• Ел мұраты
  • 28 Мамыр, 2024

ҚАРАДАЛАҒА РУХ БЕРГЕН ӘЛМЕРЕК АБЫЗ ЕСКЕРТКІШІ

Алматы облысы Ұйғыр ауданының орталығы Шонжы ауылы орналасқан аумақтың ежелгі тарихи атауы – Қарадала жазығы. Қойнауында тарихи тұлға Әлмеректің атымен аталатын талай бұлақ, сай, қыр, төбе, өзен, көл секілді жер-су атаулары самсап жатқан осы Қарадала жазығындағы ауыл оның өзі жекпе-жекте басын алған қас жауы Шонжының атымен аталады. Қалмақ батыры атауының осылай тұра беруі, қаншалықты қисынды? Ауыл атауы болашақта өзгере жатар, ал әзірге осы жерде жақында асыл мұра, тарихи құндылық салтанат құрды. Ауылға кіреберіс жерде жаңадан ашылған саябақтың төрінде аты аңызға айналған батыр, қолбасы, әулие Әлмерек абыз Жаншықұлының (1658-1754) еңсесі биік ескерткіші бой көтерді. 
 

Ақ жамылғысы сыпырылған абыздың алып ескерткіші бірден жиналған жұрт көңілінен шықты. Байқауға түскен жиырмаға жуық мүсіннің ішінен бөлек пішінімен сәтті таңдалған екен. Тұғырын қосқанда биіктігі он жеті метрлік мемориалды арнайы абаттандырылған ашық алаңқайдан анық көрінетін ақбас Алатау одан сайын асқақтап тұрғандай. 
Қазақ-жоңғар соғысында ел іргесін бекітуге ерекше еңбек сіңірген әулие, атақты Райымбек батырға ақ батасын берген абыз ескерткішінің салтанатты ашылуына Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын, драматург, қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин, мемлекет және қоғам қайраткері Серік Үмбетов, аудан мен облыстың құрметті азаматтары Стахан Белғожаев, Ызғарбек Бектұрсынов және басқа да елге белгілі алыс-жақыннан ат арытып жеткен азаматтар қатысты. 
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Нұрлан Оразалин: 
– Әлмерек абыздың туғанына 365 жыл толуына орай ашылып отырған алып ескерткіш тарихқа деген тағзымның, елдікке деген ерек құрметтің белгісі. Әлмерек жоңғар шапқыншылығы кезінде алашқа мәлім батыр, қолбасшы болып, 60 жылын ат үстінде өткізген, абыз, көріпкел баба ретінде халық жадында ерекше сақталған ерек тұлға. Жоңғар шапқыншылығында елін, жерін қорғауға қатысқан батыр шәкірттер тәрбиелеп, бәріне ақ тілеулі батасын берген. Тәуке хан тұсында Әлмерек елдің бірлігі мен ынтымағын, жауға қарсы күресте «Қазақтың үш жүзі ошақтың үш тіреуі сияқты, үшеуі түгел болғанда ошағы бүтін болар, оты сөнбес, түтіні өшпес» деп халықты бірлікке шақырған қолбасшы, аты аңызға айналған адам. Қазақ тарихында қасиетті орны бар биік тағылым иесі, ұлт рухының ұстыны, халықтың береке-бірлігінің ұйытқысы болған кемеңгер бабамыз болып келеді, – десе, Серік Үмбетов облыс әкімі болған жылдарында тарихта ел есінде қалған талай батырлар мен билерге ескерткіштер ашылғанын, оның бәрі еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін іске асқанын тілге тиек етті. Ел-жұрттың ерекше құрметіне ие болған Әлмерек абыз солардың ішінде бірегейі екенінің айғағы оның күні бүгінге дейін ұрпақтарының жадында бірге жасап келе жатқаны екенін қадап айтты. Салтанатты іс-шарада сөз алған басқа да ел ағалары Әлмеректің батырлығы мен қолбасшы, әулие, көріпкел, абыздық қасиеттері туралы есті сөздер айтып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Ақ жаулықты аналар шашу шашып, ақсақалдар бата берді. 
Салтанатты іс-шара ары қарай аудан ор­талығы Шонжы ауылындағы ау­дандық мәдениет үйінде «Әлмерек абыз Жаншықұлы және Қарадала өңірі тарихы» атты ғылыми-практикалық конференция­мен жалғасты. «Әлмерек» атты тарихи-танымдық кітаптың тұсаукесер рәсімін ақын Нұрлан Оразалин мен еңбек ардагері Стахан Белғожаев атқарды. Бұл жинақтың бірінші бөлімі ХVІІ ғасырдың басындағы жоңғар шапқыншыларына қарсы бар ғұмырын ат үстінде өткізген Әлмерек абыз бен оған үзеңгілес Жетісудан шыққан әйгілі батырлар Наурызбай, Хангелді, Сатай, Малайсары, Байсейіт, т.б ерен ерлерге арналыпты. Ал екінші бөлімінен батыр абыздың ұрпақтары туралы зерттеулер топтамасын және жоңғар шапқыншылығынан бастап патшалық Ресей заманында ел жүрегінен орын алған батырлар туралы материалдарды оқуға болады. Ал үшінші бөлімге Әлмерек абыз туралы жырлаған ақындар мүшәйрасы жеңімпаздарының шығармалары топтастырылыпты. 
Бұдан соң іс-шара «Әлмерек Жан­шықұлы және оның өнегесі» атты абызға арналған республикалық жыр бәйгесіне қатысқан үздік ақындарды марапаттау рәсімімен жалғасты. 
Белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазылар алқасының төрағасы Ғалым Жайлыбай: 
– Мүшәйраға 60-тан астам ақын Астана, Көкшетау, Қызылорда, Талдықорған, Қонаев және басқа қалалар мен аудандардан қатысты. Мықтының мықтылығын анықтау оңай болмады. Үш күніміз жеңімпаздарды іріктеумен өтті, – деп, жыр бәйгесінің барысын баяндады. Мүшәйрада жүлделі орын алған шайырлар тегіс ақшалай сыйлықпен марапатталды. Бас жүлде Алмасбек Ахметбекұлына, бірінші жүлде Кәдірбек Құныпияұлына, екінші жүлде Әсел Оспанға бұйырды. Сондай-ақ өзге де атаулы жүлдегерлерге Ержан Алаштуған, Толымбай Абылаев, Майра Қуанышқызы, Әбдіхани Бәзілханұлы, Асыл Амантайұлы, Достық Тілеубергенов, Айдана Бейсен ие болды. 
Әлмерек абыздың туғанына 365 жыл толуына орай өткен келелі жиынның көркін халықаралық ғылыми- практикалық конференция арттырды. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас директоры, тарих ғылымдарының докторы, професор, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі Зиябек Қабылдинов бастаған аузы дуалы ғалымдардың тағылымды баяндамалары тыңдалды. Атап айтқанда, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің «Қазіргі замандағы Қытайды зерттеу» орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Нәбижан Мұқаметханұлы «Әлмерек абыз және өңірлік өркениет», Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов «Ұйғырлар мен дүңгендердің ХІХ ғасырдың 70-80-ші жылдары қазақ даласына қоныс аударуы», ҚазҰУ-дің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Берекет Кәрібаев «Әлмерек баба (1658-1756) заманы және сол заманның күрделі оқиғалары», Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің Еуразиялық зерттеулер кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Мақсат Алпысбесұлы «Абыз институтының тарихи-мәдени мәні мен мұралары мағынасы: Әлмерек батыр Жаншықұлы», Тарих және этнология институтының аға сарапшысы, жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Әуезхан Шашшаев «Әлмерек батыр тұлғасы мен Шонжы атауының шығу тарихы», Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Ошан Жанымхан «Шонжы атауы ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қытайдың тарихи шығармалары мен карталарында» және институттың ғылыми қызметкерлері Шамек Тілеубаев «Әлмерек абыз және қазақ қоғамындағы тарих айту дәстүрінің деректерін пайдалану мәселелері», Рашид Оразов «ХІХ ғасырдағы Жетісудағы азаттық күрес және Тазабек Пұсырманұлы – Әлмерек ұрпағы», ҚазҰУ-дің Қазақстан тарихы кафедрасының қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Меңдігүл Ноғайбаева «Әлмерек баба және Жетісудағы жоңғарға қарсы азаттық күрес» атты баяндамаларымен әлмеректануға сүбелі үлес қосып, танымдық мол деректер келтірді. 
Әлмерек абыздың алып ескерткіші ашылуымен қасиетті Қарадалаға өр бабаның рухы мен сесі оралғандай. Жалаулы ғұмыры ұрпағына үлгі, айбынды ескерткіші елдің елдігін, бірлігі мен тұтастығын айқындап тұрар айшықты белгі.       

Төреғали ТӘШЕНОВ
 

 

9516 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

AQIQAT №8

26 Тамыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы