• Заманхат
  • 28 Мамыр, 2024

ӘЛЕУМЕТТІК ЖАУАПКЕРШІЛІК – ӘДІЛЕТТІЛІКТЕ

Ақан БИЖАНОВ,

саясаттану ғылымдарының докторы, профессор
 

Әділеттілік пен жауапкершілік философия мен саясаттану саласындағы көптеген зерттеулерге негіз болады. Зерттеушілер бұдан бұрын әділеттілікке, нақтырақ айтсақ, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін қамтамасыз ететін идеологиялық, моральдық, экономикалық механизмдерге жеткілікті назар аудармады. Бұл бүгінгі жағдайдағы әрі салыс­тырмалы перспективадағы психологиялық және әлеуметтік-саяси құбылыс ретінде жауапкершілік пен әділеттілікті атрибуциялау тетіктерін зерттеу қажет екенін айқындап тұр. Сондай-ақ, осы мәселені сараптап талдап және оны қазіргі Қазақстандағы нақты жағдайға сай жетілдіруді қолға алған жөн. 
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың республика Парламентінің үшінші сессиясында жариялаған Қазақстан халқына Жолдауы әділетті мемлекетті, біртұтас ұлтты, гүлденген қоғамды қалыптастыру стратегиясына арналды. Әділдік пен жауапкершілік мәселесі қазіргі Қазақстанда ғана емес, басқа посткеңестік мемлекеттерде де болып жатқан мемлекеттік саясат пен әлеуметтік-саяси процестерді басқарудың сапасы мен тиімділігі тұрғысындағы көптеген зерттеуге негіз болды. Шындық мынада – азаматтар экономикалық және саяси өзгерістерге жауапты, олар үкіметтерді сайлау арқылы «жазалайды» немесе «марапаттайды». Сонымен қатар, сайлаушылар белгілі бір экономикалық ынталандыруларға бірдей жауап бермеуі мүмкін: бұл әлеуметтік-экономикалық жағдайдан, экономикалық әл-ауқаттың субъективті сезімінен бастап, делдалдардың, мысалы, БАҚ-тың конъюнктуралық әсеріне дейінгі бірқатар факторға байланысты.
Кейінгі екі-үш жылға дейін зерттеушілер әділеттілік жағдайында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мәселелеріне жеткілікті назар аудармады. Қазір мына сауалдардың жауабы өзекті мәселеге айналды: жұмыс берушілер де, бизнес-қоғамдастық та азаматтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайына жауап береді; ұжымдарда, жалпы аймақтарда жағдайды жақсарту деңгейі және моральдық-психологиялық ахуал қандай; жауапкершілікті, әділдікті атрибуциялаудың қандай үлгілері бар және олар қалай жұмыс істейді?..
Классикалық әлеуметтік-саяси тәсілдер бір­неше алғы­шарттардан туындайды:
– азаматтар мемлекет пен бизнес-қоғамдастық қабылдайтын шараларды дұрыс түсінеді; 
– өз кезегінде, жұмыс беруші де, азамат та оларды қабылданатын шаралардың қажеттілігі мен нәтижелері ретінде бағалайды.
Осыған байланысты сұрақ заңды түрде туындайды: бір жағынан мемлекет, сондай-ақ бизнес-қоғамдастық, екінші жағынан жұмыс беруші қабылдаған шаралардың тиімділігі әділеттілік пен жауапкершілікті қамтамасыз ету үшін ұжымдағы, жалпы өңірдегі әлеуметтік-саяси ахуалға қалай әсер етеді? 
Бұл мақала салыстырмалы саясаттанудағы жауапкершілік пен әділеттілікті атрибуциялау тетіктерін және Қазақстан тәжірибесіндегі осындай талдау тәсілдерін зерттеуге шолудан тұрады. 
Мақаладағы үш бөлім де  жауапкершілік пен әділеттілік атрибуция­сын зерделеудің жалпы тәсілдері, жауап­кершілік пен әділеттілікті жетілдірудің заманауи тәсілдері, сондай-ақ Қазақстанда осы атрибуцияны қолдану практикасының ерекшеліктері және оны жетілдіру жөніндегі шаралар ұсынылған.
Мақалада келтірілген ақпарат әділ­еттілік жағдайында биз­нестің әлеу­меттік жауапкершілігі мәселесін тереңірек және жан-жақты түсінуге қол жеткізу үшін талдаудың әртүрлі әдістерін біріктіретін көп салалы әдістемеге негізделген. Атап айтқанда, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мен әділеттілік тақырыбына арналған ғылыми әдебиеттерге кеңірек шолу жасалды. Бұл әдіс негізгі теорияларды, тұжырымдамалар мен модельдерді, сондай-ақ берілген тақырыпқа қатысты алдыңғы зерттеулер мен нәтижелерді анықтауға мүмкіндік берді.
Жоғарыда айтылғандармен қатар, мем­лекеттік саясаттың бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне әсерін зерттеу үшін осы тақырыпқа байланысты саяси шешімдерге, заңдарға және реттеуші құжаттарға талдау жүргізілді. Бұған корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік және тұрақтылық туралы есеп беру туралы заңдар секілді ресми құжаттарды зерттеу кірді.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мен қоғамдағы әділеттілікті талқылаудағы негізгі дискурсивті тенденцияларды анықтау мақсатында дискурс-талдау жүргізілді. Әдіс осы тақырып бойынша қоғамдық пікірталастарда қандай терминдер, ұғымдар мен дәлелдер қолданылатынын және олардың мәселені қабылдауға қалай әсер ететінін анықтауға мүмкіндік берді.
Деректерді сандық талдау үшін жиілік пен корреляцияны талдау сияқты стат­истикалық әдістер қолданылды. Бұл әдістер деректердегі статистикалық маңызды заңдылықтар мен тенденцияларды анықтауға көмектесті.
Бизнестегі әлеуметтік 
жауапкершілік және әділеттілік
Әділетті мемлекет тұжырымдамасы тұрғысынан Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың басты мақсаты – азаматтардың экономикалық әл-ауқатына бағытталған әлеуметтік бағдарланған экономиканы құруға жол ашу. Қазір барлық жерде әлемдік экономиканың өсу қарқыны баяулағаны байқалса, Қазақстанда мемлекеттің әлеуметтік шығысының өсу тұрақтылығын қолдауға болады. Бұл вектор Парламент жаңа бюджетті қабылдаған кезде де сақталды.
Сонымен қатар, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын талдау оның тұрақтылығы мен орнықты дамуын қамтамасыз ету барысында қол жеткен белгілі бір жетістіктерге қарамастан, әлі де шешілмеген ауқымды мәселелердің бар екенін көрсетеді. Бұл өңірлерде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мен қалыпты еңбек жағдайын жасау жолындағы жұмыстың ойдағыдай емес екеніне де қатысты.
Мемлекет басшысы осы мәселелерге өзінің «Әділетті мемлекет, біртұтас ұлт, гүлденген қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында назар аударды. Атап айтқанда, ол алдағы кезеңге бірқатар нақты міндеттер қойды, соның ішінде:    
 – макроэкономикалық және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар;
– жеке кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру;
– бәсекелестікті дамыту, яғни барлығына тең мүмкіндік жасау; 
– ұлттық табысты әділ бөлу.
Алға қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін бүкіл қоғамның күш-жігерін шоғырландыру қажет екені сөзсіз. Біздің ойымызша, қазіргі жағдайда әлеуметтік тұрғыда бағдарланған бизнесті қалыптастыру бойынша жұмысты жетілдіретін кез келеді.
Айтпақшы, 1999 жылы Дүниежүзілік экономикалық Давос форумында БҰҰ Бас хатшысы Кофи Аннанның «Глобал Компакт» бастамасы мақұлданды, онда бірыңғай тәсілдерді қалыптастырған компаниялардың ерікті әлеуметтік және экономикалық жауапкершілігі қамтылған. Құжатта адам құқықтарын сақтау, еңбек қатынастары және экологиялық қауіпсіздік саласындағы негізгі принциптер көрсетілген. Халықаралық стандарттау ұйымы ISO 26 000 «Әлеуметтік жауапкершілік» стандартын бекіткендігі әлеуметтік жауапкершілікке байланысты мәселелердің өзекті екенін көрсетеді.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі тұж­ырым­дамасының туу тарихы жұмыс­шылардың өмірін жақсарту жоспарын жасаған ағылшын кәсіпкері және утопиялық социалист Роберт Оуэннің бастамаларынан бастау алғаны белгілі. Оның жұмыс берушінің жұмысшылар алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін белгілеу, әділеттілікті қамтамасыз ету қажеттілігі туралы идеялары XIX ғасырда Еуропа мен АҚШ-та белсенді дамып келе жатқан кәсіподақ қозғалысының негізгі платформасына айналды.1919 жылы Халықаралық Еңбек Ұйымы Жарғысының кіріспесінде «Жалпыға ортақ және берік бейбітшілікті тек әлеуметтік әділеттілік негізінде орнатуға болады!» деген ереже жазылды. Ол кейінірек 1944 жылы Филадельфия декларациясында нақтыланды.
Өткен ғасырдың басында АҚШ-та «Ротари» қозғалысы пайда болды, оның мүшелері «Қоғамға қызмет ету – жеке мүдделерден жоғары!» ұранымен материалдық жағынан өркендеген адамдарды әлеуметтік жағдайды жақсартуға, кәсіби салада ғана емес, сонымен бірге олардың өмір сүру аймағында әділеттілікті қамтамасыз етуге үлес қосуға шақырды. ХХ ғасырдың отызыншы жылдарында қоғамдық мүдделерді қорғауға үкіметтік бақылауды және жұмысшылардың өз ұйымын құру, сондай-ақ ұжымдық шарттар жасасуға қатысу құқықтарына кепілдік беруді көздейтін бастамалар қабылданды. Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында және одан кейін жұмысшылардың құқығын қорғау және әділеттілікті қамтамасыз ету бойынша осындай қадамдарды көптеген Еуропа елдері жасады. Осылайша, өткен ғасырдың 50-70 жылдарында корпорациялардың өз қызметкерлері алдындағы әлеуметтік жауапкершілігі барлық жерде дерлік қабылданды және мемлекеттерде бекітілді.
Бір жағынан, кез келген бизнестің мақсаты, ең алдымен, компанияның өз акционерлері немесе құрылтайшылары алдындағы кірісі мен міндеттемесін алу. Екінші жағынан, бизнес мемлекеттік органдармен бірлесіп, қоғам алдында әлеуметтік жауапкершілікке ие болуы керек. Бұл ел Президенті жариялаған әділетті мемлекет құру мақсаттарына сәйкес келеді. Айта кету керек, әлемдегі қазіргі әлеуметтік жауапкершілік тек қайырымдылық ретінде ғана емес, сонымен қатар компанияның іскерлік беделі мен капиталдандыруын арттыратын тиімді қызмет ретінде қабылданады. Бұл бизнестің қоғам дамуына ерікті үлесі, басқаша айтқанда, бизнестің әділетті мемлекет құруға саналы түрде салатын инвес­тициясы. Бизнес неғұрлым табысты болса, қоғам соғұрлым сау болады, ал қоғам неғұрлым сау болса, бизнес соғұрлым табысты болады. Бұл өзара тәуелділік қарапайым, айқын, барлығына пайда әкеледі және мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз етудің негізгі факторларының бірі.    
Егер ТМД елдерінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін енгізу тарихына қарайтын болсақ, онда ол дәстүрлі түрде мемлекеттік патернализм саясаты негізінде қалыптасқанын атап өтуге болады. Мұндай қағидаттар бұрынғы «Еңбек туралы заңдар кодексінде» де, мемлекет әлеуметтік жауапкершіліктің негізгі қызметін атқарған әлеуметтік заңнамада да көрсетілген. Сайып келгенде, бұл жұмыс берушінің өз қызметкерлерінің әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін ғана емес, сонымен бірге, кейде заңда белгіленген ең төменгі әлеуметтік кепілдіктерді сақтау жауапкершілігінің сақталмайтындығына әкеп соқты. 
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мүдделі мемлекеттік органдар Әлеуметтік және еңбек заңнамаларын сақтау мәселелеріне жіті көңіл бөлмеді. Бұл көбінесе жалақы төлеуді кешіктіруге, өндірістегі апаттарға, жарақаттанудың өсуіне және басқа да келеңсіз салдарға әкелді. Осы салада жинақталған тәжірибе мемлекет пен бизнестің күш-жігерін шоғырландыру бүгінгі объективті қажеттілік екеніне көз жеткізді. Осыған байланысты, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мәселелері жөніндегі Республикалық форумды атап өтуге болады. Жезқазған қаласында атап өтілгеніндей: «Әлеуметтік жауапкершілік тұрғысынан мемлекет негізінен жолдың бір бөлігінен өтті және ол бұл функцияны тиімді орындайды. Енді – бизнестің кезегі».
Шын мәнінде, әлеумет­тік жауап­кершілік тұрғысынан мемлекет негізінен бизнестің қызметі үшін қолайлы жағдайлар жасауды, тіркеу рәсімдерін жеңілдетуді, тексеру түрлерін қысқартуды, сондай-ақ салық жүктемесін азайтуды ескере отырып, өзі мойнына алған міндетті орындады. Мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысу кезінде отандық кәсіпкерлерді қолдайтын нормалар заң жүзінде қабылданды.
Бүгінде күн тәртібінде жұмыс орындарын сақтау, халықты тұрақты жұмыспен қамту саясатын жүргізу мәселесі тұр. Осы мақсатта Республикада «Жұмыспен қамту және атаулы әлеуметтік көмек мәселелері бойынша Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» Заң қабылданды, ол аз қамтылған азаматтарды кәсіптік оқыту және жұмысқа орналастыру жөніндегі шараларды қамтиды.
Жезқазған форумында сондай-ақ кор­поративтік әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын айқындау және қабылдау, еңбек қатынастарындағы ұжымдық-шарттық тетіктерді одан әрі дамыту және жетілдіру қажеттігі атап өтілді. Елімізде кәсіпкерлік қызметті әлеуметтік жауапты бизнесті жүргізумен табысты ұштастырғаны үшін арнайы жыл сайынғы «Парыз» сыйлығын тағайындау оң резонанс тудырғаны сөзсіз. 
Қорыта келгенде айтарымыз, Президент­тің әділетті мемлекет құру жөніндегі міндеттері елдің бар­лық азаматтарының күш-жігерін шоғыр­ландыруды талап етеді. Олар мемлекеттік және жеке құрылымдардың кірістерді әділ бөлу, барлығына тең мүмкіндіктер беру бойынша жауапкершілігін арттыруға бағытталуы керек. Бұл жұмыста бизнес-қоғамдастыққа ерекше орын беріледі. Қазіргі уақытта мемлекет пен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін заңнамалық қамтамасыз ету қажеттілігі туындап отыр. Атап айтқанда, бұл туралы:
– мемлекеттік жекеменшік серіктестік саласында қолданыстағы заңнамалық және нормативтік базаны жетілдіру, қажет болған жағдайда тиісті заңнамалық актіні әзірлеу;
– бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін экономикалық ынталандырудың халықаралық тәжірибесін, атап айтқанда, кәсіпорындардың әлеуметтік қызметі бойынша, оның ішінде Төтенше және шұғыл жағдайлар кезінде жаңа тұрғын үй объектілерін салу бойынша шығындарды шегерімге жатқызу нормасын ұлғайту жолымен зерделеу;
– өндіру жұмыстары өңірлеріндегі елді мекендерді күтіп ұстау, абаттандыру және көгалдандыру сияқты қызмет түрінің әлеуметтік саласы бөлігінде салық заңнамасына енгізу мүмкіндігін қарастыру.
Мемлекеттік жекеменшік серіктестік тетіктерін реттеу, еңбек мигранттарын тартуға мораторий енгізу, жұмысынан айырылудан сақтандыру, бизнес-қоғамдастықтың корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік туралы Хартияны қабылдауы және т. б. мәселелері шешуді талап етеді. Олар мынадай заңдарға әсер етеді: «Әлеуметтік әріптестік туралы», «Жеке кәсіпкерлік туралы», «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар туралы», «Меценаттық және демеушілік туралы».
Бұдан былай мемлекет пен қоғам бизнес-қоғамдастықтан кәсіпкерліктің әлеуметтік бағдарлануына, сондай-ақ кірістердің әділ бөлінуін қамтамасыз етуге жауап қадамын күтуде. Осыған байланыс­ты бизнестің әлеуметтік бағдарламаларға белсенді қатыса бастағанын атап өтуге болады. 
Бірқатар корпорация мен ұлт­тық компания («Қазақмыс», Еуразиялық өнеркәсіптік қауымдастық, «Қазатомөнеркәсіп» және т.б.) әлеуметтік мақсаттағы объектілерді: мектептерді, медициналық және мектепке дейінгі мекемелерді, сауықтыру кешендерін, мүгедектерге арналған оңалту ор­талықтарын, мәдениет және спорт объектілерін дамытуға қомақты қаржы бөледі. 
Бүгінгі таңда басқа кәсіпкерлік құрылымдар да осы жолмен жүреді.
Жоғарыда аталған мәселелердің маңызы ғылыми түсінуді, яғни мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуының осы маңызды бағытын жетілдіру және қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша ғылыми негізделген ұсыныстар мен оларды зерттеуді және әзірлеуді талап етеді.

7229 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз