- Заманхат
- 28 Мамыр, 2024
САЯСАТНАМА
(Бесінші бөлім)
Мұқтилер туралы және олардың рағиямен қатынасын реттеу
Иқтасыз бар мұқтилер білулері керекті олардың рағияларға қарағандағы құқықтары тек бұйрықтарының болуы, оларға үлес етіп берілген мүліктегі хақысын ғана олардан алатын болсын, дұрыс жолмен, оны алған кезде олардың малы мен жаны, әйелі, бала-шағасы және олардың заттары мен құралдары қауіпсіз болады, мұтилер ол жағына қол сұға алмайды. Рағиялар сарайға келіп, жағдайын айтқысы келсе, оларға рұқсат етіледі. Егер мұқтилердің біреуі ережеге қайшы әрекет жасаса оның әрекеті тоқтатылып, одан иқта құқығы кері алынады, оған сөгіс-жаза ретінде және басқаларға ғибрат болу үшін. Олар біліп жүрулері керек, мүлік те рағият та Сұлтанға тиесілі екендігін, мұқтилер, уалилер сияқты рағияттар да бірдей Сұлтанның жауапкершілігінде екендігін, сол кезде рағият та риза болады және қиындықтар мен азаптаулардан аман болады.
Әділ патшаның хикаясы. Былай айтылады, Құбад билік тізгінін қолға алған кезде он сегіз жаста болып, ел басқарған еді. Оның бала кезінен-ақ әділет тұла-бойына тамырлаған болатын. Ол жақсыны жақсы деп, жаманды жаман деп танып, білетін. Ол үнемі, «әкемнің көзқарасы әлсіз, ақкөңіл және тез алданып қалады, уалаяттарды (облыстарды) қызметкерлерге тапсырып қойған, олар ойына келгенді жасайды, уалаяттар (облыстар) тозып барады, олар қазынаның түбіне тиын қалдырмай тонап жатыр, жаман атақ пен зұлымдықты әкемнің мойнына артып қоюда, ол біржолата Маздактың айлаларына алданды» деп жүретін. Тағы бір әңгімесінде, «бәлен уали, бәлен қызметкер, олар ол уалаятты орынсыз алым-салықпен құртты, рағиятты қаңғыртты, олар сол ақшаны оның алдына алып келеді, ақшаға қызығып, алданып қалды, оларға риза болды, сол капиталды тазалап алмады, олардан сұрамады, сен сол уалаяттың уалиісің, әмірісің, мен сені сол уалаятқа жібергенде жауапты бол, теңдікті сақта, саған және халыққа пайдалы болсын деп жібердім, сен олардан алым-салық алып, мына көп қазынаны алып келіпсің, бұл әкеңнен қалған мұра емес қой, сен оны рағияттардан жөнсіз алғансың» деп қызметкерге айтпады, уалаяттың қазынасы осылай шығар деп. Кейбір бөлігін біреулер алып кетті, бір бөлігін қазынаға жеткіздің, осыншама артық қазынаны қайдан алдың демеді. Сен бұларды орынсыз тартып алғансың деп айтпады, басқалардың түзелулеріне әсер етпеді деп жүретін. Бұдан үш-төрт жыл өтті, мұқтилер мен қызметкерлер жұрттың құқығына қол сұға берді, олар құзырына келген кезде Наушеруан таққа отырды, бірінші Құдайға мақтау айтты, сосын былай деді, «бұл патшалықты маған құдай берді және әкемнен мұра болып қалды, немере ағам маған қарсы бас көтерді оны реттедім, жойдым, яғни бұл орынды бір жағынан қылыштың күшімен алдым, маған Құдай не берген болса мен де сендерге бердім, әркімге билік бердім, осы мемлекетте хақысы бар адамға өз үлесін бердім. Ұлықтар, ұлылығын әкемнен алған, оларды да өз орнында қалдырдым, олардың хақысынан да еш нәрсе жырып алып қалған жоқпын, сондықтан сендерге де айтарым, рағияттармен жақсы қарым-қатынаста болыңдар, белгіленген алым-салықтан артық нәрсе алмаңдар, мен де сендерді құрметтеймін, бірақ сендер құрметтегілерің келмейді, сендер менің сөздерімді құлаққа ілмейсіңдер, Құдайдан қорықпайсыңдар, халықтан ұялмайсыңдар, мен Құдайдың апаттарынан қорқамын, сендердің әділетсіздіктеріңнің, зұлымдықтарыңның кесірі менің мемлекетіме тиіп жүрмесін, әлем қарсылықтан таза, теңдік пен бейбітшіліктерің бар. Яки Құдайдың сый етіп берген нығметтерімен айнылысыңдар, олар көбейсін, әділетсіздік пен алғыс айтпау мемлекетті жояды, енді Құдайдың пенделерімен жақсы қарым-қатынаста болыңдар, рағияттың шаруасын жеңілдетіңдер, әлсіздерді езбеңдер, даналарды құрметтеңдер, жақсы кісілермен сұхпаттас болыңдар, жамандардан аулақ жүріңдер, жақсы жұмыс жасайтындарды қинамаңдар, Құдай мен періштелерді өзіме куә етіп алдым, егер біреу осы тапсырмаларыма қарсы әрекет жасаса жайына қалдырмаймын», – деді.
Жұрттың барлығы «солай жасаймыз, бұйрыққа бас иеміз» – деді. Бірнеше күннен кейін әркім өз қызметінің басына барды. Олар сол баяғы қылықтарына басты, әділетсіздіктерін, зорлық-зомбылықтарын жасап, жұрттың мал-мүлкіне орынсыз қол сұқты, олар Наушеруан патшаны бала санады, әрбір есірген қызметкер, Наушеруанды патшалық таққа өзіміз отырғыздық деп ойлайтын еді, қаласақ патшамыз болады, қаламасақ болмайды деп. Наушеруан бұлардың барлығын білсе де заманның ыңғайына қарай тек ішінде сақтап жүрді, сонымен бес жылдай уақыт өтті. Наушеруан әділ бір бай әскери қолбасшыны Әзербайжанға уәли етіп тағайындаған болатын, мемлекет бойынша одан үлкен уәзір болмаған еді, оның сән-салтанаты басқа ешкімде болмаған еді. Ол өзі қызметке барған қалада бау жасап, өзіне сарай соққысы келді. Сол аймақта бір кемпірдің иелігіндегі жері болды, ол жыл сайын салығын төлеп, өзіне қажетті заттарды егіп, өз несібесін теріп, күн көретін еді. Жылдан жылдар өтіп, ол күн сайын төрт нанын сол жерден тауып, бір нанын жем-ішімге, бір нанын майшамның майына жұмсап, бір нанын таңғы аста және бір нанын кешкі аста жейтін болды, оның киімін қайырымдылық жолымен дайындап беретін болды. Ол кемпір ешқашан үйден шықпайтын, осылайша көзден таса өмір сүріп жатты. Ақыры сол атақты қолбасшы сол кемпірдің жерін алып, өзінің бауы мен сарайына қоспақшы болды да кемпірге бір кісіні жіберді, осы жеріңді сат, бізге қажет болып тұр деп. Кемпір айтты, «менің азғантай жеріме көз салмаңдар, мен сатпаймын, әлемде үлкен жерлер бар, мына жер менің қуат-күшім, адам деген өз күш-қуатын сатпайды» деді. Ол: «мен жақсы бағаға аламын яки басқа жерден құнарлы жер беремін» деді. Кемпір айтты, «бұл менің адал жерім, ата-анамнан мұраға қалған, суы жақын жерде, көршілерім де жақсы, маған қарасып тұрады, сен беретін жерде осындай артықшылықтар болмаса керек, менің жеріме тиіспе» деді.
Ол кемпірдің сөзін елемей, жерді күшпен тартып алды да өз бауының шарбағымен бірге қоршап тастады. Кемпір далада қалды, тіпті бағасын берсе де көнетін жағдайға түсті, өзін әкімнің аяғына лақтырды, жердің бағасын бер яки орнына жер бер деп жылады, бірақ әкім оған қарамады, оны көзге де ілмеді. Кемпір үмітін үзіп, оның құзырынан шықты, тіпті ол кемпірді сарайдан да қуып жіберді. Одан кейін кемпір әкімді күтіп жүретін болды, аңға, серуенге шығып бара жатқанын көргенде тек аяғына жығылып, жердің ақшасын сұрап не орнына жер бер деп айқайлайтын болды, әкім әдеттегідей жауап қайырмай, аулақ жүріп кете беретін болды. Кемпір арызын арнайы кеңесшілері мен қызметкерлеріне айтқанда олар да, «жарайды апа, жеткіземіз» деп қоюшы еді, олар да жеткізбейтін. Ақыры екі жыл осылайша өтіп кетеді. Кемпір қатты қиналып қалады. Әділдік таппаған соң, одан үмітін үзді. Өзіне-өзі, мен бұл темірді қатты соғамын, Құдай тағала әр қолдың астынан бір қол жаратқан, бұл қанша залым болса да Наушеруан әділдің құлы, соған бағынады, бұның шешімі, қанша қиналсам да Мадайынға бару, Наушеруанға шағымдану, өз жағдайымды патшаға жеткізу деп тапты. Бұл қанша Әзербайжанның уәлиі болса да сол патшаның құлы, бұл мені сарайына кіргізбеді, енді Құдай маған патшаның сарайына баруға жол ашып берді, енді мен оны көре аламын деді. Менің ойым, соның сарайына жақын жерден орын тауып, ол сахараға серуендеп шыққанда, аяғына жығылып, арызымды айтып қалсам болады деп шешті. Тағдырдың жазмышымен әлгі қолбасшы әкім де патша сарайына келе қалды, олар бірге аңға шықты. Кемпір олардың қай күні, қандай орманға барғандығын анықтап біліп алды да сұрап-сұрап ол жерді тауып алды. Ол бір бұтаны паналап, сол жерге түнеді. Ертесі күні Наушеруан келді, адамдарын жан-жаққа бөлді де аң аулауды бастап кетті. Наушеруанның өзі бір силахдарымен (күзетшісімен) қалды да аң аулау аймағында айналып жүрді. Кемпір оны жалғыз тапқанда, тікеннің артынан шығып, оның жанына келді де әңгімесін айтып берді. Ол: «Уа патша! Егер патша болсаң мына мен бейшараның әңгімесін тыңдап, арызын қабыл ал», – деді. Ол бірден кемпірдің сөзін тыңдады және оның жағдайы ауыр болмаса бұл жерге келмейтін еді деп түйді. Атымен кемпірге жақындады, әңгімесін тыңдады. Наушеруан тыңдап тұрғанда көзіне жас алды.
Сосын патша кемпірге айтты, «енді алаңдама, басыңа іс түскен екен, енді оны біз тыңдадық, сенің мұратың орындалады, сені қалаға жібереміз, сонда біраз тұрасың, алыс жолдан келдің ғой» деді. Сол арада бір фарраш (төсек-жабдықпен айналысатын қызметші) түйесімен өтіп барады екен, оны шақырып алды да, «түйеңнен түс, мына кемпірді отырғызып, бір ауылға жеткіз, қажетті нәрселерін бер де өзің қайтып кел, аңнан қайтқан соң кемпірді ауылдан алып қаладағы өз үйіңе алып бар, күн сайын нанын және етін жеткізіп бер, ай сайын біздің қазынамыздан бес динар алып бер, біз оны сенен бізге әкелуді сұраған күнге дейін солай жаса» деді. Фарраш солай жасады. Наушеруан аңнан келгеннен кейін, бұл істің шешімі қалай болар екен деп ойлана бастады. Кемпірдің айтқаны дұрыс па, жоқ па? Оны ешкім білмейді. Бір күні жұрт қайлула (күндізгі) ұйқысын алып жатқан кезде, сарай тып-тыныш еді. Патша бір қызметшіні жұмсап, «бәлен құжат пен түген құл-қызметшіні алып кел» деді. Құлды алып келді, ол құлға айтты, «сен білесің, менде лайықты құлдар көп, солардың арасынан сені таңдадым, бір жұмысты сеніп тапсырғым келеді, қазынадан ақша алып, Әзербайжанға бар, бәлен қаласының, түген махалласына барасың.
Ол жерде жиырма күн тұрасың. Ол жердегілерге әңгіме тарат, мен қашқын құлмын деп, жұртпен тығыз байланыста бол, барыс-келіс жаса, сосын есіңді жиып, осы махаллада бір кемпір бар еді, аты бәленше деген, сол кісі қайда, көрінбейді ғой, жері не болды деп сұрарсың. Сонымен жұрттың айтқандарын толық жаттап аласың, маған ең дұрыс хабарды алып келесің, сені осы іске жұмсаймын» деді. Бірақ ертең сені ұлықтардың құзырында алдыма шақырамын да дауыстап айтамын, «бар, қазынадан ақша ал, сосын Әзербайжанға бар, ол жаққа жеткеніңде қара, астық пен жемістердің жайын сұра, биыл қалай болып жатыр екен. Табиғи апаттар орын алған-алмағанын біл. Жайлаулар мен аң аулау аймақтарының жағдайын біл, тапқан соң тез қайтып кел, маған хабарла, ешкім білмесін мен сені не жұмысқа жібергенімді» дейді. Құл, «әміріңізге құлдық, орындалады» дейді. Құл жолға шығып, аталған қалаға барады, жиырма күн сонда тұрақтады. Кіммен кездессе де кемпірдің жайын сұрап жүрді. Жұрт кемпірдің басынан кешкендерді айтып берді. Олар кемпірдің тақуа, текті екендігін, күйеуін де балдарын да көргендерін, олардың қайтыс болғандығын, басына қайғылы іс түскендігін айтты. Ол кемпірдің жері болғандығын, оны егу үшін біреуге бергендігін, сол өніммен патшаның салығы мен күн көрісін қамтамасыз етіп келгенін, төрт-ақ нан алатындығын, бір нанды жем-ішімге, біреуін майшамның майына жұмсайтынын және екеуін таңғы және кешкі асында өзі жейтінін айтты. Бірақ уали үлкен бау жасап, сарай салғысы келгендігін және оның құттай жерін тартып алғандығын, бағасын да есесін де бермегендігін, оны кемпір қайтпай сұрап жүретіндігін және біраз уақыттан бері кемпірдің көрінбей кеткендігін, қайда кеткендігін және өлі-тірісін білмейтіндіктерін айтып берді. Құл қайтып кетеді, Наушеруан әділдің сарайына келеді, патша қабылдап, «не істеп келдің, көрген-білгеніңді айта бер» дейді. Ол, Алланың жәрдемімен азық-түлік жайы дұрыс екендігін, апаттар болмағанын және жайлаулардың күйі жақсы екендігін, аң аулау аймақтары абат екендігін айтады. Патша «сен жақсы хабар алып келдің» деп, Аллаға мадақ айтады. Жұрт тарқайды. Сарайда бөтен кісі қалмайды. Сонда құл кемпір жайлы бар білгенін айтып береді. Патша сол күні қайғырып, уайымдап, ұйықтай алмады. Келесі күні үлкен хажибты (кеңесшісін) шақырып алып, «ертең ұлықтар сарайға келгенде, бәленше келсе егер, дәлізге отырғызып қой, сосын не істеу керек екендігін айтамын. Сонымен ұлықтар келгеннен кейін үлкен хажип солай жасады, Наушеруан айтқандай етіп жасады. Наушеруан кіріп келді де ұлықтарға айтты, «бір сөз сұрап көрейін сендерден, егер білетін болсаңдар шындығын айтасыңдар» деді. Олар «әрине, әміріңізге құлдық!» деді. Мына бәленше, Әзербайжанның әмірінің қолында қандай капитал бар, нақты ақша, алтыннан несі бар? деді. Олар айтты, «о да мың-мыңдаған динар бар, оған ақша қажет емес, өзінікі өзіне жеткілікті» деді. «Бес жүз мың динарлық алтын-күмістен мал-мүлкі бар, бағалы тастардан алты жүз мың динарлық заты бар, жылжымайтын мүліктерден Хорасанда, Иракта, Парста және Әзербайжанда әртүрлі аймақтарында сарайлары, керуенсарайлары бар, оған ешкім тиісе алмайды» деді. «Көліктер мен малдардан отыз мың жылқылары мен түйелері бар» деді. «Құлдардан мың жеті жүз қызметшісі бар, олар түрктерден, румдардан және этиопиялықтар» деді және «төрт жүз күңі бар» деді.
«Оның байлығы асып-тасыған, күн сайын жиырма түрлі тамақ жейді, тоқтының етінен, халуа, май және тәттілерден жейді, ол Құдайдың қарауындағы ерке құл» деді. Сонда патша: «егер ол біреудің екі қатты нанын тартып алса, өзін қаңғыртып жіберсе, оған не істеуге болады?» деді. Олар: «бұл жағдайда оны жазалау керек, қандай жамандық жасаған болса, соның жазасын тартуы керек» деді. Сонда Наушеруан: «мен қазір оның терісін тірілей сылып алуға және етін иттерге тастауға, терісіне сабан толтырып сарайдың алдына асып қоюға бұйрық беремін» деді «және жеті күн жаршы айқайлап тұрады, кімде-кім, зұлымдық жасаса, біреудің қойына, тауығына яки көкөнісіне тиіссе, соған біреу шағымданып келсе, соған осылай жасаймын деп айтқызамын» деді де солай жасатты. Сосын фаррашты шақырып, кемпірді алдыртты. Ұлықтарға кемпірді таныстырды, «бұл кісі жәбірленуші, жәбірлеген жазаланған кісі, Әзербайжанға жіберген құлым осы істі анықтап келді, сосын сендерге ұсынылды» деді. Сосын ұлықтарға: «мен саясатты ауадан алып шығарған жоқпын, бұдан былай азғындарға тек қылышпен жауап беремін, қой-ешкіні қасқырдан қорғайтын боламын, орынсыз ұзарған қолдарды қысқартамын, жер жүзін бұзықшылардан тазалаймын, әлемді әділдікпен суарып, абаттандырамын, мені сол үшін жаратқан, егер адамдар өз білгендерін жасайтын болса онда Жаратушы патшаларды ортаға шығармас еді және олардың басына қоймас еді, енді сендер тырысыңдар, осындай жөнсіз іс істемеңдер, жазаланған кісі сияқты жазаланып жүрмеңдер», – деді. Сол мәжіліске қатысқандардың барлығы Наушеруаннан қорқып қалды, зәрелері ұшты. Сосын кемпірге: «саған зұлымдық жасаған кісінің жазасын бердім және ана бауды сарайымен қоса саған сыйладым және мал, напақа бердім, енді аман-есен еліңе жетіп ал, бізге де жақсы-жақсы дұға-тілектер арнап жүр», – деді. Сосын: «әрине, не үшін сарайдың есігі қылмыскерлерге ашық болады да жәбірленушілерге жабық тұрады дегенмен жасақ және рағияттар екеуі де біздің қол астымыздағылар және қызметкерлеріміз. Рағияттар беруші, жасақтағылар алушы, ал сонда бейресми іс жасап, жұртты езсе және сондай қателіктің бірі бір жәбірленуші сарайға келгісі келгенде оны жолатпаса, менің алдыма кіре алмаса, өзінің арызын айта алмаса не болғаны сонда. Егер жәбірленушіге сарайға келуге жол ашық болғанда кемпір аң аулау аймағына бармас еді» деді де «бір шынжыр жасаңдар, оған қоңыраулар іліңдер, жеті жасар баланың қолы жететін болсын және кез келген жәбірленуші маған кіргісі келсе хажибты іздемей өзі тіке сол қоңырау арқылы шықсын, қоңырау шылдырлағанда Наушеруан оны естіп, оның арызын тыңдайтын болсын» деп бұйрық берді, солай да жасалды. Ұлықтар оның құзырынан айырылғаннан кейін, өздерінің сарайларына барып, қол астындағыларды жинап алды да осы екі жылдықта бізге тапсырылған жауапты қызметте жүргенде біреуден артық алым-салық алған болсақ, қанға былғаған болсақ, есірген кезде не ес бар кезде қинап қойған болсақ, сол істерге біздер және сіздер араласқан болсақ тездетіп жауларды жұбатуымыз керек, олар сарайға шықпай тұрып, үстімізден шағым түсірмей тұрып деді. Барлығы тарап кетті де жауласқан кісілерді әдемілеп қарсы алып, сарайларына кіргізіп, кешірім сұрап, ақша беріп риза қылып жіберетін болды. Сонымен қатар, кешірім хаттар жазылатын болды, бір-бірімен ешқандай дауы жоқ деп. Наушеруанның осындай бір саясатының арқасында мемлекеті тұтас түзелді, ұзарған қолдар қысқарды, бүкіл әлем бейбіт өмір кешетін болды, содан жеті жыл өткенше ешкім сарайға арыз-шағым айтып келмеді.
Хикаят. Жеті жарым жылдан кейін бір күні сарай бос болатын, жұрттың бәрі кетіп қалған. Кезекшілердің барлығы ұйықтап жатқанда қоңыраулар шалына бастайды. Оны Наушеруан естиді. Екі қызметшіні жібереді, «барып көріп келіңдер, қандай жәбірленуші келіп тұр» деп. Қызметшілер сыртқа шықса, бір есекті көреді, қартаң әрі арық екен, шынжырға сол сүйкеніп тұр екен. Наушеруан айтады, «сендер ойлағандай емес, жақсылап қараңдар, бұл есек жәбірленген, соны айтуға келген. Екеуің осы есекті алып базардың ортасына айдап апарыңдар да кімдікі екендігін табыңдар» дейді. Ол екі қызметші солай жасайды. Олар есекті базардың ортасына алып барады да халықтан сұрайды, жұрт «ол есекті танымайтын адам жоқ болар» дейді. «Ол бәленше деген газордікі (киім жуу қызметін көрсететін кісі). Біз жиырма жылдан бері соның жанында жүргенін, жұрттың киімдерін алып газорстанға таситынын, ол кезде жас еді, жем-шөбін беретін еді, енді қартайды, сондықтан оны босатып жіберді, үйінен шығарып тастады, бір жарым жылдай болды, бұл есек осылай дала кезіп жүретінін, сауап үшін жұрт шөп беретінін, екі күннен бері шөп табылмай қалғанын білеміз» деді. Қызметшілер мұны естігеннен кейін, мәселенің мән-жайын патшаға айтып келеді. Наушеруан айтады, «мен сендерге айттым ғой, бұл есек те шағымданып келген деп, бүгін осы есекті күтімге алыңдар, ертең газор мен махалладан төрт кісіні менің құзырыма алып келіңдер, қажетті шараны қолданамыз» дейді. Келесі күні қызметшілер солай жасайды, Наушеруан газорға айтады, «мына есек жас кезде сенің шаруаңа жарап тұрды, оған жем-шөп беретін едің, емдейтін едің, енді қартайғанда жұмысқа жарамай қалған, шөп бермейсің, олай болмайды, есек тірі жүргенше шөбіне қарасып тұрасың, егер орындамасаң тәртіпке шақырыласың» деді. Ия, білмек керек, патшалар әлсіздерді ойлайтын еді, қызметкерлерге ұқыпты қарайтын, осы дүниеде жақсы ат қалдыру үшін және ахиретте бақытты болу үшін әр үш жылда жұмысшылар мен мұқтилерді алмастырып тұру керек, олар тамырын тереңдетпеу үшін, өздеріне қорған салып алмау үшін, жүректерін бұзып алмау үшін, рағияттармен жақсы қарым-қатынаста болулары үшін, сол кезде уәлаяттар дамиды, ел көркейеді.
(Жалғасы. Басы өткен сандарда)
Парсы тілінен аударған:
Сайпулла МОЛЛАҚАНАҒАТҰЛЫ
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, «Х.Б.Табылдиев атындағы Каспий өңірінің тарихы, археологиясы және этнологиясы» ғылыми-зерттеу институтының Жазбаша және археологиялық ескерткіштерді зерделеу ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі
Пайдаланған әдебиеттер:
Саясатнама (парсы тілінде), Абу Али Хасан бин Али Хажа Низам ул-Мүлктің еңбегі, ол хижра 485/1092 жылы жазылды, 1891 жылы Парижде басылған Ш.Шефердің текстологиялық зерттеу нұсқасы бойынша, түсініктемелер және ескертпелер қосып, түзеп дайындаған Мұхаммед Қазуини, қайта түзеп, қосымшалар және алғы сөзбен жариялаған Мұртаза Мударриси Чахардехи, Заууар баспасы, Тегеран-Шахабад, екінші басылым, Тегеран 1344/1965 ж., Тегеран Мусаууир баспасы, 295-бет.
1890 рет
көрсетілді0
пікір