• Тарих толқынында
  • 27 Сәуір, 2024

Тамырын  тереңге тартқан

 «Таңбалы тас» пен «Көшпенділер қаласына» саяхат

Алматы қаласы Түрксіб ауданы №59 мектеп-гимназиясының 8 «г» сынып шәкірттері мен ата-аналары,   ұстаздары Жилкибаева Л.А., Ракымбекова Н.Қ., Перманова Қ.Э. жетекшілігімен  еліміздің  тарихи жәдігеріне айналған  «Таңбалы тас»  пен «Көшпенділер қаласына» саяхатқа барып, рухани мол мұра мен қазынаға кенеліп қайтты.

        Мыңдаған ғасырдың қойнауында жатқан қазақ тарихы арғысы тастағы таңбалы жазулардан бастап,  бергісі   бүгінгі  күні   сол тарихтың өшкенін қайта жандандырып,  келер ұрпаққа үлгі,   үлкен өнегелі  ұлағатқа айналып отыр.

        Ата-бабамыздан мұра болып қалған  құны жетпес тарихи, археологиялық зерттеулердің нәтижесінде бүгінгі күнге аман-сау жеткен әрбір жәдігердің орны ерекше және өте құнды. Бұл ашық аспан аясында орналасқан «Таңбалы тас» орыны   талқаны мен талайы  өткен қазақ халқының жүріп өткен сүре жолының  мәңгілік белгісі.  Тарих айдарында ғасырлармен дәлелденген қазақтың кең сахаралы жерінің түкпір-түкпірінен  табылған таңбалы тастардың әрқайсысы көне тарихтың жаршысы ретінде сақталғандай. Олардың осы жерді сақ, массагет, тиграхауд т.б. түркі тайпаларының  мекен еткенінен  белгі беретін асылы  сыр сандығындай  еліміздің әр жерінде жасырын жатқанын аңғаруға болады.  Сол жәдігерлердің бергісі шағатай, қоңырат, қыпшақ тайпаларымен жалғасып,  қазақ хандығы құрылғанға дейінгі  төл мәдениетіміздің  дәлелді көрсеткіші. 

       Таңбалы тасты тамашалауға барған оқушыларымыз бен ата-аналарымыз  қазақ тарихынан біраз ақпарат алып,  ашық аспан аясында  мұражайға айналған Таңбалы тас табиғатын тамашалады. Осыдан кейінгі екінші саяхаттаған орнымыз  ол – Көшпенділер қаласы болды.

       «Көшпенділер қаласы»  – 200 5жылы  « Көшпенділер» фильмін түсіру үшін  Іле өзенінің етегінде  Қапшағай қаласынан отыз шақырым жерде салынған болатын.  Қалашықты салу барысында  тарихи-этнографиялық  топ құрылып, мейлінше ХVIII ғасыр тұрмысынан ақпарат беретіндей етіп, көрерменнің көзайымына айналатындай шынайы етіп салынғанын көрген шәкірттеріміз сол ғасырдың мәдениетін тұлабойымен сезініп қайтты.  Оқушылар  қалашықтағы этнографиялық лагерьді, шеберлік сабақтары мен бейнебаяндар, фотосессиялар  түсірілімін  тамашалады.   Оқушылар өз көздерімен  сол заманның  жәдігерлерін көріп,  құдды бір сол уақытқа тап болғандай  қалашық алаптарын  аралап,  аттың дүбірі мен  қала тұрғындарының бейнесін көріп, өздері сол ғасырға тап болғандай күй кешті. 

     Табиғаттың тамашасына айналған «Таңбалы тас» пен адам қолының шеберлігінен шыққан «Көшпенділер қаласы» оқушыларды өз құпиялы сырына тереңге тартып әкеткендей әсер қалдырды. Іле өзенінің, Алатау бөктеріндегі біраз тарихи  орындардың  тамашасын қызықтаған оқушылар мен ата- аналар саяхат соңында ашық аспан аясында таза ауада, дастарқан басында отырып  көрген қызықтарымен бөлісті.  Ұстаздарынан  бұдан басқа да  тарихи оқиғалар өткен орындарды сұрап,  бейне бір таңғажайып әлемде жүргендей сезінді.

      Ұрпақтан ұрпаққа  мирас болып   қалатын осындай тарихи маңыздылығы зор  саяхаттардың арқасында оқушыларымыз  білімді толықтырар мәлімет пен  келешекке  мәңгі мұра болып қалған жәдігерлер жайлы қызықты орындарды көріп қана қоймай, ата тарихымызға деген сүйіспеншілігі мен  құрметі арта түсті десек артық айтқандық емес.

      Жөргегінде «жерім» деп, жүрегінде «елім» деп  жүрегінің түгінде «қазақ» деп ғана соғатын ұрпақтың ұлағатты тәрбиесі де осы  тарихи жәдігерлерді дәріптеуден  басталмақ. Демек, біздің бұл саяхатымыз ұрпағымыздың болашақтағы  елі мен жері, Отаны үшін  соғатын  жүрегінде ұлтжандылық  болмысын қалыптастырушы тұлға ретінде  үлкен игі істің бастамасы болды деп  сеніп, саяхатымыздан рухани азық алып қайттық...   

Ләззат ЖЫЛҚЫБАЕВА,

тарих пәнінің мұғалімі

Нұршат РАҚЫМБЕКОВА,

тарих пәнінің мұғалімі

Қаламқас ПЕРМАНОВА,

 химия пәнінің мұғалімі

 

 

 

     

 

 

 

 

369 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз