• Ел мұраты
  • 11 Мамыр, 2024

Алматы келіссөзі – қазақ дипломатиясының кезекті белесі

 

Халықаралық қауіпсіздікті сақтау әлемнің қазіргі жағдайында күрмеуі қиын мәселеге айналды. Ол асимметриялық сипатта болғанымен, шиеленісті жағдайда қалып отырған мемлекеттер арасындағы саяси қақтығыстарды болдырмауға жаһандық ұйымдардың әлеуеті жетер емес. Алайда, бұл тұрғыда «Орта держава» санатындағы елдер мәселенің тиімді шешімін табуға ықпал ете алатыны байқалды. Бұл бағытта еліміздің жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа арналған саяси қадамдарын тек оңынан бағалауға болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сәуір айының 15-і күні Арменияға жасаған ресми сапарында Оңтүстік Кавказ аймағындағы шиеленісті жағдайды бейбіт түрде шешу үшін Әзербайжан мен Армения елдерінің өкілдерін Қазақстанда келіссөз жүргізуге шақырған еді.

Нәтижесінде, қос тарап келіссөз жүргізуде Қазақстанды сенім мен құрметке лайықты ел деп танып, 10 мамырда Алматы қаласындағы «Достық» үйінде Әзербайжан Республикасы Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов және Армения Республикасы Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян келіссөз жүргізді.

Тараптармен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу жеке және екіжақты форматта кездесу өткізді. Әзербайжан мен Армения СІМ басшыларының арасындағы Алматы келіссөздері – бұл Қазақ дипломатиясының тағы бір маңызды жетістігі. Алматы процесі немесе Алматы форматының жалғасын табар-таппасы уақыт еншісінде. Десе де өткен кездесуді қазірден-ақ табысты деп атауға болады. Екі делегация қол жеткізілген келісімдерді ілгерілетуді құптауы – бұл бейбітшілік туралы келісімге келудің алғашқы қадамы деп білеміз.

«Достық үйінде» Әзербайжан және Армения Сыртқы істер министрлері арасында өткен Алматы диалогының дипломатиялық негізде маңызы жоғары болуының басты екі себебі бар. Біріншісі, еліміздің халықаралық қауіпсіздікті сақтауда барлық тараппен өзара сенімге негізделген ұзақ жылғы көпвекторлы сыртқы саясатының жемісті нәтижесі болса, екіншісі Алматы қаласында 1991 жылдың желтоқсанында өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру жөніндегі «Алматы декларациясының» қайта жаңғыруы. Аталған дек­ларация, 1922 жылғы КСРО-ны құру туралы шешімнің күшін жойып, посткеңестік мемлекеттер арасында мемлекетаралық шекаралардың бейбіт түрде шешілуіне негіз болған еді.

Оңтүстік Кавказ аймағында тұрақтылықтың орнығуына Қазақстанның ықпалы Ресей, АҚШ және Франция секілді елдерге қарағанда бейтарап ұстанымымен ерекшеленеді. Қазақстанның Оңтүстік Кавказ аймағындағы мүддесі аймақтағы ұзақмерзімді тұрақтылықты қалпына келтіруге негізделген. Оңтүстік Кавказ – еліміз үшін стратегиялық маңызды аймақ. Еліміздің сыртқы саяси бағытында Оңтүстік Кавказ өңірі логистика мен сауда байланыстары үшін стратегиялық маңызға ие. Мысалы, Қазақстан мен Әзербайжан елдерінің арасындағы тауар айналымы 2020 жылы 100 миллион доллар болса, қазір жарты миллиард доллардан асты. Ендігі меже – миллиард долларлық сауда айналымына қол жеткізу. Дәл солай, Армения елімен де тауар айналымы артып келеді. 2023 жылдың соңындағы нәтижеге қарасақ, сауда көлемі 23%-ға жетті. Қазақстанның Арменияға экспорттық портфелі 70 тауар түрінен 350 миллион долларды құрады.

Армения мен Әзербайжан тараптары талқылайтын келісім жобасы «Бейбітшілік және мемлекетаралық қатынастарды орнату туралы» деп аталады. Тараптар арасында сыртқы істер министрлері деңгейіндегі келіссөздер бірнеше айдан бері жалғасып келеді. Әзербайжан және Армения сыртқы істер министрлері арасындағы келіссөз осы жылдың ақпан айында Берлинде өткен еді. Алайда, Берлин келіссөзі нәтижесінде тараптар арасындағы келісім айтарлықтай ілгерілемеген.

Алматыда өткен келіссөздің нәтижесі қазірдің өзінде мәселенің бейбіт келісімге бір табан жақындағанын көрсетеді. Себебі, 10 мамыр күні Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі сайтында мәлімдеме жарияланып, бейбітшілік шарты жобасының атауы – «Бейбітшілік пен мемлекетаралық қатынастарды орнату туралы екіжақты келісім» деп көрсетілді. Мәлімдемеде көрсетілген «екі жақты» деген атау Әзербайжан мен Армения арасындағы байланыстың үшінші тараптың араласуынсыз, делдалсыз тікелей келісімге келудің негізі қалыптасқанының айғағы әрі Алматыда өткен келіссөздің нәтижесі деп білеміз.

Сарапшылардың пікірінше, Баку мен Ереван келісіміне 2024 жылдың қарашасына дейін қол қойылуы мүмкін. Себебі, Әзербайжан Президенті Илхам Әлиев сәуір айында өткен баспасөз мәслихатында Армения мен Әзербайжан арасындағы келісім Бакуде осы жылдың қараша айында өтетін БҰҰ-ның COP 29 халықаралық климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясын өткізгенге дейін мүмкін болатынын атап өткен. Армения Премьер-Министрі Никол Пашинян өз кезегінде аталған пікірмен келісетінін айтып, «Бейбітшілік шартында көрсетілген барлық принциптерді бекіту керек, қағидаттар жалпыға ортақ» деп атап өткен еді. Сондықтан, Оңтүстік Кавказ аймағында біртұтас тұрақтылықтың орнауы тұтас Еуразия аймағы үшін маңызды жетістік болмақ.

Қазақстан тәуелсіздік алған кезең­нен бастап аймақтық, халықаралық сая­си қақ­тығыстарды дипломатиялық келіссөздер негізінде шешіп, жаһандық бейбіт­шілікке елеулі үлес қосты. Саяси келіссөздерге тең мүмкіндік ұсынып, жаһандық мүдделі тараптармен бейтарап, өзара сенімге негізделген қарым-қатынас орнатты. Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі, көршілес Қырғызстандағы саяси тұрақтылықты қалпына келтірудегі үлесі, 2011 жылы Иранның ядролық бағдарламасы бойынша өткізген Астана саммиті, 2012 жылғы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының төрағасы ретіндегі медиаторлық қызметі еліміздің аймақтық және халықаралық дау­ларды реттеудегі медиаторлық институт ретінде қалыптасқанын көрсетіп отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Арменияға ресми сапары барысында Армения мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынасты реттеуге шақырды. Еревандағы келіссөздер барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Армения Премьер-Министрі Никол Пашинян Оңтүстік Кавказдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды. Мемлекет басшысы Армения мен Әзербайжанның бітімгершілік келісімін жасау жөніндегі қадамдарын жоғары бағалап, Ереван мен Баку арасында берік, ұзақ мерзімді бейбітшілікті тез арада орнатудың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның келіссөздер алаңын ұсына отырып, көмектесуге дайын екенін мәлімдеді.

Бейбітшілік пен келісімге қол жеткізудің жақтаушысы ретінде осы бағыттағы барлық бастамаларды қолдауға дайын екендігі айтылды. Тараптар армян-әзербайжан келісімдерін іс жүзінде жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруға уағдаласты.

Еліміздің Қарабақ мәселесі бойынша екі мемлекетке бейтарап, өзара сенімге негізделген алаң ұсына алуы қос тарап үшін де тиімді. Қазақстан Әзербайжанмен тарихи ортақ түркілік құндылық, экономикалық, Түркі мемлекеттері одағы ұйымы аясында институционалдық негізде әріптес болса, Армениямен де саяси, экономикалық, институционалдық негізде сенімді серіктестікке негізделген байланысқа ие. Армениямен логистикалық тауар тасымалынан бөлек, Еуразия Экономикалық Ұйымы аясындағы және Ұжымдық Қауіпсіздік Шарты Ұйымы аясында қалыптасқан өзара тиімді сенімді байланыс, ресми Астананы бірден-бір бейтарап, бейбіт шешімге келетін алаң ретінде таңдауға негіз болады.

Оңтүстік Кавказдағы қос мемлекет үшін де отыз жылға созылып келе жатқан даулы мәселенің нақты шешімін табуда Қазақстандық медиаторлық институттың ықпалы баламасыз мәнге ие.

Нұрболат НЫШАНБАЕВ, саясаттанушы

358 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз