• Ел мұраты
  • 28 Мамыр, 2024

Әлібек ШОҚПАРОВ, «Халықаралық туризм және меймандостық университетінің Ректоры – Басқарма төрағасы: Туризм индустриясына мамандар даярлаймыз

2020 жылы Түркістан қаласында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Халықаралық туризм және меймандостық университеті ашылған еді. Университетті құру Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында бекітілген. Университет 2021 жылдың желтоқсанында  Жоғары оқу орындарының арасында бірінші дүниежүзілік туристік ұйымның (United Nations World Tourism Organization) мүшесі болып бекітілді. 2023 жылдың қазан айының басында Университет Түркияның жоғары білім Кеңесі (Yükseköğretim Kurulu) мойындаған шетелдік жоғары оқу орындарының тізіміне енгізілгенін айта кетейік. Қазақстандағы қонақжайлылық және туризм индустриясы үшін мамандар даярлайтын, сондай-ақ өзінің білім беру бағдарламаларына дуальды оқыту элементтерін белсенді енгізетін Қазақстандағы жалғыз бейінді жоғары оқу орнының тыныс-тіршілігі жайында «Халықаралық туризм және меймандостық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы – Ректоры Әлібек Шоқпаровтың «Aqiqat» журналының сауалдарына берген жауаптарын ұсынып отырмыз. 

–Әлібек Жұмабекұлы, еліміздегі ең жас университеттің қазіргі тыныс-тіршілігі қандай? Ашылғалы бері қандай өзгеріс болды?
– Халықаралық Туризм және мей­мандостық университеті Қазақстандағы қонақжайлылық және туризм индустрия­сы үшін маман даярлау саласындағы ең жас университет ретінде еліміздің білім беру жүйесінде өз орны бар жоғары оқу орны деп айтуға болады. 2020-2021 оқу жылында алғашқы студенттер оқуға қабылданып, жұмысын бастап кетті. Биыл университетіміздің ашылғанына бес жыл толады. Туризм индустриясы бойынша қызмет ететін алғашқы түлектеріміз еңбек нарығына жолдама алады. 
Инновациялық білім берудегі және еңбек нарығының қазіргі заманғы сұранысына сәйкес келетін бағдарламаларды әзірлеп әрі жүзеге асырып, даму жолын жалғастыра беруге ниеттіміз. 
Нақты нәтижелерге келер болсақ, білім ордамыз құрылған сәттен бастап университет жұмысында айтарлықтай оң өзгерістер байқалды. Атап айтқанда, білім беру бағдарламаларының саны 6-дан 11-ге дейін өсті, олардың 73 пайызы аккредиттеуден өтті, соның ішінде мамандандырылған үш жаңа білім беру бағдарламасы қосылды. «Тынығу» білім беру бағдарламалар тобы жаңадан ашылып, «Спорттық сауықтыру фитнесі», «Спорттық туризм» бағдарламаларына талапкерлер қабылданды; Қазақстан Рес­публикасы Қорғаныс министрінің 2023 жылғы 24 шілдедегі №721 бұйрығымен Университеттің базасында әскери кафед­ра ашылды. Бүгінгі таңда университеттің әскери кафедрасы екі мамандық бойынша дайындық жүргізеді. 2021 жылдың желтоқсанында университетіміз еліміздегі ЖОО арасында бірінші болып Дүниежүзілік туристік ұйымға (UNWTO) аффилиирленген мүше болып бекітілген болатын. ЮНВТО-ның аффилиирленген мүшесі мәртебесі Университет үшін мынадай біршама мүмкіндік береді: қарым-қатынас жасау, идеямен және ЮНВТО қызметі туралы басқа да ақпарат алмасу үшін кеңістік болып табылатын AMConnected интерактивті платформасын қолдану; туризм саласындағы барлық жарияланымдарды, зерттеулерді және ЮНВТО статистикалық дерекқорын қамтитын ЮНВТО E-Library электрондық кітапханасын қолдану; ЮНВТО мүшелерінің жарияланымдары мен есептерін қолдану; туризм саласындағы білім беруді одан әрі дамыту үшін ЮНВТО-мен, көптеген әлемдік серіктестермен ынтымақтастық мүмкіндігі; ЮНВТО аясында іс-шаралар өткізу (халықаралық форумдар, семинарлар және т.б.); маркетингтік мақсатта ЮНВТО логотипін қолдану. 
2023 жылдың қазан айында университетті Түркия Республикасының Жоғары білім кеңесі (YÖK) мойындады. Оның біздің университет үшін бірнеше артықшылығы бар. Біріншіден, біздің дипломымыз бен біліктілігіміз Түркияда ресми түрде танылды, бұл осы елде жұмыс істегісі келетін немесе білімін жалғастырғысы келетін студенттер үшін пайдасын тигізетіні сөзсіз. Екіншіден, бұл мемлекеттік бағдарламаларға, гранттарға және Mevlana, Erasmus + және басқалары сияқты қаржыландыру мен ынтымақтастықтың басқа көздеріне қол жеткізуге мүмкіндік берді. Сонымен, Түркияның жоғары білім Кеңесінің мойындауы университеттің халықаралық білім беру мекемесі ретіндегі беделін арттыруға ықпал етеді. 
2021–2022 оқу жылынан унив­ерситетімізде көп тілді (полиязычные) топтар іске қосылып, қазақ, орыс, ағылшын тілінде арнайы пәндер оқытыла бастады, келесі оқу жылынан бастап бес білім беру бағдарламасы бойынша ағылшын тобына талапкерлер қабылдау жоспарлануда. 
Оқу үдерісіне қосымша қытай, түрік және басқа да шет тілдер енгізілді, қазір студенттер 2 жыл бойы шет тілдерін тереңдетіп оқи алады. 
Студенттерге негізгі мамандығына қоса арнайы майнор пәндерді таңдай отырып, қосымша біліктілік алу хақы берілді. Бұл орайда білім алушыларға 10-нан астам майнор бағдарлама ұсынылды. 
2021–2022 оқу жылынан бастап қызмет көрсету саласының ерекшелігін ескере отырып, теориялық сағаттар қысқартылып, практикаға бейімделген сабақтарға басымдық берілді, сонымен қатар оқу үдерісіне дуалды оқыту элементтері енгізіле бастады және өндіріс базаларынан тәжірибелі практиктер дәріс оқуға, семинар сабақтарын жүргізуге шақырылды. 
2022–2023 оқу жылынан Қызмет көрсету саласы бағытындағы барлық білім беру бағдарламаларына толықтай дуалды оқыту жүйесі енгізілді, дуалды оқыту бағдарламасы аясында студенттер еліміздің жетекші бес жұлдызды қонақүйлері мен мейрамханаларында, туристік агенттіктер мен туроператорлар, туризм басқармалары, т.б. өндіріс базаларында практикалық дағдыларды игере алады. Бұл бағытта басты серіктестеріміз қатарында Ritz-Carlton, St. Regis Astana, Double Tree by Hilton, Inter Continental, Rixos Water World Aktau, Rixos President Astana, Rixos Borovoe, Rixos Khadisha Shymkent, Hampton by Hilton Turkistan, Hilton Astana Hotel, Ramada by Wyndham Astana, Radisson Астана, Group Top Tobe Grand Hall, Khanshaiym Otel, Rixos Khadisha Shymkent, Kazakhstan Travel HUB, АО «Kazakh Tourism», «Open Turkistan», Wonderful travel, «Turion Investment Group» базалары сияқты туризм индустриясындағы белді мекемелер бар. 2023-24 оқу жылында 18 үздік студентіміз БАӘ Дубай қаласында «Banyan Tree Residences Dubai» отелінде дуалды оқыту аясында тағылымдамадан өтті. 
2022 жылы туризм саласында қолданбалы және іргелі ғылыми зерттеу жұмысымен айналысу, оқытушылар мен студенттерді ғылыми зерттеу жұмысын үйлестіру мақсатында Туризм ғылыми зерттеу орталығы ашылып, университет республикалық бюджеттен гранттық қаржыландыру арқылы ғылыми жобаларды жүзеге асыра бастады. 2023-2025 жылдарға арналған Ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды гранттық қаржыландыру конкурсына төрт жоба жіберіліп, оның екеуі жалпы сомасы 140 млн құрайтын грантты ұтып алды. 
2022 жылдан университеттің профессор-оқытушылық құрамы қызмет көрсету саласы бойынша кәсіптік стандарттарды әзірлеу мен жаңартуға атсалысуда. 2020–2021 оқу жылынан бастап студенттеріміз академиялық ұтқырлық бағдарламасымен шетелдік (Түркия, Таи­ланд, БАӘ, Болгария, т.б.) жетекші оқу орындарында білім алу және шетелдік тәжірибе базаларында жазғы өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие болды. 
– 2023–2025 жылдарға арналған екі ғылыми жоба жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Ол жоба қазір қай деңгейде? Бюджеттен тиісті қаражат бөлінді ме? 
– Туризм саласындағы қолданбалы ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу мақсатында Ғылыми зерттеу орталығы тарапынан «Қазақстан туризмін әлемдік деңгейде жақсарту мақсатында саяхатшылардың пікірлері негізінде деректерді (Big Data) талдау мен мәтінді өңдеу» және «Цифрлық технологияларды пайдалана отырып ағылшын тілін оқытуда туризм мамандарының коммуникативті-танымдық құзыреттілігін арттыру» тақырыптарында жобалар дайындалды. Бұл ғылыми жобалар 2023–2025 жылдарға арналған Ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды гранттық қаржыландыру конкурсында жоғары бағаланып, Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан қаржыландырылды. Жобаның жалпы сомасы (140.000.000 теңге). Қазіргі таңда осы жобалар аясында зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Мысалы «Қазақстан туризмін әлемдік деңгейде жақсарту мақсатында саяхатшылардың пікірлері негізінде Big Data-ны талдау және мәтінді өңдеу» атты жоба аясында Алматы, Шымкент қалаларындағы қонақ үйлер мен ресторандарда Big Data-ны қолдану арқылы аналитикалық талдау жасалуда. Ал «Цифрлық технологияларды пайдалана отырып ағылшын тілін оқытуда туризм мамандарының коммуникативті-танымдық құзыреттілігін арттыру» атты жоба аясында туризм мамандығында білім алып жүрген білімгерлерге кәсіби ағылшын тілін үйрететін оқу-әдістемелік кешен дайындалуда. 
– 2023 жылғы қыркүйегінен бас­тап  атты халықаралық ғылыми журнал шығарылатыны айтылды. Журналдың ғылыми ортадағы жетістіктері қандай кезеңде?
«Bulletin of the International University of Tourism and Hospitality» журналының алғашқы нөмірі 2023 жылдың қыркүйегінде Халықаралық Туризм және қонақжайлылық университетінде жарық көрді. Журналға №13403-Ж 19.06.2023 ж. мерзімдік басылымды және ақпараттық агенттікті есепке қою куәлігі берілген. Жарыққа шыққалы бері жалпы саны 26 мақаланы қамтитын үш нөмір шығарылды. Барлық жарияланымдар ҒЖБМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің ғылыми басылымдарға қоятын талаптарына сәйкес рәсімделетінін атап өту маңызды. 
Сонымен қатар, биыл наурыз айында ISSN және DOI нөмірлеріне тапсырыс беріліп, сәуір айынан бастап мамыр айының соңына дейін журналдың әрбір жарияланымы аталған нөмірлермен қамтамасыз етіледі. Алдағы уақытта, журналдың төртінші шығарылымы жарияланғаннан кейін, журналды Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің ғылыми қызмет нәтижелерін жариялауға ұсынылатын басылымдардың тізбесіне қосуға өтінім беруді жоспарлап отырмыз.
– Кәсіпорындарда 80-нен астам тәлімгер дуалды оқытуға қатысып, апта сайын студенттердің кәсіпорын базасында алған тәжірибелік білімдері мен дағдылары бағаланады екен. Бұл іс қалай жүзеге асады, таратып айтып берсеңіз... 
– Университетіміз қызмет көрсету саласы үшін кадр дайындауда теорияны практикамен ұштастырудың және кәсіпорында практикалық дағдыларды игерудің маңызын ескере отырып, барлық білім беру бағдарламаларына дуалды оқыту жүйесін енгізген бірегей оқу орны болып табылады. Дуалды оқытудың мақсаты – еңбек нарығының қажеттіліктері мен сұранысын ескере отырып, кәсіптік даярлықты қамтамасыз ету, оқытудың өндіріспен байланысын нығайту. Дуалды оқыту бағдарламаларын университет пен кәсіпорын базасы алдын-ала талқылап бекітеді және студенттерге кәсіпорында практикалық дағдыларды игеруіне көмектесетін арнайы жетекшілер тағайындалады. Студенттің үлгерімі екі тараптан да, яғни практикалық дағдыны кәсіпорын тарапы тағайындаған жетекші, теориялық үлгерімді университеттегі пән оқытушылары бағалайды. Кәсіпорыннан бекітілген жетекшілердің бейіні бойынша базалық білімі мен біліктілігі, тәжірибесі болуы талап етіледі. Сонымен қатар, университет тарапынан да арнайы дуалдық оқытуды үйлестіруші оқытушы бекітіледі. Үйлестіруші студенттердің білім беру бағдарламасын игеру үдерісіне бағынуына, сабаққа қатысуына қатаң мониторинг жүргізумен қатар білім алушы мен оқытушының цифрлық ізін қадағалап, оның цифрлық ізі арқылы бағалау жолымен материалдарды зерделеу барысын және тапсырмалардың уақтылы орындалуын бақылайды. Дуалды оқытуды үйлестіруші апта сайын кәсіпорын тағайындаған жетекшілерден студенттің өндірісте алған бағасы туралы ақпарат алып, пән оқытушыларына жіберіп отырады. Осылайша әрбір студенттің білімі бағаланып, Платонус ААЖ жүйесіне бағасы қойылады. 
– Қазір Түркістан қаласына еліміздің әр өңірінен, жақын шетелден келетін туристер саны көп. Бұл оқу орнының әлеуетін арттыруға ықпал ете ме?
– Әрине, университеттің дәл Түркістан қаласында орналасуы, қалаға үнемі еліміздің өзге өңірлерінен және алыс-жақын шетелдерден келетін турис­тер санының үзілмеуі оқу ордамыздың әлеуетін арттыруға ықпал ететіні сөзсіз. Студенттеріміз Visit Turkistan орталығының гид-экскурсоводы, PhD, қауымдастырылған профессор Нұржан Әбішов пен WFTGA экскурсоводы, ұлттық тренер, PhD, қауымдастырылған профессор Анастасия Губаренконың дәрістерінде алған теориялық білімін практикада қолданып, қаламызға толассыз келіп жатқан туристерге қызмет көрсете отырып кәсіби дағдыларын тереңдете алады. Сонымен қатар, Түркістанда өтетін халықаралық және республикалық ресми ауқымды іс-шараларға университет студенттерінің еш кедергісіз қатыстырылуы, қонақтарды күтіп алу, іс-шаралар барысында шетелдік қонақтарды алып жүру, оларға қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерінде экскурсиялар өткізуге атсалысуы студенттеріміздің кәсіби біліктілігін арттырып, нарықта сұранысқа ие кадр болуына көп көмегін тигізеді.
Университет сонымен қатар, өнеркәсіп қызметкерлерінің кәсіби дам­уына да үлес қосуда. Атап айтқанда, сала мамандарының өндірістен қол үзбей қосымша білім алуына және жаңа құзыреттерді меңгеруіне атсалысуда. Университеттің тәжірибелі профессорлық-оқытушылық құрамы мен практик мамандарының қайта даярлау, біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылып келеді. 2021-2022 оқу жылынан бастап университеттің Құзыреттілік және мансап орталығы Түркістан қалалық полиция бас­қармасының 523 туристік полиция қызметкерін оқытып, арнайы сертификаттар табыстаған болатын. Қайта даярлау бағдарламасында ағылшын және түрік тілдерінен базалық білімі, туристердің құқықтық жағдайы, этикет, Түркістанның басты көрікті жерлері және т.б. тақырыптар қамтылды. 2024 жылдың ақпан айынан бастап Түркістан облысы әкімдігінің тапсырысымен және «Күміс университет» бағдарламасы аясында «Гид экскурсоводтарды даярлау негіздері» біліктілікті арттыру курсында 450-ден астам қызметкер кезең-кезеңімен қайта даярлаудан өтті. Аталған курстың 2024 жылдың 19 ақпаны – 1 наурыз аралығында ұйымдастырылған алғашқы легіне 70 адам қатысып, табысты аяқтап шықты.
– Оқу орнына оқытушыларды тарту қиын болмады ма?
 – Университет алғаш ашылған 2020–2021 оқу жылында оқу үдерісі онлайн форматта жүргізілгендіктен, еліміздің өзге аймақтары мен қалаларынан оқытушыларды тарту қиындық туғызбады. Ал 2021–2022 оқу жылында дәстүрлі форматқа оралу мен студенттер контингентінің артуына байланысты кадр тапшылығы байқалды, себебі біраз білікті оқытушы өздерінің қалыптасқан өмір салтын бұзып, Түркістанға қоныс аударуға әзір болмады және оларды қызметтік пәтермен қамтамасыз ету мүмкіндігі де аз еді. Туындаған мәселені шешу мақсатында университет әкімшілігі тарапынан оқытушылардың жалақысын көтеру, ғылыми дәрежесі мен ғылыми атағы бар, ағылшын тілінде дәріс беретін оқытушыларға негiзгi жалақысына үстемеақы төлеу, Түркістан облысы әкімдігімен келісе отырып, резидент емес профессорлық-оқытушылар құрамын қызметтік пәтерлермен қамтамасыз ету немесе Түркістан қаласында тұрғын үйді жалға алғаны үшін өтемақы/субсидия төлеу жүйесін енгізу; ғылыми жобалар, мақалалар және оқу материалдары үшін профессорлық-оқытушылық құрамға үстемеақылар енгізу сияқты ынталандыру шаралары қолға алынды. Жалпы еліміздегі туризм саласында кадр даярлайтын 42 жоғары оқу орнында ғылыми дәрежесі бар оқытушылар тапшылығы байқалады, сондықтан шетелдік ғалымдар мен өндірістен тәжірибелі практиктерді дәріс оқуға шақыруды үрдіске айналдырдық. Университет жыл сайын ваканттық профессор оқытушы лауазымына конкурс жариялап, конкурс нәтижесі бойынша білікті әрі тәжірибелі оқытушыларды жұмысқа қабылдайды. Бұл жерде әрине ғылыми әлеуеті жоғары, ғылыми дәрежесі мен ғылыми атағы бар, сонымен қатар практикада еңбек өтілі бар оқытушыларға басымдық беріледі.
– Қазір студенттер саны қанша? Олар жатақханамен қамтылған ба? 
– Біздің университеттегі студенттердің жалпы саны 2551-ді құрайды, оның ішінде 2338 студентіміз грантта, ал 213 студент ақылы негізде білім алады. 
2023–2024 оқу жылына университет алты жатақхана ұсынуға дайын. Оның бесеуі келісім-шарт негізінде болса, бір жатақханамыз Университетке тиесілі. Барлық жатақхана соңғы үлгіде жөнделген, заманауи талаптарға сай жабдықталған және интернет желісімен қамтамасыз етілген. Студентердің қауіпсіздігі үшін жатақханаларда күзет орталықтарымен келісім жасалған және барлық жатақханаларда үздіксіз бейнебақылау жүргізілуде. Сонымен қатар, екі жатақхана университет аумағында орналасқан, ал төрт жатақхана қаланың ішінде орналасқандықтан университетке тікелей маршруттық көлік қарастырылған. Атап айтсақ, №4 қыздар жатақханасында студенттерді жеткізу қызметі үшін жеке автобус жұмыс істейді. Жалпы санақ негізінде 6 жатақханада 1000 төсек-орын бар. Бүгінгі таңда 652 төсек-орын толтырылған және 348 төсек болашақ студенттерімізді күтуде.
Тағы да айтылуы керек маңызды мәлімет, халықтың әлеуметтік осал топтарында өскен студенттер үшін жатақханаға орналасуда жеңілдік беретін шарттар бар, олар: I, II топтағы мүгедектер, толық жетімдер, төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар; кемінде үш жыл толық емес отбасы мәртебесі бар отбасылар; бала кезінен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған, «қандас» мәртебесі бар I, II топтағы мүгедектер, екі ата-ананың да жұмыссыздығы, Ауған соғысының ардагері; бір немесе екі ата-ананың мүгедектігі. Сонымен қатар, әлеуметтік осал топтарынан шыққан студенттер үшін төлемақы төлеудің жеңілдіктері қарастырылған.
– Осы оқу жылында енгізілген жаңашылдықтар жайында айтып берсеңіз... 
– Қазіргі туризм саласындағы кадр тапшылығын ескере отырып, келесі оқу жылынан бастап 3 жылдық білім беру жүйесіне көшу жоспарлануда. Сабақтар триместр – 10 апталық теориялық оқыту мерзімімен ұйымдастырылып, білім алушылар бакалавр дипломын 3 жылда алатын болады. Бұл туризм саласын таңдайтын талапкерлер үшін зор мүмкіндік болады деп есептеймін. 
Биылғы оқу жылында университеттің ғылыми қызметкерлері және профессор-оқытушылар құрамы тарапынан Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2024–2026 жылдарға ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды қаржыландырудың гранттық конкурсына 21 өтінім берілген болатын. Қазіргі таңда оның 10-ы тексеруден өтіп, сарапталуда, ал 3-еуі Ұлттық-ғылыми кеңес қарауында. 
Қазіргі таңда университет жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді жүзеге асыру мақсатында жұмыстар жүргізуде. Магистратураның ғылыми-педагогикалық бағыттағы «7М11101 – Туризм менеджменті» және бейіндік бағыттағы «7М11102 – Туризм менеджменті» (1 жылдық), «7М11105 – Туризм менеджменті» (1,5 жылдық) білім беру бағдарламалары әзірленіп, сарапшылар мақұлдады. Магистр дәрежесін беретін жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыруға арналған лицензияға қосымша алуға өтінім жіберіп, жауап күтіп отырмыз. 
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінен жыл сайын Халықаралық туризм және меймандостық университетіне 800 атаулы грант бөлінеді. 2024–2025 оқу жылына талапкерлерді қабылдау үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесінің шекті балы 65 ұпай болып бекітілді. 

«Aqiqat» журналы

9793 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

AQIQAT №8

26 Тамыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы