаныстарын, ұсыныстарын салыстырмалы түрде талдайды. Осылайша қазақ тарихының «ақтаңдақ» беттерін ашуға өз үлесін қосады.
Сонымен қатар ғалымның Жетісу өңірінің тарихындағы тұлғалар келбетін түзуде де өзіндік қолтаңбасы қалған зерттеуші екенін атап өткеніміз жөн. Атап айтқанда, Әшекей би, Көтентай батыр Өтеғұлұлы, Жайнақ Қараталұлы, Саурық батыр, Байбосын Тамабайұлы, Шалабай батыр Арқабайұлы секілді халық жадынан өше бастаған есімдердің жаңғыруына үлес қосты [17].
Ғалымның ғылыми көкжиегі өте кең еді. Соның дәлелі болар жазған ғылыми еңбектері орыс, ағылшын, түрік, қырғыз тілдеріндегі басылымдарда да жарияланды [18].
Жалпы алғанда талантты тарихшының қаламынан 400-ге жуық ғылыми, ғылыми-танымдық, энциклопедиялық анықтамалық мақалалары жарық көрген. Олардың қатарында бірлескен авторлықта Scopus базасындағы журналдарда да жарияланған еңбектері де бар [19].
Сөз басында Сәулебек Керімбекұлының энциклопедист ғалым ретінде танылғандығын айтып кеттік. Әрдайым тек ізденіс үстінде жүретін ғалым өз саласының білікті маманы ретінде «Қазақ энциклопедиясы» бас редакциясында қызмет ете жүріп үлкен мектептен өтеді, энциклопедиялық бағыттың да айтулы кәсіби шеберіне айналады. Осы салада қаламы әбден төселген ғалым, кәнігі маман 20-ға жуық энциклопедияның жарыққа шығуына редактор, құрастырушы, автор ретінде сүбелі үлес қосты [20]. «2001 жыл Қазақстан Республикасының тәуелсіздік жылы» деп жариялаған Президенттің Жарлығына сәйкес Білім министрлігі жүргізілетін шараларының жоспарына енгізілген «Егеменді Қазақстанға – 10 жыл» атты энциклопедиялық анықтамалықты дайындау үшін құрылған академик М. Қозыбаевтың жетекшілігіндегі арнайы жұмыс тобының құрамындағы негізгі құрастырушылар Институттың аға ғылыми қызметкерлері С.Ф.Мәжитов пен С.К.Рүстемов болды.
Ғалымның қоғамдық-гуманитарлық ғылымды және энциклопедиялық білімді дамытуға қосқан үлесі және ғылыми-ұйымдастырушылық жолындағы еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. Мысалға, 2000 ж. қазан айында Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойына арнап, қысқа мерзім аралығында «Түркістан» атты халықаралық энциклопедиясын дайындап, жарыққа шығаруға атсалысқаны үшін Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің «Құрмет грамотасымен», 2017 ж. «Қазақ энциклопедиясы» баспасының 50 жылдық мерейтойына орай кітап саласының дамуына, ғылым мен кітап мәдениетінің қалыптасуына қосқан елеулі еңбегі үшін «Құрмет грамотасымен» марапатталады [21].
Энциклопедиялық басылым дайындау асқан жауапкершілікті, қыруар еңбекті талап ететін ғылымның үлкен бір саласы екені анық. Сондықтан да ғылыми қауым ортасында «Сәулебектің энциклопедиясы» атанған басылымға арнайы тоқталуды жөн көрдік.
«Сәулебектің энциклопедиясы» ...

2018-2020 жж. «Қазақстанның тарихи энциклопедиясы» басылымын әзірлеу бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы бойынша (ЖТН: BR 05236643-OT-18) жүзеге асырылған «Қазақстан. Тарих энциклопедиясы» атты 3 томдықтың ғылыми жетекшісі ретінде Сәулебек Керімбекұлы өзінің ұйымдастырушылық және іскерлік қабілетін ғана емес, өз саласын терең меңгерген маман, жан-жақты энциклопедиялық білімнің иесі екендігін таныта алды.
Бұл күнде ғылыми ортада «Сәулебектің энциклопедиясы» атанған бұл үш томдықтың әуел бастағы мақсаты: Қазақстанның ежелгі дәуірден қазіргі кезеңге дейінгі тарихын толық қамтитын, ғылыми тұрғыда негізделген, жүйеленген энциклопедиялық басылым дайындау болатын. Онда археология, ежелгі дәуірден қазірге дейінгі тарихи оқиғалар мен құбылыстар, Қазақстан аумағында қалалардың қалыптасуы мен дамуы, этнография, тарихи демография, саяси жүйе мен қоғамдық-саяси өмір, экономикалық даму, ғылым, мәдениет, әлеуметтік сала, көршілес халықтармен және мемлекеттермен байланысты жан-жақты қамту көзделді. Энциклопедияға енгізілетін жеке тұлғалар бойынша қойылған басты талап: көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, әскери қолбасшылар, дипломаттар мен ғалымдар, білім, мәдениет, өнер саласы өкілдерінің тұлғалық орны мен келбетін танытатын шағын өмірбаяндық анықтама беру болды [22].
Жобада «алға қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін мынандай міндеттерді орындау көзделеді:
– Қазақстан тарихына қатысты материалдарды жүйелеп, бұрындары басылып шыққан энциклопедиялық басылымдарды ғылыми сараптау, олардағы кемшін тұстарды айқындауды жүзеге асыру;
– Соңғы жылдары отандық және шетелдік тарихнамада, зерттеулерде тарихи құбылыстар мен оқиғаларды бағамдауда қол жеткізілген нәтижелерді ашып көрсету;
– Отандық және әлемдік тарих ғылымындағы жетістіктерді ескере отырып әрі ғылыми негізделген ұстанымды басшылыққа алып тарих сахнасына көтерілген әйгілі қайраткерлердің рөлін айқындау;
– Бұрындары беймәлім болып келген немесе аз зерттелген қолжазбалар мен басқа да тарихи деректерді (карталарды, библиографиялық материалдарды, статистикалық мәліметтерді, мұрағат құжаттарын және т.б.) ғылыми айналымға тартып, оларды «Қазақстанның тарихи энциклопедиясына» енгізу;
– 3 томнан тұратын (әр томы 70 б.т.) және 5 мыңнан астам мақала мен 3 мыңға жуық карталар мен кестелерді және көрнекі материалдарды қамтитын «Қазақстанның тарихи энциклопедиясын» әзірлеу және оны баспадан шығару» [23].
Мұндай тарихи энциклопедияны дайындау Сәулебек Керімбекұлының сонау 90-шы жылдары «Ұлттық энциклопедия» редакциясында жұмыс істеп жүргенде жылт етіп сәуле берген арманы еді.
Жоба жетекші ретінде жаңа энциклопедияны даярлау және орындау барысында «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясында жинақтаған тәжірибесі мен біліктілігін ұштастыра отырып ең алдымен басылымының сөзтізбесін әзірледі және оны орындаушыларға мұқият түсіндірді; «Қазақстанның тарихи энциклопедиясын» даярлаудың ережесі жасалды. Жобаға тартылған орындаушылар мен авторлар үшін 2018ж. 21 маусым күні «Энциклопедия әзірлеудің тарихы: материал жинастыру мен мақалалар жазудың тарихы» атты методологиялық семинар өткізілді.
Ережеге сәйкес жазылатын мақалалардың авторларына қазақ қоғамындағы өзгерістерге өткен тарихи кезеңдерден баламалар іздеуге мүмкіндіктер берілді. Энциклопедияның алғашқы томының кіріспесінде Қазақстанның «өткен тарихи жолының объективті, идеологиялық конъюктурадан тыс шынайы бейнесін жасау – халықтың тарихи зердесін қайта түлетудің негізі, ұлттық бірегейлік пен отаншылдықты тәрбиелеудің маңызды факторларының бірі» [24], – екендігі атап көрсетілді.
Тарихи энциклопедияны дайындауда жоба жетекшісі жазылатын мақалаларға да, оның авторларына да, орындаушыларға да қатаң талап қоюдан бастады.
Өкінішке қарай, жаңа мазмұндағы энциклопедиялық басылымды дайындауда жоба жетекшісі мен институт басшылығы арасында жиі пікір-сайыс туғандықтан көп жағдайда оның ұсыныстары мен тұжырымдары ескерусіз қалып жатты.
Тарихи энциклопедия отандық танымал тарихшылар, этнографтар, археологтар, демографтар, шығыстанушылар мен филологтар және т.б. саланың кәсіби мамандарымен қатар жас ғалымдар тартылған нысаналы-мақсатты бағдарлама аясында орындалып, жоба жетекшісінің тікелей басшылығымен жүзеге асырылуы керек еді. Бұл тек қағаз бетінде, өтінім күйінде қалды да, Сәулебек Керімбекұлының ұзақ жылдар бойы дайындаған қағидаттары, бағыт-бағдары мен ұстанымы толықтай жүзеге аспады. Кейбір тұста ешбір дәйек-дерексіз жазылған рулық, жергілікті деңгейдегі және аңыз әңгімелердегі тұлға-кейіпкерлердің енгізілуі де оның жанына қатты батушы еді...
Дегенмен «Сәулебектің энциклопедиясында» тәуелсіздіктің отыз жылында үздіксіз жалғасын тауып келе жатқан ұлттық тарихтың «ақтаңдақтарын» жоюға, әрбір мақалада жаңа фактілер мен тың деректерді ғылыми айналымға енгізуге ұмтылған авторлар баршылық.
Энциклопедист ғалым Сәулебек Рүстемовтің есімінің тарихта алтын әріппен жазылып қалуына жол ашқан үш томдық алғашқы тарихи энциклопедияда ұлт тарихында өшпес із қалдырған айтулы мемлекет және қоғам қайраткерлері, тұлғалар, ғалымдар, саяси, әскери, діни тұлғалар, ұлт-азаттық көтеріліс басшылары, батырлар, саяхатшылар, сәулетшілер, суретшілер, кәсіпкерлер, меценаттар, күйшілер, ақындар мен жыраулар, әншілер мен музыканттар өмір жолы хатталды. Сол мәңгілік хатталған есімдер қатарында аталған жоба жетекшісі, авторы, идея авторы әрі орындаушы Сәулебек Керімбекұлы Рүстемовтің аты-жөні тұратындығына көз сенсе де, көңіліміз қимайтындығы өте ауыр екен ...
Әрдайым артынан ерген бауырларына, ғылым атты майданда қатар жүрген әріптестеріне, кейінгі толқын жас ғалымдарға ақыл кеңесін аямайтын, үнемі сәулесін шашып жүретін, ақ жарқын да жайдары Сәукеңнің бүгінде екінші ғұмыры басталып кетті. Оның дәлелі ретінде Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивіндегі Рүстемов Сәулебек Керімбекұлының № 2455-ші жеке тектік қорында жинақталған құжаттары мен материалдары негізінде дайындалған «Тарихты қаттаған ғалым: жеке тектік қор материалдарының жинағы» (Құраст.: З.М. Төленова, Р.Е. Оразов, А.Ш. Махаева, Е.И. Стамшалов. – Алматы: ҚР ОМА, 2024. – 600 б.) өз оқырманына жол тартты. Ендігі жерде сол ғұмырының өскелең жас ұрпақтың кәдесіне жарайтындай, өткен мен болашақтың ортасын жалғап отыратын жібек жіпті бау болуына ат салысайық.
Зирабүбі ТӨЛЕНОВА,
Орталық мемлекеттік архиві әлеуетті зерттеулер орталығының жетекшісі міндетін атқарушы, тарих ғылымының кандидаты
Рашид ОРАЗОВ,
Орталықтың аға ғылыми қызметкері
Пайдаланылған әдебиеттер мен деректер тізімі
1.ҚР ОМА. 2455-қ., 1-т.
2.ҚР ОМА. 2455-қ., 1-т.
3.Сонда.
4.Сонда.
5.Рүстемов С.К. ХХ ғасыр басындағы Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі мұсылмандық қоғалыс: т.ғ.к. ... дисс. – Алматы, 1997. – 3-б.
6.Сонда.
7.Қозыбаев М.Қ. Аласұрған XX ғасыр (толқыныс, ізденіс, проблемалар) // Казахстан в начале XX века: методология, историография, источниковедение. Алматы, 1993. С. 5-6.
8.Рүстемов С. Мұсылмандық қозғалыс һәм қазақ қоғамы Қазақ тарихы. Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің ғылыми-әдістемелік педагогикалық «Қазақстан мектебі» журналының қосымшасы. – 1996. – №4. – 25-29-бб.; Мемлекеттік думалардағы мұсылман фракциясы және саяси-әлеуметтік мәселелер // Ізденіс. Поиск. Серия гуманитарных наук. – 1996. – №3. – С.75-80.
9.Рүстемов С. Бүкілресейлік мұсылман сиезі // Қазақ тарихы. Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің ғылыми-әдістемелік, педагогикалық «Қазақстан мектебі» журналының қосымшасы. – 1997. – №6. – 52-55-бб.
10.Рүстемов С. Орынбор муфтилігі және қазақтар // Қазақ тарихы. Республикалық ғылыми-педагогикалық журнал. – 2004. – №4. – 82-87-бб.
11.Рүстемов С. 1917-1918 жылдардағы Түркістан өлкесіндегі ашаршылықтың зардаптары // Қазақстан мұрағаттары. Ақпараттық және ғылыми-практикалық журнал. – 2008. – №2(6). – 47-49-бб.
12.РФМА:102-қ., 245-т., 174-іс. 19-п.
13.ӨРОМА. И-461-қ.,1-т., 1026-іс. 1-п
14.ӨРОМА. И-461-қ.,1-т., 1072-іс. 4-п
15.Рүстемов С.К., Оразов Р.Е. ХХ ғасыр басындағы мұсылмандық либерализм және Алаш қозғалысы // «edu.e-history.kz» электронды ғылыми журналы. - 2021. - 2 (26).
16.Рүстемов С.К. 1916 жыл: қазақ-қырғыз босқыншылығы // Отан тарихы. – 2016. – №1 (73). – 72-85-бб.
17.Алматы қаласының тарихы тұлғалар келбетінде. – Алматы, 2009. – 35-37; 139-141; 141-143; 272-274; 296-298- бб.
18.Рүстемов С. Казак-татар агартуучуларынын пайда болушу жана анын Түркстанга таралышы (ХХ кылымдын башы) // Кыргызстан тарыхынын маселелери. – Бишкек, 2010. -№4(20). – 86-93-бб.; 1916-жылдагы көтөрулүштөн кийин Жети-Суудагы кыргыз качкындарына түрк-мусулман калкынын жардамы // Вестник БГУ. – 2010. – №2. – 17-20-бб.
19.Yüzyilin sonu ve 20. Yüzyilin başlarinda osmanli – kazak ilişkilerinin seyri ve rusya’nin karşi tedbirleri // Bilig – Знание. Журнал гуманитарных наук Τюркского мира. KIŞ 2022/SAYI 100; The Role of the Tatars in the Socio-Political Life of Semirechye at the beginning of the ХХ century // Bylye Gody. – 2022. – 17(2). – Р.922-933
20.«Қазақстан». Ұлттық энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 1998-2007 (10 томдық); Түркістан. Халықаралық энциклопедиясы. – Алматы «Қазақ энциклопедиясы», 2000. – 656 б.; Тараз. Жамбыл облысы. Энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2003. – 576 б.; Жетісу. Энциклопедия. – Алматы: Арыс, 2004. – 712 б.; Оңтүстік Қазақстан облысы: энциклопедия. – Алматы, 2005. – 560 б.; Қазақ көтерілістері. Энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2014. – 613 б.; Қазақ хандығы. Энциклопедия.– Тараз: ТарМПИ-дің Жүсіп Баласағұн атын. Түркістан өлкесінің тарихын зерттеу орталығы, «Формат-Принт» баспасы, 2015. – 241 б.; Ахмет Байтұрсынұлы. Энциклопедия. - Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2017 - 744 б.; Қазақстан. Тарих энциклопедиясы. – Алматы, 2019-2020 (3 томдық) және т.б.
21.ҚР ОМА. 2455-қ., 1-т.
22.«Қазақстанның тарихи энциклопедиясы» басылымын әзірлеу бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы бойынша (ЖТН: BR 05236643-OT-18) өтінімнің көшірмесі // ҚР ОМА. 2455-қ., 1-т.
23.№ BR05236643 «Қазақстанның тарихи энциклопедиясы» тақырыбындағы ғылыми-зерттеу жұмысы жөніндегі есебі (аралық) // ҚР ОМА. 2455-қ., 1-т.
24.Кіріспе // Қазақстан тарихы. Энциклопедия. 1 том. – Алматы: «Литера» ЖШС, 2019. – 5-б.
821 рет
көрсетілді0
пікір