• Ел мұраты
  • 30 Сәуір, 2024

БҮГІНГІ ЗАМАННЫҢ ҚҰНДЫЛЫҒЫ – КІТАПХАНА

Хабиба Ақжігітова, 
Өскемен қаласындағы Оралхан Бөкей атындағы орталық қалалық кітапхананың директоры, «Құрмет» орденінің иегері 

 

Мемлекет басшысы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында еліміздегі кітапхана ісі, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға қатысты ойын ортаға салып, «Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың жады» екенін атап айтты. Шындығында, кітапхана саласы туралы сөздің биік мінберден айтылуы, бізді, яғни кітапханашыларды ерекше қуанышқа бөледі. Ақиқатын айтсақ, еліміздің мәдениет саласында кенже қалып отырған бір сала болса, ол – кітапхана саласы дер едім. Өйткені, кітапхананың қоғам өміріндегі құндылығын, маңызын әлі жете түсінбейтіндер баршылық. Кейде «Қазіргі заманда кітапхананың керегі не? Интернет бар емес пе?» деген пікір бар. Иә, әлеуметтік желі қанша жерден дамыса да, кітапхананың орнын баса алмайды. Бұл ақиқат. Кітапхана болған, бола да береді. 
 

 

Өйткені қазіргі замандағы кітапхана тұрғындарға қосымша білім беру орталығы міндетін қоса атқарып отыр. Кітапхана – рухани құндылықтар мекені. Өкінішке қарай, қазіргі таңда көптеген адамдар рухани құндылықты ысырып тастап, материалдық құндылықты алға шығарып жіберді. Ұрпағымыз жалт-жұлт, жарқ-жұрқ дүниеге арбалып қалды. Президенттің өзі айтқандай, «Интернетті талғамсыз пайдалану бала тәрбиесіне теріс ықпал етіп жатыр. Балалар түгілі, ата-аналар да әлеуметтік желідегі мағынасыз контентке тым әуес». Балалар­ымызды «ТикТок», теледидар тәрбиелеп жатқанына куә болып отырмыз. Иә, қазір олар бала болғанымен, ертең қоғамның басым бөлігі болады. Міне, сол кезде мәселе туындауы әбден мүмкін. Рухани байлықтан құралақан қалған топты көзге елестетудің өзі қорқынышты. Сол үшін де кітапхана ісі саласын дереу қолға алу қажет. 
Еліміздегі кітапхана ісі саласында жылдар бойы қордаланып қалған мәселені шешу үшін уақыт пен қаржы керек. Қандай да бір реформа, оңтайландыру бола қалса, оның бір ұшы міндетті түрде кітапханаға тиеді. Президенттің өзі осы құрылтайда сонау 90-жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхананың жабылып, миллиондаған кітап қорынан айы­рылып қалғанымызды айтты. Өте өкінішті, әрине. Бірақ содан бері отыз жылдан астам уақыт өтсе де, еліміздегі кітапханалардың жағдайы жақсарып кетті деп айта алмаймыз. Тіпті кеңестік дәуірде қалып қойған кітапханалардың барын да мойындауға тиіспіз. Қазір технологияның дәурені жүріп тұрған дәуір. Виртуалды шындық, жасанды интеллект өмірімізге терең еніп барады. Бүгінгі оқырманды кешегі оқырманмен салыстыруға мүлдем болмайды, сұранысы да, талабы да басқа. Сондықтан, Президент айтқандай, «кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды». Кітапхана жұмысын жаңарту қажет. 
Бүкіл саналы ғұмырымды кітапхана ісі саласына арнаған адам ретінде айтарым, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруды балалардан бастау керек. Кітап оқитын ұлтқа айналу үшін ең алдымен назарды балаға аудару қажет. Неге? Өйткені, кітап оқу дегеніңіз – нағыз тәрбиенің өзі. Функционалдық сауаттылықтың базалық негізі де – кітап оқу. Өкініштісі, біздің елде Республикалық балалар кітапханасы жоқ. Кеңестік заманда болған. Бірақ 1990 жылдары оңтайландыруды желеу етіп жауып тастаған. Балалар мен жасөспірімдерге арналған республикалық кітапхананың болмауының өзі біраз жайттан хабар береді емес пе? Балалар мен жасөспірімдер қандай кітап оқиды? Неге қызығады? Жыл сайын балалар мен жасөспірімдерге арналған қандай кітаптар шығады? Әлемдік әдебиет қоржынындағы қандай кітаптарды қазақ тіліне аудару керек? 18+, 18- деген қандай кітіптар? Қандай кітап жақсы оқылады? Кітап оқу деңгейі қандай? Бізде бұл туралы зерттеу, сараптама мүлдем жоқ деу­ге болады. Кітапқа құштар балалар мен жасөспірімдердің халықаралық кеңесі деген бар. Егер елімізде Республикалық балалар кітапханасы ашылса, бұл жұмыстың барлығын қолға алып, балалар мен жасөспірімдер кітапханалары үшін ғылыми-әдістемелік көмек беретін орталық айналуға тиіс. Рас, Қазақстанда екі үлкен кітапхана бар. Бірақ ол кітапханалардың мәртебесі бөлек. 
Алыс шетелді айтпай-ақ қояйық, мына Ресейдің өзінде балаларға арналған кітапхана жұмысына мән беріледі. Ондағы балалар кітапханалары балалар тақырыбына қалам тербейтін жазушыларды, жас қаламгерлерді қолдау мақсатында түрлі байқау ұйым­дастырады. Біздің кітапханаларға да осы бағытта жұмыс істеу керек. Жас жазушыларымыздың есімін шетелге танытуымыз керек. Шығармаларын өзге тілге аударуды қолға алған абзал. Мысалы, әлемдегі ең кітап оқуға құштар ұлттың бірі – жапондар. Олар кітап оқуға жастайынан баулиды. Жапонияда тіпті халықаралық балалар кітапханасы бар. Онда әлемдік балалар әдебиетінің жауһарлары жинақталған. Ал дамыған елдердің бірі Германияда Балалардың кітап оқуын қолдау қоры бар. Бұл қорға мемлекет басшысының өзі қолдау көрсетіп отырады. 
Жақында Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев қазақ­стандық мектеп оқушыларының оқу үлгеріміне қатысты халықаралық зерт­т­еу­лердің көңіл көншітпейтін нәти­желерін жариялады. Атап айтқанда, «оқу сауаттылығының жағдайы ерекше алаңдатады. Біздің оқушылар ОЭСР елдеріндегі құрдастарынан үш жылға артта қалды. Бір қарағанда оқу сауаттылығы – маңызы төмен болып көрінетін категория болғанымен, бұл өткір проблемаларды ашып көрсетті. Және де қазіргі балалардың әлеуметтік желілерге көбірек тартылғанын көрсетеді», – деді. Бұл өте алаңдатарлық мәселе. Мұндай мәселенің туындауына ересектердің өзі кінәлі. Өйткені материалдық байлық басты орынға шықты. Отыз жыл бойы қандай керемет сауда орындарын салдық десеңізші. Мысалы Өскемендегі АДК немесе Алматыдағы «Мега» орталықтары қандай керемет? Ондай орындарға балалар неге барады? Ал отыз жылда сондай жарқыраған балалар мен жастарға арналған бір кітапхана бой көтерді ме? Жоқ. Кітапханаларымыз сол кеңес заманынан мұраға қалған ғимараттарда әлі отыр. 
«Кітапхана не үшін керек?» деген сауалды қоятындар әлі бар. Егер біз сауатты болғымыз келсе, ақпарат айдынында еркін жүзгіміз келсе, қоғамда белсенді болғымыз келсе, келешегімізді ойласақ, онда кітапханаға көңіл бөлуіміз, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Шыны керек, кейбіреулер кітапхана десе бұрынғы заманғы кітапхананы көзіне елестетеді. Ата-аналар да солай ойлайды. Сондықтан қазіргі ата-ананың өзін тәрбиелеу керек дер едім.
Ауқымды мәселенің бірі цифрландыруға қатысты. Кітапхана саласын цифрландыру тым баяу жүргізілуде. Осы орайда республика көлемінде электронды оқырман билетін кеңінен енгізу керек. Мысалы, Тарбағатай ауданының тұрғыны неге облыстық кітапхана қызметін пайдалана алмайды? Кітапханаға келмей-ақ, электронды оқырман билеті болса жеткілікті. Тіркеліп, жеке кабинет ашса, кітапхананың электронды әдебиет қорына рұқсат алады.
Жалпы «Кітапханаларды цифр­лан­дырудың республикалық бағдарламасын» әзірлеу керек деп санаймын. Бұл бағдарлама мәдениет, білім, ғылым, техникалық, мектеп кітап­­ханаларының барлығын қамтуы тиіс. Бағдарламаны Үкіметтің өзі әзірлеуге тиіс. Еліміздегі кітапхана сая­саты инновациялық сипатқа ие болуы керек. Сондай-ақ, ел кітапханаларын автоматтандыру және цифрландыру ісі бойынша Жол картасын әзірлеуді ұсынамыз. Ол қызмет көрсету тиімділігі мен сапасын жақсартуға ықпал етеді. Ең алдымен, кітапханаларға жаңа пайдаланушыларды, әсіресе, жастар мен жасөспірімдерді тартуға мүмкіндік береді. Жол картасын іске асыру жергілікті әкімдіктерден жауапкершілік пен қаржылық қолдауды қажет етеді. 
Болашақта елімізде бой көтеретін кітапхана ғимараттары оқырманға ыңғайлы, заманауи құралдармен жабдықталған болуы тиіс. Өз халқының сауатты болғанын қалайтын кез келген ел бұл мәселеге баса назар аударады. Қытайда, Түркияда, Бразилияда ғажап кітапханалар бой көтеріп жатыр. Ішіне кірсеңіз, жанға керектің бәрі бар. Тұрғындар тіпті отбасымен келеді. Өйткені өркениетті елдердің тұрғындары кітапханаға баруды жаңа білім мен дағдылар алу, интеллектуалдық демалыс орталығы деп біледі. Және кітапхана қызметі тұрғындардың әлеуметтік жағдайына қарамастан тегін болуы керек.
Жылда әлемдік кітапханалар қауым­дастығының (ИФЛА) халықаралық конференциясы өтеді. Биыл Австралияда өтпек. Республика кітапханашылары осындай шаралардан қалмауға тиіс. Өйткені зияткер ұлтты, зияткер қоғамды дамыту, тәрбиелеуге атсалысу кітапханашылардың тікелей міндеті. Қазір креативті индустрия туралы жиі айтыла бастады. Олай болса креативті индустрия арқылы кітапхана саласын қалай дамытуға болады?  Жасанды интеллектіні кітапхана құралына қалай айналдыра аламыз? Замануи кітапханалар осы бағытта жұмыс істеуі керек. Ал еліміздегі көптеген кітапханалардың кездесу, тұсаукесер өткізумен шектеліп отырғаны шындық. Кітапхананың әлеуметтік желідегі парақшаларына, сайттарына кірсек, ол жерде анау өтті, мынау өтті деген хабарлардан басқа түк жоқ. Кітапхана да өз тауарын тұтынушыға ұсына білуі керек.  Кітапхана кадрларын даярлау мәселесі де өте өзекті. Расын айтсақ, қазіргі таңда кітапханашылардың кәсіби деңгейі төмен. Неге? Өйткені кітапханашыларды даярлайтын оқу орны әлі ескі сүрлеумен келеді. Сапалы оқулық жоқ, маман жетіспейді. 
Бүгінгі таңда маңызды қоғамдық алаңға айналып отырған кітапханалардың түйткілді мәселелерін қарастыру өте маңызды. Мысалы, кітапханалар жиырмасыншы ғасырдағы типтік штатты басшылыққа алып жұмыс істеп отыр. «Кітапхана басшылары, мамандары және басқа да қызметшілері лауазымдарының біліктілік сипаттамаларына» өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет. Сипаттамада тек кітапханашы, библиограф, әдіскер мамандары тізімделген. 
Сондықтан да бүгінгі заманауи кітапханаларға кітапханашы-педагог, кітапханашы-журналист, кітапханашы-бағдарламашы, кітапханашы-менеджер, т.б. мамандар өте қажет. Өйткені, тек осы мамандар ғана кітапханалардың жаңа қызметі мен оның сапасына жағымды әсер ете алады. Сонымен бірге, кітап сатып алу бойынша нормативтер қажет. Халықаралық норматив бойынша жыл сайын әр кітапхананың қоры 10%-ға жаңаруы немесе 1000 адамға 250 жаңа кітап алынуға тиіс. Сондай-ақ, оқырмандар мен кітапханашыларға компьютер сатып алу бойынша нормативтер де өте маңызды. Өйткені ол кітапханашы мен оқырмандардың ақпарат іздеу, әлеуметтік желілердегі жұмысы, т.б. қызметі үшін қажетті құралдар. 
Тағы бір маңызды жайт, жас мамандар мемлекет қолдауына мұқтаж. Мысалы, «Дипломмен ауылға» деген бағдарлама бойынша ауылға барған жас педагог, медицина қызметкерлеріне көтерме ақша беріліп, баспанамен қамтамасыз етіледі. Ал неге ауылға барған кітапханашы маманға сондай жағдай жасалмайды? Кітапханашы мамандарды «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқытсақ та артық болмас еді. Жалпы өркениетті елдердің кітапхана саласындағы тәжірибесін алудан қорықпау керек. Тек оны өзіміздің ұлттық менталитетімізге бейімдеп енгізе білейік. 
Кітап баспалары мен кітапхана, Жазушылар одағы арасында ынтымақтастық керек екенін ерекше атап айтқым келеді. Біз зерттеу жұмыстарын, кітап оқу мәселелері бойынша ғылыми-конференцияларды бірлесіп ұйымдастыруымыз қажет. Осы бағытта бірге жұмыс істеуді қолға алсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Қазақстанда кітапханаға қатысты қайырымдылық жобалары жоқтың қасы. Бұл мәселені көптен айтып жүрміз. Біздің кітапханаға Өскемендегі «Қазмырыш» кәсіпорны қолдау көрсетеді. Руханиятқа қолдау жасайтын мұндай алпауыт кәсіпорындардың саны көп болса, әрине, жақсы болар еді. Бүгінгі таңда ең төмен айлықты кітапханашылар алып отырғаны рас. Шет тілі маманы, психолог, маркетолог мамандар еңбекақының аздығынан кітапханада жұмыс істегісі келмейді. 
Кітапханашылардың жиі бас қосып, өзекті мәселелерді талқылауға жағдай жасалғаны дұрыс. Әрине, дәстүрлі кітапхана мен заманауи кітапхананы салыстырудың керегі жоқ. Тасқа басылған кітап бәрібір жарық көреді. Оған алаңдау артық. 
Бірақ өскелең ұрпақ кітапты цифрлық форматта оқитын болады. Сондықтан кітаптардың барлығы цифрлық форматқа көшірілуі қажет. Біздің кітапханамыздың құнды­лығының бірі – Bokey.кz электронды кітапханасы. Бұл электронды кітапхананың ерекшелігі – жазушы Оралхан Бөкейдің бүкіл әдеби мұрасы цифрлық нұсқада бүкіл әлемге ұсынылды. Жазушының кітаптарын қазақ, ағылшын, қырғыз, парсы, болгар, эстон, словак, орыс тілдерінде әлем оқырмандары виртуалды нұсқада оқи алады. «Bokey Mobail» қосымшасы арқылы жазушы шығармаларын тыңдап, оқуға болады. 
Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Ұлт сапасын жақсартамыз десек, біз ел болып жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз қажет» деп атап айтты. Ендеше, кітапхана саласына бет бұратын кез келді. Бұл – өмірдің өзінің талабы. Байлық – мұз секілді еріп, жоқ болады. Ал өркениетке қол созған ел ұрпағының қамын, ертеңін ойлауы керек. Бүгінгі заманның құндылығы – кітапхана. Президенттің сөзімен айтсақ, «озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу». Сондықтан да «кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» деген Президенттің сөзі бізге үлкен міндет жүктейді. Сол міндет үдесінен шыға білейік. 

1978 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз