• Мақала
  • 30 Сәуір, 2024

Азаматхан ӘМІРТАЕВ, «Байтақ» партиясының төрағасы:  Суды басқару ісін дұрыс  жоспарлау керек

 

– Отыз жыл бойы біз жабайы капитализмге бой ұрып, ғылымды жоқ қылдық. Орталық және жергілікті басқару жүйесі жемқорлыққа батып қалды. Ешқандай жұмыс жүйелі жүрмеді, жоспарланған жұмыстың мемлекетке пайдалы болғанын ешкім қадағаламады. Барлық салада жеке мүдде алға шығып, мемлекеттік мүдде шетке ысырылып қалды. Инфрақұрылымдардың әбден тозығы жеткен, салынған дамбылардың бәрі де сапасыз. Бүгінгідей су тасқынына төтеп бере алмады. Мұның барлығы осы отыз жыл ішінде мемлекеттік менеджмент жүйесі дұрыс жұмыс істемегенін көрсетіп отыр. 
Бұл апаттың алдын алуға болар ма еді? Біз бұл туралы соңғы он жыл бойы айтып келе жатырмыз. Қаншама сұхбаттарда айттық, қанша мақала жаздық. Мен ғана емес, көптеген ғалымдар мен мамандар айтты, жазды. Оған орталық басқару жүйесі де, жергілікті органдар да еш құлақ аспады. Мұның бір ғана жолы бар, ол – ғылымды мықтап қолға алу, дамыту. 
Мемлекеттің он жылдық, жүз жылдық жоспары ғылымды негізге алып, дұрыс жасалуы керек. Адам өмірі мен қауіпсіздігі бірінші орынға шыққаны дұрыс. Әрбір адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету Конституциямызда жазылған. Ата заңды орындау мемлекеттің ең маңызды жұмысы.
Ол үшін, ең алдымен осы олқылыққа жол берген жауапты адамдар қатаң жауапқа тартылуы керек, бұл мәселеде Президенттің қаһары көрінуі керек. Осы күнге дейін тек жеке мүдде үшін жұмыс істеп үйреніп қалған адамдарды мемлекеттік мүддеге жұмылдыру үшін қатаң тәртіп керек. 
Бұл мәселеге жауапты ең басты орган – Үкімет. Сол себепті кемшілікке жол бергендер жауапқа тартылуы керек. Басқа жол жоқ. Жемқорлық барлық дүниенің түбіне жетіп жатыр. Мәселен, бір дамбы салу үшін 10 миллиард бөлінетін болса, оның 20-30% -ын «откатпен» алып қояды, ал кәсіпкер 7 миллиард қаржыға қандай сапалы дамбы сала алады?.. Көп адам әйтеуір жымқырып қалсам деп тұрады. Сапасыз құрылыстың салдары туралы ешкім ойламайды. Бүгін жемқорлықпен күреспесек, тағы осындай жағдайға ұшыраймыз. Мәселен, цементтің өзінің неше түрі бар, сапасызы екі есе арзан. Кәсіпкерлер көбіне ақша үнемдеу үшін құрылысқа сапасы төмен цемент қолданады. Сосын, ол, әрине, шыдас бермейді.
Мәселені шешудің жолы ретінде келесіні ұсынар едім: Өздеріңізге белгілі Су министрлігі құрылды. Сол министрліктің дәрежесін көтеру керек. Оған ең мықты мамандар мен ғалымдарды тартып, жұмысты жүйелі ұйымдастыру керек. 
Суды басқару ісін дұрыс жос­парлап, дұрыс циркуляция жасап, ауыл шаруашылығына, тағы басқа іске пайдалану жолын қарастыру, ауыз суды пайдалану технологияларын енгізу, кәріз жолына арналған құрылғыларды дұрыс орнату, жер беті суларын жинап, оны пайдалану ісін реттеу қажет. 
Бұл істі Президент тікелей қадағалауына алмаса, бұл жағдайдан Үкімет белгілі бір қорытынды шығарады деп ойламаймын. Президентті халық сайлады. Ол кісінің халықпен байланысы бар. Ал Үкіметте тағайындалған, жалдамалы жұмысшылар қызмет етеді. Олар өзінің орынтағы үшін ғана жұмыс істейді. Әйтеуір, өзінен мін табылмауы үшін бәріне барады. Сол себепті Президент пен Президент әкімшілігі кіріспесе, бұл істен бір нәтиже шығады дегенге сену қиын. 

2998 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

AQIQAT №8

26 Тамыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы