- Ел мұраты
- 28 Мамыр, 2024
Бүгінгі әйел болмысы
Факия Шамшиденова,
Алматы технологиялық университетінің қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты
(Ендігүл Назарова еңбектерінің мысалында)
Қазіргі қазақ қоғамында көптеген жағымды және жағымсыз өзгерістер болып жатқаны белгілі. Әлеуметтік институттардың қайта құрылу үдерістері, қоғамдық құндылықтар мен өмір салты да ауысуда. Дегенмен де ұлттық құндылықтардың жандануына атсалысып жатқан қазақ зиялылары аз емес.
Отбасы институты басқа әлеуметтік құрылымдар аясында да, ішкі жағынан да өзін жеке қорғап қалды деп санаймыз. Қазіргі кезде неке-отбасылық қатынастардың ғасырлар бойы жасалған моделі жалпы әлеуметтік жүйемен қатар түбегейлі өзгеріп жатқанын байқаймыз. Әлемдегі дәстүрлердің әртүрлі болуы, дүниені қабылдау және діни ұстанымдағы ерекшеліктер, отбасындағы әйелдердің рөлі туралы әдеттегі түсініктер көптеген мәдениет пен ұлт өкілдерінің санасын өзгертті.
Қазіргі әлемде әйелдердің жағдайы қандай? Оның отбасы мен жұмыстағы, қоғамдағы орны қандай? Осындай мәселелер Ендігүл Көшерқызының ғылыми-публицистикалық еңбектерінде кеңінен сипатталған. ХХІ ғасыр басындағы әйел адам барлық жағынан тәуелсіз: ол өз өмірін өзі жоспарлайды, жоғары оқу орнында білім алады, еңбекке белсенді араласады, ер адамға қатысты өзіндік ой-пікірі бар, өзі таңдау жасайды, азаматтық некеде де болады немесе жеке өзі өмір сүреді, өзіне сенімді болып, баланы да дүниеге әкеледі. Жеке тұлға ретінде өзінің мүмкіндіктері мен қабілетін пайдаланып, дамытып, қоғамда ер адаммен үзеңгілес болып, жоғары мәртебеге ие болып жатқаны белгілі.
Әйелдердің қазіргі қоғамдағы рөліне талдау жасай отырып, ғалым Ендігүл Назарова отбасының ұйытқысы болып саналатын әйел адам бүгінгі күні қаржылық тәуелсіздікке бет бұрғанын көрсетеді. Отбасының кең тараған моделі бойынша, жұбайлардың екеуі де бірінші орынға мансапты, содан кейін отбасын («екі мансапты» неке) қояды. Отбасының материалдық игілігі басты құндылыққа айналды, ал балалар екінші жоспарда тұрады. Көптеген әйелдер өздеріне жаңа рөлді өз еркімен енгізіп, жалдамалы еңбек пен бизнес саласындағы өзгерістер ықпал етіп жатқанын көрсетеді.
Бұрын ер адамдар болған салаларды әйелдер алуға тырысты, сондықтан ер адамдар оларға риза болмай, әйелдердің теңдік үшін күрестеріне қарсы шықты. Сол саланы игеріп алған ер адамдардың мәртебесі әлі күнге дейін жоғары екені белгілі. Бір ғана жынысқа мән беру тәжірибесі гендерлік кемсітушілік деген атқа ие болды. Гендерлік кемсітушілікке арналған ғылыми әдебиеттерде әйелдер жұмысқа орналасқанда да, олардың еңбекақысын ер адамдармен салыстырғанда қалай төленетінін де зерделенеді. Әдетте, кемсітушілік әйелдерге қатысты алдын ала жағымсыз пікірлер айтқанда (ер адамдармен бірдей жұмыс істей алмайды) және қосымша шығын жасамауға талпынғанда пайда болады.
Кеңес одағы тұсында әйелдерді экономиканың салаларында біркелкі бөлген жоқ. Әйелдер, көбінесе, білім саласында, әсіресе, мектепте немесе медицина саласында істеді, ал ол салаларда қаржыландыру төмен болды. Қазіргі таңда мұғалімдердің 88%-ы әйелдер екен. Психологиялық тұрғыдан алғанда, мектеп педагогтары арасындағы мұндай жыныстық диспропорцияны балалар қоғамның гендерлік моделі ретінде дұрыс қабылдай алмайды деп санаймыз.
Қазақстанда бұл мәселе тұрғындардың құрылымында толық емес отбасылар саны көп екені, әсіресе аналық форматта (ана + балалар) көп кездесетіні байқалады, яғни отбасылық қатынастың дәстүрлі құрылымы бұзылған және бала тәрбиесіне ер адамдардың араласуы тапшы екені байқалады.
Е.К.Назарованың өз отбасы көп балалы, толыққанды отбасына жатқандықтан, ғалымды қоғамдағы мұндай құбылыстар толғандырады. Оның әлеуметтік желіде бақытты адамның жеті құпиясын көрсеткені құптарлық ақиқат:
1.Басқалар мен туралы не ойлайды деп уайымдамау (бұл бостандық құпиясы)
2.Ойыңызға келген ой, ол алдағы уақытта міндетті түрде жүзеге асады. Сол үшін тек жақсы ой ойлаңыз! (Бұл шындық құпиясы).
3.Өзіңізді, денеңізді, болмысыңызды жақсы көріңіз және қабылдаңыз (бұл сұлулық құпиясы).
4.Өзіңізді басқамен салыстырмаңыз және өзгені сынамаңыз (бұл достық сыры).
5.Бәріне сүйіспеншілік танытыңыз және сүйікті болуға өзіңізге рұқсат беріңіз (бұл махаббат сыры).
6.Алдымен беріп, сосын алуды үйреніңіз (бұл байлық құпиясы).
7.Басқалардың ойымен емес, өзіңдікімен жүр, айналаны сүй, балаша қуан, ештеңеге қарама (бұл бақыт құпиясы) [1].
Әрине, әркімнің тағдыры өз алдына бөлек мәселе екені де белгілі. Ендігүл Көшерқызы ғылыми-педагогикалық еңбектерімен қатар, қазақ радиосында өткен жылдары үнемі және тұрақты түрде жүргізіліп отырған «Гендер жене біз» хабарына сарапшы маман ретінде бірнеше рет шақырылып, «Гендерлік теңдік», «Жарнамадағы әйел және еркек бейнесі», «Гендер және саясат», «Гендер және тіл», «Ислам және гендерлік мәселелер» тақырыптарын радио арқылы ашық әуе толқынында көпшілікпен бірге талдап, тікелей эфирде телефон сауалдарына жауап беріп, жалпы Қазақстандағы гендерлік саясатты зерттеуге, түсіндіруге үлес қосты.
Қазіргі кезде жұмыс табу да оңай емес. Дүниежүзілік қауымдастық жаһандық дағдарыстан шығу үшін керемет күш жұмсап жатқан жоқ, өйткені 200 миллионға жуық адам, оның 75 миллионы 25 жастан төмен, жұмыссыз күн кешуде [2]. Көп адам, әсіресе, әйелдерге, еңбек нарығына қол жеткізу қиын. Азаматтық қоғамның даму үдерісі қоғамда еркек пен әйелдің рөлі өзгеріп жатқанын, шешім қабылдауда әйелдер алда екенін, гендерлік теңдік жан-жақты қорғалып жатқаны, оның этно-әлеуметтік-мәдени аспектілері есепке алынып жатқанын байқаймыз. Гендерлік рөлдердің бөлінуіндегі алға жылжу ер адамның отбасы өміріне қатысуын белсенді етуге ықпалын тигізуде. Қоғамда ер адам тек ақша табу керек деген түсінік болмауы керек. Ер адам өзінің «мен», «өзім» дегенінен бас тартпай-ақ, үй ішіндегілерге деген жауапкершілікті ала білуі керек, осы жағынан үлгілі болғаны жөн. Бұл өзгерістер әйелдердің жағдайына да, міндеттерді қайта бөлуге де қатысты. Әйел дәстүрлі рөлден босау арқылы ер адамды да босатады.
Негізінде, өмірге келген әрбір адамның міндеті – өмірді босқа өткізбей, өзінің бойындағы жаратушы берген бар мүмкіндігін пайдаланып, жеткен жетістіктерінен ләззат алып, жаңа мақсаттарына талпына жүріп өмір сүру, табандылық пен тапқырлық танытып, тәуекелшілдікпен табысты болу. Өзінің айналасына, отбасына, өзі өмір сүріп отырған ортасына, еліне, халқына пайдасын тигізіп, бақытты да бай-қуатты, әрдайым жеңімпаз болу. Осы міндетімізді толық іске асыруда түсінуіміз керек нәрсе – өмірде бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын төрт сфера бар делік: олар – денсаулық, қарым-қатынас, рухани даму, қаржылай байлық, яғни қазақы қарапайым тілмен айтсақ, осы төрт құбыламызды теңдей дамыта білсек – жетістікке жетіп, бай да бақытты ғұмыр кешетініміз анық. Сондай-ақ, қазіргі кезде жиі байқалатын жайт, өмірдің кейбір саласында, мысалы, бизнесте жолы болған адамдар денсаулық, рухани байлық, қарым-қатынаста керемет нәтиже көрсете алмайды.
Ендігүл Көшерқызы жолдасы Маратпен бірге бизнес, қаржы туралы сауатын жетілдіріп, тіпті атақты тәлімгер Бодо Шефермен бес рет кездесіп, білім алған [3, 101-б.]. Оның бірнеше кітабын оқып, талай талдаған. Олардың отбасында бұл еңбектер қаржыны әрі уақытты басқаруға арналған негізгі оқулыққа айналды, ал оның семинарлары көптеген елдерде сәтті өткені белгілі. Дегенмен, көптеген адам әлемге әйгілі дәрежеге жетуден бұрын оның қарызға батып, ақшаға мұқтаж болғанын біле бермейді, яғни үлкен қарызы Бодо Шефердің қаржылай сауаттылыққа деген махаббатын оятқан. Бодо Шефер 30 жасында-ақ өз капиталынан түскен процентке өмір сүре алатын деңгейге жеткенін Е.Назарова өз дәрістерінде мысал келтіріп, терең түсіндіреді. Осы негізде қызы Ардақпен бірге жазған кітабы сәтті шыққан [3].
Е.Назарованың таңғы несібе туралы айтқан пайымдамалары қазақ халқының құндылықтарынан шыққанын көрсетеді. «Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деген халқымыздың мақалы соны дәлелдейді. Аристотельдің «Таң атпай оянған қандай ғажап?! Өйткені мұндай дағды адамды дәулетке және даналыққа жетелейді» деген сөздеріне мән берсек, өзіміздің төрт құбыламызды тез әрі жылдам дамыту мүмкіндігіне ие болатынымызды түсіну оңай болды деген тұжырым жасайды [3, 164 б.]. XIX ғасырда өмір сүрген Майлықожа жырау: «Жаман тоймас мал десе, Диқан тоймас жер десе, Ер тілеуін береді, Ертеден тұрып ерлесе», – деп, ерте тұрудың нығметі жайлы айтқан. Сонымен қатар, «Таңғы сауда – сауда, түскі сауда – қауға» деген атам қазақтың даналық сөзі бар. Бұл ұғым бір жағынан ерте тұрып жасалған сауданың берекелі болатынын жеткізсе, екінші жағынан адамның ең үлкен базары – оның өмірі екенін меңзейді.
Шығармашылықпен айналысқан адамдар өз туындыларын көбінесе ерте тұрып жазған. Мысалы, Ахат Құдайбердиев өзінің әкесі Шәкәрім жайлы «Жұлдыз» журналының 1992 жылғы №11 санында жарық көрген естелігінде «Әкей жарықтық басты-басты терең ойлы шығармаларын таңертең ерте тұрып, ғаламға арайлы таң шапағы шашылған тұста жазатын», – деп еске алған.
Ендігүл Көшерқызы «Таңғы несібе» бағдарламасы туралы адамдарға айтып, олардың да өмірінің өзгеруіне себепші болып келеді. Қарапайым өмірді таңдау арқылы сіз бен біз өмір бойы қиындықтармен, түрлі мәселемен күресіп өмір сүретін боламыз. Күн сайын көптеген адам азға көнеді және өмірінің әр саласында – физикалық, психологиялық, эмоциялық тұрғыда болсын, адамдармен қарым-қатынас жасауда болсын, өмір бойы күресіп өтеді. Көпшілік адам таңертең оянған кезде барынша армандарына, мол табысқа, бақытқа, махаббатқа, мықты денсаулыққа қол жеткізуді қалайды.
Әрине, қазіргі қоғамда әйел мен еркек теңесіп, басшылықты да, қатардағы жұмысты да істеп жатқаны мәлім. Ер адамдар ортасына түскен әйелдер мәртебе және билік үшін жарысқа түседі, сөйтіп өздеріне тән коммуникацияны жоғалтады. Осылайша, «қос хабарламаны» аламыз, оны ағылшын әдебиеттерінде «The double bind» деп атайды [4, 6-б.]. Бір жағынан, әйел білім деңгейінің, ой өрісінің, құзырының жоғары екенін көрсете білу керек, сонда ер адамдардың әлемінде өз бағасын алады. Алайда, көбінесе ондай дәрежеде бола алмайды, сондықтан айтарлықтай ықпал ете алмайды.
Әйел адам жарысқа түскенде оның мінез-құлқы ер адамның моделіне ұқсап кетеді, яғни агрессивті, жарысқа түскіш, бірақ бұл оған үнемі тиімді бола бермейді. Сондықтан өзіне берілген мінез-құлықпен және өзінің амбициясы арасында тепе-теңдік ұстауы керек. Ер адамдарда да коммуникация моделінде қиындықтар байқалады. Олар осыған қатысты тренингтер мен семинарларға қатысып жатады.
Орташа статистикалық отбасындағы әйелдерге қосымша табыс қажет, сондықтан олар міндетті түрде жұмыс істеуге тиіс. Дағдарыс жағдайында қызметкер, әйел, ана ретіндегі рөлдік қақтығыс тез шиеленіседі. Жұмыссыздық жағдайында немесе жұмыс істемегенде жалпы отбасылық кіріс айтарлықтай азаяды. Оның қоғамдық өндірістегі толық жұмысы жұбайлық қатынастағы қанағаттануын төмендететін факторға айналады, туу азаяды және ажырасу қаупі көбейеді.
Рөлдік иерархияға талдау жасағанда (эмоционалды, когнитивтік, мінез-құлық) барлық еңбекші әйелдер үшін жалпы тенденцияны көрсетті: бір жағынан, рөлдік құндылықтар арасы, екінші жағынан, мінез-құлықтағы рөлдер арасында алшақтық болды. Қандай да бір рөлдерді жақтай отырып, әйелдер оны соңында орындауға мәжбүр болды. Бұл «рөлдік екіжақтылық» сезімін тудырады, өйткені әйелде ол үшін ең маңызды рөлдерді орындау үшін физикалық және моральдық ресурстар жетіспейді. Жұмыс істейтін әйелдердің рөлдік қақтығысты сезінуінің негізгі себептерінің бірі олардың мінез-құлқындағы ананың рөлін түсінудің мүмкін еместігі болып табылады, бұл әйелдің когнитивтік және эмоционалды рөлдік иерархиясындағы осы рөлдің орнына сәйкес келеді. Сенімділік те мұндай істе өте қажет.
«Негізінде, жалпы адамдардың өзіне деген сенімсіздігі қайдан пайда болатынын білесіз бе? Осыған мысал, «бұл менің қолымнан келмейді, туа біткен мінез өзгермейді, бастаған нәрсем аяқсыз қалып кетеді, мұндайға уақытым жетпейді...» деген сияқты негатив ойлар санаңды билеп тұрса, міндетті түрде адам баласы өзіне деген сенімін жоғалтады. Ары қарай ол жетістікке жеткен адамдарға керемет талант иесі сияқты немесе жолы болғыш ерекше тұлға ретінде қарай бастайды. Дәл осындай күйдегі адам өзін-өзі жіпсіз байлап отырғанын түсінсе ғой...», – деген Е.Назарованың пікірі кез келген істе сенімді болу қажеттігін көрсетеді.
Әйелдердің басым көпшілігі отбасындағы теңдікке, ерлі-зайыптылар арасындағы жауапкершілікті үйлесімді бөлуге ұмтылады. Ата-ана ретінде ерлі-зайыптының екеуі де жұмыс істейтін отбасы моделі заманауи шындыққа сай барған сайын тартымды болады. Ескі, патриархалды отбасының әлі де стереотиптері бар, бірақ, шын мәнінде, ол қоғамдағы өзінің берік орнын әлсіретіп алды. Дәстүрлі отбасы үлгісін ауыстыру, онда әке асыраушы, ана – үй шаруасындағы әйел болғанда отбасының басқа үлгісі келеді де, олар серіктестік пен теңдікті насихаттайды. Осындай мағынадағы пікірлер, сұхбат алаңындағы диалогтар Е.Назарованың еңбектерінде жеткілікті және олар бұқаралық ақпарат құралдарына да шыққан.
Қазіргі жаһандану және жаңа цифрлық технологиялар кезеңінде адам дамуының басты өлшемі оның жыныстық, нәсілдік немесе этностық белгілері емес, кәсіби құзыреті, жауапкершілігі мен шығармашылық әлеуеті болуы керек. Дамудың стратегиялық міндеттерін жүзеге асыруда әйелдердің елдегі экономикалық және саяси өмірге жан-жақты және белсенді қатысуының маңызы зор екені белгілі. Е. Назарованың «Әйелдердің саясатқа араласуы – саяси тұрақтылық кепілі» атты мақаласында осы ойды қозғаумен қатар, әйелдер жүрген жерде ұқыптылық, тәртіп болатынын болатынын шынайы дәйектейді [5].
Қорыта айтқанда, ХХІ ғасырда әйел отбасын да, жұмыста да рационалды түрде бірдей ұстау керек екенін түсінеді. Жеке мәселені шешуге де, демалуға да уақыт табу керек екенін біледі және жеке шаруаның қызметте өрлеуіне еш ықпал етпеуі керек деп санайды. Іскер белсенділік жетістікке жеткізеді. Қазіргі кезде әйелдер мықты болуы қажет, өзінің әйелдік даналығын сақтап, бәрін үйлесімді ұстауы керек, сонда өзі игеретін барлық салада рахатқа бөленетін болады.
Қазіргі қоғамда әйелдер рөліндегі түбегейлі өзгерістерді Е. Назарова өзінің еңбектерінде, сұхбаттарында жан-жақты көрсете білген. Өзі де білімін үнемі жетілдіріп, бәсекеге қабілетті екенін жүрген жерінде дәлелдеп келеді.
Пайдаланған әдебиеттер:
1.Назарова Е.К. Бақытты адамның жеті құпиясы // https://www. instagram.com/yendigulnazarova/p/Cvwt-K6N7ue/
2.Blossfeld H.-P., Drobnic S. Careers of couples in contemporary society: from male breadwinner to dual-earner families. – Oxford, 2001.
3.Ахметова А., Назарова Е. Жетістіктің жемісі. – Алматы, 2023. – 230 б.
4.Barret M., Davidson M.J. Gender and communication at work. – Aldershot, 2006. – 206 P.
5.Найзағараева Е.К. Әйелдердің саясатқа араласуы – саяси тұрақтылық кепілі // Саясат. – 5 мамыр. – 2002.
5928 рет
көрсетілді0
пікір