• Ел мұраты
  • 28 Мамыр, 2024

Кітап реставрациясы: тәжірибесі мен қолданысы

Мәдени-рухани мұрамыздың құнды бөлігі – кітапхана қорлары. Кітап қорының белсенді пайдаланылуын қамтамасыз ету кітапханалардың маңызды міндеттерінің бірі болып есептеледі. Уақыт өткен сайын кітаптар ескіреді, тозады, бүлінеді. Кітаптарды бастапқы қалпына келтіру, жөндеу жұмыстарымен реставрация қызметі айналысады. Елімізде реставрация қызметі ірі кітапханаларда бар. Осындай орталықтың бірі әрі бірегейі – Алматы қаласындағы Ұлттық кітапхананың Консервация, қалпына келтіру және реставрация қызметі. Сондай-ақ Ұлттық кітапхананың осы бөлімі республика бойынша кітапханашы-реставраторлар үшін әдістемелік орталық болып саналады. Кітапхана саласындағы мәдени мұраны сақтау және қалпына келтіру жөнінде аталған кітапхананың Консервация, қалпына келтіру және түптеу қызметінің жетекшісі Аида Шомановамен сұхбаттасқан едік. 
 

– Аида Мұратқызы, сіз жетекшілік ететін консервация, қалпына келтіру және түптеу қызметі немен айналысады? 
– Консервация, қалпына келтіру және түптеу қызметінің басты міндеті – құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету. Құжаттар дегеніміз – кітаптар, қолжазбалар, мерзімді басылымдар, карталар, ноталар және т.б. Біздің мекеме кітапхана болғаннан кейін көбінесе реставрацияға кітаптар келіп түседі. Бәрімізге белгілі, кітаптар уақыт өте келе ескіре бастайды, сарғаяды, парақтары тозады, тіпті кейде жойылып кететін жағдайға жетеді. Міне, біз осындай құжаттарды қалпына келтірумен айналысамыз. Ол үшін ең алдымен консервациялық жұмыстар, содан кейін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.
– Консервациялау дегенді түсіндіріп өтесіз бе?
– Консервациялау дегеніміз бір сөзбен айтқанда құжаттардың пайдалану мерзімін ұзарту. Ұлттық кітапxанада 2001 жылы ғылыми зертхана ашылған болатын, қазіргі уақытта осы бағытта қызмет атқарады. Біздің бөлімде xимия ғылымдарының кандидаты Ботагөз Сәрсенбаеваның жетекшілігімен зертханалық жұмыстар жүргізіледі, қағаздың, сияның құрамын анықтап, соған қарай қалпына келтірумен айналысамыз. Мұнда бөлімге түскен құжаттарды биологиялық тұрақтандыру, физика-xимиялық тұрақтандыру, содан кейін қағазды бейтараптандыру сияқты күрделі процестер жүргізіледі.
– Сіз жаңа қағаздың құрамын, сия­сын зерттеу керек дедіңіз, ол не үшін қажет? 
– Қағаздың түрлері көп. Мысалы, көне кітаптар мен қолжазбаларды алатын болсақ, олар осы уақытқа дейін өте жақсы сақталып келген. Өйткені олар табиғи талшықтардан жасалған, құрамында химиялық қоспалар жоқ. Сондықтан олардың сақталу мерзімі ұзақ болады. Ал қазіргі қағаздар сарғыштау болып келеді, оның құрамында ағаш массасы, лигнин деген қоспалар болғандықтан, тез ескіріп, тез тозады. Кітапқа айналадағы температура, ылғалдылық, ауадағы қоспалар, барлығы әсер етеді. Қалпына келтіру кезінде осы факторларды ескереміз. 
– Сіз жаңа қағаз жайында айтып өттіңіз, ал енді сияның қандай түрлері болады? 
– Негізі сирек кітаптар мен көне қолжазбалардың сиясының өзі де табиғи болып келеді. Ертеде сияны жаңғақ, жүзім жемістерінен жасаған. Қазіргі кітаптарда баспахана бояуы қолданылады, оның құрамына xимиялық заттар кіреді. Біз ең алдымен қағаз бен сияның құрамын анықтап алып, содан кейін құжаттарды қалпына келтіру жұмысын бастаймыз. Бұл өте маңызды. 
– Сіз жетекшілік ететін бөлімге бір кітап реставрация жасауға келіп түсті делік. Жұмысты неден бастайсыздар?
– Біріншіден, құжаттың зақымдалу дәрежесін анықтап, баға береміз. Зақымдалу дәрежесі әртүрлі болады, кітаптың мұқаба қаптамасы ескіреді, ішкі блогы түсіп қалады, беттері жыртылады, т.б. Сол себептен әр құжатқа жеке-дара тәсілдерді қолданамыз. Одан кейін құжат биологиялық жағынан зақымдалған ба, соны анықтау керек. Өйткені мұндай жайттар жиі кездеседі. 
– Биологиялық зақымдалу деген кітаптың ауруы деуге бола ма? 
– Иә, кітаптың микроскоптық зең, саңырауқұлақтармен, көзге көрінбейтін жәндіктермен зақымдалуын солай атаймыз. Егер құжат биологиялық зақымдалған болса, ең алдымен дезинфекция жасау керек. Ол үшін кітапты тимол ерітіндісінің буымен тазалайтын камераға қоямыз, содан кейін әр парағын ашып, скальпельмен тазалаймыз. Зең басқан кітаптың әр парағы тазаланады, биоцидпен (зиянды заттармен күресуге арналған химиялық зат немесе микроорганизм) өңделеді. Содан кейін құжаттардың қышқылдығын анықтап, тұрақтандыру, бейтараптандыру жұмыстарын жүргіземіз. Ол құжаттың ұзақ сақталуы үшін керек. Егер парақтың құрамында қышқылдар көп болған жағдайда ол сарғайып, сынғыш болады, беріктігі төмендейді. Біз оны арнайы ерітінділермен жуып, өңдеп, бейтараптандырудан өткіземіз. Бұның бәрі физика-xимиялық тұрақтандыруға жатады. Осы консервациялық процестерден кейін ғана құжатқа қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге болады. 
– Ал енді қалпына келтіру нені қамтиды?
– Қалпына келтіру меxаникалық зақымдарды жөндеуді білдіреді. Кітап парақтарының шеті жыртылуы, түбінің жыртылуы, бір фрагментінің жоғалуы, мұқаба қаптамаларының түбі ескіруі, т.б. Құжаттар біздің бөлімге осындай меxаникалық зақымдалумен түседі. Консервациялық жұмыстың бәрі жүргізіліп болғаннан кейін кітаппен қалпына келтіру, түптеу секторы айналысады. Ол жерде де түрлі форматтағы құжаттың – кітап, карта немесе газеттің зақымдалу бағасы беріледі. Соған қарай шешім қабылданып, қалпына келтіру материалы, желімдер таңдалады. Мысалы, кітаптың тысы былғары болса, дәл сондай материал керек. Бұл процесс те бірнеше сатыдан тұрады. 
– Бұл жұмыстар қолмен жүргізіле ме?
– Қалпына келтіру жұмыстарының барлығы қолмен жүргізіледі. Әрине, қазіргі таңда заманауи құрал-жабдықтар бар, бірақ біздің қызметте ондай жабдықтар әзірге жоқ. Негізінде сирек кітаптар мен қолжазбалар тек қана қолмен қалпына келтіріледі. 
– Айталық, жүз беттік кітапқа реставрация жасау қанша уақытты алады? 
– Ол жұмыс кітаптың зақымдалу дәрежесіне байланысты. Егер ол қатты зақымданған болса, 20 күннен астам уақыт кетеді. Қағаз құрамына да қараймыз, қазіргі баспадан шыққан құжат болса, аз мерзім жұмсалады, ал көне қолжазбалар күрделі жұмысты қажет етеді. Әр құжаттың ерекшелігіне қарай өзіндік әдіс-тәсіл таңдалып, қажетті материалдар дайындалады. 
– Қалпына келтіретін кітапқа физика-xимиялық зерттеулер жүргізіледі дедіңіз, бұнымен қандай мамандар айналысады?
– Зертханамызда xимик маман бар, ол физика-xимиялық тұрақтандыру, бейтараптандыру жұмыстарын жүргізеді. Біздің бөлімде жұмыс істейтін реставраторлар Иран, Ресей, т.б. елдердің кітапxаналарына барып, біліктіліктерін жоғарылатып келген, арнайы сертификаттары бар мамандар. Құжаттарды қалпына келтірер алдында химик-ғалым Ботагөз Шағалықызымен кеңесіп отырамыз. 
– Бұл бөлімге қандай кітаптар келіп түседі? Айына неше кітапқа реставрация жасалады?  
– Біздің қызметке негізгі қордан, кітап қорын сақтау бөлімінен, сирек кітаптар мен қолжазбалар, өнер, ақпарат, мерзімді басылым, диссертациялар бөлімдерінен тоқсан сайын 700-800 құжат келіп түседі. Біз осы құжаттарды қайта қалпына келтіреміз. 
– Еліміздегі көнеден келе жатқан рухани қазына – сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар сақталған үлкен қордың бірі – осы Ұлттық кітапханада екені белгілі. Мұнда бірнеше ғасырлық тарихы бар құнды дүниелер бар. Соның ішінде сіздер реставрация жасаған құнды кітаптың бірі туралы айтып берсеңіз. 
– Жалпы сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінен көп құжат келіп түседі, оның ішінде шығыс қолжазбалары бар. Бәріңізге белгілі, шығыс қолжазбаларының мұқабасы да, қағазы да, дизайны да ерекше. Осы қордағы парсы қолжазбалары лакталған мұқабалы, форзац беттері әсем безендірілген, мәрмәр қағаздан жасалған. Олардың көбі жақсы сақталған, сиясы сапалы, көбінесе темір-галл қоспасы, күйе бояулары қолданылған. Бізде реставрация жасалған соңғы қолжазба – Құраннан алынған сүрелер жинағы, Якуб әл-Шархидің қолжазбасы. Оның мұқабасы былғарыдан жасалған, лакталған. Бұл кітап Самарқан қағазына жазылған. Міне, біз осындай қолжазбалармен жұмыс істейміз. 
Ал батыс қолжазбаларына келетін болсақ, олар көбінесе 1800-1900 жылдардың арасында басылған кітаптар. Олар мата қағазға басылған, баспа бетінен шыққан кітаптар. Мәселен, біздің сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында ХІІ ғасырдың Құраны бар, куфи стилінде жазылған. Алдағы уақытта осы кітапты қалпына келтіру жоспарда бар, бұл жұмысты түрік әріптестерімізбен бірлесе отырып атқармақпыз. 
– Шығыс қолжазба­лары­ның былғары мұқабаларын қалай жөндейсіздер? 
– Былғары ескірген кезде кеуіп, үгітіліп кететіні белгілі, оларды қалпына келтірудің өзіндік тәсілдері бар. Егер қолжазба қайта қалпына келтіретін жағдайда болса, оған пластификация жасалады. Былғарыға арналған арнайы майлар болады, сонымен өңдейміз. Көбінесе мұқаба қаптамасының түбі, шеті мен жиегі мүжіледі, сол жерлеріне өзіне ұқсас былғары тауып, қайта жабыстырады, сосын арнайы пресстің астына қойылады. Егер күрделі реставрацияны қажет ететін болса, микроклиматты контейнерге саламыз. 
Шығыс қолжазбаларының бедерлі өрнектері болады, оны компьютер арқылы дайындап, қалыпқа түсіреміз. Содан кейін мұқабаның түсімен, пішінімен сәйкестендіріп, өңдейміз. Ол түпнұсқадан аумайтын болуы керек. 
– Алматы еліміздегі экологиясы нашар, ауасы қатты ластанған қаланың бірі. Осындай жағдайда кітап қорын сақтаудың қандай талаптары бар? 
– Дұрыс айтасыз, біздің кітапхана қала орталығында орналасқан, ауада түрлі зиянды қоспалар міндетті түрде болады. Кітапханашылардың, консерватор мамандардың ең басты міндеті – құнды мұрамызды сақтау. Сол себепті санитарлық-гигиеналық режім қатаң сақталуы керек. Кітап қоймасында санитарлық-гигиеналық режім сақталмаған жағдайда ауадағы түрлі қоспалар кітапқа қонады, көбінесе кітаптың мұқаба қаптамасының жоғарғы жиегі шаң болады. Шаңмен бірге түрлі бактериялар, микроскопиялық саңырауқұлақтардың мицелийі қонуы мүмкін. Олар жай көзге көрінбейді, тек құрылғы арқылы анықтауға болады. Ауадағы шаң бөлшектері химиялық реакцияға түсіп, кітап биологиялық тұрғыдан зақымданады. Қағаз сарғаяды, кебеді, сынғыш болады, тағы басқа физика-химиялық әсерлерге ұшырайды. Сондықтан да кітапханада әр айдың соңында тазалық күні жүргізіледі, кітаптар шаңнан тазартылады. Шаңның құрамындағы қоспалардың, бактериялардың салдарын жою үшін әрбір кітапқа мұқият көңіл бөлінеді. 
– Шетелдік әріптестеріңізбен тәжірибе алмасып тұрасыздар, сіздер көрген елдердің қайсысында кітап жөндеу, реставрация ісі жақсы дамыған? 
– 2010 жылы біздің кітапханаға Франция Ұлттық кітапханасының қалпына келтіру жөніндегі сарапшысы Тьерри Обри деген маман келіп, бір ай бойы дәріс оқыған болатын. Еуропа кітапханаларында реставрация ісі ғылыми сала болып есептеледі, арнайы мамандар даярланады. Ресей кітапханалары да кітапты қалпына келтірудің әдіс-тәсілдерін солардан үйренетінін, құрал-жабдық, материалдар алатынын білеміз. Реставрация ісі Иран мен Түркияда жақсы дамыған. Біздің кітапханада Ирандағы қолжазба орталықтарына барып, құжатты биологиялық тұрақтандырудан бастап, бүкіл консервациялау жұмысына дейін үйреніп, тәжірибеден өткен әріптестеріміз бар. 
2010 жылы Ұлттық кітапханада жазба құжаттарды консервациялау және қалпына келтіру мектебі ашылды, мұнда бүкіл облыстық кітапханалардың, музейлердің, архивтердің мамандары келіп, біліктілігін жоғарылату курсынан өтеді. Мектептің негізгі мақсаты – рухани мұрамызды сақтау ісін жетілдіру, өз білімімізді әріптестерімізге үйрету, өзара тәжірибе алмасу. Оқу барысында екі апта бойы қалпына келтіру жұмысының теориялық негіздерінен бастап, практикалық дағдыларына дейін үйретіп, маман даярлауға үлес қосамыз. 
– Жаңа сіз айтып өткендей, кітапты қалпына келтіру ісі бірнеше сатыдан тұрады, бұл сала ғылыммен тығыз байланысты. Жалпы осы реставрация, консервация ісінде қандай ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіледі? 
– Температура, ылғалдылық және басқа жағдайлардың құжаттарға әсері, ұзақ мерзімге сақтау шарттары, қағаздың шыққан уақытын анықтау, содан кейін сияның құрамын зерттеу сияқты жұмыстар ғылыми негізде жүргізіледі. Сондай-ақ биологиялық зақымдалған құжаттардағы бактериялардың түрлерін, олардың қандай биоцидке төзімді немесе төзімсіз екенін ғылыми тұрғыдан анықтау керек. Біздің кітап қоймаларындағы ауаның құрамы міндетті түрде мамандар тарапынан қадағаланып отырады. Бұның бәрі қағаз құжат үшін өте маңызды. 
Физика-химиялық зақымдалуға ұшыраған құжаттарды қалпына келтіру кезінде микробиолог, физик, химик ғалымдардың көмегіне жүгінеміз. Сондықтан да ғалымдармен тығыз байланыста жұмыс істейміз. 
– Физика-xимиялық өңдеу кезінде арнайы қышқылдар, ерітінділермен желімдер пайдаланыла ма?
– Әрине, арнайы ерітінділер дайындалады, ол құжаттың зақымдалу түріне, дәрежесіне қарай таңдалады. Егер парақтың бетінде дақ болса, ол майлы ма, басқаша ма, соның құрамына байланысты ерітінділер дайындалады. Мысалы, менің өзімнің тәжірибемде балауыз шамның майы тамған кітап кездесті. Біз оны алдымен скальпельмен қырып алып тастадық, бірақ одан әрі қарай xимиялық агрессиялы ерітіндіні қолданғымыз келген жоқ. Неліктен? Біз негізі химиялық заттарды барынша аз қолдануға тырысамыз, өйткені олар уақыт өте келе қағазға қандай әсер ететіні белгісіз. Сол себепті қарапайым реставрация кезінде құжатты скальпельмен, щеткамен, басқа да табиғи заттармен тазалағанды, өңдегенді жөн көреміз. 
Xимиялық заттар қағаз бен сияға, былғары мұқабаға, форзац беттеріне әсерін тигізетіні анық. Мәселен, бұрынғы кезде биологиялық зақымданған кітап­тарға формальдегид сияқты құралдарды қолданатын, ол қағазға да, адам ағзасына да зиян. 
– Әрбір кітапқа мұқият, аса сақтықпен қарайсыздар ғой. 
– Иә, консервация және реставрация ісі әрбір құжатқа сәйкес өзіндік әдіс-тәсілдерді қажет ететін күрделі процесс болып есептеледі. Қалпына келтіру кезінде ұстанатын басты қағида – зиян тигізбеу. Кітапты өңдеу қайтадан орнына келетін процесс болуы керек. Мысалы, қазір біздің бөлімге бұрнағы жылдары конденсаторлы қағазбен қалпына келтірілген құжаттар қайтадан түсіп жатыр. Конденсаторлық қағаздың құрамында кері әсері болатын заттар бар. Олар кейде силикат желіммен, кейде ұнмен жабыстырылған, қайнатылған желіммен реставрация жасалған құжаттар да келеді. Егер біз осындай құжатты қайтадан қалпына келтіре алсақ, міне осыны кері процесс немесе дерес­таврациялау деп атайды. Яғни бірнеше жылдан кейін кітап тағы да тоза бастаған кезде реставраторлар оны өңдей алатындай болуға тиіс. 
– Осы арада кітап неге ескіреді деген сұрақ туады. Бұл кітапты сақтаудың шарттарына байланысты болар. 
– Кітапқа температура-ылғалдылық режімі, жарық, санитарлық-гигиеналық шарттар, ауаның құрамы, барлығы әсер етеді. Егер қағаз құжатты алатын болсақ, ол 18-20̊ С аралығында, 50-55% ылғалдылықта сақталуға тиіс. Ал жарық өлшемі 75 люксті құрайды. Осы параметрлер сақталмаған жағдайда құжат біздің көзімізге байқалмастан, бірте-бірте ескіре бастайды. Егер ылғалдылық 55%-дан төмен, мысалы 30% болса, кітап құрғап, оның құрамындағы су молекулалары ауаға таралып кетеді. Қағаз кеуіп, парақтар беріктігін жоғалтады, сынады. Ал егер ылғалдылық 55%-дан жоғары жағдайда құжат биологиялық зақымдануға ұшырайды. Кітапта зең пайда болады, қарапайым тілмен айтқанда көгереді. 
– Кейде кітап дымқылданып, қара немесе қызғылт, көк түсті зең басқанын көреміз. Бұндай кітап қайта қалпына келе ме? 
– Зеңнің мыңдаған түрі бар, ол қызыл, қара, көк, жасыл түсті де болуы мүмкін. Бірақ соның арасында қара түсті зең адам ағзасына өте зиян. Оның иісі де өткір, жағымсыз. Дер кезінде тазаланбаса, кітаптың беттері ашылмай, жарамсыз болып қалады. Біз мұндай кітапты алдымен тимол камерасына салып қоямыз, мұнда зақымдалу дәрежесіне қарай 72 сағаттай тұрады. Содан кейін желдетіп, зең басқан беттерді құрғақ щеткамен тазалаймыз. Зеңнің қалдықтары қалып қоймауы үшін биоцидпен өңдейміз. Бұның бәрі біздің кітапxанада жүргізілетін консервация, реставрация жұмыстары, кейбір орталықтарда заманауи жабдықтар, әдіс-тәсілдер де қолданылады. 
– Кітапxананың барлық бөлімінде қажетті температура-ылғалдылық деңгейі сақталып, тексеріліп отыра ма? 
– Әрине, кітап қоймаларында, сирек кітаптар мен қолжазбалар қоймасында температура-ылғалдылық режімі автоматты түрде қадағаланады, бүкіл параметрлер біздің қызметте тұрған компьютерге келіп түседі. Біз оны күнделікті журналға тіркеп, мониторинг жүргізіп отырамыз. Өйткені ауа мен ылғалдылықтың күрт өзгерістері болмауы керек.
– Қазір көптеген адамдардың үйінде жеке кітапханасы бар, бірақ біз кітапты сақтаудың ережелерін біле бермейміз. Үй жағдайында кітапты күтіп ұстау жөнінде қандай ақыл-кеңес берер едіңіз? 
– Біріншіден, кітаптарға күн сәулесі тікелей түспеуі керек, содан кейін шаңнан қорғаңыз. Егер үйіңіздегі кітаптарды ұзақ сақтағыңыз келсе, осы екі қағиданы ұстанған жөн. Шаң – кітаптың жауы. Шаңның құрамында көзге көрінбейтін бөлшектер, бактериялар кездеседі, кітап тұрған бөлмедегі ауада ылғалдылық артқан кезде бактериялар зеңге айналады. Шаңнан тазарту үшін мақта шүберекті немесе дәкені сулап алып, қатты сығып бір сілкіп аламыз. Кітапты жоғарғы жиегінен бастап, жанын, төменгі жиегін, мұқабаның түбін сүртеміз. Содан кейін мұқаба қаптамасының екі жағын сүртіп алу керек. Егер кітап қатты шаң болса, оны дымқыл дәкенің ортасына салып, қағып аламыз. Сонда шаң ауаға тарамайды. 
Шаң аллергия және басқа ауруларды туғызуы мүмкін. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, адамдар күніне бір қасық шаң жұтады екен. Сол үшін тазалыққа немқұрайды қарамау керек. 
Кітаптардың мұқабасы қатты немесе жұқа болып келеді, жұқа мұқабаны дымқыл дәкемен сүртуге болмайды. Оны қылқаламмен сүртеміз. Кітаптар сөреде тым тығыз орналаспауы керек және жабық шкаф болғаны жөн. Үйдегі кітаптарға адамға қолайлы температура бола береді, айына бір рет шаңнан тазартып тұрса жеткілікті. 
– Аида Мұратқызы, өзіңіз осы салаға қалай келдіңіз және әріптестеріңіз жайлы айтып берсеңіз. 
– Кітапxанашы ретінде 2010 жылы осы жазба құжаттарын консервациялау және қалпына келтіру мектебінде оқып, қалпына келтіруші мамандығын алдым, одан кейін де көптеген курстардан өттім. Қызылорда қаласындағы Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапxанасында реставрация секторын ашқан болатынмын. 2012 жылы Ботагөз Шағалықызының шақыруымен ұлттық кітапханаға келіп, осы бөлімге қызметке тұрдым. 
Өз әріптестеріме келетін болсам, тәжіри­белі, өз мамандығын жақсы көретін мамандар. Олар әр құжатқа жан-дүниесін салып жұмыс істейді, өз ісіне берілген. Өйткені, біздің мамандық асқан төзімділікті, ыждаһаттылықты талап етеді. Қазақстанда реставратор мамандарын даярлайтын оқу орны болмағандықтан, негізінен өзіміз ізденіп, білімімізді шыңдап отырамыз. Консервация, реставрация деген күнделікті тәжірибемен келеді. Елімізде және шет елдерде ұйымдастырылатын семинар, тәжірибелік конференцияларға қатысу арқылы да білім аламыз. Мәселен, біздің қызметкерлер Иран, Түркия және басқа шет мемлекеттердегі қолжазба орталықтарына барып, өздерінің біліктіліктерін жоғарылатып келген. 
Қызметкерлеріміз республика көлемінде өз әріптестеріне арнап шебер­лік сабақтарын өткізеді, тәжірибе алмасады. Көне қолжазбаларды қалпына келтіру, мұқаба қаптамаларын тігу, жөндеу саласында классикалық әдіс-тәсілдермен қатар заманауи құралдар өте көп. Сондықтан әрдайым білімімізді жетілдіріп, осы саладағы жаңалықтарды біліп отыру қажет. 
– Осы салада маман даярлау жағы қалай, консерватор-реставратор мамандығына қызығатын жастар аз емес пе?
– Реставратор мамандар сәулет өнері, скульптура, керамика, көркемсурет сияқты түрлі салада бар. Оның ішінде, шынымен, матамен жұмыс істейтін мамандар болады. Ал енді біздің саланы алатын болсақ, қағаз құжаттарды қалпына келтірушілерді бізде көпшілік біле бермейді. Әйтсе де жастар мүлде қызықпайды деуге болмайды, мысалы, біздің кітапханадағы консервация және реставрация қызметінде жұмыс істеп жүрген жастар жан-жақты, өте ізденімпаз, еңбекқор, жауапкершілігі жоғары мамандар. Тәжірибелі мамандар жас қызметкерлерді осы іске баулып, үйретіп отырады. 
Кадр даярлау мәселесіне келсек, негізінен кітапханашы мамандығы Қазақтың ұлттық қыздар педагогикалық университетінде даярланады. Ал жеке реставратор мамандары еш жерде даярланбайды. 
– Бәлкім, университеттер­дегі кітапханашы мамандығы факультетінде қосымша реставрация ісі туралы пәндер енгізу керек болар. 
– Дұрыс айтасыз, жуырда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі әріптестеріміз оқу бағдарламаларына реставрация пәнін қосу жөнінде жоспарлары бар екенін жеткізді. Болашақта арнайы мамандық ашылса нұр үстіне нұр болар еді. Ал енді бастапқы сатыда кітапханатану мамандығының оқу бағдарламасына бір семестр оқитын пән енгізілуін қолдаймыз. Алматы, Астана сияқты үлкен қалаларда ғана емес, шалғайдағы ауыл кітапханашысы да консервация-реставрация ісінен хабардар болуы керек. 
– Еліміздегі кітапхана саласында консервация-реставрация қызметін одан әрі дамыту, сирек кітаптар мен көне қолжазбалардың ғұмырын ұзарту, сақтау жұмысын жетілдіру мақсатында қандай іс-шаралар атқарылуы керек деп есептейсіз?
– Сұрағыңыз өте орынды. Жалпы консервация, қалпына келтіру қызметінде бүкіл жұмыс материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етілуі керек. Оның ішінде микробиологиялық зертхана, арнайы құрал-жабдықтар қажет. Бүлінген кітаптардағы бактериялардың түрін тек микроскоппен анықтауға болады, онсыз бізге өте қиын. Қағаздың, сияның құрамын зерттейтін құрылғылар болса тіпті жақсы. 
Қалпына келтіру ісіне келетін болсақ, арнайы пресс, кескіш құралдар, бет қалыптаушы машиналар секілді жабдықтар жетіспейді. Сирек және көне кітаптарды қалпына келтіруге қолданылатын арнайы материалдар болады, мысалы, жапон қағазы өте қажет. Әрине, оның бәрі қаражатқа келіп тіреледі. Сондай-ақ, рес­тавратор мамандарды тәжірибе жинақтау үшін шетелдерге іссапарға жіберу де маңызды. Көп жылдан бері шешілмей келе жатқан осы мәселелерге назар аударылса дейміз. 
– Реставратор ретінде оқырмандарға не айтар едіңіз? 
– Кітап әр оқырманның, әр кітапханашының қолына түскен сайын зақымдалады, ол заңды. Сондықтан кітапханашылардың өзі бас болып қолдағы мұраға жауапкершілікпен, жанашырлықпен қарауы керек. Кітапханаға келген оқырмандарға да осы жөнінде айтып отырса нұр үстіне нұр. 
Сөзімді түйіндей келе оқырмандарға айтарым, кітапты жақсы көру керек. Ғаламтор қанша дамыса да, кітап – білімнің негізгі көзі болып қала береді. Бірақ көбінесе кітапқа немқұрайды қараймыз, тамақ жеп отырып та оқи береміз, кез келген жерге қоя саламыз. Сол себепті кітапқа жанашырлықпен қараса деген тілек бар. Әрине, аға ұрпақ оны жақсы біледі, олар кітапты құрметтеп өскен буын. Зақымдалған кітапты қайта қалпына келтіру ұзақ әрі қымбат процесс. Бір бүлінгеннен кейін дәл бастапқы қалпына келмейді, ғұмыры қысқарады. Сол үшін кітапты аялап ұстаңыздар дегім келеді. 
– Әңгімеңізге рахмет, жұмыс­тарыңызға сәттілік тілейміз. 

Әңгімелескен 
Дина Имамбай

 

11811 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

AQIQAT №1

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы