- Ел мұраты
- 28 Мамыр, 2024
Қазақстан мен Қытай: білім мен мәдени байланыстар көкжиегі

Қастер Сарқытқан,
Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғылыми қызметкері
Қазақстан мен Қытай әлемдегі шекарасы ең ұзын елдердің бірі. Тарихи көршілік қарым-қатынас екі ел арасындағы байланысты сан-салалы бағытта дамытып келеді. Тарихи кезеңдерді емес, егемендіктен кейінгі уақытты қарастырар болсақ, екі мемлекет арасындағы қарым-қатынас 1992 жылдан бастау алады. Содан бері білім және мәдениет саласында өзара түсіністік тереңдеп, достық қатынас нығаю үстінде. Оған Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы қол қойылған келісімдердің ықпалы зор болды. Олардың қатарына төмендегі келісімдер, коммюнике мен декларацияларды жатқызуға болады.
Қазақстан мен Қытай арасындағы білім және мәдениет саласындағы қарым-қатынасқа негіз болған заңды құжаттар (1- кесте). Бұл келісімдер екі ел арасындағы мәдениет, білім және спорт саласындағы ынтымақтастықтың дамуына заңдық негіздерді қалады. Соның негізінде екі ел арасында бір-бірінің дипломдарын тану мен студенттер алмасу жүзеге асуда. Нәтижесінде Қытайда білім алған көптеген қазақ жастары Қазақстанға келіп білімін жалғастырды немесе ғылыми атақ алды. Ғылыми атағы бар мамандар Қазақстанның жоғары оқу орындары мен зерттеу институттарында еңбек етіп келеді. Алайда, бір өкініштісі Қытайда танымал жоғары оқу орындарын бітіріп, сондағы университетте немесе Қытайдың Ұлттық ғылым академиясында қызмет еткен біраз қазақ азаматтары Қазақстанға келгенде сол ғылыми ортасынан көз жазып қалды. Оған сол кездегі экономикалық-әлеуметтік жағдайдың да әсері болғаны мәлім. Бірақ экономикалық-әлеуметтік қиыншылыққа қарамастан білім мен ғылым саласында әлі де еңбек етіп келе жатқан азаматтар да баршылық. Десе де, адам капиталы деген теорияға сүйенсек, сол бір топ білімді де, білікті азаматтардың бұл саладан шет қалуы өзекті өртейтін өкініш.
Қытай мен Қазақстан арасындағы мәдени ықпалдастық сан-салалы бағытта қалыптасты. Соның бірі – кітап аудармасындағы ынтымақтастығы болды. Осы тұста аударылған кітаптарды сыр-сипатына қарай бірнеше топқа жіктеп көрсетуге болады. Оның бірінші тобы – саяси кітаптар. Екінші топқа қазақ тіліне аударылған қытайдың классик жазушыларының еңбектерін жатқыза аламыз. Бұл салада филология ғылымының докторы, профессор Дүкен Мәсімханұлының еңбектерін айрықша атап өтуге болады. Ғалымның қажырлы еңбегімен Лу Шүннің «Повестері мен әңгімелері», Мао Дуннің «Түн» және Ба Цзиннің «Әулет» романдары қазақ тілді оқырманға жетті. Үшінші топқа – қытай тарихындағы қазаққа қатысты еңбектердің қазақшаға аударылуын жатқызамыз. Бұған Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті мен Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының мамандары аударған еңбектерін мысал етуге болады.
Бүгінгі таңда екі мемлекет арасында жалпы саны 68-ге жуық келісім бар. Солардың ішінде – 2003 жылы қабылдаған «Білім беру саласындағы ынтымақтастық» туралы келісімі мен 2006 жылғы «Қазақстанда алғашқы Конфуций иститутын ашу» туралы келісімі.
Қытай экономикасының дамуы білім және ғылым саласына да оң ықпал етті. ҚХР Білім министрлігінің статистикалық мәліметтеріне сүйенсек, 2019 жылы Қытайда 2956 мемлекеттік және 784 жеке ЖОО тіркелген. Онда жалпы студенттердің саны – 40,2 миллионнан астам деп көрсетілген [3]. Осы университеттерде әлемнің 202 мемлекеті мен аймақтарының азаматтары білім алуда. Оның ішінде Орталық Азия елдерінің студенттері де бар.
Қытай тілі мен білімін әлемдік нарыққа ұсынып келе жатқан жүйенің бірі – Конфуций институттары. Қазір әлемнің 154 елінде 548 институт жұмыс істеуде. Бұл туралы 2018 жылы Конфуций институттарының 13-ші Дүниежүзілік форумында жарияланды. Аталған білім орындарында білім алушылардың саны 1 миллионға жетіп жығылады. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында 4 Конфуций институты жұмыс істейді. Олар Алматы, Астана, Қарағанды және Ақтөбе қалаларында орналасқан.
Қытай білім беру саясатын жан-жақты арттыру негізінде мынандай үрдістер жүзеге асып жатыр:
1.Қытай үкіметі білім гранттарына қомақты қаржы бөлуде;
2.Жоғары оқу орындарының санын арттыруда;
3.Қытай тілі мен мәдениетін насихаттау мақсатында Конфуций институттарын ашуда;
4.Елдер арасындағы білім көші-қонын қолдауда;
5.Қытай университеттерінде білім алуға ұмтылған студенттер санын арттыруда.
Бүгінде Қазақстанда қытай тілін үйренем деушілердің қатары артып келеді. Сонымен қатар Қазақстанның көптеген жоғары оқу орындарында қытай тілі шет тілі ретінде оқытылады. Қытай тілін халықаралық қатынастар, шығыстану, аймақтану, аударма ісі мамандықтарынан басқа қаржы, туризм, құқық мамандықтарының студенттері меңгеру үстінде.
Қытай мен Қазақстан арасындағы мәдени байланыстардың тағы бір маңызды тұсы – ақпарат құралдары саласындағы ынтымақтастық болып табылады. Оның ішінде қытай фильмдері мен телесериалдарының Қазақстан арналарында көрсетілуі. Одан бөлек Алматыда қытай тіліндегі кітаптарды саудалайтын кітап дүкені мен Ұлттық кітапхана құзырында қытай тіліндегі әдебиеттер топтасқан орталықтың болуын да екі ел арасындағы мәдени байланыстың бір көрінісі ретінде қарастыруға болады. Бұл іс-шаралардың бәрі де Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 1 шілдедегі № 678 Қаулысы негізінде «Қазақстан Республикасы Ақпaрaттандыру және бaйланыс aгенттігі мен Қытай Халық Республикасының Ақпараттық өнеркәсіп министрлігі арасындағы Ақпарaттық және коммуникациялық индустрия саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға» қол қойылумен байланысты.
Жинақтай келгенде, екі ел арасындағы қарым-қатынас білім мен мәдениет саласында күн өткен сайын дамып келеді. Бұған қазақстандық студенттердің Ресейден кейін екінші орында Қытайды таңдап отырғанынан көруге болады.
Мысалы, 2003-2004 жылдары үкіметаралық алмасу бағдарламасы бойынша Қытайда 20 қазақстандық студент білім алса, 2018 жылы студенттер саны 17600-ге жеткен. Оның ішінде қазақстандық 14 мың студент ҚХР-дың жоғары оқу орындарында үкіметтік гранттары негізінде білім алып жатыр [4]. Статистикаға сүйенсек, Қытайда оқитын қазақстандық жастар халықаралық қатынастар, әлемдік сауда, бизнес және т.б. гуманитарлық мамандықтар мен мұнай барлау және өндіру, машина жасау, құрылыс секілді техникалық мамандықтарда оқиды.
ҚХР-дағы білім көші-қонының артуының басты себептерін қарастырсақ. төмендегідей мәселелерді көреміз:
Біріншіден, білім беру саласындағы ынтымақтастықтың экономикалық қажеттіліктерге негізделуі;
Екіншіден, қазақстандық білім және ғылым жүйесін жеткіліксіз қаржыландыру, материалдық-техникалық базаның төмен болуы, дайындалған мамандардың еңбек нарығы қажеттіліктеріне сәйкес келмеуі және т.б.
Үшіншіден, Қытайдағы университеттік білім берудің салыстырмалы арзандығы.
Екіжақты мәдени және білім саласындағы қарым-қатынастың жандануы экономикалық байланыстың дамуымен бірге қатар жүріп отырды. 2013 жылы «Жібек жолы экономикалық белдеуі» стратегиясы өмірге келді. Одан бері 10 жылдан артық уақыт өтіп, екі мемлекет арасында бір айға жарайтын визасыз тәртіп орнады. Бұл азаматтардың еркін барыс-келіс жасауына мүмкіндік беріп отыр. Осы қатынастар негізінде 2024 жылы «Қытайда Қазақстанның туризм жылы» болып белгіленді [5]. Бұл екі мемлекет арасындағы мәдени алмасу мен туристік ынтымақтастықты жаңа бір белеске көтеруі мүмкін. Осындай қарым-қатынастардың дамуы алдағы уақытта екі мемлекет арасындағы білім миграциясы мен мәдениет саласындағы байланысты нығайта түсері анық. Ал осындай қатынастарда мемлекетіміз үшін оқу орындарын барынша дамытып, жастарға сапалы білім беруді қамтамасыз етумен бірге, шетелдік студенттерді де тартуды мақсат етуі тиіс болады. Одан сырт, ұлттық нақыштағы мәдениет пен өнерге мән беруді басты орынға қоюдың да уақыты келді. Себебі, жаһандану жағдайында ұлттық нақыштың сақталуы халықтың немесе мемлекеттің өз бедерін жоғалтпаудың негізі болып табылады. Бұл мақала BR20281006 «Шығыс елдері: тарихи және заманауи өлшем тұрғысынан Қазақстан үшін геосаяси сын-қатерлер мен жаңа перспективалар» тақырыбындағы іргелі ғылыми зерттеу аясында жазылды.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1.Kaster Sarkytkan, Gulmira Berdygulova. Intellectual relationship between Kazakhstan and China (Based on the Features of Kazakhstan`s Education and Science sphere) By (ЕАМИ) Международный университет «Астана» Центр аналитических исследований «Евразийский мониторинг» Халықаралық ғылыми-практикалық конференция: «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы: Идеядан іске асыру тәжірибесіне дейін. 22.09.2023/ 134-144 б. Астана.
2.Әсел Айтқалиева, Нәбижан Мұқаметханұлы. Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдениет саласындағы ынтымақтастық байланыстардың дамуы //«Қоғам және дәуір» журналы. – №1 (2021), 6-22 б.
3.Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі сайты. https://www.gov.kz/
4.Статистикалық мәліметтер // Қытай Халық Республикасының Білім министрлігі http://www.moe.gov.cn/s78/A03/moe_560/jytjsj_2019/
5.http://www.kaz.people.cn/n3/2024

10985 рет
көрсетілді0
пікір