- Ел мұраты
- 28 Мамыр, 2024
АСАНБАЙ АСҚАРОВ: АРХИВ ҚҰЖАТТАРЫНДАҒЫ ДЕРЕКТЕР
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Соцалистік еңбек ері, экономика ғылымдарының кандидаты, Халықаралық акмеология ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Құрметті профессоры Асанбай Асқарұлы Асқаров – еліміздің қалыптасу тарихы мен саяси шежіресінде өзіндік қолтаңбасы бар көрнекті тұлға.
А.Асқаров 1922 жылы 15 қыркүйекте Жамбыл облысы Меркі ауданындағы Тәтті ауылында орта шаруа отбасында дүниеге келген (ҚР ОМА. Р-2237-қ., 1-т., 10-іс, 2-п.). Ол естеліктерінде: «Біз аласапыранда туған баламыз ғой. Совет өкіметі аяғына тұра қоймаған, төңірегінің бәрі өртке оранып, сыртқы, ішкі жауларымен жағаласып жатқан кез. Дала қазағы мойынсұна қоймаған. Баяғы көші-қоң тіршілігі. Біздің ауыл Сусамыр жайлауынан Меркінің жоғары жағындағы Шайсандыққа қоныс аударып, өріс жаңартқан тұста дүниеге келіппін», – деп толықтырады (Жас Алаш, 1997. 13 қыркүйек.). Атасы Дуанайұлы Асылбек би болған кісі, Меркі, Тәтті, Қорағаты болыстықтарында аузы дуалы, ел-жұртқа, ауыл-аймаққа, көрші қырғыз еліне қадірі бар, сыйлы азамат болыпты. Атасы Асылбек би 1916 жылы Ақкөз батыр бастаған Меркі көтерілісіне қатысқан. Көтеріліс күшпен басылғаннан кейін, оған қатысқан көтерілісшілерді жазалаушы отряд аяусыз басып, жаншиды. Солардың бірі Асылбек би де ұсталып, азаптау кезінде ауыр соққы алады, ақыры сол соққыны көтере алмай 75 жасында қайтыс болады (ҚР ПА. 245-НЛ-қ., 1-т., 2-іс, 2-п.). Ал нағашы атасы Бафин Байет Өтепбергентегі ауқатты адам болған, Меккеге қажылыққа барған (АОМА. 1252- қ., 1-т., 3-іс, 2-4-пп.).
Әкесі Асқар Асылбекұлы да 1930 жылы қайтыс болып, алты жастағы Асанбай анасы Күнімай мен ағасы Құлназардың тәрбиесінде өседі. Асқар Асылбекұлынан өрбіген сегіз ұл мен үш қыздың ең үлкені Құлназар ерте тірлікке араласып, отбасына көп қарайласады. Ол Түрксіб теміржолында, кейіннен Меркі, Қарабалта, Жамбыл қант зауыттарында жұмыс істейді. Колхоз басқармасының төрағасы болған ол соғыс басталысымен майданға аттанады. Соғыстан кейінгі жылдары да колхоз төрағасы болып ұзақ жылдар қызмет жасаған Құлназар зейнеткерлікке шыққаннан кейін 1972 жылы өмірден озады.
Қоғамдық өзгерістердің ағысымен қатар есейген балаң Асанбайдың текті де қайсар азамат болып қалыптасуына анасының тәрбиесі ерекше ықпал етті. Ол туралы: «Тектілік дегеннен шығады. Марқұм анам Күнімай текті жердің – қажының қызы болды. Өте тәрбиелі, мінезді жан еді. Мені қаршадайымнан адалдыққа баулыды. Үлкенді сыйлауға, біреудің ала жібін аттамауға, өтірік айтпауға, бауырмалдыққа, еңбекқорлыққа тәрбиеледі. Маңдайымнан сипап отырып, жыр-қиссалар айтатын. Бабамның, яғни әкемнің әкесінің тарихын әңгімелейтін. Ол кісі 1916 жылғы Меркі көтерілісіне қатысып, мерт болған екен. Әйтеуір, анам маған көп сенім артты. Соның арқасында болар, мен жастайымнан өте зерек болдым. Бір естіген әңгімені, ертегі-аңызды, бір оқыған қиссаны санама құйып аламын, айтып, жырлап беремін» (Асқаров А. Тағдыр. – Алматы: Елнұр, 2007. 27-б.), – деп толғанады.
Алғыр бала Асанбайды ағасы Құлназар Шу қаласында ашылған жаңа мектеп-интернатқа орналастырады. Интернаттағы алғашқы тәрбиешісі Нюра апайы мен мұғалімдеріне де шәкірттік алғысын білдіре отырып, олардың өз дәуірінде жаңа заман орнатудың тікелей жаршысы мен ұйытқысы болғандығын мақтанышпен еске алады.
Шынтуайтына келгенде, ХХ ғасырдың алғашқы жартысында қазақ жеріне темір жолдың келуі, жол торабының кеңейтілуі, әсіресе, оның бойына жақын орналасқан ауылдар мен бекеттерде, қала типтес елді мекендерде мәдениет пен білімнің тез қанат жаюына ықпал етті. Соның бірі – А.Асқаров оқыған мектеп жанынан ашылған Түркісіб темір жолын салып жатқан жұмысшылардың балаларына арналған интернат. Ал Луговой-Шу арасындағы темір жол сол өлкенің тынысын ашып, бойына қан жүгірткені сөзсіз.
А.Асқаров жетіжылдық мектептен кейін Фрунзе педагогикалық училищесіне түседі. Оны 1939 жылы үздік бітіріп, Қырғызстанның Қарабалта қаласында қырғыз мектебінде орыс тілі пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастайды (ҚР ОМА. Р-2237-қ., 1-т., 10-іс, 2-5-пп.).
1942 жылдың мамыр айында Қызыл Армия қатарына шақырылып, 1942-1946 жылдары әскери міндетін, бастапқыда Термез қаласындағы 213 атқыштар дивизиясының 585-полк мектебінде, одан кейін Ходжент (Ленинабад) әскери-саяси училищесінде оқыды. Училищеден кейін майданға қосымша күш дайындайтын 32-атқыштар дивизиясына жіберіледі. Офицер шенінде (полковник) әскер қатарында 4 жыл борышын, оның басым бөлігін Иранда өтейді. Қарулы күштер сапында болған жылдары рота саяси жетекшісінің орынбасары, батальон, полк комсомол ұйымының жетекшісі болды. Әскери қызмет барысындағы жетістіктері үшін БЛКЖО ОК-нің Құрмет грамотасымен марапатталады (ҚР ПА. 245-НЛ-қ., 1-т., 11-іс, 1-п.). 1938 жылдан комсомол, ал 1944 БКП(б) мүшесі болған А. Асқаров қатаң әскери тәртіппен қатар, саяси мектептің алғашқы сатыларында осылай шыңдалып, қанаты қатайып елге оралады.
1946 жылы наурызда әскерден оралған соң саяси сауатты, жігерлі, қабілетті А.Асқаров аупарткомының аппаратында жұмыс істей жүріп, партиялық бұқаралық жұмыстарға белсене қатысады. Бірнеше ай Меркі аупарткомында нұсқаушы, ал 1946 жылдың 14 қазанында аупартком бюросы ұсынысымен аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалады (ЖО МА. 282-қ., 13-т., 426-іс, 17-п.). Сонымен қатар аупарткомның бюро мүшелігіне өтеді (ҚР ПА. 245-НЛ-қ., 1-т., 11-іс, 2-а.п.).
Міне, осылайша өзінің еңбек жолын шағын қала мектебінде орыс тілі пәнінің мұғалімі болып бастаған сауатты да жігерлі азаматты замана ағысы ел билеу ісіне араласуына, ел мүддесі жолында қызмет ету жолындағы қиын да тартысты жаңа арна бағытымен жүзуге додаға түсірді. Ел алдындағы жауапкершілікті көтеруге бел буған А.Асқаров халыққа қызмет етуді өзінің қасиетті борышы санады.
Соғыстан кейінгі кезеңдегі құлдырап кеткен халық шаруашылығын қалпына келтіру, ауыл өмірін жаңғырту жолындағы қиын жылдар жас қайраткердің сағын сындырмады. Комсомол ұйымын басқара жүріп, А.Асқаров Мойынты – Шу теміржолының құрылысына белсене араласады. Сол кезеңде соғыстан кейінгі қиыншылықтарға қарамастан Қазақстандағы өндіргіш күштерді дамытуға баса назар аударылды. Солардың қатарында жергілікті өңір үшін ірі шаралардың бірі – Меркі қант зауытын дамыту болса, екіншісі, солтүстік пен орталық облыстарды Қазақстанның түстігімен байланыстыруда әлеуметтік-экономикалық маңызы зор Мойынты – Шу темір жолын салу болды. Бүкілхалықтық құрылыс ретінде жарияланған, ұзындығы 438 шақырым болатын тораптың негізгі жұмыстары 1946 жылы басталып, 1953 жылы толық іске қосылды. Облыстық партком бюросының шешімімен тораптың саяси көпшілік жұмыстарын жүргізуге Қарасай атты жолайырыққа жіберіледі. Ал республикалық штабты сол кездегі Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев басқарған еді. Міне, осылайша екі болашақ алыптың алғаш кездесуіне, пікір алмасуына, халық болашағы жолындағы идеяларының бір арнаға тоғысуына осы шағын ғана Мойынты – Шу темір жолының торабын салу кезіндегі тоқайласу себеп болған (Асқаров А. Жұмақ пен тозақ жырлары. Алматы: М.Х. Дулати қоры, 2007. 240-б.).
1947 жылы 1 қазанда А.Асқаров Меркі аукомының бірінші хатшысы қызметінен босатылып, БЛКЖО Жамбыл обкомының насихаттау және үгіттеу жөніндегі хатшысы (ЖО МА. 282-қ., 13-т., 426-іс, 23-п.), ал 1948 жылдың 24 наурызында БЛКЖО обкомының бірінші хатшысы болып тағайындалады (ЖО МА. 282-қ., 13-т., 426-іс, 24-п.).
1946-51 жылдары БЛКЖО Меркі аукомында, БЛКЖО Жамбыл обкомында қызмет еткен жылдары қоғамдық-саяси қызметте ұйымдастыру қабілеті мен іскерлігін көрсете алған А.Асқаров жоғары мемлекеттік марапаттауларға ие болды. Атап айтқанда, «Мойынты – Шу» теміржол құрылысының комсомол жетекшісі ретінде ұйымдастыру ісіндегі іскерлігі ескеріліп, 25 жастағы
А.Асқаров алғаш рет 1948 жылы 27 сәуірде Ленин комсомолы қатарындағы белсенді жұмысы және кеңестік жастарды тәрбиелеу ісіндегі еңбегі үшін және БЛКЖО 30 жылдығына орай «Ленин орденімен» марапатталады (ҚР ОМА. Р-2237-қ., 1-т., 1а-іс, 1-п.).
Сол жылдары Меркі ауданындағы жалпы аумағы 4,5-5 мың га болатын қызылша өсіру мен жергілікті қант зауытының жұмысын жандандыру, оған жастарды көптеп тарту мақсатында жан-жақты жұмыстар жүргізілді. Қызылша өсіру мен оның өнімін жинауда арнайы комсомол жастар бригадасы құрылды. Жамбыл облысы республикада алғашқы қызылша өндірісін дамытқан өндірістік аймақ болды. 1947 жылы 2 мың га қызылша егістігін қамқорлыққа алған Меркі жастары орта есеппен әр гектардан 400 центнер өнім алады. Осылайша, 1948 жылы 11 желтоқсанда қажырлы еңбектері жоғары бағаланған облыстың озат жастарының қатарында А.Асқаров та 1947 жылғы колхоздар міндеттемелерін орындау кезінде қант қызылшасынан, бидайдан және картоптан жоғары өнім алғаны, МТС жұмысы, дәнді дақылдардың тұқымымен қамтамасыз етудегі жетістіктері үшін «Еңбек Қызыл ту орденімен» марапатталады (ҚР ОМА. Р-2237-қ., 1-т., 1а-іс).
БЛКЖО Жамбыл обкомы халық шаруашылық жоспарларын орындауда ерекше белсенділік танытады. Сол тұста облыста техникалық дақылдарды күтіп-баптау мақсатында комсомол-жастардан 104 звено құрылады. Мал шаруашылығы саласында 2125 комсомол жұмыс жасайды, ал 1950 жылы 6783 жас жұмысшы 5-7 жылдық норманы орындайды, оның 2385-і комсомол еді (ЖО МА. 282-қ., 13-т., 426-іс, 30-п.). 1951 жылғы 12 маусымдағы ҚКП Жамбыл обкомы бюросының шешімімен БЛКЖО обкомының бірінші хатшысы, обкомның бюро мүшесі А.Асқаров БКП(б) ОК жанындағы Жоғары партия мектебінің тыңдаушысы болуға ұсынылып (сонда, 28-п.), 1951-54 жылдары Мәскеу қаласында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновпен бірге оқиды (Асқаров А. Көзқарас – Взгляд. Алматы: М.Х. Дулати қоры, 2007. 47-50-бб.).
Партия мектебін ойдағыдай аяқтап, елге оралғаннан кейін 1954-1958 жылдары Жамбыл облысы Красногор (ҚР ПА. 708-қ., 131-т., 56-іс, 31-п.) 20 және Меркі аудандары партия комитеттерінің бірінші хатшысы (ЖО МА. 282-қ., 13-т., 426-іс, 32, 36-пп.), 1958-1959 жылдары Жамбыл облкеңесі аткомының төрағасы, 1959-1965 жылдары ҚКП Жамбыл обкомының бірінші хатшысы болып қызмет атқарды.
1957 жылғы 11 қаңтардағы КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының «Тың және тыңайған жерлерді игеруде, 1956 жылғы егін жинау мен астық дайындауды жүргізуде ерекше көзге түскен Қазақ КСР қызметкерлерін ордендер мен медальдармен марапаттау туралы» Жарлығына сәйкес тың және тыңайған жерлерді игерудегі және осыған байланысты жалпы өнім мен астық дайындаудың, сондай-ақ 1956 жылы астық жинау мен мемлекетке тапсырудағы қол жеткізген табыстары үшін Жамбыл облысы Меркі ауданының бірінші хатшысы А.Асқаров екінші мәрте «Ленин орденімен» марапатталады (ҚР ОМА. 1109-қ., 6-т., 705-іс. 1-3-пп.).
Ол өзінің туған жері Меркі ауданының өсіп-өркендеуіне мол үлес қосты. Мысалы, қант өндірісімен шұғылдануда зор табыстарға қол жеткізген осы аудандағы №1 Меркі және Аспара электростанцияларын біріктіру туралы ҚазКСР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ауылэлектр басқармасының тапсырмасы бойынша аталған станцияларды біріктірудің негізсіз екендігін дәлелдеп ҚКП ОК-не анықтама жолдай отырып, керісінше олардың қуатын арттыруға рұқсат алады (ҚР ПА. 708-қ., 30-т., 315-іс, 23-24-пп.).
Шу – Меркі су каналының тартылуы да қант қызылшасы өндірісінің дамуына ықпал жасады.
Өзін ел басқару ісінде шебер ұйымдастырушылық қабілетімен және нақты істерімен көрсете алған А.Асқаров 1958 жылы 15 қаңтарда Жамбыл облыстық еңбекші депутаттар кеңесі аткомының төрағасы болып бекітіледі (ЖО МА. 282-қ., 13-т., 426-іс, 37-п.).
Облыстың экономикасын көтеру мақсатында өңірдегі өндіріс орындарын дамыту мәселелері жедел қолға алынады. Мысалы, тракторлар мен ауыл шаруашылығы машиналарына қосалқы бөлшектер шығаруды қамтамасыз ету үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі алдында Жамбыл жөндеу зауытының міндетін қосалқы бөлшектер мен жабдықтар жасауға ауыстыра отырып өзгерту қажет деген талаптарын қоя отырып, оның жүзеге асырылуына қол жеткізеді (ҚР ПА. 708-қ., 31-т., 240-іс, 131-133-пп.).
1960 жылдың 30 қаңтарында А.Асқаров ҚКП Жамбыл обкомының бірінші хатшысы болып тағайындалады (РМЖЗТА (РГАНИ). 3-қ., 61-т., 151-іс, 51-53-пп.).
Жамбыл облысын 37 жасында басқарған А.Асқаров: «Алғашқы жылдары өте қиын болды. Бәрін ескеріп, бәріне көңіл бөлуің керек. Солай бола тұра біреудің әуеніне төңкеріліп, ырқына кетуге жол жоқ. Олай ету деген принциптен тайдырады, соншама зор сенім көрсетілген адамның принциптен таюы деген кемшіліктер мен ағаттықтарға ұрындырады. Принципсіздік – берекесіздік. Ондай адам қандай істің басында жүрсе-дағы абыройға ие бола алмайды» (Асқаров А. Өнегелі өмір/ ред. басқ. Ғ.М. Мұтанов. Алматы: Қазақ университеті, 2017. Ш. 116. 70-б.), – деген қағиданы ұстанады.
Осы қағиданы ұстанған ол 1960-65 жылдары Жамбыл облысының жергілікті күш-қуатын тиімді ұйымдастыра отырып, аймақтың тау-кен байлығын игеру, егістік жерлердің көлемін, төрт түліктің саны мен өнімділігін арттыру арқылы халықтың әл-ауқатын көтеру жолында қызмет етті. Нақты деректерге көз жүгіртер болсақ, 1964 жылдың аяғында облыста егістік көлемі 736 мың гектарға, қант қызылшасы 38 мың га, екпе шөп 380 мың гектарға кеңейтілді. Мал саны, әсіресе, қой – 3 миллион 736 мың болса, 1965 жылы етке өткізілетін және түрлі шығындарды қоспағанда 5.550 мыңға дейін өседі деп жоспарланады. Мемлекетке 16.200 тонна, оның ішінде 11.500 тонна биязы жүн, сондай-ақ 91.700 тонна қой еті, 550 мың дана қаракөл елтірісі тапсырылады (ЖОМА. 282-қ., 2-т., 1126-іс, 1176-іс.). Егін шаруашылығының астық, қызылша, жеміс-жидек өсіретін салалары бойынша бірнеше жаңа шаруашылық ұйымдастырылды. Облыс қана емес, республиканың ірі химия өнеркәсібі – Қаратау фосфориті жедел салынып, алғашқы өнімдерін бере бастады. Сонымен қатар, облыста машина жасау, жөндеу зауыттары, жеңіл және тамақ өндіру салалары да жедел дами түсті.
Басқару мен ғылымды ұштастыру және көп жылғы ізденістерін ғылыми айналымға енгізу мақсатында А. Асқарұлы 1964 жылғы 1 қарашада ҚазКСР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына «Қазақстанның оңтүстік-шығысы жағдайында қой шаруашылығын қарқындату жолдары – Жамбыл облысы үлгісінде» атты тақырып бойынша ғылым кандидаты дәрежесіне ізденуші ретінде тіркеледі. Ғылыми жетекшісі болып экономика ғылымдарының кандидаты Вахит Абдуллинович Абдуллин тағайындалады (ҚР ПА. 245-НЛ-қ., 1-т., 4-іс, 3-4-пп.).
Облыс басшысы ауыл тіршілігімен біте қайнап өскендіктен болар, қой өсіру қазақ халқы үшін тіршілік көзі, молшылықты жасау жолы екендігін жақсы түсінді. Әрдайым күндіз-түні мал соңында жүрген комсомол жастарды қолдап отырды. Олардың еңбектері жанып, одан бақытын тауып жатқандарға қолдау көрсетіп, демеу болды. Облыс басшыларына әр жерде құрылған бригадаларға көмектесу, тұрмыс жағдайына, мәдени шаралар ұйымдастыруға, әрі қарай оқып, мамандық алуына мүмкіндік жасауды тапсырды. А.Асқаров ұлт азаматы ретінде «алыс қазақ ауылдарының балаларын топ-тобымен жіберіп, тек қой соңына салып қоюды мақсат етуге болмайды. Олар – жастар, бір-екі жылда бір-біріне үйленіп, балалы болып қалған соң оқи алмай қалады. Мүмкін олардың арасында болашақ ғалым, жазушы, өнер иесі бар шығар. Оларды жөргегінде тұншықтырса, ұлтымыз қалай өседі», – деп, олардың болашағына қатты алаңдап отырды.
Оның Жамбыл облысында атқарған қызметі КОКП ОК мен ҚКП ОК тарапынан жоғары бағаланды. 1965 жылы 12 сәуірде ҚКП Алматы обкомы II пленумының қаулысына сәйкес, С.Б. Ниязбеков ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы болып сайлануына байланысты ҚКП Алматы обкомының бірінші хатшысы және бюро мүшесі міндеттерін атқарудан босатылып, оның орнына А.Асқаров обкомның бірінші хатшысы және бюро мүшесі болып сайланады (ҚР ПА. 708-қ., 31-т., 9-іс, 12-п.). 1965-1978 жылдары А.Асқаров басшылық жасаған астаналық облыстың партия комитеті еңбекшілердің күш-жігерін өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамытуға бағыттайды. Ең алдымен, ірі өндіріс ошақтары мен ондағы жұмысшылардың әлеуметтік-экономикалық ахуалына көңіл бөліп, жіті бақылауға алатын А.Асқаров бұл жолы да сол тәсілмен жұмыс жасайды. Қысқа мерзім аралығында Алматы мақта-мата комбинаты, «Поршень» зауыты іске қосылса, өндірісі баяулап қалған электротехникалық, «Октябрьдің XX жылдығы» атындағы станок жасау зауыттары және т.б. өндіріс орындары мен кәсіпорындар қайта жаңғыртылды (ҚР ОМА. Р-2237-қ., 1-т., 34-іс. 1-16-пп.). Статистикалық деректер бойынша А. Асқаровтың тұсында 1966-1971 жылдары облыстағы өнеркәсіп өндірісі 1,6 есе өсіп, соған сәйкес еңбек өнімділігі де артқан. Өнеркәсіп 1965 жылы – 896, 1966 жылы – 1010, 1968 жылы 1756-ға өссе, оның өнімділігі 2,5-3,2 пайызға дейін жоғарылаған (Темпы роста общего объема продукции промышленности по областям за период 1960-1984 гг. // Народное хозяйство Казахстана в 1984 г. Алма-Ата: Казахстан, 1985. 316 с.).
Басқа облыстармен салыстырғанда Алматы облысының шаруашылық саласының екі түрлі ерекшелігі болды. Оның біріншісі географиялық орналасуына қарай климат, табиғат жағдайы ерекше болды. Осыған орай Алматы облысының шаруашылығы көп салалы болып, әрі түрлі өнімдер өндірілді. Екіншіден, сол жылдардың өзінде миллионнан аса халқы бар Алматы қаласын толықтай азық-түлікпен қамтамасыз ету де облыстың жауапкершілігіне жүктелді. ҚКП ОК мен Министрлер кеңесінің талабы бойынша астаналықтарды көкөніс пен жеміс, мал өнімдерімен молынан қамтамасыз ету қатаң бақылауға алынған еді. Бұл аса күрделі талапты орындау үшін облыс шаруашылықтарының жүйе-желісіне өзгерістерді жүргізуде Асқаров батыл қадамдар жасайды.
А.Асқаров басқарған облыстардың әлеуметтік-экономикалық сипатын мүлде жаңа сатыға көтеруіне оның ұйымдастырушылық қабілетімен қатар, кез келген шаруаны жан-жақты талдап, жоспар жасап, соның негізінде батыл қадам жасағаны ықпал еткен. Ол басшылық жасаған жылдары әрі ел астанасы, әрі облыс орталығы саналған Алматы керемет көркейіп, аумағы өсіп, Одақтағы ең әсем қалалардың біріне айналды. Бүгінде де қаламызға сән беріп тұрған Республика сарайы, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы, Ұлттық кітапхана, «Қазақстан» қонақ үйі, Офицерлер үйі, аэровокзал, аэропорт, Оқушылар (Пионерлер) сарайы, Даңқ мемориалы, Медеу мұз айдыны сияқты зәулім ғимараттардың және т.б. құрылыстардың салынуында да А.Асқаровтың қолтаңбасы бар.
Ол басқарған жетіжылдықта Алматы қаласы өткенмен салыстыруға келмейтіндей, күрт өзгеріп, дамып, көгалданды. Атап айтсақ, аз ғана уақыт аралығында шөл далада жаңа әкімшілік Калинин ауданы және онда сегіз жайлы шағын аудан салынды. Қаланың инфрақұрылымындағы өзекті мәселелердің бірі – шағын аудандар жасыл желекке оранды, асфальт жолдар төселді, автобус және троллейбус қатынасы жақсартылды. Бес жыл ішінде жоғарыда аталған құрылыстар қатарында халық шаруашылығы институты, Қазақ мемлекеттік университеті, Қазақфильм киностудиясы, драма театр ғимараты кешені салына бастады. Бір сөзбен айтқанда, Астананың орталығы жартылай осында көшеді. Жаңадан өнеркәсіп және құрылыс кәсіпорындары өсті, олардың ішіндегі ең ірілері Алматы үй құрылысы және тоқыма комбинаттары болып табылады (АО МА. 1252-қ., 1-т., 37-іс, 1-4-пп.).
Алматы қаласының және бүкіл республикасының өміріндегі маңызды оқиға – Алматы әуежайын қайта жаңарту жөніндегі жұмыстардың мерзімінен бұрын аяқталуы еді. Азаматтық авиацияның қуатты лайнерлерінің қозғалысын ашуға мүмкіндік берген жаңа қону жолағы құрылысының мерзімінен бұрын аяқталуы Қазақстанның экономикасы мен мәдениетінің өркендеуінің жаңа жарқын көрінісі болғаны анық (ҚР ОМА. Р-2237-қ., 1-т., 15-іс. 1-10-пп).
Нақты статистикалық мәліметтер келтірер болсақ, А.Асқаров тұсында Жетісуда 125 жаңа цех пен кәсіпорын салынды, 300 ағынды автоматты желілер, станоктар, автоматтар мен жартылай автоматтар орнатылды, 2,5 мың бірлік жабдық жаңғыртылыпты. Өндіріс көлемі 2,3 есеге, еңбек өнімділігі 1,6 есеге арттырылып, өндірістік қуаттарды, тұрғын үйлер мен мәдени-тұрмыстық нысандарды пайдалануға беру бойынша жоспар уақытында орындалды (Народное хозяйство Алма-Атинской области. Алматы, 1967. С. 9-29.).
Жаңа бесжылдықта жұмысшылар саны 1500 адамға дейін өсетін Қапшағай ГЭС-інің құрылысы жоспарланды. Осы жерде дерек ретінде 1978 жылы 8 сәуірде ҚКП Алматы обкомы мен облаткомы ҚКП ОК-і, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы және ҚазКСР Минкеңесіне Іле ауданының Іле жұмысшылар кентін облыстық бағыныстағы Қапшағай қаласы етіп қайта құру туралы ұсыныс хатының мазмұнын толықтай келтіре кеткеніміз орынды болар. Хатта аталған «жұмысшы кенті Іле өзенінің сол жағалауында орналасқан, онда Қапшағай су электр станциясы және Қапшағай су қоймасы салынатыны айтылады. Одан әрі оның Алматыдан 75 шақырым қашықтықта орналасқаны, барлық коммуникациялары қаланың бас жоспары бойынша салынатыны, тұрғындар санын 30-40 мың адамға дейін жеткізе отырып, тұрғын үйлер мен мәдени-тұрмыстық нысандарды одан әрі салу көзделіп отырғандығы, онда жеке меншік үйлер жоқтығы көтеріледі. Салынып жатқан барлық әкімшілік және тұрғын үй ғимараттары мемлекеттік кәсіпорындардың, ұйымдар мен мекемелердің қарауында болады. Қазіргі уақытта Іле кентінде 15,5 мың адам тұрады, ал ағымдағы бесжылдықтың соңына қарай 20 мыңнан астам адам болады. Өз құрамы бойынша халық негізінен жұмысшылар, инженерлік-техникалық қызметкерлер және қызметкерлер. Жұмысшылардың орташа жылдық саны 9478 адамды құрайды, олардың 85 пайызы тікелей материалдық өндіріс саласында жұмыс істейді.
Іле кентінде 76 кәсіпорын, ұйым және мекеме бар. Олардың қатарында балық зауыты, Қапшағай ГЭС құрылыс басқармасы және басқа да 7 дербес құрылыс-монтаждау басқармасы бар. Кентте қалалық коммуналдық шаруашылық, аудандық тұрмыстық комбинат, мемлекеттік банк және басқа да қалалық шаруашылық кәсіпорындары мен мекемелері бар. 1970 жылы өнеркәсіптік ұйымдардың жылдық жалпы өнімі 28114 мың сомды құрайды.Автомагистраль мен темір жол желісінің құрылысы аяқталғаннан кейін болашақ Қапшағай қаласының Алматы қаласымен жақсы байланысы болады. Күріш өсіретін кеңшарлардың ірі құрылысына байланысты күріш өңдеу зауытын, жүк түсіру базаларын және басқа да нысандарды салу көзделіп отыр. Қапшағай су қоймасындағы жұмысшылардың демалыс аймағының болашақта дамуы да қаланың дамуына айтарлықтай әсер етеді» (ҚР ПА. 708-қ., 48-т., 52-іс, 24-25-пп.). Осылайша қаланың болашақ даму перспективасын ескере отырып, Іле кентін облыстық бағыныстағы Қапшағай қаласы етіп қайта құруды жан-жақты дәлелдеп қана қоймай, іс жүзінде жүзеге асырылуына да зор үлес қосты.
А.Асқаровтың қандай да бір экономикалық реформаны жүзеге асыру, өнеркәсіпті қайта құруда асығыс шаралар мен қадамдар жасамағанын, алдымен оның барлық алғышарттары мен негіздерін қалап алатынын сол жылдардың қорытындыларын анық байқай аламыз.
Тағы бір ерекшелікті айта кетейік, А.Асқаровтың тұсында республикалық немесе облыстық мәртебедегі қалаларымыздың келбеті ғана өзгеріп қойған жоқ, колхоз бен совхоз, ауылдардың келбеті мен өмір сүру мазмұны да өзгеріп отырды.
Бір жылдың өзінде облыс еңбеккерлері мемлекетке 117 мың тонна ет, 153 мың тонна сүт, 20 мың тонна жүн, 53 миллион дана жұмыртқа, 840 мың тонна қант қызылшасы, 125 мың тонна көкөніс тапсырды және сатты. Астықты қоспағанда, барлық көрсеткіштер бойынша жоспар жүз және одан да көп пайызға орындалды. Ауыл шаруашылығы өнімдері едәуір көп дайындалды, мал шаруашылығының өнімділігі артты (АО МА. 1252-қ., 1-т., 37-іс, 1-4-пп.).
Себебі, ол ғалым әрі экономист маман ретінде басқару ісінде ғылым мен тәжірибені тығыз ұштастыра білді. Ауыл шаруашылығында бұрын пайдаланылмаған ирригациялық дайындалған жерлерге дәнді дақылдарды себуді қолға алады.
Осындай игі шаралардың қатарында 1965 жылдары жүргізілген Балқаш және Қаскелең аудандарының Тасмұрын және Бозой (Базой) алқаптарындағы суармалы жерлерді игеру (ҚР ПА. 8-қ., 31-т., 37-іс, 251-253-пп.), сонымен қатар Іле өзенінің төменгі ағысын ауыспалы күріш егісіне 40-50 мың гектар алқаптың бірінші және екінші кезегін іске қосу және Балқаш ауданы Топар тобы совхоздарының сумен қамтамасыз етілуін жақсарту жұмыстарын атап өтуіміз қажет (ҚР ПА. 8-қ., 31-т., 42-іс, 2-6-пп.).
Сонымен қатар, туған ел тарихын жетік білген А.Асқаров жер-су атауларына айрықша көңіл бөліп отырған. Мысалға, Жетісу облысындағы қазіргі Ақсу ауданының Абакумовка атауын Жансүгіров қалалық кенті етіп қайта атау үшін, алдымен сол жылдардағы Тарих, археология және этнография институтына сұраныс хат жіберіп, шағын кенттің Абакумовка атануын, оның кім және қайдан шыққандығы жөнінде арнайы анықтама беруін сұрайды. Себебі, 1964 жылы шағын қала болып құрылғаннан бастап жергілікті аудан халқы оның патша армиясының ең реакциялық офицері Абакумовтың есімімен аталуына наразы болған.
Жергілікті халықтың пікірінше, Абакумов қысым жасаушы және қарақшы ретінде ел жадында қалды, оны XIX ғасырдағы орыс озық қоғамы да айыптады. Бұл пікірді институт директоры Ақай Нүсіпбеков берген анықтамаға қосымша берілген А.К. Герценнің «Колокол» журналының 1862 жылы №131 санында жарияланған «Из Сибири (отрывок из писем к издателю). О киргизской степи» атты мақаласынан алынған үзінді де дәйектейді. Осы тарихи анықтаманы басты дәлел ретінде ұсына отырып, ҚКП ОК-не Алматы облысы Ақсу ауданының Абакумовка қалалық кентін Жансүгіров қалалық кенті деп қайта атау туралы жазба хат жолдайды. Сөйтіп, 1965 жылы 25 мамырда Алматы облысының қазіргі Ақсу ауданының тумасы, қазақтың классик ақыны Ілияс Жансүгіровтың туғанына 70 жыл толуына байланысты Ақсу ауданының Абакумовка атауын Жансүгіров қалалық кенті етіп қайта атау туралы арнайы қаулы қабылданады (Сонда, 29-іс, 231-236-пп.).
Ел басқару ісінде А. Асқаровтың өзіндік ұстанымы, мақсаты мен қағидалары, тіпті өзіндік мектебі болғандығын байқаймыз. Оның ішіндегі ең күрделісі – адамдармен жұмыс істеу. Өзі басшылық жасай отырып, айналасындағы адамдарды өсіруге, жетілдіруге баса көңіл бөлді, сол арқылы қоғамды дамытушы, басқарушы азаматтарды тәрбиелеп, қалыптастырып үйретуге көп еңбек сіңірді. Оған Асқаров мектебінен өткендердің өмірі мен халыққа қызметі куә бола алады (Халық перзенті / Құраст. Т. Қаупынбайұлы. Алматы: Өнер, 2002. 552 б.; Асқаров А. Өнегелі өмір. Алматы: Қазақ университеті, 2017. Ш. 116. 385 б.).
«Кадрды іріктеу мен тәрбиелеуде обкомның номенклатурасына өте жауапты қарайтын, обкомның бөлімдері, хатшылары, бюро мүшелері әрқайсысы өз сала кадрларымен кездесіп, пікірлесіп отыратын. ... Асекеңнің кадрлар жөніндегі тағы да бір ерекшелігі – ол туыстық, тағы басқадай жекжат-жұраттыққа жаны қас бола тұрып, тек сауаттылығы, мамандығы, іскерлігі, моральдық тазалығы, тәртібі, мәдениеттілігі мен жауапкершілігіне ерекше назар аударатын. Сондай-ақ, кадрларды іріктеп-таңдап, тағайындауда коллегиялық принципті қатаң сақтайтын» (Балтағұлов І. Тұраннан шыққан тұлға // АОМА. 1252-қ., 1-т., 118-іс), – деп еске алады, Кеңес және партия қызметкері, философия ғылымының кандидаты, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Ізбасар Балтағұлов.
Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза да А.Асқаровпен болған алғашқы кездесуі туралы, хатшының ағалық, әкелік қамқорлыққа толы кеңесі жөнінде толғана еске алады. «Әулие-Атадағы қазақ орта мектебінің оныншы класын бітіретін жылы «үздік оқушылар саналатын төрт-бес баланы комсомол комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаров шақырып жатыр деген хабар жетті. Қаратай Тұрысов, Әбдуәлі Данаев, Ергеш Есімов дейтін «озаттардың» қатарында мен де бардым. Асанбай Асқаров қабылдады», – дейді, одан әрі әңгіме кімнің оқуға қайда баратынын сұрай келе, Мәскеуден нұсқау барын, Тынық мұхит әскери-теңіз училищесіне таңдаулы шәкірттер керектігін айта келіп: «Жоғары білім, темір тәртіп, биік парасат, зиялы тәрбие – бәрі сонда. Нағыз азамат болып шығасыңдар» (Мұртаза Ш. Мен білетін Асекең // Халық перзенті. Алматы: Өнер, 2002. 41-42-бб.), – деп жол көрсеткенін және Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіне А.Асқаровтың жолдама-батасымен түсіп, үлкен өмірге араласуына себеп болғанын жазады. А.Асқаров мектебі мен тәлім-тәрбиесінен өткендер қатарында Қаратай Тұрысов, Кеңес Аухадиев, Шәмшә Беркімбаева, Жұмахан Балапанов, Дүйсекүл Бопова, Сергей Терещенко, Амантай Біртанов және т.б. көптеген мемлекет және қоғам қайраткерлерінің есімін атап өте отырып, ол мектептің тереңдігі мен тәлімінің қандай болғандығын анық аңғаруға болады. Архив құжаттары мен өзінің мемуарлары, замандастары, әріптестері мен шәкірттерінің естеліктерімен таныса отырып А.Асқаровтың бойында мемлекет қайраткерлеріне лайық қасиеттер: биік парасат, терең білім, әр істе әділеттілік, адамгершілік сана, интернационалдық сапамен қатар ұлттық намыс пен ұлттық тілеуқорлық тұнып тұрғандығы және нағыз ұлт қайраткері болғандығын байқаймыз.
А.Асқаровтың кеңестік билік пен идеологиясына қалтқысыз қызмет ете жүріп ұлт мүддесі мен ана тілге, қазақы діл мен болмысқа өте адал болды. Оны дәлеледейтін оқиға – Алматы қаласындағы №12 мектептің тағдыры туралы тартысқа нүкте қояр шақ болды. Кеңестік идеология өзінің шарықтау шегіне жеткен кезде ең алдымен ұлттық мектептерді жабу саясатын жүргізе бастады. Қазақстанның өзінде 700-ден аса қазақ мектебінің жабылғаны туралы деректер бар. Бұл өзге халықтарды тілінен айыра отырып, оның ұлттық тамырын жою еді. Одақ көлемінде орын алған бала-бақшалар мен мектептерді жабу лаңы 60-70-жылдары Алматы қаласындағы жалғыз №12 қазақ мектебіне де жетеді. Оны аман алып қалған қазақтың бір топ зиялы қауымы еді. Ал, шындығына келгенде мектепті жапқызбаудың соңғы нүктесін қойған сол кезде Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы А.Асқаров болатын. Ол туралы ағарту саласының үздігі, еңбек сіңірген қайраткер, осы мектепті ұзақ жылдар басқарған Социалистік Еңбек Epi Рафиқа Нұртазина «Ана тілі» газетіне берген сұқбатында кеңірек тоқталады: «Бір күні мені Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаров шақырды. Ол кісі маған ұнады. Екеуміз мектеп жайлы, басқа мәселелер төңірегінде ұзақ сөйлестік, Асекеңе №12 қазақ мектебіне арнаулы үй салдырмаса болмайтынын айттым. Ол кісі де сол үшін шақыртыпты. Мектептің қазіргі тұрған орнына мектеп үйін салатындықтарын айтқанда қуанып кеттім. Асекең мектеп салынып жатқан кезде, одан кейін де қамқорлық жасап тұратын арнайы адам бөліп берді. Мектеп үйі бір жылдың ішінде салынып бітті. Сол кезде біздің мектепте балалары, немерелері оқыған, маған көмекші болған бір топ зиялы қауым өкілдеріне рахмет айтқым келеді. Олар С. Мұқанов, Ә. Сәрсенбаев, Р. Бердібай, З. Қабдолов, Ш.Смаханұлы, Қ.Мырзалиев және басқалар» (Қызыл империя жұта алмаған қазақ мектебі // Ана тілі, 2003. 13 ақпан).
ХХ ғасырдың жетпісінші жылдары идеология саласындағы кертартпалылықтың салқын самалынан І. Есенберлиннің «Хан Кене» тарихи романын басу ия баспау жайында ҚКП Орталық комитетіндегі таласта да, Т. Рысқұловтың есімін Алматы қаласында бір көшеге беру жайында мәселе көтерілгенде де, Медеу мұз айдынын М. Пұсырмановтың есімімен атау жөніндегі қиындық туған сәтте де оның атажұрты болған шатқал екендігін дәлелдеп, шындықтың жеңуіне А.Асқаровтың көп еңбек сіңіргендігі туралы географ-ғалым М. Серікбаев еске алады (Сонда).
Көріп отырғандарыңыздай, А.Асқаров ел басқаруда орталық биліктің айтқанын тыңдай жүріп, өзіндік дара жолын қалыптастыра алған, ата дәстүр мен ұлттық қасиетінен арылмаған арда азамат екеніне оның өмірі мен қызметін тереңірек зерделеген сайын көз жеткіземіз.
А.Асқаровтың басқару тәсілінің екінші кілті – экономикалық істердің жүйесін үйлестірудегі шеберлігі.
Бесжылдықтың қорытындысы бойынша өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде жоспарды асыра орындағаны үшін Алматы облысы екінші рет Ленин орденімен марапатталды. Әрине, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан Алматы облысының үлесі еңбекшілерін де ынталандырды (ҚР ОМА. Р-1109-қ., 6-т., 705-іс).
Басқару, өндіріс пен ғылымды ұштастыра алған А.Асқаров 1968 жылы Мәскеуде КОКП Орталық Комитеті жанындағы қоғамдық ғылымдар академиясында «Мал шаруашылығын интенсивтендірудің экономикалық проблемалары (Оңтүстік – Шығыс Қазақстан қой шаруашылығы мысалында)» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты (Сонда, 2237-қ., 1-т., 77-іс).
Диссертациялық жұмысына берілген арнайы сын-пікірлерде қорғауға ұсынылып отырған зерттеудің өзектілігі мен оның іс-тәжірибемен тікелей байланыстылығы жоғары бағаланды (АО МА. 1252-қ., 1-т., 7-іс, 1-12-пп.).
А.Асқаров республиканың сол кездегі басшысы Д.Қонаевтың алдына Алматы облысының экономикасын жедел өркендету жөнінде бірнеше күрделі мәселелер қойды және оларды шешуде қамқорлық пен көмек көрді, өзі де сол сенім үдесінен шықты. Мысалға, 1969-1970 жылдары облыста 150 мың гектардан астам жерді суландыруға болатындығы жайында және оның ішінде тұңғыш рет Қарой алқабын игеруді колға алу мәселесі, Қапшағай су қоймасын кеңінен пайдалану, сол арқылы Шеңгелді өңірін игеріп, пайдаға асырудың түбегейлі қажеттігін көтеруі мен орындалуы көзсіз батырлық екені даусыз.
Бұл айтуға, жазуға жеңіл болғанымен, шындығында өте күрделі істер еді. А.Асқаров көтеріп, Д.А. Қонаев қолдаған Қарой, Шеңгелді алқаптарын игеру нәтижесінде Балқаш ауданында күріш совхоздары, «Іле», «Қаскелең» астық совхоздары құрылды. Осы өңірді тұрақты сумен қамтамасыз ету, ірі-ірі насосы бар су стансаларын салу проблемасы туындайды. Аталған мәселелер КОКП Орталық Комитетінің хатшысы Ф.Д. Кулаковтың тікелей көмегімен 1975 жылы әрқайсысы 3-4 насоспен қамтамасыз етілген бес су стансасы салынды. Ол 15 мың гектар жерді суландыруға мүмкіндік туғызды. Насостарды дамылсыз жүргізу үшін жоғарғы вольтты электр желілері салынды. Керекті движок-жүргізгіштер Ленинград қаласынан алынды. Кейіннен «Кербұлақ», «Қапшағай» совхоздары ашылды. Көкөністің басты түрі – пияз өндіру мәселесі дұрыс жолға қойылды. Пияздан Алматы облысы түгілі бүкіл Одақ ұшан-теңіз пайда көрді және қазіргі таңда да пайда көріп келеді (ҚР ОМА. Р-2237-қ., 1-т., 123-іс, 5-п). Осындай ерен еңбектері Орталық және республика басшылары тарапынан жоғары бағаланды. 1971 жылы 25 маусымда облыстың өнеркәсібті, құрылысты, көлік пен байланысты дамыту жөніндегі бесжылдық жоспардың тапсырмаларын орындауға сіңірген еңбегі үшін Октябрь революциясы орденімен (Сонда, 1а-іс, 6-п.), ал 1973 жылғы 10 желтоқсандағы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының шешімімен ҚазКСР Ауыл шаруашылығы озаттарын 1973 жылы мемлекетке астық, мақта және басқа да егіншілік өнімдерін өндіру мен сатуды ұлғайтудағы ерекше ерлігі үшін үшінші мәрте Ленин орденімен (ҚР ОМА. Р-1109-қ., 6-т., 1775-іс, 7, 403-пп.) марапатталды.
Статистикалық мәліметтер бойынша Алматы облысын А.Асқаров басқарған 13 жылға шолу жасар болсақ, облыста 68 жаңа шаруашылық құрылды: оның ішінде 42 совхоз, 14 мал бордақылау кешені. Осы уақыт ішінде астықты мемлекеттік сатып алу 1,8 есе, көкөністерді – 1,3, картопты – 2,2 есе өсті. Ет, сүт және басқа да ауылшаруашылық өнімдерінің өндірісі төрттен бірге өсті. Екі жаңа ауылдық аудан құрылып, Қапшағай қаласы салынды. Облыстағы Асқаров кезеңі алматылықтардың құрылыс қуаты мен ауқымымен, жаңа жерлерді игеруімен, экономиканың өрлеуімен есте қалды (ҚР ПА. 254-НЛ-қ., 1-т., 11-іс, 8-11-пп.).
1978 жылғы 28 сәуірде ҚКП ОК бюросының қаулысымен Алматы обкомы Пленумында К.М. Аухадиевті облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы етіп сайлау және басқа жұмысқа ауысуына байланысты А.Асқаровты міндетінен босату шешіліп (Сонда, 708-қ., 131-т., 56-іс, 74-п.), сол жылғы ҚКП Шымкент обкомының Х пленумы және ҚКП ОК қаулысына сәйкес А.Ғ. Рамазановтың орнына бірінші хатшылыққа сайланды (ТОҚСТ МА. 40-қ., 63-т., 1-іс, 73, 85-пп.).
А.Асқаров 1978-85 жылдары Шымкент облысын басқарған кезде де өзінің өмірлік мақсаты халыққа адал қызмет ету қағидасынан айнымады. Өзінің басқарушылық талантын Шымкент облысын басқарған жылдары жан-жақты көрсете алды. Ұзақ жылдар республиканы басқарған Д.А.Қонаев А.Асқаровты ҚКП Шымкент обкомының бірінші хатшылығына ұсынғанда «біз хатшыны республика астанасынан, жүрегімізден жұлып алып, Шымкент облысының экономикасын ілгері қарай қарышты қарқынмен дамыту үшін сіздерге беріп отырмыз», – деп бағалауы оның іскерлігі мен қабілетіне сенгендіктен болар (ҚР ПА. 254-НЛ-қ., 1-т., 21-іс, 1-9-пп.). Шырайлы оңтүстік аймақ өміріндегі өрлеу мен өркендеудің, жасару мен жаңару жолында облысты сегіз жылдай басқарған А.Асқаровтың өшпес қолтаңбасы жатыр.
Облыс еңбеккерлері мен өндірісшілер өзара жарыса отырып, өнім өткізу жөніндегі тоғыз айлық жоспарды артығымен орындап шықты және жаңа бесжылдықтың алғашқы жылының тапсырмаларын мерзімінен бұрын орындады. 1981 жылы алдыңғы жылдармен салыстырғанда өнеркәсіп өндірісінің өсімі 3,9 пайызға, еңбек өнімділігі 1,7 пайызға артты. Сондай-ақ, мемлекетке тапсырмадан тыс 12,5 миллион сомның өнімі өткізілсе, құрылыс қарқыны қарыштап, 145 мың шаршыметр тұрғын үй, тағы басқа мәдени-тұрмыстық нысандар қатарға қосылды.
Шымкент облысы республикамыздың оңтүстігіндегі аса ірі астықты ауданға айналды. Қазақстан диқандарының миллиард пұт астық өткізген жемісті жеңісінде оңтүстік егіншілерінің де елеулі үлесі бар. Сол жылы бітік егін өсіріліп, 40 миллион пұттан астам өнім алды. Сонымен қатар, мал және бау-бақша өнімдерін өндіруде де айтулы жетістіктерге жетті. Мемлекетке 6465 дана қаракөл елтірісі, 372 ц. жібек пілләсі, 16143 т. жүзім, 1656 т. картоп, 4839 т. көкөніс, 24198 т. бақша дақылдары жиналды (ТОҚСТ МА. 40-қ., 9-т., 9530-іс, 1-2-пп.).
Облыстың колхоздары мен совхоздары дәнді дақылдардың мол өнімін өсірді, олардың орташа өнімділігі әр гектардан 19,4 центнерді құрады, бұл бір миллион тоннадан астам астық өндіруді қамтамасыз етті. Мемлекетке 35 млн. пұт астық немесе жоспардың 184,2 пайызы сатылды. 1978 жылы мемлекетке: көкөністер - 103,9 мың т. немесе жоспарға 133,2 пайыз, жемістер - 56,1 мың т. немесе 128,4 пайыз, жүзім - 84,5 мың т. немесе 135,5 пайыз, бақша - 79,4 мың т. немесе 158,9 пайыз, картоп - 5,9 мың т. немесе 130,1 пайыз тапсырылды. Сүт - 88,7 мың т. немесе 107,6 пайыз, жұмыртқа - 101,5 млн. дана немесе 122,3 пайыз, жүн - 11660 т. немесе 101,4 пайыз, піллә - 207 т. немесе 116,4 пайызға өсті (ТОҚСТ МА. 40-қ., 1-т., 8056-іс, 1, 3, 7-8, 19-32-пп.).
Ірі қара малдың, қойдың, шошқаның, түйенің және құстың шығу басының жоспары орындалды. Қоғамдық мал шаруашылығы үшін 1640 мың тоннадан астам ірі қара мал дайындалды және 890 мың тонна шырынды жем салынды, бұл қысты сәтті өткізуге және мал өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Осындай табыстың нәтижесінде 1980 жылғы наурызда 1979 жылғы Бүкілодақтық социалистік жарыста қол жеткізген жетістіктері, мемлекетке астық пен басқа да егіншілік өнімдерін өндіру мен сатуды ұлғайту жөніндегі жоспарлар мен социалистік міндеттемелерді орындауда еңбектегі ерлігі үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды (ҚР ОМА. Р-1109-қ., 6-т., 3353-іс, 115, 208, 213-а. пп.).
Осы жылдары ауыл шаруашылығымен қатар өлке өндірісіндегі өзгеше сала – мұнай-химия өнеркәсібі де өркендеп, дами түсті. Оған өңірдің экономикалық әлеуетін барынша арттыра түскен оңтүстіктің индустриялық алыбы саналған Шымкент- Кентау аумақтық-өндірістік кешені болды. Оның құрамындағы мұнай-химия өнеркәсібінің аса ірі кәсіпорындары: резина- асбест комбинаты, мұнай өңдеу зауыты, қорғасын зауыты, «Ащысай полиметал» комбинаты, «Манкентживмаш» және «Фосфор» бірлестігінің бірқатар қосымша қуаттары қатарға қосылып, шымкенттіктердің Одақ көлеміндегі үлес салмағын ұлғайта түсті. Жаңадан 50-ден астам кәсіпорын, цех пен өндіріс пайдалануға берілді (Күнгейдің кемел келбеті. Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші секретары А.А. Асқаровпен әңгіме // Лениншіл жас, 1981. 27 қараша).
А.Асқаровтың бастамасымен Оңтүстікте біртұтас аумақтық- өндірістік кешеннің іске қосылуы Ащысай полиметалл комбинаты, Шымкент қорғасын заводының шикізат базасын байыта отырып, машина жасау шапшаң қарқынмен дамытылып, ұста-пресс жабдықтары бірлестігін, электр аппараттары заводын, «Восход» тігін фабрикасын, «Эластик» шұлық-ұйық бірлестігін және Шымкент ет комбинатының конструкциясы жағынан қайта құруға жаңа мүмкіндіктер туғызды. Сол сияқты Шымкент, Сарыағаш, Кентау қалаларында сүт, макарон, минералды су, мақта тазарту заводтарын, тоқыма фабрикасының құрылысы тездетіліп, мерзімінде пайдалануға беру міндеті де орындалып, жеңіл және тамақ өнеркәсібі өркендетілді, түрлі қондырғылар, құрал- жабдықтар, үй тұрмысының бұйымдары, тағы сол сияқты көпшілік тұтынатын тауарлар шығаруды едәуір арттыруға қол жеткізілді (ҚР ОМА. Р-2237-қ., 1-т., 41-іс, 50-58-пп.; ТОҚСТ МА. 40-қ., 9-т., 8845-іс, 2, 19, 21, 24, 30, 32, 55, 60, 61, 70-пп.).
Асқаров басшылық жасаған жылдары Оңтүстік облыс ауыл шаруашылығын өркендетуде қол жеткен табыстары үшін қатарынан үш рет бүкілодақтық Ауыспалы Қызыл туға ие болды.
Оның өзінің де облыс экономикасын ілгері дамытудағы қажырлы еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланды. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1982 ж. 22 ақпандағы «Қазақ КСР ауыл шаруашылығының озық қызметкерлеріне Социалистік Еңбек Ері атағын беру туралы» Жарлығымен 1981 ж. мемлекетке астық және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен сатуды ұлғайту жөніндегі жоспарлар мен социалистік міндеттемелерді орындауда көрсеткен жоғары нәтижелерге қол жеткізгені және еңбек ерлігі үшін Ленин ордені мен «Орақ пен Балға» алтын медалі тапсырылып, Социалистік Еңбек Ері атағы берілді (ҚР ОМА. Р-1109-қ., 6-т., 3559-іс, 13-14-пп.).
А.Асқаровтың ұлтқа жасаған қызметі мен халыққа сіңірген еңбегін бағамдауды Д. Қонаевтың: «... бүкіл саналы өмірін кеңес жұмысына, партия өміріне арнаған. Жамбыл, Алматы және Шымкент облыстық партия комитетінің хатшысы болып істеген жылдарда да ол өзінің ұйымдастырушылық талантын танытты. Шымкент облысының экономикалық өркендеуіне, мәдени өмірінің көтерілуіне үлес қосты. Ол осында Еңбек Ері атанды» (Қонаев Д. Ақиқаттан аттауға болмайды. Алматы: Санат, 1994. 413-б.), – деген тұжырымымен қорытындыласақ, артық сөз қосудың қажеті бола қоймас деп ойлаймыз.
ҚКП ОК-і, оның басшысы Д.А. Қонаев осындай биік лауазымдарды оның аса үлкен іскерлігінің, ұйымдастыру қабілетінің мықтылығының, ел алдындағы зор беделінің және терең біліктілігін бағалағандықтан сеніп тапсырғандығына көз жеткіздік. Қай жерде істесе де, ол өз міндетін асқан жауапкершілікпен орындап қана қоймай, әр уақытта іске шығармашылықпен қарап, жұмыстың жаңа көздерін аша білді, әрі бұқараны алға қойған тапсырмаларды орындауға шебер жұмылдырып отырды.
А.Асқаровтың елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің көтерілуіне қосқан еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, 5 рет Ленин, екі рет Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, жиырмаға жуық медаль және ондаған мақтау грамоталарымен марапатталып, Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Ал тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Шымкент, Тараз қалаларының және Оңтүстік Қазақстан облысының (қазіргі Түркістан облысы) Құрметті азаматы атанды.
А.Асқаров басқару тетігіне үнемі шығармашылықпен қарап, өзінің білімін арттыруға көңіл бөліп, ғылыми, әдеби шығармалар жазумен айналысты. Ол – ғалым, жазушы, ақын ғана емес, тіпті арагідік сурет салумен де айналысқан. Ғылыми ізденістерінің нәтижесінде «Проверка и исполнение в деятельности КПСС» (1972), «Интенсификация овцеводства на юге Казахстана» (1984) деген кітаптары мен бірнеше мақалаларының жариялануы оның ғылым мен тәжірибені ұштастырудағы ұтымдылығын көрсетеді.
Қайраткердің бойындағы тамаша қасиеттер – сөйлеу мәдениеті, білімділігі, табиғатынан шешендігі өмір тәжірибесімен ұштасқанда, тыңдаушыларын үйіріп әкететіндігі туралы көп жазылған. Есте сақтау қабілетінің ерекшілігі сонша, облыстың, аудандардың экономикасының көрсеткіштері, әртүрлі деректер, партия құжаттарындағы және бюро отырыстарындағы қаралған мәселелер, сан түрлі цифрлар бәрі-бәрі жадында сайрап тұрды. Өйткені, оның төс қалтасында да жүретін, жұмыс үстелінде де тұратын өте шағын қойын кітапшаларда олар күнделікті тіркеліп отыратын (ҚР ПА. 245-НЛ-қ., 1-т., 22-28-істер). Шағын қойын кітапшалардағы жазбалар мен цифрлар ел басқарған азаматтың тынымсыз тіршілігі мен өз ісіне деген асқан жауапкершілігінен хабар берері даусыз.
Оның жеке қорлары мен өзге де архивтерде сақталған материалдармен жете танысу барысында, сондай-ақ өмірінің соңғы жылдарында түрлі басылымдарға берген сұхбаттары, жазған мақалалары мен шыққан кітаптары қайраткер бойындағы ақындық, суреткерлік және жазушылық пен ғылыми ізденістерге толы тарихи шығармашылығы да осыны дәлелдей түседі.
Сол ізденістердің нәтижесінде А.Асқаров – экономика ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Құрметті профессоры, 1995 жылы 17 қарашада Санкт-Петербордағы Акмеология ғылымдары академиясының академигі болып сайланды (ҚР ОМА. Р-2237-қ., 1-т., 10а-іс, 1-п.).
Ұлттық идеология мен сана туралы тереңінен толғана отырып, 1937-1938 жылдары ұлт зиялыларының қуғынға түсуі, жер аударылуы, жазықсыз атылуы – бұл адам аузы бармайтын қиянат, қылмыс екендігін, мұның бәрін кеш білгендігіне қарамастан, мүмкіндігінше Алаш қозғалысы қайраткерлерінің еңбектерімен таныса бастайды. «Мақсатын білдік. Мұндай күннің бірде болмаса, бірде қай-қайсымыздың басымызға түсетінін іштей сездік. Оны жоғарыда айттым. Амал не, билік Мәскеуде еді, біз орындаушы рөлінде қалып қойдық», – деп сол идеологияның жағымсыз тұсын да мойындайды.
ХХ ғасырдың басындағы Алаш қайраткерлері біздің бүгінгі тәуелсіздігімізді көксеп, халық жағдайын жақсартатын демократиялық ел болуға, Ресейден іргесін аулақ салуға ұмтылғанын айтады. Олардың да тарихи кезеңнің құрбаны болғандығын, яғни Уақытша үкіметті қолдап, бодандықтан құтылдық деп алданып қалып, кейіннен большевизмге қарсы тұрғандығы үшін шетінен аяусыз жазаланғанын да жоққа шығармайды. Алаш азаматтарының бар жазығы еркіндік үшін күресіп, орталықтың билеуші тобымен идеялық көзқарасы қайшы келгендіктен, идеялық наным жолында олардың қиянат құрбаны болғандығы жанын күйзелтеді.
Бұл күйзелісті осы жазықсыз жазалаудың араға жылдар салып барып өзіне соққы болып қайталануынан кейінгі жан дүйесінің айғайы деп ұққанымыз жөн болар. Себебі, 1980 жылдары КОКП ОК мен Қазақстан КП ОК-не жоспарлы тәртіпті бұзғаны және мемлекет қаражатын сұраусыз шашуда деген мазмұндағы жасырын шағымдар түсе бастады. Шағымдарда Шымкентте жоспардан тыс демалыс аймағы салынды деген айыптаумен тексеру ұйымдастырылды. Сөйтіп 1984 жылы КОКП ОК бүкіл ел бойынша жоспарланбаған нысандарды тексеру туралы шешім қабылдады. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Шымкентте КОКП Орталық комитетіне демалыс аймағының жоспарланбаған құрылысы туралы жасырын шағым қайта жіберіледі. 1985 жылы КОКП ОК шағымды тексеру үшін комиссия жіберді. Ұйымдастыру-партиялық жұмыс бөлімінің меңгерушісі Н.Ф. Мищенко бастаған үш адамнан тұратын комиссия бір ай бойы тек демалыс аймағын ғана емес, сонымен қатар халық шаруашылығы саласын, кадрлық мәселелерді де тексерді. Нәтижелері бойынша тек екі баспа бетінде анықтама жасалды. Сонымен қатар, демалыс аймағы заңсыз салынғанын растаудан басқа, қорғасын зауытында артық 3 мың тонна қорғасын тіркелгені, сол үшін зауыт директоры обком шешімімен партиялық жаза арқалап, орнынан алынғаны ғана айтылды. Сарыағаш санаторийінің аумағында салынған сарай атап өтілді. Бірақ, бұл сарайды Ауыл құрылысы министрлігі, ҚКП ОК Іс басқармасының тапсырысы бойынша Қазкәсіподақ салдырған еді. Комиссия басқа ешқандай заң бұзушылықты анықтаған жоқ. Облыс басшысы А.Асқаров КОКП ОК атына толық жазбаша түсініктеме береді. Онымен КОКП ОК ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.К.Могильниченко әңгімелесті.
Осы мәселеге қатысты 1985 жылы 25 маусымда ҚКП ОК бюросы болып өтті. Бюро басталар алдында Д.А.Қонаевпен кездесіп, шағымдағы көрсетілгеннің бәрі белгілі екенін, солай бола тұра рұқсат берілгендігі туралы әңгіме өрбиді. Осы бюрода А.Асқаровты ҚКП Шымкент обкомының бірінші хатшысы қызметінен босату туралы қаулы жобасы оқылды. Ал 27 маусымда өткен КОКП ОК пленумынан кейін Бас хатшы М.С.Горбачевтің қабылдауында болып, істің себебін түсіндіріп, өзін кінәлі деп санамайтындықтан шешімді өзгертуді өтінеді. Осының алдында ғана А.Асқаров зейнеткерлікке шығу туралы өтініш берген болатын. Ал 1985 жылдың 11 маусымында ұйымдастыру мәселесін қарастырған облыстық партия комитетінің пленумында оны босатып, облысқа жаңа хатшы сайланды. Партияның жарғысы осы жолы да өрескел бұзылады, себебі бұрынғы хатшы пленумға шақырылып, пленум мүшелерінің алдында жауап беруі тиіс еді. Тіпті шақырмақ туралы, пленум туралы хабар да берілмеген.
1986 жылдың желтоқсанында ҚКП ОК-нің басшылығы ауысып, осыған байланысты Желтоқсан көтерілісі өтіп, республикада біраз адамдар тағы да партиялық қуғындау құрығына ілігеді. Соның бірі – А.Асқаров еді. Ол 1987 жылы 19 наурызда Алматы қаласы Фрунзе аупарткомының бастауыш ұйымында есепте тұрғандықтан оның жиналысына шақырылады. Жиналыс алдында ҚКП ОК жанындағы партия комиссиясының төрағасы қол қойған Шымкенттегі демалыс аймағын тексеру нәтижелері бойынша КОКП Орталық комитетінің комиссиясы жасаған, бірақ басқа жолмен берілген анықтамасымен таныстырады. Сонымен қатар, ҚКП ОК хатшысы З.Камалетдиновтың (мәтінде осылай берілген) идеология жөніндегі қарары бойынша А.Асқаровтың партияға мүшелігі талқыланады да, кейін партиялық бюрода қарау басталды. Жеке істің қойылуы, оны 1985 жылы 25 маусымда жоспарлы тәртіпті бұзғаны үшін босатқан кезде, Д.А.Қонаев либералдық шешім қабылдағандығымен байланысты болды. Талқылау кезінде бюроның пікірі екіге бөлінді, содан кейін олар бюроның кейбір мүшелерін атқарушы комитетке көндірді. Бюро отырысынан кейін жалпы партия жиналысы қайта өтеді. Шешім шығаруда көбірек дауыс алу үшін үш рет дауыс беріледі. Жиналыс барысында оның жоғарыдан ұйымдастырылғаны және Асқаровты КОКП қатарынан шығару міндеті белгіленгені анық болды. Сөйтіп 1987 жылдың наурызында Алматы қаласының Фрунзе ауданындағы № 99 тұрғын үй-пайдалану учаскесінің күтпеген жерден шақырылған партия жиналысында Мәскеуден келген нұсқау орындалды. Негізгі кінә – Шымкентте жоспардан тыс демалыс аймағын салдырғандығы (ҚР ПА. 245-НЛ-қ., 1-т., 11-іс, 1-27-пп.).
Сондай-ақ, осы жиналыста А.Асқаровқа рушылдық кінәсі де тағылды. Бұған жауап ретінде: «Бірақ мен рушыл емеспін. Ал шыққан текті, тарихты білу – кімге болса да парыз. Жеті атасын білмеген ер – жетім. Әрине, рушылдыққа бөлінуге болмайды. Бізді құртып жүрген осы рушылдық. Басымыздың бірікпеуі, көрінгенге жем, әлдекімнің қолшоқпары болып, ақыр аяғында зардап шегіп жүргеніміз де осы рушылдықтан. Бұл дерттен арылмайынша бізге жақын арада жақсылық келуі мүмкін емес» («Жазықсыз жүрегім жараланды» А.Асқаровпен сұхбат // Оңтүстік Қазақстан, 1992. 3 қазан), – дейді А. Асқаров.
Осы бюро мәжілісінде КСРО Жоғарғы Кеңесі депутатының мандаты да кері шақыртып алынды.
Көп ұзамай абақтыға жабылып, тергеуге алынып, жазықсыз жазаға ілінеді. Орталықтың тапсырмасымен тергеушiлер В.И. Калиниченко, Ю.Г. Сидоренко, Гаврилов, Клещевтер Асанбай Асқаровтан Л.И.Брежневтiң, Д.А.Қонаевтың, М.С. Соломенцевтiң, Е.К.Лигачевтың, И.В. Капитоновтың, Разумовскийдiң, Б. Әшiмовтың, Н.Ә.Назарбаевтың үстерiнен қылмыстық түсiнiк беруiн ашық әрi арсыздықпен талап етедi. Түрмеде жатқан кезінде КОКП ОК Бас хатшысы, КСРО Президентi М.С.Горбачевтың атына сегiзден астам арыз жазады, бiрақ ешқандай да жауап алмайды. Сотта сөйлеген сөзінде: «Менiң тұтқынға алынуымның сценариi алдын-ала жасалынып, әдейi жоспарланғанына сенiмдiмiн. Бұл Г.В.Колбиннiң, республика прокуроры Ғ.Б. Елемесовтың және В.И. Калиниченконың қолдарымен iстелiнген iс. Егер олардың Д.А.Қонаев жөнiндегi ойлаған iстерi жүзеге аспаған жағдайда, олар маған саяси iстi таңып, ату жазасына жiбермекшi болды. Бұл Калиниченконың өз сөзiмен дәлелденген» (ҚР ПА. 245-НЛ-қ., 1-т., 11-іс, 1-27-пп.). Осылайша онымен бірге айыпқа тартылған Л.У. Бекжановты, Ұ.Арғынбековты, Ә.Б. Көмекбаевты, Т.Ахметовты, Н.И. Алтуниннiң, Т.Ақмұрзаевтарды азаптау арқылы мойындатқызған. Сот барысында белгiлi болғанындай оларды мойындата отырып Д.А.Қонаев пен А.Асқаровты қаралау қажет екен. Ол жолда талай қиянат пен қаралау әрекеттері жүргізілді. Бұл турасында Д.А.Қонаев: «Одақтық прокуратураның тергеушісі Калининченко республиканың бірқатар жауапты қызметкерлерінің беделіне нұқсан келетін материалдар алу үшін тірі жан төзбес қиянаттарға дейін барды. Халқымыздың аяулы азаматтарының бірі А.Асқаровты ақ жерден қара қылғысы келді. Бішкекте өткен сот процесі кезінде Калиниченко және оның шаш ал десе, бас алуға даяр тобы өз дегендеріне жету үшін сұрақ алу үстінде білгендерін істеген. Қылбұрау салып, соққыға жыққан. Қаны кепсе де су бермей азаптаған. Талайдың қанын мойнына жүктеген баскесерлермен бірге бір камераға салып, адам намысына тиер қорлықтар көрсеткен. Жәбірлеу, ұрып-соғу, тілдеу, алдап-арбау арқылы жалған түсінік алмақ болған. Ақыры тергеушілер ешнәрсе шығара алмады. Өйткені, Асанбайдың, Дүйсетайдың және басқа да жазықсыз жапа шеккендердің ары таза. Оқ иіліп сынбайды. Адал адам жаладан мерт болмайды» (Қонаев Д. Ақиқаттан аттауға болмайды. Алматы: Санат, 1994. 441-442-бб.), – деуі ақиқаттың ақ жолының адастырмайтынын көрсетеді.
«Менің соңғы жылдардағы тағдырымның күрт өзгеруіне Мәскеу кінәлі емес. Сол кездегі Одақтың басшылық тізгінін қолдарына шиыршықтап ұстағысы келген өктемшілер мен әпербақандар кінәлі. Тек айтарым: әділдік пен адалдықты әрдайым халық қолдайды. Қорғанның да, қолдаушының да үлкені сол. Әділдік пен адалдықтың алды да, арты да жарық» (Асқаров А. Өсиеттей өлмейтін сөзім қалса... Алматы: М.Х. Дулати қоғамдық қоры. 2007. 144-б.), – деген сөзінің астарында талай шындық жатыр.
Халқына істеген адал қызметі мен өзінің азаматтық адалдығы мен ақтығының арқасында халықтың қолдауымен, жер-жерде «Асқаровты қорғау жөніндегі қоғамдық комитеттер» құрылды. Араға төрт жыл салып әділдік жеңіп, адалдығына сызат түсірмеген Асқаров соттың шешімімен ақталып шығып, халқымен қайта қауышты.
«Асанбай Асқаровтың рухының шарболаттай беріктігі сонша, азап абақтысынан ақталып шыққан соң да құлшына жұмыс істеп, қасиетті қаламды қару етіп, толағай кітаптар жазды. Терең тарихтан бастап, бүгінгі заманға дейінгі құбылыстарға талдау жасап, әділ бағасын бере алды.
Бұл ретте ол терең тарихшы, шебер публицист, ақын, жазушы ретінде танылды. «Мемлекет қайраткерлеріне лайық қасиеттер: биік білім, әр іске әділеттілік, адамгершілік сана, интернационалдық сапамен қатар ұлттық намыс пен ұлттық тілеуқорлық Асанбай бойында тұнып тұрар еді» (АО МА. 1252-қ., 1-т., 142-іс, 1-5-пп.), – деген Халық жазушысы Ш. Мұртаза пікіріне толық қосыламыз.
А.Асқаров – «Тағдыр» (1992), «Жұмақ пен тозақ жырлары» (1992), «Көзқарас» (1997), «Ұлы Тұранның ұлдары» (1998) және т.б. кітаптар мен көптеген мақалалардың авторы. Бұл еңбектері ғұмырнамалық, публицистикалық, тарихи танымдық жанрдағы, терең білім мен мағыналы ойдың қазынасына қосылған шығармалар.
Әсіресе, А.Асқаровтың «Ұлы Тұранның ұлдары» кітабындағы қазақтың біртуар ойшылдарынан бастап, өз дәуірінің Ж. Шаяхметов, Н. Оңдасынов, І. Омаров, Қ. Сәтбаев, Д. Қонаев, Н. Хрущев, Л. Брежнев, Ю. Андропов, К. Черненко, М. Соломенцев, О. Мирошхин, М. Горбачевтің «саяси портреттер» галареясын тарихи негізде ғұмырнама жанрында публицистика дәстүрінде сомдап шығуы үлкен шеберлік.
Ұлт тағдырын, ұлт мүддесін әр уақытта қорғай отырып, еліне, халқына аянбай адал еңбек сіңірген қазақтың тау тұлғалы, жаны жайсаң, көңілі дария, көкірегі қазына, Алатаудай асқақ қос кемеңгер, ұлтжанды ұлдары – Дінмұхамед Қонаев және Асанбай Асқаровтың арасындағы өзара құрмет пен сенім туралы тоқталмай кету мүмкін емес.
Сонау 1945 жылы Мойынты-Шу темір жолы салына басталған кезде басталған таныстық пен өзара түсіністік, сыйластық, құрмет пен сенім 1965-1978 жылдары Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Д.А. Қонаевпен тізе қосып қызмет еткенде де, кейінгі жылдардағы қызметінде де, басына іс түскен сындарлы сәтте де араға сызат түсіре алмады.
Бұл жөнінде А.Асқаровтың: «Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев XX ғасырдың аса көрнекті тұлғасы, өз халқының адал ұлы. Тарих талай тұлғаларды біледі. Оны республика басшысы, саяси қайраткер ретінде ғана емес, адам ретінде де жақсы білемін. Қызметтің аты – қызмет. Қызметте ресми қатынастарды сақтау керек», – деген пікірінен асып кете алмаспыз.
А.Асқаров дербес зейнеткер мәртебесімен демалысқа шыққаннан кейін де қоғамдық өмірден біржола қол үзген жоқ. Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Бәйдібек-Сыланды» қоғамының және Мұхаммед Хайдар Дулати қорының президенті міндеттерін атқарып, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүріп, ғылыми конференциялар мен әртүрлі жиындарда сөз тізгінін ұстап, игі шаралардың ұйымдастырылуына қолдау көрсетіп отырды.
А.Асқаров 2001 жылдың 13 тамызында дүниеден озды.
Сонымен, А. Асқаров өмірі мен қызметі туралы сан түрлі архив құжаттарын, өзінің ғылыми мұрасын, мемуарлық шығармалары мен әртүрлі деңгейдегі мәжілістердегі сөйлеген сөздерін, жасаған баяндамаларын, баспасөз беттеріндегі материалдарын, ұзақ жылдар қызметтес болған әріптестері мен замандастары, шәкірттерінің естеліктерін саралай келей 26 жылдан астам уақыт бойы ол партия идеяларына да, қазақ халқына да адал қызмет еткеніне көз жеткіздік. Осыларды саралай келе кешегі қарапайым ауыл мектебінің мұғалімі, комсомол жетекшісі, аудан басшысы, 22 жыл КОКП ОК мүшесі, 30 жылға жуық КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, 18 жыл оның тұрақты комиссиясының төрағасы, 27 жыл Қазақстан Компартиясы ОК мүшесі, 13 жылдан аса ҚКП ОК бюро мүшесі, Жамбыл, Алматы және Оңтүстік Қазақстан обкомдарының бірінші хатшысы, сол облыстардың атқару комитеттерінің депутаты болып сайланған қайсар да қажырлы қайраткердің, іскер азаматтың, адал ұлт перзентінің саяси және адами портретін түзуге тырыстық.
Қорыта келгенде, саяси арпалыстарға толы аласапыран ХХ ғасырда өмірге келіп, қалыптасып, сол дауылды толқындардан тайсалмай халқына қалтқысыз адал қызмет еткен, оны өзінің парызы деп түсінген таутұлғалы азаматтардың қатарында А. Асқаровтың есімі де тарихқа алтын әріппен жазылады деп ойлаймыз. Қадірі – өзі туып-өскен Қаратаудай, абыройы – Алатаудай асқақ қайраткердің ғибратты ғұмыры, өсиетпен өрнектелген өнегелі өмірі қашанда өшпес шырақ болып қалары хақ. Ендеше, осындай айтулы тұлғалардың артында қалған бай мұрасы мен қайсарлық пен төзімділікке толы өмір жолын, ұлт мүддесі жолындағы қызметін ұлықтау мен дәріптеу кейінгі ұрпаққа парыз болмақ.
Сәбит ШІЛДЕБАЙ, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымының кандидаты
Зирабүбі ТӨЛЕНОВА,
8486 рет
көрсетілді0
пікір