- Заманхат
- 28 Мамыр, 2024
Фархат ДОСМҰРАТОВ, Ақтөбе облыстық ескерткіштерді зерттеу, қорғау орталығының директоры: САКРАЛЬДЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ САҚТАУ – ПАРЫЗ
«Елімізде рухани құндылығы жоғары дүниелеріміз жеткілікті. Оның ішінде адамзаттың асыл қазынасы атануға әбден лайық мұраларымыз бар. Қазір бірнеше нысанды трансұлттық аталымдар бойынша ЮНЕСКО тізіміне енгізу үшін өтініш берілді. Бұл шаруа көрші елдермен бірлесіп атқарылып жатыр».
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзінен.
– Фархат Сабыртайұлы, тарихи орындар мен ескерткіштер қай елдің де өткенінен хабар беретін бағалы жәдігер екені анық. Талай ғасырдың куәсіндей, шежіреге толы қасиетті орындардың рухани-идеологиялық маңызын біздің қоғам қаншалықты ұғынып жүр деп ойлайсыз?
– Біздің орталық Ақтөбе облысы бойынша тарихи ескерткіштерді анықтап, заң нормалары бойынша құжатқа түсіріп, тізімге қойып, мемлекет қорғауына алу ісімен айналысады. Біздің аймақ – арғы-бергі тарихта, талай замана көшінде, оқиғалар мен тұлғалар тағдырының өтінде болған мекен. Сондықтан да елдің өткенінен мағлұмат берер орындарға толы. Оны өшіруге талпынған кезеңдерден біршама құрбандықтар арқылы өтіп, бүгінгі тәуелсіз елдің ес жиған, есті шағына жеттік. Өткен шақта да, бүгін де, болашақтың бедерінде де жер – ең әуелгі байлық әрі құндылық. Әлем тарихында із қалдырған түрлі тартыстардың көбі осы жер дауынан туындағаны мәлім. Бабаларымыздың даналығы ата-бабадан мұраға қалған мекенге ескерткіштер тұрғызып, белгілі адамдарына зәулім кесенелер салып, қорымдарына тайға таңба басқандай етіп құлпытастар қойып кеткен. Бұл – осы жердің меншік иесі өзің екенін дәлелдейтін төлқұжат.
Рухы бекем ұрпақ тәрбиелеу жолында балаға ең алдымен жер қадірін, кіндік қаны тамған мекеннің қасиетін түсіндіретін тәлім өміршең болғанын бүгінгі Қазақстанның жер көлемі дәлелдеп тұр. Атамекен сөзінің өзінен-ақ, сенің атаң мекен етіп, сені дүниеге әкеліп, Һақтан бұйрық келгенде қара орман жұртын тастап, ауылдың шетінен мәңгілік орын тапқан жер деген концепция аңғарылады. Тарихи орындар мен ескерткіштердің, қорымдардың рухани-идеологиялық маңызы осындай деп санаймын. Қазіргі жаһандану дәуірінде де осы бір ата-баба жолынан алыстамағанымыз абзал. Оған ел тізгінін ұстаған азаматтардан бастап, әр отбасы тікелей жауапты деп ойлаймын.
– Осы күні Ақтөбе облысында мемлекеттік қорғауға алынған ескерткіштердің жалпы саны қанша? Ол тізімге соңғы жылдары қандай ескерткіштер енді?
– Жер көлемі 300 629 шаршы шақырымды құрайтын Ақтөбе өңірі – тарих және мәдениет ескерткіштеріне бай өлке. Қазір облыста мемлекеттік қорғауға алынған, республикалық маңызы бар ескерткіш саны 9, облыстық маңызы бар ескерткіштер – 863, оның ішінде: археологиялық ескерткіштер – 669, монументтік өнер құрылысы – 58, қала құрылысы және сәулет ескерткіштері – 87, ансамбльдер – 6, киелі объекті – 43. Сондай-ақ, қосымша тізімде 1430 ескерткіш тұр. 2020–2023 жылдары аталған тізім толығып, олардың қатарына Әбубәкір Кердері кесенесі, Нұрсейіт тамы, Жұмағали ишан, Жалмұхамбет ишан қорым-мешіті, Нұрпейіс, Бисен хазірет мешіттері, Сүлеймен ата, Қазанғап бейіттері, Ойсылқара мен Целинный және т.б. қорымдар мен археологиялық қорғандар енгізілді.
– Мұндай ескерткіштерді қорғау ісі қалай жүргізіледі? Облыс аумағындағы алыс-жақын тарихи мекендерді қорғаудың ерекшеліктері қандай, қиындығы да бар болар?
– Ескерткіштерді қорғау орталығы атқаратын жұмыстардың ең маңыздысы облыстағы тарихи-мәдени ескерткіштердің санын және мемлекеттік тізімге енген ескерткіштердің орналасқан орнын анықтау, тізімін жасау мен құжаттарын ретке келтіру.Жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудің тағы бір жолы – тарих қойнауында жатқан, даламыздың түкпір-түкпіріндегі әр дәуірдің куәсіндей ескерткіш мұраларды анықтау, зерттеу, қайта жаңғырту және насихаттау екені анық.
Осы мақсатта, Қазақстан Республикасының «Мәдениет туралы» және «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау, пайдалану туралы» Заңында көрсетілген талаптарды орындау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының тікелей міндеті. Облыс аумағындағы тарихи-мәдени мұраларымызды қорғап, сақтау үшін басқарма 2022–2023 жылдары Алматы қаласындағы Ғылым академиясында және Ақтөбе қаласында «Ғылыми кеңес» өткізді. Кеңеске Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты, Рамазан Сүлейменов атындағы Шығыстану институты мен Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті және «Қазреставрация» республикалық мемлекеттік кәсіпорынындағы, Ақтөбе облысын ұзақ жылдар бойы зерттеген тарихшы, этнограф, археолог ғалымдар мен архитектор, реставратор мамандар қатысып, өңірдің тарихи-мәдени мұрасын қорғап, сақтау мәселесін талқылады.
Облыс аумағында сақталған тарихи ескерткіштер мен асыл мұраларымызды көздің қарашығындай сақтап, келешек ұрпаққа аман-есен аманаттау, бүлдірмей жеткізу бүгінгі буынның басты парызы. Кең жазира даламыздың әр түкпірінде сақталған ескерткіштер жылдан-жылға, күннен-күнге жоғалып, тозып, құртылып, бүлініп, қирап, сынып, жойылып бара жатқанын жасыру мүмкін емес. Ауа райы, климаттың әсері, адамдар мен жан-жануарлардың бүлдіруі, уақыт өте ескіру, тозу ықпалынан және т.б. қаптаған факторлардың себебінен асыл мұраларымыз азайып барады. Қазір барын бүтіндеп, жоғын түгендеп, тарихи ескерткіштерді сақтап, қорғап қалу жолында бірталай жұмыс атқарылып келеді. Ол үшін ең әуелі әрбір құлпытасқа фотофиксация жасап, құжаттап, аударып, зерттеп, геолокациясын анықтап, өлшемін алып, осы мәліметтер негізінде паспорттау қажет. Ол өте көп еңбекті талап етеді. Оған осы саланың мықты мамандары мен терең зерттеп жүрген ғалымдарды тарту қажет. Ғылыми негізделген, заңдық тұрғыда реттелген, дұрыс тіркеуге алынып, зерттелген мұра ешқашан ел тарихынан өшпейді, талай ғасырлар бойы өз құндылығын жоғалтпай сақталады деп сенеміз.
– Қорғау заңнамасына енгізілген ескерткіштерді жекелеген адамдардың қирату фактілері құқық бұзушылық ретінде тіркеле ме?
– Облыс аумағындағы тарих және мәдениет ескерткіштерінің сақталуы, қорғалуы және пайдалануы барысында ескерткіштерді бұзу деректері кездеседі. Бұл негізінен жер қойнауын пайдаланушылардың тарихи-мәдени мұра ескерткіштері бар жер учаскелеріне археологиялық-этнографиялық сараптамалық актілерді алмағандығынан болады. Атап көрсеткенде, әсіресе Ақтөбе қаласы, Қарғалы және Мәртөк аудандарында кейбір қорғандар егіс алқаптарын жырту, құрылыс материалдары үшін құм-тас карьерлерін ашу, жол салынуы т.б. кезінде жойылуда немесе жойылу қаупі төнуде. Сондай-ақ Байғанин ауданындағы Дәуімшар батыр қорымындағы «Рақ батыр» кесенесін салу, Әйтеке би ауданындағы ескі Қарабұтақ қорымы сияқты бірегей архитектуралық ескерткіштерді де өз бетінше зерттеп жөндеу, құрылыс жұмыстарын жүргізу салдарынан бүлінуі фактілері де тіркелді.Айта берсек, облыста тарихи-мәдени мұралар мен ескерткіштерге қатысты мәселе толып жатыр. Сондықтан да бағзыдан баян беретін ескерткіштерді ескерусіз қалдырмау өте өзекті мәселе. Табиғи апат немесе адам қолынан жойылып бара жатқан жәдігерлер жайы мамандарды қатты алаңдатуда. Еліміздің мәдени мұрасын ашу, есепке алу, қорғау және сақтау ісіне терең мән беріп, тарихи жәдігерлерімізді жойып жібермей, сақтап қалу керек.
– Облыс орталығында құрылыстың көп жүруіне байланысты, тарихи орындар мен қала агломерациясы арасында туған қайшылық туралы баян етсеңіз?
– Жаһандану дәуірі табиғат ескерткіштері мен тарихи мәдени мұраны сақтау, қорғау және пайдалануға аса назар аудару қажеттілігін көрсетеді. Бұл мәселенің еліміздегі келешегі зор облыс орталығының бірі Ақтөбе шаһарын дамытуға (агломерация) тікелей қатысы бар. Мұнда қазір құрылыс қарқынды жүріп жатқаны белгілі. 2022 жылдан бастап Батыс-3, Нұр-Ситидегі бірнеше жеке тұрғын үйдің астында қалып немесе инженерлік-коммуникациялық желілерді тарту барысында жойылып кету алдында тұрған археологиялық қорғандарға авариялық қазба жұмыстары жүргізілуде. Осы жылы «Думан» тұрғын үй массивіндегі «Тамды-І» қорғанына қазба жұмыстары жүргізіледі. Мәселен, қаланың бас жоспарына сәйкес ерте темір дәуіріне жататын Сазды-ХІ, Құрашасай-VІІ, Қызылжар-І сынды қорғандардың үстінен төрт жолақты автокөлік жолы түсіп, көп қабатты үйлер салынады. 2021 жылы «Ақтөбе қаласының жер қатынастары бөлімі» Ақтөбе қаласы аумағындағы археологиялық ескерткіштердің картасын жасақтап шықты. Қазір қала аумағындағы барлық құрылысты жүргізу кезінде сол карта назарға алынатын болады.
– Ақтөбе облысы аумағында тарихи жерлердің нақтылығына байланысты ғылыми дәйектерді архив деректерімен сәйкестендіріп айғақтауды қажет ететін даулы жағдайлар болды ма? Өзіңіз қызмет барысында кезіккен жағдайларға тоқталып өтсеңіз.
– Ырғыз ауданы аумағында «Бөкенбай шоқысы» деген тарихи төбе, батырдың есімін алған мекен бар. Бұл шоқы бойынша хатқа түсіріп, сол заманның бедері, тұжырымы тұрғысынан Ресейдің саяхатшылары, әскери адамдары, зерттеушілері Я.Гавердовский, М.Тевкелев, П.Рычков, И.Бларамберг, Л.Мейер, В.Вельяминов-Зернов жазып қалдырған. Еліміздің белгілі тарихшы ғалымдары Н.Бекмаханов, И.Ерофеева, З.Байдосов, Н.Жетпісбай, Г.Орынбаева, Д.Әбенов т.б.ғылыми монография, кітап мақалалар жазып, еңбектенген.
«Бөкенбай шоқысы» туралы орыс офицері Я.П.Гавердовскийдің 1803-1804 жылдардағы «Обозрение Киргиз-кайсакской степи или описание страны и народа киргиз-кайсакского» деген жол-сапар күнделігінде, бөкенбайтанушы ғалым И.В.Ерофееваның «Рыцарь «звания чести» Казахский батыр Бокенбай Карабатырулы» атты кітабында, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының тарихшы ғалымдары шығарған «История Казахстана в Русских источниках XVI-XX веков» атты монографияның 5 томында деректер баяндалған.
Бұл тарихи деректерді зерделеуді қажет ететін мәселені ретімен шешу үшін алғашқы кезекте жоғарыда баяндалған деректерді жинастырып, XVII-XVIII ғасырлар аралығын зерттейтін тарихшы ғалымдар қазір мұрағат материалдарын жан-жақты зерттеу үстінде. Бұл ғылыми таластың нақты шешімін осы жылдың соңына дейін анықтап, нүктесін қою жоспарланған.Тағы бір ғылыми дәлелдемелер мен зерттеуді қажет ететін мекен – «Ақпан қорымы». Ақтөбе облысы Хромтау ауданы, Қопа ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 40 шақырым жерде орналасқан. Қорым ХІХ ғасырдың соңында Ақпан елдімекеніндегі қазақ зираты ретінде қалыптасқан. Қорымның солтүстік-шығысынан оңтүстікке қарай ерте темір дәуірінің қорғандар тобы тізбектеліп орналасқан.
Ор өзенінің бойында ескі карталарда «Ақпансай» деген жер атауын Адай руынан шыққан Ақпан батыр Келімбердіұлының есімімен байланыстырушылар бар. Дегенмен бұл қорымда Адай руынан шыққан Ақпан батыр Келімбердіұлы жерленгені туралы тарихи, архивтік деректер аз. Сондықтан да, кәсіби тарихшылар тарапынан ғылыми тұрғыдан зерттелуі қажет. Оның ішінде еліміздегі іргелі ғылым ошақтары Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты, Ә.Марғұлан атындағы Археология институты, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғалымдары тарапынан ғылыми зерделеулер мен тарихи, архивтік зерттеулердің қорытындылары болғаны абзал.
Қазір бұл қорым, «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы Заңының» 4-бабына сәйкес қосымша тізімге енгізіліп, қорғауға алынды. Осы заңның 26-бабында жеке немесе заңды тұлға болсын өзінің аумағындағы ескерткіштің сақталуына міндетті түрде жауапты деп көрсетілген. Ол бойынша Президенттің арнайы Жарлығы да бар.
– Ақтөбе облысындағы тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру жұмысы біршама жүйелі істерге бастап келеді. Қайта жаңғыртуға бел буу барысындағы жоспарларыңыз қандай?
– 2023 жылы Ақтөбе облысының мәдени мұрасын зерттеу, сақтау, жаңғырту мен насихаттау бойынша 2023–2025 жылдарға арналған жол картасы аясында облыс аумағындағы ғылыми-реставрациялау қажет деп жоспарланған Алмат тамы (ХІХ ғ.), Оңалбек ата (ХVII ғ.), Қыз әулие (ХІХ ғ.) кесенелері мен Досжан ишан (ХІХ ғ.) және Көк мешітке (ХІХ ғ.) ғылыми реставрациялау жұмыстары жүргізіліп аяқталды. «Хазірет Досжан ишан» мемориалдық кешенінде медресенің сыртына және ішіне жиналған, құлаған топырақ үйінділер археолог мамандардың қатысуымен толықтай тазартылды. Медресенің барлық бөлмелері анықталып, аралық аркалар мен кіреберіс дәлізі де ашылды. 2024 жылы Темір ауданындағы Досжан ишан тарихи-мәдени кешеніне ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және қайта қалпына келтіру ісі жалғасады. Сонымен қатар, Байғанин ауданындағы Тасқабақ кешеніндегі Жұмағали ишан мешітін консервациялау, Алға ауданындағы 1909 жылы тұрғызылған Жел диірмен қайта қалпына келтіріледі. Сондай-ақ, Мұғалжар ауданындағы Молдағазының Көк мешітін, Шалқар ауданындағы Матығұл кесенесін, Ырғыз ауданының Дүйсенбі аһун мешітін қайта қалпына келтіру үшін ғылыми-жобалық сметалық құжаттама әзірлеу жоспарда.
– Қобда ауданында орналасқан «Абат-Байтақ» қорымы кеңінен зерттеліп, сандық құжатқа түсіп, ауқымды конференция ұйымдастырылғаны көпшілікке мәлім. Осы жұмыстарды атқару барысына, нәтижесі мен тарихи құндылығына, жарияланған жинақ бойынша ақпарат берсеңіз?
– «Абат-Байтақ» кесенесі жанында үлкен мұсылман қорымы бар. Сондықтан бұл жерді «Абат-Байтақ» қорымы» деп атаған жөн. «Абат-Байтақ» қорымы мен кесенесін мемлекет қарауына алғаннан бері көптеген жұмыстар жүргізілді. 2006 жылы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында кесене толығымен ғылыми-реставрациядан өткізілді. «Абат-Байтақ: қазақ даласының інжу- маржаны» атты жинақ шығарылды. Абат-Байтақ қорымына келушілердің қатары күннен күнге арта түскен соң, елдің игілігіне жарату мақсатында 2013 жылы қорымды қорғау, құрылыс салу стандарттарын реттеу, табиғи ландшафт аймағы шекарасын (168 га) белгілеу жұмыстары жүзеге асырылды. 2013 жылы шырақшы үйі салынып, 2017 жылы толығымен қоршалып, шырақшы үйі мен кесене арасына жалпақ тастар төселген жол салынды. 2021 жылы шырақшы үйі мен кесене арасындағы жаяу жүргіншілер жолы қайта жөнделіп, брусчатка төселді. Одан басқа, қорымдағы құлпытастарды аралап, экскурсия жүргізу үшін жалғыз аяқ жол (200 м) төселіп, қорымды аралауға жағдай жасалды. 2022 жылы 48 құлпытасқа реставрациялық жұмыстар жүргізіліп, құлап, қирап, бүлініп жатқан құлпытастар тұрғызылып, қорымның іші тазартылып, қайта өңдеу жұмыстары жүргізілді. 2023 жылы «Қыз әулие» кесенесін консервациялау, реставрациялау, саман кірпіштер құйылып, құлаған жерлерін қайта қалап, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қорымға келуші халық саны көбейе түсті. Келушілер мұндағы арабжазулы құлпытастарды оқып, аударып, кітап шығаруды ертеден бері сұрап, одан бөлек басқа ғалымдар да бұл өте қажетті жоба екенін талай айтқан болатын. Сөйтіп, 2023 жылы «Абат-Байтақ» қорымының арабжазулы эпиграфикалық ескерткіштері» атты кітап-альбомы тұңғыш рет жарық көрді. Кітап-альбомның авторлары да белгілі ғалымдар, оның бірі – әлемге әйгілі шығыстанушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ыстанбұл қаласында орналасқан Ислам ынтымақтастығы ұйымы жанындағы Ислам мәдениеті мен тарихын зерттеу орталығы басшысының кеңесшісі Әшірбек Құрбанұлы Мүминов. Екінші автор – Алматыдағы Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері Бағдат Дүйсенов. Кітап 3 тілде жарық көрді. Ағылшын тіліндегі редакторы Америка Құрама Штаттары Вашингтондағы Конгресс кітапханасының ғылыми қызметкері, исламтанушы доктор ғалым, профессор Ален Франк мырза. Осындай ғалымдардың қаламынан шыққан ғылыми еңбек әлемнің әр түкпіріне тарап, қазіргі ғылыми айналымға еніп, Ақтөбе облысының тарихи ескерткіштері бұрын-соңды белгісіз боп келген құнды дереккөз ретінде ғылым көшіне ілесіп, әлемнің 57 мұсылман мемлекеті мүше болып табылатын ИРСИКА ұйымының кітапханасы қорына және Ыстанбұлдың сирек кітаптар қорына орналастырылды. Бұл іргелі істердің басы қасында болып, кітап болып басылуына үлкен азаматтық жауапкершілікті өздеріне тікелей жүктеген Ә.Мүминов пен Б.Дүйсеновке алғысымды білдіремін. Бұндай дүниенің жарық көруі, ескерткіштерді зерделеу тұрғысынан алға жылжу болып табылады.
Бұл кітап-альбомды шығарудағы басты мақсатымыз – Ақтөбе облысының ең маңызды тарихи орны болып табылатын «Абат-Байтақ» қорымын зерттеу, зерделеу, арабжазулы құлпытастарды аудару, мұнда жерленген тарихи тұлғаларды анықтау, әлемге таныту, туризм жұмысын жүйелі жүргізу мақсатында тарихи танымын арттыру, туристер санын арттыру, өлкетану жұмысын жандандырып, ұрпаққа ата тарихын таныту сияқты аса маңызды мақсаттар қойылды. Соның нәтижесінде «Абат-Байтақ» қорымында 242 құлпытас тізімге алынып, әрбір тастың өлшемі, сапалы фотолары тіркеуге алынды, арабжазулы мәтіні анықталды, аударылды, тарихымыз бен мәдениетіміздің көптеген ақтаңдақ беттері ашылды. Мұнда бабаларымыздың ХVIII-XIX ғасырларда қойған құлпытастары бар, ою-өрнек салу, сәулет өнерімен сәндеу, арабжазуының небір көркем каллиграфиясы, Ислам дінінің ең көркем пәлсапалық ой-толғамдары жазылған құлпытастар біздің облыстың ғана емес, тіпті қазақстандық жоғары мәдениет қана емес, күллі мұсылман өркениетінің сирек кездесетін құнды мұралары болып табылатыны анықталды, ғалымдар аса жоғары бағасын беріп отыр. Осы кітап-альбомды таныстыру мақсатында Облыстық тарихи-өлкетану музейінде ауқымды конференция өткізілді. Жалпы жұртшылық жақсы бағасын беріп, тағы да жалғасын табу қажеттігіне баса назар аударып, тарасты. Мұндай жұмыстарды әлі де жүйелі түрде жүргізу керек деп есептейміз.
– Отарсыздану жұмысын ертерек бастаған түркі мемлекеттері тарихи ескерткіштерін сандық форматқа көшіріп, заманауи нұсқаларда насихаттап жатқаны белгілі. Осындай істерді «Абат-Байтақ» қорымы бойынша сіздер жүзеге асырып, ғылыми ортаға ұсындыңыздар. Қолда тұрған уақыт пен төбе асып келетін жылдарда қандай қорымдарды зерттеп, цифрландыру ойда тұр?
– Арабжазулы эпиграфикалық ескерткіштерді зерттеу ісі көршілес елдерде қарқын алып, жақсы жолға қойылған. Мәселен, Әзербайжан елінде көптеген қорымдардағы құлпытастардың аудармасын жасап, зерттеу жүргізілді. Соңғы жылдары Өзбекстан ғылымын ерекше сілкінткен еңбек – «Архитектурная эпиграфика Узбекистана». 25 том жоспарланып, осы күні жартысынан көбі жарық көрді, әсіресе, әлемге әйгілі қасиетті орындар орналасқан Қарақалпақстан, Сурхандарья, Самарқанд (Регистан мен Шах-и Зинда кешендері), Навои, Хиуа, Наманған, Әндіжан, Ташкент, Бұхара мен Ферғана облыстарының эпиграфиялары жарияланды, аударылып, зерттеліп берілді. Сондай-ақ, Татарстанда да эпиграфикалық ескерткіштерді зерттеу ісі жақсы жүйемен жалғасып келеді. Татарстанның XІІІ–XX ғасырлардағы арабжазулы эпиграфикалық ескерткіштері «Мирасханэ» сайтында ашық ғаламторға жарияланып отыр. Бұл қазіргі заман талабына сай жасалған жаңаша бастама. Арнайы сайт жасап, мұнда қорымның, тіпті әрбір тастың геолокациясы берілген. Одан бөлек, әрбір тастың 3D форматтағы бейнесі де берілген жерлер бар. Ал әлемдік мұсылман эпиграфикалары берілген ең құнды еңбек Париж қаласында жарық көріп келеді. Бұл кітапқа Қазақстан аумағындағы бір де бір құлпытас енгізілмеген. Қазақстан аумағында сақталған сәулеті келіскен көркем құлпытастар басқа елдерде кездесе бермейді. Біздегі құлпытастарда өте әдемі көркемдік шешімдер бар, тамаша тас қашау өнері дамыған. Араб елдерінде құлпытас қою бойынша мұндай көркемдік жоқ. Онда тек қара тас қоя салады. Ал қазақ топырағында, әсіресе Ақтөбе өңіріндегі құлпытастарда ұлттық нақыштағы көркем ою-өрнектер, жер-су аттар, ру-тайпа атаулары, тарихи тұлғалар, сопылық ілім, шығыс жұлдыздарының элегиялық өлеңдері, құран аяттары, хадистер баяндалған көптеген ақпарат табуға болады. Мұның барлығы біздің тарихи мұрамыз емес пе?!. «Абат-Байтақ» қорымының арабжазулы эпиграфикалық ескерткіштері» кітап-альбомы қазіргі заман талаптарына сай, өте көркем сапалы шыққан тұңғыш кітап болып табылады. Бұған дейін, Маңғыстау облысындағы Шақпақ ата жерасты мешіті мен Сисем ата қорымының эпиграфикасына арналған кітаптар шыққан болатын. Өкінішке қарай, ол кітаптардың сапасы сын көтермейді. Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының мамандары 2019 жылы арнайы ғылыми экспедициямен келіп, біраз аудандарды аралап, біраз қорымдардың құлпытастарына аударма жасаған болатын. Олар кезең-кезеңімен жарыққа шығады деп ойлаймын. Ақтөбе өңірінде эпиграфикалық ескерткіштердің мол қоры бар. Адам баласының аяғы жетпеген, тың дүниелер өз зерттеушілерін күтіп жатыр. Біз ендігі кезекте Доңызтаудағы Қарасақал, Дәуімшар сияқты үлкен қорымдарды зерттеп, ғылыми айналымға енгізуді көздеп отырмыз.
– Тарихи ескерткіштердің ұлт үшін қандай маңызы бар деп санайсыз? Маман ретіндегі ой пікіріңіз?
– Ескерткіштерді қорғау – әрбір рухани санасы сау мемлекеттің әдепкі қалпы, мызғымас міндеті. Өткеннің өміршеңдігі бүгінің мен болашағыңның көрінісіне пара-пар деңгейде екенін түсінген қоғам, өзін ұлт ретінде санауына толық негіз бар. Тарихтың төлқұжаты – ескерткіштер, куәлігі – шежірелі мекендер. Бізді отарлаушы Ресей патшалығының да, коммунистік қызыл империяның да жүргізген саясаты мен идеологиялық соққылары ең әуелі тарихи ескерткіштерді жоюдан басталды. Қазақтың байырғы далалық ономастикасында бір жердің атауы сол жердің тарихы мен тарихи тұлғасына тікелей байланысты болатын. Жер судың атауын өзгертудің өзі тарихи ескерткіштердің атауын жоғалтып, орындарды қараусыз қалдыру яки түбегейлі сүріп тастау арқылы жергілікті халықты түпкі тарихи жадынан айыруға, киелі мекендердің сакральды құндылықтарын ұмытуға итермелейді. Ол дегеніміз, ұлтты өз болмысынан алыстату. Мұндай әккі саясат белгілі бір кезеңде іске асқаны баршаға мәлім. Осы тұрғыда тәуелсіз мемлекет ретінде тарихи ескерткіштерді қорғау мен оны бүгінгі және болашақ ұрпаққа сақтау мен жеткізу ел болып қолға алатын мәртебелі міндет. Ат төбеліндей «тарихи ескерткіштерді қорғау» бөлімімен шектелмей, қоғам болып тарихи мекендердің құндылығын түсініп, әр қазақтың рухына жалғанып тұрған тұсы бар екенін ұғындыру, бұл мемлекеттік идеологияға жетелейтін фактор. Билікке елдік мұрат пен ұлттық идентфикациясы толық қоғам қалыптастыру керек болса, осы тұрғыда амал етіп, қаражат бөліп, шынайы назар аудару абзал іс болар еді. Сондықтан, идеология деген нәзік тінді жібек баулы дүние болса, тарихи ескерткіштер соларға ілініп тұрған ақтаңдақ рухани жейде іспетті. Оны уақыттың шайқауы мен тарихтан бұрын бас пайданың ындынын көксеген ынсапсыздардың талауына, табиғаттың жыл он екі ай өтіне қараусыз тастау нәзік жіптің үзілуіне әкеп соғары сөзсіз. Сол үшін шежірелі мекендер мен тарихи орындардың сақталуын, қорғалуын, бүлінбеуін, бұзылмауын қадағалап, ол жердің құндылығы мен маңызын насихаттап, құжат күйінде цифрландырып, дизайнерлік тұрғыда жариялап, мультипликациялық өнімдерге ұластырса елдің мәдени мұрасына деген жауапкершілік әр адамның көңіліне ұялайды деп сенемін.
– Сұхбатыңызға көп рақмет!
Сұхбаттасқан Берік НҰРМҰХАМЕДОВ, тарих ғылымының магистрі
8232 рет
көрсетілді0
пікір