• Заманхат
  • 28 Мамыр, 2024

«Қарт сарбаз» – ұлт рухы тұрғысынан жазылған шығарма

 Құралай СӘРСЕМБИНА,

тарих ғылымының кандидаты
 

Алаш зиялылары елді бүліншіліктен сақтау үшін соғысқа қазақтан кісі алуға жарлық шыққандығы, бұл жарлықты сөзсіз орындау керектігі, себебі бүліншілік болса халық қырылатындығын және жарлыққа қатысты барлық мәселелерді қара халыққа дұрыстап түсіндіру керек екендігі турасында бірнеше мақала жариялаған. 
«Мәскеу» деген мақалада Әлихан Бөкейханның земский союз басшыларымен сөйлесіп, олардың қол астына көбірек қазақ жігіттерін кіргізіп, жігіттердің тамағын, киімін, жай-күйін жақсылау үшін желтоқсанның басында Мәскеуге барғаны, осы мақсатта қолдан келетін жұмыстардың жасалып жатқандығы жазылған. Одан әрі: «Әлихан басқармаға 17 декабрьде жазған хатында: «2-3 күнде біз, Әлихан, Мырзағазы, Тел, Мұса, Хұсайын бесеуміз западный фронтқа жүреміз, онда барып қазақ жігіттерін көреміз, земский союзға көмек көрсетпек боламыз. Земский союз қазаққа не қыл десе соны орнына келтіреміз деп қуантып тұр. Өзге фронтқа да барармыз» деп жазылған. 
Сонымен, «Қарт сарбаз хикаясына» қайта оралайық. Өтебай Қанахин қарт сарбаздың айтқан әңгімелерін архив деректермен негіздеген. Тіпті, «Қазақ» газеті беттеріндегі жоғарыда аты аталған мақалалармен де үндестік байқалады. Қазақтың талап-тілегін жеткізу үшін «Ақ патшаға» адамдардың кеткені, болыстардың Жарлықты орындауға мүдделі болғандығы және т.б. Мәселен, «Ашық хат» деген мақалада «Ізденеміз» деп Петроград барудың пайдасыздығы, елді бүліншілікке салмай, көну ақылын «Қазақ» басқармасының адамдары һәм Әлихан да айтты» деп жазылған. 
Енді тарихта қалған азаттық жолындағы көтерілісті сол оқиғаға қатысқан адамның көзімен баяндасақ. Тәуіп жеріндегі көтеріліс өзен алқабынан бастау алған. Ең алғашқы жиын болған төбе басы, кейін «Ереуілтөбе» деп аталып кеткен. Төбе үстіне бірнеше ауыл қона алатындай, жалпақ болған. Сонда төбе ұшар басынан етегіне дейін адамнан көрінбей кеткен. Жалпы бір жарым мыңдай адам жиналған. 
Жазушы аталған кітабында архив деректеріне сүйеніп, 1916 жылы Ырғыз уезінің Тәуіп болысында екі мыңнан астам шаңырақ болғандығын, болыс 12 ауылнайдан, яғни 2400 түтіннен тұрғандығын жазып кеткен екен.
Нұркей қария сардар мен қол­басылардың ең алғашқы алқалы кеңесі болған жерді де көрсеткен екен. Кеңесте қаруландыру, соғыс әдісіне баулу, сарбаздарды атпен, тамақпен, жатып-тұратын орынмен қамтамасыз ету, қолдан қару-жарақ соғу, көрші болыстармен тұрақты түрде байланыс жасау, олармен күш біріктіру, алғашқы шайқас жоспары талқыланған. Алғашқы жиында көшіп-қонуға мүмкіндіктері жоқ жатақтардың қыстауларын, егіндері мен бақшасын күзетуге жүз елу сарбаз бөлінген. Сарбаздардың дені жастар болған. Осы кеңесте қолбасылардан алғыр ақыл, қажымас қайрат, күрескерлік жігер, мұқалмас күш талап етілген. Қарт сарзбаз: «шырық бұзғанды аямау керек. Жауға басыңды берсең де, ар-намысты берме; осыған мықты болайық деп пәтуаластық... Салғаннан арамызда темірдей тәртіп орнады: қолбасының айтқан әмірін, берген бұйрығын екі етпей, төбемізден тұрып орындаймыз. Аяқ артар аты жоқтар болыс пен байлардың жылқысынан ат таңдап мінді». 
Сарбаздардың туы да болған. Істерінің әділдігінің белгісі ретінде шаңқан ақ ту көтеріп, айналасын қылмен әдіптеп, ортасына қойшының таяғы мен егіншінің орағын айқастырып, қызыл жібек жіппен кестелеп түсірген тудың – азаттықтың ақ туы астында азаттық аңсағандар табысқан.
Сарбаздар үшке бөлініп, бір топ қарсы алдынан, қалған екі топ ашық шабуылмен жан-жағынан қоршайды. Алты бай қолға түседі. Оларды сарбаз сотына салып, жау жағына шығып, халықты сатқаны, елді екіге бөлгені, ата жауымен шайқасқа шыққалы жатқан сарбаздар жасағына қарсы қарулы шабуылды бастап келгені, сарбаздарға қарсы оқ атқаны, екі жақтан да өлім болғаны, әсіресе сарбаздар жағынан кісі өлімі болғаны үшін айыпталып, өлім жазасына кесіледі. Үкім дереу орындалып, олардың денелерін өртеп, күлін суы ашып кеткен бір құдыққа тастаған. Алтауының мал-мүліктерін көтерілісшілердің пайдасына жаратуға үкім шығарылады. Алты байға еріп келгендердің бар қаруын сыпырып алып, аттарын алып, жаяулатып ауылдарына қайтарып жібереді.
Одан кейін тағы да қаптаған әскер, қарулы солдаттар келеді. Күні бойы соғысып, қас қарая солдаттар шегінеді. Мылтықпен қаруланса да патша әскері шегінуге мәжбүр болады. Себебі, сарбаздардың соғысу тактикасы шебер болған. Осы тұста жазушы орталық әскери тарихи архивтен Торғай әскери губернаторының Ішкі істер министріне жолдаған телеграммасын дәлел ретінде келтіреді: «Қолдарына қару ұстаған киргиздардың соншама көптігіне, олардың жол түспеген, бір де орнықты елді мекені жоқ сусыз шөлейттерде орын тебуіне байланысты (Сахараның жері – қашық, елі – шашық. Торғай облысында көшпелі халықтың саны 450 000 адам болған) алғашқы шайқастар көрсетіп отырғандай, пулеметтер мен зеңбіректерсіз атты казактардан құралған сотнялар түк істей алатын емес. Пулеметтер мен зеңбіректермен қаруланған өзім сұраған әскерлерді облысқа тезірек жеткізу туралы Жоғары Командашыға тағы да телеграмма жолдадым».
Сарбаздардың шағын қолы патша әскері жан-жақтан үстеме күш шақыртпасын деп, уездік қала, темір жол станциясын, Арқадағы әскер тұратын қаламен байланыс­ты үзіп, телеграф бөренелерін құлатып, сымдарын қиып, көптеген бекеттерді өртеген. Ол жердегі қазақ жігіттері түгелімен сарбаздарға қосылады. Ұсталар бөренелерді өртеп, көмірін пайдаланады. Сымдарды бекіткен қорғасыннан бытыра, дара оқ құяды. Ағыбай батыр бастаған шағын қол поштаны қолға түсіреді. Қолға түскен қырық мың сомнан астам ақшаға қару сатып алу үшін Бұқара мен Үргенішке 12 жігітті жібереді. Сарбаздар Арқа, Сыр бойы Жетісу мен Алтай қазақтарының да көтерілгенін естіп, істерінің ақтығына сенімі молайған. 
Пулемет, зеңбірекпен қаруланған қаптаған қол келе жатқанда сарбаздар жауды жолдан тосып алу, ішке кіргізбеу керек деген шешімге келеді. Өткен жолы қарша бораған оқтан жақындай алмағасын, байлардан тартып алынған бес жүздей жылқыны алдыға салып, солардың тасасымен барып қолма-қол ұрысты бастау­ды жоспарлаған. Жүз алпыстай мергендер тобы жолдың екі қапталындағы тобылғылы дөңдерге бекінген. Мергендер солдаттарды өткізіп жіберуге тиіс болған. Әскерлер кейін қашқанда немесе жазалаушылар мен сарбаздардың ара-жігі ашылғанда ғана ататын болған. 
Көлдің жол өтіп жатқан тұсы мидай жазық, ал жан-жағы биік төбе екен. Жау жазыққа жеткенде, қалың жылқыны үстерінен айдап, жылқының ізімен қолма-қол айқасқа шыққан. 
Қарт сарбаздың айтуынша: «...қару-жарақ, оқ дәрі, азық-түлік тиеген отыз шақты арба да дөңнен асып, теп-тегіс жазыққа шығады. Сол сәтте Арзымбет батыр: «Жылқыны қаптата айдаңдар!» – деп әмір береді. Тұс-тұсынан қиқу естіген қылқұйрық тұрсын ба, құйрықтарын түріп, құрыш тұяқтарымен төңіректі басына көтеріп, өлген-тірілгеніне қарамай, солдаттардың үстіне қарай лап қояды. Сарбаздар екен деп сасып қалған жау пөлемөттерінен оқты қарша боратады; дүрсілдеген зеңбірек даусы да жиі естіле бастады. Көп жылқының тасасымен, көтере ұстаған жалаң қылыштары күн көзінде жарқылдап, алға созылған найзалары тажалдай самсаған күйі, сарбаздар да абжыландай ысқырынған оққа қарамастан, жандарын шүберекке түйіп, қандарын торсыққа құйып патша әскерімен қолма-қол айқасып та кетеді; екі жағы да өлген-тірілгеніне қарамай қызыл қанға батысады...».
Патша әскері көп әрі пулемет, зеңбіректері болса да шегінуге мәжбүр болады. Сарбаздар жауды алты қырдан асырып қуып тастайды. Шегініп бара жатқан жауды мергендер тобы екі жақтан қыспаққа алып, біраз шығынға ұшыратады. Жаудың бес арбасы қолға түседі. Екі арбада 50 шақты бесатар, үш арбада кілең патрон болған екен. 
Сарбаздардан да шығын аз болмаған: отыз шақты сарбаз өліп, жүзден астам жігіт жаралы болған. Екі жүз елудей ат оққа ұшқан. Сол шайқаста қарт сарбаздың туған ағасы мерт болады. Үлкен шайқастың ертеңіне Ағыбай батырдың шағын қолы патша әскерінің бөлініп қалған шағын отрядын түбекке қамап, тас-талқан етіп жеңеді. Сарбаздардан бас сауғалай қашқан әскерлер атымен суға кетіп өледі. Жүз шақты солдаттың 28-і ғана аман қалып, қашып құтылады. 50 солдаттың өлігі табылған. 20-сы судың астына кетеді. 52 бесатар, 52 қылыш, 60 ат, 4 арбаға толы оқ-дәрі қолға түседі. Сол кезде құмның жиегінде қашып жүрген бір солдаттың хабарын естіп, оны сардар өзіне алдыртады. Солдат өзін ұрып, көзін шығарған офицерді өлтіріп, бас сауғалап, қашып жүр екен. 
«Кімге де болса өгейлік көрсетпейтін қазақтың көне салты бар: әлгі қашқын солдат сол ауылдың өз адамындай болып кетеді» [2, 190 б.].
Солдаттың аты-жөні: Осип Иванович Андреев. Қазақтар оны Жүсіп деп атап кетеді. Ол сарбаздарға соғыстың көптеген айла-тәсілдерін үйретеді. Жүсіп қазақтардың өз туысындай болып кетеді. Ақмола жағында туып-өскен солдат қазақшаға судай болған. Жүсіп мергендерге бесатардан атуды, қашықтық мөлшеріне қарай қарауылды қалай қоюды үйретеді. Жүсіп Арзымбет батырдың оң қолы болады. Ол сардар мен қолбасыларға Амангелді әскерімен байланысып, біріге қимылдауды ұсынады. Үш болыстың сардарлары бірігіп, жауға қарсы соғыс қимылдарын жасауға көшеді. Соғыс тактикасын ойластырып отыру үшін үш сардар және әрбір болыс­тан бір-бір адамнан кіргізілген Жасақ алқасы құрылады (Барлығы алты адам). Бәріне әділ бағасын беріп, төрелік ету үшін алтауынан да жоғары тұратын Төбе би сайланады. Бар қазаққа ортақ қой деп көрші болыстағы өте беделді пайғамбар жасынан асқан төрені төбе би етіп тағайындайды. Жүсіп оның кеңесшісі болады. Сонымен қатар, шығармада көрші болыстар сарбаздарының приставты қолға түсіріп, оны ат құйрығына сүйреп өлтіргені, қала шетіндегі абақтыны бірер сағатқа басып алып, ішіндегі азаматтарды босатып жібергені, болыс кеңсесін талқандап, 700 жігіттің тізімі бар журналды қолға түсіріп, өртегені, қашып бара жатқан болысты, оның песірін (писарь), үш ауылнайды ұстап алып, өлтіргені туралы деректер де бар.
Күш тең болмаса да жеңіс сарбаздар жағында болады. Сондықтан да, «Бір облыстағы ғана ұлт-азаттық қозғалысын басып-жаншу үшін құрылған жазалау­шы экспедицияға мынадай әскери бөлімдер кірген: 17 жаяу әскер ротасы, 19 атты әскер сотнясы мен эскадроны, 14 зеңбірек, 17 пулемет, 10 жүк автомобилі, екі аэроплан, 3 радио-телеграф станциясы.
Сайып келгенде, бір ғана Торғай облысына жіберген жазалаушы экспедициялық корпустың құрамында 10000-нан астам солдат, офицер, генерал болған. 
Күзге қарай Жоғарғы бас командашының жарлығы бойынша көтер­ілісшілерге қарсы пайдалану үшін майдан даласынан Орынборға үшінші кезектегі екі атты казактар полкы, үш пулемет командасы тағы шақыртылды [2, 187-188 бб.].
Тәуіп жеріндегі сарбаздар үлкен әскери күшке айналады. Тіпті, Амангелдінің өзінен жаушы да келеді. Бірақ, оның арты не болғаны қарт сарбазға белгісіз болып қалған. Себебі, сарбаздарды біржолата құрту үшін қаладан орасан зор әскери күш шыққанын, олардың жетуіне бір сәскелік қана уақыт қалғаны туралы хабар жетеді. Сардарлар ақылдасып жау әскерін Бесқопа деген жерде қарсы алуды ұйғарады. Себебі, бір-бірінен онша ажырамай, аралары ашылмай жалғасып жатқан қопалар екі жақтан иіліп келіп, даңғыл жолға жете тоқтайтындықтан, қалың қопа арасынан тұтқиылдан 300-дей мерген оқты қарша боратқанда, арт жағынан және екі бүйірінен сарбаздар шабуылдау жоспарланады. Сары сәскеде жер қайысқан қол Бесқопаға жетеді. Қаперсіз келе жатқан патша әскері 60-70 сажень жақындағанда Жүсіптің командасымен мергендер оқты қарша боратады. Осы сәтте бес мыңнан астам сарбаз жау әскеріне атой сала шабуыл жасайды. Соншама көп сарбаздар үстеріне төніп келгендіктен жау әскері пулемет, зеңбіректерін құрып үлгере алмай қалады. Қолма-қол қырғын шайқас басталады. Қарт сарбаз аттардың шыңғырған дауысы, тұяқтарының дүбірі алыстағы өздеріне дейін естілгендігін айтқан. Бесінге қарай патша әскері алғашында шайқаса шегініп, біраздан соң тірі қалғандары бас сауғалап қалаға қарай қаша соғысқан. Қас қарайып, күн батқанда ғана сарбаздар солдаттарды қууды тоқтатады. Осы шайқаста Ағыбай батыр мерт болады. 
Қарт сарбаздың осы айтқандарына дәлел ретінде архив деректері келтіріледі (Сандецкийдің Қазан әскери округы командашысы Бас штабтың бастығына жолдаған телеграммасы): «Киргиздардың шайқасы генерал Лаврентьевтың мәлімдемесіне қарағанда, әскери тәртібі бар: қатарларын соғысу тәсіліне сай дұрыс ұстайды: шабуылға шапшаң шығып жаппай көтеріледі; тоқтаған жерлерінде сақшылар тобын құрып, өздерін қорғап тұрады: 25 шақырымға шейін шолғыншылар жіберіп, барлау жүргізіп отырады.
Бүлікшілердің шайкалары сондай батыл: роталар мен сотнялардың жаудырған оғына қарамай, біздің шебімізге елу қадамға шейін таянып келіп қалатын болып жүр» (ЦВИА. Ф. Главного управления генштаба: ч.1по каталогу № 129-257, д.33.Л.Л. 49-50) [2, 208 б.].
Сонымен қатар, келесідей де дерек келтіріледі: «...Генералдық штаб пен Бас штаб бастықтары патшаның өзіне мынадай баянат жазуға мәжбүр болады: «киргиздардың тәртіпсіздігін басу үшін Сабынкөл мен Қарақоға көлдері бағытына Ырғыздан полковник фон Розеннің басқаруымен запастағы бірінші атты әскер полкының алты марштық эскадроны, запастағы 101-ші жаяу әскер полкының бір ротасы, запастағы артиллерия бригадасының екі зеңбірегі және 22 пулеметпен қаруланған әскери бөлім шықты (барлығы алты эскадрон, бір рота, екі зеңбірек және 22 пулемет). Тәуіп, Аманкөл және Қызылжар болыстарынан жиналған құрамында алты мыңдай адамы бар киргиздардың шайқасы біздің әскердің бара жатқанын білген бойдан өздері қарсы көтерілді.
Көтерілісшілердің шексіз батырлығы, ерлікке толы әскери қимылдары патшаның Торғай, Ырғыз және Қостанай уездерін соғыс жағдайында деп жариялауына әкеледі. Патшаның осы жарлығының заңсыз екендігі де «Қарт сарбаз хикаясы» кітабында айтылып кетеді. Ал, ерекше экспедициялық жазалау корпусының бастығы генерал-лейтенант Лаврентьевке өзі жазалау жүргізіп жатқан аудандардың генерал-губернаторы құқығы беріледі (Қ.С. 211 б.).
Патша биліктің беделін көтеру үшін әскери күшті көтеріліс аумағына аямай төгеді. Зеңбірек, пулеметпен қаруланған әскери бөлімдердің санын үш есеге жуық арттырады. Бірнеше жылжымалы радиостанция, ондаған автомобиль, төбеден бомба тастау үшін аэроплан жібереді. 
Генерал Лаврентьевтің әскері көтерілісшілерге қарсы үш бағытта шайқас жүргізген: 1) Шалқардан Ырғызға және Торғайға қарай; 2) Ақтөбеден Қарабұтақ, Ырғызға қарай; 3) Қостанай арқылы Торғайға қарай. 
Әскери бөлімдер ерекше тап­сырмаларға пайдаланылатын полктарға ай­налдырылады. Сарбаздардың тұт­қиылдан шабуыл жасағанынан қорқатын әскерлер тоқтаған жерін тікенек сыммен қоршап қоятын болған [2, 231 б.]. 
Сарбаздар жазалаушылардан қашқан ауылдарды қорғап (ауылдар құм арасына сіңіп кеткенше жауға тосқауыл болған), ауылдарды қуып шыққан әскердің жолын бөгеп, жанкештілікпен бірнеше мәрте соғысқан да. Ондай соғыс қимылдарының саны шексіз. Сондай жердің бірі «Солдатсай» аталған. 
Патшаның жазалаушы отряды 15 мергенді тірілей өртеп жіберген. Байдың қыстауына 15 мерген бекінеді, ал қалғандары қыстаудың екі жағын ала орналасады. Тұтқиылдан келген көп әскер сол жақ қанаттағыларды құм арасына шегінуге мәжбүр етеді. Оң қанаттағылар күші басым жаумен арпалысып жатып, байқамай қалады. Сырттан қорғаусыз қалған қыстауды жау әскері қоршайды. Мергендерді тірідей қолға түсіре алмайды. Мергендердің дәл атқан оғынан солдаттардың азайғандығын көрген жау әскері, қыстаудың есігін бекітіп, өрт қояды. Мергендер соңғы оқтары қалғанша атысып, соңғы демі таусылғанша шайқасып, тірідей берілмей, бәрі өртеніп кетеді. Бәрін сол қыстаудың ішіне жерлеп, төрт бұрышынан төрт құлақ шығарып, кейін оны халық «Боздақтар тамы» деп атап кетеді [2, 240-241 бб.]. 
Қарт сарбаз Нұркей Өтеболатұлын соңғы ірі шайқастардың біріне бара жатқанда әкесі «жаман айтпай жақсы жоқ: соғыс бар жерде жазым бар, жазатайым іс болса...» деп өзі суға түсіріп, таза киіндіреді. Ағасы екеуі шайқасқа аттанады. Бір аталықтан жас қыршын 15 жігіт аттанған. Ынжықтау, жасықтауларын мал қарауға қалдырып, кілең ержүрек жастар сарбаздар қатарына алынған екен. Олар аналары, жеңгелері, апа-қарындастары қалың етіп басып, өз қолдарымен тігіп берген киізді кеуделеріне байлаған. Дерек келтірсек: «Қыз-келіншектер жан-жақтан, басқа да ауылдардан жеткізілген бағланның жүнінен оқ өтпейтіндей қалың етіп киіз басып, одан сарбаздар үшін кеудемшелер тіге бастады».
 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезіндегі аналардың да ерлігі айтылмай жатыр. Мықтап басқан марқаның жүні көп сарбазды тура ажалдан талай сақтап қалуға себепші болған. Қарт сарбаз өзіне төрт-бес оқ қадалғаны, сонда біреу үшкір найзамен қатты нұқып жібергендей болғандығы, артынан киізге кіріп, әрі өте алмай тұрып қалған талай оқты суырып алғандығын да айтып кеткен еді. 
Соңғы ірі шайқасты қарт сарбаз, жаудың жер қайысқан көп қолы келгендігін, сарбаздардың қалың нөпірі жауға лап қойғандығын, жан алып, жан беріскен қанды шайқас басталғандығын, қарша бораған оққа қарамай ұрандап ұрысқа кіргендіктерін, қылышқа қылыш тигенде солдаттардың қылышы қақ айырылғандығын, жазалаушыларды тұра қуғанда сұмдық басталғанын, яғни жалпақ сордың арғы бетінен зеңбірек, пулеметтерін құрған әскердің оқ боратқанын, аэропланмен аспаннан оқ жаудырғанын, оның даусынан аттар үркіп, иелеріне бой бермей қашқандығы, сарбаздардың шапқан шөптей жапырылып қырылғандығын, тірі қалғандары ұрыса қашқандығын, сардардың айтқанымен жау­дан қара үзіп қашпай (зеңбірек, пулемет, аэроплан оғының астында қалмас үшін), қолма-қол айқасқандықтарын жазады. Осы айтылғандарды архив деректерімен дәйектегенде, қарт сарбаздың айтқандары дәлме-дәл қайталанады. ЦГВИА-дан алынған деректе сарбаздардың 800-дей адамы оққа ұшқандығы жазылған. 
Осы шайқаста Есболған батыр мерт болады. Сол шайқаста патша әскерінің 171 адамы өледі. Қарт сарбаз Өтебай ағамызға сордың жиегінде 259 сарбаз қырылған жерді көрсетеді. Олардың ішінде ағасы да бар екен. Бір шаңырақтан бес жігіт мерт болған. Бәрі бір жерге көміліп, «Көп мола» атанған: «Мынау жағалай жатқан сансыз сыпа да сол жылы оққа ұшқан боздақтардыкі. Білмегенге құр әшейін томпайған төмпешік... Бұлардың астында қан майданда құрқол дерлік қамал бұзған небір асыл азаматтардың сүйегі – қаншама сарбаздар жатыр мәңгілікке топырақ жамылып...». Үлкен сыпаның жауырыны жерге тимеген түйе палуандыкі екені, палуан соңғы бір шайқаста қаптаған қарулы солдатқа қарсы құрқол шығып, оқ тиеді. Бірақ, өзі өліп жатса да, еңгезердей бір солдатты астына басып, буындырып тастаған екен. 
Қарт сарбаз өзінің бір аталығынан 18 отау қаңырап қалғандығын, өз руынан 200-дей әйелдің жесір қалғандығын, отау тігіп үлгермеген қаншама бойдақ жастың қыршын кеткенін айтқан.
Жаудың атты әскері тасадан келіп тиген жерді халық кейіннен «Жаутөбе» деп, ал соңғы шайқаста сордың беті оққа ұшып өлген адамның қанынан қып-қызыл болып кеткендіктен оны «Қанды сор» деп атап кеткен. Соңғы шайқаста жеңілген сарбаздарды патша әскері аңдып бағады. Бірақ, сарбаздар бір рет жеңілгенге мойы­майды. Жаралы жолбарыстай, ұрымтал сәтті күтеді. Қатарын толықтырып, дайындалады. Сәті түскенде жаудың бір отрядының тас-талқанын шығарады. Сарбаздарды автомобиль және аэропланмен құрсауға алатын болған соң, Жүсіп мыңдап атойлап шабуылға шықса қырылып қалатындықтарын, партизандық әдіспен, 40-50 сарбаздан бөлініп жазалаушылардың жеке шолғыншыларына, азық-түлік, қару тасыған арбаларына және т.б. тұтқиылдан бас салып, зәрелерін ұшырып, олар естерін жиғанша тез кетіп қалу керектігі туралы кеңес береді. Одан әрі осылай діңкелетіп, шаршату керектігін, Ресейде дүмпу бар екендігін, ол дүмпу патшаны тақтан тезірек құлатса, қазақтардың да азаттыққа жететіндерін айтады.
Сөйтіп, сарбаздар 40-50 адамнан бірігіп, шағын отряд болып шабуыл жасап жүреді. Бірде әскердің 12 адамын, екі арба бесатар, бір арба қылыш, екі арба оқ-дәрісін қолға түсіргенде, жасақтың имам, қожалары мен сардары 12 солдатты босатып жібереді. 
Нұркей ақсақал соңғы шайқастардың бірінде сол қолынан жараланғандықтан, оны тубегі етіп қояды. 
Шатыртамда сарбаздар шырт ұйқыда жатқанда жау тұтқиылдан шабуыл жасап, қанды қырғынға ұшыратады: «...Шатыртам өңірі қазақтың қанына молынан бөккен қаралы түн... Көзімді ашар-ашпастан, жан ұшыра, төрде тұрған қастерлі туымызға жүгірдім. ...Сол қолым мойнымда асулы...оң қолыммен туды сабынан нығарлап ұстаған күйі, далаға атып шықтым. Бірден байқағаным: айналамның бәрі арпалысқан, жұлысқан, жағаласқан, біріне-бірі қару сілтеген, аттарынан өкіре құлап жатқан, қан жұтып қорқыраған соншама көп адамдар; «ой, бауырымдап» атының жалын құшқан сарбаздар; тебінгі, тоқымы салпылдап, шыңғыра ойнап жығылып жатқан иесіз аттар... Айналар жер жоқ. Аспан – алақандай, жер – тебінгідей боп кетті... Жанұшырып белдеудегі тарлан керіме келсем, ол да жоқ... құтым қашты. Ер састы – етегін басты. Тыныс тарылды. Намысқа қыл бұрау түсті. Ес шықты, еңсе түсті. Жан қиналды, дәрмен кетті», – дей келе сарбаздардың бытырап жан-жаққа қашқанын, жан тәсіліммен қара шеңгелдің ортасына қойып кетіп жатқандарын, қанша қарсыласса да көп солдатқа қарсы тұра алмағандарын айтады. Тығылып жан сақтаған сарбаздардың бәрін әскерлер қырып салады.
Осы тұста автор ЦГВИА-нен алған деректерін келтіреді: «...түнгі сағат 12-лердің шамасында Тәуіп мешітінен 13 шақырым жердегі Торғай өзенінің жағасында көп киргиздардың жатқаны анықталды. Мұны білген бойда полковник Остроградский шұғыл түрде құрамында 3 эскадрон, бір жүздік, 2 зеңбірегі және 2 пулеметі бар ротмистр Метельскийдің басқаруымен отряд жіберді. Олар түнгі сағат екілерде жасырын түрде келіп киргиздардың үстінен түскен. Отряд ұйқыда жатқан әскерге түн жамылып тап беріп, көтерілісшілердің тас-талқанын шығарды. 500-ден астам адам өлген, 300-дей киіз үй өртелген»[2, 277 б.]. 
Сарбаздарды патша әскерінің тауып алуының себебі бар. Жоғарыда қолға түскен 12 солдатты өлтірмей, жіберіп қоя бергені туралы айтқанымыз оқырманның есінде болар. Сол 12 солдаттың ішінде топограф бар екен. Сол кетіп бара жатқанда сарбаздардың негізгі күші орын тепкен жерге тура әкелетін жолды түгелдей қағазға түсіріп алып, қалың әскерді түн қараңғысында сарбаздардың үстінен дәл түсірген. 
Нұркей қария басына тиген ауыр соққыдан есін жиғанда, солдаттар қолға түскен сарбаздарды ұста, етікші, тігінші және т.б. бір бөлек, соғыс қимылдарына қатысқандарын бір бөлек топтастырады. 
Осы шайқаста сарбаздар, өрімтал жас­тар көп қырылады. Жүре алатындарын бір жерге жинап, жүре алмайтын жаралыларды сирақтарынан сүйреп апарып қастарындағы қыстауға жинап, оның ішіне адам сыймайтынын көрген соң, қыстаудың есігін бекітіп, үстіне жермай шашып, от қояды. «...Дәрменсіз ауыр жаралылардың отқа күйіп, сондай азаппен өліп бара жатқандағы жан ұшырған дауыс­тарын естігенде жынданып кетпегеніме күні бүгінге шейін таңмын...». Ал, Жүсіпті «Киргиздарға болысқың келген екен ғой әнтехрес!?» деп керіп тастап, әуелі бір қолын, сосын екінші қолын, сонан соң бір аяғын, онан кейін екінші аяғын қылышпен шауып, көзін ойып, мұрнын кесіп, аузына қазық қағып, басын шауып, мылжалап өлтіреді [2, 274-275 бб.].
Жиырма шақты ұста жігіттерден басқа, аяғынан тұрған 100 шақты жаралы сарбаздардың басын шабады: «...Озбыр жендеттердің кісінің жаны шырқырап, иманы түршігіп, самай шашы тік тұрарлық адам айтқысыз жауыздығы мен жыртқыштығын көргенде қабырғам сөгіліп, сай сүйегім сырқырап, қаным басыма шапшып, тілім байланып қалғандай болды. Мың бұраса сынбайтын көк шыбық кезіміз ғой, естиярлау болсам, жынданып кетер ме едім, әлде қайтер едім...
...Осы тұста қарт сарбаз еңкілдеп ұзақ жылады. Көпке шейін өксігін баса алмады. Менің де екі көзіме әлім келмей қойды» [2, 275-276 бб.]. 
Одан әрі қария құты қашқан тұтқындарды қалаға айдап әкеліп, түрмеге қамағанын, бір ай соттың тергеуінде отырғанын, күнде тергеу, ұрып-соғу, зәбір көрсеткенін, «банда, шайка, бүлікші» деп тілдеп, намыстарына тигендіктерін, қанша қорлық көрсе де ешкімнің сыр бермегенін, сарбаздар түрмеге сыймаған соң, біразын ат қораға апарып қамағанын, көп сарбаздың ауруға шалдыққанын, бірнеше қолбасыларды тергеуде ұрып өлтіргенін, аяқ-қолдары шынжыр, кісенмен бұғауланғанын мұқият баяндаған. Азамат өзгеге шыдаса да, намысқа шыдамайтындығын, түрмеде берген тамағы сықсаң суы шығатын қара нан мен борсып кеткен қара су болғандығын, жаттың берген бір үзім наны тамақтан өткен таспен бірдей екендігін де айтады. 
1916 жылы азаттық жолында көтеріліске шыққан сарбаздар жеңілгеннен кейін, ел қатты күйзеліске ұшырайды; шөп шабылмайды, егін орылмайды, шаруамен айналысқан бір жан жоқ, ауылда қарттар мен әйел, қыз-келіншек, балалар ғана қалады. Адам мен мал өсімнен қалады. Жазалаушы әскерлер үйлердің бәрін үптеп кетеді. Жинаған бидайды құмға араластырып төгіп кетеді. Шаңырақ құлаудың аз-ақ алдында қалады. Халықты қара қайғы басады. 
Солдаттар құм ішіне бас сауғалаған қазақтардың алтын-күмісін, бағалы заттарын іздеп мазар, мола, бейіттерді қопарған. Ата-баба аруағын аяққа таптаған. 
Қыстау маңындағы қамбалардағы алып кете алмаған астықты далаға шашып, күл мен топыраққа араластырып та тастаған. Жендеттер алып кете алмаған бағалы заттарды өртеп кеткен. 
Осы жоғарыда айтылғандар және небір жауыздықтар архив деректерімен дәйектелген. Автор жалғыз Ырғыз өңіріндегі емес, Жетісу, Лепсі, Көкпекті және өзге де жерлердегі патша әскерінің жауыздық іс-әрекеттері туралы архив құжаттарын келтірген. 
Алайда, жаужүрек сарбаздардың тірі қалғандары күресті тоқтатпаған. 1917 жылға дейін патша әскерлеріне партизандық әдіспен тұтқиылдан шабуыл жасап жүрген. 
Отан үшін от кешіп, жазықсыз қырылған сарбаздардың барлығының есімін біз әлі күнге дейін толық білмейміз де. Себебі, сол кезеңдегі патша шенеуніктерінің есептерінде тек қана патша әскерінің жағдайы, кім қалай жараланғаны, кімнің өлгені тәптіштеп жазылған да, ал қырылған сарбаздар туралы «осынша киргиз қырылды» деп бір ауыз сөзбен қайырған. Сонда, жазалаушыларға тек қана қанша адамды өлтіргені керек болған. 
«1916 жылы халық көтерілісі кезінде патшаның жазалаушы әскерімен болған қырғын шайқастарда қанын ғана емес, жанын да аямаған небір еңіреп туған ерлер болған. Бірақ сарбаздар жазу-сызу білмегендіктен, олардың көбісінің есімі ел есінде сақталмаған, ұмыт болған». 
Көтеріліс патшалық Ресейді сескендірді: әскерге алынатындардың жасы 13 жасқа азайды; әскерге алуды Ырғыз, Торғай уездерінде 15-ші қазанға қалдырған. 1916 жылы желтоқсан айындағы мәліметте екі уезден 89 адам ғана қара жұмысқа алынған. 
Қарт сарбаз залым патша құлағанда халықтың жүрегі жарылардай болып қуанғанын, амнистия беріліп, елге қайтқандықтарын, ел төбесін көргенде өксіп-өксіп ұзақ жылағанын, зар еңіреген әкесінің алты ай бойы атынан түспей «сүйегі қай шұңқырда қалды екен?» – деп құм төбелердің қойнауын іздеп шарқ ұрғандығын, анасының екі көзі құрғамағандығын, үйіне оралғанда ата-анасы боз қасқаны төрт түліктен түгел атап, жасамаған Құдай жолы қалмағандығын жазады. Бұл сол аласапыран жылдары балалары мерт болған ата-ананың басындағы ортақ қасірет еді. 
Сонымен, «Қарт сарбаз хикаясы» тарихи маңызы зор, ұрпаққа ел мен жер атауларынан, қаймағы бұзылмаған дәстүрден, халықтың ішінен қайнап шыққан мақал-мәтел, даналық сөздерге тұнып тұрған өте құнды кітап. Кеңестік тоталитарлық қоғамда ұлттық рухты шыңдайтын кітап жазып, өз пікірін ашық білдіру, тарихи шындықты тура айту екінің бірінің қолынан келетін дүние емес екендігі де белгілі. 
Әке мен ата-баба бойындағы қайсар рух балаға сөзсіз беріледі. Қара темірді нанша илеген Игібайдың Тәуіп жеріндегі ұлт-азаттық көтеріліс кезінде тоғыз ұстаның үстінен қарайтын аға ұста болғанын да жоғарыда баяндап кеттік. Кез келген адамның ұста бола алмайтындығы да белгілі. Небір аруақты батырлардың қару-жарағын соғу кез келген ұстаның да қолынан келмейтіндігі анық. Демек, тектен текке жалғасқан батырлық қасиет жазушы бойынан да көрініс тауып, тарихи оқиғаларды сомдаған шығармалар өмірге келді. 
Біз зерделеп отырған еңбекте патшаның отаршыл саясатының қазақ даласында сананы қалай бұғаулағаны да көрсетілген. Мәселен, генерал Фольбаумның: «Киргиздар арасындағы жікшілдікті, алау­ыздықты, партия таласын кеңінен және мейлінше батыл пайдаланыңдар. Біздің жағымызға шыққандарды жарылқаймыз деп желіктіріңдер, сөйтіп ондайларды барлық жерде және барлық жағдайда бүлік­­­­шілерге қарсы қойыңдар. Көтер­і­­­­лісшілерді жауапқа тартумен қатар, олар­дың арасына іріткі салып, араздық, жік туғызып бағыңдар, бізге берілгендерін әрқашан қолдап отырыңдар», – деген нұсқау телеграммасы дерек ретінде келтірілген. 
Шұрайлы жерлерді тартып алу саясатының салдарынан ел арасына кірген жат, жаман қасиеттер де зерделенген. Бұрынғы қазақ ауылының көз қуантарлық сән-салтанаты да айтылған: «Бұрындары көлді жағалай қонған көп ауыл; сөреге жайған құрттай қатар-қатар тігілен ақ боз үйлер көл жағасына сондай жарасатын: өзінше бір сән беріп көз тартушы, көңіл қуантушы еді. Қазір бәрі жым-жылас...».
Шығармада адалдық мәселесіне ерекше мән беріледі. Отанға деген адалдық, адамға деген адалдық мәселесі шебер суреттеледі. Қазіргі таңда осы мәселе Президент тарапынан қайта-қайта айтылып, АДАЛ адамды қалыптастыру ісі өзекті болуда. Осыдан 100 жыл бұрын АДАЛ АДАМДЫ қалыптастыру проблемасы көтерілмеген еді. Себебі, адалдық ұлттық тәрбиенің басты атрибуты болатын. Тәрбие арқылы ішкі тәртіпке енген адалдық қасиет, адамнан ешқашан ажырамайды. 
Басшылары, оқығандары адал болғандықтан халық та адалдық қасиеттен ажырамады. Оқығандары халыққа адал болғандықтан, халық та оқығанын тік тұрып сыйлады. Барлық нәрсе қайтарымды. «Не ексең, соны орасың» деген даналық та бар. Бұл өз алдына жеке зерттелетін тақырып. 
Ең бастысы «Қарт сарбаз хикаясында» батырлық рух ерекше сомдалған. Қиял, ғажайыппен емес, шын ерлік істер арқылы көрсетілген. Қазақтың бұрынғы кездегі жүректілігі, ел үшін, жер үшін қарсы атылған оқты елемейтін жау жүрек қасиеті, соғысу тактикасының шеберлігі, барлаушылық өнердің жоғары деңгейде дамығандығы шынайы берілген. Бастау­шысы батыр болса, жүз кісі мың кісіні жеңе алатыны түйінделген. Шығармада жігіттердің ғана емес, қыздардың да батырлығы айтылады. Мәселен, Айғаныс есімді қыздың жеңінен қанжар суырып алып, өзін қорламақ болған жендетке тап бергендігі; жендеттің сілтеген найзасынан мерт болғандығы суреттеледі [2, 213 б.]. Сонымен қатар, алты қызы бар көздегенін жібермейтін мергеннің Ақзер есімді кіші қызы сұранып әкесінің орнын басқандығы (әкесі соғыста мерт болады), Ақзер қыз қанды шайқастарды талай жауды жер жастандырғандығы, оның ел арасында «тұлпар мінген тұйғын қыз» атанғандығы да жазылған. 
Тәуіп өңіріндегі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде жазушы шығармасынан есімдері белгілі болған батырларды тізіп жазып кеткен жөн болар: Арзымбет сардар, Есболған, Ағыбай, Иса Дәулетбеков, Әшірбай, Өржан, Өтеболатұлы Нұркей, мерген қыз Ақзер, жауға қанжар алып ұмтылған 16-17 жастар шамасындағы Айғаныс, қазағым Жүсіп деп кеткен Осип Иванович Андреев. Көріп отырғанымыздай, бізге белгілі есімдер санаулы ғана. Ал 1916 жылы батырлық рухтағы қыршын жастар қынадай қырылды. Ырғыз жеріндегі көтерілісте кемі 2000-3000 сарбаз қырылған болар. Ал, жазалаушы отрядтың сарбаздарды психологиялық тұрғыдан жаныштау үшін жазықсыз өлтірген бейбіт адамдар, бала-шаға, әйел, қарт кісілердің есебін ешкім білмейді. Осы тұста автор 1916 жылғы қатыгез жазалаушылардың қырып сал жендеттігі жалпы орыс халқына ешқандай қатысы жоқ екендігін де жазып кеткен. Шындығында, Мұстафа Шоқай айтқандай: жаман ұлт болмайды, жаман адам болады. 
Қарт сарбаздың: «Шырағым, өзіңе кездесіп көптен бергі көңілдің шерін тарқатып, көкіректің ысын бір тазарттым. Бірді айтып, бірге кетіп бірталай нәрсенің басын шалдық. Өткен-кеткенді еске түсіріп, көп шүйіркелестік. Қанша әңгіме қозғалды, сыр шертілді, мұң ақтарылды. Бірақ, он алтыншы жылғыларды айтып тауысу мүмкін емес...
Естігендерің – бір шақасы ғана. Көбісі ұмыт болды, көбісі көмескі тартты. Есте қалып, осы айтқандарымның өзі қағазға түсіп, кітап болып шықса ғой, жұрт арасына тараса ғой. Қазіргі жастар ол кезден не біледі? Дәнеңе де білмейді. Енді бір жиырма-отыз жылда бұлардың бәрі, көрген түстей боп, із-түзсіз жоғалады, мәңгілікке ұмтылады. Өткенді қазіргі мен алдағыға үлгі-өнеге, санасына сабақ болсын деп қозғаймыз да...», – деп, одан әрі 50 жыл өтсе де кім елеп, атап жатқанын өкіне айтқан. 
Қарт сарбаздың айтқандары әлі күнге дейін аса маңызды болып отыр. Ал, талантты жазушы: «... әупілдектің – сол бір құйтақандай киелі құстың – көлді көшіргендей құса-қасіретке толы үні 1916 жылы қынадай қырылған боздақтарды жоқтап, күні бүгінге дейін солардың азасын тартып отырғанға ұқсай ма...»[2, 135 б.], – деп мәселені төтесінен қойған еді. 
Нұркей қария 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс шындығын ғана емес, сонымен қатар өзінің бойындағы бар халықтық білімін айтып кеткенге ұқсайды. Себебі, кітапта қарияның Торғайдың алпыс екі саласын, Өлкейіктің отыз екі сайын түгел аралаған жан екендігі айтылып, өзен-көлдер, жер атаулары түгел келтіріледі. «Басын Мұғалжар тауынан алатын бұл Ырғыз теріс ағып бірнеше өлкенің үстін басып өтеді де, «Құйылыс» деп аталатын тұсқа жеткенше сыңар емшек сияқтанып, аталған аймақтардың мал-жанына тірлік нәпақасын береді; жаңағы тұста Арқа жақтан өзіндей теріс аққан екінші бір қыр өзені – Торғаймен қосылып, сол тұста ағысы тасты ағызған асау сарқырамаға айналады; ой мен қырдағы ағын судың бәрі жамырап осы екі өзенге келіп құяды; қыздың арқасына құлаған қос бұрымындай, осы екі өзен құрдымға жеткенде барып демін бір-ақ алады; Құрдымға құйып, құмға сіңіп, біржола жоқ болады...».
Өтебай Қанахин Нұркей ақсақалдың айтқандарын түгелдей қағаз бетіне түсіріп, жүйрік қаламымен халыққа шын керек кітапты өмірге әкелді. Қарт сарбаздардың айтқандарын архив деректерімен дәйектеді. Оның себебі, қарт сарбазға сенбегендік емес, отаршыл санаға қарсы келе алмай, санасы отарланып қалғандарға оқиға желісін нанымды, сенімді ету мақсатынан туындаса керек-ті. 
Жазушы «Қарт сарбаз хикаясына» ешнәрсе алып-қоспаған. Тек қана Нұркей ақсақалдың сол өлкені жайлаған, қоныс еткен аталықтар, рулармен тайпалардың атын атап, олар туралы көп мәлімет бергендігін, алайда аталық, рулық, тайпалық және т.б. атаулардың бәрін кітапқа кіргізбеген. Оның себебі түсінікті де.
Өтебай Қанахиннің 1930–1933 жж. ашаршылық тақырыбына қатысты деректерге толы жазбалары өз алдына жеке зерделенетін бөлек мәселе. Отбасындағы 12 жаннан жалғыз өзі тірі қалған 9 жастағы бала, ашаршылық жылдарындағы адам жанын түршіктіретін сұмдық жағдайларды кейін жазып кеткен. 50 баладан 2 бала тірі қалғандығы, Ырғыздағы панасыздар үйінде жағдайдың тіпті қиын болғандығы, онда балаларды бит жеп өлтіргені, қоймада кішкентай балалардың денесі төбеге дейін жинаулы тұрғанын көргендігін, әке-шешесімен 11 баланың түгел аштан өлгенін естігенін, аштықтан әлсіреген қазақтарды кім-көрінгеннің атып тастағандығын, аштықтан Ырғыз ауданы адамдарының оннан бірі, малының жүзден бірі ғана тірі қалғандығын жазып кеткен еді. Нұркей ақсақалдың да 1932 жылы Мақсұт пен Мұрат деген егіз балалары Ырғыздағы панасыз балалар үйіне, Өтебай ағамызбен бір жылы алынған екен. Бірақ, ол екі бала қайтыс болып кетеді. Кеңестік билік балалар үйіне де қажетті ақша, азық-түлік, дәрі-дәрмек бөлмеген. Сол себепті жетімдер үйіне алынған балалар қынадай қырылған...Ал, халық балаларым аштан өлмесін деп оларды шырылдатып жетімдер үйіне тапсырған...
Сонда, 1916 жылы азаттық үшін арпалыста бір қырылған ел, 1930 жылдары тағы да қынадай қырылды. Кеңестік билік патшалық биліктің заңды мұрагері болғандықтан, патшалық билік кезінде «сенімсіз» (көнбей, көтеріліске шыққан жерлер) деп танылған елдімекендерге қырын қарады. 
Елін өрге сүйреген Əлихан Бөкейханның: «Əр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, əйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар» деп айтқаны да бар. Бүгінгі ұрпақ кейінгіге көп жүк артпай, зерттейтін мәселелерді тиянақтап, ақырына дейін тыңғылықты зерттесе мемлекетшілдік санаға қосылған зор үлес болар еді. 
Түйіндей келе, ТӘУІП жеріндегі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің зерттелмеген қырлары көп. Мақаланы батыр жазушының «Қашанда болмасын әрбір қазақта сол кездегі сарбаздардың рухы табылсын деп тілеймін!» – деген даналығымен аяқтаймын... 
Сарбаздардың (қазақ даласындағы сарбаздың келбеті) рухын сомдайтын фильмдер көптеп шығарылса, батырлық рух өз деңгейінде ұғындырылса жастардың қайсар мінезді, рухты болып жетілуіне зор үлес қосылады. «Қарт сарбаз хикаясындағы» оқиға желілері бірнеше фильмге арқау болады. 
Адалдық – рухы биік адамның жанынан бір елі ажырамайды. Шәкерім ғұлама рухсыз жандарды нәпсі деген еді. Ал, рухтың биік болуы түзу тарихқа, ұлттың болмысына бойлауға қабілетті тарихи санаға, одан келіп шығатын ұлттық ойлауға көгендеулі. Бұл да өз алдына жеке зерделенетін тақырыптардың бірі. 
             

 (Жалғасы. Басы өткен санда) 

 Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Гүлзина Бектас «Өтебайдың кітабын неге өртеді?», Айқын.–16.09.2022. 
2.Қанахин Ө. Қарт сарбаз хикаясы.- Алматы: «Өлке» баспасы, 2021.– 336 б.
3.Қазақ /Құраст: Субханбердина Ү. және т.б. – Алматы, 1998.- 560 б. 

7700 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз