- Ел мұраты
- 28 Мамыр, 2024
Тәжірибе алмасу – біліктілік негізі

Жуырда Алматы қаласындағы К.Ахметов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінің ұйымдастыруымен «Спорттық оқу орындары ұстаздарының педагогикалық тәжірибесін талдап, қорытындылау барысында зияткерлік құндылықтар жүйесін қалыптастыру» атты Республикалық интерактивті семинар-практикум өтті.
Семинардың ашылу салтанатын Лаура Қадырқызы мектеп-интернаттың тарихы мен жетістіктері туралы баяндамамен бастады. Келесі кезекте белгілі спорт зерттеушісі, педагогика ғылымының докторы, профессор Анатөлі Құлназаров «Қазақстанда спорттық мектеп интернаттар мен колледждер жағдайында спорт резевтерін даярлаудың ерекшеліктері» туралы баяндама жасады.
Бұл семинар-практикумға Астана қаласы «Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы олимпиадалық резервтің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі», ШҚО «Риддер қаласындағы олимпиадалық резервтің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі», Алматы қаласы «Шаңырақ» шағын ауданындағы «Олимпиадалық резервтің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі», Алматы қаласы «Республикалық спорт колледжі», Алматы қаласы «Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған РҚММИ» және Алматы қаласының қалалық спорт мектептерінің мұғалімдері, оқытушылары, тәрбиешілері қатысып, іс-тәжірибелерін бөлісті.
Семинарды өткізудегі негізгі мақсат – білім, тәрбие және спорттық жетістіктерді дамытудың іргелі факторы ретінде зияткерлік құндылықтың маңызын арттыру. Сонымен қатар, оқушылардың білім сапасын, спорттық нәтижелерін және тәрбиелік деңгейін көтеру мақсатында спорттық оқу орындарында педагогикалық қызметтің барлық салаларында тиімділік және қолдану мүмкіндігі тұрғысынан педагогикалық тәжірибені талдау және қорытындылау болды. Интерактивті оқыту мен тәрбие беру әдістері көрсетіліп, заманауи инновациялық технологияларды енгізу жұмыстары практика жүзінде іске асты. Негізі спорттық оқу орындарындағы ұстаздардың педагогикалық тәжірбиесін жетілдіру барысында зияткерлік құндылықтар жүйесін қалыптастыру бағытындағы осындай республикалық семинардың берері мол.
Семинар соңында сертификаттар тапсырылып, концерттік қойылымдар көрсетілді. Семинарда қозғалған, мәселелердің барлығы дерлік өте өзекті. Сонысымен семинар пайдалы әрі ұтымды болды деп түйіндеуге болады. «Ұстазсыз шәкірт – тұл» демекші, баланың білімді, сауатты, мықты спортшы болып қалыптасуына оқытушының рөлі айырықша.
«Ұстазы мықтының ұстамы мықты» деген қанатты сөз де бар. Сондықтан да К.Ахметов атындағы олимпиада резервін даярлайтын республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледждің бұл бастамасын еліміздің әр аймағындағы спорт мектептері қосылып жалғастыра жатар деген сенімдеміз.
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ

231 рет
көрсетілді0
пікір