- Заманхат
- 28 Мамыр, 2024
Құндылығын жоймаған кітап
Әлемдік классиканың үздігі саналатын анималистік жанрдың шебері, ағылшын жазушысы Джордж Оруэллдің «Мал қора» романы 1944 жылы жарық көрсе де, әлі күнге дейін өзектілігін жоймаған, әлемнің көптеген тілдеріне аударылып келе жатқан танымал туынды. Джордж Оруэлл – пародия жазудың шебері. Кітапты сол кездегі кеңес үкіметіне жазылған сатиралық пародия деп те атауға болады. Жазушы мемлекетті, үкіметті жануарлар өмірі мысалында ала отырып, қоғамдағы әлеуметтік, саяси, экономикалық мәселелерді меңзейді.
Осы әлемдік бестселлер қазақ тілінде «Мазмұндама» қоғамдық қоры арқылы қазақ оқырманына жетіп отыр. Қазақ тіліне ағылшын тілінен аударған аудармашы Сәкен Солтанаев. Аударманың тілге жеңіл, көркемдік жағы көңіл қуантарлық.
Шығарма «Жерұйық» фермасының қожайыны мистер Джонс ұйқыға кеткеннен кейін, қора ішінде дүрбелең басталып, жануарлар ақ қабан Майордың шақыруымен қасына жиналады. Қабан түнде түс көргенін, өмірінің санаулы күндері қалғанын айта келе: «Мен ұзақ өмір сүрдім, қорамда жатып көп ойландым, толғандым... Дүниеге келісімен, біз қара терге малынып жұмыс істейміз, шыбын жанымыз шырылдап, жартылай аштықта өмір сүреміз. Қажетке жарамай қалған кезде айуандықпен азаптап, өлімге қияды. Адамдардан құтылатын болсақ қана, біздің еңбегіміздің жемісі өзімізге тиесілі болар еді...» деген ойын жеткізеді. Қабанның азаттықты аңсаған жалынды сөздері қорадағы малдарға ой салды. Кедейлік, шамадан тыс жұмыс, мезгілсіз өлім, мұның бәрі адам күшінің салдары екенін тәптіштей түсіндірілді.
Көп ұзамай майор қабан қайтыс болды. Оның өсиетіне сәйкес, жануарлар адамдармен жер асты күресін бастады. Көтеріліс малдарға тамақ беруді ұмытып кеткен кезде кездейсоқ болды. Аш жануарлар қоршауларды бұзып, тамаққа қарай ұмтылды. Мұны көрген Мистер Джонс пен оның көмекшілері оларды қамшымен ұра бастады, бірақ жануарлар зорлық-зомбылыққа табанды түрде қарсы тұрды. Қорыққан жұмысшы адамдар фермадан қашып кетті.
Шығармада автор әрбір жануардың мінез-құлқын, тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпын сипаттайды. Анималистік шығармалардағы жануарлар оқиғаның бақылаушысы да, белсенді қатысушылары да бола алады деген қағидаға сүйенсек, бұл шығармадағы үй жануарлары өте белсенді сипатталады. Бастапқыда олардың барлығы тең және теңдік идеясына сенеді.
Шаруа қожалығында адамның ізі қалмағанына көз жеткізген малдар «Жеті өсиет» деп аталатын шағын заң шығарды.
1.Екі аяқпен жүрген – жау.
2.Төрт аяқпен жүргендер мен қанаттылардың бәрі дос.
3.Жануарға киім киюге болмайды.
4.Жануар төсекте ұйықтамасын.
5.Жануар ішімдік ішпесін.
6.Мал басқа жануарды өлтірмесін.
7.Барлық жануарлар тең.
Жануарлар адам сияқты жұмыс істеуге дағдыланып, «жаз бойы ферма сағат механизміндей жұмыс істеді». Олар өмірлерінің күрт өзгергеніне шын таңғалды, енді олар жақсы тамақтанып, көбірек демалуға кірісті. Жануарлар оқуды және жазуды үйрене бастады, бірақ бұл мүмкіндік бәріне берілмеді.
Жексенбі күндері жануарлар жиналыс өткізді, онда жас қабандар Наполеон мен Коллапс өздерін айқын көшбасшы ретінде көрсетті. Көп ұзамай шошқалар штаб, әртүрлі комитеттер құра бастады. Қоғамда жаңа өзгерістер басталғанымен, басқару ісі бірте-бірте диктатураға айналғанын жазушы астарлай, шым-шытырық оқиғалармен келтіреді. Мәселен, қорада сүт пен алма, тауық жұмыртқалары жоғала бастады, көп өнімдер шошқаға берілетін болып шықты. Жануарлар бастапқыда ашуланды, бірақ шошқалар «білім қызметкерлері» екенін және «Animal Farm» бақытты болашағы үшін жақсы тамақтану керек екенін түсіндірді, әйтпесе Джонс мырза қайтып келуі мүмкін. Нәтижесінде жануарлар оларға ең жақсы өнімдерді беруге келісті.
Көп ұзамай бүкіл ел дерлік жануарлар фермасындағы өзгерістер туралы білді. Бірте-бірте диктатор шошқалар екі аяқпен жүре бастады, жеті заңды өз ыңғайларына қарай өзгертіп отырды. Негізгі өсиеттердің бірі «Екі аяқпен жүрген – жау» заңы «Төрт аяқ жақсы, екеуі де жақсы!» болып өзгерді.
Шығарманың бас кейіпкері Наполеон – белсенді қабан. Төңкерістен кейін ол шексіз билікке ие болып, қарсылық білдіргендерді қуғын-сүргінге ұшыратып отырды. Ол реформалар жүргізеді, жарлықтар қабылдайды.
Шошқалар адам киімін киіп, түтікті түтіндетіп, телефон орнатып, газетке жазыла бастады. Көп ұзамай олар адамдармен емін-еркін араласып, оларға жануарлар фермасының жетістіктерін көрсетіп отырды. Наполеон адамдарды шақыратын кештер ұйымдастыра бастады. Солардың бірінде ол жануарлар фермасы «Гостиный двор» деп өзгертілгенін салтанатты түрде жариялады.
Оруэлл мемлекеттегі жаңа қоғамды қалыптастыру схемасын сипаттады. Қоғам өмірін жаңартудың қиындығы неде? Ашкөздік, жемқорлық түптің түбінде мемлекетті күйреуге әкелетінін жануарлардың образымен бейнеледі. Басшы шошқалар өздерін басқа жануарлардан тым биік ұстады. Олар өздері үшін «Жануар төсекте ұйықтамасын» заңын алып тастап, қожайынның үйіне көшті. Сонымен қатар автор шығармада жануарлардың қажырлы еңбегін жел диірменді тұрғызудағы қиындықтарын бейнелеумен де көрсетеді. Күзде қатты дауыл басталып, жануарлар фермасына қатты зақым келтірді, бірақ ең сорақысы жел диірменнің қирағаны. Наполеон мұны диверсия деп атады. Қаһарлы аязға қарамастан «жануарлар жел диірменін қалпына келтіруге күш-жігерін аямады». Қиын заман келді. Қаңтардың өзінде астық таусылып, картоп аязда қалып, малдарға аштық қаупі төнді. Наполеон көршілері жануарлар фермасындағы қиын жағдайды білмеуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Әрине, қай кезде де төменгі тап кінәлі болып шығады. Қарапайым жануарлар жасамаған қылмыстарын еріксіз мойындап, өлім жазасына кесілді. «Мал басқа жануарды өлтірмесін» заңы да жойылды.
Наполеонның жеке басына табыну шегіне жетті. Шошқалар оған жағатын жаңа атаулар ойлап тауып, бір-бірінен асып түсуге тырысты.
Наполеон сыртқа жануарлардың өнімдерін сата бастады. Жануарлар үнемі тамақтанбады, ал шошқалар семірді. Наполеонның қасында жүрген иттер мен шошқалар бақытты өмір сүріп, жыл өткен сайын байыды.
Жануарлар фермасының хикаясы адамдармен достық қарым-қатынас орнатумен аяқталады. Бастапқыда екі аяқпен жүре бастайтын «жануарға киім киюге болмайды» заңы да алынып, шошқалар адам киімін киді. Тұмсығымен адамның бет-әлпетіне ұқсайтын шошқалар оларға толықтай сіңісіп кетті. «Жануар ішімдік ішпесін» заңы да жойылып, қабандар адамдармен шарап ішуді үйренді. Олардың шарап ішіп отырған сәттеріне қарап отырған, қорадағы жануарлардың таңғалысын жазушы: «Сыртта қалғандар шошқадан адамдарға, адамдардан шошқаларға қарап, екеуінің де бетіне қайта-қайта қарады, бірақ енді кім екенін анықтау мүмкін болмады» деп суреттейді.
Жеті өсиеттің орнына біреуі қалды – «Барлық жануарлар тең» заңы «Барлық жануарлар тең. Бірақ кейбір жануарлар басқаларға қарағанда тең болады» деп жазылды. Алғашында ұйымшылдықпен азаттыққа қол жеткізіп, ішкі тәртіпті реттестіріп, өз заңдарын қуана қабылдаған қора малдары іштерінен шыққан диктаторлардың заңды өз ыңғайларына бейімдеп, кейін біржола жоғалтатынын білмеді. Шығармадан тоталитарлық режимнің көрінісі анық байқалады. Сарказмға толы «Мал қора» тоталитарлық қоғамның символы деген пікірлер де назар аударарлық. Жазушы А.Бартов «1917 жылғы революцияға және Ресейдегі кейінгі оқиғаларға аллегория» десе, он тараудан тұратын кітап 1917 жылдан 1944 жылға дейін Ресейде болған нақты тарихи оқиғаларға негізделген классикалық утопия болды деп көрсеткендер де болды.
Бұл туындының қазақ тіліндегі аудармасы да бір деммен тез оқылады. Аудармашының қазақ танымындағы түсініктерді оңтайлы қолданғанының бір көрінісі – жалқы есімдерді пайдалануынан көрінеді. Мәселен, түпнұсқада Boxer – ол шаруа жылқысы, қарапайым халықтың образды түрі. Оны аудармашы – Көнтері деп атаған. Расымен барлық ауыртпашылықты үнсіз мойнына алып сүйрейтін, ақыры ыңыршағы шығып, көтерем болып өлетін байқұс, нағыз қара жұмыстың иесін Көнтері дегені ұтымды шыққан. Есек Бенджамин – сол кездегі басын көтерсе қуғынға ұшырайтынын білетін, нейтралдық позицияны ұстанатын, арасында ғана бір сөз айтып қойып тыныш жатқан интеллигенция, кәрі Майор – революция көсемі, құзғын Моисей – діндарларды меңзейтін атау, ал шошқа Наполеон – басшының типтік образы. Оны аудармашы – Малбасы деп те құрметтейді. Ең мықты ашылған Squealer, орыс аудармаларында оны Шәңкілдек, Іскер, Сөз тасушы т.б. деп атаған. Ал Сәкен Солтанаев аудармасында – бұл Сұрқылтай деп алынған. Расымен, қазақ танымында «Әр ханның тұсында бір сұрқылтай» дейтіні бар. Ол басшының қасында шаш ал десе, бас алып, басшының істеген сұмдықтарын жауып-жасырып жүретін нағыз шолақ белсенді. Келесі кейіпкер Snowball – ағылшын тілінен тікелей аударғанда қар дөңгелегі, яғни қар секілді аппақ әрі семіз. Аудармашы оны Ақтомпақ деп алған. Ақтомпақ шошқа – кез келген диктатормен басында істі бірге бастап, аяғы қуғынға ұшырайтын серіктестің кейпі. Әрине, персонаж есімдері қазақ халқының мал шаруашылығына, қоғамдық құрылысына, танымына деген өзіндік көзқарасын ескере отырып, кейіпкердің мінез-құлқын ашатындай түпнұсқаға сай келетін баламасы таңдап алынғаны көрініп тұр. Аудармашының саяси сатиралық шығарма жанрын ескеріп, «сөйлейтін есімдер» тәсілін ұтымды қолдануы сәтті шыққан.
Қазақ тілді оқырман бұл сексен жылдай бұрын жазылған шығарманы оқи отырып, ол жерден біздің заманымызда болып жатқан соншалықты таныс жағдайлар мен өздері көріп жүрген кейіпкерлерді де кезіктіріп, еріксіз бас шайқап, таңғалатын болар. Қалай болғанда да, бұл кітап кез келген елдегі саяси режимнің келбетін шынайы көрсететін туынды. Мұндай сүбелі туындыны өз деңгейінде көрсете алу – аудармашының тілді қолданудағы шеберлігін байқатады.
Аударманың тағы бір ұтымды тұсы деп түпнұсқадағы комедиялық, күлкілі эпизодтарды қазақ тілінде де комизмді сақтап аударуын айтуға болады. Жылдар қойнауында шаң басып қалмай, әсіресе бүгінгі күні өз құндылығын жоймай, жарқырай көрінетін бұл кітапты өзі өмір сүретін қоғамға биіктен бір көз тастап, бағамдау үшін әр қазақ оқып шығуы тиіс екені анық.
Лаура ДӘУРЕНБЕКОВА,
А.Құсайынов атындағы
Еуразия гуманитарлық
институтының доценті
3594 рет
көрсетілді0
пікір