• Ел мұраты
  • 28 Мамыр, 2024

Сәтбаевтың ән мұрасы

Бағлан БӘБІЖАН, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы «Халық әні» кафедрасының аға оқытушысы, фольклорлық ғылыми-зерттеу лабораториясының меңгерушісі, PhD
Жайна ТАРҒЫНОВА, «Халық әні» кафедрасының студенті

 

Қазақ музыка мәдениетінің тарихында Александр Затаевич үлкен рөл атқарды. Қазақ музыка мәдениетіне қосқан үлесі оның шығармашылығына берілген бағаның лейтмотиві болды. Қазақ өнерінің маңдайына біткен осы бір орыс зерттеуші-этнографының арқасында қаншама қазақ әні мен күйі сақталып, осы заманға жеткені белгілі. 
А.Затаевич қазақ музыкасын алғаш рет 1920 жылы 50 жасында, Орынборға көшіп келгенде естіген. Одан бұрын ол Мәскеуде, Варшавада, Петроградта ұзақ жылдар бойы газетте музыка сыншысы қызметінде болды. Қазақ халқының дала музыкасы, А.Затаевич өзі мойындағандай, әндері мен күйлерінің «ерекше поэзиясымен, сұлулығымен, әуезділігімен» баурап алды. Ол әуел бастан-ақ бұл музыканы өткеннің мұрасы мен ескерткіші ретінде емес, «ерекше әсер ету күшінің тірі туындысы» ретінде қабылдады. Бұл «ауқымды музыкалық қазынаның» жалпы еуропалық жұртшылық үшін беймәлім болып қалуы оған түсініксіз болды. Ол қазақ халқының осы уақытқа дейін зерттелмеген музыкалық байлығын ортақ игілікке айналдыруды мақсат етіп, сарқылмас жігермен іске кіріседі, қазақ даласынан білгір музыканттарды іздейді, әуесқойларды тыңдайды, бұрын ешкім нотаға түсірмеген әуендерді тауып жазып алады. 
«1922 жылға қарай, үш жылға жетер-жетпес уақытта – А.Затаевич мыңнан астам музыкалық мұраны жазып алады. Республикамыздың 20-шы жылдардағы қоғамдық өмірінің орталығы болған Орынборда «Қазақ халқының 1000 әні» деген атпен тұңғыш ән жинағы жарық көрді. Қазақ музыкалық шығармашылығының озық үлгілерін сақтап, «жалпы мәдени айналымға» енгізу ниетімен шабыттанған А.Затаевич Семейде, Павлодарда, Ертісте, Оралда, Қызылордада жаңа материалдар жинауды жалғастыра отырып, Қарқаралы және Бөкей далаларында болды, мыңдаған шақырымдық қашықтықтарды бағындырады» [1, 5]. 
 1931 жылы жарық көрген келесі жинақ «Қазақ халқының 500 әні мен күйі» деп аталды. Осыдан кейін А.Затаевич өзінің энциклопедиясының үшінші және соңғы томын дайындады, оған Қазақстанның оңтүстік-шығыс және оңтүстік облыстарында, Алматыда, Ташкентте және басқа қалаларда түсірілген жазбалар енгізілуі тиіс еді, бірақ А.Затаевич ол үшінші томын шығарып үлгерген жоқ. Дегенмен де ол тек қазақ әндерін емес, қазақ жерінде сол кезде тұрған басқа да ұлттардың музыкалық мұрасын қатар жазып жүрген, нәтижесінде 1933 жылы оның «Қазақ татарларының 60 әні», 1934 жылы «Қырғыздың 250 аспаптық пьесалары мен күйлері» жинақтары жарық көрді. 
АЗатаевич шығарған «Қазақ халқының 1000 әні» және «Қазақтың 500 күйі мен әні» жинақтарында алғаш рет Абай Құнанбаев, Құрманғазы Сағырбаев, Дәулеткерей, Біржан Қожағұлов, Жаяу Мұса Байжанов, Балуан Шолақ, Мұхит, Ыбырай сияқты көрнекті халық композиторларының, сондай-ақ көрнекті халық орындаушылары Әміре Қашаубаев, Ғаббас Айтбаев, Қали Байжанов және басқа да әнші-композиторлардың әндері мен күйлері жарық көріп, автор олардың шығармашылығына сипаттама береді. 
«А.Затаевич қазақтың музыкалық мұрасын тек халық әншілері мен күйшілерінен ғана жазып алмай, қарапайым халықтан да жазып ала берген, олардың ішінде балықшы, саудагер, етікші, тігіншілер, студенттер де болды. Сондай-ақ, сол кезде еліміздің астанасы болған Орынборда әртүрлі басшылық қызметте болған қоғам қайраткерлері, ақын, жазушылар, ағартушылардан да біраз ән-күй жазып алған. Олардың арасында Әлкей Марғұлан, Ильяс Жансүгіров, Ахмет Байтұрсынұлы, Смағұл Сәдуақасов, Қаныш Сәтбаев тағы басқалар болды» [2, 45]. 
Бұл мақаламызда біз А.Затаевичтің «Қазақ халқының 500 әні мен күйі» жинағына Қаныш Сәтбаевтың берген әндеріне тоқталмақпыз. Ең әуелі Қаныш Сәтбаев кім болған, қазақ қоғамында алар орны қандай, осы мәселелер туралы айтып кеткеніміз дұрыс. 
Қаныш Сәтбаев – көрнекті геолог-ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы, Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы және тұңғыш президенті, КСРО ҒА академигі. Қаныш Сәтбаев 1899 жылы 12 сәуірде Теңдік ауылынан 1 километр қашықтағы Айрық деген жерде дүниеге келді. Бүгінде бұл – Павлодар облысы Баянауыл ауданы Сәтбаев ауылдық округіндегі Мұса Шорман ауылы. Оған Ғабдул-Ғани деген есім берілген. Анасы ұлын еркелетіп Ғани, Ғаныш деп атапты. Артынша баланы барлығы Қаныш деп атай бастаған. Қаныш Сәтбаев ауыл молдасынан білім алады. Ол араб, парсы тілдерінде оқыған. Мұнан кейінгі екі жыл көлемінде Сәтбаев уездегі алғашқы қазақ-орыс мектебінде білім нәрімен сусындайды. Одан кейін оның өмірінде немере ағасы, орыс филологиясының оқытушысы А.З.Сәтбаев (1937 жылғы репрессияда ол атылады) басқарған Семей мұғалімдер семинариясындағы кезең басталады. Семей қаласында Қаныш Сәтбаев А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, демократ ақын С.Торайғыровпен кездескен, М.Әуезовпен және Ә. Марғұланмен бірге оқыған. 
1921 жылы жазда Қаныш Имантайұлы Баянауылға емделуге келген кезде, сол кездегі Сібір өңірінің ірі мәдени орталығы Томск қаласындағы технология институтының профессоры (кейін академик болған) Михаил Усовпен танысады. Өзі өмірден озғанша ұстаз санаған профессор М.А.Усовтың ықпалымен Қаныш Имантайұлы 1921 жылы Томск технология институтының кен факультетінің геологиялық барлау бөліміне оқуға түседі.
Институтты бітіргеннен кейін Қ.И.Сәтбаев өзінің туған еліне оралып, өмірінің басым көпшілігін қазақ геологиясын зерттеуге және туған өлкесінің минералдық шикізат негізін жасауға арнап, барлау, ғылыми ізденіcтерінің нәтижесін өндіріске енгізуге, республикамызда индустрия алыптарын салуға зор үлес қосты.
Академик Қ.И.Сәтбаевтың көп қырлы талантының жарқын көрінісі – ол ғылыми жұмыстардың ұлы ұйымдастырушысы болды. Оның халқына мұраға қалдырған қазынасы – іргесін өзі қалаған ғылым ордасы Қазақстанның Ұлттық Ғылым академиясы. Бұл жерде 1943 жылдан бас­тап Қаныш Сәтбаев өзі төраға қызметін атқарды. Сол жылы Қ.И.Сәтбаев геология ғылымындағы үздік жетістіктері үшін КСРО Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, ал 1946 жылдан толық мүшесі (академик) болып сайланды. Ол сол кезде КСРО-ға кірген күншығыс республикалары халықтары өкілдерінен шыққан тұңғыш академик еді. 
Қаныш Сәтбаев тек өзінің мамандығымен шектелген жоқ, жан-жақты білімді болған еді. Ол кісінің ғылым саласында салған сара жолы бір бөлек, өнер әлеміне қосқан жаңалығы баршылық. Қаныштың өнерге деген ықыласын мына бір оқиғадан көруге болады. Семинарда оқып жүрген кезеңде ол Мұхтар Әуезов сынды тұлғалармен жолдас болған. Мұхтар, Жекей деген үш бала пәтерде тұрып, оқуды бірге бітірді. Шығармашылық ізденісте жүрген жастар әртүрлі кештер ұйымдастыратын. Бұл кеште Қаныш та түрлі өлеңдер оқып, әндер айтып, мың құбыла кейіптерге енетін. Ол қойылымның бірінші бөлімінде сахнаға Қобыланды батыр болып шықса, қалған бөлімде небір әндерді орындап шығады. Оның ішінде Жарылғапбердінің әні, Мұстафаның әні, «Топайкөк», «Баянауыл», «Көзімнің қарасы», т.б. әндерді шебер орындаған. Қаныштың әншілік өнері жайында Сәтбаевтың хатшысы болған Сіләмхан Жаппархановтың сөздерінен мысал келтіруге болады: «Қанекең сегіз қырлы, бір сырлы болатын. Павлодар, Семей жақтың әндерін керемет орындайтын» [4, 36]. 
Қаныш Имантайұлының әнге әуестігі атаның қанымен берілген қасиет болса керек. Атасы Сәтбай да, әкесі Имантай да өнер десе ішкен асын жерге қойған. Өз заманының талай жыршы-жырауларымен дастарқандас болған. Бала Қаныш, бозбала Қаныш қазақтың ән-жырын кішкентайдан құлағына сіңіріп өскен. Жаяу Мұса мен Естайды бала күнінен білген. Жаяу Мұсаның әндерін өзінен тікелей үйренген. Баянауыл әндерінің жан сергітер ғажап әуенін бойына сіңірумен есейген Қаныш Имантайұлы домбыра шертіп, сүйікті әндері «Шама», «Бір бала», «Мақпал», «Салайын», «Қорланды» әуелете шырқаған. Кейіннен сол әндерді қазақтың ән мұрасын жинау­шы, әйгілі музыкатанушы Александр Затаевичке айтып берген.
А.Затаевич қазақтың халық әндерінің білгірі әрі жақсы орындаушысы ретінде Қ.Сәтбаевтың дарынын жоғары бағалаған. Қаныш Сәтбаев әндердің тарихын да өте жақсы білген және шебер әңгімелеп айтып бере алған. Ол жас кезінде әдемі ән де салған, халықтың музыкалық шығармаларын да жинаған. А.В.Затаевичке жиырма бес ән жаздырған. Олар белгілі музыка зерттеушісінің 1931 жылы Мос­квада шыққан «Қазақтың 500 әні мен күйі» атты еңбегінде жарық көрді. А.В.Затаевич: «1926 жылы Семей облысы мен Қарқаралыға барған сапарымның нәтижесінде 280-ге жуық ән жиналды, олар Москвада әйгілі әнші Әміре Қашаубаев пен әнқұмар да білгір Қаныш Сәтбаев және басқаларының айтуы бойынша жинаған бірнеше ондаған жазбаларыммен бірге қосылып, кітаптың Семей бөліміне енгізілді» [1, 324-348], – деп жазды. Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтан жазылып алынған әндерге берілген ескертуде былай деп көрсетілген: «Қаныш Сәтбаев – Томск технологиялық институтынан білім алған жас қазақ инженері. Баянауыл әндерін жете білетін, жақсы орындайтын. Ол бұл жинаққа тек әндердің әуені жайлы құнды мәліметтер беріп қана қоймай, әндердің сөзі мен орысша аудармасын да табыс етті» [1, 341]. 
А.В.Затаевич өмірден өткен соң Қ.Сәтбаев академик А.Жұбановпен бірге оның Мәскеудегі үйіне барып, жұбайы мен қызынан оның артында қалған мол мұрасын алып, Қазақ КСР Ғылым академиясының қорына тапсырды. Бұл оқиға туралы А. Жұбанов өзінің «Өскен өнер» атты еңбегінде жазып кеткен. 
Қ.Сәтбаевтың А.Затаевичке берген әндерінің кейбірі сөзбен, кейбірі сөзсіз жазылған және де бұл әндер автордың «Қазақ халқының 1000 әні» жинағындағы кейбір әндердің бір нұсқасы болып келеді. Мысалы, А.Затаевичтің Қ.Сәтбаевтан жазып алған ең бірінші әні «Мақпал» деген ән. Бұл ән жинақта сөзімен берілген. («Мақпал» деген атаумен осы жинақта басқа да әндер бар; №406 және «1000 ән» жинағында № 146, 214, 622 және 655. Мақпал (V). 
Сонымен қатар «Іңкәр», «Қорлан», «Қара жорға» сынды әндердің де «1000 ән», «500 ән» жинақтарында аттас түрлері бар. 
Келесі ән «Басқұлбай» әні. Бұл ән жинақта сөзімен берілген. «Басқұлбай» әніне төмендегідей сөздер келтіреді:
Қара тайдың үстінде қарғып жүрмін-ай,
Байқасаңыз, ағалар,
Неғып жүрмін, Башқұлбай?!
Сол сияқты «Обаған, ойбай, балам!» әні: 
Обаған, тік жағаларың мен тәтті суларың!
Саған деген сағыныштан жаным ауырады!
Далада жалғыз махаббатым сен едің.
Мен сен үшін өзімді құрбан ете алмадым!
«Ажар сарыны (V)» әні. А.Затаевич бұл ән туралы мынадай дерек келтіреді: «Сарын – мұңды ән, Ажар – Қарқаралы ауданында тұрған, осы әнді шығарған соқыр әншінің аты» [1, 341]. Бұл ән жинақта сөзімен берілген. Міне, оның мәтінінің басы:
Менің әкем Шұртыбай, атым Ажар.
Жүрген жері Ажардың күнде базар.
Үш жасымнан Құдайым көзімді алып.
Сол себепті атандым «Соқыр Ажар». 
Келесі ән – «Салайын» әні. Бұл ән жинақта сөзімен берілген. 
Қаласаң, ойнақы ән айтамын
Өрісімен қызыққан сұлудай!
Оған сұлу отырғанда,
Жүрісімен жүгірген қызыл аттай. 
«Жарылғап сарыны (VI)». А.Затаевич бұл ән туралы былай дейді. «Жарылғап – ХІХ ғасырдың аяғында өмірден өткен атақты Баянауыл ақыны. Ол «Қанапия», «Топайкөк» сияқты көрнекті әндердің авторы» [1,342]. Бұл ән жинақта сөзімен берілген. «Жарылғап сарыны» әнінің сөзі: 
Бұған атын жамылған жақсы,
Қыздар бар жерде, уаула, ойна.
Ал кешкі қараңғыда, өтіп бара жатқанда
Ақ жүзді арудың киіз үйіне қонаққа кел!
Келесі ән «Іңкәр» әні. Бұл ән жинақта сөзімен берілген. 
Шыңғыстың қызы бар Іңкәр атты, 
Кімнің сөзі балдан тәтті! 
Бұл әннің мұңды да әдемі әуені – осы жинақта № 100, 387 және «1000 әнде» 748-ші нөмірлермен орналастырылған «Аққұм» әнінің бір нұсқасы.
 Келесі ән «Арғы жағы Ертістің» әні. А.Затаевич бұл ән туралы: «Ән тарихи сипатқа ие, XVIII ғасырда Ертістің оң жағалауында орыс казактарының қоныстары түріндегі алғашқы бекініс нүктелері пайда болған еді, «бөтен» қазақтар жалдамалы жұмыскер ретінде тартылған» [1, 342]. Бұл ән жинақта сөзімен берілген. Оның сөздері: 
Ол Ертістің жағасы – тезек шұңқыры,
Кедейлік бізді қорлаған орыстар мен татарларға айдап апарады!
Уа, қымбаттым, ардақты халқым!
Мен сені қайтадан көремін бе?
Келесі ән «Сал Қожабек» деп аталады. Бұл ән жинақта сөзімен берілген.
«Сал» келді деп, 
Қыздар-ай, айтпаңдар
Қарт адамдай
Жақтары салбыраған.
Ой, қыздар!
Мен әлі қартайған жоқпын! 
Тағы бір ән «Шаһиданың әні». А.Затаевич бұл ән туралы былай дейді: «Шаһида бір кездері далада жанкүйерлері көп болған сұлтан, ақын. Ол Ақмола губерниясының Көкшетау ауданынан келген, Баянауыл облысында тұрған. Қартайып соқыр болып, осы әнді шығарды» [1, 342]. 
Келесі ән «Құла жекей» әні. А.Затаевич бұл ән туралы: «Құла жекей» – «жалғыз» тұлпар, яғни бәйгеде қарсыластарын артта қалдыратын ат» деп жазады [1, 342]. Тағы да бір нұсқасы «1000 ән» жинағында №781 «Сарғайдым сені ойлап» әні ретінде берілген. «Қара жорға (III)», басқа да аттас әндер «1000 ән» жинағында №624 және осы жинақта №321 нөмірімен берілген. «1000 ән» жинағында «Қоғалы көл» әнінің Мұхтар Саматовтың орындауындағы басқа нұсқасы №761 нөмірімен бар болатын. 
Келесі ән «Базарбек» әні. Бұл ән туралы мынадай мағлұмат берілген: «Базарбек – азғырушы. Одан бала туған қыздың мұңлы әні» [1, 343]. Ол әннің сөзінің мағынасы төмендегідей болып келеді: 
Егер бауырластар, оның кім екенін сұрасаңдар,
Жемісімді арқанмен жұлып алған Базарбек осы! 
«Сарын» (VI) – Шөженің әні (II). Басқа да Шөже әндері №193, 353 және 354 нөмірлерімен берілген. Келесі ән «Зілғара әні». Бұл ән туралы жазып алушы былай деген: «90 жастағы Зілғара қария жас әйелге үйленіп, көп ұзамай ол үшін қалыңмал төленді. Ессіз күйде ол мынадай ән шығарды» [1, 343]. 
Келесі ән «Әлди, бөпем (II)» деп аталады. Ол ән туралы автор былай дейді: «Бұл бесік жырын бойжеткен өзінің ғашығынан дүниеге әкелген баласына арнап айтады, және ол сүймегеніне амалсыз күйеуге шығуға мәжбүр еді. Сол әннің «Зұлқия» деп аталатын тағы бір нұсқасы «1000 әнде» 740-ші нөмірімен берілген» [1, 343]. 
Тағы бір ән «Қорлан (V)» деп берілген. А. Затаевич бұл ән туралы былай дейді: «Бұл Қорлан «1000 ән» жинағына №51, 178, 208 және 717 нөмірімен қойылған аттас әндерге мүлдем ұқсамайды» [1, 343]. 
Бұдан басқа Қаныш Сәтбаевтан «Ал, шіркін», «Сұңқарым-ай», «Мекіш әні», «Әмірдің әні», «Қисса әні – Сарын (VIII)», «Тәліпжанның әні», «Бибігүл» әндері де жазылып алынған. Бірақ бұл әндер нотаға түскенімен, сөздері жазылмай қалған. 
1999 жылы Қаныш Сәтбаевтың 100 жылдығына орай, сол кездегі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерватория­сы Халық әні кафедрасының ұстазы, әнші Бекболат Тілеухан шәкірттеріне осы әндердің бірнешеуін нотадан шығарып келуді тапсырып, оларды Қазақ радиосының Алтын қорына жаздырған. Олардың ішінде Клара Төленбаеваның орындауында «Бибігүл» әні, Медет Салықовтың орындауында «Салайын» әні, Бағлан Бәбіжанның орындауында «Ажардың сарыны» деген әндер бар. Сол игі істің арқасында А.Затаевич жазған бірнеше ән қайта жаңғырып, алтын қорда сақталып, 2000 жылы жарық көрген «Қазақтың 100 әні» аудио антологиясына енді. 
Академик Қ.И.Сәтбаевтің өнер саласындағы еңбегін көптеген деректермен негіздей келіп, атақты өнертанушы, композитор А.Қ.Жұбанов былай деген еді: «Қанышекең еш уақытта да өнер саласына қамқорлығын үзген жоқ. Ол бірінші бесжылдықтың жоспары жасалғанда, өзінің баяндамасында, қағаз бетіне түсірткен Академияның жоспарында 1965 жылы Академия құрамында өнер институтын ашуды енгізді. Оның өміріміз үшін керек екендігін тайға таңба басқандай етіп анықтап, ғылыми тұрғыдан дәлелдеді. Біздің күн санап өсіп келе жатқан өнеріміздің ғылыми негіздеуді керек ететінін түсіндірді… Қанышекеңнің Қазақстан жағдайындағы ісінің аумағы, көлемі, мәні өзіне әзір теңеу таппайтын іс. Өзімен бірге кейін қалғанымен қатар, бізге қалғаны да мол» деп келтірген болатын [5, 73]. 
Қаныш Сәтбаевтың орындауында А.Затаевичтің «Қазақ халқының 500 әні мен күйі» жинағына енген әндері осы уақытқа дейін толық зерттелді деп айта алмаймыз. Жоғарыда айтып кеткендей, оның А.Затаевичке берген 25 әнінің тек үш-төртеуі ғана қазіргі кезде таспаға жазылып, орындалып жүр. Биылғы жылы ғалымның 125 жылдық мерейтойының аясында консерваторияның «Халық әні» кафедрасының бір топ ұстазы оның А.Затаевичке берген барлық әндерін студенттерге үйретіп, қайта жаңғыртып, радионың Алтын қорына жаздыруды жоспарлап отыр. «Қаныш. Қазына» фильмінің бас продюсері болған, музыка зерттеуші ғалым, өнертану кандидаты Айгүл Қадырғалиқызы Байбек Қаныш Сәтбаевтың А.Затаевичке берген әндерінен концерт ұйымдастырып, ол бағдарламаны ғалымның туған жерінде қоюды жоспарлап, ұйымдастыру жұмыстарын қолға алды. 
 Қаныш Сәтбаевтың орындауындағы А.Затаевичтың «Қазақ халқының 500 әні мен күйі» жинағына енген әндері тақырыбы бойынша біздің ғылыми ізденістеріміз енді ғана басталып жатыр. Алдағы уақытта осы бағыттағы зерттеу жұмыстары жалғаса бермек. 


Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Затаевич А.В. Қазақтың 500 әні мен күйі. – Алматы: «Дайк-пресс». – 2004. 
2.Джумакова У., Кетегенова А. Казахская музыкальная литература 1920-1980 гг. – Алматы: «Жазушы», 1995. – 254 с. 
3.Қазақ энциклопедиясы. 4 том. 
4.Сәрсекеев М. Қазақтың Қанышы. Феномен. – Астана, 2018. 
5.Академик К.И.Сатпаев. Сборник, посвященный памяти выдающегося советского ученого. – Алма-Ата, 1965. 

5071 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз