• Тарих толқынында
  • 28 Мамыр, 2024

ҰРАНДЫ ЕЛДІҢ ҚЫРАН ҰЛЫ – ҚОСТАН БАТЫР

Еламан Қасен,

тарих ғылымдарының кандидаты,

доцент, «Bolashaq» академиясының жалпы пәндер кафедрасының профессоры
 

Ұраны алаш, керегесi ағаш, қарға тамырлы, қаршыға сіңірлі, киiз туырлықты ата-бабаларымыздың басынан өткерген тарихының кей дәуiр-кезеңдерiнiң назардан тыс қалған қалтарыстарына жiтiрек ден қоя үңiлсек, тауы да, тасы да, сонау есте жоқ ескi кезеңдердегi ғасырлар қойнауынан, әлiмсақтан сыр тартқандай сөйлеп қоя беретiн шежiресi тұнған халықпыз. 
Тарихты әр ұрпақ өз кезеңінің биігінен бағалайды
Дегенмен «Бiздiң тарих бұл да бiр қалың тарих, Оқулығы жұп-жұқа бiрақ-тағы!», – деп ақын Қадыр Мырза Әли айтпақшы, осы күнге дейiн оның көптеген иірім қабаттары әлi де болса ашылмай жатқандықтан, ата-бабаларымыздың бiтiм-болмысын толық көзге елестетерлiк мұрсат ала алмай жүрмiз. Осындай өткен тарихымыздағы, хатқа түспей, түсi түстелiп, аңысы анықталмағандықтан, сағымға алданған шөл дуадағының балапанындай абдыратып тастайтыны, көз алдымызға бұлдыр дүние секiлдi елесi ғана келетiн кезең – көнені, ескіні айтпағанда, бер жақтағы ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаға ұшыратқан жоңғар шапқыншылығы кезеңі – ХVIII-XIX ғасырлар ауаны екені анық. Қаншама айтылып, жазылса да, тума халқымыздың бастан кешірген өткен кезеңіне көз жүгiрткенде қараңғы түнектен сәулесін түсірген жарық iспеттi өзiне айрықша назар аударуды қажет ететiнi де осы кезеңдер. Бергі тарих болса да күрмеуі қалың, күрделі, шындықты іздеу қиын тұс бір. 
Тарихты әр ұрпақ өз кезеңінің биігінен бағалайды. Бүгінгі биіктің өзіндік тың да соны көзқарасы, бағалауы болады. Алдағы уақытта да бола бермек. Біздікі туған топыраққа қатысты тарихи оқиғалардың бел ортасында жүріп, ұшса, құстың қанаты талар, шапса, аттың тұяғы кертілер ұлан-ғайыр далиған даланы білектің күші, найзаның ұшымен қорғап, ауыздыға алдырмаған, қанаттыға қақтырмаған, тырнақтыға ілдірмеген елі сүйінген батырларымызды түгендеп, ел үшін сіңірген еңбегін ұлықтасақ деген ізгі ниет қана. ч
Ұрпақтан ұрпаққа ауызша жеткен тарих 
Кейінде білікті ұрпақ тектіліктен тамыр жайған бабалардың ілкі тарихын дүнияуи әлемдегі әр елдің кітапхана қорында жазу, сызба күйде сақталған ықылым замандардан хабар беретін жәдігерлерді тауып кәдеге жаратуда. Әйтсе де «халық жады» деген ұғым бар. Халық жадының бірі көрінісі – оның шежіресі. Қазақ шежіресінің философиясы да тұңғиық. Ол бойынша, аспан мен жер арасын алтын көпір іспетті байланыстырып жататын – адам. Ол осы екі аралықтағы барша тіршіліктің түп бастауында тұр. Дүнияуи құбылыстардың бәрі де адам қолымен жасалғаны бесенеден белгілі жайт. Әйтсе де Адам-атадан бері оның өмір-тірлігінің қыр-сырын жете түсініп болдық деп әсте айта алмас едік. Рухани салқар арнаға қазақ құйған құндылықтардың түп бас­тауында шежіренің орны бір бөлек. Мұны әулие қазақ әуеліден-ақ тамырынан ажырап қалмас үшін әдейі ойлап тапқан. Өйткені шежірені халықтың шығу тегін, таралуын баяндап, ру, тайпалардың тарихын ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін жады деп білген. Ендігі бір жайт, шежірені қазақтың тарихы ғылымы жоққа шығармайды. Шежіре, (арабша шаджарат – бұтақ, тармақ деген түсінікті береді) – тарих ғылымының халықтың шығу тегін, таралуын баяндайтын тармағы. Тарихи деректану саласында зерттелмеген әрі өзектілігі артып отырған ғылыми мәселенің бірі қазақ шежірелерімен байланысты. Дала өркениеті тудырған шежіре мәліметтеріне деректік талдау жасау, көшпелілік болмысқа тән тарихи ой-сана мен тарихи таным өрісін, оның табиғатын және құрамдық бөліктерін, әлеуметтік-мәдени қызметін тануға жол ашады. Тарихи ертегілер, жыр-дастандар, тарихи әңгімелер, аңыз, әпсаналар, қария сөз, шешендік, билер сөзі және басқа да ауызша айтылып, халық жадында сақталған мұралар шежірелік дәстүрді құрайтын ішкі деректерге жатады. Өз кезінде Ш. Уәлиханов, қазақта «бірде-бір мәнді оқиғасы, бірде-бір керемет кісісі туралы айтылмай қалғаны, халық жадында сақталмай қалғаны жоқ», – деп атап өткен. Расында да, қазақ мәдениетінде, төл әдебиетінде үлкен деректік қор бар. Ол деректемелердің тарихи шындықты суреттеудегі ерекшеліктері ғылымда қарастырылмай келді. Қазақ шежірелерінің тарихи мәліметтерін сын көзқарас тұрғысынан тексеру, нақты ғылыми тәсілдермен шындыққа сәйкес келетін ақиқатын анықтау, қажетінше ғылыми айналымға енгізу – мемлекет, ұлт және мәдениет тарихын деректік тұрғыда зерттеуді жаңа деңгейге көтеретін келелі мәселе дейміз.
Қостанай маңындағы халықтың да шежіреге толы тарихы бар 
Солардың бір дені — Керей тайпасынан тамыр тартады. Қазақ жадында Керей орта жүз – «Жанарысқа» жатады. Керей өз ішінде Ашамайлы және Абақ болып бөлінеді. Абақ-керей сегіз ата – Меркіт, Жантікей, Жәдік, Тастабан, Шұбарайғыр, Шеруші, Көнсадақ «Құнсадық». Ашамайлысынан – Сыбан, Балта, Көшебе, Тарышы, Қарақас, Смайыл, Шимойын шығады. Ашамайлы бабаның шын аты – Ғали екен. Оны әкесі мен немере ағалары атқа атанның екі өркешінің арасына ашамай ер салып, соған мінгізіп үйреткен екен. Соған байланысты жас бала Ғалиды жеңгелері қалжыңдап «Ашамайлы қайным» деп атап, содан ол Ашамайлы атанып кетеді. Сондықтан да Ғалидан тараған ұрпақтар Ашамайлы-керей деп аталады. 
Осы Ашамайлының Көшебесінен он бес бала – Жауынгер, Жәдігер, Жанкөрпе, Жазы, Жомарт, Жарқынбек, Жанат, Жауғашты, Жалайыр, Жандарбек, Жантелі, Жұмат, Жаған, Жанәбіл, Жанкелді туады. Біз ерекше ден қойып отырған Әлмәмбет би – Көшебенің Жауғашты атты баласынан тараған ұрпақ. Әлмәмбет бидің Айбике бәйбішесінен – Айбас, Майбас, Таймас, Ақдәулет тараса, Қолаң атты бәйбішеден – Байдәулет, Жандәулет, Бұзаубай, Өтебай, Сусар бәйбішеден – Бостанбек, Қостанбек, Үсенбай туады. 
Халық аузындағы шежіре былай тарқатады. Қостанбек (кейіннен Қостан батыр атанған) Меңдіқара ауданының Қостан атты ауылында дүниеге келген. Ауыл басшысы, әскер көсемі, жоңғарларға қарсы күрес ұйымдастырған. Оның батырлығымен шыққан есімі Сарықасқа атты Ер Қостан. Қостан Әлменбетұлы қазақ-қалмақ соғысының қаһармандарының бірі, орта жүзден шыққан әйгілі әскербасы батырлардың бірегейі. Ол жоңғар басқыншыларымен, Увашы қалмақтарымен, түркмен жендеттерімен, орыс-казак тонаушыларына қарсы бағытталған соғыстарға белсене араласқан. Қостан Абылай сұлтанның сенімді батырларының бірі. ХVІІІ ғасырдың І жартысында өмір сүрген.
Қостанай атауының пайда болуы
Ол Еділ-Жайық өзендері бойы жаудан тазартып болған Кіші жүз әскерлеріне көмекке барғанда ауыр жараланады. Байдәулет есімді ағасы мен нөкерлері оны найзаға салып, жеңістен кейін еліне аттаныпты. Арада бірнеше күн жол жүріп олар Тобыл өзеніне жетеді. Осы күнгі Қостан сайының тұсында (Қостанайдың орталығын Корей поселкесінен бөліп жатқан сай, кейінгі сыра зауытының тұсы), өзеннен сал жасап өткен кезде Қостан қатты әлсіреп, ағасы мен жолдастарына: «Мен бүгін-ертеңнен қалмаймын. Жанымды қинамаңдар. Мені осы жерге жерлеп кетіңдер» – деп өсиет етіпті. Қостан бір күннен кейін өмірден өтіп, Байдәулет батыр бастаған бір топ оны арулап жуып, жаназасын шығарып, Тобыл өзенінің шығыс жақ бетіндегі тоғайдың қойнауына жерлейді. Батыр есімі туған топырағымен – жер-су, елді мекен атауымен, яғни топонимикасымен тікелей байланысып жатыр. Мәселен, Қостанай атауының шығу төркіні туралы жазылған пікірлер сондай көп емес, соның бірі Қостан батырға қатысты. Батыр қайтқанда Байдәулет сардар көзіне жас алып: «Әй, Қостан-ай, жер қойнында қалдың-ау» – депті. Қостанай атауы содан шыққан деген сөз бар. Ал Қостанайдың бір сайы «Қостан» сайы деп әлі күнге дейін аталады.
Қостан батыр ұрпақтары
Қостанның бес ұлы болған: Сағындық (бәйбішеден туған, тұқым жоқ), Байеділ (бәйбішеден туған), Жақсыбай (жеңге тоқалдан), Кенжебай (жеңге тоқалдан), Сағындық (қалмақ әйелден). Төртінші ұлы Кенжебайдың үшінші ұлы Қабылдан – Төребек, Төребектен – Дәрмен. Дәрменнен – Құлберді, Тұқыш (Мұхамедияр), Тұқыштан – Мейрамғали, Есқали, Шәкірғали (бұлардан бала жоқ), Әмірғали, Бақытжан. Әмірғалидан – Есенкелді, Ақмағамбет, Бақытжан. Бақытжаннан Қазтай, Дауытбай (Даукен), Байкен, Сағынбай, Ғабдужәлел (Жәлел) тарайды. Дауытбайдан – Арыстанбек, Ақынқали, Батыр, Асқар туады.
Батырдың бір ұрпағы – Ақынғали Дауытбайұлы Дәрменов. Ол бабасы жатқан өлкеде қызмет істеп келеді. Қазақстан Республикасы ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының бастығы, полиция генерал-майоры. Мұхит асып, білім жинаған ұрпақ қатарынан. 
Адамдық парыз адамдық борышты орындаудан басталады. Ал ата-анаңа, отбасыңа, балаңа, елің мен жеріңе адал қызмет ету – ең ұлы парыз. Бұл мақаланы да елге, жерге деген зор махабаттан толарсақтан қан кешіп, ауыздықпен су ішкен елдің басына бұлт үйіріліп, тағдыр тәлкегіне ұшыраған кезде елтұтқа болған тұлғалар алдында ұрпағы ретінде өтеп отырған бір парызы деп ұққан ләзім.
Тарихта ақиқатты дәлелдеу қиын. Әсіресе ауызша тараған елдің тарихын түгендегенде, әр дәйек пен дәлелді құм арасынан інжу аршып алғандай қылып шаңын сілке тазартып жазуға тура келеді. Әрі-сәрі күй кешеміз. Ақиқат жолында ғылым өзінің шынайы өрісін тапқанда ғана еліміз өркендеп, руханиятының рухы асқақтап, абыройлы биікке, кемелдік пен кенендікке көтеріле беретіні анық. Біздің көздеген мақсатымыз да – осы. 
Шежірелердегі жасырын жатқан сырды ата өрбіту, ұрпақ тарату, генеалогия құру арқылы ашу ләзім. Ауызекі шежіре үлгілерін тарихнама шығармаларымен салыстырғанда да шежіре ру туралы мәліметтерді әлдеқайда мол әрі нақтырақ айтатыны байқалады. Әсіресе оның мазмұнды бойында тарихи тұлғалар туралы айтылған ауызекі мәліметтер көп кездеседі. 
Мемлекетіміз егеменді ел атанып, бабаларымыздың сан ғасырлық мұраты болған Тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері халқымыздың тарихы біршама түгенделіп, келешек ұрпаққа үлгі етер ұлағатты жұмыстар жасалуда. Дегенмен Қостанай қаласындағы идеологиялық тұрғыда ескірген атауларды жаңа тарихи атаулармен алмастыру – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Осы атауларды келешек жастарымызға патриоттық тәрбие беру мақсатында Ел тәуелсіздігі жолында тарихи кезеңдерде ұлтқа пана болған баһадүр батыр Әлмамбетұлы Қостан батыр атына көше атын берген де артықтық болмас еді.
 

4948 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

AQIQAT №8

26 Тамыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы