• Заманхат
  • 28 Мамыр, 2024

АЛТЫН ОРДА МИРАСҚОРЛАРЫ НЕМЕСЕ ҚАЗАҚТЫҢ ЕУРОПАДАҒЫ БІР ТАРМАҒЫ

Жетпісбай Бекболатұлы,

Білім беру ісінің Құрметті қызметкері
 

Қазір елімізді әлемге танытатын брендтер баршылық. Алтын Орда – солардың ішіндегі бірегейі. Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл брендті «жан-жақты және кеңінен пайдалану қажет. Оны толық зерттеу үшін табанды жұмыс істеу керек. Бұл бағытта біраз шаруа атқарылды. Менің бастамаммен Жошы Ұлысын зерттейтін ғылыми инс­титут құрылды… Қазір Қазақстанның жеті томдық жаңа академиялық тарихын жазу үшін нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Оған 250-ден астам ғалым, соның ішінде 60 шетелдік маман жұмылдырылды. Академиялық басылымның осындай үлгісін әзірлеу тәжірибесінде алғаш рет Жошы ұлысына жеке том арналмақ», – деп атап өтті. 
Жиырмасыншы ғасырдың ғаламат технологиялары таным көкжиегін кеңейте түсуде. Қаншама ғасыр бойы кітап­ханалардың қоңыр салқын қоймаларында сүрдей сақталып, қадымнан күні бүгінге дейін жеткен, көлденең көк аттының қолына түсе бермейтін көне жәдігерлерден бастап күні кеше ғана баспадан шыққан жуан жинаққа дейін ғаламтор желісіне көгенделуде. Сөйтіп, білімдіден шыққан сөз жер шарының түкпір-түкпіріндегі талаптыларға кез болуда. Сонау Ыстанбұл мен Париждегі университтерден көзді ашып-жұмғанша жылдам хабар алып, ғылымның сан алуан бұлағынан мейірі қанғанша сусындаған талай оқымысты ашқан жаңалықтары мен болжам-жорамалдарын ғұламалардың пошта жәшіктеріне тікелей жолдап, матбуғаттардан монографияларын кедергісіз шығаруда. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, ғылым-білім саласына, соның ішінде тарихқа, атап айтқанда «балама тарихқа» (немесе «folk story»-ға) көңілі кетіп, көп жағдайға ақиқаттан алыс қонған идея-пікірлерін ортаға салушылардың көбеюі қарапайым оқырмандардың санасын сан саққа жүгіртуде. Осы орайда қолға алынып жатқан Қазақстанның жеті томдық жаңа академиялық тарихы фактілер мен оқиғаларды бұрмалаушылыққа тосқауыл қояды деген үміттеміз. 
Оқырмандардың бірнеше буыны Владимир Янның «Шыңғыс хан», Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романдары, Олжас Сүлейменовтың «Аз и Я» көсемсөзі сияқты көркем туындыларды парақтай отырып, тарихи танымын қалыптастырды деуге болады. Сондай-ақ ғылыми монографияларды, архив құжаттарын ерінбей ақтарып, инемен құдық қазғандай тірлікпен тірнектеп білім жинаған энтузиаст-талапкерлер де бір қауым-тын. Кәсіби қызметім мен ғылыми ізденістерім тарихтан жырақ қонғандықтан, бұл пән бойынша білім-білігім орта мектеп бағдарламасынан онша алысқа ұзай қоймайтын. Алайда, соңғы онжылдықта журналистік қызмет бабымен бірқатар Еуропа мемлекеттеріне ат ізін салу барысында шетелдік белгілі қоғам және ғылым қайраткерлерімен жақын жүздесуге және олар жөнінде мақала-очерктер жазуға тура келді. 
Мәселен, Польшаның танымал экономисі, әлем елдерінде, соның ішінде Қазақстанда экономиканы «шошытып емдеу» әдісімен мәшһүр болған Лешек Бальцеровичтен бастап Адам Мицкевич атындағы Познань университетінің факультет деканы, кейіннен проректоры болған профессор Тадеуш Валласқа дейінгі игі-жақсыларды жұртшылыққа таныстырудың сәті түсті. Солардың ішінде Польша Сауда-өнеркәсіп палатасы төрағасының орынбасары, марқұм Тадеуш Намединсĸи, Targi Kielce Халықаралық көрмесінің Басқарма төрағасы, доктор Анджей Мохонь, «Grupa Martech» компаниясының иесі Марцин Мистаж, Ауыл шаруашылығы және тағам өнеркәсібі экономикасы институтының директоры, профессор Анд­жей Ковальсĸий сияқты мамандардың Польша экономикасына қатысты пікірлері баспасөзде жария етілді. Бұл ретте 2008 жылы құрылған Польша-Қазақстан Сауда-өнеркәсіп Палатасының төрағасы, жыл сайын поляк, қазақ және орыс тілдеріндегі «Экономикалық бюллетень» басылымын шығарып отырған Петр Гузовски жөнінде аз-кем тоқтала кету керек. Оның тікелей бастамасымен «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Палата арасында ақпарат алмасу туралы келісім-шарт жасалды. Гузовски мырза бүгінгі таңда қызметін уақытша тоқтатқан «Tenge Monitor» экономикалық газетінің жұмысына белсене араласып, талай рет сұхбат берді. 
Поляк ғалымдарымен отандық баспасөз беттерінде әңгіме-дүкен құрылып, олар белді басылымдардың қоғамдық жұмысына тартылды. Қазіргі уақытта олардың бірқатары, атап айтқанда Николай Коперник атындағы Торунь университетінің профессоры Роман Беккер әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Хабаршысы» журналистика сериясының, Познань университетінің проректоры, профессор Тадеуш Валлас «Қазақ газеттеріне» қарасты «Мысль» журналының редакциялық алқа мүшелері болып табылады. Бүгінгі Польша қоғамының жоғарыда аты аталған белді өкілдерімен сұхбат барысында елдің бұрын-соңғы тарихына, әсіресе Варшава шарты ұйымына кірген кезеңдегі саяси-экономикалық және әлеуметтік жағдайына қатысты ой-пікірлеріне назар аударатынмын. 
Польшалық журналист-ғалымдардың «Қазақ газеттері» ЖШС-мен арадағы шығармашылық байланыстарына тоқталмай өтуге болмас. Осы ұжымның шаңырағын көтеріп, керегесін тіктеген белгілі қоғам және баспасөз қайраткері, танымал журналист Жұмабек Кенжалин 2013 жылы Польшаның Слубице қаласында болған халықаралық конференцияда қазақты Еуропаға таныстырған Адольф Янушкевич жайлы баяндама жасап, Адам Мицкевич атындағы университеттің журналистика факультетінің ұстаздарымен қарым-қатынас орнатып қайтқан-ды. Келесі жылы факультет деканы, профессор Таудеуш Валлас бастаған, декан орынбасары, профессор Анджей Стельмах пен ұстаз Светлана Болтромюк қостаған польшалық ғалымдар қарымта сапармен Алматыға келіп, «Қазақ газеттері» ЖШС-на арнайы ат басын тіреді. Кездесуді ашқан Жұмекеңнің еліміздегі ақпараттық индустрияның бүгінгі жай-күйі жайлы әңгімесі әлі күнге құлағымда. 
Польшаның белгілі саясаттанушысы, ақкөңіл азамат Тадеуш Валласпен елдегі саяси көңіл-күй, көрші мемлекеттермен арадағы байланыстар жөнінде пікір алмасу барысында діни бірлестіктер жөнінде сұрадым. Валлас мырза Ольштын қаласындағы Вармия және Мазур университетінде кезінде Польша мұсылмандар одағына жетекшілік жасап, Гданьск мешітінде имам болған тегі польшалық татар, профессор Селим Хазбиевич есімді ғалым бар екенін айтып, сол кісімен кездесуді ұсынды. Қоңыр күзде Польшаның солтүстігіндегі Ольштын қаласына жол тартып, Хазбиевичпен ұзақ әңгімелестім. Бұл кездесу Шығыс Еуропа мен Шыңғыс хан империясы арасындағы байланыстардан бейхабар, технократтық көзқарастағы маған қатты әсер етті. Осы ретте тарихшы, ақын әрі журналист Селиммен арадағы қарым-қатынастың саяси тарихқа, сондай-ақ түркі халықтарының өткені мен бүгініне деген көзқарасымды түбегейлі өзгерткенін әрі сирек дереккөздерге үңілуге түрткі болғанын айта кеткім келеді. 
Шыққан тегі поляк үйсіні Хазбиевич өткен жылдың қараша айына дейін Польшаның Қазақстан мен Қырғызстандағы Төтенше және өкілетті елшісі ретінде елімізде жеті жылдан астам уақыт бойы жемісті еңбек етті. Оның елімізге келуіне мінәйі себеппен қол ұшым тигендіктен, өзі ақын әрі ғалым адамды шығармашылық және ғылыми ортамен таныстыруға тырыс­тым. Хазбиевич мырза Қазақстан Жазушылар одағының сол кездегі төрағасы, бүгінде Түркі дүниесі әдебиетшілерінің көшбасшысы болып табылатын Ұлықбек Есдәулетовтің арнайы шақыруымен Алматыға келіп, емен-жарқын әңгіме-дүкен құрды, шығармашылық жоспарларымен бөлісті. Ұлықбек Оразбайұлы Селим ақынның өлеңдері қазақшаға аударылып, шығармашылығы жырқұмар қауым көзайымына айналатынын айтты. 
Селим Хазбиевич мырзаның Ұлт­тық ғылым академия­сының Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының және Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ұжым­дарымен кездесулерін ұйымдастыруға мұрындық болдым. Сондай-ақ ака­демияның ШоқанУәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Саясат­тану инс­титутында ғалым­ның «Польша-литван татарлары – Алтын Орда мирас­қорлары» атты бес тілде жарық көрген кітабы бойынша ғылыми семинарлар өтті. Профессор Хазбиевич Түркістан өлкесінде жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде өмірге келген қозғалыстар мен партияларды, саяси және әлеуметтік, мәдени және діни ағымдарды зерттеп, Ахмет Байтұрсынұлына қатысты деректерге көңіл аударып жүргендіктен, Ахаңның Алматыдағы музей-үйінде жинақталған жәдігерлермен және құжаттармен таныс­тырдым. 
Тегімді менің сұрасаң...
Польша-литван татарлары жөніндегі бірқатар еңбектердің авторы Селим мырза мен Алматыдағы ғылыми орта арасындағы байланыстарға дәнекер бола жүріп, оның төл туындыларын қазақ және орыс тілдеріне аударып, бірқатар журналдарда жариялаттым. Мәселен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде шығып тұрған «Айқап» журналының екі санында оның «Алтын Орда үзіктері: поляк (литван) татарлары» атты очеркі жарық көрді. Сондай-ақ университеттің «Дінтану» және «Журналистика» Хабаршыларында, әдеби-көркем «Простор» журналында мақалалары жарияланды. Хазбиевичтің «Қазақ университеті» баспасында жарық көрген, жоғарыда айтылған кітабын және журнал мақалаларын редактор ретінде баспаға даярлай отырып, өзім үшін беймәлім жәйттарға, фактілер мен кісі есімдеріне кезіктім. Өйткені, оқиғалар мен персоналиялардың полякша таңбаланып берілуі қазақ және орыс тілдерінен өзгеше. Ең әуелгі түсінбеушілігім Хазбиевичтің электронды поштасынан басталды. «Teleboga» делінген оның атауын мен басында теледидарға қатысты поляк тіліндегі атаусөз бе деп жүрдім. Кейіннен әуестігім жеңіп, «бұл қалай аударылады» деп сұрап едім, оның көгілдір экранға еш қатысы жоқ екенін айтты. Сөйтсем, Teleboga дегеніміз 1287 жылы Польшаға басып кірген Алтын Орданың ханы, Батудың шөбересі Төле-Бұға (кей деректе Төле-Бұқа) хан екен. Орысша Телебуга, Тула-Буга делінеді. Бұл мысалдан Селим мырзаның қанына тартатынын, исі түркі жұртының перзенті екендігін байқаймыз. Тіпті оның есімінің өзі Осман империясының атақты сұлтаны Селимнің құрметіне қойылған екен. 
Кітапты баспаға дайындау барысында мен үшін тосындау естілген тағы бір дерекке тап болдым. Ол «Яхолдай ханатына» («Жағалтай хандығы») қатысты. Жалпы, бұл тарихи факт мамандарға мәлім шығар, бірақ өзім кітаптар мен монографиялардан әлі кезіктіргенім жоқ.
Бір реті келгенде профессор Хазбиевичтен «біз Польша татарлары туралы не білеміз, тегіңізді таратып бере аласыз ба?» деп сұрадым. Ол мұның ұзақ хикая екендігін айтып, өзінің «Поляк-литван татарлары» атты мақаласымен танысып шығуды ұсынды. Бұл мақаланы қазақ және орыс тілдеріне аударып, журналдарда жария­ладым, кейін ҚазҰУ ректоры, профессор Жансейіт Түймебаевтың алғысөзімен қазақ, поляк, түрік, ағылшын, орыс тілдерінде жеке кітап етіп шығардым. Енді сол кітаптың польшалық ағайындарымыздың шығу тегіне қатысты деректерін оқырмандарымызға ұсынып отырмын. Бұл ретте оларға «татар» атауы шартты түрде берілгендігіне, түптеп келгенде қазіргі қазақтар тәрізді «үйсін, жалайыр, арғын, найман, қоңырат» болып, рулық жүйеде қалғандарына, сөйтіп, қазақтың Еуропадағы бір бөлшегі екендігіне назар аударуды өтінемін. 
 «...Жылнамаларда поляк татарлары, литва татарлары, поляк-литва татарлары, липка татарлары, Литва Ұлы Герцогтігінің татарлары, поляк мұсылмандары, мұсылмандар, поляк-литва мұсылмандары, Польшадағы және Литвадағы татар мұсылмандары, мұсылман татарлары деген атауларды жолықтырамыз. Бұлардың барлығы бүкіл Польша немесе поляк татарларын сипаттау үшін қолданылып, халықтың шығу тегіне немесе дінге, сондай-ақ аумаққа қатысты болды.
Литваның Ұлы Герцогтігінде татарлардың пайда болуы XIV-XV ғасырлар тоғысында, қазіргі халықтар қалыптасқанға дейін орын алған. Осы себепті поляк татарларының жеке басы ешқашан қазіргі мағынадағы «ұлт» сатысында болған емес – олардың этникалық құрамы әрқашан рулық сипатта болды. Сондықтан екі жақты, Польшаға да, Литваға да қатысты архаикалық ұлттық бірегейлік пайда болды. Мұны Шығыстану орталығының негізін қалаушы Марек Карп марқұм да атап өтті. Бұл, әрине, поляк татарларымен байланысты теориялардың бірі ғана. Тағы бір теорияның авторы познаньдық ғалым Збигнев Ясевич. 1975 жылы ол Познаньдағы Адам Мицкевич атындағы университеттің студенттерімен бірлесе жұмыс істеп, этнографтардың ғылыми үйірмесін жүргізді. Зерттеу нәтижелері 1980 жылы «Lud» журналында жарияланды. Ғалым ассимиляцияға байланысты татарлар этникалық топтың ерекшеліктерін жоғалтқанын, сондықтан оларды тек өзіндік айырмашылықтары бар этнографиялық топқа жатқызу керектігін атап өтті. Бұл тұжырым уақыт сынақтарына төтеп бере алмады. 1989 жылдан кейін поляк татарларының этникалық қайта өрлеуі орын алды, бұл 1992 жылы Польша Респуб­ликасында татарлар қауымдастығының құрылуымен байланысты болды. Збигнев Ясевичтің өзі алдыңғы тұжырымынан бас тартты. Катаржина Варминский поляк татарларының этникалық және діни ұқсастығы ой елегінен өткізілген келесі зерттеуді жүргізді. Краковтық зерттеуші өз ғылыми ізденісінің нәтижелерін осы топтың түп төркіні мен оның этникалық анықтамасы туралы сұрақтарға нақты және біржақты жауап бермей жариялады.
 Польша мен Литвадағы татар дәстүрін зерттеуші Станислав Кричинский «татар» атауының тарихи және саяси термин ретінде өте дәл екендігін дәлелдеді. Оның пікірінше, «Литва татарлары» термині XV ғасырда Литва Ұлы Герцогтігінің аумағында тұратын түркі тектес адамдарға лайықты болған. Бұл термин Қырым татарлары мен осман түріктері берген «Липка татарлар» атауынан шыққан. Lipkowie түріндегі бұл атау XVII ғасырда Польшадағы адамдардың осы тобын бейнелеу үшін қолданылған.
Кричинский жоғарыда аталған «татар», «татарлар» этникалық атауларына сілтеме жасай отырып, Ананий Зайанчковскийдің пікірлерін келтіреді. Ал, Зайанчковский болса орта ғасырлық орыс жылнамашылары қолданған терминдегі шатасуларға байланысты татар мен түрік халықтары алшақтай бастағаны жөнінде жазады. Бұл ғылыми емес тәсіл. Терминдердегі жаңылысу этнографиялық жіктеу үшін татар тілін алу жеткіліксіздігін көрсетеді. Түсіндіру үшін географиялық атаудан шыққан сын есімді қолдану керек, мысалы: Абакан, Қазан, Қырым, Литва татарлары және басқалар. Зайанчковский «литвалық мұсылман» деген атауды да сынға алады, өйткені бұл топтың этникалық шығу тегін көрсетпейді, тек дін ұстанушыларға ғана назар аударады. Бұл терминнің жақтаушысы осы бағыттағы зерттеуші әрі мазмұндас жарияланымдардың авторы, этнограф, Ягеллон университетінің профессоры Джулиан Талко-Хрынцевич болды. Ол Польшадағы және Литвадағы татар тобының әр түрлі этникалық қатыстылығын білдіретін «Литва мұсылмандары» атау­ын қолдады. Жоғарыда айтылғандай, мұсылман діні жаңадан қалыптасып келе жатқан топ мүшелерінің жеке басын тұлғаландыру мен өзін-өзі сәйкестендірудің негізгі элементі болып табылатындықтан, Зайанчковский бұл терминнің атауында айқындықтың жоқтығын тілге тиек еткен болатын.
Осы проблемамен бұрын-соңды айналысқан зерттеу­шілер Зай­анчковскийдің толғамдарына ұқсас тұжырымдар жасайды. Бұрынғы Речь Посполитаядағы поляк татарларын сипаттау үшін қолданылған әулет есімдері господар (мемлекет) және казак татарларға қатысты болғандығын атап өткен жөн. Бұл терминдер этникалық емес, әлеуметтік иерархияны сипаттайды. Сонымен қатар, Радзивилл татарлары дворян отбасылардың біріне жататындығын бейнелейді. Соғыстар аралығындағы кезеңде поляк татарлары өздерін азшылық немесе ұлттық топ деп атады. Қорыта келе, ұлттық және этникалық азшылықтар туралы 2005 жылғы 6 қаңтардағы Заңға сәйкес поляк татарлары этникалық азшылық болып табылатынын атап өткен жөн». 
Жалпы, поляк татарларына арналған басқа да еңбектер бар, бірақ профессор Хазбиевич бұл үзіндіде мәселенің жалпы түркіге ортақ сипатын атап көрсетеді. 
Баспасөз, дін және мәдениет
Оқырмандарды поляк татарларының рухани болмысы қызықтыратыны түсінікті. Бұл жөнінде Селим Хазбиевичтің жоғарыда аталған «Поляк-литван татарлары – Алтын Орда мирасқорлары» кітабында егжей-тегжейлі мәліметтер беріледі. Енді соларға назар аударайық. «...ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында поляк-литван татарларының ұлттық жаңғыруы бас­талды, мұның өзі ұлтшылдық жетекші идеологияға айналған Еуропадағы жалпы көңіл-күймен, сонымен қатар Ресей империясындағы мұсылман халықтары арасында ұлттық сезімдердің өсуімен, сондай-ақ бір топ жас поляк татарлары зиялыларының күш-жігерімен байланыс­ты болды. Санкт-Петербургте Ресейдегі ұлттық, пантюркистік және панисламистік қозғалыстардың белсенділері тәрбиеленді, олардың арасында Ахматовичтер, Крычинскийлер, Сулькевичтер, Базаревскийлер және басқалар сияқты отбасылардан өрбіген поляк татарлары болды. Дәл сол кезде, ХХ ғасырдың басында Найман князі Мырза Крычинскийдің ескі асыл тұқымынан шыққан Леон Крычинский ұйымдастырушылық және жетекшілік рөлін атқара бастады. Мырза Крычинский Литва Ұлы Княздігінің татар ақсүйектерінің ежелгі отбасыларының бірі Найман-Пиотровичтер отбасынан еді. Леон өзінің ағасы Олгердпен бірге 1907-1908 жылдары поляк татар студенттерінің жасырын үйірмесін құра отырып, сол кездегі Санкт-Петербургте татар академиялық жастарын ұйымдастыра бас­тады. Ресейдегі мұсылман халықтарын қайта құру қозғалысына белсенді қатысқан ағайынды Леон және Олгерд Найман Мырза Крычинскийлер 1920 жылдан кейін поляк болмысын құру ісіне қосылды. Леон Крычинский поляк татарларының соғысаралық кезеңдегі мәдени өмірінің жетекшісі әрі ұйымдастырушысы, баспагер, қоғам қайраткері һәм жазушы болды.
1922 жылы тіркелген поляк татарлары Қауымдастығы соғысаралық кезеңде қызмет етті, 1926-1939 жылдары ол татар халқының мүдделерін білдіру үшін құрылған этникалық, мәдени және әлеуметтік ұйым болды. Осы уақытта поляк татарлары қауымдастығының Гданьск мен Белостокта және Варшавада үш дербес бөлімі жұмыс істеді. Леон Крычинский поляк татарларының соғысаралық кезеңдегі мәдени өмірінің жетекшісі әрі ұйымдастырушысы, баспагер, қоғам қайраткері һәм жазушы болды. 1935 жылдан бастап Гдыняда тұрып, облыстық сот төрағасының орынбасары болып істеді. Ол мерзімді басылымнан гөрі альманах болған «Rocznik Tatarski» («Татар жылнамасы») журналының бас редакторы және іс жүзінде баспагері болды. Поляк-литван татарларының ғылыми зерттеулеріне де, топтың этникалық өзіндік сәйкестендірілуіне де негіз болатын «Rocznik Tatarski»-дің үш томдығы жарық көрді. 1939 жылы оны Пиясницада немістер атып кетті. Ал, Ольгерд Крычинский де сондай-ақ поляк татарларының қоғамдық және саяси көшбасшысы, Варшавадағы мұсылман қауымдастығының президенті, Польша Республикасы Жоғарғы сотының прокуроры болды, оны 1941 жылы Смоленскіде НКВД өлтірді.
 1934-1939 жылдары Вильнюсте ресми түрде Польша Республикасы татарларының мәдени-ағартушылық одағының Вильнюс филиалының органы ретінде шыққан ай сайынғы «Życie Tatarskie» («Татар өмірі») журналының бас редакторы, журналист, тарихшы, Стефан Тухан Мырза Барановскийді де айта кеткеніміз жөн. Ағайынды Крычинскийлердің бастамасымен құрылған бұл ұйым 1926-1939 жылдары жұмыс істеген. Оның мақсаты ұлттық жаңғыру және әлеуметтік өзін-өзі қолдау, сонымен қатар поляк татарларының білім деңгейін көтеру болған. Бұл одақ күндізгі бөлмелер, фольклорлық топтар, дәрістер, сондай-ақ би кештерін, ойындар мен жас­тар кездесулерін ұйымдастырған. Бұл ұйымның Польшадағы татар дәстүрлерін сақтауға қосқан үлесі орасан зор. Екінші Польша Республикасы кезеңінде татар халқы 6000 адамды құрады. Татарлар Вильно (Вильнюс) және Новогруд сияқты солтүстік-шығыс воеводстваларда тұрды. Польшада 1918-1939 жылдары 17 мешіт және 2 мұсылман намазханасы болды, мүфтилік бастаған Польшадағы Мұсылман Діни Одағында 19 діни бірлестік бар еді. Үш басылым жарық көрді: 1930-37 жылдарда Варшавада тоқсан сайын шыққан «Przegląd Islamski» («Исламдық шолу») журналы; 1934-1939 жылдарда Вильнюсте ай сайын шыққан «Życie Tatarskie» журналы және ғылыми және қоғамдық-әдеби «Rocznik Tatarski» журналы. Вильнюс соғысаралық кезеңде татарлар үшін мәдени, әлеуметтік және діни орталық болды.
 Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Польша мұсылмандарының Бас әскери имаматы Батыстағы екінші поляк армиясы корпусының бұйрығымен 1947 жылға дейін жұмыс істеді. Осы жылы 26 және 27 қыркүйекте Ұлыбританияда поляк мұсылмандарының бірінші жалпы конгресі өтті, ол поляк эмиграция орталықтарымен тығыз ынтымақтастықта болып, Ұлыбританиядағы поляк мұсылмандарының бас имамдығын тағайындады. Бас имам Эмир Байрашевский қуғында жүрген Польша Республикасының Президенті Август Залески ұсынған төртінші Ұлттық кеңестің мүшесі болды. Имамат сонымен қатар өзінің «Komunikat» («Хабарландыру»), кейінірек «Głos z Minaretu» («Мұнарадан шыққан дауыс») сияқты журналдарды шығарды.
 Якуб Романович басқарған мұсылман Діни одағы ресми түрде 1947 жылы қайта жанданды. Бұл одақ 1947 жылғы өзгерістермен мемлекеттің мұсылман дініне қатынасы туралы 1936 жылғы заң негізінде жаңғырды. Бұл өзгерістерге сәйкес одақты төрағасы бар Жоғарғы мұсылман алқасы басқарды. Алқа мүшелері мен төраға дінбасылар емес-тін, өйткені исламда христиан мағынасындағы дінбасылар жоқ. Келесі төраға Эмир Тухан Барановский болды. Қазіргі уақытта мұсылман Діни Одағының Гданьск мен Белостокта, Варшавада, Гожув-Велькопольскиде, Бохоники мен Крушиняныда 6 діни бірлестігі бар. Соңғы қалаларда XVIII-XIX ғасырлардағы тарихи ағаш мешіттер де сақталған. Гданьск қаласындағы мұсылмандар діни қоғамдастығы 1960 жылы ресми түрде құрылды. Сол кезеңде, яғни 1960 жылы Белостоктағы мұсылман қоғамдастығы ресми түрде құрылды. 1980 жылдары қала билігі Белосток қауымдастығына Гжибова көшесіндегі кішігірім ғимаратты берді, ол намазхана болып, сонымен бірге қоғам басқармасы мен діни кездесулердің жиналатын орны ретінде қызмет етті. 1991 жылы Варшавада, Вилановтағы Вертнич көшесінде намазхана үйі ашылды. Бұл құлшылық үйі Польшадағы мұсылман елдері елшіліктерінің қаражатына сатып алынды. Осы қаражат пен татар қауымдастығы қосқан үлесті пайдалана отырып, Варшавадағы Повонзкада, Татар көшесіндегі татар зиратында қабырға тұрғызылып, жерлеу бюросы ұйымдастырылды. 2001 жылы мұсылмандар діни одағының құрамында жаңа, бұл жолы Быдгощ қаласында мұсылман діни бірлестігі құрылды. Бас­па қызметі жалғасуда, мәселен мына төмендегідей журналдар шығарылуда: «Rocznik Tatarów Polskich» («Поляк татарларының жылнамасы») ғылыми, әдеби және қоғамдық журналы; екі айда бір рет шығатын «Życie Tatarskie» журналы, тоқсан сайын шығатын «Świat Islamu» («Ислам әлемі») журналы. Сонымен қатар «Wydawnictwo Rocznik Tatarów Polskich» («Поляк татарларының жылнама баспасы») баспасынан кітаптар шығарылады. Баспаның соңғы шығарған басылымы Станислав Дюминнің «Herbarz rodzin tatarskich Wielkiego Księstwa Litewskiego» («Литва Ұлы Княздігі татар отбасыларының гербтері») кітабы болып табылады. Бүгінгі таңда баспа және редакция қызметі фольклордың орнын басатын түрі бар. Әсіресе, поляк мұсылмандары заманауи Польша мен Еуропа болмысына сәйкес келетін іс-әрекет моделін құруға ұмтылып жатқан қазіргі таңда осылай болып отыр. 
Литва Ұлы Княздігі мен Польша Корольдігінің аумағында өмір сүрген алты жүз жыл ішінде мұнда қоныс аударған татарлар тек Польша Республикасының татар тұрғындарына ғана тән ерекше мәдениет жасады. Поляк-литва татарларының мәдениеті мұсылман шығысы мен Батыс Еуропа мәдениетінің тоғысуынан пайда болды. Ислам мәдениетінің орталықтарынан, тегі жағынан туыс түрік және Қырым татарлары мәдениетінің тіршілік ағымынан алыста болған олар көбінесе рухани және материалдық тұрғыдан ғасырлар бойы өзіндік тұрақты ерекшеліктерге ие болған ислами болмыс пен рухани өмір алмастырғыштарын жасады. Поляк татарларының руханилығына Литва Ұлы Княздігінің көп ұлтты және көп мәдениетті бет-бедері әсер еткені сөзсіз. Татар тілін қолдану мүмкіндігінен XVI-XVII ғасырларда ішінара және XVIII ғасырда толық айырылған татарлар өздерінің жекелік бітім-болмысын ең алдымен өздері жазған әдебиет арқылы қалыптастырды, онда ислам дәстүрі поляк немесе ескі беларусь тілінде араб әліпбиімен сипатталды». Хазбиевич поляк-литван татарларының әдеби ескерткішеріне кеңінен тоқталады. Кітапты дайындау барысында мәтінде кездесетін құраннан алынған сөздерді араб графикасымен бергіздім. 
Вильнюс университетінің профессоры Антон Антонович поляк-литван татарларының қолжазбаларын «Белорусские тексты, писанные арабским письмом, и их графико-орфографическая система»(«Араб графикасында жазылған беларусь мәтіндері және олардың графикалық-орфографиялық жүйесі», Вильнюс, 1968) атты кітабында зерттеп, китабистика атты ғылымның негізін қалады. Китабистика пәні поляк-литва татарларының XVII-XIX ғасырдың ортасы мен XIX ғасыр аралығындағы әртүрлі мазмұндағы қолжазба жинақтары түрінде бүгінгі күнге дейін жеткен әдеби шығармалары болып табылады. Бұл кітаптарға Мұхаммед пайғамбардың өмірі мен қызметі туралы аңыздар, әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерді сипаттау, мұсылмандардың негізгі міндеттері, көбінесе аңыздар, өнегелі әңгімелер, кейде шығыс сюжетіндегі шытырман оқиғалары да бар. Қазір Беларусьте «Зикр-ул-китаб» («Кітап естелігі») атты белорус татарларының ұлттық мәдени бірлестігі жұмыс істейді. 
Қазақстанда әлі беймағлұм китабистика ғылымы жөнінде реті келгенде сөз қозғайтын боламыз. Жалпы, Еуропадағы ағайындар өз тегін, ата-бабаларын ұмытпаған, олардың тірлігін «тарих тереңінен маржан сүзген» оқымысты қауымның қарекетімен шендестіруге болады. 

5626 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз