• Ел мұраты
  • 30 Сәуір, 2024

ЕҢ БАСТЫСЫ – АЗАМАТТАРДЫҢ АМАНДЫҒЫ

Көктемгі су тасқыны еліміз үшін оңай болмай тұр. Қаншама елдімекендер су астында қалып, қиын жағдайды бастан кешуде. 
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты жасаған Үндеуінде: «Жағдай өте күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз, барлығын қалпына келтіреміз. Ең бастысы – азаматтардың амандығы. Тасқын судан зардап шеккен азаматтарға айтарым, мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды. Баршаңызға қаржылық және басқа да көмек беріледі. Материалдық шығындар толық өтеледі. Біз алапат су тасқынынан тиісті қорытынды шығаруымыз керек. Яғни, жіберілген олқылықтарды түзетіп, тиісті сабақ алуымыз қажет. Ал ондай сабақтар аз емес» деді. 
Мемлекет басшысы Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысында Үкімет пен әкімдіктерге зардап шеккен адамдарды орналастыру, оларға қажетті көмек беру мәселелерін тез арада шешу бойынша нақты тапсырмалар берді. Эвакуациялық пункттердегі жағдайды тұрақты бақылауда ұстау қажеттігіне тоқталып, жоғалған құжаттарды қалпына келтіру, құқықтық және психологиялық көмек көрсету пункттерін жедел ұйымдастыруға назар аударылды. 
Шығындарды өтеу үшін бюджет қаражатымен қатар «Қазақстан халқына» қоры мен ірі бизнес өкілдері бөлген қаржы жұмсалмақ. Сондай-ақ, Президент су басқан аймақтардағы эпидемиологиялық ахуалға тоқталып, жағдайды қатаң бақылауда ұстау қажеттігін тілге тиек етті. «Су астында қалған елді мекендерде ешқандай заң бұзушылыққа жол бермеу қажет. Менің тапсырмаммен Үкімет басшысы және оның орынбасарлары қазір аймақтарда жүр. Олар жағдай тұрақталғанша барлық жұмысты үйлестіреді, елмен бірге болады», – деді.
Су басқан өңірлердің әкімдері қажетті қаржыландыру туралы есепті жедел штабқа тез арада беруі керек, сондай-ақ аумақты қоқыстан, қираған үйлер мен құрылыстардың үйінділерінен тазартқан жөн екенін айтты. «Зардап шеккен өңірлерге Ауыл шаруашылығы, Көлік, Денсаулық сақтау, Су ресурстары, Төтенше жағдайлар, Экология, Ғылым және жоғары білім вице-министрлерін жіберу қажет. Айтпақшы, су тасқынына ұшырамаған өңірлерде менің тапсырмаммен «Таза Қазақстан» науқаны басталды. Мен әкімдердің бәріне бұл бірреттік науқан емес екенін ескерттім. Басқаша айтқанда, сенбілікке шығып, жұмыс істеген сыңай танытып, көзбояушылық жасауға болмайды. Көршілес елдердегі секілді бізге де Қазақстанды көгалдандыру, өңірлер мен қалалардың аумақтарын тазарту жұмыстарын үнемі жүргізу керек» деп атап өтті Мемлекет басшысы. 
Сонымен қатар ел Президенті Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында жұмыс сапарымен болып, тік ұшақпен су тасқыны басқан жерлерді көріп, жергілікті халықпен жүздесті. 
Қостанай облысына жұмыс сапары барысында су тасқыны салдарын еңсеруге жәрдемдескен бизнес өкілдерімен және еріктілермен кездесті. 
Кездесуге өңірдегі машина жасау, тау-кен, тамақ және ауыл шаруашылығы өнеркәсібі салаларының жетекшілері, Қазақстан халқы Ассамблеясының жергілікті өкілдері, облыстық жастар ресурстық орталығының еріктілері және студенттер қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнеске қолдау көрсету басты міндет екенін атап өтті.
– Осы кездесуге біраз меценат қатысып отыр. Мен сіздерге ризашылығымды білдіремін. Бұл – сіздердің жүрек қалауларыңыз, азаматтық жауапкершіліктеріңіздің көрінісі. Мұның бәрін марапат үшін емес, шынайы ниетпен жасалған игі іс деп білемін, – деді Президент.
Мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шеккен халыққа нақты көмек көрсету ісінде бизнесмендердің рөлі зор екеніне айрықша назар аударды.
Солтүстік Қазақстан облысының су басқан аумағын тікұшақпен аралап көргеннен кейін қарғын су салдарынан эвакуацияланған аудандардың халқымен кездесуінде: .
– Қазір бәріміз өте күрделі кезеңді бастан кешіп жатырмыз. Бұл – жалпыұлттық апат. Дегенмен, бір жағынан алып қарасақ, оң өзгерістер де анық байқалады. Судың беті қайтып келеді. Жақын арадағы 10 күнде өте қауіпті болады деп ойлаймын. Бірақ біз еліміз бойынша апат салдарын жою шараларын қабылдап жатырмыз. Бұған дейін айтқанымдай, Үкімет зардап шеккен азаматтардың барлығына қолдау көрсетеді. Біз су тасқыны салдарынан болған барлық шығынды өтейміз. Әрбір азамат, әрбір отбасы мемлекеттің қамқорлығында болады. Бұл – мен үшін басты міндет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Иә, осындай қиын-қыстау уақытта халқымыз ынтымақ пен береке-бірліктің үлгісін көрсетіп, көмекке мұқтаж өңірлерге қолұшын созып, демеу көрсетуде. Табиғи апаттан зардап шеккен өңірлер мен елдімекендер мемлекеттің жасап жатқан қамқорлығының нәтижесінде бұл қиыншылықтарды да еңсеріп шығады деген сенімдеміз.  

Әділет МЕЙІР

1808 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз