• Заманхат
  • 28 Мамыр, 2024

«БӨКЕЙ ОРДАСЫ» ТАРИХИ МУЗЕЙ КЕШЕНІ

Ағжан АМАНҒАЛИЕВА,

«Теректі колледжінің» оқытушысы, Батыс Қазақстан облысы 

Қазақ даласы тарихи оқиғалар мен тұлғаларға өте бай. Соның ішінде XIX ғасырда өмір сүрген, қазақ даласының жан-жақты дамуында маңызды рөл атқарған Жәңгір ханның орны ерекше. Жәңгір хан билік құрған тұста Бөкей ордасының даңқы артып, алыс-жақын шетел зерттеушілерінің қызығушылығын оятты, назарын аударды. 
Еліміздің ең шалғай аймағы Орда ауылына барсаңыз ондағы ескі үйлер, көне ғимараттар ХІХ ғасырдың жәдігеріндей. Кең байтақ Қазақстандағы өткені бай, шежірелі мекеннің бірі – Бөкей ордасы ауданындағы Хан ордасы ауылы. Ауылдың кереметі саналатын Бөкей Ордасы тарихи музей кешеніндегі ғимараттардың әрбірінің тарихы бар. Туған жер тарихын түгендеп, ел шежіресін бүтіндеуде бұл музейдің маңызы зор. 
Бөкей ордасы тарихи-музей кешені 1962 жылы 15 желтоқсанда Қазан төңкерісінің 45 жылдығына орай қоғамдық негізде ашылған Орда тарихи-революциялық музейінен бастау алады. Музейдің ұйымдастырушысы – өлкетанушы Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, азамат соғысын бастан кешкен Ленин орденді ұстаз Ахметфайыз Тажетдинов. Музей бастапқы кезде Орда тарихи-революциялық музейі деп аталып, Қазақстан бойынша сол кезеңдегі мұндай саладағы ең алғашқы музей болды. Әуелі небәрі 55 экспонатпен ашылған мекеме кейін мемлекет қамқорлығына өтіп, іргелі орынға айналды. Сегіз жыл музейге Шарап Сиранов басшылық етсе, 1978 жылдан тізгінін қолына алған Темірболат Мақымов өмірінің соңғы күндеріне дейін музейді көркейту жолында тыным таппай еңбек етті. 
Ұзақ жылғы жұмыстар нәтижесінде кезінде құм басқан Хан ордасының оң қанаты түпнұсқа күйінде сақталған. Ал орталық бөлігі мен сол қанаты тәуелсіз Қазақстан кезінде, мемлекет тарапынан арнайы бөлінген қаржыға қалпына келтірілген. Бүгінде Бөкей ордасы тарихи-музей кешеннің құрамында 1828 жылы салынған Хан сарайы, ХІХ ғасырда салынған дәрігер А.А.Сергачев тұрған үй, 1835 жылы салынған Хан мешітінің жобасы негізінде қайта салынған мешіт ғимараты, 1867 жылы ашылған Казначейство мекемесінің ғимараты, 1868 жылғы Тарғын мектебі, 1883 жылы ашылған Қыздар училищесі ғимараты, ХІХ ғасырдағы мектеп қалашығының бес үйі, 1852 жылы ашылған аурухананың екі ғимараты және ауылдан төрт шақырым жерде орналасқан Жәңгір хан Бөкейұлы, күйші Дәулеткерей Шығайұлы және этнограф, ғалым Мұхамед-Салық Бабажанов кесенелері құрайтын Пантеон бар. 2000 жылы Орда ауданы Бөкей ордасы ауданы болып қайта аталды. Яғни, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Бөкей хан ресми түрде мойындалды. 
Қазақтың тұңғыш баспаханасы осы Хан ордасында ірге көтергені белгілі. Қазіргі облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің алғашқы саны осында басылды. Баспахана ғимараты күні бүгінге дейін сақталған, дегенмен оны қалпына келтіруден гөрі көшірмесі ретінде жаңасын салу әлдеқайда тиімді болған. Осы мақсатта «Мәдени мұра» бағдарламасына сәйкес 18 млн теңге бөлініп, игерілген. Қазір ғимаратта бұрынғы баспа, қағаз кесу, әріп теру машиналары қойылған, енді басқа жәдігерлермен толықтырып, баспахана музейін ашу ғана қалып тұр. Сөйтіп төрт музейден тұратын кешенге тағы біреуі қосылмақ. Сондай-ақ жаңадан ауылдық емдеу орны салынуына байланысты 1852 жылы ірге көтерген бұрынғы ғимараттар негізінде аурухана музейін жасақтау қолға алынбақшы. Болашақта мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан орталық атқару комитетінің тұңғыш төрағасы Сейітқали Меңдешевтің, А.Тажетдинов пен тағы бір қадірменді ұстаз Ғұмар Зариповтың мемориалдық әрі табиғат музейін ашу жоспарда тұр. Табиғат демекші, қарағайы аспанмен астасып, көркем тоғаймен көмкерілген Хан ордасын тұтас музейге айналдырса да артық емес. Кешенге қосымша жер алып, этномузей ашып, оны тарихи-мәдени қорыққа ұластырса, қазақ үшін қасиетті мекеннің бағы ашыла түсер еді. 
Музей кешенінде ғылыми-экс­позициялық және көрме жұмысы, қор сақтау, жалпы тарихты ғылыми-зерттеу, экскурсиялық және көпшілікпен жұмыс бөлімдерінде бас қор сақтаушы, бөлім меңгерушілері, ғылыми қызметкерлер, әдістемешілер және т.б. қызметкерлер жұмыс жасайды. Музей кешендегі экспозициялық залдардың саны 16-ға жетті. 16 мыңға жуық құнды жәдігер сақтаулы. Музей кешенде ХІХ-ХХ ғасырларға жататын 60-тан астам тарих және мәдениет ескерткіші бар. Батыс Қазақстандағы Бөкей ордасы тарихи-музей кешенін көруге бір жылда 17 мыңға жуық турист келеді, олардың арасында шетелдік азаматтар да аз емес.
Тарих бетіндегі ақтаңдақтарды анықтау мақсатында мұражайға Темірболат Махимов басшылық еткен тұста кешен қызметкерлері 2009-2010 жылдары Ресейдің Астрахан, Орынбор және Санкт-Петербор қалаларына барып, музей қорын бөкейліктер, Хан ордасындағы жер қатынастары, экономикалық, әлеуметтік жағдайлар, білім беру, мал шаруашылығы мен сот қызметі туралы деректермен толықтырыпты. Сонымен қатар, Астана, Алматы қалаларына арнайы барып тарихи деректер іздестірілген. Алматыдан «Қазақстан» газетінің көшірмелері ақын, журналист Сатыбалды Дауымовтың жары Асыл ханымнан қаламгерге қатысты құжаттар алынған. 
Музейге қарасты ғимараттардың көбеюіне байланысты Орда тарихы музейі 2002 жылы Бөкей ордасы тарихи-музей кешені дәрежесіне көтерілді. 2003 жы-лы Бөкей ордасы тарихи-музей кешені Халықаралық Музейлер Кеңесінің (ICOM) мүшесі болып қабылданып, Парижде тіркелді.
Айта кетелік, саналы ғұмырын Бөкей ордасы тарихи мұражай кешенін көркейтуге арнаған, ауданның құрметті азаматы, кешен директоры болған Темірболат Махимовтың ісін бүгінде ұлы Ғайса жалғастырып отыр. Кешен директорының сөзіне қарағанда, қазіргі кезде мемлекет қорғауына алынған 25 үй болса, соның 12-сі музейдің қарауында. Қалғандарында адамдар тұрып жатыр немесе бос тұр, бірақ тұрғындар оларды өздігінен бұза алмайды. Оған қоса 1840-1880 жылдар аралығында салынған тағы 45 үй бар. 
Бөкей хандығының тарихымен терең танысып, белгілі тұлғалардың басына тәу ету мақсатында Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылына алыс-жақыннан арнайы ат арытып келушілердің қатары еш толастаған емес. Әсіресе, көненің көзін қастерлеу жұмыстары басталған 2002 жылдан бастап, құнды жәдігерлерге бай мұражай тек оқымысты-ғалымдардың ғана емес, туристердің де қызығушылығын оята бастаған. 
«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Бөкей ордасы тарихи музей-кешені жалпыұлттық 100 нысан тізіміне енді. Тізімге енгелі Хан ордасына да келушілер көбейе түсті. 
Ордалықтар өткен күннен қалған тарихи жәдігерлерді көзінің қарашығындай сақтап отыр. «Тұңғыштардың мекеніміз» деп мақтаныш ететін бұл топырақта шынымен де талай-талай тарихи оқиғалар өткен. Ғалым, саясаттану докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың «Тарих толқынындағы Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі. XV-XIX ғасырлардағы еуропалық және американдық карталардағы Қазақ мемлекеті» атты бірегей кітабы жарыққа шықты. Тарихымызда бірінші рет Қазақстан мемлекеттілігі анық көрсетілген, орта ғасырлардан бастап, дәлірек айтсақ, 1562 жылдан бастап, 1879 жылға дейінгі кезең қамтылған атлас шықты. Осы атласта Бөкей Ордасының сұлбасы анық көрсетілген. Осы жылдың 26 наурызында ғалым, профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаров арнайы Бөкей Ордасына ат басын бұрып, Бөкей Ордасы мұражайына екі карта тарту етті. 
Бүгінде «Хан ордасының» жалпы­ұлттық 100 нысан тізіміне енгізілуі бөкейордалықтар үшін зор мақтаныш болумен қатар зор жауапкершілік жүктейді. Ендеше Ұлттық құндылыққа айналған киелі мекенге арнайы ат басын бұрып, тарих қойнауына бойлаудың маңызы ерекше. 

Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Шарафутдинов З.Ғ. «Бөкей орда» Орал қаласы, 2000 жыл. 21-24 бет.
2.«Бөкей ордасы тарихынан» Ақпараттық-биографиялық бөлім, 5-6 бет.
3. Боранғалиұлы Т. Жәңгір хан: «Сүрер салтанат – уақыт бір сағат». «Егемен Қазақстан». – 2000 ж.24 қараша, 45-47 бет.
4.«Жәңгір-Бөкей ордасының ханы» Қаз.сов. энциклопедиясы: 12 т. – Алматы, 1974. – 351 бет.
5.Иманғалиев Р. «Нарын шежіре», Алматы «Арыс баспасы». – 2006 ж. 23-27 бет, 95-97 бет.
6. Сабырұлы С. «Жәңгір хан ордасы туралы» // Қазақ елі. 1998 ж. 14 тамыз, 5-6 бет.
7. Самиғоллаұлы Ғ. «Құрметті Жәңгір ханнан бастасақ» // Орал өңірі. – 1996 ж. 1 маусым, 56 бет. 
8.Шарафутдинов З.Ғ. «Жәңгір хан» Орал, 2001 жыл, 1-3 бет 
9.Сейтақ Ғайса-Ғали. «Нарынның нар ұлдары» Алматы «Жазушы» баспасы, 1998ж, 6-8 бет.
10.Құттымұратұлы Қ.«Бөкей ордасы ауылының бүгінгі келбеті». // «Егемен Қазақстан», 2017 ж. 8 қараша. 

3586 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз